• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2011

Өлең – сөздің кеніші Белгілі ақын Көдек Байшығанұлы шығармаларындағы ауызша және жазбаша стиль хақында

Нұрлан ҚАЛҚА – ақын-публицист. 1967 жылы Асы жайлауында (Алматы облысы) туған. 1993 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірді. «Аққу-жүрек», «Жыл – он екі ай», «Отыз бесінші шілде» атты жыр кітаптары жарық көрді. Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Астана-Бәйтерек» республикалық конкурсының жеңімпазы.

Қазір Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі.

***

Көбек Байшығанұлының (кейде Маралбайұлы деп те жазылып жүр. Маралбай – ақынның атасы. Ақын атасының бауырында өскен.– автор.) «Қайтейін, жалған дүние...» атты кітабын (Алматы, «Тоғанай Т», 2008 жыл) оқып шығып, қалың ойдың құшағында қалдым.

Шығармашылық қуаты зор, ақындық таланты ғажайып, ауызша да, жазбаша да жырлар дүниеге әкеліп, артына мол мұра қалдырған ақын есімі маған ара-тұра мерзімді баспасөзде басылған өлеңдері арқылы таныс еді. Бұл жолы талантты ақын Нұрлан Әбдібековтың құрастыруымен, Қазақстан жекпе-жек өнерінің негізін қалаушылардың бірі Аман Манжуевтың қаржылай демеушілігімен жарық көрген кітапты оқып отырып, керемет әсерге бөлендім. Оның үстіне, ерекше бір жаңалық – қазақ әдебиетінің классигі, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов кезінде: «Ол халық әдебиетінен, орасан зор халықтық тың алаптан мәдени қалаға сапар шеккен жүргінші, артынан үдемелі дамуға ұмтылушы, жаңалыққа құштар жастардың тұтас бір легін ерткен жүргінші. Бұл ақын сонымен бірге, өз жады арқылы ескі заманның көптеген құнды ескерткіштерінің сақтаушысы» (Ленинград, 1927 жыл., «Қазақ әдебиеті», № 15, 11.04.2008 ж.),– деп баға берген ақынның жыр жинақтары Үрімжі қаласынан 1984-1988 және 2005 жылдары жарық көріп, оқырманнан тиісті бағасын алып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылса да, жыр жампозының кіндік қаны тамған атажұртында, Қазақ елінде алғаш рет кітап болып басылып шыққаны.

Ақынның бұл кітабына енген жырларын оқып отырып, оның төкпелік қарым-қабілетін, жыр шумақтарын табанда шығаратын ұшқырлығын, қиялының жүйріктігін аңғарасыз. Бұл Көдектің он екі-он үш жасында өлеңді қолма-қол суырып салып айтып, айналасына ақын ретінде таныла бастағандығынан хабардар етсе керек. Кейіннен келе, шеберлігі шыңдалып, ақыл-ойы толысып, кемеліне келген шағында жазба әдебиетке ден қойғандығына уытты жырлары айқын дәлел. Сондықтан да Көдек Байшығанұлының шығармалары туралы сөз қозғағанда осы бір ерекшеліктеріне мән бергеніміз абзал. Қазақ ауыз әдебиетінің ауыр жүгін арқалай жүріп, көркем жазба әдебиеттің де көрнекті өкілдерінің қатарына қосылу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт. Көдектің бұл тұрғыдан көрінуіне зор ықпал еткен жағдай – оның ақындық тағдыры.

Өз заманының шынайы бейнесін кестелі сөз, ұшқыр ой, өзгеше образ, көркем тілмен сомдаған ақынның шығармаларын зерделеу, зерттеу, ұғыну барысында, оның еңбектеріндегі ауызша және жазбаша стильдік ерекшеліктерді тап басып тануға ұмтылуымыздың төркіні осында жатыр.

Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, бүгінгі жиһандық кезеңге жеткен суырып салып айтатын (импровизация) қасиет Көдек Байшығанұлының бойында туа бітті бар екенін шығармаларынан анық байқаймыз. Мысалы, ақынның «Ассалаумағалайкүм», «Шалкөде», «Танысқан қыз», «Жұпар кіндік», «Орамал», «Ырсалдыға», «Құртқа-Мамай», «Бір болысқа», «Бір балаға», «Қойшыға» атты өлеңдері әр түрлі оқиғаға орай, ауыз екі түрде шығарылған көрінеді. Өлеңдердің жедел, аяқ астынан, әр кезде әлдекімдердің сұраныс-өтінішіне немесе ақынды толғандырған, көңіліне әсер еткен жағдайларда табанда шығарылғаны жыр шумақтарының мазмұнынан байқалады. Алайда, Көдек қай-қай өлеңін суырып салып, оқиғаға, яки сұранысқа, өтінішке қарай жылдам шығарғанмен де, сапасы, тілі, мазмұны, көркемдік ерекшеліктері ауыз әдебиетіне қойылар талаптарға толық жауап береді. Әйтпесе, өлеңді табанда шығару бар да, оның көркемдік деңгейін сақтау бар емес пе?! Бұл тұрғыдан келгенде, ақын шығармасы бір шумақ немесе одан да көп шумақ болса да стильдік жағынан төрт аяғын тең басып тұратыны байқалады. Мысалы, ақын «Бір болысқа» деген өлеңінде былай дейді:

Болыстың бөркі жақсы шашақталған,

Атыма шөбі тұрып, қашақ салған.

Берді ғой бидай майлап қонағына,

Бола ма бұдан артық аш аттанған?!

Немесе:

Құртқа-Мамай,

Отырмын ақ суыңды ұрттай алмай.

Жүз үйден бір қайнатым шай шықпады,

Жүр едің қайтып байқұс жұртта қалмай?!

Дегенмен «қазақ топырағында ұлттық әдеби тіл қалыптасқанға дейін де әдеби тіл болған және біреу емес, екі әдеби тіл болған, оның бірі – жазба әдеби тіл де, екіншісі – ауызша әдеби тіл» («ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі», Астана, Елорда, 2000 жыл, 18-бет) деген ғылыми тұжырымға жүгінер болсақ, Көдек Байшығанұлының шығармаларынан ауызша және жазбаша әдеби тіл мейлінше мол кездеседі.

Ақынның «Үркін», «Ел аралау», «Елге хат» атты дастандары жазба әдебиетімізге қосылған кесек туындылар. Әрине, ақынның «Елге хат» деген дастанынан ауызша стиль элементтері кездесіп қалатыны бар. Айтыс өнеріне он екі-он үш жасында келген ақын осынау дастанын айтыскерлік ғадетіне басып, елге сәлем жолдаудан бастайды.

Сәлем де үш қайтара елімізге,

Өмеке, Шартас, Сүмбе жерімізге.

Қабансай, Ойқарағай, Сартауменен,

Аң қуып талай шықтық беліңізге.

Немесе:

Сәлем де Сүйіндіктің баласына-ай,

Қойсаймас, Бұқар, Аман, Шаласына-ай.

Мешет пен Себдайырға дұғай сәлем,

Отырған Жайылманың даласында-ай!

Осы дастанда ара-кідік ауызша стильге орын берілгенімен, көркемдігі жоғары, ойы ұшқыр, тілі жатық, образға бай шумақтар арқылы ақын жазбаша стильді терең меңгергендігімен ерекшеленеді. Атап айтқанда:

Қызырлы өркендеген ауыл едік,

Бұғының мүйізінің саласындай.

Бірталай көлеңкесі жерге түскен,

Екпенің жеміс шыққан ағашындай, –

деп келетін шумақтар көркемдігімен құнды.

Көдек Байшығанұлының «Үркін» атты дастанында 1916 жылғы Қарқара көтерілісі суреттеледі. Көтеріліс қаһарманы – Ұзақ батыр. Орыс патшалығының «әскерге адам алу» туралы жарлығына қазақтар қарсы көтерілгені тарихтан аян. Ақын бұл дастанында Албан елінің орыс патшалығының әділетсіз саясатына қарсы шыққанын арқау еткен.

Ұлыққа Ұзақ сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

Қазақ соғыс көрген жоқ,

Бермеймін солдат мен – деді.

Қарусыз жасты жауға айдап,

Ұлықбысың сен – деді.

Берсең – бала өледі,

Бермесең – шал өледі.

Бала өлгенше – шал өлсін,

Осылай шешті ел – деді.

Бермеді десең, өзің біл,

Құрбанға шалды шал – деді, – деп толғанады ақын. Бұл жолдардан ауызша стиль элементтерін көреміз.

Ақын шығармаларымен танысу барысында оның қолтаңбасынан жазбаша стильді де айқын танимыз. Әсіресе, гуманистік-ағартушылық бағыт ұстанған ақын өлеңдерінен жазбаша стильге тән белгілер анық көзге ұрады. Оның «Әйел туралы» өлеңіндегі мына шумақтар сөзімізге дәлел:

Шіркін-ай, жақсы әйел табу қиын,

Салады жаман әйел ойға түйін.

Бақ, дәулет бұлт секілді бір көшпелі,

Жақсы жар өмірдегі қымбат сыйың.

Жақсы әйел өсіреді көңіліңді,

Көркейтіп, өркендетер, өміріңді.

Әр кезде қаңқулаған сөз болмаса,

Асырар тірліктегі сеніміңді.

Оның өлеңдерінен талғампаз ақынға тән тапқырлық, ой кеңдігі, образ сонылығы, қанатты сөздер, нақыл тіркестер көптеп кездеседі. Мысалы, «Жер байлығы болмаса, ел байымас», «Айдаса – ажал, ысқырса – боран алар», «Айранға ұйытқы болған қатығым-ай!», «Өлең – сөздің кеніші», «Ниеті жаман ант атқан» тәрізді тіркестер Көдек өлеңдерінің шырайын кіргізіп, оның шалқар шабытына тәнті етіп, «жүрекке жылы тиер» шығармаларының өміршеңдігіне көзімізді жеткізе түседі.

Көдек ақынның шығармаларындағы ауызша және жазбаша стильдік ерекшеліктерді саралай келгенде «Стиль әдеби тілдің даму барысында қалыптасатынына» («ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі» жинағынан, 31-бет) ден қоямыз. Ақын шығармаларының қай-қайсысы болсын, оның өзіне ғана тән стильдік ерекшелігін байқатады дер едік. «Өйткені «Стиль» шын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тән сипат. «Дарын жоқта – стиль жоқ» («Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықматалық, «Аруна» баспасы, Алматы, 2005 жыл, 481-бет).

Қорыта айтқанда, оқырманын тапқан ақын бақытты дейтін болсақ, бұл жолы осы қағидатты өзгеше түрде, яғни ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің көрнекті тұлғасы Көдек Байшығанұлының шығармасымен қауышқан оқырман бақытты-ау деп түйіндегіміз келеді. Себебі, талғампаз оқырман – талантты ақынына қай кезде де үлкен құрметпен қарай білген.

1256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы