• Білім-ғылым
  • 21 Желтоқсан, 2011

Көзбояуы жоқ көріністер

КТК телеарнасының сахна сыртында ха-ха-ха-лаған күлкі шығып жатқан драмалық хабарында (бұл жолғы сценарий авторы Нұртас Адамбаев) мынадай көрініс болды: ата сақалы иегін жапқан жас мұғалім тілі бұралып, қазақша сабақ өтіп тұр. Қазақша айтқан әр сөзге оқушылар мәз-мәйрам.

Есік тоқылдады.

– Наверно директор келди, – деді мұғалім.

Мұртты директор (ол да қазақ) «Саламатсыздар ма, детилер, – деп кіріп келді. – Ертең зоопаркке барамыз. Мың теңгеден әкелисеңдер.

– Неге мың? – деп мұғалім сұрап еді, директор:

– Класс жетекшісі зоопаркке бармайды, потому что онда свои бараны, – деп шығып кетті.

Сахна сырты – ха-ха-ха...

Сыныптың іші де ха-ха-ха...

Кім кімге күліп жатыр?

Осы КТК арнасы қазақты мазақ қылуды қашан қояр екен? Тоқтау салатын идеологиялық күш-қуат бізде жоқ па? Платонов «Портрет недели»-ді жүргізгенде де тек қазақ депутаттар ақымақ. КТК үшін қазақ пен қойдың айырмасы болмай тұр.

Қазақ ақпарат құралдары мен қазақ жігіттерінің мойнына түсіп жатқан құрық КТК-ға неге жетпей жатыр? Әлде ол құрық салдырмайтын шу асау ма? Адамзатта «Асауға тұсауды» Шекспир салып қойған жоқ па? Қашағанға құрық салған Молдахмет Кенбаевтай сұңғылалар бізде де бар. Айта берсе сөз көп. Тоқ етері – біздің құрық неге қысқа боп тұр?

***

Газет сұрап келген кексе келіншекке «Ана тілі» мен «Жас Алашты» ұсынсам:

– Кроссворды бар ма? – деп бақырая қарады.

– Кроссвордсыз газет оқымайсыз ба?

– Уақыт өткізуге кроссворд сондай жақсы.

Кроссворды – сөзжұмбақ. Өмір – жұмбақ, мынау қарсы алдымда тұрған орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаз да жұмбақ кейіпте тұр.

– Уақыт өткізе алмай жүрсіз бе? – Ұсынған газетімді қайтып алдым.

Ол қоштаспастан шығып кетті. «Зож» бен «Бас қатырғышты» іздеп бара жатқаны жүрісінен белгілі. Арасында мектепке кіріп, шәкірттеріне әдебиеттен дәріс беріп, уақытын өткізеді. Сабақ үстінде өзі шеше алмаған сөзжұмбақты сөз етуі де ғажап емес.

Біздің қазақ о бастан жұмбақ шешіп жаны рахаттанған.

Кейін келген құлтемірге де сөзжұмбақ шешудің түк қиындығы жоқ.

***

Невропотолог-дәрігер танысым көшеде кездесіп қап:

– Не жазып жүрсің? – деді.

– Жазғанымның бәрі жарияланды...

– Бір жазушыға: «Не жазып жүрсің?» деп едім, «Әйелімнің әкесі туралы кітап жазып жүрмін», деді.

– Аты-жөні кім?

– Соның аты-жөнін білмеймін. Көрші қазақ қой.

Алпыс екі тамырымның біреуі тосын дір ете қалды. Қайран әдебиет көшеде күлкі болғандай көрінді.

– Аты-жөні белгісіз ол қандай жазушы?

– Қайдам, Жазушылар Одағының мүшесімін деп шіренгенде жер теңселіп кете жаздайды. Аты-жөнін кім біліпті, – деп дәрігер жымия қарады. – Осы бар ғой, ең жаман дәрігер ең жақсы жазушыдан көп жазады, – деп ол сөзін жалғады. – Біз күніне 25-30-дай адамды қабылдап, «кесел тарихын» толтырамыз. Қолымыз талып кетеді. Сендердің қолдарың талмай ма?

– Өмірбаян жазып жатқандардікі талмайтын шығар. Қолдың да жаны бар ғой. – Невропотологтың сөзінен кейін жүйкем сыр бере бастады.

Дерт аяқ астынан деген осы екен-ау.

***

Түркияны ұстап тұрған – имандылық. 17 миллион халыққа мекен болған Стамбулда 4 мың мешіт бар. Ауданда екі әкім, бірі – экономикаға қараса, екіншісі – дінге жауап береді. Намаз уақыты келгенде әкім бәрін тастап, мешітке өзі бастап бара жатады. Имандылық, кеңес тілімен айтқанда, мораль дегеніміз осы емес пе?

Қазақ-түрік лицейі Қазақстанда ең әуелі Қызылордада ашылыпты. Оның негізін қалап, Ақмешітте он жыл тұрған Шамшуддин менің Сыр жігіті екенімді білгенде көзіне жас алып, артта қалған он жыл өмірін еске түсірді, киелі топырақтың қасиетін сөз етті, Асқар Кіребаевтай досының әруағына тағы бір тағзым етті.

Бір ғажабы, ол жақтың атышулы кәсіпкерлері қонақтарына шәй құйып беріп, зыр жүгіріп жүреді екен. Көңілдері кішіпейіл, имандары алда. Жер жүзіндегі түрік лицейлерін қаржыландыру да солардың мойнында. Бұл – олар үшін болашақтың терең көмген шыбығы іспеттес. Тал бүршігіндей боп көгерген бір өскін олардың жақсылығын ешқашан ұмытпайды, күндердің күнінде айқайлап айтып, жақсылықты тасқа қашап жазары сөзсіз.

Имандылық, иманың жолдас болсын деген сөздің де түп-төркіні осында жатқан секілді.

***

КТК телеарнасының қазақ бөлімі Мәскеудің «Давай поженимся!» телебағдарламасының сойылын соғып, солардың бәйгесіне ат қосып, қызылтанау қарбаласқа түсіпті. Бізде жар таңдауда жеңгетайлық деген дәстүр бар, бірақ Мәскеудің жар таңдауын қазаша жарнамалап, қазақ жастарын шақыру кімге қажет? Ана тілі – сүт сөзімізде солардың шашбауын көтеру жарасып тұрған жоқ. Бізге «Давай поженимся!»-ның көшірмесі «Жар-жар»-ымыздың жыртысы да жетіп артылып жатқан жоқ па?!

***

Шетелдіктер неге Қазақстаннан бала асырап алуға ынтық? 31-ші телеарна көрсеткен аналық құқынан айрылған Павлодардағы мына бір әйел ішуін қойып, баласын бауырына басып, өзі асырауға бел буды. Оның перзентін норвегиялықтар қалап алып, алысқа аттануға бел буған екен.

– Шетелдіктердің өгей балаға қалай қарайтынын білеміз ғой. Ұрады, соғады. Онан да өзімнің қасымда болсын,  – деп, өмірді жаңаша бастаған ана жүрек сөзін айтты.

Басқаға бала сату бізде ғана бар. Бұл – жер сатудан бұрын басталған сорақылық.

Қазақстан бидайдың қатты және күшті сортын шетелге шығарумен аты шыққан ел еді, жетім де өз ырыздығымыз. Соларды жыраққа жібермей-ақ өз топырағын басып жүрсе, оның да Айы бір күні оңынан туар еді ғой.

***

Пошта жәшіктерін көмкеріп, самсап тұрған тілдей ақ парақшаның біреуін алсам, «Насколько отравлен ваш организм?» деп сауал тастапты. Дертке дауа боларлық нәрсе ме деп үйге әкеп оқысам, тілдей қағазда 10 сауал бар екен. «Для бесплатной оценки с этим тестом по адресу: ул.Макатаева, 126. Церковь Саентологии г.Алматы» деп мекен-жайы түгел жазылыпты. Айтуына қарасаң, бұл шіркеуде діни философияға да ерекше мән беріледі екен.

Бұл – адамды емдеу емес, алдап шіркеуге шақыру. Құдай біледі, кең қолтық қандасым ағзадағы удан арылам деп шалт басып шіркеуге қарай кетіп бара жатпаса...

Кеселден арылу үшін иманға шақырып, инабат иірімдерін уағыздар мешітіміз бар емес пе?!

***

31-ші телеарнаны қарап отырсақ, бір сұп-сұлу қазақ келіншек хайуанаттар бағынан туысымен анасы өлген маймылдың баласын асырап алыпты. Үстінде жейде, бұтында памперс, анасының құшағында адамнан бетер әлдиге бөленуде. Келіншек омырауын ашып тастап, емізікпен сүт беріп, бар мейірімін төккенде Көксерек жолда қалып, арғы атамыз танауы таңқиып ыржия күліп, «өз үйі – өлең төсегінде» шәниіп жатыр.

– Әнді де түсінеді. Бейбіт Қорғанов ән салғанда теңселіп, тербеліп тұрады, – деп «анасы» мәз болады. – Қазақша ойлап, қазақша сөйлейді.

Арғы атамыздың қазақтың мемлекеттік тілінде сөйлегеніне біз де мәз болдық. «Бұл біз үшін өмірлік сабақ қой» деп жағамызды ұстадық. Ертең есі кіріп, өзіне өзі келіп, хайуанаттар бағындағы әкесінің қасына баратын Тони бәрін бір күнде ұмытып, «сендерді қайдан көрдім» деп жүрмесе... «Анамның тілі – қуатым менің» де далада қалмаса...  Есімін Тони емес, Танабай деп қою керек пе еді?..

Бәрін уақыт көрсетеді. Тонидің арғы атасы Көксерек емес, өзіміз ғой. Ертең қоғамдық орында қазақша тіл қатып тұрса, анасының ақ сүтін ақтағаны ғой деп, үлкен-кішіміз боп ұлардай шулар едік.

***

Анда-санда бет көрісетін жетпістегі ағаммен сөзім жараспай қалды. Шәйінен бір ұрттап қойып, ернін шүйіріп:

– Сен әлі жассың ғой, – дейді жетпістің төбесінде рахаттанып тұрып.

Енді бір айтқанда жарты ғасырды артқа тастап, жер ортасынан асқан мен де арқаланып кеттім.

– Сіздің тұңғышыңыз нешеде осы?

– Қырық төртте...

– Сонда мен нешеде болғаным? Балаңыздан бақандай бір мүшел үлкен емеспін бе?

– Иә-ә, – деп ол енді ғана есін жиып, айналасына көз сала бастады. Бірақ, не құрдасын, не мұңдасын көре алмады. – Сендер әлі баласыңдар ғой.

Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенде қырықта екен. Әбділда: «Бітіргенім – өлгенім жоқ тірімін, Елудегі егделердің бірімін» дегенде жарты ғасырдың қалай өтіп кеткеніне өкінетін секілді.

Ағам қырық алтыдағы Медведевті, қырық жетідегі Барака Обаманы да баласынып отырғандай.

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер...» дегендей сөздер осындайдан шықса керек.

«Көрмес түйені де көрмес» деген тағы бар.

Ағамның не көріп отырғанын қайдам, мені жақтырмай отыр.

«Аман бол, ағаларым!» дейміз де.

***

«Үркер – үміт» бәйгесі мәреге жетерде тықыршып телефон шалған талантты қыздар көбейіп кетті. Сұрайтындары – «Бәйге қорытындысы қашан шығады?». Салтанатты сәт болар күнді айтып, хабар бергенде әлгілер бірінен кейін бірі тағы да телефон шала бастады:

– Бара алмайтын шығармын. Жағдай болмай тұр. Өзі нешінші орын алдым?..

– Ол құпия. Келгесін бір-ақ білесің. Келе алмасаң, бағалы сыйлығыңды Нұр-Отан жастар одағының қорына аударамыз.

Телефон қайта шырылдап, қалта телефонның ақпарат жәшігі шүпірлеп тіл қата бастады: «Баратын болдым. Қалайда жағдайдан шығып, баратын болдым».

Әдебиет жағдай таңдамай жазылады деген рас екен-ау. Оған Достоевский мен Чеховтың өмірі куә. Әдебиеттің шыжығы мен қызығы қатар жүреді. Шыжығы артта қалады, қызығына да аптықпау керек.

«Анна Каренина» мен «Қанден ерткен келіншек» – бірі асығыс та, бірі – жайбасар.

Әйел боп өмір сүру оңай емес.

***

Алматының түкпір-түкпірінде «Женский клуб ЕВА. Возраст не ограничен» деген жарнамалар қаптап кетті. Назар аударсаңыз, қан тамырларын кеңейтетін әртүрлі гимнастикадан бастап, би билеу, ән салу, танысу, тағам пісіру, дұрыс тамақтану, тегін кітапхана, психолог пен заңгердің тегін ақыл-кеңесі, атақты адамдармен кездесу, шәй ішу мен жалданып жұмыс істеуге дейінгі мәселелер айтылған. Қысқасы, «ЕВА» клубында Адам мен Еваның әрекетінен басқаның бәрі бар.

Мұнда Штирлицтің радист-хабаршысы Кэтрин Кэтті қан қақсатқан, бойында нәзіктіктің тамшысы жоқ Ева-Браундар жоқ па екен деп те ойлайсың.

Әйелдер «ЕВА»-сыз да епті халық емес пе?

Осындай жарнамаларды тұрғын үйдің қабырғасына ілу жараса ма?

Клубтарға кім құлып салар екен?

***

Дәріханаға кірсем, дәрі сатушы сыптығырдай сидам жігіт ағасы удай мас, тілі күрмеліп әрең сөйлейді. Дәрінің атауын атап едім, бірдеңе деп былдырлап басын шайқады. Үстіндегі ақ желең ана провизордың жанына пана боп тұрғандай. Бас аурудың орнына іш аурудың дәрісін беріп қоя ма деген күдікпен тез шығып кеттім.

Тағы бір кіргенімде: «Жұмыс аяғында ондай-ондай болады ғой» деп ақталды.

Социализм кезеңінде жұмысқа ішіп келіп, көзге түсу деген өліммен тең көрініс еді.

Жекеменшік Заңы мәмілеге тез келіп, мекемеде екі адам отырып ап елп ете қалатын, Ережесінің бауы бос, Жарғысының тармағы да, жарнамасы да көп біз үшін бір қызық дәурен боп тұр ғой.

Бетін аулақ қылсын, кәйіп провизор судың орнына у берсе де «дәріханадан алғанбыз» деп дәлелдей алмай-ақ кетерміз.

Әйтеуір бір күні дәріхананың маңдайшасына дәретхана деп жазып қоймаса болғаны.

***

Аялдамаға тоқтаған автобустың алдыңғы есігінен сып-сидам жігіт ішке ентелеп кірген бетте: «Бисмилла рахман рахим. Ағузу биллаһи мин аш-шайтани-р-ражим»-ді бұзып бастай бергенде, қасымдағы еңгезердей қара қазақ дүрсе қоя берді.

– Жоғал көз алдымнан! Жоғал! Құранды қор қылып... – деп көз алартқан кезде жолаушы жинап жүре алмай тұрған нән автобустың артқы есігінен әлгі ытқып түсіп кетті. – Күнін көре алмаса қайыр сұрамай ма. Құранды қор қылып... Бізден басқа елдерде осындай сұрқиялықтар жоқ. Іргедегі қырғыз да, өзбек те мұндайға жол бермейді. Сұрқиялықтың бәрі бізде. Көрмегенді көріп жатырмыз. Осындайға кім тиым салар екен. – Ағай шамырқанып отыр.

Шынында, кім тиым салар екен? Діни ағым дегендерің де арықтағы ағын судай тоқтау берер емес. Билікке таласқан партиялар секілді бір нәрсеге қол жеткізе алмай тырмысып жүр. Дін адамға қызмет етпей ме? Құран анасы – Ықылас сүресі де жарық күнде тиын-тебенге қызмет етпесе керек.

Күн – жұма.

Жұмада әруақтарға тие берсін бағыштамақшы болған әлгі жігіт қай автобусты күтіп тұр екен?

Автобуста Құранға елтіп, бет сипаушылар табыла қойса?

«Дүйсенбі – ауыр күн» дейді орыстар.

Жұманың да жүні жығылып барады.

***

Автобус үстінде имиген қара мұрт, қара сақалды шал ыңғайлы жерден түсіп қалғысы кеп жүргізушіге қоңыр даусымен төменшіктеп өтініш айтты.

– Қарағым, осы жерден мені тастап кете қойшы. Бір жұмысым бар еді.

– Болмайды! Сіз үшін түрмеге түсетін жағдайым жоқ, – деп жолаушы кемесін басқарған жігіт сөзді бір-ақ қайырды.

Дөңгелек біраз дөңгелеп, артта із қалдырғаннан кейін бір дудар шаш, аршын төс, бәденді де болымды орыс әйелі:

– Меня оставьте, пожалуйста! Здесь мне так удобно, – деп бұйрық раймен наз айтып еді:

– Пожалыста. Когда женщина просит... Какой разговор, – деген мүнәйым сөзден кейін ашылмай тұрған есік сыңсып ашылып қоя берді. Автобус та босап қалғандай болды.

Егер қазақ әйелі өтініш айтса жүргізушінің жауабы қандай болар еді?

Не деген үстемдік, не деген құлдық сана. 17 миллион болсақ та соларға қызмет етуді әлі күнге құрмет көреміз.

Болымды әйел жүргінші жолын да бір өзі билеп-төстеп кетіп барады.

Қалаға келген қара мұрт қазақ сөзін жерге тастаған қандасына қарап таңғалып тұр.

***

Түркияның қай қаласына барсаң да бағдаршамға тәуелді боп тұрған көлік көрмейсің. Тіпті, сол үш көзін кезек қысып, қызыл мен жасыл жанары тәкаппарлана жанған бағдаршам дегенің жоқтың қасы. Қабат-қабат аспалы көпірлер, айналма жолдар, ең бастысы, бұрын келе жатқан көлікке жол беру дәстүрге айналған дағды. Адам қанша асыққанмен барар жері – біреу. Имандылық алда жүрсе, Адам ешқашан кешікпейді.

17 миллион халқы бар Стамбулда текетірес-«пробка» дегенің атымен жоқ. Оған себеп – адамның адамға жарқын жүзбен қарап, бұрын келген жолаушыға ақжарма көңілмен жол беруі, алдағыны өткізіп жіберіп, артта тұрып біреудің алғысын алу.

Алматыдағы миллионнан аса халықтың тең жарымы көлік жүргізсе, көше қиылысындағы балағат пен боқтық сөздерді көтере алмай бағдаршам әз боп сілейіп қалған секілді.

Осының бәрін жаңбырша жуып кетіретін иман иірімдері керек-ақ.

***

Тапсырма деген не?

Парыз деген не?

Теледидарды ашып қалсаң, атқа мінген әкім-қаралардың аузынан шығар сөз: «...тікелей тапсырмасы бойынша» деп бастап, сөз түйініне жете алмай қиналады.

Істі атқару оның парызы емес пе?

Тіпті қазір: «...тікелей тапсырмасы бойынша, үкіметтің қолдауымен» деген тіркестер қолмен қойғандай айтылатын боп жүр.

Бұл да парыз.

Сен жұмыс орныңда сегіз сағат еңбек етіп, жалақы аласың, бала-шағаңды асырайсың. Сөйтіп, парызыңды өтейсің.

Бұрын, барған жерде, Саяси Бюро мүшелерінің алдынан шығып, ешкім гүл ұсынбаушы еді. Қазір келген басшының құшағы қызыл гүлге толады.

Мединституттан қайтқан бір басшыға қан қысымын өлшейтін аппарат сыйлап, шығарып сап жатты.

Осыны көріп отырған көрерменнің қан қысымын кім өлшейді?

***

Бетіме бөртпешек шығып, емханаға барсам, жұқпалы аурулар дәрігері – сыптығырдай көккөз келіншек:

– Не жұмыс істейсіз? – деді жара туралы емес, кәсібім туралы сауал тастай қарап.

– Жұмысым мәнді емес. Жазу ғой...

Түсініксіз жауаптан кейін тыжырына қарап:

– Хирургке барыңыз, – деп шорт кесті.

Дүңкиген томардай дәу қара жігіт жараға мән беріп қарамастан:

– Өзіңіз не жұмыс істейсіз? Жұқпалы аурулар дәрігеріне барыңыз, – деді.

Қайтқан есігіме қайта келіп едім, әлгі келіншек оташыға ертіп кеп:

– Бұл сенің жұмысың емес пе?! Жара көзге көрініп тұр ғой, – деді шамырқанып.

– Ауырмайды. Аузы жоқ. Бұл жара емес, бетке жұқпалы инфекция түскен болу керек. Қан алу керек. Өзі қайда жұмыс істейсіз?

Сайысқа мен де араластым.

– Сіздер ауырады, ауырмайды деп қиналмаңыздар. Менің бетім емес, жаным ауырып тұр. Мен де адам жанының инженерімін. Бірақ, мекемем – өз үйімде. – Екеуі бір-біріне таңқала қарады. – «Мен мәдениет міністірінен қорықпаймын, міністірдің мәдениетінен қорқамын» дегенді кім айтқанын білесіздер ме? – Екеуі тағы да бір-біріне сұраулы пішінмен қарады. Аузымнан «міністр» деген сөз шыққасын сәл де болса ширығайын дегендей. – Мен қалалық денсаулық сақтау басқармасынан бастап, міністрге дейін сөйлесе аламын. Партия – бастауыш ұйымнан басталмай ма? Мен де ең төменнен бастап отырмын. Сіздерде де «Нұр-Отанның» бастауыш ұйымы бар шығар.

Емханадағы екі «адам жанының инженері» шын сасайын деді.

– Мен қан тапсыруға жолдама жазайын, сен Душка апайға ертіп апарып кезексіз тапсыртқыза сал. Ақ желеңіңді алға саласың ғой, – деп жұқпалы кеселдің дәрігері әйелдігін көрсетіп, еркекке наздана қарады. Ол томардай басын иіп, добалдай ернін тістенді.

Екеуінің де Гиппократ антына адалдығына риза боп, оташының соңынан еріп, қан тапсыруға келе жатырмын.

Енді үшкір инесі теріңді тесіп өтіп, бір тамшы қаныңды саусағыңнан сығып алар «ақ желеңді абзал жан» не дер екен?

«Бет көрсе жүз ұялады».

Бөртпешек бәріне куә.

***

Ни деген кәріс қайраткердің өмірден озғанына жыл толған екен. Апырмай, Қазақ теледидары азаматты жоқтағанда көгілдір экран моншақ жастан арыла алмай қалды. Өзінің қазаққа сіңірген еңбегі көп екен, астананы ауыстыруға да ақыл қосыпты. Жоқтауға қосып айтар асыл қасиеттері асып-төгіліп жатыр екен есіл ердің.

Заманбек, Алтынбектерді де жоқтайтын кез келді. Қадыр ақын, әнші Роза апамыз да қазақтың жоқтауға қосар жалғыздары. Бірақ, телеарнаның экранына соңғылар сыйысар ма екен? Осындайда кең қазақтың терісі тарылып қалатынына таңмын.

Жабылып Ниді жоқтау жарасып-ақ тұр. СССР-дан қалған интернационалдық жоқтаудың әуені де өзгеше.

Бәріміз қосылып, тезірек қазақты жоқтайтын бір жоқтаудың нотасын табуымыз керек.

Тыңдап отырсаң, интернжоқтаудың иірімдері тіпті өзгеше.

***

Ассамблеяның сайлаудан кейінгі сессиясы өтіп жатқанда ауылдан келген ақсақал көгілдір экрандағы көріністерге көңілі толмай шарт кетті.

– Қазақтан басқаның бәрі жақсы. Осылардың бәрі біздің суымызды ішіп, отымызды оттап қатарға қосылғандар. Осындай той үстінде қазақты алға шығарып, неге мерейін бір өсірмейді, қызыңды...

– Біз онсыз да алдамыз ғой.

– Әй, «өз жақсыңды жаттай сыйла», қашан көрсек те, кім жақсы, пірсиян, шүршіт жақсы деп жалбақтаймыз да жатамыз. Ел мен жердің иесіне деген бір құрмет болу керек қой. «Тексіз қонақ төбеңе тышады» деп, осылар көшеге шықсаң сені адам демейді.

– Жер иесі өзіміз ғой...

– Сол жерлеріңнен айрылып қап жүрмеңдер... – шал келіні жапқан таба наннан бір сындырып аузына салды. – Енді мына әнсамбліңді басқа жерге ауыстыршы.

Адам санасы қандай зерек. Ол барлық уақытта өз әуенін іздейді. Біздің теледидарлар Еуразияның орталығы секілді. Ауылдан келген қонақтардан ұяласың.

Шіркін, шалды экранға бір шығарса, біздің үйде отырып айтқанын айтып-ақ салар еді.

Ол үшін төтеден тартар тікелей эфир керек қой.

***

Алматыға Виталий Леонтьев келіпті.

Астапыралла!

Жарнамада шек жоқ. Телеарналар сол келмесе сусап қалғандай шөлдерін бір қандырды-ау, әйтеуір.

Леонтьевтің әніне ғашықтар Сарайға сыймай қалмаса... Тәніне табынушылар да табылар. Бізге әншінің әні керек. Қазақ – тән ләззатын табиғи әдеппен сыйлаған биік халық.

Осы... «Ән мен әншіні» тыңдап бола алмай жатқанда осылар да орта жолдан килігіп...

Тәшкеннің тәкаппарлығы – көлденең көк аттыны жібермейді.

Әшуласын шиірген өзбекте әдеп бар.

Бізден соны біреу тартып әкетті ме? Әнімізге ән жетпеген, тәнімізге сызат түспеген сұңғыла сұлулықтың бәрі бізде емес пе еді?!

Леонтьевтің «лиризміне» елтімесек деймін.

Тәшкент сияқты кім көрінгенге қақпамызды ашпай қойсақ, өз кілтіміз өзімізде емес пе?

***

Қапшағай казино қаласына айналды дегенді теледидар таласа айтып жатыр.

Қапшағайды «Қонаев қаласы» қылады-мыс деген де қауесет шыққан.

Қапшағай Қонаев тұрғызған «Қыш қала» екендігінде дау жоқ. Оған ешкім де таласа алмайды. Ал енді осы сұлу қаладағы ойынханаларға берісі – Алматыдан, арысы – Ресейден құмарпаздар келеді екен. Теңіз жағасында тебіреніп тұрған осы бір тәкаппар қаланы құмарпаздар мекені қылуға не итермеледі дейсіз?

Қонаев атын алмаса да Қонаевтың көзіндей боп әп-әсем күйде әдемі өмір сүруге болмас па еді?

Өмір сүру адамға да, қалаға да қандай қиын.

***

Алматыдағы Желтоқсан Алаңында қызыл трибунаның орны үңірейіп бос тұр. Айналасына жасыл шырша шығарып, гүл өсіріп қойыпты. Бірақ, табиғи емес нәрсенің тал бойынан бір жасандылық көзге ұрады. Онан да бәріне куә қара жер боп жатқаны жақсы еді.

Бұл – талай-талай келелі жетістіктер мен қызыл шерулерге қол шошайтып, жол сілтеген жергілікті «көсемдердің» табаны тиген тұнып тұрған шежіре іспеттес тұғыр-тақ емес пе еді?!

Кешегі 86-ның желтоқсанында, атқа мінгендердің абдырап, қандары қызған қазақ қыршындарына балағат айтып, қолдарын қанға малып тұрып тойтарыс берген тұғыр дәл осы қызыл мәрмәр тастың үсті емес пе еді.

Оны неге қопарып тастады екен?

Осы жерде үмітсіз үрей бар.

Сірә, тұғырды көргендер еміреніп, естелік айтып тұрып алады деп сескенсе керек.

Сол күндері ат мініп, бүгін жаяу жүргендер тас мінбердің үңірейген орнына да жандары мұрын ұшына кеп қарайтындай.

Ол жер – тарихи шежіре.

Тарих – Ана болса, естелік Ананың аузымен айтылмай ма?

Ананы емгендер ақ сүтке адалдығын осы жерде үрейлене еске алатындай.

***

Бір жерден Алматы қаласының карта-схемасын көріп қалдым. Айшықты жерлерге шартты белгі қойылған. Алматы – о шеті мен бұ шетіне ат терлетіп әрең жетер етек-жеңі кең шаһар екені картадан да көрініп тұр.

Мына қараңыз, ең бір көрікті мекен – 28-панфиловшылар саябағы деп жазып, дәл ортасына шодырайтып кресті шіркеудің суретін қойыпты. Мұсылман мемлекетінің рухани астанасына шіркеумен шартты белгі салу жарасып тұрған жоқ.

Карта ескі дейік.

Жаңасында осы көрініс өзгерді ме?

Бәрі шекара мен картадан басталмай ма?

***

– Қарағым, «Самал» деген әптек қай жерде? Осы жерде деп еді. – Таяқ сүйенбесе де, кәріліктің атына мініп қалған кейуана жағалай жылтыр терезелерге бір қарап, маған бір қарап, жүнжи тіл қатты.

Екеуміз де «ZAMAL» деп ағылшынша жазылған жазудың дәл алдында тұр екенбіз.

– Міне, мынау үй...

Алматыда үш тұғырлы тілдің екеуіне соқпай үшіншісіне бір-ақ секірген осындай көріністер көп-ақ.

Мемлекеттік тілде атауы жазылған мекемені іздеушілер де аз емес.

«Іздеген жетер мұратқа».

***

Той өтіп жатыр.

Жұмыстан шыққан жұртшылық бір жарым сағат кеш басталған той тамағына ауыз сала бергені сол еді, адыраңдаған асаба: «Той иелеріне қошемет, қошемет!» деп орта жолдан киіп кетті.

Жұрт шанышқыларын тастай сап қолшапалаққа кірісті.

Енді біреуге сөз беріп еді, ортаға шақырған оған да қол соғып, қошемет сұрады, кетерде тағы қошемет, енді соған арнап айтылатын әншінің келуіне де қошемет...

Асқазанға да, алақанға да обал-ақ.

Орта Азия мен Шығыс Азияда, тіпті, Европада да той үстінде бұлай қонақты қинап қошемет сұрамайды.

Кетіп қалу ұят-ақ.

Тағы да қошемет.

«Қол соғыстарыңыз нашар, немене, ашсыздар ма?» дейді асаба дәл желкеден түйіліп.

Ащы шындықты өзі айтып тұрған жоқ па.

Шанышқыны тастай бергенде өткір пышақ та көз қиығыңа түсе кетеді. Қылмыс пен жаза деген ұғым да санаңда көлеңдейді.

«Осының үнін өшірсе қайтеді. Дамыған елдердегідей тойды адамды қинамай өткізсек... Қылмыс та болса сабақ болар еді». Күндердің күнінде осы оқиғаның орындалуы да ғажап емес.

2030-ға дейін күтейік.

Біз де дамушы елміз ғой.

***

– Енді бір өлеңім бар еді, – деді ентігіп әрең сөйлеген қария мерейтой иесіне мейірлене қарап.

– Оқыңыз, оқыңыз, – өлеңшіл халық шу ете қалды.

Таудан құлаған домбал тастардай төртбұрыштың ішіндегі ұйқассыз шумақтар тыңдаушылардың аузы-мұрнын бұзып жатты. Құлағын түре тыңдап, қол соғып қойып отырғандар да аз емес. Басқаны қайдам, өзімнің жараланбаған жерім қалмады.

– Ақша берсем, жаратып жібересің. Бұл өлең сақталады, жақында кітапқа шығады, – деп қария кіршең парақты қолы дірілдеп тұрып табыс етті.

Ду қол шапалақ.

Тойларда өлең шығарып әкелу қазір дәстүрге айналды. Бұл не, Тұмағаңа еліктеу ме? Өлеңнің қадірі кеткен үстіне осылай кете бере ме?

Арнау өлең, ғұмырбаян, ру мен әулет шежіресі – бүгінгі кітаптардың тақырыбына айналды.

Ақша не істетпейді?

Аузын ашқан баспаға бәрібір.

«Қайран сөзім қор болды-ау...»

Осындай кітаптарды оқыған тәуелсіз ел азаматының адамдық деңгейі қандай болмақ?

***

Пошта жәшігіне тағы бір тілдей қағаз түсіпті.

Көз – көру үшін, қарашық – оқу үшін. Оқып көрейік:

«Дружный коллектив! Нет препятствий для карьерного роста!» деп, ұп-ұзын леп белгісі қойылып, тік бұрыш баспалдақпен өрлеп бара жатқан адамдарды көресің. Алты адам билікке өрлесе, жетіншісі ең шыңына шығып, соларға қарап қолын қусырып тік тұр. Ал бір жағында тісі ақсиып ыржиған бастар домалап жатыр. Келбеті де, тісі ақсиған күлкісі де – жөйттікі.

Келесі бетке қараңыз:

«Работа в нашей команде приносит удовольствие, благодаря уважению и взаимопониманию в коллективе!

У нас в команде у вас нет препятствий для карьерного роста!

Ждем вас в нашем коллективе!

тел.2793371. г.Алматы, ул.Макатаева,126.

РО «Церковь Саентологий г.Алматы».

Бұл не шақыру?

Санетология шіркеуі өмірдегі кедергісіз өсудің көрінісі ме?

Мұсылман мемлекетінде осындайларды пошта жәшігіне кім тастайды екен?

Жетпегені осы еді.

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы