• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2011

Алысқа атылар жебе

Журналымыздың редакция алқасының мүшесі, белгілі қаламгер Мереке Құлкеновті алпыс жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!

Әдебиет аулында былтыр мен биыл алпысқа толғандар аз емес. Бұлар киелі сөз өнеріндегі белқұрдастар. Дидахмет Әшімхан, Нұрдәулет Ақыш, Серік Асылбек, енді міне, Мереке Құлкенов те алты ондықтың арығынан «Бісімілла!» деп аттап өткелі тұр. Орыстың бір жазғышы Андрей Нуйкиннің «Литературная газетада» айтқаны еске түседі: «Адам 60-қа келгенде ақ күміс шалған самайын қасып тұрып: «Немене, келіп қалғаны ма?!» дейді. 78-ге келгенде өз-өзіне деген құрмет сезімімен қасын керіп тұрып: «Ойпырмай, ә!» дейді екен. 80-ге толғанда күнтізбеге түйіле қарап, жазу толы қағаздың бетіне ашумен амалсыз еңкейеді». Алпыстан асқандарға ештеңе айта алмаймын, ал  алпыстағы ағаларым: «Немене, келіп қалғаны ма?!» дегенмен, олардың да көңілі тоқ. Таңғалса да табан ізі түскен бедерлермен бетпе-бет келсе, аты-жөнін көрер еді. Бұл – қаламды қару еткен азап пен ләззаттың көрінісі, бұл – кейінгілер үшін бағдаршам, баға жетпес байлық. Сосын отбасының түтіні түзу өрлеп, мылтықтан оқ атылмай тұрғаны да көңілге демеу.

Осылайша өзіне-өзі таңғалып, алпысқа келіп жатқан еңселі буынның ішінде Мерекенің тұғыры биік. Бұл – өз тұғырын азаматтықпен алған, қаламын намысқа қайраған жігіт. Ең алғашқы «Шарбақ», «Үрей», «Таң самалы» секілді шығармаларында жас жазушының кейіпкерлері қоғамдық қатынастарға сан қилы қарсылығын сездіретін, бұл – «қатып-семген» қоғамда әрең жүрген адамдардың бейнесі еді.

Екіншіден, Мереке «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүрген кездері қазақ қопаңдап-қопаңдап қоятын бір намыстың ұшына от тигізді. Бұған дейін «Қайрат» футбол командасы туралы атақты ақын Әбділда Тәжібаев:    ««Қайратым»  деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің» деп жырлаған-ды. Жас журналист жанкүйерлер жүрегіндегі намыс отын үрлеп, шекесіне «Спорт комитетінің назарына» деп шоңқитып, проблемалық мақала жазды, бұнда қазаққа етене аяқдоптың қазақ шешетін қыр-сыры айтылды. Оның ең бастысы – «Қайраттың» құрамында Сегізбаевтың ізбасар інілерін көбейтіп, қомандаға әкесінің қалтасына қарап емес, баласының доп тебісіне қарап алсақ деген темірқазық мүдде жатты. Көккөз тепкен допты қаракөз қазақ баласы да тебе алады деген ойды Мереке сол кездері ашып айтты.

Очерк – жауынгер жанр еді ғой ол кезде. Мерекенің Мәншүк Мәметова туралы очеркті жастар мен жасамыстарға қатты әсер етіп, терең ой салды. Мәншүкке оқ тигенде ол Күнге қарап қолын көтеріп тұрып, қара жерге құлайды. Күнді сүйген ару қыздың жарық дүниеге деген ғашықтығы, өмірге деген ұлан-ғайыр махаббаты еді бұл.

«Жалынға» кеп жас буынның жанашыры болды. «Дебютпен» шыққан талай көкөрімнің көңіл түкпірінде сәт сапар тілеп тұрған осы бір риясыз күлімсіреген жігіттің бейнесі мәңгіге қалды. Олар өздеріне даңғыл жол ұсынған қамқоршыны ұмытпайды. Бұл – зерденің ісі.

Адам құпияны іште сақтай білуімен Адам, Адам адалдықпен де, қараулықпен де Адам. Осы жерде Мерекеге ашпаған бір сырымды жайып салғым кеп отыр. Өткен күндер сөйлесе, ескі суреттер жылжып көз алдыға келеді.

...Баспасөз министрлігінде ақпарат құралдары және мерзімді басылымдар бас басқармасының бас редакторымын. Министр Алтынбек шақырып, бірден мәселеге көшті.

–  Мұхтар Шаханов Одаққа депутат боп кетеді. «Жалынға» бас редактор боп барасыз ба?

– Мереке отырған жоқ па, – дедім ойланбастан. Оның он жылға жуық орынбасар болғаны тайға таңба басқандай көз алдымда.

– Мен Сізді бара ма деп едім...

Сөз тәмам. Егер бара қалсам, алпысқа менен бұрын  толып отырған Мереке маған орынбасар боп істер ме еді деп бүгін ғана ойлап отырмын.

«Ана тіліне» келген тұста ол қаламын қайраққа тағы да қайрады – бұл жолы да өмірдің ащы шындығын айғақтай отырып, жоғарыға хат арнады. Америкаға оқуға барып келгесін қазақ тілінің мемлекеттік қолданыс аясын кеңейту механизмін дәлелдеп, «Ана тілінің» бірінші бетінде Елбасының атына хат жолдады. «Мерекенің хаты Парламентте қаралатын болыпты» деп қопаңдап-қопаңдап қалдық, бірақ мақаланың аты аталып, газет көтерген мәселе халық қалаулыларының талқысына түспеді. Бізде неге солай?

Мереке – баспагер. «Өлкеден» Халел Досмұхамед сынды арыстардың әруағын тірілтіп, мұрасын жаңғыртып, жарыққа шығарып жүр. Өлі әруақ алдында бұдан артық қызмет бола ма? Тәуелсіздігіміздің 10, 20 жылдығына орай біраз көкөрім тағы да Мерекемен қауышты. «Өлкеден» өлең, әңгімелері шықты. Әруққа айналған арыстар  мен әдебиеттің жас буынына қызмет етіп жүрген қаламдас дос осылай алты асуға келіп қалыпты. Ер-азаматтың көз алдыңда өтіп жатқан еңбегін көш ауып кетсе де жұрты ұмытпайды. Елге сіңірген еңбектің дәмі де тәтті.

Шығармашылықпен айналысып үйде жатқан кезім. Қалта телефоным шыр ете қалды. Мереке! «Қазақ газеттері» ЖШС-нің төрағасы. «Маған тез келіп-кетші, сөйлесетін шаруа бар» дейді. Такси ұстап жеттім.

– Мәскеуден «Роман-газета» шығатынын білесің. Біз де сондай проза журналын неге ашпасқа? Өзің қыр-сырын білесің ғой. Атауын не дейміз? Соны ойланайықшы. Қолың бос. Редактор сен болмағанда кім болады? – деп жымия қарады.

Оның қалауы – басылымда прозадағы үздік дүниелер ғана шығуы керек. Нұрлыбек Саматұлы үшеуміз көп пікірлестік.

–        «Үркер» болса ше?  – дедім мен.

–        «Жұлдыз» бар емес пе? – деді Мереке.

–        Үркер – жұлдыздың ең биігі әрі жарығы. Онда тек осындай шығармалар жарияланбай ма?!

Осыған тоқтадық. Әбіш Кекілбаев бастап, Төлен Әбдік, Әлібек Асқаров қостап, игі тілек, жылы лебіздерін білдірді. Әбекеңнің сондағы пікірі мынаған саяды: Ғарыш – шексіз. Ғалам – ұлан-ғайыр. Көкжиек көрініп тұр. Жаһан жалғаса бермек. Өмір – мәңгілік. Ғұмыр өлшеулі. Фәни мен бақи кереғар. Адам мен адамзаттың ара-жігі орасан.

Көзбен көрініп, қолмен ұстайтыннан бастап, сана түсініп, сезім түйсінгеннің бәрін сөз жеткізе алады. Бірақ қаншаға және қашанға дейін?

Бұл гәп ешкімді ешқашан енжар қалдырған емес. Бірақ дауысы қанша зор әңгімеші де көзден тасадағылар түгілі көз алдындағылармен түгел естілетіндей қылып, мәшһұрттаса алмайды.

Сондықтан да сөзге тәуелді мәдениет ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті деп жіктелуге мәжбүр болған.

Ауыз әдебиетінің сүлейлерінің тек өз ділмарлығына ғана емес, өзгелердің құйма құлақ зерделілігіне де тәуелді болмасқа шарасы жоқ.

Ал жазба әдебиет сүлейлері тек өз мәжілістерімен ғана емес, жер түбінде көзден тасада жатқандармен де, тіпті бұл дүниеге әлі  жарала қоймаған ұрпақтармен де көзбе-көз және сөзбен-сөз тілдесіп, ойласып-толғаса алады.

Бұл адам пікірінің қадымын ұзартып қана қоймай, жалынын күшейтіп, қарымын кеңейтіп, мағынасын тереңдете түседі. Жазбаша түрде тілдесе алатын қауым – қабырғалы қоғамға, әлеумет – іргелі мемлекетке айналады. Өнер өркениетке ұласады. Айтқанының аумағы ұлғайып, лебізі трактатқа, пікірі монографияға, хикаясы романға айналып, ой әлемі де, көз шоласы да кеңейіп, барша уақыт пен барша кеңістікке түгел ұғынықты және тартымды халық болып танылады.

Нәсілдік кемелденудің ұлағатты биігі – қай істе де толыққанды ұлт екеніңді таныта білу.

Ауыз әдебиетінде «Махабхарата», «Шахнама», «Иллиада», «Одиссея», «Манаспен» қатар тұра алатын «Қырымның қырық батырын» берген қазақ әдебиеттің алтын қазынасына «Абай жолын» қосты.

Жиырма бірінші ғасырды жетекші жанры роман болып табылатын іргелі кәсіби әдебиет екендігін даусыз дәлелдеп бастаған қазақ әдебиеті шығармашылық кемелденуінің шырқау биігі болып табылатын жаңа мерзімдік басылымды жарыққа әкелді.

«Үркер»  –  уақыт пен табиғаттың ең саф сипаттарын алдын ала айқын аңғарта алатын ең елгезек және елеулі самалалар шоғыры.

Жаңа басылым оқырман қауым жүрегіне жаңа шайқалған майдай шық ете қалар шынайы ой мен сезім дарыта алатын даусыз дарындарға ғана ықылас танытқандай!

Оның берік қақпасын биік Талғам күзетіп, табалдырығынан тек қапысыз танымал Талант қана аттай алғай!

Туысың жайлы, Тоғысың қайырлы болғай, жаңа «Үркер!»

Бұл сөз қай уақытта да «Үркердің» сары, қызыл, жасыл боп жанып тұрған бағдаршамы. Тоқтар Бейісқұловтың алғы сөзімен Б.Майлиннің «Оспан Олжабаевы» мен «Күлегеш жеңгейінен» бастап, Мархабат Байғұттың су жаңа әңгімелерімен жұрт мейірін қандыра бастағанымызда баспасөздегі жаңа басшылық: «Жазушыларға қаламақыны қайдан табасыңдар? Олар бәрімізді талап жейді ғой. Қызыл көтен қырғын сонда болады. «Жалын» болса саясиланып кетті. Жастарға қарай бұрайық», – деді. Құп алып, сол жолмен келеміз. Аяқ алысымыз жаман емес. Жастар именіп келеді, жарияланады,  «Дауыстың» дүңгіршегінен таба алмағасын жазылғысы келеді. Мекен-жайы жоқтары редакциядан сатып алып кетеді. Ең қиыны, елден келген жастардың рухани астанада тұрақты мекен-жайларының жоқтығы екен. Әйтеуір осылай біреуден ілгері, біреуден кейін, Интернеттен қалыспай өмір сүріп келе жатырмыз.

«Мавр дегеніне жетті» деген мәтелден бетер Шекспирден қалған сөз бар. Мереке дегеніне әлі жеткен жоқ. Ол ой үстінде жүр, болашақ шығармаларының композициясы мен сюжетін ойлап шарқ ұрып, финалына жете алмай жүр. Ол – қаламгер. Оның қаруы – қалам. Алтыншы ондықтан асқасын алысқа атар жебесі бар. Біз оған кәмілміз.

Қуандық Түменбай

325 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы