• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2011

Ақтаудағы Ақбұлақ

Күннің ми қайнатар ыстығына қарамастан жолға шықтым. Не болса да бүгін жетсем деген ойменен қонып, ертең кері қайту себебім – бүрсігүні жұмыс. Ауылға тіке көлік болмаса да, жайлап жақындай берейін, жазғы уақыт қой әйтеуір. Тоқтатқан көлігім Ақтауға дейін барады екен, мініп алдым. Ақтау – аудан орталығына қашық емес, он бес минуттық жерде орналасқан ауыл, тау төбеден түссең болғаны. Көзді ашып-жұмғанша құлаққа ұрған музыканың үнімен келіп те қалды. Шопырға жолақымды беріп, ауылға кіреберіс жолдан түсіп қалдым. Маған бұнан әрі тағы да көлік күтуге тура келеді. Әлі бір жиырма шақырымдай жол жатыр мен баратын жерге дейін. Жолдың келесі бетінде ауыл зираты –  шарт бойынша бар білер сабағымды айтып, бет сипадым. Өмір бар жерде өлім бар, олар да біздей болған, біз де олардай болармыз бір күні. Жаңадан көтерген құлпытастар да көбейіп келеді. Пенде болған соң өмірде жолаушымыз, мәңгілік ешнәрсе жоқ. Иә, ой құшағына батып сөмкемді арқалаған күйде жол шетіндегі қос тастың үстіне отыра кеттім. Желдің жоқтығынан тымырсық ауа таңдайымда сусып, жылып кеткелі қашан. Бір жақсысы, бұл ауыл ішсең шөлін қанбайтын, қысы-жазы тоқтамастан сылдырап, мөп-мөлдір таза әрі тұп-тұнық бұлағымен белгілі ауыл.

Ыстықтаған соң «қой» не де болса деп ауыл шетіндегі өзіме таныс бұлаққа жетіп, су ішіп, жуынып-шайынып, салқындайын дегендей жылдам жүрдім. «Шіркін, неткен ғажап бейне. Бір ертегідей екен. Мейірімім қанғанша судан жұтып жатырмын. Екі жағымнан бұлақтың екі көзінен мөлдір су қайнап ағып жатыр. Құдай-ау, бір кездерде осы бұлақтың нақ көзінде қоладан құйылып жасалған адамның қолының мүсіні мен қола бақыраш тұрушы еді ғой. Ағып жатқан қолдан сол бақырашпен су ішетін едік қой. Енді, міне, олар да қолды болғаны ма? Шынымен, өз қолымызды өзіміз шабу ма сонда? Түрлі-түсті металға кеткені ме сатылып. Не болса да кісінің қолымен істелген нәрсе екені көрініп тұр. Тым болмаса адамдар өз арттарын өздері жинап жүрсе өздері үшін ғой. Жолдың бойы болған соң адамдар соғып, су алып өтеді, бәрі де біледі, әсіресе, жаздыгүні. Біріншіден, бұлақ сол ауылдың адамдарына тиесілі екені еңкейген кәріден еңбектеген баласына дейін белгілі. Соған бір оң көзқарас болса ғой дейсің. Бұлақ табиғаттың тылсым күші, қайнар көзі емес пе. Экологияға байланысты Шыңғыс Айтматов бір сөзінде «Экологиялық проблемалар – ең маңызды өмірлік проблемалардың бірі ғой, өйткені әңгіме адам өмір сүрген ортасы туралы, болашақ ұрпақтардың өмірі тураы болып отыр», – депті. Иә, айтса айтқандай ақ екен. Тіршілік көзі су сыңсып ағып жатыр, тағы да кел дегендей. Көңілім қалған күйде жолға шықтым. Көңілімдегі өлеңге ұқсас ұйқастарды дереу қағазға түсіріп, оны да қоса жолдап отырмын.

Даусы жетіп құлаққа,

Ағып жатыр бұлақ та.

Мөлдіреген тау суын,

Сақтайық та жылатпай.

Құр-құрлайды  құрбақа,

Дыбыс беріп құрақ та.

Шолпысындай сұлудың,

Сылдыр-сылдыр бұлақ та.

Қысы-жазы ағады,

Ішсең шөлің қанады.

Қанғаннан соң шыдатпай,

Тісің зығыр қағады.

Аманат қып ұрпаққа,

«Бұлақ көрсең көзін аш».

Аға берсін бұлақ та,

Таза ұстайық бірақ та.

Мұрат Жексенов,

Тасқала ауданы,

Батыс Қазақстан облысы.

386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы