• Шежіре
  • 12 Желтоқсан, 2011

Дүбірмен жаһанды көктеп өткен, Едіге мен Еділдің жалғасымын

Жәнібек Әлиман 1991 жылы 25 мамырда Қарағанды облысы Шет ауданы Нілді ауылында дүниеге келген. Қазір ҚарМУ-дың  филология факультеті журналистика бөлімінің 4 курс студенті. Бірнеше облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Көрімдік Жоқ шығар сірә, таласы жаттың, Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн. Риясыз реңің, талдырмаш бойың Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр. Қып-қызыл пальто, қыз ғұмырдай ма? Қыз көктем мынау сізді жырлай ма? Үр жаңа қызыл пальто киген қыз Көміп кеткендей бізді бір жайға. Қып-қызыл пальто. Қыз көктем мынау. Жүрегім, жаным сызды өткердің-ау. Сызылған қалқа бейуақ мезгілде Жұмбақ бір жайды іздеп пе ем мынау. Қып-қызыл пальто. Құмарым ба едің? Қылықты қалқа жыр-әнім менің. Басқа күндерден бақыттырақ-ау Байыз таппаған мына күндерім. Қып-қызыл пальто... Көрімдік қайда, Көрікті ой келіп көңілді ықтай ма? Көрімдігіңе жыр ұсынамын Қомсынбай қалқа сонымды ұқпай ма? Бөрі ұлиды Күңгірт тартты құбылып күнім Арда, Жыр ойнайды жасындай жылы қанда. Аруағы асып алаштың кете барған Ай астынан көк бөрі ұлығанда. Ай астында көк бөрі... ұлығанда Айбар бітіп алашта тірі жанға. Көшпелі елдің көгінен тәңір шығып Ғасыр көшіп, жылжыған ғұмыры алға. Түркі елінің қалған ғой түнде кегі, Тәңірісіне табынып күн көреді. Шер-шеменін бөрі боп соған шағып, Жүрегінің жазылған жырмен емі. Тәңірге алаш табынған айға бөрі, Тірлігінің тектілік айғағы еді. Бөрі айбарын қалдырып бағзы күнге Түлкі болған түркінің қайран елі. Қайран елі түркінің! Бөрі айбары Көкіректен өшсін бе оңай бәрі?! Кейде мені түртпектеп оятады Алтай шыңы, орманы, тоғайлары... Зұлмат дәуір зәһәрлі зәрін үйді, Қайдан табам байырғы соны күйді. Тозып біткен түркінің рухын жоқтап Әлсін-әлсін Алтайда бөрі ұлиды ... ...Бөрі ұлиды ... Ескі жұртта Жапырағы жайқалған соны шалғын, Менде бір күн сен құсап толысармын. Тағдыр тілген жүрегім жырым-жырым, Жұртта қалған жаныма болысар кім? Жұртта қалған... Кием бар ескі көңде, Ескі көңде бес түлер бесті кеуде. Сере мұңды сейілтіп сонда барып, Шеменімді шағамын өксігенде. Дәуірлер-ай, деміккен дөңестегі, Ескі жұртта есілген елес пе еді? Жусанына жыр оқып жігерлене Бөрі үніне балқимын белестегі... Белестегі бөрі үні-ай талып жеткен, Түнді үркітіп, талықсып тәңірді өпкен. Бұлдыраған бағзы шақ, көшпелі күн Өрісіме жете алмай қабынды өкпем. Сөйтіп сарнай көшемін құба-қырдан, Құба қырда жанымнан мұң ағылған. Ескі жұртқа еріксіз жерлеп кеткем Ескі үрдісін бабамның мұра қылған. Талай босап қайтсам да, талай налып, Соққым-ақ кеп тұрады тағы айналып. Құр сүлдерім қалада жүргеніммен Рухым сонда қалғанын қалайда анық. Мен түркі едім ... Түнеріп жүр түннен туған перілер... Мағжан Жұмабаев Қатпарына көңілдің кек түнеді, Көкірегіме қоңыр мұң екті нені? Құлағыма түндерде талып жетер Көк бөрінің Алтайда өксігені. Өксігені... ол бәлкім, ұлығаны, Көк тәңірге жеткенде мұңы-зары, Түнекті өктеп кеткенде тағы даусы Тағат таппай түн ұлы бұғынады. Өксігінде өретін зарлы-мұңын, Айғақ етіп тәңірге Арлылығын. Түн баласы киесін бөрі баққан, Түркі жұрты күтетін таң ғұмырын. Мен түркі едім... Арайлы таңда туған, Базынам да, байлығым Арға тұнған. Кірпігімен күлгенде күн шығарып, Қаһарланса шоқ шайнап, қан қақырған. Өктемдікпен өткерген сан ғасырын, Тек тәңірге шағатын арда сырын, Дүбірімен жаһанды көктеп өткен Едіге мен Еділдің жалғасымын. Тәңір тектес танымас түркі ерін кім? Болмысымды ерлікпен бүркедім мың. Ұйықтап кетсем байқаусыз мазалайды Мүлгіп кеткен киесі Күлтегіннің. Тәңірінің түскенде көктен нұры, Өзегінде өнетін өктемдігі. Әлемді алам тағы да Атилланың – Аруағы шалықтап кеткен күні... *** Заманыңнан запыран, заһар ағып, Түйсіктілер түңілер қапаланып. Өңкей жебір зекіген төрге шықты Ақымақтар айқаймен атақ алып. Құлан құлап құдыққа құны кетті, Құрбақаның құтырар күні жетті. Тұғырынан тайған соң текті қыран Қыр көрсетіп құзғындар ығыр етті. Жетесіздер желкеңнен жекіреді Содан барып сенімің сетінеді. Төре болып кеткен соң төлеңгіттер Шабармандар шен алып секіреді. Бәле төніп басыңа бүлік бөксе – Шаң қаптырар сырт беріп үміт-кексе. Ұлтым дейтін ынсапты ұл қайдан шықсын Ұлдан ұлық, қызыңнан қылық кетсе... Құнығып... Ақ шұға – ақша бет, гүл ерін, Араймен аптаған түр өңін. Мұнарды маңытып күн шықса – Жымиа салғаны бұл- оның. Тілінен жыр ағып, сыр ағып, Лебізі түскендей гүл алып. Бұралып басады, соңында – Есілген еркелік, бұлалық. Байызда таппайсың тұрақтап, Жамалы... жанары ұнап қап. Бір аттап, екі аттап ақырын Жылатып кетеді жырақтап. Не деген керемет үйлесім, Бұрала басқанын күй десін. Күн болып кезеді көк жүзін Күйдіріп кетеді, сүймесін. Байыппен өрілген ерек үн, Түсінбей, түсініп келемін. Бір-ақ тал шашына татымай Адыра қалды-ау бар өлеңім. Ұрынып, тағы да бүлініп... Мезі етіп бітірді ұры үміт. Сүзіліп қарасаң... қызығып, Үзіліп кетермін. Құнығып...

405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы