• Қоғам
  • 12 Желтоқсан, 2011

Біздің тұғырымыз биік

Салтанат Тастанбекова

1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінің 3-курс студенті.

Міне, Қазақстанның тарих сахнасынан ойып тұрып орын алып, Тәуелсіз ел болып құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл қамшының сабындай қысқа уақыт болғанымен, бір елдің мемлекет болып қалыптасуына, оның дамуына жол ашқан сәтті мерзім болды.

Кезінде М.Қозыбаев атамыз «Өркениет және ұлт» деген кітабында «Бүгін біз тәуелсіз ел деп Отанымыздың иелі болуын, ана тіліміздің киелі болуын, ата тарихымыздың жүйелі болуын айтамыз.

Бүгін біз тәуелсіз ел деп кіндік қаламыз Астананың асқаралы болуын, ордамызға құт-береке қонуын, ұлт пен ұлыстар арасы ынтымаққа толуын айтамыз.

Бүгін біз тәуелсіз ел деп халықаралық ұйымдарға емінбей еркін кіретін, көгілдір байрағымызды желбіретіп басқа елдің төріне ілетін, әлемдік қауымдастықта қай елдің өкілдері болса да, қаз-қатар алдыңғы легінде жүретін, елі аман, жұрты тыныш, шекарасы бүтін, көңілі көтеріңкі, қабағы ашық, жүзі жарық саясаткер көсемі бар парламенттік республикалық мемлекетті айтамыз»-деп айтып кеткен болатын.

Шын мәнінде, осы аз уақыт аралығында Қазақстан әлем елдері арасында өзіндік даму үрдісімен орнын таба білуінің өзі қажырлы жұмыстың, сындарлы саясаттың арқасында қазақстанның экономикалық, әлеуметтік салалардағы реформалары, ұлтаралық татулық пен конфессияаралық бірлікті сақтаудағы істері, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жүзеге асырылып жатқан шаралардың дұрыс таңдалуының арқасында болса керек.

Өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы басты бағыты – халықаралық құқықтың субъектісі болып табылатын әлемнің кез келген мемлекетімен әріптестік пен әділеттілік ұстанымдарына  негізделген өзара тиімді қатынас орнату болып табылды. Әрине, біз бұл жолда Қазақстанның Шығыс пен Батысты жалғастырушы континентальды көпір ретіндегі ерекше рөлін пайдалануымызға болады. Алайда, геоэкономикалық фактордың маңыздылығында ашық теңізге шыға алмау, коммуникациялық құралдардан қашықта орналасу біздің халықаралық экономикалық байланыстарға қатысуымызды қиындататынын ескерсек, ең алдымен біз үшін дүниежүзі коммуникациясына енетін қақпа болып табылатын  Ресей және Қытаймен, сонымен қатар Ислам мен Орталық Азия мемлекеттері, Таяу және Шығыс елдері сияқты маңызды әлемдік орталықтармен толық сенім принципінде өзара тиімді достастық қатынастың ерекше мәні бар. Әсіресе, Шығыс елдерімен қарым-қатынас дұрыс жолға қойылуы тиіс. Бұған Елбасымыздың 2004 жылдың 19 наурызындағы  Қазақстан халқына кезекті Жолдауында айтып өткен «біз көршілерімізбен жұмыс жасауымыз керек»  деген салмақты сөзі мен алпауыт көршіміз – Қытаймен байланыстың тиімділігі жөніндегі «Меніңше, адамзаттың XXI ғасырдағы дамуы көбіне-көп Қытаймен байланысты болады. Көптеген елдер Қытаймен арақатынасты өз саясатының негізгі өзегі деп түсінеді. Ал Қазақстан үшін осынау болашағы зор, экономикасы қарышты қадаммен дамып келе жатқан мемлекетпен ойдағыдай қарым-қатынас орнату айрықша маңызға ие» деген нақты тұжырымы дәлел бола алады. Бір ескере кететіні – біз үшін шығыстағы көршілерімізбен экономикалық-саяси және мәдени байланыстың қаншалықты маңызды екенін ескерсек, өз тарихымызды тереңірек зерттеу үшін де шығыстық өркениетпен таныс болуымыздың соншалықты пайдасы мол екендігін білуіміз керек.  Сол себепті аса тәжірибелі шығыстанушы мамандарға деген қажеттілік бүгінгі таңда  бұрыннан да өте жоғары болып отыр.

Осы тұрғыдан саралар болсақ, шығысты мықтап танып, оны жан-жақты зерттеуде шығыс елдерінің тарихын ғана оқумен шектелмей, мәдениетін, оның ішінде оқытылатын елдің ана тілін,  әдебиетін, салт-дәстүр, қоғамдық-ой санасының дамуын ерекше ізденіспен терең үйреніп-білуде, аса білікті шығыстанушы мамандарды дайындауда республикалық ірі орталыққа айналып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің шығыстану факультеті ерекше басымдыққа ие. Шығыс тілдерін үйрену (соның ішінде араб тілі) университет қабырғасында ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастау алады. 1989 жылы  Азия және Африка елдері тарихы кафедрасы мен араб тілі кафедрасының негізінде ашылған шығыстану факультеті   шығыс елдерінің тілі мен тарихын оқытудың 40 жылдан астам қалыптасқан дәстүріне сүйенеді. Қазіргі таңда факультеттің серіктестерінің қатарында Қазақстандағы Шығыс елдерінің елшіліктері, сондай-ақ факультет оқытушылары мен студенттері тілдік және ғылыми тәжірибеден өтетін Қытайдың, Кореяның, Түркияның, Иранның, Үндістанның, Жапонияның, Египеттің және т.б. елдердің ірі университеттерін айтуға болады. Шығыс елдерінің мамандарымен іскерлік байланыс, шетелдерде тәжірибеден өту, халықаралық ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысу, конференциялар мен семинарларға қатысу факультет оқытушыларының кәсіптік деңгейінің өсуіне және студенттердің білімі мен шығыс тілдерін оқуға деген қызығушылығын арттыруға игі ықпалын тизіп отыр. Осылайша, бүгінгі шығыстану факультеті құрамында жоғары білікті педагог мамандар қызмет ететін, оқу тәрбие-жұмыстары мен ғылыми зерттеулері қызықты да шығармашылықпен жүргізілетін, студенттер өмірі қайнап тұрған қазақстандық танымал ориенталистика орталығына айналып отыр.

Факультет түлектері Қазақстанның еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Олар қазіргі таңда еліміздің ғылыми-зерттеу орталықтарында, түрлі оқу орындарында, сыртқы істер министрлігінде, түрлі мемлекеттік қызметтерде, халықаралық және аймақтық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, шетелдік компанияларда табысты қызмет атқаруда. Олардың қатарында Нұрышев Шахрат Шакизатұлы, Аққошқаров Нұрлан, Қыраубаев Жошыхан Асылбекұлы, Қайрат Лама Шариф Қайырбекұлы, Азамат Бердібай Рахманқұлұлы, Ахметов Ербол Абанұлы, Құрмансейіт Батырхан және т.б қатарлы халықаралық деңгейде еліміздің абыройын көтеріп, шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасауда ерінбей тер төгіп келе жатқан факультеттің бетке ұстар түлектерін үлкен мақтанышпен атауға болады. Мәселен, бір ғана қытайтану кафедрасының 1996 жылғы түлегі Нұрышев Шахрат Шакизатұлы –1997 жылы ҚХР Синьцзян-ұйғыр автономиялық ауданы Үрімші қаласындағы  ҚР–ның паспортты-визалық қызметінде атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарған, 1999-2004 жылдары ҚР–ның ҚХР–дағы елшілігінде екінші және бірінші хатшы қызметтерінде жұмыс істеп, 2004-2005 жылдары ҚР СІМ-нің орталық аппаратында Шығыс Азия бөлімінің бастығы қызметін, кейінірек Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы қызметін атқарған, 2005-2007 жылдары ҚР-ның ҚХР-дағы елшісінің кеңесшісі және ШЫҰ басшылығындағы ҚР–ның тұрақты өкілі қызметін атқарып, мұнымен қоймай 2007-2008 жылдары ҚР-ның ҚХР-дағы елшісінің бірінші орынбасары қызметін атқарған, ал 2008 жылдан бастап Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қызметі мәселелері бойынша ҚР-ның Ұлттық координаторы қызметін атқарып келе жатқан ақылгөй саясаткер, белгілі дипломат, өз елінің мақтаулы ер азаматының ерен еңбегінің өзі ауыз толтырып айтарлықтай. Көріп отырғанымыздай, ең маңыздысы, факультеттің еліміздің сыртқы саясатының дамуына да елеулі үлес қосып жатқанын айпай кету мүмкін емес сияқты. Студенттердің жыл сайынғы тілдік тәжірибеге, ал оқытушылардың кәсіби қабілетін арттыру мақсатындағы шетелге шығу сапарларының  әрбірі де екі ал арасындағы қарым-қатынасты одан ары тереңдете түсетіні айдан анық.

«Елдестірмек – елшіден» демекші, еліміздің сыртқы істеріндегі басым бағыттардың бірі – шығыс елдерімен достық қарым-қатынастар мен тең экономикалық байланыстарды дамытуда шығыстанушы мамандардың рөлінің зор екендігі, міне, осы ретте көрініс тауып отыр.

Еліміз шет мемлекеттер алдында ешқашан жалбақтамайды, табаны таймайды, тілі күрмеленбейді, әрқашан еңсесі биік, тұғыры кең, өзгелермен терезесі тең болсын десек, бұл жолда әрқайсымыздың аянбай тер төгетін уақыт та келді.

Мен ҚазҰУ-дей жоғарғы оқу орнының шығыстану факультетінде білім нәрін алып, болашақ негізімнің дәл осында қаланып жатқанына ерекше мақтанамын. Жас қытайтанушы ретінде тәуелсіз еліміздің өркениетті елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті, мықты державалардың бірі ретінде танылуына, оның халықаралық қатынастарының гүлденуіне, сонымен қатар университетіміздің сапалы білім беру жүйесі мен ғылымының дамуына, сұранысқа ие нағыз кадрларды дайындауда көшбасшы, үздік жоғарғы оқу орны бола беруіне өз үлесімді қосу – негізгі мақсатым деп санаймын.

Ендеше бас ұранымыз, көгілдір туымыз – тәуелсіздігіміз баянды болсын!

450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы