• Білім-ғылым
  • 21 Желтоқсан, 2011

Жиһаз-Адам және басқалар (Әңгіме)

Өткенге шегініс жасамай берден сотқа жүгінейік.

Міне, сот тағы да кейінге қалды. Осымен екінші рет жәбірленуші Папанин келмеді. Ауруханаға түсіп қалыпты деген себебі бар. Өткен жолы алыс сапарға кеткен екен. Жұбайы Асы: «Онсыз өткізуге болмай ма, мен баланың анасымын ғой», – деп еді, сот  төрағасы: «Жәбірленушісіз сот өтпейді, сіз куә ретінде қатысасыз», – деп үзілді-кесілді тиым салды. Тұтқын торында отырған қара көйлегі кірден жыртылып кеткен қызды көргенде Асы кемсеңдеп қоя берді. Оған бес метрге дейін жақын келуге болмайды екен, алыстан көздері арбасып, көңілдері дір ете қалды. Қыз да кемсеңдеп, көңілі босай бастап еді, нәзіктіктен жұрдай жасауылдар қолтықтап апарып түрме-мәшинеге тығып жіберді.

Сот тағы да кейінге қалды. Нақтылы күні белгісіз.

Аузы-мұрны жоқ бітеу мәшине гүр етіп жүріп кетті.

Куәгер Асы аңыраған күйі әлі тұр.

Түкпен ісі жоқ сәби құлдыраңдап шауып жүр.

Соттың қай күні өтетіндігі ешкімге белгісіз.

Енді сотқа дейінгі өмірге шегініс жасайық.

Түрме-мәшинеге мінгізіп алып кеткен Қыздаркүл Алматыға жарты жыл бұрын келген еді. Ауылда жұмыс жоқ, қыз басымен шөп басын сындырмай сенделіп жүруден жалықты. Төмен етек қызойнаққа барса, оңтүстікте қыз алып қашу дәстүрі тағы бар, содан да сескенді. Ең болмаса, кезкелген мекеменің «барып кел. Шауып келі» мен еден жуушылығы да табылмады. Бұрын өзіндей қыз-келіншектер күз бен қыста қойма алдында ысқырып жел шақырып, тұқым күріш суарып, әйтеуір екі қолға бір жұмыс табылатын. Қазір қоймада астық жоқ, коммерсанттар күрішті егістік басынан көтере алып кететін болыпты, дейді. Әйтеуір, осындай қараң қалған дүниеден құтылмаққа. Қытайдан жүк тасып әкеп, Алматының жайма базарында тұратын сыныптас құрбысы қарық қыламын дегесін қорқаөтай басып еріп келген. Ол Үрімшіге алып кетпекке шекараға жеткенде, бұның құжаты дұрыс болмай жарым жолда қалып, сол күйі кері қайтты. Қайтып құрбысын көре алмады. Бір қытайлық азаматқа тұрмысқа шығыпты дегенді ерін ұшынан естіді. Кіші станциядағы алыс жамағайынның үйінде тұрып, әуелі ыдыс-аяғын, бірте-бірте кір-қоңын жуды. Қолы қалт етсе есік алдындағы кілті барлары қыздың баласындай боп құлыпталып, кілті жоқтарының аузы ашылып, неше түрлі жеке басылым салбырап, баспахана иісі бұрқырап, алба-жұлба боп иісі мұрын жарып тұрған пошта жәшігінен газет алып оқиды. Бұл газеттердің бәрі орысша. «Плюс», «Рек-тайм», «Караван-класс», «PANOPAMA», «Биен» дей ме... көп-ақ. Ауылда «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Қазақты» оқитын. Жылда жазылып, келетін уақытын күтіп жүретін. Мыналарды жазылмай-ақ әкеп, пошта жәшігіне тығып кетеді екен. Кешке бірін қалдырмай әркім үйіне кіргізір алады. Қыздаркүлдің көзі атыздай болды. Мына бір газетте «Танысу» деп қазақша жазылған да, қос анары салбыраған кеудесі көріктей қыздың жалаңаш бейнесінің астына: «Здесь твои тайные фантазии» деп орысша жазылып, телефонын көрсетіпті. Оқи берсе, «Я хочу тебя», «Если есть желание позвони мне» деп одан да сорақысы жүр. Есік-терезе жөндеуден бастап, құлып ашу, кеңсеге түскі ас жеткізу дей ме, неше түрлі әлгіндей ашық-шашық әйелдерді көргенде он сегізден асқан Қыздаркүл тыжырынып, төменгі ернін тістеді. Қыз ибасы тұлабойында тулап, осындай ұятсыз газеттерді қалай шығара береді деген көмескі сауал көкірегін тепкіледі. Мына қараңыз, «Хотите хорошо отдохнуть и почувствовать порыв страсти. Приезжайте. Европеечка 178 см. 25 лет. Телефон»; «Не знаете, что такое эротический массаж? И стриптиз никогда не видели. Приглашаю. Обольстительная татарочка 25 лет телефон; Темпераментная татарочка – вулкан наслаждение и удовольствия. Телефон». «Татар да мұсылман емес пе? Сонда мұсылман қыздарының да осындай жолға түскені ме?» Қыздаркүл түсінген орысшасын ойында қорытып, өзін-өзі сөгіп, газеттерді бір жерге үйіп, сіріңке әкеп, от қоя бергенде жеңгесі шығып қап: «Оны неге өртейін деп жатсың, монша жаққанда керек болады! – деді зілдене.

– Оқитын ештеңе жоқ екен.

– Бұл Шымкенттен шығатын «Қызық газет» емес. Бұнда турасын айтады. Онан да жиып қой. Сенбі күні монша жаққанда тамыздық болады, – деді.

Бір күні «Рек-тайм»-ға көз салып еді, «Сәбиімді бағып-қағуға жас қыз керек. Күніне 2000 теңге төлеймін. Қазақ ұлтынан болса» деп екі тілде жазылыпты. Қыздаркүл жеңгесі қалаға шығып кеткенде телефон тұтқасын сескене қолға алып, қоңырау соғып еді, «Аллоу!» деген нәзік үн естілді.

– Мен хабарландыру бойынша...

– Кел, келе ғой, – деген бауырмал дауыс жан сарайын елжіретіп жіберді. Өзін-өзі игере алмай тұтқа қолынан түсіп кетті. Үй іші алакөлеңке болғасын, тысқа шығып, әлгі газетке қайта үңіліп еді, артынып-тартынып аулаға кіріп келген жеңгесі:

– Сен кешке дейін газет оқитын болдың ғой. Сол «Рек-таймда» не бар? Онан да есіктің алдын сыпырып тастамайсың ба! Айтпаса істемейтін қыз екенсің, – деді шатынап.

Үйге кіріп, жеңгесі шешініп жатқанда Қыздаркүл киініп жатты. Сол күйі, газетті алақанына қысып ұстаған бетте, бір сөмке жүгін көтеріп, аялдамаға жетті. Орталыққа баратын алғашқы автобусқа отырды да Жаңа Алаңнан түсіп қалды. Жетінші сыныпқа өткен жазғы каникулда әпкесіне ілесіп Алматыға қыдырып келген-ді. Жаңағы жамағайынның үйінде жатқан. Горький саябағына, «Аққу» кафесіне барған. Жеңгесінен: «Сол «Аққу» кафесі қай жерде?» деп сұрап еді, «Өртеніп кетті», – деп бұрқ ете қалды. «Оны қайтесің?» деген қарсы сауал көкірегін қармалап, қызыл тілге қарай өрмелеп барады. Оның бала көңілінде сол бір жаз күнінде балмұздақ жеген тәтті орын, көл бетінде қалықтап жүзген қос аққу қалып қойған. Саябаққа барғанда қайыққа отырып, әпкесі мен әлгі жеңгесі екеуі қосылып, «Қайықтаны» шырқағанда, «Мен де осылардай болсам ғой» деп алабұрта қарап, армандап отырған. Қайтарда әлі де нәзіктігінен арыла қоймаған жеңгесі туфлиін шешіп, қолына алды. «Күн батып қалды ғой, сен де шешіп қолыңа ал, асфальт жып-жылы, табаннан өткен жылы біздерге пайдалы» деп ақыл айтып қоймағасын әпкесі де айтқанын істеген. Қайтарда: «Түн жамылып келеміз, айсыз ашық аспан» деп тағы да әндеткен, бұл сөзін білмесе де соңдарынан еріп отырып әуенге іштей ілескен. Сол жеңгесі енді қырықтан аспай жатып, бар нәзіктігін жиып қойып, тек монша жағу мен «Сеймарда» жұмыртқа сатудан, анда-санда дүрмекке қосылып, халық қалаулыларына дауыс беруден басқа түкпен ісі жоқ.

Сәтпаев көшесі, 151-үй, 47-пәтерді табу керек. Мынау Жаңа Алаң, тәуелсіздік ескерткіші. Астында арбиған бес саусақ. Әнебір жерге «Өнер дегеніміз – бұл айдаладағы айқай», «Искусство – это крик в пустыне» деп екі тілде жарнама іліп қойыпт. «Бұнысы несі? Өнердің жолы соншама жіңішке болғаны ма?» Қыз Сәтбаев көшесін бойлап, қол сөмкесін иықтап, ентігіп келе жатып ойға шомды. Ауылда жүргенде қарайтыны тек теледидар (газет-журналға жазылғанмен сирек келеді, хат тасушының айлығы аз дейді), бірде Елбасы жазушылармен кездесті.

– Мен жеті жыл шет елде болып келдім. Алматы астанаға ұқсамай кетіпті ғой өзі. Орысша, ағылшынша жазудан көз тұнады, мемлекеттік тілде сөйлейтіндер тіпті сирек, – деді бір қысқа шашты, қысқа маңдай, қабағы қатулы жазушы.

– Тіл туралы Заң бар ғой. Маған не қыл дейсіңдер енді?..

– Ол жүзеге аспаса несі Заң? Егер өзіңіз бастап, мемлекеттік хатшы қостап, Парламент мәжілісінде бастан-аяқ бір рет қазақша сөйлесеңіздер, министрлер бір-ақ күнде қазақша сайрар еді.

Теледидар экраны быжылдап, төртке бөлініп кетті. Жиналыс соңын бір-ақ көрсетті – Елбасы жазушыны қолтықтап ап бірге кетіп бара жатты...

Ал бір рет Алматының тойына да куә болды. Әлгі қытайлықпен жұбы жарасқан құрбысы өзінің қысқа етек көйлегін кигізіп, қасына қысық көзді сүйіктісін ертіп, мейрамханаға алып барған. Той – соның танысінікі. Аракідік жартылай жалаңаш қыздар бөксесін бүлкілдетіп ортаға шыққанда дәл жаңағы «Тек-тайм» мен «Биендегі» қыздарды көргендей болды. Үлкен-кіші деместен төрде отырған галстук таққан кісілердің үстелін бөкселерімен соққылағанда семіздері қозғала қоймады, ал жұқалтаңдары жер сілкінгендей ұшып-ұшып кете жаздады. Кейбіреулері қалталарына қолын сұғып, көк қағаз алып беріп жатыр. «Бұл не?! деп еді, құрбысы «Доллар ғой», – деді. «Доллар деген не?! «Бір долларың 130 теңге. Американың ақшасы». Сақалды кісінің суреті бейнеленген көк қағазға алыстан аңтарыла қарады. Құрбысы Күміскүл болса, қысық көз жігітінің аузына шәй қасықпен торт тығып әуре.

– Қойсай. Ұят қой, – деп еді:

– Сянь осындайды жақсы көреді, – деді.

Жігіттік жастан асып, жасамыстықтың жалына жармасқан Сянь бұған жақтырмай қарады.

– Бұл қазақша түсінеді. Тыныш отыр, – деді Күміскүл.

Бір жастықта шашы бірге ағармақшы болған өмірлік серіні сол шығар.

«Ал енді қайда бұрылым? Қайда барам?» Көп қабатты үйлер тынысын тарылтып барады. Жаздың ыстық күні қалада тіпті, қара қарғаның миын қайнатқандай қапырық екен. «Қаз-қатар тізілген үйлердің арасында, Құдай-ау, бала ойнайтын қуыс жоқ қой. Қала дегенің осы болса... Ауылда әредік жел лекіп, жан сарайың рахатқа батушы еді. Қай Құдай екен айдап келген осында? Күнкөріс мені айдап келген. Даланың бәрі қалаға қаңғыған заман бұл» деп өзін-өзі кінәлап жаауп бергенде:

– Әй, қайдан адасып жүрсің? – деген таныс дауыс саңқ ете қалды арт жағынан. Қиялында келе жатқан Күміскүл дәл қасында тұр. Қыздаркүл жылап жібере жаздап, өзін-өзі әрең тежеп, көзкөрген құрбысына құлашын созып, таза құшақпен құлай кетті. Әрненің дәмін татып, жағалаудың шетіне шығып қалған ол адасып жүрген құрбысына құшағын аша қоймады.

– Қайдан жүрсің-ей?!

– Адасып...

Ол бәрін жайып салды.

– Ол үйің тіпті арт жақта. Қазір апарып тастаймыз.

– Өзің ше? Сол қытайыңмен қосылдың ба? Арманыңа жеттің бе?

– Жеттім. Оларға мекенмөр[1] керек екен ғой. Маған қосылды да, қосауызды екі мылтық сатып алды. Қай күні атыларын Құдай білсін. Бұл әңгімені қояйық. Сені жеткізіп тастайық. Ол қазақша түсінеді, бірақ сөйлемейді. Аузыңды жауып отыр. Осы телефонға звандаймын. Бұндай мүмкіндіктен айрылма. Бала бағу қолыңнан келеді. Өзіңнен кейінгі тоғыз баланы сен арқалап өсірдің ғой.

Көше шетінде күтіп тұрған қоңыздай томпақ жапон мәшинесінің есігін ашқанда «Здравствуйте!» – деді Сянь бұны танып.

– Сәламатсыз ба!

Жапонның жеңіл көлігі мәшинелер ұйлыққан көше тығынынан сытылып шығып, зымырап отырып 151-ші үйдің тұсына тоқтады.

– Мынандай мүмкіндіктен айрылма. Кейін осы телефонға звандаймын. Бір арғы бетке кетіп бара жатырмыз, – деп есікті өзі жұмсақ жауып алды.

Сонан кейін Күміскүлді көрген жоқ.

Имене басып 47-пәтердің қоңырауын басты.

***

Шиеленіс – шығарманың күретамыры болса, шегініс – кейіпкердің артқа мойын бұрған іс-әрекетін алға жылжытар бір әдеби әдіс. Өткеніне ой жүгіртіп, мұңға берілген біздің кейіпкеріміз есік қоңырауын бір басты да, екінші рет басуға именіп тұрып қалды. Екінші рет бастырмай-ақ есіктің арғы бетінен «Кто там?» деген жіңішке дауыс естілді. «Кто там»-ы несі танымайтын адамға?» Асып-сасып тұрып түймедей нүктені тағы бір басып жіберді.

– Кто там?

– Қыздаркүл ғой.

– Қыздаркуль, – деген нәзік үнге ұласа темір есік салдыр-гүлдір ашыла бастады.

Мұнтаздай таза бөлме. Артық тұрған зат жоқ. Өмірі көрмеген ұзыннан-ұзақ шұбалған жаңғақ түстес жиһаз. Оның бір жағындағы әйнектің арғы бетінде жалаңаш әйелдің қолын көтеріп біреуге ұмтылып тұрған бейнесі, бір жағында тағы да жалаңаш әйелдің жантайып жатқан мүсіні. «Жер ортасына жетіп қалған адамдар осындай зат ұстамаса болмай ма екен?» деп ойлап тұрғанда, Қыздаркүлдің тағы бір таңдайын қағып таңқалғаны – жиһаздың шаңын еркегі сүртіп жатыр. Көзінде көзілдірік. Бойшаң тұлғалы, бір өгіздің басын бұрып жығып, бір жылқыны бір өзі жайратар еркектің қолындағы өкпедей жұмсақ ақ шүберекті тигізіп-тигізбей шаң сүртіп жатқанын қарашы. «Әлде әйелі ауырады ма екен?» Жоқ, әйелі де сырықтай ұзын, оның да көзінде көзілдірік, сап-сары өңінде мейірім ойнап тұр. Күйеуі безірейіп қараса, ол кісіні өзіне тартып күлімсіреп тұрады екен.

Қыздаркүл жиһазға таң қалды. Қаржы міністірлігінде істейтін әнеукүнгі ағасының үйінен мұндайды көрген жоқ еді. Алматының шымқай қара жиһазына қарап-ақ жеңгесінің жаны қалмайды. «Адам жаны ағашқа ауысқан заман ба, немене өзі?!

– Үй осы, – деді әйел ескі таныстарша. – Ася Пантелеймоновна менің аты-жөнім.

Қыздаркүл дәлме-дәл қайталап, «Ася Пантелей-мон» деп тілі келмей мүдіріп қалды. Ол қазақы қыздың кемшілігін тез түсініп: «Тетя Ася» десең де болады, – деді. – Мынау үй иесі Папанин...

– Папа, – деп тағы да тұрып қалғанда:

– Папа Алматыға келіп-кетті. Мен Папанинмін, – деді ақ шүберегін уыстап ұстаған күйі мойнын бұрып, безірейе қарап.

Қыздаркүлдің жүрегі дүрсылдеп кетті. Сабаздың өңінде мысқалдай жылылқ жоқ, маска киіп алғандай жып-жылтыр. Жаңа танысқан адамда пендеге тән лебіз болмаушы ма еді. Сескеніп қалған бұйығы қыз бұрыла бергенде:

– Сен Қыздаркүл, – деді әйелі.

– Иә. Мен Қыздаркүл...

– Сен осында қал, – деді қазақша араластыра сөйлеп. – Екі мың төлейміз күніне. Сонда айына алпыс мың...

– Жаһазды өзім сүртем. Бұл бала мен аквариумға қарайды. Күніне мың бес жүз жетеді, – деп еркегі киіп кетті.

– Қалай, келісесің бе? – деді жұюайы. Ауылдың қазақы қызынан айрылғысы келмегені жанарынан оқылып тұр. Оның үстіне өң-жүзі әдемі, дене бітімі сұлу. Адамның жан сарайын сыртқы бет-бейнесіне қарап сараптап үйренген педагог әйел емексіп, қаракөз қызға еліге кетті.

– Бала қайда? – деді бұл таң қалып.

– Бала күтушіде. Сен келдің ғой, енді қолға аламыз. Ұл бала, Есімі Паул.

– Пәул...

– Иә. Шешін. Шәй іш, – деп әйел ас бөлмеге бастағанда қатар бір бөлме толы кітапты көріп, тағы да таң қалды. «Кітапхана секілді осынша көп кітап та жинайды екен-ау». Біреуі жатын бөлме. Мынау – қонақжайлары. Бәрі үш бөлме.

Үшеуі отырып шәй ішті.

– Мың жарымға келісесің ғой, – деп еркегі тағы да қайталады.

«Күніне бір мың бес жүз теңге. Не деген көп ақша» деп іштей дән риза боп басын изей бергенде:

– Таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін осындасың, – деді тағы да нықтап.

Бұл тағы да басын изеді.

– У немцов есть такое выражение «медхен фюр аллес». Оно означает «девушка на все случай, прислуга по всему дому», – деді шүңірек көзі әйелінің жер-жебіріне жете қарап.

Ася үндеместен қызға көз салды.

Қыз сөздің мәніне онша түсіне алмаса да, түбі мына әйелден қайта сұрап, мағынасына қанығармын деп ирелеңдеген жылан бейнесі салынған шыныаяқтың ернеуінен бір ұрттады. Қыздаркүл тәтті мен ащыға бірдей ерін тигізді. Ол сол сәт дәліздегі төрт бұрышты су толы әйнектің ішінде жүзіп жүрген балықтарды байқап қап ернін күйдіріп ала жаздады да, дір-дір еткен алақанымен шыныаяқтың бетін басты.

Ася қобалжып отырған қызға тағы бір шыныаяқ шәй құйды.

***

Екі жасар сары баланы шешесі кешке таман үйге алып кіргенде Қыздаркүл:

– Бұл кімнің баласы? – деді таң қалып.

Бала табатын жастан асып кеткен кексе әйел:

– Менің балам, – деді мейірленіп.

«Қалайша?» деп сұрай алмады. Сарылығы шешесінен аумайды. Әкесі өзінше жүрген бір тұйық әлем. Ерте кетеді, кеш келеді. Қарттар үйінде сантехник боп істейді дейді. Әйел бір жоғары оқу орнында ағылшын тілінен сабақ береді. Екеуінің де шыққан тегі – поляк. Әкелері о заманда қара шекпенділермен бірге жер ауып келген екен. Бұның бәрін шәй үстінде бірге туғанымен жолыққандай жадыраған Ася ынты-шынымен айытп берді. «Менің атымды әкем Тургеневтің шығармасын оқып, Ася қойған екен. Оның түбі – түркі ғой» дегенде қыз: «Бұл не айтып отыр?!» деп таң қалды. «Мен оны қайдан білейін? Ол түгіл шыққан тегімді дұрыс білмеймін, әйтеуір күнкөріс үшін елден шығып кеткен бір бейбақ емеспін бе?».

Қыздаркүл үшін ең қиыны – кешкі жетіден кейін барар жердің болмағаны еді. Жатар орным жоқ деп айта алмады. Екі күн вокзалда түнеді. Жаздың күні болғанмен түн салқын, пойыз күткен жолаушылардың арасында бүрісіп отырып бозала таңды ұйқылы-ояу атқызды. Таңертең келген бетте жуынып-шәйініп, айтқандарын екі етпейді. Алғашқы күні әйнектің арғы бетіндегі қырынан жатқан жалаңаш әйелді қолына алып қарап еді, есіктен шығып кетті деген қожайыны үйде екен, «Ұстама!» деп ақырып жіберді. Жалаңаш мүсін қолынан ытқып кеті де, дәл аяғының ұшына түсті.

– Жиһазға жолаушы болма! Бұны сүртпе дедім ғой. Үш адым алыс тұр! Өзім сүртем!

Аяғы ауырса да ақсаңдай басып жүрді. Башайын қозғалтса жаны көзіне көрінеді. Бірде кітап сықай жиналған бөлменің шаңын сүртіп жүріп Тургенев дегенді тауып ап қараса, «Ася» деген жазу тұр екен. Орысша үйреніп, осыны қалай да оқып, түсінсем деп армандап кетті. Сол сәт есік ашылып, Асяның өзі кіріп келді. Жүзі әдеттегідей жайдары.

– Шәй қой, – деді.

Шәй үстінде қыз Тургенев дегеннің кітабын ұстап көріп, Ася деген жазуды оқығанын айтты. Асы анау тұрған әлем әдебиеті жауһарының екі жүз томын мың долларға сатып алғанын, кітап иесі – ерлі-зайыптыларға ақша керек болғанын, мәшинеге тиеп жатқанда екеуінің пәлен жылдан бергі сырласын қимай көз жасын қалай сығып алғанын тебірене отырып жеткізді.

– Бұл сіздерге неге керек болды? – деді тоқтасқан әйелге келініндей сызылып шәй құйып беріп отырған Қыздаркүл.

– Бұл Паулға керек. Ол көз үйрете беру керек. Бұл да менің идеям.

Қыздаркүл жиһаздағы жамбастап жатқан әйел мүсінін қолынан түсіріп алғанын айтты. Үй иесі әйел бәрін көріп тұрғандай: «Соған жоламай-ақ қойшы. Басқа да жұмыс жетеді ғой. Шаңын өзі сүртсін!» – деді. Қыздаркүл түнемелікке жататын жері жоқтығын жіңішкелеп отырып жеткізді.

– Онда кітапханаға жатасың. Тек кітап исіне үйрене алсаң.

– Үйренемін, – деп қара торы қыз қуанып кетіп, уәде бергендей нық сөйледі.

Ася өзімен бірге істейтін ауылдан шыққан бір қазақ қызының алданып екіқабат боп қап, баласы жоқ әйелдің есігі алдына шарананы құндақтап тастап кеткенін, кейіннен мектепте балаға сабақ бергенін, оны өзінен басқа ешкім білмейтінін, ақыры, шыдай алмай қалаға көшіп келгенін айтты. Сосын: «Сен де байқап жүр, – деді. – Біз төлеген ақшаға үстіңе киім ал!» Қыздаркүл алыста мұңға барыт, жолын тосып жүрген шешесімен бірге шәй ішіп отырғандай мәз-мәйрам болды да:

– Ася апа, сіз баланы қайдан алдыңыз? – дегенде, сары әйел дөңес көзілдірігін қоланы ұстап, қайта-қайта сүрткіштеп:

– Сөзді тілеп алдым ғой. Құдайдың бергені де. Балалар үйінен алдым. Бізде бала болмады. Үй-жайға ие керек. Кітапқа ие керек. Қой, балықтарды тамақтандыр, – деді.

Бұл бір екеуінің арасындағы қысқа болса да ағынан жарылған әңгіме болды. Сәл нәрсеге көңіл желегі желкілдеп кеткен қыз:

– Ася апа, ағылшын тілінен сабақты қалай бересіз? – деп аңтарыла қарады.

– Мен ағылшынды беруін берем ғой. Сендердің тілдеріңді үйренуім керек. Ұя-ақ, астаналарыңда тұрғаныма ширек ғасыр, әлі еркін сөйлей алмаймын. Сен онан да маған өз тіліңді үйрет.

– Ал, Папанин ағай ше?

– Оған бәрібір...

– Сен Паул екеумізге үйрет. Адам тілді бес жасқа дейін бойына сіңіруі керек. Папанинге жақ ашпа. Бар, балығыңа тамақ әкел. Мен Паул оянғанша осында бола тұрайын.

«Живая рыба» деген дүкенге жеткенше Қыздаркүлдің қиялы біресе аспандап Көкке жетіп, біресе Жерге түсті. «Оған бәрібір» дейді. Шынында да, ол кісіге жиһаздан басқаның керегі жоқ сияқты. Жиһаз-Адам. Сырты Адам, жүрегі – ағаш. Әйелі қандай мейірімді. Қызыл шиедей жұмсақ. Паул ертең кім болар екен?» «Живая рыбадан» әртүрлі шабақ алады. Бұна да алғаш Ася әкеліп көрсеткен. «Жетісіне бір рет келіп тұрасың. Міне, мынандай жаңа туған, жаңа жүзіп жүргендерінен аласың». Бұл сонда тірі шабақтардың сатылатынына таң қалған. «Шабағың не, Адам сатылып, бала сатылып жатқанда» деп өзін-өзі тоқтатқан. Адам саудасы дегенді үй иелері жоқта кабелді теледидардан көрді. Бір сағат хабар соған арналды. Түсінгені – адамды құл ретінде сату тек қара нәсілділер мекен еткен жерлерде емес, біздің елімізде де бар екен. Шетелге сәби сату да заңдастырылыпты. Бұны да Асядан сұрармын деп, қиялын кейін шегеріп, теледидарды өшірген. «Қожайын кеп қалса бәлеге қалармын. Жиһаздан үш адым аулақ жүр» деді ғой». Су толтырылған төрт бұрышты әйнектің ішіндегі балықтарды көргенде тіпті, таң қалды. Тіке жүзір кеп шалт бұрылады. Ауылда қауындыққа су алғанда сазан балық арықтың ішінде жүретін. Лай суда жон арқасы көрініп, еркін жүзген балықты керек қылсаң қолмен де ұстап алатынсың. Мынау тап-таза құбырдың мөлдір суы. Аквариумды тазартып, суды ауыстырған кезде жылыту керек екен.

– Мынау қандай балық? – деп оны да Ася апасынан сұрады.

– Бұл – форель. Патша-балық. Генерал жолағы бар. Анау беліндегі сызықты «генерал жолақ» дейді. Тек таза суда өмір сүреді.

– Ауылдың балығы лай суда балдыр жеп қоректенеді. Ал, бұлар ше?

– Бұлар шабақ жейді.

– Тірі шабақ па?

– Онан да сол шабақты дүкеннен сатып әкел, – деп қолына ақша ұстатты.

Сатып әкеп, суға жіберген шабақ бір аптада жоқ болды. Қыздаркүл кішкентай Паулға қалай қамқор болса, тірі шабақтарға да әйнектің сыртынан солай көз салып, бақылап жүрді. Кішкентай қанаты, ноқаттай көзі бар шабақтар бірінен кейін бірі жұтылып кетіп, патша-балықтың генерал-сызық тартылған қарны томпайып шыға келгенде қыздың жаны түршікті. «Апырай, Адам сойып жесе, бұлардың тірідей жұтқаны ма?!» деп, төрт бұрышты әйнекті төңкеріп тастағысы келді. Амал жоқ, араға апта сап дүкенге қайта барды. Аквариумды тазалап, су жылытып құю – мойнында. Әйтсе де, үй ішінде тірі шабақтардың өзіне-өзі келмей жоқ боп жұтылып кетіп жатқанын көру қыздың жанын одан сайын тітірентіп, тіршілікке деген көзқарасы тереңдей түсті. «Дүкендегілер бұған неге тиым салмайды?» Осы ойын қожайын жоқта Ася апасына айтып еді, «Балыққа тамақ керек, адамға сауда керек. Оған басыңды ауыртпа. Біреу өлмей, біреуге күн жоқ. Табиғаттың заңы бұл. Сен Паул екеуімізге кеше «нан» деген сөзді үйреттің, енді «су» деген сөзді үйрет. Балық суда жүзеді. Сосын «балық», «Патша-балық», «жиһаз», ең соңынан «Адам» деген сөзді үйретесің», – деп қыз уайымын өзіне қарай бұрды. Асяны «Әсия апа» деп атағысы кеп кетті. Оған да рұқсат сұрайын деді.

Үш айда Қыздаркүл өмірді біраз түйсінді. Қаланың не екенін білді, ауыл қызы таң қалысын бірте-бірте тежеп, қаладағы әр құбылысқа өз көзқарасын қалыптастырып келе жатты. Паул да бұған әбден бауыр басты. Томпаңдап жүгіргені қандай қызық. Тәй-тәй басқанда Асяға: «Қазақта тұсау кесер дәстүр бар!», – деп еді, «Онда өзің кесесің!, – деді  Ася  апасы. Жіптен тұсау есіп, аяғына байлап, оны да өзі кесті. Ася бәліш пісіріп, мәз болды. «Қазақтың жерін басып, бақытты бол. Басқан топырағыңа адал бол!» – деп тілек тіледі. Сөйтіп, көңілін демдеп, үстіне көктен көйлек іліп, қаланың бағдаршамының жасылына жүріп, қызылына тоқтай бастағанда тосын естіген бір сөз тағы да жанын түршіктірді. Демалыс күн еді. Үйде отырған Папанин:

– Осы, Паул, күн өткен сайын басқа біреуге ұқсап барады. Маған тіпті ұқсамайды, – деді әйеліне.

– Менің көшірмем ғой. Анасына ұқсаған бала бақытты болады.

– Әкесі ше? Әкесіне ұқсамай тұрса ше?! Былдырлап бірдеңелерді айтады. «Нан» дейді. Анау азиатка осыған не үйретіп жүр?!

– Нан жеген жерінің тілін үйренсе, балаң жаман болмайды. Мен жұртқа ағылшын тілін де үйретіп жүрмін ғой. Шыңғысханды көрдің бе кинодан, жауынгарлерін жаулап алағн жерінің тілінде сөйлетеді.

– Ол – кино ғой. Анау азиаткамен ауыз жаласып жүрсың. Баланы дұрыс тәрбиелеңдер. Сол бала маған ұқсамайды... – Шалт бұрылғанда қожайынның балықтар жүзген аквариум әйнегіндей жып-жылтыр өңіне бір жылымық пайда болды. – Осы, Ася, осы баланың дені де сау емес. Жүрісін қарасайшы, қисаң-қисаң. Екі жылда аяғын әзер басты. Біз неге донор болмаймыз?..

– Донорың не? – деді әйелдің сап-сары өңі қызарып. – Не, қаның тасып бара ма? – Ася таңғалып, теріс бұрылған күйеуінің көк желкесінен көз алмай қадалып отыр.

– Баланың дене мүшесін сатайық. Ақшаның астында қаламыз. Өздері қағазын туралап береді...

– Лаврентий!... – Күйеуінің есімін жұбайының аузынан алғаш рет естіді. – Не айтып тұрсың. Сен өзің дәрігерге көрінші. Мен сені психотерапевтке апарайын.

Қыздаркүлдің жаны түршікті. Кітапхана бөлмесіндегі жатар орнына қарай жылдам жүгіріп кетті. Патша-балықтың суын тазалайтын күн еді, оған да көңілі соқпады. Сорақының көкесін сол түні көрді. Кенет Асяның жан дауысы шықты. Сабап жатыр ма деп ойлады ә дегенде. Кейде әкесі ішіп келгенде шешесін мытып-мытып алатыны есінде. «Қойсайшы» деген жалынышты үні шықты әйелдің. – Бойжеткен қыздан ұят емес пе!»

– Ол да бір, жансыз жиһаз да бір», – деп нетікті Папанин.

«О, сұмырай! Жиһаз деп тұрғаны мен ғой сонда. Өзінің жиһаз-Адам екенін білер ме екен?!»

– Лаврек (есімін еркелетіп айтқанын алғаш естуі), әйелдің жыныс мүшесі бар ғой еркекке арналған. Бұның таза порнография.

– Бұл – эротика. Порнография біраздан кейін болады. – Асының жас сәбидей құлындағы даусы құраққа шықты. – Енді порнография, – деп ентікті жиһаз-Адам.

Қыздаркүл есіктің саңылауынан сығалап еді, Ася апасы тыржалаңаш, жиһаз-Адам жануарша асылып тұр екен.

– Баланы жіліктеп сатуға көнбейсің. Енді алған жеріңе қайта тапсырмасаң, көрген күнің осы.

– Құдай-ай! – деп Ася апасы ұзатылар қыздай сыңсыды.

Қыздаркүл изеңдеп тұрған кәпірді қолына не тисе сонымен қақ желкеден бір қойсам деп қарманып еді, төрт қабырға түгел кітаптан өзге қолға ілігер салмақты қара табылмады. Қараңғыда қарманып, Тургеневтің «Ася»-сын алақанымен сипай берді.

– Енді ойланбасаң, ертең де эротикадан порнографияға ауысамыз, – деген не еркекке, не әйелге жатпайтын дүбара дауыс естілді.

Ася сыңсуын сап тиып күрсінді де қойды.

Ертеңгі күн жексенбі еді. Ася ұйқысынан кеш тұрды. Бұрын таңғы мейіріммен бетпе-бет жүздесіп, бір тілдесіп қалатын әйел күтуші қыздың бетіне тура қарай алмай бұрылып кетті. Бұл Паулді киіндіріп жатқанда: «Кеше неге бақылла қорек әкелмедің?! Патша-балыққа өзің жем болғың келіп жүр ме?!» – деді қожайын қатуланып. Қыздаркүл қазақы рәуішпен тіл қатпады. Папанин болса жексенбіден бір сәт ауытқымай жиһаздың шаңын сүртуге кірісті.

Түс болды. Баланы алып тысқа шығып, екі сағат тырғанақ теуіп, аз-кем сергіп қайта келгенде жиһаз-Адам жағадан алды.

– Форельге тамақ қайда?! Шабақ қайда?! Прислуга по всему дому. Ася! – деп ақырып жіберді.

Бұрын естімеген ащы дауыстан сескеніп, сәби қосыла шыңғырды. Папаниннің өңі өзінің жанындай көретін жаңғақ ағашы түстес жиһаздың түсіне еніп бара жатты. Әлемтапырық өңінен сәби емес, кәмелетке толған қыз да сескенді.

– Далада жүре тұрыңдар, – деді Ася. Ол тұра алмай қиналып жатыр еді. «Келмей-ақ қойыңдар...». Әйелдің жүрегіндегі сөзді айтпастан түсінген қыз сәбиді құнттай киіндіріп, тысқа алып шықты да қайта кіріп, жатын бөлмеден бір кітапты ұстай шықты. Бұл –  Тургеневтің «Ася»-сы еді.

Өзіңе үйреншікті орын – темір жол вокзалына келді. Сәби екеуі дәмханда түрегеп тұрып тамақтанып, ығы-жығы адамдардың ортасынан оры алды. Жұрт кетіп жатыр, келіп жатыр. Екеуі сірескен мұздай қозғалмайды. Күн батып, сәбидің көзін ұйқының кіреукесі шалды. Ол Паулді алдына алып, мызғып кеткен кезде бетіне үңілді. «Сені құшақтаған күйі ауылға тартып кетсем бе екен? Әке-шешем, ағайын-туғаным сап.сары баланы көріп, «Қайдан тауып алдың?» десе, не деймін? Бар көргенім мен білгенімді айтамын. Қазақтың балалары шет елге де сатылып жатыр ғой. Мен мұны Адам ғып асыраймын деймін. Оған көне қойса...». Сырттан лекіген салқын жел құлағына ауылдың гу-гуіндей боп естілді. Вокзал іші Күн бата тіпті суып кетті. «Ася апам көмекке келеді. Ол бізді бұлай қалдырмайды». Дорбадағы бар дүниесі – кітапты ұстап көрді. Орнында. «Дорбада тек жалғыз кітаптан өзге ештеңе жоғын вокзал торығандар көріп те қойған болар». Көзі ілініп, мызғып кетіпті.

...Пойызға мініп барады екен, бірақ әдеттегідей жанға жайлы жұмсақ вагон емес, тор-тор боп бөлінген жан түршігер қараңғы вагон...

– Мынау отыр! – Жиһаз – Адамның еркекке де, әйелге де жатпайтын дүбара даусынан селк етіп оянды. – Дәл өзі! Ұсталдың ба, азиатка!

Қара киімді қос полисайдың бірі баланы қыздың құшағынан жұлып алды да, бірі білегіне кісен салды. Полисайдың бірі: «Балаңызды ұстаңыз», – деп еді, «Ұстай алмаймын, қолым ауырады», – деп жиһаз-Адам мізбақпай қарсылық білдірді. Түсінде көрген тор-тор мәшинеге отырғызып, ішкі істер бөлімшесіне әкеліп, құжат толтырып, түсінік алды. Со мәшинемен түрмеге жеткізді. Шарқ ұрып баласын қуғандаған Папанин: «Қолым ауырады, көмектесіңдер» деген өтінішпен перзентін полисайға көтертіп, үйіне келді. Мән-жайға қаныққан әйелі: «Мұның не?» деп еді. «Қазақтың қызын соттатпасақ та ақша өндіріп алмаймыз ба?» – деп, жып-жылтыр бетіне шабақтай шоршыған ирек сызықтар пайда болып, некелесіне қара ниетпен қарады.

***

Көптен күткен сот та басталды. Бірақ, жәбірленуші тағы да келмей қалды.

– Мен баланың анасымын. Ол қашып жүр. Мен жәбірленушінің берген арызын жоққа шығарамын. Ол сотқа ашқашан келмейді, – деді Ася сөз сұрап орнынан тұрып.

Сот төрағасы осымен үшінші рет сот мәжілісіне себепсіз келмеген жәбірленушінің арызын дәлелсіз деп тауып, бала ұрлады деген дәйекпен айыпталған қазақтың қара торы қызын ақтап жіберді.

Ася  жылап тұрып күйеуі Папанинмен ажырасуға азаматтық іс бойынша арыз беретіндігін мәлімдеді.

Сот бұл ерлі-зайыптылардың жеке шаруасы деп шешті.

Қолы кісеннен босаған Қыздаркүл өзін күзеткен полисай жылыстап кетісімен Асяға тұра ұмтылды. Сот залында құлдыраңдаған Паул үш ай көрмеген күтушісін танып, шырылдай жүгірді.

– Біздің үйге барасың, – деді Ася. – Жиһазды өткізіп жібердік. Алсақ, жаңасын алармыз, алмасақ, жиһазсыз да өмір сүруге болатын шығар.

Рухани астана қандай әсем. Маңдайшасына «Қалалық сот» деген жазу ілінген мекемеден алыстай берген Қыздаркүл өзін Алматы емес, жақсы адамдары көп жұмбақ та жұмақ мекенде жүргендей сезінді. Өзін тұтқындағанда баламен бірге тәркіленген Тургеневтің «Ася»-сын да сот қайтарып берді. Ол да қолында.


[1] прописка

158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы