• Әдебиет әлемі
  • 12 Желтоқсан, 2011

Менің атам – күйші

Бұған дейін «Үркерді» тиіп-қашып оқушы едім, келесі жылдан бастап, ауылдағы поштаға барып жазылып, тұрақты оқырманы болсам деп отырмын. Өйткені басылымдағы танымдық нәрселер, өзім секілді жастардың өлең-әңгімелері мені қатты толқытты. Әуелі мына бір шағын мақаламды жолдап отырмын.

Менің атам Дүйсебеков Тынысбек Танашұлы 1940 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

Мен атамды домбырада шебер орындаушы ретінде білгенмен, тереңірек таныс емес едім. Атама соңғы жылдары өзі қатарлас замандастары, інілері, жазушы-ғалымдар көбірек үйіріліп, ұзақ тыңдайтын болды. Мен кіріп-шығып жүріп, сабаққа дайындала жүріп құлақ түрсем, атам шын мәнісінде таптырмас қазына, тамаша өнер иесі және күйші екенін естіген соң ол туралы, күйшілік өмірі жайлы перзенттік сезіммен жазғым келді.

Өзім ес тоқтата бастағалы, жан-жаққа бағдарлай қарай бастағалы аңғарғаным, өмір біз ойлағандай онша ұзақ емес екені белгілі бола бастады. Атам дүниеге келгелі 6 мүшел жас жасапты, санап отырсам, осы арада көптеген қырынан көріне білген.

Ол кісі қай жұмысты бастаса да ыждағатты болып, жас кезінен алған бетінен қайтпайтын, өжет болыпты. Мысалы, мандолин ойнауды ағасының мандолинін алып қашып, үйдің жанындағы құмның төбесіне шығып алып, түнімен таң атқанша тартып, таңертең домбырада ойнағандай мандолинде де ойнайтын болған. Айтып отырса, жас кезінен домбыраға өте құмар болумен қатар, бір рет естігенде кез келген ән күйді қайталап айтып, домбырада тартатын қабілеті болған. Сонымен қатар атам өз өнерін ешкімнен жасырмаған, қайта үйренем деген жан болса ерінбей, жалықпай үйрете білген. Сөйтіп, мектеп қабырғасында жүріп-ақ белгілі домбырашы болған. Сол кезде музыкалық білімі болмаса да 8-10 адамнан құралған шағын оркестр ұйымдастырып, аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға үзбей қатысып жүріп, жүлдегер атанған. Жас кезден-ақ жарыстарға күймен қатар әнді де, термені де домбыраға қосып шебер орындай білген. Домбырашылық, әншілік өнер атама нағашы көкесі Әбдіреиім ұлы Құрмашбектен дарып, әншілігі өз анасы – үлкен әжеміз Әбдіреиім қызы Разия әжемізден және екінші әкесі, белгілі суырыпсалма ақын, жырау Есіркеп ұлы Нұрманнан бастау алады десек, қателеспейміз. Белгілі ақын Есіркеп Қоңқабайұлы мен Манап Көкеновтің де ұстаздық орны ерекше. Осынша өнер иелерінің ортасында, менің атам  әрі әнші, жырау, тамаша орындаушы, күйші болған. Өскен ортасы мен бірге жүрген әнші, ақындар, сазгерлер өнерін барынша шыңдауына ерекше ықпалы тиген. Орта мектепті бітірген соң екі жыл колхозда колхозшы болып, егіншілікпен, оның ішінде жүгері егумен шұғылданған. Мектеп қабырғасында жүріп, өндірістік бригаданың звено жетекшісі болып, жүгері екен, яғни 1955 жылдан бастап жүгері егумен айналысқан. 1958 жылы Бүкілодақтық ауыл шараушылығы көрмесіне қатысып, мақтау грамотасымен марапатталған.  Осы саланың маманы болғысы келіп, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түскісі келеді де, математика, физика, химиядан бес алғанымен орыс тілінен жазған мазмұндамадан нашар баға алып, оқуға түсе алмаған. Тағдыр айдап, нағашысы айтқан Алматы облысы, Шамалған селосындағы ауыл шаруашылығы техникумына сынақсыз түсіп, есепші-жоспарлаушы бөлімінің 3-курсына бірден қабыладанады.

Осы техникумда оқып жүргенде де өзі қатарлы студенттерді ұйымдастырып, 20 адамдық оркестр құрған. Сол кездегі жоғары оқу орындары бойынша екінші жүлделі орын, техникумдар бойынша бірінші жүлделі орынды иеленген. 1962-ші жылы күзде оқуды бітірген соң туған ауылы  –  «Красная звезда» совхозына есепші болып келеді. Бұл жерде 3 жыл жұмыс істеп, сосын аға экономист болып қызмет атқарады. 1964-ші жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Онда да жолшыбай тартармын деп бір шағын домбыра сатып алып, перне ішегін қайтадан байлап, тамаша сөйлейтін домбыра жасап алады. Әскерде оның пайдасы тиеді деп ойламаған. Сөйтсе, өнерлі адам әскер қатарында да өте қадірлі екен. Әуелі гарнизонда, одан дивизия орталығында, одан Армия орталығындағы өнер сайыстарына қатысып, ақырында, Батыс Сібір әскери округі әскери ансамблінің тұрақты мүшесі болады. 3 жылдық мерзімде Ресейдің көптеген қалаларында, әсіресе, Омск, Новосібір, Семей, Чита, Кемерево, Хабаровск, Москваның аймақтық округтерінде концертпен гастрольде болып, әскери округтің қолбасшысы, генерал-полковник Ивановтың қолынан бірнеше дүркін мақтау грамотасын алып, үш жылда төрт рет үйіне тегін он күндік демалысқа келген. Үш жылдық әскери міндетін атқарған соң тағы да өз ауылына аға есепші, одан бас есепшінің орынбасары, бас есепші болып тағайындалған. 1970-ші жылдан совхоздың бас экономисі болып қызмет атқарған.

Ұлы Отан соғысының жеңісіне орай «Жеңістің 20 жылдығы», 1987-ші жылы «Еңбек ардагері» деген медальдармен марапатталған. Қызмет істеп жүргенде Жаңақорған ауданының «Құрмет кітабына» жазылған. Көркем өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырғаны, өнерде алған жүлделі орындарына сәйкес республика ақындар айтысында жүлдегер болғаны үшін Мәдениет министрлігінен алған мақтау граммотасы бар. Сыр бойының дүлділ күйшісі Әлшекей Бектібайұлының домбырасының шанағынан 116 күй шыққан дейді. Атам оның үзбей насихаттап, Қазақ КСР Ғылым Академиясына барып,  Әлшекей Бектібайұлының Қазақ Кеңес Энциклопедиясының екінші томына енуіне мұрындық болған. Атамның жұбайы Қалдыбекқызы Қалима әжем де мәнді ән салатын, бір сөзбен айтқанда, өнер сүюші отбасы болып аталады. Тыңдап отырсам, біздің үйде Сәбира Майқанова, Жамал Омарова, Дәнеш Рақышов, Құдайберген Сұлтанбаев, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев, Роза Бағланова әжеміз, Шәміл Әбілтаев секілді көптеген өнер өкілдері әлдененеше дүркін қонақта болған. Өзі де осы кісілердің алдына өнерін көрсетіп, оларды қайран қалдырған. Атам жөнінде республика, бұрынғы Одақ көлемінде күйшілік өнерін мадақтап, қаламгерлер мақала жазған. Мысалы, «Литературная газета» деген басылымға, «Мәдениет және тұрмыс» журналына, «Социалистік Қазақстан»  газетінде Байжігіт Әбдіразақов, Мамытбек Қалдыбаев, Ақберген Ержановтардың мақалаларына арқау болған. 1980-ші жылы Одақтың құрылғанына 60 жыл толуына орай өткен 2-ші республикалық ақындар айтысына қатысып, 9 домбырашы күйшінің ішінен бірінші орын алған, оның ішінде белгілі күйшілер Мұрат Өскенбаев, Төлеген Момбеков, екі домбырамен бірдей тартатын Момын Байғанин деген күйшілер болған. Осы айтыс деректі киноға түссе, одан кейін Қазақ радиосының Алтын қорына, күйтабаққа  күйлерін жазып алған.

Атамның осындай өнерге құштарлығынан дарыса керек, мен де өнер десе құлағым елеңдеп тұрады. Бес жылдай аудандық әуез мектебінде бишілік өнер үйрендім. Енді өзім алдыма мақсат қойып, атамның бар кезінде күйін үйренгім келіп жүр. Мен өзіммен бірге оқитын сыныптастарыма, замандас жастарға атам сияқты өнерпаз, күйші, әнші болу үшін талмай еңбектеніңдер демекпін. Өмірге өнер көптік етпейді. Оған атамның өмірі куә.

Бибінұр Тынысбек,

Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы

№48 Әуелбек Қоңыратбаев атындағы мектептің 8 «А» сыныбының оқушысы

471 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы