• Әдебиет әлемі
  • 12 Желтоқсан, 2011

Көзбен көрдім де, сүйдім жүрекпен

Ақылбек Шаяхмет

1951 жылы Қостанай облысының Жетіқара ауданында туған. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтын бітірген. Бұқар жырауға және Бейімбет Майлинге арналған жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

Алланың нұры Күн шуағы, Ай сәулесі жайған нұр Нұры емес пе мейірімді Алланың. Жарық жұлдыз, жауын суы, жауған қар – Төгілген нұр шарапатты Алладан. Ақын жыры, өнерпаздың ән-күйі Алла нұрын құйса ғана шалқиды. Өмірдегі мақсат, мұрат, арманың – Нұрлы жолы қайырымды Алланың. *** Дінсіз халық – судағы үнсіз балық, Ұят болып жүрмесе тілсіз қалып. Мән бермейді шындыққа шырылдаған, Әрекеті жатса да мың сыналып. Жері тозып, жатса да елі жүдеп, Сайраны мен жетіскен желігі көп. Ойран болып жатса да тайраңдаған Діні жоқтың жұртқа да сенімі жоқ. Дәмететін түссе деп түсім көптен, Пайда ойлайтын аярды түсінбеп пе ең?! Ішкен-жеген малдан жоқ айырмасы, Діні жоққа қараймын мүсіркеп мен. *** Қиратып қаласын, Қаздырған моласын, Адамның есіне Алдырған тобасын. Бір Алла әлемге Кең жайған құлашын. Бірде мұң, бірде бақ Алмасып шертілген, Өліні тірілтіп, Тіріні өлтірген, Бір Алла пендені Тәубаға келтірген. *** Жоқты бар қылған, Барды жоқ қылған, Тоқты аш қылған, Ашты тоқ қылған, Көпті аз қылған, Азды  көп қылған, Қорды зор қылған, Зорды қор қылған, Бірде тоңдырып, Бірде жандырған, Асқа  тойғызып, Шөлді  қандырған, Әкелген өмірге Жаратқан Бір Алла, Қиямет күнінде Тосады алдыңнан. Біләл Қандай азап тартса-дағы шыдамды, Пайғамбардың соңына ерген Біләлді Жаратушы жарылқаған қарық қып, Сүйгені үшін Құранды. Жарық нұрға жетсем-ау деп аҺ ұрған, Топырақ жарып шыққан гүлдей тақырдан, Сол Біләл ғой қасиетті Меккеде Алғаш азан шақырған. Сабырымен пәк жүрегін бай қылған, Барлық ісі ниетіне сай болған, Сол Біләл ғой көз жұмғанда пайғамбар, Күн сөнгендей қайғырған. Шыбықтардың көрді ол орман болғанын, Мойындады екі дүния сардарын. Жаны, тәні азат болды құлдықтан, Шын берілген құлы болды Алланың. *** Кісінің түр-түсі, Мидың да қыртысы, Саусақтың таңбасы, Тірліктің арнасы өзгеше, Өте ме бүлінбей, Өсекке ілінбей, Алдынан сан сынақ кез келсе, Жөн сілтеп халыққа, Адамды қалыпқа Түсіру мүмкін бе ендеше?! Тар жерде сүрінбей, Жүре алса бүгілмей, Кездейсоқ қырсыққа тап болса, Сабыр мен қанағат, Намыс пен ар-ұят Жүректе қаз-қалпы сақталса, Болса егер үлгісі, Иманды – сол кісі, Ақ болса, Басына бақ қонса. *** Адам ата Хауа анамен бөліп жеген алманы, Тас құдайлар талай ғасыр қоршап тұрған Қағбаны, Қайраткерлер болған елдің қорғаны, Ақындар да таусылмайтын арманы, Қарақшылар тартып алған олжаны – Жер бетінде бірі мәңгі қалмады. Байларың да сараңдықпен жинап алған бар малын, Кедейің де өмір бойы көріп жүрген сор қалың, Ұрдажық та қоя алмаған жанжалын Көреді ақыр өмірінің солғанын. Олай болса, Болар іске бекін де, Өткен іске өкінбе! Көтеріп ал Алла басқа салғанын. *** Өмірге келсең «іңгәлап», Ол сенің «Бармын!» – дегенің. Ананың төсін аймалап, Іздейді сәби қорегін. Ананың сүтін емеді Шырылдап туған шарана. Еңбектеп жүрсе әуелі, Еңкейткен оны Жер-ана! Көгертіп тұрған күн нұры, Майысып өссе тал-шыбық, Құт болып көктің жаңбыры, Көркейтер елді молшылық. Болғанда жерде тыныштық, Жайқалып жасыл желегі, Алламыз берген ырыс-құт Асырап бізді келеді. *** Дүмше молда дің бұзып, Бөспе ақындар тіл бұзып, Біреу жатса масайрап, Жатқан кезде күн қызып, Біреу алып түйеге Канден итін үргізіп, Жаман атқа жал бітіп, Жалған тұлпар қылғызып, Төрде отырған төрені Босағаға тұрғызып, Сабап игі жақсыны, Басын қосып кіл бұзық, Жығып салып тапшыны, Ұрдажыққа ұрғызып, Жылмаңдаған жігіттер Алдап табыс кіргізіп, Сумаңдаған әйелдер Алпамсадай еркекті Айтқанына жүргізіп, Мың құбылған заманда Болып жатыр шын «қызық». *** Адал махаббат болсын деп тілеп мен, Көзбен көрдім де, сүйдім жүрекпен. Қолмен ұстадым, тілмен сөйледім, Әр сөзім айтылды таза ниетпен. Қайда жүрсем де аңсап келдім мен, Ыстық ерінім табысты ерніңмен. Сүйекті балқытқан оттай сезімім Айналды өлеңнің жолына өрілген. Баянды бақыттың бәрінің басы бір, Мақсатқа жете алмай талай ғашық жүр. Махаббат болмаса – өмірің далбаса, Жүректен шығады нағыз асыл жыр. *** Жер қойнын жібіткен, Құрсағын кеңіткен Ол – Күннің жарығы. Тірлікке нәр берген, Жер бетін көгерткен Ол – көктің жауыны. Отқа сап күйдірген Темірді идірген – Ұстаның қалыбы. Жапырақ жайқалтып, Бұтақты марқайтқан – Ағаштың тамыры. Санаға нұр құйып, Әдемі қартайтқан – Адамның тәлімі. *** Бір жерде қойды көрдім тыпырлаған, Бір жерде тойды көрдім топырлаған. Жастарға ақыл айтар кісі бар ма Жыпырлап жиналғанда бүкіл надан. Басшының ел-жұртымен ісі бар ма, Етігі басқан сайын сықырлаған. Ас ішіп итаяқтан, үре алмаған, Ауылда ит қалды ма құтырмаған, Таза боп жер бетінде жүре алмаған Тастайды өзін-өзі шұқырға адам...

369 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы