• Әдебиет әлемі
  • 21 Ақпан, 2012

Өз үнім болса, шіркін!..

Шерхан Талапұлы 1993 жылы 15 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңажол аулына қарасты кіші Айдархан ауылында дүниеге келген.   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.  Келеді һәм келмейді   Ақшасызды адамға санамайтындарға, Адамдарды түр-түстеп алалайтындарға, Сәлеміңді алуға жарамайтындарға, Амандасқым келмейді. Тиын үшін тартысатын тартынбайтындармен, Бастық көрсе бүрсеңдеп жалпылдайтындармен, Жақсылықты көруге талпынбайтындармен, Жалаңдасқым келмейді. Байлық көрсе құшағын жия алмайтындарды, Ұлты үшін қу жанын қия алмайтыңдарды, Өзге тілде сөйлеуде ұялмайтыңдарды, Тілдегім келеді. Ақиқаттың бар екенін білмейтіндерді, Өмірлерін мәнді етіп сүрмейтіндерді, Жан-тәнімен шынайы күлмейтіндерді, “Күндегім” келеді. Құмарлыққа құрығы тасталатындармен, Дәулетінің буына мастанатындармен. Жағымпаздықты жастық қып жастанатындармен, Жауласқым келмейді. Қалталарын теңгемен тығындайтындармен, Рухани байлықпен жылынбайтындармен,. Ақыл айтсаң  сөзіңді ұғынбайтындармен, Дауласқым келмейді. Тек ақшаның молдығын армандайтындарға, Құлап бара соңғы рет қарманбайтындарға, Намыстанып, ұялып, арланбайтындарға, Қарғыс айтқым келеді. Адалдығы үнінен сезілетіндерге, Елі үшін жүрегі  езілетіндерге, Өз ұлтының ұлылығын сезінетіндерге, Алғыс айтқым келеді.   Орал қаласы. Абай алаңы. Түн                                                 “Махаббатсыз дүние бос”                                                    Абай Ай, жұлдыздар құшаққа сыйып бірге Сыр айтқандай қара түн сүйіп гүлге Түн болса алаң ақынмен мұңаяды, Күндіз күйкі тірлікпен күйіп бірге. Алаңда  ақын, рухты, бұла  тұлға Болмайды  оның  рухын  құлатуға. Қара  түнді  қақ  жарған  айдың  нұры Алаңға  емес,  түскендей  ұлы  ақынға. Бәрі  де  өтті  алдынан  талай-талай, Ұятын  шетке  ысырып  қарайламай. Ғашықтар  жүр  Абайдың  алаңында, Алып-ұшқан  сезіммен  абайламай. Бір-ақ  күнде  сезімге  жылынуда, Бір-ақ  күнде  бір-бірін  ұғынуда. Бұл  қоғамға  махаббат  маңызды  емес, Оқылмайды  ғашықтық  жыры  мұнда. ...Кешегідей  көңілсіз  Абай  бүгін Ішке  бүккен  амалсыз  бар  айбынын. Ұлы  сезім  пәктігін  ұқпағандар, Көңіліне  кір  салып  талай  мұның. Баянсыз  махаббаттың  салдарынан, Күтер ме,  ендігі  үміт  арманынан?! Бұл  қоғамның  тұрпайы  түрін  көріп, Бір  жылылық  іздейді  жан-жағынан. Мәңгі  ұйқыға  кетердей  құлай  қалып, Мәнсіз, әнсіз  ұлы  ақын  тұр  ойланып. Көңіліне  ақынның  кірбің  түскен, Сезімнің  суы  күнде  лайланып. Ол  қалай,  өмір  мәнін  тата  алады ? Көшеден  кездескенін  апарады. Бүгінгісі  кешегі  емес  бірақ, Ол  қалай,  махаббат  деп  аталады. Бұл  ғашықтар  ұқпайды  ақын  жанын, Сезбейді  де  мұңды  ойға  батырғанын. Сан  түрлі  ойы  шырмалып, Абай  ақын Сезбей  қалды-ақ  таңды  атырғанын. Махаббаттың  пәктігін  жырлай  алмай, Ақынның  тыныштығын  ұрлағандай. Жанында  ұшып  жүрген  әлденелер Ұлы  ақынды  амалсыз  тыңдағандай. Болашаққа  өз  жүгін  артар  уақыт, Сенем қайдам, келер  ме, шалқар бақыт? Ақын  тұрды  көз  салып  ертеңіне, Үмітін  таңғы  шаққа  арқалатып...      Керек пе, Шерхан екінші?...   Әкеме әлі еркемін, Анама әлі еркемін. Не болар екен тағдырым? Не болар екен ертеңім? Беймәлім жаққа кешегі, Өмірдің көші көшеді. Жаралып па едім пенде боп, Маңдайда соры бес елі. Жанымды қинап сыңар мұң, Әлі де талай жылармын. Бағым ба әлде, сорым ба? Білмеймін жырға құмармын. Жанардың жасын тауысып, Күрсінем мұңмен қауыша. Шаттана күлгім келеді, Шықпайды бірақ дауысым. Шаттыққа өле шөлдеген, Барады – ау шөгіп көр денем. Көп кезде жатам жығылып, Тайғанақ емес жерде де. Жыр жазбақ болып өрелі, Қу жаным маржан тереді.  ...Жанары сұсты бір мысық, Жолымды кесе береді. Жұмырбастардан жабыққан, Жерленді – ау жаным табытқа. Құрықтады ма екен басқа ақын, Ұмытты мені шабытта. Бітер деп өлең бағыма, Келемін шауып ағыла. Керек пе Шерхан екінші? Әдебиетке тағы да..... Балалықтан кеттім бе?   Жатпай мүлде әке – шеше қойынға, Болашаққа ұмытылады ойым да. Асық ойнап, ләнка теуіп жүретін, Азайғандай даладағы ойын да. Балалықтан кеттім бе? Кесек күліп, “есек” мініп жарысқан, Балаң тірлік көз алдымда алыстап. Еңсемді тік ұстап жүрмін көшеде, Еркелікті бір ініме табыстап, Балалықтан кеттім бе? Менің ессіз жүрегімді ұғар кім?! Шығып алып биігіне шынардың. Ұлы сезім ұлылығын ұғынып, Қыздарға көз салатынды шығардым. Балалықтан кеттім бе? Назар салса адымыңа айналаң, Сүрінбеуің керек әркез қайда да. Жігер оты күйдірердей ажарын, Көрем күнде өзге жанды айнадан. Балалықтан кеттім бе?   Әділдіктің таппай кейде мекенін, Ар алдында оттай күйіп кетемін. Ұғынып ап осы күні  мұңаям, Бұл өмірдің жалған әлем екенін. Балалықтан кеттім бе?   Жүректегі жыр Азапты саған қалай шеккізем? Көкірегімнен талай кекті үзем. Анашым, саған  махаббатымды, Екі ауыз жырмен қалай жеткізем?! Тербеттің ана, бесікте мені, Әлдиің әлі есіп береді. Маза бермеген жылауық балаң, Сездірмей саған өсіп келеді. Шаттыққа бөлеп алып даланы, Көзіңнен нұрлы жарық тамады. Жүзіңе сенің бейнетті жылдар, Әжім жолдарын салып барады. Күрсінбей маған күліп қарашы, Сеземін мұңның құрықтамасын. Сендегі жүрек жылыта алады, Қаралы ауылдың қырық баласын. Достасып жырмен жабайы жаным, Ажардан арман арай ұрлады. Ұғынған сайын тылсым тірлікті, Ақ шашты көрем самайыңдағы. Шабытты жаннан шошынба бағым, Жұмбағын ұқсам жесір даланың. Шашыңның аппақ әр талы үшін, Өктем өмірден өшімді аламын!                  Үн   Ей, өмір-ай, жатсынба құттай баланы, Күлсінші өгейіңде. Айқайлаймын... неге, үнім шықпай қалады ? Кептеліп көмейімде. Үмітімді үскірік жыр қарып сөндім, Бүрісіп пеш түбінде. Әні болып Ақанның шырқалып көрдім, Үнімді естідің бе ? Жазықсыздан жыртылып жазғаным күнде. ...Соқпады жүрек кімге ?! Мұқағали жыры боп маздадым бірде, Жүрегің дір еттіме ? Қиял-сандығым жүректің сырлы үнін ашта, Толқытшы көздерімде. Күйі болдым Динаның күмбірі басқа, Сен оны сезбедің бе ? Өлеңім, сенің шарасыз құрбаның ба екем ? Сезімім солса бір күн... Жартас біткеннен жаңғырған ырғағы бөтен, Өз үнім болса шіркін ! Мұқағали рухымен  тілдесу Тылсымымен тілдескен ғасырлардың, Жарқылымен үндескен жасындардың, Бақ пен мұңды бір кешкен асыл,  дарын, О, Мұқа- мұзбалағым. Ақ жауынның алғашқы тасырларын, Шың басынан щұғыла шашылғанын, Толқын ұрып теңіздің тасынғанын, Шертеді күз- қабағын. Жетектеп жігер деген ардағымды, Жиып ап бойымдағы бар жалынды, Тербетіп жаныңызға арманымды, Қиялмен жүз барамын. Жұбанып сіздің жырмен бар алапта. Көңілдерін малдырмай қара даққа, Әсем үні дірілдеп дала жақта, Салады қыздар әнін. Жеткенде жүрегіме жан дауысың, Сізге күліп атпаған таңдар үшін, Сізді “ішкіш” деп күйдірген жандар үшін, Ұялып, тұз жаладым.    Сіз деп ойлап самалды есіп өткен, Сіз деп ойлап қиялды бесік еткен, Сіз деп ойлап нөсерді есі кеткен, Сағынып,сызданамын... Жанымның мұңы-батпан, соры бөтен. Қиыннан сиын алар жолы ма екен... Мен, қалай, сіздей биік болып өтем ? Таппадым ізгі амалын. Күлегеш күн бір нұрын себеледі. Заңғар шыңы, қазақтың өр емені, Жаныма жақын кел де, деме мені, Жартасты бұзған ағын.        Ертең...   Жолықтырды бұл өмір бекер бізді, Енді күліп қарсы алам өтер күзді. Өкініштен өзегің өртенеді-ау, Мен қолтықтып баратсам бөтен қызды. Ертең... Жанарымнан үздігіп жас тамады. Аяулым-ай, арманым асқаралы. Жастығыңды құшақтап жылайсың-ау, Мен құшақтап тұрғанда басқа жанды. Ертең... Қажеті жоқ қымсынып, жасқанудың ! Жанарымды жазықсыз жасқа жудым. Ерініңді тістелеп қаласың-ау, Мен ернінен сүйгенде басқа арудың. Ертең... Адастым ба, айналам тас қараңғы... Сен үшін шырқамаймын асқақ әнді. Қызғаныштан өртене жаздайсың-ау, Мен аймалап жатқанда басқа жанды. Ертең...     Сен келіп кет...   Соқыр сезімде салынып балаң қылыққа, Жарымес жүрек жазылмас жараңды ұмытпа! Паңданып сен келіп кет, ақ қанат ару, Шам жағып жүректегі қараңғылыққа. Сен келіп кет, арманым орындалмаған, Сезімің емес, жүректі сорың жалмаған. Мендегі қолдар дір қағып дегбірді алды, Кеудеге басып аймалай қолыңды алмаған. Сен келіп кет, көзіме көрінбедің бе? Әлде менің сыбағам өлім дедің бе? Күндіз – түн бал шырыныңды аңсай береді,  Ешкімді де сүйіп көрмеген еріндерім де. Мүлде сені сөкпеймін албасты десең, Албасты тірлік жаныма жармасты неше?! Бой бермей маған мүлде де сенбейсің білем, Махаббатымсың алғашқы десем. Сен келіп кет, мас қылып сезімге мені, Оқи алмай кетем бе, көзіңдегіні? Көп күтіп сені шыдамды ширығып болды, Мәңгілік енді қауһарсыз төзім дегенің. Сен келіп кет, жасымды сүртіп жанарымдағы, Е... сенбісің ?.. бірдеңе ағараңдады.... Есі жоқ ерігіп жүрген есалаң жандай, Кезіп мен кете беремін бе, даланы тағы?        Қызылорда қызына   Қызылордадағы құштарым ауған қымбаттым, Сағынып сені сабырсыз ойға шын баттым. Тамұқты түнде төзімімді жоғалтып, Шырайлы күнге шыдамымды ұрлаттым. Қаңғырды ойым таба алмай қайта қазығын, Қай жақта жүрсің биязы мінез нәзігім. Сайрайды әлі самалдай есіп жадымда, Сыңғырлай шыққан сиқырлы сенің наз-үнің. Аққу мүсінді, аруым менің, ақ маңдай, Азап қой маған сырымды кетсем ақтармай. Наздана қарап, кірпіктеріңді қаққанда - Қайқы қылыштар қайрала түсіп жатқандай. Қараңғылыққа қамаған кезде бір қайғы, Жылауықтанған жанардың жасы құрғайды. Қырық құбылған қызыққа толы бұл ғалам, Жаным-ау, сенің жымиысыңа да тұрмайды. Бағым ба, едің, мен үшін ғана жаралған, Қымсымба қалқам, күдікті көзден қадалған. Сабыр, сезімсіз сүйкімі кеткен жүзіме, Арайлы сәуле ажарыңнан таралған. Жымия қарап шуағын шашты күліп күн, Сұлулық көрсе сұқтана қалар жігітпін. Жабдықтап маған жасауыңды жатсың ба, Қызылордадағы қымбат тұратын қылықтым?   Сен және Мен   Сен мені түсінбейсің                      Мен сені түсінбеймін. Ал, бұған жазықты кім? Қиялда бір аруды мүсіндеймін, Ол сенсің – нәзік гүлім... Сен маған өкпелісің.                       Мен саған өкпелімін. Білмейміз бірақ неге? Жаныңның күлкісі – нұр көктемімін. Арамыз жырақ деме. Сен мені кінәлайсың.                       Мен сені кінәлаймын. Айыпты – ешкім емес. Сүйгенім – бағым емес, сірә, қайғым, Сорыммен бес күн егес... Сен маған бағалысың.                        Мен саған бағалымын. Тек кештеу ұғынғансың. Бойымды балқыта-а-ады самал үнің, ...Тиіспе! Мұңым қалсын. Сен мені қия алмайсың.                        Мен сені қиялмаймын. Тосамыз енді нені? Қиялмен үмітімді жиі алдаймын, Ол – байғұс көндігеді... Сен мені сағынасың.                         Мен сені сағынамын. Қайтесің, мойындамай? Мен үшін алаңдарың тағы мәлім, Жүрмессің уайымдамай. Сені алып жиі есіме,                        Сезімнің киесінен, ­Қорқамын... «Ием» қақты... Сен мені сүйесің бе? Мен сені сүйем қатты!!! Ересек қыз   Сандалған сезiмдердiң егесi ек бiз. (Ел үшiн айтылатын бiр өсекпiз.) Сiз менi бiр елемей қойдыңыз-ау, Санамды сабылдырған ересек қыз. Жанардан мұңды жасым тамса жайсыз, Ұрысып жүрегiмдi паршалайсыз. Шынашақтай баланың сүйгендiгiн – Паңданып, өзiңiзше ар санайсыз. Бiз жайлы маздағасын ел өсегi, Жұбатып: «қайтесiң?» деп жел еседi. Өзiмнен үлкен қызды сүйiп қалсам, Бұл менiң – есерлiгiм емес едi. Iздеген бағымыздың елесi егiз, Сезiмнiң майданында егесемiз. Мен сiзге қорғаныш та бола аламын, «Алты жас кiшiсiң ғой» демесеңiз. Бақытты бола алмайсыз басқаменен, Қашқақтап жүргендейсiз босқа менен. Қайтесiз менменсiнiп, бiлесiз ғой, «Махаббат қарамайды жасқа деген». Кей сәтте бiр үмiттi артасыз да, Алдайсыз, түлкi сынды жортасыз да. Сiз әлде менiң қарыс құшағымда, Жылынбай қаламын деп қорқасыз ба? Мен сiздi әр сөзiме сенсiн деп ем. Адасып баратырмын елсiзбенен. Телмiрiп көзiңiзге қарай берем, Мүлде де сезiмiмдi менсiнбеген.   Алматыдағы алғашқы өлең Ей, Алматы! Жатсынба баласын қырдың. Көтерген едім жасымнан наласын жырдың. Белгісіз жаққа асыққан адамдарыңмен, Келеді бірге тал түсте адасып жүргім. Бағым ба, сор ма? Білмеймін... шақырдың бүгін. Жүректе күш бар көтерер батырдың жүгін. «Ақын» боламын деп келген ақымақ ұлға, Тартып жүрмеші сыйлыққа пақырдың күнін. Қорғансызыңды қиында қалқалап көргін. Жылап жатпайын төсінде шартарап белдің. Ұсақта -ұсақ тиынды тергізіп қойма, Құшақта - құшақ арманды арқалап келдім. Тірілді қайта бейуақта жоғалған арман. Ескертіп қоймас барыңды тонарда жалған. Сұлуларыңды көзіме оттай баспашы, Жан жүрегімнің жартысы Оралда қалған. Қасиет-қадырын қанымның қырғыннан ұқтым. Егемендікті ежелден жыр қылған ұлтпын. Мыңғырған малдың шуылын тыңдап өскенмін, Жұтылмас жаным, үніне қылғынған жұрттың. Айтса да кеше ауылдың құмдары сырды, Айтпайды шынын тым жұмбақ, мұндағы құрбы. Қақсаң да шетке жамбастап жатып аламын, Алатауыңның қар басқан шыңдары сынды. Ақынның жолы бұралаң, соқпақ келеді. Кетпеймін енді қусаң да, боқтап та мені. Арман қалам-ай, жағамажармаса берме, Ақ Жайық маған: «Қадырды жоқтатпа» –  деді...  

462 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы