• Білім-ғылым
  • 21 Желтоқсан, 2011

Бір елде (әңгіме)

– Папа, қолыңнан түк келмейді екен ғой...

Осы сөз бәрінің ақыры болды. Мұнан әрі төзудің керегі жоқ. Кемпірі болса тілімен алдап, өткен өмірдің кедір-бұдырын айтып, тіпті бұдан да жаман кездерін көлденең тартып, тоқтатар еді. «Әй, кемпір болса да бұдан әрі шыдамас едім. Қолтықтап, шығып кетер едім».

Ниятолла серт бергендей өзіне-өзі соңғы сөзін айтты. «Бұдан әріге төзе алмаймын. Енді мынау нәлеті менсіз ғұмыр кешсін».

– Халық артисі болғаныңнан не пайда... – Бұл ұлының да соңғы сөзі болу керек.

– Тоқтат! – Шал ақырып жіберді. Кемпірі тірі болса, «бәрін келін айттырып отыр» деп сыбырлар еді. «Әркімнің санасына берсін. Неге осы толқын осындай әңгүдік? Әлде біз дұрыс тәрбиелей алмадық па? Алпысыншы жылдары кімсің Ниятолла болдым, ән тыңдайтындардың алақанында жүрдім. Бұлар болса маңдайын жерге тигізіп билеуден алдарына жан салмады. Соларға «қой» деп айта алдық па? Мәскеуден басталған твист пен рокқа қалай тоқтау саламыз? Сталин өліп, енді ғана жағымызды керіп есіней бастаған кезіміз. Оларға «қой» деп айтуға шамамыз келді ме? Өз қызығымызға өзіміз мәз болдық...». Шал бірге жүрген қатарларын еске алды. Анау арқалы ақын, анау дариядай терең әдебиет сыншысы – бәрі стадионға «Қайраттың» ойынын көруге баратын. Сонда «Қайрат» жеңсе үшеуі соғыстырып коньяк ішіп, жеңілсе: «Осы бар ғой, кілең қазақ ойнағанда бар ғой, жеңетін еді» деп мұң шағатын. Бірақ, бұлардың қолында тұрған түк те жоқ еді. Үшеуінің де қолға қондырған ұлы бар, олардың «Қайрат»-пен жұмысы болмайтын. «Қайрат»-тан гөрі «Спартак» пен Мәскеудің «Динамосына» бүйректері көбірек бұратын. «Қайрат»-ты әшейін бір көшке ілескен байлаулы баспақтай көріп, келеке қылатын.

«Біздің кінәміз неде?

Біз қолымыздан келгенін істедік. Анау ақын «Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің» деп өлең жазды. «Тағы да «Қайратқа» деп тағы жазды бір күйінгенде. Анау жиырма жыл отырып келген сыншы жұмған аузын ашпайтын, іші қазандай қайнат жатса да бір нүктеге қарап шұқшиып отыра беретін, өзі болса жұртқа жақсы болсын деп «Шыбыным, шыбыным, шашбаулым» деп бебеулетіп, іштегіні әнмен сыртқа шығаратын. Сонда күндердің күнінде далада жалғыз қалғандай боп біреуге қарап қаларымды ойламаппын-ау. Ол екі шал армансыз. Кемпірлерінің соңынан іле-шала жөнеп кетті. Менің жалғыздың көзіне күйік боп отырысым мынау...».

– Папа!

– Тоқтат! Маған қалам мен қағаз әкел!

Баласы тез барып бір бет ақ қағаз әкеліп, алдына қойды.

– Жаз. Бар орысшаңды салып жаз.

Директору дома-интерната г.Алматы

Прошу меня устроить в Ваше учреждение.

Ниятолла Тасаров,

народный артист Казахстана.

– Папа! Это куда?

– Мына әдіріске апарып бер!

Бұл мекен-жайды бұрыннан білетін. Бұрын атын естігеннен «беті аулақ» дейтін. Енді, міне, сол аулақтағы аузы-мұрны жоқ отауға бірте-бірте жақындап келе жатқандай. Үш бөлменің бір бөлмесінде өзі, сонда да зәңкиген үй келін мен балаға тарлық ететін тәрізді. «Бәлкім, мен кетсем кеңейер. Бұлардың арманы – менің атақ-даңқымды бизнеске айналдырса. Бірақ, менің шыбыным олай қарай ұшпай қойды. «Банкіден кезексіз, аз пайызбен несие алып бер, бастығына апарып кіргізейін» дегенде, «Төрімнен көрім жақын тұрғанда мойныма несие жүктей алмаймын» деп басын алып қашып еді, сөйтсе ол қарызың аяқ астынан көрге түсе қалсаң, «автоматический» жуылып кетеді екен ғой. «Қой, құрысын, кемпірімнің қасында тыныш жатайын, Мүңкір-Нәңкірдің қазанында шыжғырылатын жайым жоқ» деп келісімнен біражола бас тартты. Екі күн өтпей-ақ «Қолыңнан түк келмейді екен ғой» деген атқан оқтай сөз алдынан шығып отыр. Нәкәс! Мынау зәңкиген үй, анау бозбиедей тарпаң қара мәшине өзінің зейнетақысы мен шамасы бар кезде жұрттың жасаған сый-сияпатының жиынтығы емес пе. Енді мен қолынан түк келмейтіннің өзімін». «Папа!» дей бергенде, теріс бұрылып отырды. Қолға ұстаған домбыраның бұрауы өзіне белгілі. «Халық әртісі болып, халықты неге пайдаланбайсың?» демекші. Нәкәс! Халық емес пе мені осыған жеткізген». Сонан бері келін марғау, жалғыз немере-қыз шалбарланып алып, ызың-қиқу әуенге билейді де жүреді. Өзі жинаған ескі күйтабақтардың ішінен Манарбек Ержановтың «Шәй-шәй қойым, шәй қойым»-ын қойып берші» деп еді, «Аташка, потом» деп кейінге ысырып, кезек келмей-ақ қойды. Енді осы ескі патифонды, барлық дөңгелек күйтабақты ала кетпекші. «Екі адамдық бөлме берсе, өлгенше сонда жатып тыңдармын. Сендер аман болыңдар. Еш жаманаттарыңды көрмей өтейін...».

– Мә, мынаны апарып бер!

– Қайда?

– Қайда екенін көріп тұрсың ғой. Сайын көшесінің бойына...

Баласы қағазды төрт бүктей беріп еді, шал ақырып жіберді.

– Бүктеме! Осы күйі апар! Жылтыр қағазға салып апар! Менің өтінішім бүктелмей таза баруы керек. Жолың болсын!

Бала шығып кетті...

Ертеңіне-ақ қарттар үйінің директоры телефон соқты. «Сізбен алдын-ала әңгіме өткізейін деп едік», дейді. Бара алмайтынын, тілифонмен өткен осы әңгімеге көңілі бек риза екенін білдірді. «Біз сізді сыртыңыздан білеміз, аға, өтінішіңізді оқып, таң қалып та отырмыз. Әуелі келіп көрмейсіз бе?» деп еді, «Мен курорт таңдап бара жатқан жоқпын, ол жерде көптің бірімін, тек аракідік патифон тыңдап, домбыра тыңқылдататын оңашалау болса...». «Болады, аға, Сіз үшін бәрі болады». Халықтың ортасына біражола баратын болғанына көңілі марқайып қалды. Мынау шалбарланып алған он үштегі Ботагөз-Бониді қимап еді, «есейді ғой, ата керек болса артымнан іздеп келер» деп көңілін қатайтты.

Тілифонмен болса да өзінің ығына жығылған бір адамның даусын естіп, әжептеуір еңсесі көтеріліп отыр. Күні ертең өзін еркелеткен халықтың ортасына түсетіндігін көз алдына әкеліп, жан-дүниесі сергек тартты. «Халық болғанда қандай, өзімнің қатарларым. Алақандарына салып, атымды шығарған солар ғой». Шифонерге қарады. Бір киерін алсам дейді. Сосынғы дүниесі – көне патифон, дөңгеленген ескі күйтабақтар, шанағы жылтырап кеткен жиде домбыра...

***

– Мәшинеңді дайында!

Баласына бұйыра сөйледі. Келін таң атар-атпастан тыртиған шалбарын киіп ап жұмысқа шығып кетті. Ботагөз-Бони: «Аташка, вы куда?» деп буынып-түйінген шалға қарап таңқала сұрап еді, тіл қата алмады. Немересінің нәзік үні көңілдің бұрауын дың-ң еткізді. Қайыстай қатты шал еді, үйден біражола кетіп бара жатқанда бір тамшы қаны алпыс екі тамырын босатып жіберді. Қол созып қасына шақырып, маңдайынан иіскеді. «Папаң айтады ғой» дегісі кеп еді, кемсеңдеп айта алмады. Он үш жасар немере қара жіппен буулы бір киер киім мен өзіне кедергі боп жүрген ескі патифон, қорабына салынған домбыраны көріп, таң қалды. Іссапар дейін десе, атасының сиқы мынау. «Ну, ладно, разберемся» деп, асығыстығын білдіріп сыртқа беттеді.

Шал тағы нем қалды дегендей артына қарады. Бас жағында тұратын қалың кітап – Құран Кәрім. Ең қымбатын ұмытыпты. Кібіртіктеп басып барып, «Бісімілла» деп оң қолына алды да, естілер-естілмес күбірледі. «Алла тағалам! Қасиетті Құран Кәрімді ұстап тұрып, босағамнан ақ ниетіммен шығып бара жатқанымды жария етемін». Маңдайына тигізді де, мелшиіп тұрып қалды. «Қалдырып кетсем бе екен? Өлгенше бас жағымда тұрсын. Қарап жатайын. Мен кеткесін, керек болса, артымда қалғанды жиып әкеп қояр». Кітапты ұстаған күйі салдыр-гүлдір еткен лифтіден қалып қоймайын дегендей шапшаң қимылдап, шалт бұрылды.

Мәшиненің алдына отырғанда баласы:

– Папа, ремен тақ, – деп еді, шал шаңқ ете қалды.

– Тақпаймын. Барарда да, қайтарда да тақпаймын. Ұстаса, көресің менің кім екенімді де, пайдамды да...

– Ну, народный артист, – деп баласы әкесінің бұлқынысына риза бола қарады. – Удостоверение с собой, да?..

Шал тыңдамай отыра берді. Ол басқа нәрсе ойлап отыр еді... Аңыз-әфсана десе, құлағын түре жүреді. Әсіресе, қартайғанда, кемпірі кетіп, жалғыз қалғалы бері жастық пен кәрілік, мейірімділік пен жауыздық, әке мен бала арасындағы аңыздарды көзі жетсе кітаптан оқып, көзі жасаурағанша теледидардан көреді. Жапондарда қартайған ата-анасын өз еркімен далаға, ит-құсқа апарып тастайтын аңыз бар екен. Сол күні қар жауса, ата-ана да, бала да бақытты. Қарға-құзғынға жем болуға келе жатқан кәрі Ана шашылған адам сүйектерін бүркеп, өзінің де басына қонақтаған ақ қарға алақанын тосып, өзін сондай бақытты сезінетін көрінеді. Жаратқанға да, дәл осы күні далаға әкеп тастаған перзентіне де екі дүниеде риза... «Мен де мынау қарттар үйіне әкеле жатқан жалғызыма екі дүниеде разымын, осыны бәле-жаладан сақтай гөр» десе де, қасында отырған қанына мойнын бұрып қарамады. Көз қиығын ғана салды, бала ызғыған мәшине, айқыш-ұйқыш тартылған жол белгісімен арпалысып, рөлге әрең ие боп келе жатқанда... «Бір алатаяқ мілитса тоқтатса ғой. Солар ремен тақпаған әкесін таниды-ау деймін» деп миығы тартты. – Біреуі қазір ұстаса екен. Түрімді танымаса, куәлігімді көрсетемін. Әй, танып қалар. Телевезерден ең болмаса бір рет көрген шығар. Сонда менің басымды сыйлап, ауыр сөз айтпай жібере салса... Қолынан түк келмейтін әкесінің әуселесін көрер еді. Қас қылғанда, кездеспей қойды ғой. Мілитсаның бәрін бір жаққа жиып әкеткен ба?..»

– Вот Саина. Теперь прямо. Аз қалды, – деді баласы.

Сөз деп мойын бұрмады. Алқымда іркілген айтпағы – «осы жолмен алып келе жатырсың, өзің кері алып қайтасың, үйден жуып-шайып аттандырасың деу еді. Жамбыл Жәкем айтпақшы, «жаназамды үйде шығарып, сосын дүңкілдетіп алып жүрерсіңдер». Бірақ, бұл сөзді кейінге қалдырды. «Бүгін өлмеспін. Артымнан бір келер» деп, кейінгі өмірі өтер мекенге жақындаған сайын тұлабойын тосын жел кеулеп бір жеңілдік пайда болғандай. Тіпті, тезірек түссем екен деп асыға бастады. Әнебір жерде кемпір мен шал отыр. Анау кемпір жалғыз өзі тұңғиық ой құшағында. Әнебір шал бір аяғын бүгіп алып, кітапқа шұқшиған. Өмір. Кері қарай кеткен өмір, арбаның соңғы дөңгелегі. Енді сол алдыңғы дөңгелекке адамша ілбіп ілесу үшін мынау баласы айдаған төрт дөңгелектен тезірек түсіп қалғанша асықты.

Директор жігіт елгезек екен.

– Аға, сізге бір бөлме де беруге болады. Халық әртісісіз ғой.

– Жоқ, сол халықпен бірге болайын. Екі адамдыққа жібере бер.

– Өз қалауыңыз, аға...

– Папа, зачем?..

– Қысқарт! Мен түшкірсем, сен келіп дәрімді ап бересің бе?!

Баласы түсінгендей жым болды.

– Бізде көркемөнерпаздар үйірмесі бар, – деді директор.

– Көрерміз. Мен өмірдің өнерпаздарының біразын көрдім. Әлі де көре түсемін. Қатысамын. Қатыспай қайда барам.

Шал мұнтаздай таза бөлмеге жайғасты.

– Серігіңізді өзіңіз таңдайсыз. Кімді сұрасаңыз, соны жатқызамыз, – деді директор жігіт.

– Оны өзің білесің. Домбырам мен патифонымды бірге тыңдайтын адам болса.

– Түсіндім, аға, түсіндім, – деп жігіт шапшаң басып шығып кетті.

Баласы кетер алдында әкесінің кереуетінің аяқ жағына көт басты.

– Уютно. И кормит нормально, – деді ақ қабырғаға шалқая көз салып.

– Тамақтан өлген қазақ жоқ. Әкең де өлмейді. Балам, – деді зіңгіттей жігіттің қатпары көп желкесіне қарап отырып. – Дәстүр бойынша, оның да озығы бар, тозығы бар ғой, баласы қартайған әкесін көз ұшындағы кең далаға апарып өлтіреді екен. Иен далаға келгесін әкесі өтініш айтыпты.

– Балам, өлтірмей-ақ қойсаңшы.

– Салт бұзылмай ма?

– Онда анау тастың түбіне апарып өлтір.

– Бәрібір емес пе? – дейді ұлы арқалауды ауырсынып.

– Сол тастың түбінде мен әкемді өлтіріп ем...

– Бұл қай елде болған оқиға? – деді баласы жуан желкесі күжірейіп, жақтырмай қарап.

– Бір елде... – әкесі күбірлеп, үш мүшелден асқан ұлын сақтандыра сөйледі. – Сен енді қайт. Байқап жүр, бір нәрсеге ұрынып қалма...

– Пока, отец. Келіп тұрамыз. – Жалпақ жауырын жабылған есіктің арғы бетінде қалды.

Шал директор баланы іздеді.

Көпшілікті жинап, тезірек жиде домбыраны қолға алып, «Шыбынымды» бір шырқап тастағысы кеп отыр.

Сосын терін басып, жантайып жатып, баяу қойып,  көне патифонды тыңдаса...

188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №11

30 Қараша, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы