• Білім-ғылым
  • 21 Желтоқсан, 2011

Қуандық ТҮМЕНБАЙ Шаштараз (әңгіме)

Төрт ондықты артқа тастаған Орынша тіршілікте дәл осылай алабұртып, асып-саспап еді. Елемес Рамазанұлымен ғұмырында бірінші рет беттесіп, креслоға маңғаз отырған оның қою қара шашына алғаш рет абайлап тарақ тигізіп, алақанымен уыстап ұстайтындай көңілі алып-ұшып орнына түспеді. Тіпті, үш айлық шаштараздар курсында оқып жүріп, тәжірибеден өтуге барып, бірінші «клиенттің» шашын қырт еткізіп қиғанда да жан-дүниесі бұлайша толқып, қатты қобалжымап еді. Асқазаны да қоса сыздап, кей-кейде құлағы шыңылдап, жүрек тұсы да шаншып қояды. «Не де болса айтамын. Бітті. Ол  алпыс үште. Мен қырықтамын. Ол басқа облыста, мен елімдемін. Мен де адамша өмір сүріп, түтін түтетуім керек. Ана болуым...». Осыны ойлағанда мүдіріп қалды. «Қырықтан асқандар да бала тауып жатыр ғой. Қойшы нағашымның әйелі елуден асқанда туды. Мен, бірақ, аналық мүмкіндігімнен айрылып қалған жоқ па екенмін?». Орынша үстіне қара көйлегін іліп, бетіне опа жағып, ернін шиедей ғып бояп, тым әспеттенбей-ақ қарапайым күйде кездесер жерге жетті. «Кешікпес пе екен? Кім біледі? Мен ешқашан кешікпеймін». Ол облыстық әкімшіліктің алдына келгенде қара «Джип» қасына тақау тоқтады да, есік ашылып, ішінен әкімнің көмекшісі шықты. Мінгізіп алып, таныс жолмен тартып отырды. Бұл жол тау етегіне апарады. Осыдан жиырма жыл бұрын осы жолмен алғаш жүргенде қыз боп барып, әйел боп қайтқан. Онда Елеусіз Рамазанұлы обкомның бірінші хатшысы болатын. Өзі жұмысты жаңа бастаған обкомның шаштаразы. Бір-ақ рет шашын алдырып, сақал-мұртын бастырған адамның қонаққа шақырғанына қатты таң қалды. «Бәлкім, сақал-шашын алатын болармын» деген  ә дегенде. Бірақ ондай ескерту болмады. Құрал-саймансыз құрқол шықты. Тау етегіндегі саяжай дегені – даңғарадай екі қабатты үй екен. Бірінші қабаты – кеңсе сипатты мәселе шешетін орын да, екіншісі – жатын орын, душ бөлмесі, кино залы секілді эстетикалық мәні бар құндылықтар. Бірден екінші қабатқа көтерілді. Бірінші хатшының көмекшісі шешіндіріп, киімін іліп, жаюлы дастарханға әкелді. Үшеуі ғана. Шәйді де көмекші дайындап, даяшыдан бетер зыр қағып жүр. Сып-сидам жігіт еркек басымен әйелдің тірлігін майысып мінсіз атқарады екен.

– Шәйді мен құяйын, – дегенде, Елеусіз Рамазанұлы:

– Дұрыс-ақ. Жарқын, сен таңертең кел, – деп көмекшісіне рұқсат беріп, шәйнектің құлағын қызға ұстатты.

Тағам толы үстел басында екеуі қалды. Дастарханда құс сүтінен басқаның бәрі бар. Бұл көрмеген балық пен уылдырық, оралған кәмпит пен ашық-шашық жатқан кәмпиттің неше түрі, қызыл гүл мен жасыл жапырақтың бейнесі өрнектелген тіске жұмсақ топ-томпақ торт...

– Құйған шәйің тәтті екен, – деді обком басшысы кішкентай баладай тілін шығара сөйлеп. – Маңдайым тершіп қоя берді ғой. Мә, өзіңе, – деп күміс тостағанда бірінің үстіне бірі өрмелеп шығып жатқан шоколад кәмпиттің қабығын аршып ұсынды. – Шәйді енді мен құяйын. Сен қонақсың ғой, – деп түрегеп орын ауыстырып, төрге оздырды. Жиырмадан енді асқан балаң бойжеткен ләм деген жоқ, бұрын бір-екі рет көрген кісінің  қарапайымдылығына тәнті болды. Шәй құйғанда қолы дірілдемеді. Шәйнектің тұтқасын ұстау қайшы мен тарақ ұстаудан қиын емес. Депутат, Орталық Комитеттің мүшесі, делегат секілді биік мәртебелі адамдардың шашын алып, сақал-мұртын басу ептілікті қажет етсе, ып-ыстық шәйнектің иіліп келген тұтқасы қолға икемді-ақ. Бұған еш қиналмады, асып-саспады, қол күші де жетіп жатты, тек бір таңқалғаны – жеті түнде өзін неге шақырды екен? Көмекшісі: «Қазір жұмысқа кел» деп үйіне телефон шалды. Келген бетте осылай қарай алды да шапты.

– Мен сенің қолыңды бірден ұнаттым. Қолың сондай жеңіл екен. Сол байқауда бірінші орынға екі адам таластыңдар. Біреуі бір кексе неміс әйел. Мен: «Бізге өз ұлтымыздан болғаны керек. Қазақ қыздарын эстетикалық кәсіпке баулу керек. Бірінші орын Орынша Қамысбаеванікі» деп отырып алдым.

– Рахмет! – деді баяу ғана.

– Іш, енді мен құйған шәйдан іш.

«Ой, Құдай-ай, маған обкомның бірінші хатшысы өз қолымен шәй құйып беріп отыр ма?!» деп Орынша өз көзіне өзі сенбей шәйден бір ұрттады. – Осы өңім бе, түсім бе?!»

– Сені біраз іздедім. Қалалық автовокзалда істеп жүр екенсің. «Шұғыл алдырыңдар. Обкомның шаштаразы өзіміздің қаракөз болуы керек» дедім.

Елеусіз Рамазанұлының айтқанының бәрі рас. Үш айлық курсты бітіріп, байқауда бірінші орын алып, қалалық автовокзалға шаштараз боп орналасқан. Бір күні қалалық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры щұғыл шақырып ап, обкомға ертіп кеп, іс басқарушымен жүздестірді. Ол шаштараз бөлмесіне бастап келді. Таныстырды. Өзінің дұрыс киініп жүруі керектігін, жұмысқа ешқашан кешікпеуін, кейде түнде де қалып қоятын кездер болатындығын, обкомның бюро мүшелері мен бөлім меңгерушілерінің және олардың көмекшілерінің сақал-шашын алатындығын тәптіштеп түсіндірді. Қолына бірінші кезекке деп бір пәшке ақша ұстатты. Бұл үш жүз сом екен.

– Ертең  бірінші келіп, сақал-шашын алдырады. Ол кісі Мәскеуге жол жүреді. Сиезге делегат. Өте ұқыпты бол, – деді.

Кешкі алтыдан кейін екі сағат күтті. Қарны ашып, асқазаны шұрылдады. Дәмхана жабық. Көшеге шығып келуге тіпті болмайды. Көмекшісі: «Ешқайда кетпе. Елеусіз Рамазанұлы сақал-шашын алдырады. Ертең жол жүреді», – деп тағы бір ескертіп, телефон соқты. Бір мезет көмекші: «Отырсың ба?» – деп хабарласқанда: «Отырмын ғой. Сағат сегізге тақады, қарным аш, аш адам тоқ адамға қалай қызмет көрсетеді» деп айтып салды. Сірә, «аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген сөз осындай жан қиналыстан шықса керек. Сол-ақ екен, жапалақ көз сидам көмекші сымы шұбатылған тоқшәйнек пен кәмпит, пешеней, тұтастай бір қорап торт әкеп берді.

– Шәйнек басы бүтін сенікі. Шәй қойып ішесің, – деп ескертті.

Торт жеп тойырқанып қалған кезде көмекші – алда, хатшы – артта – кіріп келді. Жұмсақ креслоға жайғасқан жас шамасы қырықтардағы кісіге:

– Қандай үлгіде алайын? – деп шаштараздың дәстүрлі сұрағын қойды.

– Қысқа шаш. Мәскеуге кетіп барам ғой. Сосын өзіңе ұнағанын жасай бер.

Партия-совет қызметкерлеріне селдір-селкеуі жоқ құлақты ашқан қысқа шаш үлгісі тән әрі бұл үлгі басшыны тойған қозыдай монтитып көрсетеді.

– Елеусіз Рамазанұлы, сақал-мұртыңызды алайын ба?

– Ал. Өзің сұрап тұрғанда ...

Хош иісі аңқыған көбікті көпіршіте жағып, атжақты бетті әпсәтте тазартып, соңынан майдай жұмсақ алақанымен бет жылтыратқыш иісмай сүйкеп, әртүрлі гүлдердің жиынтығынан жасалған әтір бүрікті.

– Енді Мәскеуге ұша беруге болады, – деді креслодан тұрып жатып.

Елеусіз Рамазанұлы маңдайы ашық, қырғи тұмсық, жуан мойынды, нағыз еркек тұлғалы азамат екен. Мана аққа оранып отырғанда айнадан көздері түйісіп қалып, абдырап, құлақ түбіндегі шашты қайшының ұшымен сәл ауырта қырықты. Соны байқаған ел ағасы айнаға тура қарамай, көз арбасып қалар сәтте жанарын төмен салды.

Құлақ пен танау ішіндегі тікірейген қыл-қыбырды түгін қалдырмай қырқып, тазалау – шаштараздың саусақ ұшынан қалмайтын, ұсақ-түйек болғанмен ұқыптылықты қалайтын міндет. Ол үшін үшкір қайшының ұшын шебер пайдалану қажет. Адамзаттың осы екі мүшесін өте сезімтал ғып жаратыпты, тіпті, тиіп кетсең қытығы келіп, тез оянатын сезім мүшесі де осы екеуі екен. Сондықтан әрі сақ, әрі абай болуды ұстаздың аузынан талай естіген. Тіпті, қастың шошайып тұрған артық қылын қайшы ұшымен қырт еткізіп қиып тастаудың еш қиындығы жоқ – бір еңкейгенде-ақ епті қолдың қаржымында кететін әдіс. Анда-санда өтетін шаштараздар семинарында сабақ жүргізушілер партияның  Бас хатшысы  қалың қасын бояп, ерекше күтімге алатынын сыр ғып айтатын. Ал шаш пен қасты бояу да шаштараздың шеберлігіне тәнті етіп таңдай қақтыратын жұмысы. Келуші тапсырыс беріп, қажет етсе, сен қашан да дайын болуың керек. Хош иісі аңқып, сандықта сығылысқан әртүрлі бояу сенің қолың арқылы әсемдік әлемінен бұрқырап шығып, өзге бір жанның жан-дүниесін рахатқа бөлеуі керек.

Бұлар бетпе-бет осылай жүздескен.

Арада он бес күн өтіп, Мәскеуден келісімен, түн жамылып тау етегінде тағы да кездесті. Хатшының қолынан шәй ішкені Орыншаны таңқалдырып, тәнті етті. Сосын әркімнің бас болмысын есте сақтау шаштараздың бір ерекшелігі болса, атжақты бетке біткен сопақша келген қасқа бас өзінің мәңгі есінде.

– Үйің жоқ қой, – деді тағы бір кесе шәй құйып беріп.

– Жатақхана – өз үйім.

– Иә, газетте осындай рубрика бар. Үй де, орден де болады. Тек жақсы жұмыс істеп, шеберлігіңді шыңда. Айтпақшы, біз неғып отырмыз шарап ішпей? Сен шарап іш, мен коньяк ішейін. Мәскеудікі. Сиездікі.

Облыс басшысы өз қолымен тырна сирақ рюмкеге құйған қызыл шарапты жартылай ішті. Көз қиығын бір салып өткен хатшы армян коньягін түгел тауысып қойды. Тағы да құйды.

– Мынау сенің алтын қолың үшін! Біздің қыздардан шаштараз бен кітапханашыны көбейту керек. Қазақ бұларды мамандық деп есептемейді. Сенің эстетикалық талғамың үшін! Общем, сен үшін!

Орынша тағы да орталай алды. Бұрын қызойнақтарда тәтті дәмі тіл үйірген шарап жақсы жүріп отыр. Оның үстіне самаладай жарқыраған жиһаз бен жаныңа ләззат берер құнттай тазалық көңілін бірнеше саты жоғары көтеріп тастады.

– «Ер кезегі үшке дейін». Енді біздің туған жеріміз үшін. Сиезде біздің ел жақсы аталды, соған қосқан біздің облыстың да үлесі зор. Ел мен жер үшін! – деп өзі түгел ішіп қойды да, жартылай алған бұған тура қарап ештеңе демеді. Сосын орнынан тұрды. Қабырғадағы  төрі бұрышты нән сағаттың тілі тырс-тырс етіп түнгі 10-ды көрсетіп тұр.

– Айтпақшы, Мәскеуден әкелген сыйлығым бар, – деп арт жақтағы сандықшаның аузын ашып, іле сарт жауып, ақ бантик байланған төртбұрышты қорап ұсынды. Күйеудің шаш сипары «Клеопатра» аталған француз иіссуы болды.

– Түннің бір уағы боп қапты. Жуынам десең, душ анау тұр. Жуынып ал.

Орынша осы бір қарапайым адамның айтқанына қарсылық көрсетпей көне берді. Төбеден жылы су бүріккен душ астында тұрып та жаны рахаттанды. Жатақханада душ та, ванна да жоқ, моншаға да осы апта бара алмады. Хош иісі мүңкіген иіссабын мен ақ қардай жұмсақ көпіршіп, қара шашын түгел көмкерген бальзам аралас шампуннің иісіне бойы балқып, жұмақ күй кешті. Қызыл шарап ұйқысын келтірді. Бірақ, осы бір қамқор адамнан қорықпады, бір рет сақал-шашын алып, бір-біріне жақын тұрған сәттен кейін бұл да көптің бірі екен ғой деп көңілі сабасына түсті.

Жуынып шықты. Ақ желең, басын бүркеген ақ орамал – бәрі дайын. «Елеусіз Рамазанұлы қайда кетті?» деп іздей бастады. Көзі үйреніп, көңілі жақын тартып кетті. Ол кісі бір бұрыштағы ерлер душынан аққа оранып шыға келді.

– Тағы да шәй ішеміз бе? – деді күлімдей қарап. Күлімсірегені сондай мейірімді. «­Өзі де өте әдемі кісі ғой».

– Менің ұйқым кеп тұр, – деген сөз аузынан шығып кетті. Бір жағынан, үйіме жеткізіп салар ма екен деп ойласа, бір жағынан, мына даңғарадай кең сарайдан шыққысы келмей қалды.

– Қазір ұйықтаймыз. Сенің орның анау жер, – деп іргелес бөлмедегі екі адамдық кереуетке алып келді. – Ұйықтай бер.

Көзі ілініп кеткен екен, Елеусіз Рамазанұлы төніп кеп, әй-шәй жоқ көрпені серпіп ашып, қасына қонжия кетті. Маңдайынан, мұрнынан сүйіп, тамағынан иіскеп, ұшы түртиіп тұрған қос алмасына тілін тигізіп, тамсана сорғанда қыз ыңыранып, есінен айрылып,  «жаным»-даған жайлы дауыс саяжайды жайлап алды. Ернін емшек ұшынан алғанда:

– Мұныңыз дұрыс емес, – деді тісі тісіне тимей қалшылдап.

– Бәрі дұрыс болады. Бәрі дұрыс...

Еңгезердей еркектің салмағы езіп жібере жаздады. Жаншылып, жанұшырған жиырмадағы шаштараз қыз қырықтағы қырқылжың ел ағасының астында шыңғырып жатып анасын көмекке шақырды. Оған тық-тық еткен қабырғадағы төртбұрыш сағат, терезедегі желкеммен желп-желп еткен қызғылт перде, душ бөлмесіндегі тырс-тырс тамған тамшы куә.

Орынша осы жолмен алғаш жүргенде қыз боп келіп, әйел боп қайтып еді, енді бұл соңғы жруім деп қаймыжықтай ернін қайта-қайта ызалана тістенгенмен көкіректегі айтар сөзімді  қалай жеткізсем екен деп, қанша қайсар болса да кәрі қыз қалшылдап, дірілдеп, қорқып келеді.

***

Жиырма жыл дегенің бір жігіттің жылқының басын бұрап жығар ғұмыры, ата-анасы әлпештеген бір қыздың омырауы шығып, оң жақтан сол жаққа аттап, екі босағаның да берекесін кіргізіп, бақытқа кенелер кезеңі. Орынша ойлап отырса, осы жолмен алғаш келгенде көкірегі шешек атқан балаң бойжеткен еді, қазір омырауы былқ-сылқ еткен қырықтағы кексе әйел болды. Бірақ, бала емізе алмады. Жасанды жолмен түсік тастап, Елеусіз Рамазанұлының көңілін тапты. Омырауына «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін, «Еңбек Қызыл Ту» орденін тақты. Ең есте қаларлығы, Мәскеуде өткен тұрмыс қажетін өтеу қызметкерлерінің құрылтайында бала емізбеген омырауға еліміздің ең жоғарғы марапаты – Ленин орденін тағып қайтты. Бұл шықпаған газет пен жорнал қалмады. Мәскеуден жарық көретін «Советская женщина» жорналының сыртқы мұқабасы да өзіне арналды. «Бірақ, мен нағыз әйел бола алдым ба?» деген ой осы жолмен соңғы рет келе жатқанда жанын мүжи берді. – Әйелдің бақыты – жар сүю, бала сүю емес пе? Менің обком аппаратының сақал-шашын алып, біреудің көңіліне қараумен өткен өмірім кімге дәрі? Жастардың алдына шығып, салауатты өмір салтынан айнымаңдар деп ақыл айтқан кездерім де болды. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» дегеннің дәл өзі. Мамандығым, кәсібім шаштараз болғанмен әйелдік парызым соның көлеңкесінде ақталмай қалды ғой. Бүгін осының бәрін аузым барып Елекеңе айта алар ма екенмін. Қолым батыл, аузым қорқақ сорлымын ғой?!»

«Джип» сол баяғы қос қабатты үйдің жанына кеп тоқтады. Қыста төбесіне сүңгі мұз қатқан, жазда шешек атып, жұпар шашып, жан сарайыңды кеңітер зәулім сарайдың алдында қызыл, сары гүлдер жайқалып өсіп тұр. «Елекең де келген шығар. Сол ғой шақыртқан». Әшейінде жүгіріп жүрер көмекшілер зым-зия жоқ. Мәшине әкелді де, гүр етіп келген ізімен жүріп кетті.

Орынша бірден екінші қабатқа көтерілді. Әбден көзі үйреніп, өз босағасындай боп кеткен үйдің есігін де еркін ашты. Елеусіз Рамазанұлы болса баяғы көк  креслода қозғалмастан отыр.

– Келуіңмен, қарындас! – деді. Жүзі сынық, бұрынғыдай алып-ұшып тұрған жоқ.

– Сіздің де келуіңізбен, Елеке! – деді. Әуелі Елеусіз Рамазанұлы еді, төсек табыстырғаннан кейін «Ағай» деді, арадағы жиырма жыл қызыл тілдің тізгінін «Елекең» ғып қолына ұстатты.

Сол баяғы ақ дастархан жайылған жылтыр үстел. Ең алғаш келген жолғыдай ақ шәйнек, күміс тостағанда бірінің үстіне бірі өрмелеген кәмпиттің неше түрі.

Сырт киімін шешті де, қолын жуып бірден үстел басына жайғасты.

– Ашпын. Жұмыстан шықтым. – Бұл сөз де жиырма жылдың ауыздан шығарған сыйы. Ойын өзі сенген еркек кіндікке еркін айтатын дәрежеге жеткенмен негізгі ойымды тіл ұшынан қалай шығарып, қалай төгілдірер екенмін деп, сәл шөгіп, самайы бурыл тарта бастаған еңгезердей кісіге көз астымен суық қарап қойды.

– Бәрі бір күнгідей өте шықты. Отставкаға кетемін. «Пайғамбар жасына жеттің», дейді жоғарыдағылар.

– Дұрыс. Жеткеніңіз рас, – деп шыққан тегі шаруаның қызы айтар сөзін айтқанмен бүгежектеп төмен қарады.

– Сонда... сен үшін де дұрыс боп тұр ма?! – деп Елеусіздің даусы қатты шығып, көкірегі дүрсілдеп, өзі де екпінмен креслодан пышақ елі көтеріліп кетті. Мойнын қылқындыра байлаған галстугінің бір шетіндегі жүрек шіркін дүрс-дүрс соғып, оң қолымен қарғыбауды босатқан қожайындай галстугін жәймен босатып, ақ көйлегінің үстіңгі түймесін ағытты.

– Жиырма жылда саған бәрін жасадым. Медаль, орден. Ленин ордені. Ауыстырып жібермегенде, герой да болатын едің. Ақ кірпіштен соққан үйің қандай. Сол үй үшін мен ескерту алғанмын.

– Осының бәрі бір күні айтылады-ау деп күтуші едім.

– Ә-ә, бәрін күтіп жүр екенсің ғой. Вот, какая...

– Елеке, мен де қырыққа келдім ғой. Жиырма жыл қасыңызда жүрдім...

– Жаман жүрген жоқсың. Басқа жұрт бұлай жүргізбейді. Жалт етесің де жоқ боласың.

Орынша жалт қарағанда ашаң әйелдің кең маңдайы тарылып, ұзын кірпіктері қысқарып, құс мұрыны пұшық мұрынға айналып, бүкіл бет әлпеті бұзылып, құбыжыққа айналып бара жатқандай көрінді.

Қайта басын көтерген жоқ. Өзін илеуіне көндірген еркектің мысы басып кетті. Бұрын бір қарағанда үн-түнсіз бәрін түсініп, ығына жығылып, ыңғайына көне беретін. Ол болса, сақал-шашын алып болғасын жұмсақ креслода отырып күректей алақанын бұның сәл шаршаңқы нәзік саусақтарының үстіне қойып, «Рахмет! Ақшаңды үкімет төлейді» деп орнынан тұрып жүре беретін. Бұл – екеуара көрісіп жүрген жиырма жылдағы сезім қылының қоғамдық орында дірілдей шертілуі еді.

– Неге үндемейсің?!

– Менің де сізге айтарым бар...

– Не айтасың?!

– Тұрмысқа шығам...

– Кімге?!

– Журналистке...

– Жалаңаяқ журналистке ме?! Өзің де сөзге құмар едің. Жалаңаяқтар көбейген заманда жалаңаяққа шығып, жетісерсің. Менен жалықтың ба?! – Елеусіз тағы бір түймесін ағытып, галстугін төмен тартты. Сәні кетіп салбыраған қап-қара шүберек қозғалса қозғалып, шалқайса көкірегіне жабысып, жанына серік жалғыз өзі боп тұрғандай.

– Менен жалықтың ба?! Кететін күнімді алдын-ала есептеп жүр екенсің де. Әкімшілік – информацияның ошағы ғой.

– Бұрыннан айта алмай жүргенмін...

– Ә-ә, бұрыннан сонымен сыбайлас па едің?! Мен білмеппін ғой. Білгенде, сыбайлас жемқорлықпен күресетін комитетке айтар едік.

– Мен жемқор емеспін...

– Сен де обкомнан аларыңды аз алған жоқсың. – Ол жалт қарағанда сұлу әйелдің өң-жүзі тағы да құбыжық кейіпке түсіп, бұзылып бара жатты.

– Жарайды, суға түсіп алайық. Душқа түс!

«Ой, Алла-ай! Осыдан жиырма жыл бұрынғы сөзін қайталады. Бірақ, онда «Душқа түсіп ал» деп жұмсақ рәуішпен сөйлеп еді. Бүгінгі мәнерінде ызаның сызы, өшпенділіктің салқыны бар. «Қызмет – қолдың кірі» екенін осылар ойламайды екен ғой. Тағынан түскен күні қалшылдап шыға келеді?!».

Ол сарылдатып су ағызып жатқанда бұл тысқа шықты да, қою түнге малынып, ай сәулесі ғана сұлу бейнесін аспаннан тамашалап тұрған гүлдердің арасымен өтіп, кең қақпаны қинала ашып, келген жолына түсті. Бұл жолы жаяу қайтты. Қаладан он шақырымдай жолға табан ізін қалдырып, жүрегі өрекпіп жалғыз кетті. Артынан келер, қол көтерер көлік жоқ. Бұл бір өмірден бөлініп қалған бейсеубет жол, бұл жолмен тек облыстың бірінші басшысының ғана көлігі жүреді. Он шақырым тек қара табанның қаржымында қаларын Орынша біледі. Оны тұрмысқа шықпақшы жігіті Тұрматтың бейнесі алға жетелеп келеді. «Бүгін хабарласам деп еді, іздеп жатқан шығар». Онымен танысқалы да бір жыл болыпты. Шаштараздардың облыстық байқауында екеуі әділқазы боп бірге отырған. Облыстық газетте істейтін журналистің аты-жөнін сырттай білетін. Ол да Ленин орденді шаштараздың атына сырттай қанық. Екеуі осы кәсіптің қыр-сыры хақында көп сөйлесті. Тұрмат, тіпті, шаштараздар тарихына жетік, бұл білмейтін жәйттерді біледі екен. Мәселен, бірінші Петр өз шашын өзі алған, монахтардың сақалын қырыққан, сөйтіп Ресейге мәдениет пен сыпайылық әкелген. «Біздің бүгінгілер ақ көбікке бетін малып, «сақалымды ал» деп шіреніп отырғанына мәз» деп, оның әр сөзін есіне түсірген сайын ай астында адымы ашыла берді. «Елекең душтан шықты ма екен? Ол кісі ұзақ шомылады. Сосын мені іздейді. Қалаға звандар. Кімге звандайды? Бұнда қазір оның сөзі жүрмейді. Бұрын басқа қаладан ұрын келгенде: «Менің келгенімді ешкім білмеуі тиіс» деп өзіне де, бұған да қатаң да қырағы талап қоятын. Бұның аузының беріктігіне сенеді. Жиырма жылда иненің жасуындай із қалдырған жоқпын деп ойлайды ғой өзін». Ал, Орыншаның Елекең білмейтін бір сыры бар. Ол басқа облысқа ауысып кеткесін Мәскеуден обкомға шұғыл тексерумен бір инспектор келген. Түн жамылып тәтті ұйқы құшағында жатқанда телефон шырылы оятты. Сосын қоян жүрек көмекшінің бірі үйіне кеп: «Сізді бірінші іздеп жатыр, – деді. – Тез, тез», – деп қалш-қалш етеді. Киініп шықты. Сөйтсе, бір күн бұрын сақалын қырғызған мәскеулік қонақ қызып отырып: «Обкомның шаштаразы қандай әдемі» деп тамсанып, есіне түсіріпті. Сол сөз аузынан шығуы мұң екен, «Сізбен бірге қасыңызда отырса қалай қарайсыз?» деп құрақ ұшыпты бірінші хатшы. «Қарсы емеспін» деген бір ауыз сөзден кейін көмекшісі обкомның ақ кірпіштен соғылған ақшаңқан үйіне қарай құстай ұшып, өзін көптен жүрмеген кәнігі жолмен саяжайға жеткізді. Қонақ көзіне ұйқы тығылып, әлсін-әлсін езуін керіп есінеген кезде бірінші хатшы: «Біз қозғалайық» деп мәскеуліктен рұхсат сұрады. – Сіз демалыңыз. Шаштараз қажет болса қасыңызда қалады». Ол шығып бара жатқанда оңаша шақырып ап: «Неге тастап бара жатқанымды білесің ғой, – деді қабағын түйіп. – Ертең сөз көбейіп жүрмесін».

Мәскеулік инспектор «Душқа түс» деп те айтпады, бірден бас салды. Тілге келтірмей, не болғанын өзі де білмей, Отанымыздың жүрегінен келген тексерушінің зілдей салмағының астында таң атқанша жаншылды. Ертеңіне жұмысқа бармады. Әуелі шаштараздың келмей қалғанын арнайы біліп, сосын қонақтың кешіккеніне сүйініп, әуелі өзіне-өзі, сосын өзінің алдындағы Елемес Рамазанұлының мәрттігіне қатты риза болды. «Шаштаразын бірге алып жүретін қолбасылар болған, қазір сондай хатшылар бар. Елекең мәрт, тіпті жомарт екен. Әйтпесе өзі тәрбиелеген мынадай Анжеликаны көзі қиып тастап кету дегенің...». Хатшының алғысы да, құпиясы да ішінде қалды. «Осылай ұлттар достығына біз де үлесімізді қосқанбыз. Елекеңе осының бәрін естірткенде не істер еді? Мәскеулікке аузын аша алар ма еді? Қа-ай-дан шықсын ондай ерлік?! Соның алдында сілейіп отырғаннан басқа не бітіреді дейсің. Көп болса, өзінің орнына келген хатшыны сыртынан сілейтіп бір боқтар. Бұлардың жігіттігі бір сәтте жуылып кетеді ғой». Ол ай қараңғылығы астында ернін қайта-қайта тістелеп, қайрылмай кеткен жастығын қия алмағандай ішін ыза кернеп, даңғыл жолдан иіліп басталған жалғыз аяқ соқпаққа қарай бұрылды. «Елекең іздетсе, таба алмай қалсын. Бұл соқпақ та қалаға апарады». Оны Тұрматтың сүйкімді бейнесі алға жетелей берді. Қаншама рет телефон соққан шығар. Екеуара көп әңгімеден кейін бір күні газеттен «Басқаға бақыт сыйлаған» деген очеркті көрді. Бұрын өзі туралы талай жазылса да, мына жазуға Орыншаның жүрегі елжіреді. Мөлдір құдыққа үңілгендей жанының тереңіне үңіліп, жан сезімін ашып көрсетіпті. «Бақыт деген не?» деп сауал қойып аяқтапты очеркті. «Мен үшін бақыт дегенім – өзгеге әсемдік сыйлау, өзгенің көңілінен шығу, оның шаштараз айнасынан өзін көріп, орындықтан риза боп тұруы». «Бәрі рас. Сұрағаны да, айтқаным да рас. Бірақ, Адам бақыты басқада емес пе. Әйел бақыты – жар сүю, бала табу, оны тәрбиелеу. Тұрмат бәрін емеурінмен білдіріп тұр. Өзі де бақытын таба алмай жүрген жігіт екен. Үйленгесін бір аптадан кейін жұбайы кенеттен қайтыс болыпты. Сонан бері, қырық жасқа дейін жалғызбасты күн кешіпті. Екеуміз түйдей құрдас екенбіз». Көргені мен түйгені, жеке басының мұңы көз алдынан кинолентадай жылжып өтіп Орыншаны еш шаршатпады. Көңілі қобалжыса да көкірегіндегі запыранды сыртқа шығарып тастағанына жаны жеңілдеп, Алтай тауының аңғарындағы жаздың салқын самалы астында сергек басып келеді. Салмағы жеңіл қара сөмкесін біресе оң қолына, біресе сол қолына ауыстырып, жан-дүниесінің ар жағынан бір алақайлаған тәтті дауыс естілгенде қала оттары көрінді. «Келдік. Кеп қалдық. Даңғылға шыға бергенде мәшине ұстаймын. Елекең енді мені іздемейтін шығар. Бәрі де түсінікті болды ғой». Жалғыз аяқ соқпақ даңғыл жолға тірелді. Мәшине өте қалса қол көтеруге дайындалып, оң қолын босатып, сөмкесін сол қолының қарына ілді. Тұрматтың даусы құлағына келеді. «Сен қайда жүрсің-ей, түнделетіп қыдырып кетіпсің ғой» дейді... Алғаш кафеге шақырғанда даяшы жігіт тамақты алдарына әкеп қойған кезде: «Сталин қанша патша болса да керсендегі тамақты өзі құйып ішеді екен. Мен де саған өзім құйып беремін», – деді мәз болып. Бұл болса аяқ астынан сіресіп, оқтау жұтқандай қақия қалар хатшыларды ойлады. Ең бірінші боп Елекең елестеді. «Ол менің өмірбаянымды, Ленин орденін қалай алғанымды – бәрін біледі. Бірақ, сыр тартып сұрамайды, әріден қозғамайды. Әйтпесе ауыл мен аудандағы шаңға көміліп, суықта бүрсеңдеп тоңып тұрып қызмет көрсеткен шаштараздар неге алмайды осындай марапатты? Жылы жер, жайлы көрпе болды менің өмірім...».

– Неге мұңайып қалдың? – деді. Өзі өте сезімтал. – Мұңая берме. Өмір алда. Бақытты сәттердің бәрі алда. Адамның өмірі түгелімен бақытты болмайды, оның бақытты сәттері болады.

Биылдан қалдырмай үйленбекші, күздің алғашқы айларында той өткізбекші боп келіскен. Ол бір бөлмелі пәтерде тұрады. «Оны өткізіп, не сатып, менің үйіме келеді. Ақ шағаладай ақбоз үй тұрғанда бір бөлмеге тығылып... Сол үйге адам толтыра алмай жүрмін ғой мен».

Даңғыл жолмен жеңіл  «Жигули» зулап келеді. Қол көтеріп еді, тоқтай қалды.

– Орталыққа.

– Қаншаға келісесіз?

– Қанша сұрасаң, сонша.

– Кеттік.

Мәшине ақшаңқан зәулім үйдің алдына кеп тоқтағанда теледидарға қараудан көзі талмайтын жүргізуші жігіт жолаушы әйелді шырамытқандай болды. «Сіз атақты шаштараз Орынша Қамысбаева емессіз бе?» деп сұрағысы келді де, әдеп сақтап, тілін тістеп қалды.

Кірген бетте телефонның нөмір ажыратқышына үңілді. Тұрмат бір, екі, үш, төрт рет соғыпты. «Қазір бейуақ. Ыңғайсыз болар. Таң атысымен өзім хабарласам».

Жүрегі алқынып, аузына тығыла берді. Сол қолының тамырын ұстады – бүлк-бүлк. Жүрегіне жұмсақ алақанын қойды – дүрс-дүрс. Телефон түбіндегі ақ креслоға шалқайды. Екі қолы көтертпей, он саусағы қимылсыз салбырап қалды.

Телефон шыр-р етті. Қолын көтеріп, тұтқаға жеткізе алмады. Тағы да шыр-шыр. «Тұрмат қой мынау». Бар күшін сарп етіп серпіліп барып, нәзік алақанын тұтқаға тигізді.

– Бұл қалалық полициядан. Бізге Қамысбаева Орынша керек...

Аузынан жылымшы қан ытқып кетіп, шалқасынан түсті. Қызыл қан кезерген ерінді жуып-шайып, төмен қарай тырс-тырс тамшылап тұр. Түн ортасында естілген дөрекі дауыс әбден шаршап келіп, талмасы ұстаған жүректі жарып жіберді. Екі аяғынан тік тұрып, адамдарға қызмет еткен шаштараз емен-жарқын бір демалайыншы деп бойын кеңге салғанда, өзінің ақ креслосында аузы ашылып, шалқалаған күйі қалды.

***

Таң атысымен үйіне, сосын жұмысына телефон соққан Тұрмат жауап ала алмады. Асығып-үсігіп үйінің қасына келгенде есік алдында кіріп-шығып жүрген бейсеубет адамдарды көрді. Бұлар – бүгінгі әкімшіліктің төменгі буынының жандайшаптары еді.

– Не болды? – деп сұрады алғаш кездескен біреуінен.

– Сіз кімсіз?

– Жақын танысымын.

– Шаштараз өмірден қайтты, – деді жайбарақат. – Жақын танысы болсаңыз, туған-туыстары қайда, хабар беру керек.

Тұрмат ішке кіруге әрекет етті, бірақ полисай жібермеді. «Мәйітті моргке әкеткелі жатыр. Моргтен келгесін ғана көресіңдер» деп көкіректен итерді.

Тұрмат тілін тістеп тұрып қалды...

Сонан...

Орынша Қамысбаева қала шетіндегі мұсылман бейітіне жерленді.

Ленин орденін қызыл масатымен көмкеріп, облыстық өлкетану мұражайына іліп қойды.

Астында атақты шаштараздың қолы тиген қайшысы мен тарағы.

Жансыз бейнесі табылмады.

Марқұм жадырап отырып суретке де түспеген екен.

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы