• Әдебиет әлемі
  • 21 Ақпан, 2012

Маһшар түні

 

Алтынай Ауанова

1991 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің 4-курс студенті. Тұңғыш рет «Үркерде» жарияланып отыр.   

 Керенау керіліп жатқан кең жазық. Жыл он екі ай сарғыш кейпінен бір жаңылмайтындықтан, жұрт оны Жалпақсаз атап кеткен. Мұнда қар сирек жауатын. Жауған күнде де, толассыз соғып тұратын жел көбесін тез сөгіп, бекуге келтірмей, сыпырып әкететін. Тек көктемде, сәл ғана уақытқа, жұқалтаң жасыл реңге еніп, артынша күнде қалып кеткен қағаздай сарғыш қалпына қайта түседі. Мезгіл сәуір айының соңына  таяса да, Жалпақсаз биыл түсін өзгертуге асықпапты. Суретшінің сараң қаламынан кенепке болар-болмас жұққан жасыл бояудай боп, әр жерден шөп қылтияды. Онсыз да сирек  шыққан көкті мал тұяғы ерсілі-қарсылы таптап тастаған. Жалпақсаздың бетінде қарауытқан мең тәрізді бір адам жүр. Анда-санда тоқтап, табан астына үңіліп, із кескен болады. Иір-шиыр көп ізден жаңылып, керегін таба алмай ұзақ әуреленді. Кеше кешкісін ала сиыр бошалап, қорадан шығып кеткен. Соны іздемек боп, таңертеңнен қамданды. Үйренген торы жорғасын мінбей, көк дөненді ерттеп жатқанын көрген кемпірі:

– Әй, шал, құтырайын деген екенсің! Қарадай пырылдап тұрған жануар бір жерде жығып кетер, – деген. Айтса-айтқандай-ақ, із кеспек боп алғаш түскен жерінде көк дөнен шылбырды жұлқи тартып, бір мөңкіді де, тасыраңдап шаба жөнелді. Қыстай отта тұрып жараған ат еркіндіктің дәмін алған соң, иесінің айқайына қайрылмай, құйрығын шаншыған күйі, беті ауған жаққа тартып отырды.   Содан қара үздіріп көрінбей кеткен. Ұзақты күн жаяу жүргендіктен екі аяғы салдырап, еркіне әзер бағынып келеді. Белі де зорға бүгіледі. Бірде сиырдың ізіне, бірде аттың ізіне түскендей болады да, артынша із адастырып кетеді. Осылай елсізге шығандап кеткенін өзі де байқамай қалған.

Батыстан жөңкіле көшкен қорғасын бұлттар тас төбеге кеп түйіліп, тұтасып жатыр. Қыс бойы кірлеп, ластанған қарды жинап әкеп төге салған секілді. Сәл болмаса үстіңнен басып қалатындай төніп келеді. Шал сасқалақтап, жан-жағына алақтады. Уақыттың қай шама болғанын ажырату мүмкін емес. Бесін ауып кеткелі біраз болды-ау деп жобалады. Айнала қарауытып, суық жел соқты. Тезірек бас сауғалайтын жер іздемесе, қалың жаңбырдың астында қалғалы тұр. «Көктемнің күні кейде киіз, кейде мүйіз» деген осы. Үйден шыққанда жарқырап тұрған. Бұлай тез бұзыларын білсе, ауылдан ұзап несі бар? Бәрінен де, жамандатқыр көк шолақтың қорлығы өтіп келеді.

Жалпақсаздың орта шенінен жыра өтетін. Қасына таяп келгенде болмаса, алыстан қай тұста екені байқалмайды. Бас-аяғы бес-алты шақырымға созылған жыраның қай заманда, қалай пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайтын. Марғау даланың бойкүйез болмысына ыза боп, Жаратушы Иенің өзі тартып жібергенде, сауырына түскен қамшы ізі сияқты. Ұзыннан-ұзақ шұбатылып жатыр. Жыра орта тұсында бақа жұтқан жыландай жуандайды. Бір жақ ернеуі сумен шайыла-шайыла ойылып, кең қолтық пайда болған. Әдейі қолмен кертіп жасалғандай.  Теп-тегіс алаңқай қыста желдің өтінен қорғануға таптырмайтын орын. Далада ызғырық соққанда, бұл жер ұядай боп тұрады. Бір отар қойға ықтасын болуға жарайтын. Басында Шайтанқора аталып кеткен қыстауы да бар. Әуелде кім салғаны, қашан салынғаны белгісіз. Әйтеуір, Шайтанқораны меншіктегендер ұзақ тұрақтамайды. Атынан сескене ме, елсізде қараусыз тұрған қыстаудың жабдығына ешкім батып қол салған емес. Соңғы тұрған иесі біраз тер төккен болу керек, айналасы тазарып, қора – қопсысы түгел жаңарыпты. Алаңқайды  тұтас шым жапқан. Соңғы бірер жылда қораны ешкім қоныстанбағаны білінеді. Ойда тұрғандықтан көзге түсе бермейтін тасалау, қалтарыс бір мекен. Басқа-басқа, шалдың оны таппауы мүмкін емес. Тіпті көзін байлап, Жалпақсаздың кез-келген бұрышына жіберсе де, Шайтанқораны жазбай тауып баратыны анық еді. Шал солай қарай бұрылды. Жүрісін қанша жылдамдатпақ болса да, кәрі дене ырқына көнер емес. Баданадай ірі тамшылар сарт-сұрт тама бастады. Сұп-суық боп желкесіне сарт ете түскенде тітіркеніп кетті. «Қап, ертерек қам жасау керек еді, енді үлгермейтін болдым-ау...» деп өкінді. Сөйткенше, жаңбыр тасырлап құйып кетті. Найзағай жарқ етіп, артынша аспан қақ жарылып кеткендей шатырлап, табан асты солқ ете түсті. Шал ту сыртынан бір құдіретті қол түйіп жібергендей еңкеңдеп барып, еңсесін зорға тіктеді. Есесіне құрыс-тырысының бәрі жазылып, дедектей жөнелді. Күннің күркіреуі шабан атқа қамшы басқандай әсер еткеніне мырсылдап күліп келеді. Ішінде бір шайтан отырып алып, Айдың–Күннің аманында сергелдеңге түскен мына жүрісін келеке қып, табалайтын секілді.

            Үздіксіз төпелеген тамшы-оқтар жерді шұрқ-шұрқ  тесіп, лайға баттасып, жоғалып жатыр. Жалпақсаздың беті алып қазанда қайнаған быламық тәрізді тынымсыз бүлкілдейді. Қойнаудың бергі ернеуінде сыртқа шығатын жол болушы еді. Шал соған жетем дегенше, малмандай су болды. Алаңқайға түсер жол жайпауыт болса да, тайғанақтап әрең келеді. Аяғының асты былш-былш езіліп, ығырын шығарды. Самайынан сорғалаған су ішіне құйылып, дірдек қақтырады. Жол жиегіне ұмсына түсіп тоқтаған шымға аяғы іліккенде, шал қуанып кетті. Күні бойғы азабы артта қалып, алдынан рақат есігі ашылатындай дәмеленді. Шым үстінде кілкіген су тап-таза. Қонышына дейін сатпақ болған етігімен кешіп келеді. Ұйысқан жабағыдай қалың шөп табанының астында былқ-былқ етіп, етігіне жабысқан балшықты алып қалып жатыр. Қыстаудың шалқасынан ашық қалған есігіне жете бергенде, жай оты жарқ ете түсті. Түксиген қараңғылық бір сәтке түріліп, қыстау іші самаладай жарқырады. Қолдарында бір-бір пышақ, әлекейдей жалаңдаған үш жігіт бір малды ортаға алып, жәукемдеп жатыр. Артынша қаракөлеңкелік қайта орнықты. Шалдың көз алдында әлгі сурет тұрып қалды. Күтпеген көріністен аңырып қалған оны құлақ тұндырған қаһарлы дауыс қыстау ішіне қуып тықты. Көздеріне қан толып, жемтігін жан-жақтан жұлмалаған қорқауларша әлгілер ештеңені елер емес. Жылымшы жас қанның исі бұрқырап тұр. Шал босағаға арқасын сүйеп отыра кетті. Көрер тозағының әлі алда екенін сезініп, тұла бойы шімірікті. Бейуақта қатар келген өкініш пен үрей санасын тілгілеп өтті. Есі-дерті жаңбырдан қорғану боп, қыстаудың арғы бұрышына тұмсық тірей тоқтаған көлікті де аңғармап еді. Кенет «мыналардың бұтарлап жатқаны көк дөнен болмасын» деген ой сап ете түсті. Оның күдігін растағысы келгендей тағы да найзағай ойнады.  Бұл жолы көз қарықтырар жарық бірден өшпей, бірнеше секунд тұрып қалды. Шал бәрін анық көрді. Іргеге лақтырып тастаған ер тоқымы, кемпірі бар өнерін салып тіккен құрақ көрпешесі көзіне оттай басылды. «Жайрағыр көк дөнен басын жұтқан екен ғой», – деді өзіне-өзі күбірлеп. Бергі шетте тұрған қаба сақал шалға тесірейе қарап, қолындағы пышағын өз тамағына таяды да, «қық-қ» деп бауыздау ишарасын жасады. Онысы «дымыңды шығарсаң, шалып жіберем» дегені болу керек. Екі қолы білегіне дейін қып-қызыл қан. Мұны мазақ қылғандай көзін қысып, арсыз күлкімен бетін қисаң еткізді. Шал тіксініп қалды. Мал иесі боп мыналарға сес көрсетпек түгілі, енді қара басының амандығы қайғы бола бастады. «Дүние-боқтың» соңында жүріп, абыройсыз өлімге душар болмасам...» деген ой өзегін қарып кетті. Фәнидің жалғандығын мойындап, ажалға әлдеқашан мойынсұнып қойса да, тізесі дірілдеді. Шынымен-ақ, мына опасыз дүниені қиып кету оңай болмағаны ма?

            Шатырдан сарылдап аққан су мен сатырлап жауған жаңбыр ештеме естіртпейді. Осы сәтте қыстауға жеңіл мәшине жақындап қалып еді. Үстін-үстін өршелене құйған жаңбырға бұршақ араласыпты. Көліктің төбесін тесіп жіберердей төмпештейді. Бір бүйірлеп қиғаштай соққанда, алдыңғы терезе күлпарша боп саудырап түсті. Ішке әйнекпен қоса, бармақтай сұп-суық мұз түйірлер лап қойды. Алдыңғы орында отырған қыз шыңғырып жіберді. Бетін қолымен көлегейлеп, жігіттің көмегімен мәшинеден әрең шықты. Жігіт қызды шынтағынан сүйреген күйі ішке жүгіріп кірді. Елең-алаңда ербеңдеген бұл екеуінің жүрісі шалға сондай жат, түсініксіз көрінді. Көз алдынан, өзіне қатысы жоқ, әлдебір киноның суреттері өтіп жатқандай, меңірейген күйі  үнсіз отыра берді. Беймезгіл келгендер әлгілерді, қанша батыр болса да, едәуір абыржытты. Біреуінің пышағы тайып, қолын оңдырмай кесіп алды. Ышқына шыққан дауыспен бірге аузынан боқтық түйдек-түйдегімен төгілді. Ашуын әлдекімнен алғысы келгендей долырып тұр. Қасындағы қысық көз тез есін жиып, жерде жатқан дорбадан бөтелке  суырды. Ащы сумен жарақатын жуды. Жалпақ сары жан даусы шығып, одан сайын шірене сыбайды. Еңгезердей неменің жаны сонша тәтті болар ма? «Шыдаңыз ағасы, жараңызды мен таңып берейін»,- деп жігіт бәйек болды.

            Олар осылай әбігер боп жатқанда, шал ақырын тұрып, от жағуға кіріскен. Қасындағылардың елес емес, қарапайым пенделер екеніне көзі жеткен соң, бойын билеген үрей аздап болса да сейілейін деді. Шалдың ойын түсінген болуы керек, жігіт от тұтатты. Шал бұрыш-бұрышты түртінектеп жүріп, жағуға болатын біраз нәрсе жинап әкелді. Қыстау қоржын там  үлгісімен соғылған екен. Бұлар отырған ортадағы кең бөлме дәліз есебінде. Екі бүйірінде екі есік бар. Сірә, екі үйлі жанға лайықтап салынса керек. Сыртынан айқыш-ұйқыш тақтай шегеленіпті. Жоғары жақтағы терезеден түсетін жарықты көздеген бе, әлде ыңғайы солай келді ме, көк дөненді төрге апарып жайратыпты. Етті ортаға үйіп, бетін көлегейлей салғанда, жаңа көмілген жас моладай көзге оғаш көрінді. От бөлменің тура ортасына жағылды. Тас еденнің үстіне әркім тапқанын әкеп жайғаса бастады. Шағындау ағаш жәшіктің үстінде бір қырындап қыз отыр. Отқа жақындауға бата алмайтын сияқты. Үркек қояндай дір-дір етеді. Су тиген балапан шаштары самайына жабысып қалыпты. Шытылған қабағынан өкініш табы білінеді. Айдаладағы иесіз қыстауға еріксіз тұтқын болғанына налып отыр–ау. Одан берірек, отқа қарсы қарап, жігіт жайғасқан. Жүзінен «дәл қазір дәрменсізбін, жағдайдың құлымын» дегенді аңғару қиын емес. Отқа телміре түсіп, ойға шомыпты. Келген бетте, ешкім сұрамаса да, өздерін жолдан адасқан ерлі-зайыптылармыз деп таныстырған. Онысына, аналарды қайдам, шал илана қойған жоқ. Желік қуған біреулер болмаса, үйлі-баранды жандар мынадай аласапыранда айдалада не жоғалтыпты?

Шал да отқа жақындады. Отырмас бұрын шашылып жатқан ер тұрманын аяғымен іргеге қарай елеусіз ысырып, үстіне жемнен босаған қаптарды тастай салды. Неге олай еткенін өзі де ойлап жатпады. Ана үшеуі әлі тізе бүгер емес. Қыстаудың алдындағы бастырмаға шығып, күбір-күбір сөйлесіп, шылым шегісті. Өзара бір нәрсеге келісе алмағандай ұзақ керілдесті. Қаба сақалдың ойы бұзық па, бесатар мылтықты жанынан бір елі тастамайды. Жаңбырдың тоқтайтын түрі көрінбейді. Ұйытқып соғып, тынымсыз сабалайды.

Ұрылар жұмысын бітірген соң, тайып тұрмақ еді. Шайтанқораға амалсыз қамалғандарына кіжініп, торға түскен тағылардай аласұрды. Шақырусыз келген қонақ секілді үстерінен түскен үшеуге де тістері қайраулы. Шалдың тегін жүрмегенін олар бірден сезген. Ал ана екеуінің келісі мүлде күтпеген жағдай болды. Үш содырдың сезікті қимылдарынан шал секем ала бастады. Жігіт те бастарына төнген қауіпті сезіп отырған сыңайлы. Араларында көзге көрінбейтін бір жіп әбден ширатылып, тарс етіп үзілуге шақ қалғандай. Шарасыздық кебін киіп отырысына шалдың ызасы келді. Іштен бой көтерген әлсіз қарсылық оған күш берген секілді. Орнынан тұрып, еттің майлы жерінен екі–үш кесегін кесіп әкелді. Оны асықпай жұқалап турап, ағашқа шаншып, отқа қақтай бастады. Іштегі шайтаны «өз малыңның еті... бірінші боп өзің тат, өзің тат....»  деп қайрай түседі. Шалдың бұл әрекетіне таң–тамаша болған жігіттің бойына да батылдық кірді. Көргенін істеп, ол да ет пісіруге кірісті. Шоққа тамған май лып етіп тұтанып, айналаға көңілділік лебін таратты. Мұрынды қытықтаған тәтті иіс шалдың ішін ұлытып жіберді. Бағана, Шайтанқораға алғаш кіргенде, өшіп қалған сезім мүшелері қайта ояна бастағандай. Майы тамшылаған бір жапырағын асығыс-үсігіс талмап жатыр. Отқа бірінші боп жақындаған қаба сақал шалдың қылығына қарқылдап тұрып күлді.

«Дұр-е-е-е-с, шал! Бұл дүниеде адал нәрсе қалған жоқ!».

Оның күлкісіне найзағай үні ұласып, шалдың зәре-құтын кетірді.

«Астапыралла!» – деді шошынып. Шалды қобалжытқанмен, мына жағдай араларындағы ширыққан шиеленісті сәл де болса бәсеңсітіп еді. Жігіт осы сәтті пайдаланып қалғысы келгендей, асыға сөз бастады: – Ағалар, айып етпеңіздер. «Кемедегінің жаны бір» деген. Бүгінше осында түнейтін сияқтымыз ғой. Барымызбен бөлісейік». Жігіттің даусында діріл бар еді. Сөздері сенімсіздеу шықты. Жалпақ сары көзінің астымен оған зілдене қарап қойды. Көз қарасында «неңді бөлісейін деп едің?» деген кекесін жатты. Әңгіме одан әрі өрбіген жоқ. Үшеуі ырсылдап-гүрсілдеп кеп, оттың айналасына қонжиды. Қысық көздің дорбасынан сақырлаған бөтелкелермен қоса, сарымсақ та, тұз да шықты. Тіпті бір бума кәуап таяқшасы да бар екен. Бәрі қаужаңдасып, тамақ жеуге кіріскен. Әркім өз қамын өзі жасап жатыр. Қыз ғана бүріскен қалпы қимылсыз отыр.

Жаңбыр әлі құйып тұр. Бұрынғыдай сатыр-сұтыр ұрғыламай, бір сыдырғы шүмектеп жауады.

Іштеріне ел қонған соң, аналар арақ іше бастады. Жігітке де құйған. Бас тарта алмай, екі-үш рет сіміріп салды. Қыл мойындар бірінен кейін бірі босады. Масайған дауыстар жарқын–жарқын шыға бастады. Шалдың олармен ісі болмай, іргеге қарай шегініп кетті. Өз ойымен өзі әуре. «Аспанның түбі тесіліп кеткен бе?» Баяғыда әжесі «Суханалла, су жағала» деп отырушы еді. Бала күнінде жаңбырлы түндерде әжесінің жылы құшағына тығылып, ұйықтап қалатын. «Суханалла, су жағала, су жағала...»   деді күбірлеп. Денесі бей-жай тартып, көзіне ұйқы тығыла бастаған. Қаба сақалдың оспадарсыз күлкісі ойын бөлді. Қалайы күрешкеге құйылған арақты қызға тықпалап, «алып қой» деп жатыр. Қыз байғұс қарсыласуға дәрмені жоқ, жігіттің артына тығыла түседі. Жалпақ сары да  ежірейген көк көздерімен оған ішіп-жеп қарайды. Қыз бір көргенге әп-әдемі екен. Ұзын мойыны, тамағының астынан болар–болмас білінетін бұғағы, самайында бұйраланған балапан шаштары бұған біртүрлі таныс көрінді. Алғаш көргенде-ақ көзіне жылыұшыраған. Назарын қайта-қайта тарта беруінің сырын енді түсінгендей. Жүрегі бүлк етіп, орнынан аунап түсті. Көңілінің түкпірінде терең көмілген сыры қалқып шыға келді. «Ұмыттым ба?» деп еді. Ұмытпаған екен. Шал көзін жұмды. Жан дүниесі азынап қоя берді. Санасын мың сан найзағай оты шабақтағандай, өткен күннің суреті көз алдына ап-анық тұра қалды.

            Сол бір жаз. Ессіз сезімнің жетегінде кетіп, басын жоғалта жаздап еді-ау. Күш-қуаты бойына симай, тасып жүрген шағында жолықтырып еді Гүлімді. Ол де еш қымсынбай құшағына құлаған. Таудан төмен қарай жүгірген балаша жан-жағын бағамдауға мұршасы келмеді. Ғайыпта жолықтырған қызығынан көз ала алмай, күн өткен сайын құныққан үстіне құныға берген. Ерінің  қағынан жеріген құланша оқыс мінез шығарғанына келіншгегі де қарсылық көрсете алмаған. Бар бітіргені – үнсіз егіліп жылай берді. Қазір болса, құдай басқа салмасын, кемпірі екі шайнап, бір-ақ жұтар еді. Жастығы, ұяңдығы болар әдептен оздырмаған. Обалы не керек, кейін де бетіне салық қылмады. Тек Шайтанқора туралы әңгіме айтылса, жиырыла қалатын. Бүгін де Шайтанқорада түнеп шыққанын білсе, қызғанар ма екен? Шал өз айына өзі күліп қойды.

Жаңбыр сүмектеп құйып тұр. Жуық арада тоқтайтын түрі жоқ.

Сол жазда Шайтанқора Гүлім екеуіне пана болып еді. Онда алыстағы қой фермасына су таситын. Жолға шығарда аудан орталығына соғып, көлігіне Гүлімді мінгізіп алады. Жалпақсаздың бетінде мәшинені жын қаққандай жүйткітіп, шалқып тасып жүруші еді. Аяқ астынан бұрқ еткен жігітшілігінің тоқтауы да оңай болды. Әншейінде «мұның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін шешесі бір күні, әй-шай жоқ, жуандығы білектей жыңғыл таяқпен арқасына салып-салып жіберді. «Жұлының үзілгір, күйдірдің-ау, күйдіргі...» деп, қос қолдап ұстаған таяғын тағы сермемек болғанда, келіншегінің артына тығылған. Содан қайтып Гүлім жаққа аяқ баспады. Аз күн сең соққан балықтай боп жүрді де, бұрынғы қалпына түсті. Көп ұзамай Гүлімнің күйеуге тиіп кеткенін естіген. «Мына қыз Гүлімнен аумайды екен... О, Жасаған, бұл не мазағың?...» Шал жай соққандай есеңгіреп кетті. «Жо-жоқ, мүмкін емес, мүмкін емес...» деді күбірлеп. «Сол өзі қай жыл еді?» Қыз оған жастау көрінді. «...әлде немересі болса ше?» Шал өз ойымен өзі арпалысты. «Қой, олай болуы мүмкін емес, адамға адам ұқсай береді.» Өзін-өзі қанша жұбатпақ болса да, күдігі құрғыр қайта-қайта бас көтеріп, маза таптырмады. Шал жанұшырып қыздың жүзінен өзіне ұқсастық іздеді. «Бір нышан болуы керек қой...»  

            Мас еркектер шалдың бойындағы құбылысты байқаған жоқ. Жалпақ сары бір жерден сүймен тауып, бүйірдегі есіктің бірін бұзыпты. Қозғалған сайын аузынан былапыт сөздер ақтарылып жүр. Шал оның арам ойын енді түсінді. Қызды қолынан тартқылап, сүйрей бастады. Ара түспек болған жігітті қаба сақал мылтықтың дүмімен көкірегінен түйіп жіберді. Жігіт тәлтіректеп барып құлап түсті.

– Бар, бар, өзіңше періштемін деп отырсың ба? Мынадай түнде шайтандар ғана жүреді, – деп, қыстауды басына көтере қарқылдады. Шалдың жаны түршікті. Өзіне үкім оқылып жатқандай буын-буыны қалтырады. «Құдай төбеңнен ұрғырлар!» деді ішінен күйініп. Сыртқа шығарып айтуға дәрмені жетпеді. Іштегі шайтан алқымынан алып, үнін шығартпайды. «Жайыңа отыр, бұл дүниені түзеу саған қалған жоқ!»

Жаңбыр күшеймесе, бәсеңдейтін емес. Дүние кірін түгел жуып кетірмей, тоқтамауға серт еткен сияқты. Сарылдап аққан су дыбысы естіледі. Жыра лай суға толып, буырқанып жатыр. Шайтанқораны, ішіндегі күнәһар пенделерімен қоса, тезірек ағызып әкеткісі келгендей өрекпиді.

От әлдеқашан өшіп қалған. Жігіт сол қалпы қимылсыз жатыр. Қараңғыда үш содырдың теңселіп ары-бері жүрген аяқ дыбысы білінеді. Қыздың қыстыға жылаған жалынышты үні құлағына еміс-еміс келіп жатыр. Шалға мына тозақтың шеті де, шегі де жоқ секілді көрінді. Сөйтіп жатып, сілесі қатып ұйықтап кетті.

Ертеңіне гүр еткен көлік даусынан оянды. Әуелі өзінің қайда екенін есіне түсіріп алғысы келгендей, көзін ашпай біраз жатты. Ақырында тұрып, жинала бастады. Ауру меңдеген дімкәс жандай тұла бойы дірілдейді. Іші-   бауыры   түгел өртеніп кеткен, құр сүлдесі ғана жүрген сияқты. Ішінен: «Кемпірге бейнет боп, жатып қалмасам жарар еді», – деп тіледі. Көк дөненді қойшы, жарға жығылып өлді дер, түндегі көрген сұмдығын қалай ұмытар?! Қартайғанда ондай жүкпен қалай өмір сүрмек?! Ілбіп жүріп, іргеде жатқан ерін тауып алды. Бос ерді арқасына салып, шылбырын беліне байлап сыртқа шықты. Шақырайған күннен жасқанып, көзін төмен салды. Таза ауадан басы айналғандай теңселіп барып, әзер түзелді. Кешегі аламан-тасырдан із де жоқ. Сел боп аққан су да жым-жылас. Жалпақсаз бәрін сіңіріп алып, түк болмағандай миығынан күліп жатыр. Тазарып, жаңарған табиғат бір момақан пәк кейіппен мөлдірей қалыпты. Тұп-тұнық көк күмбезі әдеттегіден биіктеп кеткен. Жол үстіне іркіліп қалған қақ суы аспанның сол бейнесін көшіріп алып, алдыңда өткел бермес түпсіз терең тұңғиық жатқандай зәреңді алады. Сәл ғана жел толқытып еді, су беті лайланып, әлгі сурет ғайып болды. Шал ауыр күрсінді. Ілгері басқан аяғы кейін кетіп, кеудесін зорға сүйреп келеді.

  

 

 

 

 

430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы