• Қоғам
  • 30 Қараша, 2011

ТӘУБЕГЕ КІМ КЕДЕРГІ?

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Адам бір уыс топырақтан жаратылады емес пе, сол тәрізді қайғысына малынған пенделер жанын шүберекке түйіп, бір уыс болған күйде қорған мен демеу іздей мешітке келеді. Себебінде, қазіргі заманның адамзат баласы Жаратқан Алланың нығметіне тойынғаны соншалықты, оны «Солай болу керек» деген өзіндік әдеттегі өмір заңымен құрады. Сөйтіп, Құдайысын ұмыта бастайды. Судың да сұрауы бар дүниенің ісі түгілі ауыздағы сөзге жауап беретінін білмейді. Алды-артындағы дүниенің Иесін көкірегі ұмытып, есінен шығарған жанды Алла тағала арнайы сынақпен алдына келтіреді. Сонда да Алланы ескермейтінін қайтесің. Алдыңа келген жанға Жаратқанға жүзіңді бұр, намаз оқы, артыңа қара, алдыңнан үміттен, келешектен ізден, барына тәубе қыл дейсің. Одан сәждемен қауышса бір игі, тәубесіне келіп жатса екі игі, ал адасуынан таймаған жанға шынайы бақыттың нәсіп болмағаны.

Мешіт – дін мұсылман қауымының жан сақтар үйі, оған келген әрбір пенденің қадамы ұлағатты тәубеден болсын дейсің. Нәпсісін тыйғанына бір шәугім ғана шүкірлік етеді, әріден алдағы күнін ойламайды. Тіпті Алланың нығметіне есірген пенде мешіт есігін екпінімен ашар, бірақ Жаратушының құдіретімен ол да бір уыс болып қайтады. Неге десеңіздер, мен үшін Жаратқанның сынағы болар, о жағын білмедім, бірде алдыма бір күннің ішінде қатарынан екі түрлі тағдыр иелері келді. Бірі жүрегі жаралы, тағдырына назалы, жоқтықтан шаршап – шалдыққан орта жастағы адам. Көңіліне көлеңке болмайын дедім, бірақ көзінен аққан жасқа булыққан жанның бетіне жүзімді көтеріп тіке қарай да алмадым. Себебі, тірлігіндегі қиындықтарға өкпемен егіле, басар тауы, шағымданар төбесі, мұңын шағысар туысы мен жақынының қасынан табылмағанына ызалана,  жиған – терген дүниесін орта жасқа келгенде  шашып алғанын тарих етіп айтып берді. Сөйткен пенде өзін-өзі кінәлап, таусыла келе «Не істеймін, ақыл беріңізші, бұл қателігімді Алла  кешіреді ме?» деді. Ал енді бірі байлықтың буына булыққан, алдағы өміріне сенімді қараған «Құран оқытып, садақа бердім,  осы мен сияқты бай – қуаттыларға Алланың алдында не міндет, зекет деген бар дейді біреулер, соны беру керек пе, бермесем не болады, ана молдаларыңның оқыған құраны дұрыс па өзі?» деген күнә мен кінәні сезінбей тұрған келесі адам. Мешіт табалдырығын аттаған  назды да сазды жүректерді тыңдап отырып, «Сендерге Алла тағала нығметті барынша үйіп – төгіп берді, бірің төгіп – шашып алғаныңа жылап, ал енді бірің шашпасам деп  қиналып отырсыңдар. Алланың «Ендеше мені еске алыңдар, Мен де сендерге мейіріммен қараймын және Маған шүкірлік етіңдер, ешқашан күпіршілік жасамаңдар» дегені бар, осы нығметті берген Алла тағала қайда қалды? Осы дүниеге жеткенше Жаратқанның жүрегінде болдыңдар, ал енді бірің толып, бірің болғанда ең құрымағанда жүректеріңнен тәубеге орын табылмады, сендердің дүние қазықтарыңа тәубе таңсық емес, керісінде сендер тәубеге таңсық болуларың керек, жақсылы жаманды болсын, осы күндеріңе шүкірлік етіп, тәубе етуге кім кедергі?» деген  ой  шырмауында отырып, екеуінде еш жауапсыз «Кейін келіңіздер» дедім. «Неліктен, неге бұлай істедіңіз?» деген сұрақты кейіппен қараған бұл адамдарға «Алла тағаланың нәсібімен мешітке келдіңіздер, ендігі уақытта Жаратқан Алла жүректеріңізге тәубе берсін, күтіңіздер», – дедім. Түсінді – түсінбеді, ілініп – салынып шығып кетті.

Қазіргінің адамдары тәубесімен тоғыспайды, өздері үшін ізденсін деген бетте сүйікті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың:

ﺍﻟﻨﱠﺪﻡ ﺗﻮﺑﺔ

«Шын жүректен өкіну – тәубе», – дегенін есіме алдым. Негізінде, тәубе сөзі араб тілінің «ﺗﻮﺑﺔ» (тәубатун) сөзінен туындаған. Шариғатта мұны күнәсіне өкініп, одан қайтуды айтады. Ал күнәлі болу үшін үлкен қателік жасаудың қажеті жоқ. Оның алғашқы табалдырығы – қандай да болмасын өткен күнәсін ұмыту. Мейлі діндар, мейлі басшы, қарапайым, бай мен кедейдің де күнәға ет – сүйегі үйреніп кетеді.  Әйтсе қазақтың қиялындағы Аяз би кедейлік өмірінен арылып, байлықтың базарына мастана күліп отырған сәттерінде кіре беріс есігінде  ілулі тұрған жаман жәутік шапанына көзі түсіп, «Ееей менің кедейлігімді бірге өткерген тоз-тоз шапаныыыым!» – деп, арып-аршумен өткен өміріне  шүкіршілік ете, күлкісін жиып, әрдайым тәубеге келіп отырған. Бұдан өткенге оралу не күлкіден тиылу емес, ол бір сәт өмір тынысын сезіну. Бұл қазақтың тәубеге келуі. Ал тәубе -  адам өміріне шырақ, жүрегіне жұбаныш, үмітіне жалғау, келешегіне сенім беретін керемет дүние. Ол балапандарын тырнақты ауыздан сақтай ағаш бұтағы түбіне жасырған құстың аялы ыстық ұясы тәріздес адам жүрегінің түбінде өз кезегін күтіп, жасырынып жататын сезім. Сондықтан да болар, кей кездері адам санасы онымен санаспай, ерік – жігері бағынбай кетеді. Мүмкін оларға жүрек әмір жүргізе алмағандық болар, түптің түбінде тәубенің алдына бәрі жиналады. Неге, өйткені жүрекке бас иген ақыл мен қайраттан аса алмаған сезімдер біріге отырып, жүрекке именеді. Ал жүрек ешқашан алдамайды, қателесуі де мүмкін, онда түбі өкініш болады.

Сөйтіп, күндер өте сондағы қайтарып жіберген екі пендемнің бірісі алдыма қайта келді. Қанша дегенмен, қиындықты көрген, тағдыр тауқыметінен жеңілген пенденің алғашқысы өткен жолғыдан тұр-әлпеті жақсарған. Бірден «Тәубеге келдіңіз бе?» деп сұрадым. Ол: «Кешіріңіз, барына шүкір, тәубе деген не, мені Алла кешірсе болды емес пе?»  деді. Сонда ол кісіге ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хикметін баяндадым:  «Өткен дүниеде  кісі өлтіргіш адам болған екен. Бір күні адамдардан ең білгір ғалымды сұрастырса, оны бір ғалымға сілтеп жібереді. Содан ол ғалымға барып, тоқсан тоғыз адам өлтіргенін айтып: «Тәубеге келсе адамның күнәлары кешіріледі ме?» - деп сұрайды. Оған ғалым: «Жоқ», - деп жауап береді. Кісі өлтіргіш ол ғалымды да өлтіреді. Сөйтіп өлтірген адамының саны жүзге толады. Осыдан кейін не істейді дейсіз, әрі қарай тағы да адамдардан білгір адам жайында сұрастырады. Адамдар оны тағы да бір ғалымға сілтейді. Ол ғалымның алдына барып, жүз адам өлтіргенін айтып, тәубесіне келсе адамның күнәлары кешіріледі ме деген сұрағына ғалым: «Иә, кешіріледі. Күнә істеушінің тәубесіне келуіне кім кедергі бола алады? Сен пәлен жерге бар. Ол жерде жалғыз Алла тағалаға құлшылық ететіндер бар. Солармен бірге сен де Алла тағалаға құлшылық ет. Өз еліңе қайтып барушы болма, себебі ол жамандық мекендеген орын» –  деп жауап береді. Сөйткен күнә істеуші тәубесіне келіп, ғалымның айтқан жағына қарай бет алмай ма, алайда, жол ортасына жеткенде әлгі кісі өлтіруші жан тапсырады. Сол уақытта оған рахмет пен азап періштелері таласа бастайды.

Рахмет періштелері: «Ол тәубесіне келіп, жүрегін Жаратушысына қаратқан күйде келе жатты», – десе, азап періштелері: «Ақиқатына келер болсақ, ол өмірінде еш жақсылық істемеді» дейді. Осы кезеңде олардың алдына адам бейнесінде бір періште келіп, арадағы тартысты шешіп беру үшін қазы болады. Адам бейнесіндегі періште: «Екі жердің арасын өлшеңдер. Адам қай жағына жақын болса, сол жақтың періштелеріне бұйырсын» дейді. Періштелер екі жақтың арасын өлшегенде жаңағы жүз адамды өлтіріп, тәубесіне келген адамның бара жатқан жерінің жақын екенін анықтайды. Сөйтіп, оны рахмет періштелері алып кеткен екен. Міне, адам өлтірген оның ішінде бір мұсылман адамды өлтірген адамның Алла алдындағы жазасы – мәңгі бақи тозақ. Ал мына жерде көрдіңіз бе, бір емес жүз адамның өміріне балта шапқан адамның тәубесіне бекемдігі оны қалай құтқарды. Әрине тәубе дегенді бірі біледі, бірі білмейді. Қазақта оны шүкірлікпен шатастырып жатады. Шүкір ету басқа, тәубе басқа. Әлгі тәубе жасаған адам ғалымның дәнекерлігімен тығырықтан шықты, жол тапты. Ал өмірінде ғибадаттан қол үзбеген бір адам дұрыс жолдың не екенін білмей, өзінің надандығынан өлімге душар болған. Сондықтан тәубенің рухы бар, ол дегеніміз істеген қателігіңе  не болмаса күнәңа іштей жегілу, өкіну. Сонда ғана Алла тағала кешіреді. Алла тағала: «Пендем Мен туралы не ойласа, Мен сондаймын, ол Мені еске алғанда, Мен онымен біргемін. Егер ол Мені іштей еске алатын болса, Мен де оны солай еске аламын. Ал егер ол Мені бір топ жұрт ішінде еске алатын болса, Мен де оны олардан жақсы бір топ жұрт ішінде еске аламын. Егер ол Маған бір сүйем жақындаса, Мен оған бір табан жақындаймын. Ал егер ол Маған бір табан жақындаса, Мен оған бір адым жақындаймын. Егер ол Маған жүріп келетін болса, Мен оған жүгіріп барамын» деген. Шамаңыз жетсе, тәубеңізге асығыңыз, уақыт созып кешіктірмеңіз. Күнә неғұрлым жүректе ұзақ уақыт болған сайын, соғұрлым жүрек қарая береді. Тәубесіне келіп үлгермей дүниеден өтіп жатқан пенделер қаншама. Оларға қарағанда, сіздің күніңіз әлдеқайда жақсы, шүкірлік етіңіз. Аллаға серік қоспай, Оның рақымынан күдер үзбеу керек. Есіңізде болсын, тәубенің есіктері ақырет күні жабылады. Ақырет дегеніміз мәңгілік о дүние. О жақтағы тәубе ешқашан қабыл болмайды. Әрбір адамның өлім келгенше  ғана тәубесі қабыл. Өлімнің келуімен тәубенің белгіленген мерзімі бітеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз:

ﺇﻥﱠ ﺍﻟﻠﻪ ﻳﻘﺒﻞ ﺗﻮﺑﺔ ﺍﻟﻌﺒﺪ ﻣﺎ ﻟﻢ ﻳﻐﺮﻏﺮ

«Күмән жоқ, Алла тағала күнә істегеніне өкінген пенденің тәубесін, оның жаны алқымынан шықпастан бұрын қабыл етеді»,- деген. Ал, жалпы адамзатқа берілген тәубенің мерзімі жайлы Пайғамбарымыз:

ﻣﻦ ﺗﺎﺏ ﻗﺒﻞ ﺃﻥ ﺗﻃﻠﻊ ﺍﻟﺸﱠﻤﺲ ﻣﻦ ﻣﻐﺮﺑﻬﺎ ﺗﺎﺏ ﺍﻟﻠﻪ ﻋﻠﻴﻪ

«Алла тағала күн батыстан шықпай тұрып тәубесіне келген пенденің тәубесін қабыл етеді»,- деген. Сондықтан, бүгінгі тәубеңізге  Жаратқан Алла қуанады. Өйткені

ﺍﻟﺘﱠﺎﺋﺐ ﺣﺒﻴﺐ ﺍﻟﻠﻪ ﻭ ﺍﻟﺘﱠﺎﺋﺐ ﻣﻦ ﺍﻟﺬﱠﻧﺐ ﻛﻤﻦ ﻻ ﺫﻧﺐ ﻟﻪ

«Алла тағаланың ең жақсы көретін пендесі – күнә істегеніне шын жүректен өкініп тәубесіне келген пенде. Күнәдан қайтып тәубесіне келген пенде күнәсі жоқ пенде тәрізді» деген Алла Тағаланың аяты бар.

Жаратқанның пенделеріне деген мейірімі сондай, егер бір пендесі тәубе етсе, адам баласы жоғалтқан нәрсесін тауып алғандай, қуанышынан да артық қуанады. Сондықтан, Алладан кешірім сұрап, тәубеңізге өзіңіз келмесеңіз, ешкім сізді қолымен жетектеп әкелмейді. Мұндай іске қайтып оралуды сізге жазбасын, тәубенің негізгі шарты осы. Алла Тағала тәубеңізді қабыл етіп, жолыңызға жақсылықтар берсін» – дедім. Айтқандарыма үнсіз ұйыған пенде жүзін тік көтере алмады, өйткені іштей тәубеге жегіліп, санамен жол сала бастағанын сездім. «Алла жар болғай өміріңізге!» деген тілекпен оны шығарып салдым. Тәубесіне еріп кете барған пенденің жолына ұзағынан қарап, іштей ол үшін қуандым, Алладан оған кешірім тіледім. Бұл ісімді сырттай бақылаған мешіттегі кішкене өрімдей шәкірттер «Имам ағай, бізді де тәубеге келтіріңізші» деген кенеттегі тілектеріне қалт тұра қалдым. «Сендер әлі жас емессіңдер ме? – десем де, сөзіме қарамастан соңымнан ере бастады. Қиылған ниеттеріне қарай «Жарайды, көрейік, тыңдаңдар онда» дедім.  «Өкініш дегеннің не екенін білесіңдер ме?» дедім. «Қапы қалу емес пе ағай не болмаса ұтылып қалу, маған анам солай түсіндірген» деген балаға қалғандары аң – таң қарап қалды. «Анаң дұрыс айтқан екен. Міне, тәубе сол өкініштен басталады яғни тәубенің бастауы – істеген қателігіне өкіну. Ал жүрекпен шынайы өкіне білсеңдер, онда сендер жүректеріңе жақын болғандарың. Өтірікті сүймейтін Аллаға жалған яки өтірік өкініштерің керек емес, бәрібір қабылдамайды. Жаман істеріңе шынайы өкіне білмесеңдер, жақсылықты да сезіне алмайтын боласыңдар. Сондықтан тәубеге деген алғашқы қадамдарың – таза ниет пен ықылас арқылы жүректен шығатын шынайы өкініштерің. Ал енді Алла  алдында күнә істеріңе өкіндіңдер делік, әрі қарай не істеу керек? Ендігі кезек күнә істеріңнен тыйылу. Бұл Алла Тағала алдында міндеттеріңе айналады. Егер күнәні жалғастыратын болсаңдар тәубеге келмегендерің. Күнә істерге  өкіну, кешірім сұрау, одан тыйылу, оны қайталамау – Алла тағала алдындағы ақтық сөздегі уәдені, берген антты орындау десек болады. Мәселен, сендер мектеп – білім ордасында «Болашақ ұйымы» қатарына өтерде мектептің барша оқушылары алдында ант бересіңдер әрі сол анттан таймауға тырысып бағасыңдар. Сол сияқты тәубе үстінде күнә істі қайталамау туралы Аллаға берген сөздеріңе берік болуларың өте қажет. Ол істі  қайталамақ түгілі тіпті оған тақалудан қорқып, жақсы амалдарға ұмтылу керек. Міне, сонда ғана тәубе толық болады. Сендерге өмірден алынған даналы оқиғаны айтып берейін, мұқият құлақ салып тыңдаңдар: «Бір әйелдің екі ұл баласы болған екен. Біреуі өте ұқыпты, ақылды, мектепте әрдайым мақтау қағаздары мен дипломдар алып отыратын үлгілі озат оқушы. Үйде өзін байыппен ұстап, сабағын өзі мұқият орындап, анасына еш салмақ салмай, көңілінен шығып отырған, сонысына қарай анасы да оған еш көңіл бөлмейді екен. Ал екінші баласы жаратылысынан өте ебедейсіз, қолына түскен заттың бәрі шетінен қирап – сынып, қай жаққа барса да әйтеуір бір пәлеге ілігіп жүргені, тиіп кетсе өрт, көшеде, үйде де қиыншылықтар туындай беретін болады. Тіпті анасы үйде орнынан тұрып келе жатқан баласынан бір сәт көзін алмай «Қазір нені бүлдіреді» деп ойлап үлгергенше, бала қиратып та үлгереді екен. Сөйтіп, күнделікті жүріс – тұрыстағы өмірін қадағалап, бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен деп іштей қамығып жүрген ана күндердің бір күнінде шыдамы таусылды не шаршады ма, ұлына айқайлап ұрсып береді. Анасының айқайын естіген бала ренжіп, есікті тарс жауып, кетіп отырады. Қалай ойлайсыңдар, баланың бұл ісі дұрыс па, оған анасы қуанды ма? Жо-жооқ, ана бөлмесінде киімдері бүктеулі, мұнтаздай таза төсекте ұйықтап жатқан басқа ұлын ана есіне алмайды әрі қамықпайды. Ал мына ұлын әр сәт, әрбір секунд сайын міндетті түрде жүрегімен ойлап уайымдайтын болады. Мұндай сезім сендерге, маған таныс болмауы мүмкін. Бірақ мұндай берекелі мейірбандықты Жаратқан Алла тек қана аналарға ғана береді. Сөйтіп, жаңағы ренжіген  ұл анасынан біраз уақытқа дейін бөлек өмір сүретін болады. Одан оның өмірі өзгермейді, қайта үсті-үстіне қым-қиғаш оқиғалар қоюлана шым – шытырыққа батады. Осылайша бір кештерде өзінің жаратылысына қиналған бала өткен өміріне шолу жасайды. Ойлап отырса, қиындықта басынан сипап, маңдайынан иіскеген анасы, жаратылысын түсіне көмек берген анасы, жылағанда жұбатқан анасы, жабырқағанда көңілін көтерген де анасы, жалғыз қалғанда қасында анасы болғанын есіне алып, өзінің тек қана анасына ғана қажет екендігін түсінген бала өкіне жылайды, қысылады, басын тасқа да тауға да ұрады. Бірақ Алла тағала жүрегіне тәубе береді, сөйтіп анасынан кешірім сұрауға үйіне оралады. «Қайтып кірер есігіңді қатты жаппа» деген қазақта мақал бар емес пе, мезгіл тым кеш әрі есікті қағып кіруге ұялады да есік жақтауына   сүйеніп, ұйықтап қалады. Таң ата есігін ашса, анасы баласын босағада ұйықтап жатқан жерінен табады. Ал енді балалар осы жерде ойлаңдаршы, анасы баласын құшағына ала қуанады ма әлде қуып жібереді ме?» деп сұрадым. Сол кезеңде балалардың көз жанарларынан әр қилы сезімдерді байқадым. Бірі жылауға шақ, енді бірі көңілсіз, бірі тұңғиық ой түбінде. «Имам ағай, шынымен де бұл болған оқиға ма, менің де ебедейсіз қылықтарым бар, анам ұрысқанда ренжіп қоя беретінім бар, қазір үйге барып, кешірім сұраймын. Бірақ енді қайталамаймын ондай істі. Шынымен ойланайын дедім» деген бала бұртиып, жүзін төмен қаратты. Осы кезеңде «Дап – дардай боп, анаңды ренжітіп жүрсің бе, ұят емес пе?» деген пысық бала да табыла кетті. Сонда осыншама айтқандарымның ішінен осы бір оқиға балалардың жанына қатты әсерін беріп, бір баланы тәубесіне келтіремін деген ой болған жоқ еді. «Өте дұрыс, Алланың разылығы – ата-ананың разылығы. Сен жаңа ғана тәубеңе келдің, мен оған қуанам. Ананың қадірін осы бастан түсінетін боласың. Алла алдыңнан жарылқасын. Мінекей, тәубе деген осы. Негізі ананы ренжітпеген дұрыс, мәселен, кенеттен аналары дүниеден қайтып кеткен балалардың кешірімін Алла қабыл етеді ме, ойлаңдаршы. Сондықтан, менің ойымша, жаңағы оқиғадағы ана баласын кешіреді, себебі Алланың жүз рақымының бір рақымы дүниедегі адамдарға және ата-анаға берілген. Сол сияқты, тәубесіне келген пендесінің жүзін Жаратқан ешқашан қайтармайды. Ниетін қабылдап, әрі қарай жетекке алады. Көрдіңдер ме, ананы баласымен қауыштырған тәубе бұл дүниеде қандай зор. Тек ескеретін жағдай, ол – кешірім. Тәубесіне келген пенде ісіне өкінер, бірақ кешірім сұрауды білмей не болмаса ұмытып кетуі де мүмкін. Сондықтан, біреуге зияндарың тисе, орнын өтеп, содан зиян тигізген адамның кешірімі болуы керек. Мәселен, ұрлаған ақшаны иесіне қайтара одан кешірім сұрау керек. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз:

ﻣﻦ ﻛﺎﻥ ﻷﺧﻴﻪ ﻋﻨﺪﻩ ﻣﻈﻠﻤﺔ ﻣﻦ ﻣﺎﻝ ﻭ ﻋﺮﺽ ﻓﻠﻴﺘﺤﻠﻠﻪ ﺍﻟﻴﻮﻡ ﻗﺒﻞ ﺃﻻ ﻳﻜﻮﻥ ﺩﻳﻨﺎﺭ ﻭ ﻻ ﺩﺭﻫﻢ ﺇﻻ ﺍﻟﺤﺴﻨﺎﺕ ﻭ ﺍﻟﺴﻴﺌﺎﺕ

«Кімнің өз бауырының мүлкіне немесе ар – намысына келтірген зұлымдығы болса, онымен динар, не дирһам болмайтын, сауаптары мен күнәләрі ғана  болатын күн болмай тұрғанда бүгін шешіп алсын»деген. Сондықтан кешірім сұрап не кешіре білгендерің өте дұрыс әрі өнегелі тәрбие. Ал енді бір жағдай, мәселен, жәбір көргеннен кешірім сұрап, алғандарын қайтармақ болдыңдар, бірақ ол адамды таба алмай, тіпті табудан күдер үздіңдер делік. Мұндайда сол дүниенің құнын жәбір көргеннің атынан садақа берген дұрыс. Бұл тәубенің шарты.

Тәубеге әркім әрқалай келеді. Мәселен, Адам (ғ.с.) Жәннетте Алланың тыйым салған жемісін жеп, жерге түсіп, мыңдаған жылдар бойы тәубе еткен. Кезінде өзін құдай санаған Перғауынға Мұса (ғ.с.) Пайғамбарымыздың ескертуі мен уағызы, керемет нышандары ұнамаған екен. Ол Мұса (ғ.с.) Пайғамбарымызды сахабаларымен қоса аңдуға алады. Сөйтіп, Мұса (ғ.с.) Пайғамбарымыз өзінің қауымын Египет елінен тұтқыннан алып шыққанда, Перғауын Оны дарияға дейін яғни Қызыл теңізге дейін қуып келеді. Алайда бұл жерде Перғауын ғажайып бір істі көреді. Себебі қысылтаяң кезеңде Мұса (ғ.с.) Пайғамбарымызға  Жаратқан Алла жол ашқан еді. Теңіз екіге бөлініп, Мұса (ғ.с.) Пайғамбарымыз қауымымен өтеді. Ал Перғауын болса, оларды әрі қарай қуа жөнеледі. Бірақ дария ортасына жеткенде қақ бөлінген судың екі жағы қайтадан жабыла бастайды. Өлер шағында Алланың бірлігіне көзі жеткен Перғауын Жаратқанды мойындап, сәждеге жығыла тәубеге келген. Тіпті сол күйінде дүниеден өткенде. Алайда, Алла тағала оның тәубесін қабыл алмады. Өйткені ол оны кешіктірді. Тәубені кешіктіру – күпірлікке алып баратын күнә. Адам өзінің әлсіздігі мен әлжуаздығын мойындамаса, Жаратқанның құдіреті мен ұлылығына бас имегені. Мұндай тәкаппарлық – шайтаннан. Ал шайтан тәкаппарлығынан  лағынеттелініп, Жәннеттен қуылған, ал одан кейінде оның тәубесін Алла қабыл етпейді.

Бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға бір сахаба келсе, Оның (с.ғ.с.) жылап отырған үстінен түседі.  Себебін сұрағанда, маған Жебірейіл періште келіп: «Алла тағала күнәсіне қарай жазалайын десе, қарт адамның ағарған сақалынан ұялды», –  деді. Ал сонда ана сақалы ағарған адам Алладан неге ұялмайды екен» – деп, жылап отырмын деген екен. Сол сияқты дүниеде бір адамның басына бәрін үйіп төгіп берсе, «Мені Алла тағала жақсы көреді» деп ойлайды. Әрине, ол солай да болады, егер сол берген нәсіпті Алланың қалауымен жинап, Алланың қалауымен жұмсаса. Жиырма жыл бойы тура жолда жүрген бір адам жан – жағына қарап, «Өмірімді боска өткізумен келемін» деп, құлшылығын тастап, күнәлі істерге көшкен екен. Сөйтіп, бір күні Алланың мейірімі түскен болуы керек, айнаға қараса бұрыңғы жастық шақ емес, бет-жүзін кәрілік шалған. «Әй, қаншама уақыт өтті өзі»  деп, жыл санаса бақандай жиырма жыл өткен екен. Уақыт деген зымырап өте береді емес пе, ол пенде дұрыс не бұрыс жолда жүрсін, осы уақыттың өтетіні белгілі. Бірақ соңғы жиырма жылын бостан-босқа күнәмен өткізгенін түсінген адам шынайы жүрекпен: «Иә, Раббым, жиырма жыл бойы Сенің көрсеткен тура жолыңда жүрдім. Одан кейін тағы жиырма жыл күнәда болдым. Егер мен сол тура жолыма қайтып келсем, Сен мені қабылдайсың ба?» – деп, тәубеге келеді. Сонда  «Сен маған келдің, Мен сенің алдыңнан шықтым. Сен Менен кеттің, Мен сенен кеттім. Егер сен Маған қайтып келетін болсаң, Мен сенің алдыңнан тағы  шығам» – деген дауыс естіліпті. Мінеки, теріс жолдан тайып, тәубесіне келген пендеге керісінде Алла Тағала қатты көңіл бөледі. Сондықтан шайтан адамды мүлдем жолдан тайдырады деген де белгісіз. Себебі «Мен Адамның бірде- бір ұрпағын тура жолдан тайдырмай қоймаймын» –  деген дүние алаңындағы шайтанға Алла тағала «Оның тәубеге келуіне кім кедергі бола алады?» –  деген екен. Сондықтан, тәубені де Алла Тағала береді.

Бірде Хасан Басридің алдына үш адам яғни бірі бала сұрап, екіншісі жауын сұрап, үшіншісі жарымаған кедей байлыққа жетудің жолын сұрап келеді. Бұл келген үш адамға да «Астағфирулла» деп, көбірек айтуды үйретеді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін, бірінші адам ұлды болғанын, екінші адам елінде жауын жауып, берекелі болғанын, үшінші адамға дүние тұрып, байығандығын айтады.  Бұдан түйетініміз, Алла алдындағы тәубедегі дұға – тілектердің қабыл болатындығы. Астағфирулла деп Жаратқанға тәубе айту – күнәдан арылу. Ал күнәсіз адамның дұға-тілегі әрдайым қабыл. Сондықтан да болар, аталарымыздың жүрегінен иман, аузынан «Астапыралласы» түспеген. Сол тәрізді, шама жетсе, әрдайым Алланың ақ тәубесінде, әр мезет Астағфирулланы ауыздан тастамаңдар» – деп, әңгімемді аяқтаған кезде, мені қоршаған балалар тұңғиық оймен «Астағфирулла» деп, орындарынан тұрып, кете барды. Ал мен болсам,  Жаратқан Алланың құдіретіне бас ие, Алла разылығы үшін екі бас намаз оқу үшін жүзімді құбылаға бұрып, «Астағфирулла, Астағфирулла, Астағфирулла, менің де күнә істерім болса кешіре гөр», – кете бардым...

Нұрлан Байжігітұлы Асанов

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының

Өскемен аймақтық өкіл имамы

1190 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы