• Мәдениет
  • 04 Мамыр, 2014

Әлемдегі жүздің бірі

Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдумәлік 2000 жылы Алматыда дүниеге келген. Он екі жасында гроссмейстер атанған. 2012 жылғы жастар әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2011 жылы 20 жасқа дейінгі санатта Азия чемпионатында екінші орын алды. Сәйкес жасы бойынша қыз балалар арасында төрт дүркін чемпион атанған. Биылғы жылқы жылы Алматыда Жансая Әбдімәліктің атындағы шахмат академиясы ашылды. Сонымен қатар таяуда Жансая әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағына ие болды. Бұл туралы шешім FIDE-нің президенттік кеңесінде қабылданған еді.  

–Жансая, сенің алты жасыңнан бастап  шахматқа ден қойғаныңды білеміз...

–Иә, шахмат ойынын отбасымызбен ойнаймыз. Тіпті, ата-әжелерім де шахматқа әуес. Осы спорт түріне келгенде бәріміз ішер асымызды жерге қоятын жандармыз. Алты жасымда шахматпен таныстым. Бастапқыда шахмат үйірмесіне ағам Санжармен бірге бардым. Ол Алматы қаласының екі дүркін чемпионы және ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанған. Кейін ағам спорттың басқа түрін таңдады. Бүгінде ол – жеңіл атлетикадан Қазақстанның чемпионы. Ал мен шахмат әлеміне терең бойлай бердім. Әлі есімде, алғашқы үш айда қарсыластарымнан көп жеңілгенім жаныма қатты батты. Үйге жыларман болып келетінмін. Кейін ағам екеуіміз жарыстарда бірінші және екінші орындарды бөлісетін болдық. Шаршы тақтадағы фигураларды күнбе-күн серік етуді дағдыға айналдырдым.  Әкем Данияр Әшіров пен ағам Санжардың менің ақыл-ой жарысына айтарлықтай көңіл бөлуіме көп көмегі тиді. Қабілетімді байқаған әкем мені  білікті жаттықтырушыға тапсырды. Алғашқы жаттықтырушым халықаралық  гроссмейстер Николай Перегудов әркез шағын турнирлер ұйымдастырып, сыйлықтармен марапаттайтын еді.

–Шахмат ежелден зияткерлік қызмет дегенге қалай қарайсың?

Сөз жоқ, шахмат – күрделі ойын. Оны біреулер ғылымға, біреулер өнерге, енді біреулер спортқа теңейді. Шахмат адамдардың қалай ойлайтынын көрсетеді және шығармашылық бастаманы туындатады. Бақталастарыңызға қалай тойтарыс беруге, қатты бәсекелестік жағдайында қалай табысқа жетуге болады? Қарсыластың қатесін дәл тауып, ойын барысында өзі жаңсақ жүріс жасаумауға, өзінің ой-пікіріңді басқаруға, шешім қабылдаудың үдерісін бақылауда ұстауға үйрететін ойын – шахмат. Өйткені, ол  қабілетімізді барынша  дамытуға көмектеседі. Мәселен, мен жаттықтырушым грузиялық Давид Арутюнянмен күнбе-күн «скайп» арқылы байланысып, дәріс аламын, демек, 3-4 сағат бойы небір жаттығуларды үйренемін.

Шахмат ойыны көп уақытты алады ғой, мектептегі оқуыңа кедергі келтірмей ме?

–Шахматтан ешуақытта жалықпаймын. Ал сабақты ғаламтор арқылы «оқимын». Яғни, үй тапсырмаларын интернет арқылы орындап, білім аламын. Маған әсіресе, қазақ тілі, математика және дене шынықтыру пәндері қатты ұнайды. Ата-анам дер кезінде ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп отырады. Алға ұмтылу үшін үнемі ізденіс пен талпынысқа арқа сүйеймін. 

Тағы қандай іспен айналысқанды ұнатасың?

–Шахмат тақтасына үңіліп, 3-5 немесе 8 сағат уақыт бойы отыруға тура келеді. Ондайда миың қыз-қыз қайнайды. Ой еңбегі адамды қатты шаршатады. Сондықтан да күнделікті дайындықтан немесе турнирлерден кейін бассейнге барғанды ұнатамын. Суда балықша жүземін. Сондай-ақ сурет салуды, мультфильмдерді жақсы көремін. Кейде аулаға шығып, серуендеп, сергіп қайтамын. Киноға барамын, құрбыларыммен ойнаймын. Фантастика жанрындағы шығармалар мені қызықтырады. Жуырда Клайв Стэйплз Льюистың «Хроника Нарнии» атты жеті бөлімнен тұратын кітабын аяқтадым. Көбінесе шахматқа қатысты әдебиеттерді оқимын. Әттең, менің бос уақытым көп бола бермейді.

–Әлемдегі ең жас гроссмейстер деген атаққа 14 жасыңда жеттің...

–Маған бұл атақ бұрынырақта беріліп қойған еді. Тек оны қағаз жүзінде рәсімдеу ғана қажет болғандықтан, шешімнің шығуын күттік. Биылғы жылы ФИДЕ-нің рейтингісінде менің әлемдегі 100 шахматшының бірі екендігім айқын көрсетілді. Сөйтіп, қыздар арасындағы халықаралық гроссмейстер атағына ие болдым. Болашақта ерлер арасында да дәл осындай атаққа ие болсам деймін. Бүгінгі таңдағы әлем чемпионы қытайлық Хоу Юфаньның рекордын жаңарту да – арманым. Ол 16 жасында әлем чемпионы атанды. Мен бұл мақсатқа 15 жасымда жетсем деймін.

–Барлық шахматшы қыздар секілді Полгарға еліктейтін шығарсың...

Әрине, әлемнің үздік шахматшылары ішінен мажарлық Юдит Полгарды ерекше құрметтеймін. Ол – менің кумирім. Ю.Полгар дүниежүзінің ең үздік гроссмейстерлері Гарри Каспаровты, Анатолий Карповты жеңген. Біріккен Араб Әмірліктерінде әйелдер арасында Азия біріншілігіне қатыссам деймін. Сондай-ақ мамырдың соңына қарай Иранның Тебриз қаласында өтетін Азия біріншілігіне қатысуды ұйғарып отырмын. Онда мен командалық құрамда ойнайтын боламын. Жалпы, Азия чемпионатында тәжірибелі де, мықты шахматшылар жиі қатысады. Сондықтан Азия чемпионаты кейде Әлем чемпионатынан да күрделі болып жатады. 

Жансая, жарыстарда әділетсіздіктер бола ма?

Араб елінің баласымен ойнағанда мен оған белсенділігі жақсы деген баға бердім. Бірақ ол: «-Сен компьютерлік бағдарламаға сүйеніп ойнадың», – деген сияқты сөздерді маған бағыттап айтты. Алайда, мен келесі ойында жеңіске жетіп, өзімнің жақсы ойыншы екендігімді дәлелдей алдым. Ал Моңғолия елінен келген бір қыздың ойынын жоққа шығарғысы келген төрешілер де болды. Сонда тағатын айыптары, Моңғолиядан келді, оның  бұлай ойнауы мүмкін емес дейтін пікірлерді естідім. Осы жәй мені қатты алаңдатады. Алдағы уақытта біздің елімізден де шахматпен тұрақты айналысатын адамдар көп шығатынына сенгім келеді. Ми қатпарларын қозғап, озық ойлауға жол ашатын шахматтың адамзатқа берері көп. Көптеген балалар шахматқа келеді де, ұзақ уақыт ойланып отыруға шамалары келмей тастап кетеді. Шахмат партиясын апталап, тіпті айлап ойнауға болады. Бұған шахмат майталмандары Гарри Каспаров және Анатолий Карповтың тарихта қалған ең ұзақ шахматтық партиясы мысал бола алады. Ол тура 5 айға созылған болатын.

Болашақта кім болғың келеді?

Мен шахматты ешқашан тастамаймын. Он бір жасымда мені Қазақ-Британ техникалық университеті оқуға шақырды. Болашақта депутат болғым келеді. Жағдайы нашар кедейлерге, балалар үйіне көмек көрсеткім келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау үшін бөлінген қаржының басқа жаққа кетпеуін өзім қадағалайтын боламын. Осыған қоса ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесін шешуге, отандық шахмат ойынын дамытуға үлес қоссам деймін.

Өзіңнің атындағы шахмат академиясында кімдер жаттығады?

–Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен ашылған «Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы» еліміздегі беделді орталыққа айналады деген үмітім бар. Академия балаларды 4 жастан бастап қабылдайды. Зайырлы ойынның қыр-сырын меңгергісі келгендерді қазақстандық және шетелдік бапкерлер үйретеді. Шахмат академиясы салтанатты түрде ашылған кезде Алматыға халықаралық гроссмейстер Анатолий Карпов арнайы келді. Қазір академияда 200-ден астам бала шахматпен әуестенуде. Оларға 6 жаттықтырушы дәріс береді. Менің Жәңгір дейтін інім де шахматтың таңғажайып құпияларына қызығып, осы академияда жаттығып жүр. Грузиядан арнайы келісімшарт арқылы келген халықаралық дәрежедегі шахматшы, гроссмейстер Давид Арутюнян балалардың шеберліктерін шыңдауда. 

Әңгімеңізге рахмет!

Жансая, сені үнемі жеңіс тұғырынан көретін болайық. Шахмат деген өмірдің  нақ өзі емес пе?! Қазақ қызының білімдарлығы мен алғырлығын әлемге таныта беруіңе тілекшіміз!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

 

476 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы