• Білім-ғылым
  • 26 Маусым, 2014

Өсер елдің баласы осындай

Алматы қаласының өнерлі оқушыларынан құралған «Мұрагер» және «Атамұра» оркестрлеріндегі домбырашылар ішіндегі жеке күй тарту бойынша үлкен бәсекелерде биіктен көрініп жүрген Сұлтанбек Тәжіғалиев Б.Атыханұлы атындағы 36 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы.

Соңғы жылдары Сұлтанбек қол жеткізген жетістіктерінің өзі бір төбе. Түркия мемлекетінде өткен «Аrt Alimpia-2012» жасөспірімдер байқауында жеке аспапта ойнау номинациясы бойынша  І орынды жеңіп алды. Гонгонг, Макао қаласында өткен халықаралық жасөспірімдер  өнер байқауында  аспапта ойнау номинациясы бойынша бас жүлдені және Алтын кубокты жеңіп алып, Қазақстанның мерейін асқақтатты  (2013ж). Республикалық  «Тай жарыс» Радио-фестивалінде аспапта орындау бойынша І орынды иеленді (Бурабай 2013ж).

–Осындай шәкіртімді мақтан етемін, – дейді Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназияның музыка пәнінің мұғалімі, Алмалы аудандағы №2 Оқушылар үйі домбыра үйірмесінің жетекшісі Тасқын Әлімбайұлы.

Орайы келгенде айта кетейік, Қытайдың Құлжа қаласында туып өсіп, 2007 жылы ғана тарихи Отанына оралған Тасқынның қазақтың ұлттық аспабын талапты жасқа меңгертудегі әдіс-тәсілдері өз алдына бір бөлек әңгіме.

Сұлтанбек бес қыздың артынан ерген жалғыз ұл. Солай екен деп үй-іші оны орынсыз өбектеп, аса еркелетіп жіберген емес. Әкесі Серік өмір бойы заң қызметінде істегендіктен де болар, отбасындағы темірдей тәртіп Сұлтанбектің елгезек, әдепті болып өсуіне игі әсерін тигізді. Әсіресе, әпкелері Алмагүл, Эльвира, Альфия, Салтанат, Нұргүлдердің ықпалы да мол болды. Анасы Рая болса ұлының сабақта озат, жақсылыққа талпынғыш екендігін айтудан еш жалықпайды.

–Жаз айларында ата-анаммен бірге қала сыртында демаламын. Сондай-ақ  шет елдерге де саяхаттап көрдік. Ел көру, жер танудың адам өресін өсіруге әсері зор, – дейді Сұлтанбектің өзі. Ол 5 жасынан бастап таэквондо үйірмесіне барған кезінен бастап күні бүгінге дейінгі спортпен шұғылданудағы әдіс-тәсілдерін, сондай-ақ 2013 жылы Бейжіңнен визамен Гонгонгқа одан әрі кемемен 1,5 сағат жол жүріп тарихи қала Макаоға барғандағы көңіл-күйін күнделікке де түсіріп жүр екен.  

Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында өтетін көптеген өнер байқауларына, концерттерге белсенді түрде қатысып жүрген Сұлтанбектің болашағынан мол үміт күтуге толық негіз бар. Қазақ мектебінде оқи жүріп ағылшын тілін жақсы игерген қаршадай ұл Алла қосса келесі оқу жылы, яғни 8-сыныптан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын болады.

Он сегізінші ақпанда бір мүшелге, яғни 13 жасқа толған өнерлі жасқа ұзақ ғұмыр тілей отырып, күні ертең оның еліміздің сүйінетін бір ұлы болатынына сенімдіміз.  

Салтанат ҚАЖЫКЕН

 

306 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы