• Руханият
  • 21 Ақпан, 2012

ЕЛІНІҢ, ХАЛҚЫНЫҢ ЖАРШЫСЫ БОЛҒАН

Ғаббас Қабышұлы

Иә, қателеспепті. Ұрпақтарына қалдырып кеткен мың сан мақал-мәтелінің қайсысын оқысаң да, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»  екеніне сүйіне иланасың. Әуелде ауырлау естілетінінің өзінде ақиқат жүгі аз емесіне іле-шала куә боласың. Мысалы, «Өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенін алып, оны марқұм Әнуар Әлімжановқа қатысты ой таразыңа салсаң, шындығымен шымыр төрт сөз жатқан  табағы  төмен тартып, тырп етпей қояды!  Оны мен үш мәрте: Әнекеңнің туғанына 70; 75 және 80 жыл толғанда көрдім. Үшеуін де  қысқа ғана мәлім етейін.

70 жылдығы 2000-жылда, мамыр айында еді.

Әнекеңмен  алыс-жақында аралас-құралас болған қаламдастарының біразына 1999-жылдың көктемінде телефон шалып, хат жазып, естеліктерін жинап алдым да, үкіметке  өтініш жолдадым. Ол жақтан күдерім  үзілген соң, Алматы облысынан, Әнуар туып-өскен Талдықорған өңірінен демеуші іздедім. Аты бәйгеден келіп жүрген төрт бизнесменге, кезінде Әнекең қолтықтарынан демеген үш президентке (компания, корпорация дегендердің қожайындарына) сөз салдым. Бірінің сиыры қысыр қалып, бірінің сиыры суалып кетіпті. Тығырыққа тірелдім де, нар тәуекел деп, бірі мұнай өндіріп, бірі құрылысты қарқындатып тұрған және екі президентке хат жаздым. Құрылыс құдайының жауабын оқып отырып, оған өзімнің зейнетақымды бермей болмас күй кештім. Оның есесіне мұнайшы Нұрлан Балғынбаев мырза қол ұшын бірден ұсынды да, «Әлем таныған Әнуар. Признанный миром Ануар» жинағымыз межелі мезгілде жарық көрді!

Алайда, Әнекең тойы аудан деңгейінде өткізілді. Шағын залдағы үйреншікті жиналыс пен астан өзге шара болмады. Алдын ала беріп жіберілген «Әлем таныған Әнуар...» (200 дана), «Екі хикаят» (200 дана. Студент Әнуардің ұстаз Мұхтар Әуезовті КГБ-ның қақпанынан қайтіп құтқарып, Мәскеудегі достарына қалай аттандырып жібергені туралы деректі әңгіме бар)  жинағым жиын болған мектептің жұтаң «Кітап көрмесіне» қойылмады, себебі ол кітаптар сақтаулы қойманың кілтшісі сырқаттанып қалыпты-мыс. 

Жазушының көзі тірі дос-жолдастарының қалауымен Әнекеңнің 75 жылдығына естелік жинақты толықтырып шығаруға тиіс болдым да, 2004-жыл туа Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов мырзаға хат арнап, мынау аталған екі кітапты қоса  поштамен аттандырып жібердім. Обалы кәні, ол арада бесінші күн өте іңірде үйіме телефон шалып, інілік ізет таныта сәлемдесіп: «Бәрекелді! Көмектесеміз! Кітаптың калькуляциясын салып жіберсеңіз болды!», деп қуантты. Баспаға айтып, калькуляцияны ертеңінде жіберттім. Сөйтіп, екі аптадан, кейін облыстық мәдениет департаментінен: «Ә. Әлімжановтың кітабын шығаруға бізде қаражат жоқ» деген жауап жетті...

Әнекеңнің 80 жылдығы 2010-жылдың мамырында еді.

Жер шарының барша құрылығында ізі қалған, көне Қазақ елі мен жері, халқы хақында перзенттік мақтанышпен, құштарлықпен сыр шерткен шарапатты сөзі қалған Әнуар Әлімжановтың бүгінгі біздің, ертеңгі толқын-толқын ұрпақтарымыздың алдындағы азаматтық, қаламгерлік қызметіне тәнті болып жүргеніме қоса көп жылғы өзара қарым-қатнасымыз қымбат болып, Әнекеңнің аруағына тағы бір тағзым ету үшін 2009-жылы басында оның мұрағатжайымен танысуға рұхсат алдым. Соның нәтижесінде «Біздің Әнуар. Наш Ануар» деп аталған көлемді жинақ жұртшылыққа дер мезгілінде ұсынылды. Оның шығуына демеушілік жасаған Азамат – қазақ әдебиетінің жанашыры, белгілі қоғам қайраткері, Әнекеңнің жерлес інісі Керімжан Бижанов мырза!  

Мұрағатжайындағы мақалалар, жазба, аударма және хаттармен танысу барысында мен өмірде өте қарапайым болған қаламдас ағаның адами  қадір-қасиетін, қаламгерлік күш-қуатын тани түстім. Алған әсерімді қысқаша айтсам:

біріншіден, Әнекеңнің халықаралық деңгейде танымал болғанын  аса жылы лебізбен әңгімелеген хаттарға сүйіндім (рас, кереғарлықсыз өмір болған ба, өз арамыздағы әлдекімдер Әнекеңе: «Сен ұлтшылсың! 1986-жылғы желтоқсан оқиғасы  үшін басшыларды кінәләдің, жан керек болса, басқа жаққа кет!» деп жауыға, қорқыта хат жіберіпті);     

екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Махамбет, Жамбыл, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және бергі ақын-жазушы аға-інілері жөнінде орыс оқырмандарына кең таныстыра танымды мақалалар жазыпты;

үшіншіден, Әнекең 1989-жылғы шілдеде Семей қаласында өткізілген халықаралық  конференцияда және 1990-жылы Ұлы Британияның Қауымдар палатасында әдетінше жалындап сөйлеп, Семей полигонын жабуды және дүние жүзінде атом-ядролық қару жасауды, сынауды тоқтатуды талап етіпті;

төртіншіден, Сәкен Сейфуллиннің екі әңгімесін, бір хикаясын және Бейімбет Майлиннің «Шұғасынан»  орыс тіліне үзінді аударыпты;

бесіншіден, Қазақстанына, қазағына күйе жаққандарға дереу қарсы тұрып, жауап беріп жүріпті;

алтыншыдан, жаратылысындағы қарапайымдылығын сақтай біліпті.

Бұл сөзтүйіндеріме бірнеше мысал келтірейін.

Кезінде Мұхтар Әуезов: «Егер 1-Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов – Азияға кең ашты!» депті (жорналшы Светлана Николаеваның естелігінен). Әнуардің бүкіл Африка мен Таяу Шығысты аралап, олардың азаттық үшін күрес жүргізген, жеңіске жеткен жауынгерлері сапындағы ақын-жазушылармен танысып, тіл табысып, достасып, ұлттық әдеби ұйымдарының құрылуына, қалыптасуына жәрдем жасағанын, өзінің өсиетін орындай білген шәкіртінің ұйымдастыруымен, басшылығымен Азия және Африка жазушыларының 1973 жылғы қыркүйекте Алматыда өткен бесінші конференциясы ғасырларға созылған отаршылдықтан азат бола бастаған елдер әдебиетіндегі ең ірі тарихи оқиға болғанын,  Әнекеңнің Африканың оянуынан өз елінің кеңестік империяның шідерінен құтылғанына куә болғысы келгенін көрсе және әл-Фараби бабамыздың туғанына 1100 толуына арнап жасаған үлкен жиынына қатысса, онда Мұхаңның: «...Әнуар Әлімжанов – Азия мен Африкаға айқара ашты!» дері сөзсіз еді-ау!

  Әнекеңнің Совет Одағында, халықаралық деңгейде де зор беделді қазақ болғанын білеміз. Оның қаламгерлігіне, адамгершілігіне тәнті болған замандастары жазбаша шерткен сыр қанша ма?!.  Мына мысалға зер салыңыз:

   «Құрметті ӘНУАР! «Азия және Африка» жорналында әл-Фараби туралы зерттеу еңбегіңіз жарияланыпты. Мақалаңызды ол жорналға бергеніңізді маған айта салмағаныңыз-ай! Алайда, оқасы жоқ, бәріміз оқып, қуанып қалдық. Әл-Фарабидей Ұлы Ұстазымыздың болғаны бізге қаншалықты зор мәртебе десеңізші!.. «Ұстаздың оралуы» мақалаңызды орысшасынан араб тіліне өзім аударамын. Ирактың өкімет басшылары да мағлұмат алып: «Әл-Фарабидің Дамаскіде жерленгенін білдік, енді, қабірі табылған күнде, құлпытас орнатамыз!» деп құлшынып отырғанын естідім. Бұл – Сіздің ғажап еңбегіңіздің жемісі!

                                                                                      Зухейри БАҒДАДИ.

Дамаск.  23. 02. 1976 ж.»

(Әнекең 1975 жылдың соңында Араб елдерін аралағанда сириялық көрнекті жазушы Зухейри оған жолсерік болған екен.)

Осы хатқа қатысты айтарым: 1967-жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарді Пәкістанның атақты суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратына, сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл - Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», деп жауап қайырыпты. Әнуардің сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті көкірек көзіне көшіріп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке айтып отырып салғызып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты!..

Басқа да бірер хатты шолайық:

  «ӘНУАР! Пәкстандық достарыңыз Сіздің шығармашылық әрбір табысыңызға әрқашан қуанып жүреді. Сіздің өнегеңіз бізге ерекше ғибратты, қымбат. Досым, бақытты болыңыз, тың табыстарға жете беріңіз! Төл әдебиетіңіз гүлдене түссін!

                                                                                       Фаиз Ахмад ФАИЗ.

     1976 жыл».

      (Әлемге әйгілі бұл қоғам қайраткері һәм қаламгер мен Әнуардің өзара силастығы ыстық та ұзақ болған.)

 «Құрметті Әнуар ӘЛІМЖАНОВ! Қазақ халқының әдебиеті, мәдениеті, тарихы хақындағы тамаша әңгімелеріңіздің бізге әсер еткені соншалық, естігендеріміз бір ғажайып суреттердей болып әлі күнге көз алдымызда тұр. Студенттеріміз Сіздің білімдарлығыңызға қоса, қарапайымдылығыңызға қайран қалды, Сіз олардың жүрегін баурап алдыңыз!

                                                                                     Эдвард С. МЕЙНАРД,

                                            АҚШ университеттерінің  Нью-Йорк бірлестігі

                                            Қара студенттер қауымының профессоры.

     29. 11. 1973 жыл».

      Кейінде, 1978 жылдың көкек айында, Нью-Йорктің Ғылым мен өнер мемлекеттік университетінің профессоры, Орта Азия халықтарының көркем әдебиетін зерттеуші ғалым Гарольд Р. БАТТЕРСБИ Әнекеңе хат жолдап, лекция оқуға шақырып, қазақ тілінде шыққан кітаптары мен мақалаларын, сондай-ақ Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітаптарының қазақша нұсқасын ала келуді өтініпті. Америка Құрама Штаттарында бұрын да болып, көп аралаған Әнекең мына шақырудан соң да барып, Тахома, Сантафэ, Хамменд, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларында болып, университеттерінде біржарым ай бойы лекция оқып қайтты.

Баршаға белгілі ғұлама Лев Николаевич ГУМИЛЕВ 1980 жылдың 24-тамызындағы хатын былай аяқтапты: «Әнуар! Шақырғаныңа рахмет! Бірақ, амал не, Алматыға әзірше бара алмайтыныма өкініп отырмын. Денсаулық болыңқырамай тұр... Ал «Көне Русь және Ұлы дала» (ҮІІ-ХІІ ғасырлар) кітабымды жазып бітірдім. Сауыққан соң хабарласамын».

Римнен хат жолдаған (30.03.1983 ж.) жазушы Итало АВВЕЛИНО: «Әнуар! Бізде мейман болғаныңыз Сіз арқылы Қазақстанды, қазақ халқын тануымызға жол ашты. Алдағы уақытта да кездесіп тұралық! Бүкіл қазақ халқына сәлем айтыңыз!» деп тебіреніпті.

1987 жылдың тамызында Ереваннан хат жазған А. ЗОРИЙ деген азамат Әнекеңмен және бір кездескеніне қуанышты екенін, оның кітаптарын қызыға оқып жүргенін айта келіп: «Сенің «Жер жәннәті –Жетісудың» көркін сақтау үшін Балқаш көлін сақтау керек дейміз, дегенің бізге ой салды. Жалпы өзен- көлдердің деңгейін сақтамайынша жер құнарын сақтай білу қиын деген ойың құнды. Біз осы бағытта ортақ жоспар жасап, оны БҰҰ мен ЮНЕСКО арқылы іске асыруға тиіспіз» депті.

Орыстың атақты ақыны Анатолий СОФРОНОВ өзін туған күнімен құттықтағаны үшін Әнекеңе алғысын айта 1987-жылғы қаңтардың 19-ы күні жазған хатында былай депті: «Қымбаттым, Әнуар! Сіздің ыстық лебізді тілегіңізге қатты қуандым. Бізді жақындастырған, табыстырған ізгі ниеттер әрқашан жадымда болады... Сіз әлі жассыз, бар қызығыңыз алдыңызда. Ал мен 76 жастамын... «есепке түзу» дегендей. Әйтседе, әліме қарай әлі де тырбана берермін...  Нәтижесін көре жатармыз.  Сау-сәлемет болғайсыз!»

    КСРО-ның Малайзиядағы елшілігінен хат жіберген В. ПОСЕЦАЕВ (1988 жылғы 24-наурызда): «...Малайзиялықтар Сіздің сұхбаттарыңыз бен әңгімелеріңізді ауыздарынан тастамай жүр, Сізбен тағы бір жүздесуді тағатсыз күтуде!» деп сәлем жолдапты.

    1988 жылғы желтоқсанның 5-індегі  хатында башқұрт ағайынымыз - Сайфи ҚҰДАШ ақсақал Әнуардің Уфадағы жүздесулерде қазақтың әдебиеті мен тарихы, Мағжан Жұмабаев жөніндегі әңгімелеріне, «Дружба народов» журналында шыққан  мақаласына шексіз риза болғанын білдіріп, «Мағжанды одақ оқырмандарына таныту арқылы оны ақтауға қадам жасадың», деп алғыс айтыпты.

Түркийәда тұратын қандасымыз – шет елдегі әйгілі «Азаттық» радиосы құрамында қазақ отауын тіккен жалынды қаламгер Хасан Оралтай совет өкіметінің тепкісінен шетке ерте кеткен, сүйегі сол шетте қалған қаһарман күрескер Мұстафа Шоқайын мұндағы қазағына алғаш танытқан еңбегі үшін Әнуарға мол алғыс жолдапты. 

Үндістанның Джавахарлар Неру атындағы сыйлығын алған тұңғыш қазақ Әнуар бұл көне мәдениет еліне ерекше еңбек сіңірді. Ол қайраткерлігіне мысал көп. Соның бірі – «Иностранная литература» жорналының Бас редакторы   Михаил КУРГАНЦЕВТІҢ Азия-Африка әдебиетшілеріне қамқоршы Әнекеңе «Үнді поэзиясы», «Африка поэзиясы» антологияларын шығаруда баға жетпес көмек көрсеткені үшін шексіз ризашылық білдірген хаты.

Әнекең шет елдерге барғанында бір ғана қазақтың емес, Орта Азияның да елшісі, жаршысы болғаны анық. Ол қырынан да бір мысал деп түркмен ағамыз Берді КЕРБАБАЕВТЫҢ  1970 жылғы қазанның 14-інде жолдаған хатын алсақ, онда: «...Үндістанда болғаныңызда түркмен әдебиеті, Махтымкули туралы сүйінішті сөз айтқаныңызға рахмет!» делінген.                                                                                   

Ал орыс әдебиетінің классигі Леонид ЛЕОНОВ 1961 жылы жазған  хаттарының бірінде (мамыр айында) Әнекеңнің орыс пен қазақ ақын- жазушыларының аға және жас буындарының өзара ынтымағын нығайтудағы еңбегін жоғары бағалапты.

Әнекеңнің мұрағатжай қорында сезіміңді толқытып жіберетін хат жеткілікті. Сондай-ақ, менің түсінгім, құптағым келмеген бір жәйт те ұшырасты. Англияның Кембридж Халықаралық өмірбаян орталығы «Әлемде қайда, кімдер бар» жылнамасына қажет сауалнаманы толтырып қайтаруын өтініп, Әнекеңе бланкілерін жіберген екен, ал олар толтырылмаған қалпында мұрағатжайдағы қағаздарының арасында жатыр. «Қайран Әнеке-ай, қарапайымдылықтың да жөні бар еді ғой?! Ол жылнамаға Сіздің енгеніңіз ең алдымен Қазақстаныңызға, қазақ халқыңызға қажет еді ғой?!» деп еріксіз налыдым...

    Әнекеңнің Семейдегі сөзінен үзінді:

  «...Әлбетте, ядролық жарылыстарға қарсы күрес толастамауға тиіс десек, күресті нығайтуға қажет қор ұйымдастыру, оның есеп-шотын ашу да дұрыс, тек ол қорға жиналатын ақшаны жұмсаудың жоспарын алдан ала жасау керек. Таза мақсатқа жиналған қаржы таза қолда болуға тиіс! Керісінше болса, денсаулығынан айрылған халықтың, бәрінен жұрдай болған халықтың енді қалтасын  қағу  адамгершілікке мүлде жатпайды! Мемлекет өз алдына, сан-сапалақ құрылымдар қорға қол жая бастады. Штат ашуға, жарнама жасауға қажет деседі. Өйтпес бұрын ойланатын жайт:  сен ең алдымен патриотсың ба? Олай болса, біз үшін, адамгершілік мұраттар үшін күреске шықтың екен, онда арамдыққа жол берме!..».

Ол кейін құрылар  «Невада-Семипалатинск» қоғамдық қозғалысының акцонерлік қоғамға айналып, Қор ашатынын, полигоннан зардап шеккендерге жәрдем беруге деп небір құйтырқы жолмен мол қаржы (жүздеген миллион доллар) жинап алып, Қордың басшы-қосшылары одан семейліктерге бір доллар да бұйыртпай, өзара бөліске салатынын сонда-ақ болжап айтқан екен!

Әнекеңнің Лондондағы сөзінен бір үзінді:

     «...Мырзалар, мені дұрыс түсінгейсіздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түген жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс. Сөз ыңғайына қарай айта тұрайын:  әлгібір әзірде мен атаған жазушы Әуезов пен ғалым Сәтбаев  радиация улаған сол жерлерде 50- жылдары бірнеше  рет болды, жерлестерінің хал-ахуалын біліп, әңгіме-сөздерімен жұбатып бақты және, әрине, онымен тынбай, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірді. Олар сол үшін «ұлтшыл» деген жалған айыпқа ұшырап, қуғын көрді, ақырында қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болды...».

Жазушы-басшының қамқоршылық қырынан бір көрініс:

Мұқағали Мақатаевты Жазушылар одағы мүшелігінен шығарғысы келгендердің аузын жауып, адуынды ақын құрдасын Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберген.  Мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973-жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды өзінің жоғары құрметтейтінін айтып (мұрағатжайдағы орысша нұсқасынан сол жерде қазақ тіліне аударып жазып алғанымды ұсындым): «...Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: -Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін, - деп кетіпті... Талантты ақынның Одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», деп жазыпты. Кейінде ақынымыздың Мәскеуде «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар –Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «...творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии  шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом...  Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», деп тұжырыпты  (сөз ыңғайына қарай айта отыруға болар бір жәйт: сол жылдары Ленинград баспасынан жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағын Мұхтар  Мағауинге құрастыртып, жолын ашқан да Әнуар екен). 

Әнуардің хатындағы Александр Петровичтің  әйгілі ақын, аудармашы Межиров екенін Өтеген Күмісбаевтың «Мәскеуге симаған Мұқағали» деген естелігінен  білдім ( «Айқын» газеті, 14-тамыз, 2010-жыл).  Өтеген ақынның Мәскеумен хош айтысқан өлеңінен мына  жолдарды келтіріпті:

...Үйреніп қалған ұямдай,

Мәскеуді барам қия алмай.

Миллиондардың ішінде

Бір басым менің сия алмай.

Еңсемді бір сәт жия  алмай.

Не бетімді айттым, Алматым,

Не деймін саған, ұялмай?!.

Таңғы шық.

Аяз сорып тұр.

Соғып тұр боран,

Соғып тұр.

Ақ құсым, мені аман-сау

Алматыммен жолықтыр!..

Әнекеңнің бір реніші мынау:

     «Югославтық жорналшы-жазушы Мариана Седмак 1968-жылы біздің республиканы бірер апта аралап қайтқан еді. «Оның не дейтінін назарымда ұстап жүрдім, – деп жазыпты Әнекең. – 1969-жылы Югославияның жастар газетінде ол мейманымыздың 7 очеркі шықты. Оқып байқасам: - Қазақстан – мешеу ел; билік басындағылар жоғары оқу орындарына шала сауатты қазақ балаларын күштеп алдырады; кітап дүкендерінде орыс кітаптары жоқ, барының өзін қазақтар алмайды, олардың тіпті Достоевскийді оқымақ тұрғай естімегендерін кездестірдім, – депті. Өзге өрескелдіктері де көп. Қаным қайнап жүрген бір күндері Седмакты Мәскеуде жолықтырып: «Асымызды ішіп, табағымызды теуіп кеткеніңіз қалай? Соншама өсек-өтірікті жазғаныңыз не?!» десем, ол біртүрлі аңырып: «Мен ештеңені ойдан шығарған жоқпын. Сол сапарда мені алып жүрген коммунист жорналшы Геннадий Толмачевтің айтып түсіндіруімен жаздым» дейді. Толмачев «Комсомольская правданың» Қазақстандағы меншікті тілшісі еді. Оны да ұстап алып: «Әй, Гена, Мариана Седмакқа бізді өлердей жамандағаның не? Қазақтардан қиянат көрген күнің бар ма? Ұят қайда?!» десем, ол жылмақай: «Білмеймін... мен оншама дәнеңе айтқан жоқ сияқты едім...» дейді.  Сол енді «Простор» жорналына басшы болып  отыр». 

Әнекеңнің қарапайымдылығына  бір дәлел:

Англияның Кембридж Халықаралық өмірбаян орталығы «Әлемде қайда, кімдер бар» жылнамасына қажет сауалнаманы толтырып қайтаруын өтініп, Әнекеңе бланкілерін жіберген екен, ал олар толтырылмаған қалпында мұрағатжайдағы қағаздарының арасында жатыр. «Қайран Әнеке-ай, қарапайымдылықтың да жөні бар еді ғой?! Ол жылнамаға Сіздің енгеніңіз ең алдымен Қазақстаныңызға, қазақ халқыңызға қажет еді ғой?!» деп еріксіз налыдым...

Мемлекет және қоғам қайраткері Ә. Әлімжановтың республикамызға, халқымызға сіңірген еңбегі зор екені аян. Бір ғана дерек: КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жоғарғы палатасына төраға болып, КСРО-ны ыдырату жөніндегі тарихи актіге қол қойды емес пе?!.  Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин былай депті: «26 декабря 1991 года в здании Кремля, над которым уже не развевался флаг СССР, Верхняя палата союзного парламента приняла декларацию, в которой объявила о прекращении существования СССР. Председатель палаты А.Алимжанов сказал, что они выполнили свой депутатский и гражданский долг» («Записки президента», изд-во «Огонек», Москва, 1994 г.).

Міне, осындай Азамат болған тарихи тұлға Әнуар Тұрлыбекұлының 80 жылдығы (70 жылдығынша)  республикалық деңгейде аталмады. Мұхтар         Әуезов атындағы академиялық театрда былтыр қараша айында өткізілген шағын жиынның «атап өтілді» деу үшін ғана қажет болғаны сөзсіз. Туған аулында орнатылған тас мүсіні «Мен осы кіммін?» деп өз-өзіне сауал қойып тұрғандай көрінеді. 

 

 

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы