• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2011

Жаңа заманның жазушысы Бұрынғы да емес, бұлыңғыр да емес, Дидар Амантай прозасы

Дидар Амантайдың «Ауылдың жаны – терең сай» атты әңгімесі бар. 1990 жылы жазылған. Шап-шағын болғанымен айтары көп. Біз бүгін осыны дәлелдеу үшін қолға қалам алдық. Жазушы бар қалыпты натурализмнің аса терең де көркем сұлбасын жасай, сомдай отырып, өз оқырманын қызықты сюжетпен баурайды. Жағалауға асыққан «ағайынды» толқындар боп тізбектелген бірқалыпты динамиканың оқиға өрісі турасындағы әдебиет теориясының барлық дерлік талабына автор тілі, сөз жоқ, орынды жауап. Автордың қолданысында «ақындық проза» деген ұғым бар. Көркем шығарманың композициялық сарынына, сөз орамы мен оқиға өрісіне тікелей қатысын айта келіп, қаламгердің сол тұрғыдағы ерекше қуатының, «мінезінің» бере алу-алмауына байланысты өзінің жаңалығын әдебиеттануға ұсынады. Біздің нысандағы әңгімені жазушының өзінің тәжірибесіне қатысты тұрғыда қарайық. Сосын тағы бір екеретініміз, шығарма бойына біткен барлық қасиеттерді: композициялық құрылыс-құрылымын, барлық сюжетті мен персонаждарын көркемдік дәрежесін, стиль қасиеті мен тіл байлығын және басқа сондай толып жатқан жақтарын әңгіме еткелі отырғанымыз жоқ. Ол зерттеу еңбектерге қалсын.

Шығарманың басты кейіпкері «жас жігіт» пен жезөкше қыз. Диалог барысы өте күрделі мотивті мұрат-мақсаттардың жиынтығы. Дәлірек айтсақ, өмірге асау құлқынмен қадам басқан жап-жас жігіттің балаң ойлары мен өмірге нала, жүректе жара, деміккен қараңғы сананы иектеген жезөкшенің бар ой-ауаны… Тебінген көңілмен ауыздыққа таласа арпалыса түспек жігіттің ойы қайтсе де өзінің нәзік те сыршыл сыры арқылы жарқын болашаққа үндеу айтуы іспеттес. Бетховеннің: «Қасірет келіп есігіңді қақса, аш та жағаласа түс, қайтсең де жеңіп шық» дегені бар. Оқырман ойына дәл осы контрастты конфликтінің келгеніне шүбә жоқ. Аламанның алғашқы айналымында тұяқ бастырмаған арманшыл бозбала  да дәл солай айқасқа кіріп, хас жауымен алыса түспек ниетте. Қағілез мінез бен айтқанынан қайтпас қанағатсыз тілегі орындалса ғана тыным табар жігітті махаббат үшін күресті, қиқым қиғылықтардан ада деп түйсіндік… Қыз ше? Долбар мен бәсіреге түспейтін күйік сана мен берекесіз өмірді ғана таныған. Келешегінен кеміс ойлы сенім арқалаған, құлаған еңсе, жырым-жыртық көңіл, имансыз пайым… тағысын тағылар. Иә, расында жезөкшелік өмірдің құрбаны десек те, бұл кейіпкерді біздің оқырман-сана қайтсе де ақтап ала алмайды.

Әңгіменің барысы өте суыт. Солпы жүрісті кейбір хикаялар мен романдармен салыстырғанда көзіңе көнектей көрінетін «артықтау» нәрселерді іздесеңіз де таппайсыз. Әуре болмаңыз...

Оқиғаның шарықтау шегі әсіре көңілдің үстіне суық су құйғандай етіп белең алады. Қалшылдап, көздері қанталаған, әбден зікісі шыққан әкесі… Рас, тектілік пен пендеуи мұң-мұқтаж, олай деуміздің себебі де бар. Қай әке тексіздің тәлкегіне соңғы тұяғын жем қылмақ қазіргі заманда? Қай әке тексіз немере көргісі бар? Міне, жаңашыл қақтығыс, енді дәстүр мен жаңашылдықта. Біздің ойға оралатын тағы бір мысал, әке мен бала теориясы. Ұрпағының майдалығына кейіген қарт пен ескілікке андағайлап қарсы шыққан кейінгі ұрпақ. Мәңгілік тақырып. Кімнің де сөзін дұрыс я бұрыс деп айтуға қимай, баласына болысып, аяп, көңілін көл етіп жыласа да, әкесінің дойылды дауылдай екпініне тізгін бола алар да емес анасы да бар. Осы жерде бір айта кетерлік сөйлемге назар аударайық: «Жаулығының ұшымен көзін уқалайды. Жас шықпаған жанарды да сүртеді екен» Расында да, тамаша сурет емес пе? Жан күйзелісін не бір дем ары да, не бір дем бері де ойыстырмай, көңілдегі көрікті ойды көз бен құлаққа  көрігін сұйылтпай жеткізеді. Иә, автордың қаламы қарымды-ақ...

Бірді айтып бірге кетпеуге жол болмады… Себебі бұл әңгіменің басты арқауы махаббат пен ғадауат жыры. Шиллердің, Шекспирдің махаббат тақырыбы қазақы болмысқа түсіп, ұлттың ғана емес, планетарлық деңгеймен өлшенген пішімінің бір озық үлгісі дейміз. Артық та емес, кем де емес. Әңгіменің эпилогына назар аударайық: «Ешкім ешкімді жақсы көрмеген. Ешқашан. Тек өзі ғана...» Автор махаббатқа аяусыз, құрсаулы күйде көмпіс құлқынмен ғана баға берген қазіргі қоғамды кінәлайды, шикісін әшкерелеп, артығын астыртын айтады. Зар-заман зілін арқалатып, тәубаңа келуіңді күтеді.

Қазіргі қоғам дертін көпе-көрнеу етіп көрсеткен жазушының бар айтар ойы сол ғана деуге құқығымыз жоқ. Себебі элегиялық элементтердің, мәселен, кейіпкер психологиясы, мінез бен көңіл-күйі, ойы, бәрі, бәрі дерлік оқырман көкейінде өзгеше бір жұмбақ әлемнің сұлбасын елестетіп, екінші бір  бағытта насихат айтады. Әлде хикмет… Дидар Амантайдың тағы бір үлкен ерекшелігі – жұмбақтығында. Бұл әрине, көмескілікке жатпайды. Тағы бір мысал айтайық, атақты суретші Малеевичтің «Черный квадрат» кескінді атақты картинасы бар. Қап-қара түнек адам санасына қаншалықты белгісіз болса, соншалықты қызығушылық пен сан бағдарлы ой тудыруға түрткі болады. Міне, біздің нысандағы жазушының қай әңгімесін алып қарасаңыз да дәл осындай әсер берері сөзсіз...

Белең алған заман қасіретін бір ғана әңгіменің артқан жүгі деуге батыл бармайды. Десе де, әңгіме жанрының шебері Бейімбет Майлиннің кішкене ғана әңгімелерімен роман-эпопеяның артқан теңін көтере алар салмақты шығармалар сойынан болса, бүгінгі прозадағы әңгімені неге шеттете береміз? Расында да, заман тақсіретін көрсете білген көптеген шығармалардың ішінен ең бір сүбелісі деп таңдап алған менің шығармам да осындай көргенсізідікті, надандықты, шиборбайлық астарлы зым-зиялы ой мен түп-тұқиынына жетіп тұрған қазіргі әлеуметтік проблемаларды әшкерелейтін иделогияға ие...

Автордың тілі ұғынықты, шама-шарқынша көркем әспеттелген. Планетарлық проблеманы көтере білген гумманистік көзқарастың соншалықты жеңіл тілмен беріле білуі жазушының білімдарлығы, шеберлігі, қаламының жүрдектігінен деп бағамдасақ қателеспегеніміз болар. Дидар Амантайды айтқанда, әсіресе оның ізденушілігін айту орынды шығар.

Бірде әлпіс көңілмен зымыраған заман ағымына ілесейік деп, біз де есігіміздің сыртына «Набор текста» деп бадана етіп ілгенбіз. Ат жақтылау келген бір жігіт аптыға кіріп келіп, қанша сұрасаң да берейін, мынаны үлгертіп теріп берші деп өтінді. Ал кеп қарайық. Шамасы 10 ғана беттік дүние екен. Шимайланған, тоз-тозы шыққан қалың дәптер. Сыртында Дидар Амантай деп жазылған. Машырықтыдағы мағұрыптыдағыға жолығады. Мен іздеп жүрген «алтын дәптер»! (М. Мағауиннің «алтын дәптері» есіңізде ме?) сырты-ішін ақтарыстырып, ал кеп компьютерге терейін. Жылағым келді. Себебі іші толған терминдер. Ғылыми терминдер! «Мынаусы несі?!» деп, қайта қараймын. Бәлкім, басқа парақтар шығар? Жоқ! Дәл өзі. Толған терминдерді екі сағаттай мүжіліп отырып, әрең теріп бітірдім. Біткен  іске сыншы көзқарасыммен бажайлай тағы қарап шықтым. Сатұр ете қалды. Есік те, терезе де емес. Идея! Басыма. Солай да солай… Бұл тіпті де бөлек форма. Өзі тағы көркем шығарма. Таңдайымды қаға таң қалғаным да сол, жазушы! Жаңа заманның жазушысы! Міне, сізге ізденіс! Натурализм мен басқа да ескілікті қалпағымен қағып алған. Түсінесіз бе, бұл жаңалық...

Ғабиден Мұстафиннің сөзі бар: «Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше – ертеңгіні жаздым. Жазушы, алдымен, өз дәуірінің жаршысы...»

Расында да солай. Алайда қазіргі заманның сыншы әдебиеттанушылары Дидар Амантайды болашақтың жазушысы дегенді айтып жүр. Мен осыған үзілді-кесілді қарсымын. Қолға қалам алып, қаперсіз дүниені қаріпке салған, дәстүрден, ең бастысы ұлттықтан ауытқымай жазатын Дидар Амантайдың жаңашыл прозасын дәл осы күнгі, дәл осы заманғы қазақ прозасы деушілер бар болса, мен оларға екі қолдап келісер едім… Себебі Дидар болашақтың емес, бүгінгінің қаламгері! Бүкпесіз солай! Әйтсе де, еш жерде тұрақты пікір жоқ… Әркімнің өз шындығы бар, ал ақиқат біреу. Дидар Амантайдың ақиқаты біздің жоғарыда келтірген мысалдарымыз.

Ендеше шешімім – осы. Менің пайымымдағы Дидар Амантай шығармашылығы міне, осындай боп көрініс алған еді...

Ардақ ҚҰЛТАЙ

738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы