• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2011

Өлеңім, сенсіз тұншықтым

Сәуле Созақбаева Сәуле Созақбаева Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өскен. 1973 жылы орта мектепті тәмамдап, 1977 жылы Шымкент музыкалық училищесінің қылқобыз мамандығы бойынша курсын бітірген. Ән де шығарады. Сәулесі едім жарықтың ... Күн нұрынан нәр алып, Қараңғылықты жарыппын. Жер бетіне таралып, Қуаныштыларға қарықпын. Қараңғы түссе кеш болып, Жанарыңдағы жарықпын. Басыма "бағым" кеш қонып, Өмірде ұзақ тарықтым ... Өмірде ұзақ тарықтым, Сәулесі едім жарықтың ... Толқындар Толқындар жағалауға асығады, Екпінмен кеп жартасқа бас ұрады. Міз бақпаған жартасқа қаһарлана, Долданып, көкке шапшып басылады. Толқындар жағалауға асығады, Жатқандай көк теңіздің тасып әні. Долы жел симфония басқарғандай, Шулатып теңіз суын асырады. Толқындар жағалауға асығады, Түбінде маржан тастар шашылады. Байлығын теңіз сол сәт паш еткенмен, Толқын көбік қайталап жасырады. Тағдырыма Қателестім. Шым – шытырық өмірім, Шимайлаған алдымдағы парақтай. Қалып отыр өзіме-өз  көңілім, Үмітімді ақ-параққа жолатпай. Сенен емес кінә мына өзімнен, Бұйырмаған болар бәлкім несібе. Қателеспеу үшін және Төзіммен, Жиі аламын қателіктерімді есіме. Талай рет іздеп шықтым сапарға, Қалмай қойды қырсық маған ілесіп. Жас кезіңде армансыз таң атар ма? Арман үшін келем әлі күресіп. Түсінбейді туыс мені, жат түгіл, Мақсат тұтқан кейбіреулер байлықты. Байлықпенен, мансап қуып, ақтығын, Ел жұртына дәлелдеді қай мықты? Анама Сен бізді өмірге әкелдің, Сен бізге бақыт та, әпердің. Біз үшін анашым тырмысып, Таудай ғып, қиындық көтердің. Біз үшін болды бар бейнетің, Көрдің бе бірақ та, зейнетін?! Жыр арнап өзіңе өтейін, Нұрланшы анашым кейіме тым. Өсірдің шын маңдай теріңмен, Көрмедік кезіңді ерінген. Жеткіздің бесеуді бақытқа, Келін боп, түскен құт жеріңнен. Кеш ана ... Тағдыр ғой келгенім, Менсіз де, аз ба еді көргенің. Айды алып берер ем өзіңе, Амал не анашым жердемін. Төсіңдегі еркең ем Таң алдында ертемен, Жаздым мен де төрт өлең. Төрт өлеңнің ішінде, От жалын боп өртенем. Қаламым желкен, ел кемем, Жүзіп алға мен келем. Мансапқорға мақтаншақ, Қарап тұрып жеркенем. Сүйіп өстім өлке мен, Өз төсіңде еркең ем. Тағдыр жүгін арқалап, Жылжып келет өр кемем. Ойламаймын келте мен, Туған жерім ертек ең. Жанып, күлім қалса да, Сен үшін мен өртенем. Өзіңді іздеп ... Жастарға мына қарадым, Қарадым дағы есейдім. Балапан бұзық қарағым, Ауыртпа жанын шешейдің. Тауларға биік қарадым, Қарадым білдім пәс екем. Ойланып кетіп барамын, Жүрегі таудың тас екен. Заманға мына қарадым, Қарадым дағы өкіндім. Өмірдің гүлдей бар әнін, Жырлауға қайта бекіндім. Жалғанға мына қарадым, Қарадым дағы қамықтым. Күн сайын сөніп барамын, Сәулесі едім жарықтың. Мәдениет мынау сарайым, Сахнаға және бір шықтым. Өзіңді іздеп бар ойым, Өлеңім, сенсіз тұншықтым. Жұлдыз болып жанармын көгімде мен Бұрынғыдай қалай мен көңілденем, Басқа жаққа бұрылды "өмір" деген. Тосырқайды бір қазақ бір қазақты, Қайда кетті адамға сенім деген. Қайран бұрым, қыздарда өрілмеген, Қайран "жылы жүз" дефицит көрінбеген. Қатыгездік пердесін серпіп тастап, Ақ жүрекке үйімнің төрін берем. Ерлер қайда еңіреп елім деген? Жасым сүрттім желбіреп жеңімменен. Салиқалы, салдарлы ене қайда? Шүйіркелесіп отырар келінменен. Өмір сүрем мен де, өз жөнімменен, Кербезденіп ешкімге керілмегем. Шағылып тауым жүрсе де талайынан, Барлығына қарадым сенімменен. Күйлерім бар жүректе әлі төгілмеген, Бір жарқ етпей, көк аспан сөгілмеген. Қара бұлттар көрсетпей қоймаса егер, Жұлдыз болып жанармын көгімде мен! Жалғанда қандай қызық бар? Сенсіз де өмір жалғасты, Сезімдер өшіп алғашқы. Сергелдең күйді кештім мен, Сенімді басып албасты. Бақыттың оты жанбады, Бұйыртпай тағдыр сан бағы. Сенделіп жүріп жүрегім, Өлеңді дос деп таңдады. Жалғанда қандай қызық бар? Қызық па десең шыжықтар. Жиреніп қалған сәттерден, Маңдайда қалды сызықтар ... Бозарып атар ақ таңда! Кішкене бөлме. Кеш мүлде. Көршілер шулап жатқанда. Сұрамай халді, ешкім де, Мұз болып, жүрек қатқан ба? Әйнегім жалғыз. Мен жалғыз. Қарадым сыртқа. Қараңғы. Баяғы өткір – Қанжар қыз. Уайымдайсың балаңды. Тот басқан мына көңілді, Отырмын қайрап қаламмен. Көршіден күлкі төгілді, Жас төгіп көзден алам мен. Сағындым алтын, баламды, Сағындым жақұт қызымды. Соларға көңілім алаң – ды, Сағыныш, уайым, тізілді. Әйнегім жалғыз. Мен жалғыз. Түн қабағын, түйді кеп. Атанып жүрме, – Енжар қыз. – Өзгені жарым, сүйді – деп. Қарлығаш қақты қанатын, Ұяға жылан шапқанда ... Қашанғы тұрар қара түн, Бозарып атар, ақ – таң да! Жылдар Өмір бойы қателесіп келем мен, Еңбегім жоқ еш уақытта еленген. Тағдыр жүгі жауыр қылып арқамды, Қоштасқан ем есім шығып өлеңмен. Өмір-толқын, оңды-солды лақтырды, Шыбын-жаным үзілуге шақ тұрды. Жер бетінен өз орнымды таба алмай, Бүгін міне, шашыма да, ақ кірді. Өлең-сенің есігіңді жасқана, Ашқан ем ғой... Әлде ол қыз басқа ма? Өлең-жырға ғашық болған жүрегім, Әлсіреді ... Басымда жоқ баспана. Неге мені әлсіз етіп жаратты? Уайымменен ішқұса боп таң атты. Безіп кетсем қайтер екен бәрінен, Қарғып мініп айдалаға, торы атты. Күйбеңімен тіршіліктің күн өтті, Жылдар келіп, өлеңдерім түлепті. Жалға алған, жалғыз бөлме. Терезем. Жырым болып, тағы да бір түн өтті. Тағы да бір күн өтті...

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы