• Әдебиет әлемі
  • 07 Ақпан, 2012

Үзілмей қалған күзгі үміт, Сағыныш қолын шертеді

Асхат РАЙҚҰЛ

1986 жылы Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданында, Игілік ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Сарысу аудандық «Сарысу», Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеттерінде қызмет атқарған. Бүгінде Астана қалалық «Астана ақшамы» газетінде Әдебиет және мәдениет бөліміннің тілшісі. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпаздары.

*** Әнім сен едің шырқайтын күнде, Әлемің сұлу ұқсайтын гүлге. Әлдилеп таңды өзіңсің, қарғам, Әдемі жұп боп жырлайтын бірге. Сезімнің құйып шарабын сөзге, Сергелдең күйге оралдым лезде. Серік боп өтер мәңгілік Тәңір, Сыйласа деймін аралын бізге. Ерке мұңыма жегіле бердім, Есіміңді атап егіле бердім. Ессіз тірліктен кетіп қалсақ қой, Екеуміз ғана төріне жердің. Лағылдай қымбат Ай, Күнім едің, Лапылдай жанып балқыды демім. Лаулаған отқа азапқа толы, Лақтыра көрме, алтыным менің! *** Қамшыл көңілім мазалы, Сары жапырақпен орадым. Кеудемде қоңыр күз әлі, Қоштаспапсың ғой қарағым! Ақ қайың жылап үздігіп, Ақ қармен жасын сүртеді. Үзілмей қалған күзгі үміт, Сағыныш қылын шертеді. Жанары нұрсыз, жанары- Жартыкеш Айдың төбеде Жұлдызын жоқтап манағы, Жылағанба ол да немене?! Қоңыр күз мұңшыл деседі, Естілмеп еді назды әні. Қоғалы көлдің кешегі, Көрінбей кетті қаздары. Ұйқы бер тыныш, қонақ түн! Ішімде өлген нала бар. Қоштасып кеткен қанаттым, Тізілген қиқу тырналар. Қоп-қоңыр ғалам ғасылды, Көз жасын жуған ақ қармен. Жуар ем мен де жасымды, Сағыныш бірақ, басқа рең! Ақ қарды бәрі таптайды, Аппақ болғаны орынсыз. ...Кеудемде менің қап қойды, Сағыныш толы қоңыр күз! *** Жоғалам бір күн, мойнымда аппақ обалың. Жылағам мың түн, қойнымда тұма тола мұң. Сүйкімді көркің – Іңірде ән қып саламын, Сезімнің өртін өзіме, қалқа, орадым! Іздемегейсің, ол кезде мәңгі жоғалам. Күзде де, мейлің— таба алмас мені сұраған. Күдер үзбейсің үміттен, бірақ, шұбаған, Күнде іздейсің— соқпақтан соңы бұралаң. Алысқа кетем, сағымға көзді арбаған. Алыспа бекер! Ғашықта жеңіс болмаған. Бақытсыз ба екен – бақыттың құсы қонбаған?! Табытқа, көкем, бақытпен ешкім бармаған! Қош көңіл айтпан, еңсеңді биік түсірме! Өштесіп қайтам өзіммен Өзің үшін де! ...Шексіздікті айтам – шешілмес сырдың ішінде, Мұңыңды батпан ұмыт та, сосын күрсінбе! Күрсінбе, көзім, көзімді құртқан күні мен. Дүрсілдер сезім көзін бір ілмей түнімен. Сона-а-ау бір кездің сағынышының ізімен, Күн кешкен бозым – мен болам, үнсіз үзілген! ...Үзілем-дағы, пәктікке ғана айналам. Ізімнен бәрі сыр іздеп сонша (!) ойланар. ...Қызыл рең дағы— кеудеңе барып байланар, Үзілем-дағы, пәктікке ғана айналам! *** Беу, Таразым! Көшеңде қалыпты жаз әнім! Қаратал, Назды әуен, Күрең түс, Бағыңда қоштасқан базарым! Сендегі жастығым тұма-тын, От болып, шоқ болып тынатын. Сағынтып, жылатып, жұбатты, Суықта сенделткен мына түн! Қол бұлғап қоштасқам өткен күз, Кейде рас, тасжүрек, өктембіз! Сезбейді Астана мұңыңды, Таразға алып кет, көктем қыз! Таразға алып кет, бурыл таң, Жаураған сезімді жылытам. Қоштасқан бағыма барам да, Жаураған кезімді ұмытам. Көзайым боламын көзіммен, Жыр іздеп сенделген ізіммен. Бақтағы жапырақ шығында, Қауышам қап кеткен сезіммен. Сан рет мұңдасқан қайыңмен, Сырласам, тыңдаса жайымды ол. Қуат ап, бойымды жылытам, Апамның күрең түс шайымен. Жалғаймын шуақты өлеңді, өлеңді – мұң тектес, гүл өңді. ...Жұртымның жұпарын сағындым, Көктем қыз, күттірме, кел енді! Сен кеткен көше Сүреңсіз көңіл қамықты неге? Торықты жүрек тосылып. Қам сүйгіш өлең зарықты неге? Санамды кезген бос үміт. Күтеді тағы үнсіздік алдан, (...оңынан туар Айым ә.) Жаһанда жалғыз жүрсің бе қарғам? Оралдың бүгін ойыма. Көшемен анау кеткелі өзің, Ақ қайың менің серігім. Күтемін сосын... өрт болып төзім, сұлбаңды іздеп, елігім. Ол көше әне, Өзімдей өңкей, Қайыршылардың соқпағы. Қайыңды құшып көзімді ілмей, Күтемін... Сұлбаң жоқ па әлі?! Қалқыған күйі сары жапырақ, Иыққа қонды. Сөнді үміт. Өлді ғой деймін,бағыты—жұмақ, Сағыныш мұңын жамылып. Қамшы сап – ғұмыр, жетеді кімге? Көкжиек жұтар бір із тек. Ана-а-ау көшемен кетемін Мен де, Сен басқан ізден сыр іздеп.

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы