• Шежіре
  • 31 Наурыз, 2014

НАУРЫЗДАҒЫ ЫРЫМДАР немесе 3 000 жыл бұрын тойланған мерекенің тәрбиелік сырлары хақында

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері

Былтырғы Наурыз мерекесіне 1-2 күн қалған. Шымкенттегі «Айқап» деп аталатын мөлтек ауданында Нәзір Төреқұлов атындағы № 62 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Сол білім ордасының  оқушыларын мұғалімдері бастап көшеге алып шығыпты. Қолдарында сыпырғы, күрек. «Айқаптағы» орталық көшелердің бірін тазалап келе жатыр. Біз сүйсіне қарап тұрғанбыз. Осы кезде жанымызға жақындаған жігіт ағаларының бірі сөз бастады.

-Мұғалімдер де қызық халық. Көрдіңіз бе, ертең Наурыз мерекесі. Ал бұлар оқушыларға көше тазалатып жүр. Осы да тірлік пе?! Көшені тазалайтын коммуналдық қызметтің өз адамдары бар емес пе?-деді қасқайып қарап тұрып.

-Ағасы,-дейміз біз. -Наурыз қарсаңында біздің бәріміз жүретін, тұратын жерлерімізді осы оқушылармен бірге тазалағанымыз дұрыс. Бұл ежелден келе жатқан салтымыз. Сонда наурызға тазарып барамыз...

Айтып көрдік. Бірақ әлгі жігіт ағасына түсіндіре алмадық. Қазақтың ырымдарын ұқпады. Бізге «әркім өз міндетін орындауы керек» деген мәселенің төңірегінде таусылмайтын «лекциясын» оқып кетті.

Мәселенің мәнісі басқа жақта болатын.     

Қазақ ерекше халық. Табиғат тағылымдарын кие тұтады. Талай ғасырлардан бері халықтың арасында сақталып келе жатқан ырымдары бар. Мысалы, жыл сайын күн мен түн теңесетін күн-Наурызды атап өтеміз.  Ырымдарды еске аламыз. Соларға сенеміз. Әлгіндей тоңмойын жігіт ағалары болмаса бәріміз ырымдарымыз бен тыйымдарымызды аттап кете қоймаймыз. Әрине, оларды білсек...

Біз  көпшілікке пайдасы тиер деген оймен, қазақ этнопедагогикасының қайнар көздерінің бірі болып саналатын Наурызға қатысты ырымдар мен тыйымдарды    ой елегінен өткіздік.

Бірден айта кетейік,  Наурыз мейрамына қатысты ырымдар мен тыйымдардың  терең тәрбиелік сырлары бар. Мұны аңғару қиын емес.

Наурызға қарсы ауыл-аймақ тазартылады. Жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман болады деп ырымдайды. Шын ғой. Тазалық ең басты қазыналардың бірі емес пе?! Бұлақ көзін аршиды. Су таза, мол болса елдің ризығы емес пе?!  Адамдар жаңа, таза киініп, шашын алып, бойын тазартып Наурыз мерекесін тойлауға шығады. Мұнан асқан көрегендік бола ма?! Наурыз қарсаңында қазақ мойнындағы қарызынан құтылады. Мұның адамдардың арасындағы татулықты арттыруға қосатын өзіндік үлесі айтпасақ та түсінікті. Қазақ күнәсінен  барынша арылуға тырысады, тәубесіне келеді. Ал күнәден арылу мен тәубесіне келу адамгершіліктің  алғы шарттарының бірі деп ұғуымыз керек. Адамдар арасындағы татулық, бірлік, имандылық осыдан бастау алса керек.

Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдайды, «Қызыр түнін» күзетіп шығады.

Таң бозарып ата бастаған кезде, ауыл-аймақта үлкен-кіші демей биіктеу жерге жиналып, күнге қарап:

-Армысың, Қайырлы Күн - Ана!

Армысың, кеудесі түкті Жер - Ана!

Жаңа жыл, жарылқа, жарылқа!» – деп, күнге тәу етіп, бата жасайды.

Бата, тілек қазақ халқының асыл қазыналары. Алдағы күнге үміт артып, бата жасап жатсақ мұның несі артық?!

Наурызнамада сойылған Көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» - деп ырым етеді.

«Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» - деп ырымдайды. «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүр жара бастаған шыбыққа ақ бүркеді.

Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Аластау» рәсімін жасайды.

Ұлыс күні жауған қар «Ақшақар», «Нұржауды» деп аталады. Ол басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны.

Наурыз күні қарға түскен құмалық батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай қар бетінде қалса, көктем 40 күн кеш шығады, деп болжам жасайды. Ауыл ақсақаладары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген оймен бірін-бір «қымыз мұрындыққа» шақырады.

«Саумалық» ырымы бойынша, әрбір отбасы Наурыз тойында:

 Саумалық, саумалық,    

Жаңа келген жақсылық.      

Жаңа келген мереке,      

Жаңа келген береке.        

Көрмедік пе, көрдік пе?

Саумалық, саумалық,                                                                                     

Сүт көп, көмір аз.     

«Өмір көп, өлім жоқ! – деп, үйдегі ескі ыдысты сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасайды.    

Егер Наурыз атап өтілген түні қой малы қораға алшаңдай басып еркін кірсе, көктем ерте туады, деседі. Егер күн шыққанда түсі күңгірт тартып, солғын шықса, ол жылы жауын-шашын көп болады, дейді. Егер күн сәулесі шапағын төгіп, рауандап шықса, ол жылы молшылық болады, деп ырымдайды. Ұлыс күні күн оттай қызарып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, деп болжайды. Егер күннің түсі сарғыш қызғылт тартып, ыстық лебі бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық, далалы жерлерде өрт болуы ықтимал, дейді. Шолпан жарқырап шыққан жылдары көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі.

Жоғарыда айтылған ырымдар мен тыйымдар көбінесе дәл келіп жатады. Себебі, олар ғасырлар бойы табиғаттың тылсым сырларын байқап, бақылаудан кейін халқымыздың этнопедагогикасына мықтап еніп қалған. Ал кейбіреулері біздің сал-дәстүрлеріміздің дәрежесіне көтерілген. Рас, Наурыз мерекесіне қатысты ырымдар мен тыйымдардың арасында Ислам дініне дейінгі Заратуштра дінінен бері келе жатқан жоралғылар да кездеседі. Бұл Наурыз меркесінің ең көне мейрам екенін  дәлелдейді.

Наурызды негізінен қай заманнан бастап тойлаған? Мұны болжауға болады. Ол үшін біз әңгімені бір ауық Заратуштраға қарай бұруымыз керек.

Заратуштра адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбарлардың бірі. Ол адамзаттың алғашқы діни және философиялық танымының негізін қалаушы ғұлама, ақын. Платон оны бақсылардың ұстазы деп санаған. Заратуштраны зерттеуші орыс ғалымы Л.А. Лелеков: “Гректер өз жүйелерінің Заратуштрадан бастау алатынын мақтан еткен. Заратуштраның туған жері, өскен елі, ілімінің мән-мазмұны мен таралған аймақтары, кіші “Авеста” кітабындағы жыр үлгілерінен шамалауға болады. Заратуштраның төл туындысы – гат қағидалары туралы мәселелер ғалымдар арасында қызу пікірталастар туғызды. 

Заратуштра тарихта шын мәнінде болған тұлға деген тұжырым жасалады. Тарихи деректердегі Заратуштра Виштаспа сарайына солтүстіктен келді деген мәліметтер Бойстың “Заратуштра Еділдің шығыс беткейлеріндегі азиялық далада өмір сүрді” деген тұжырымдарына сәйкес келеді. Соңғы ғылыми пікірлер бойынша, Заратуштра осыдан 3000 жылдай бұрын, Еділ өзенінің шығыс жағалауындағы Ұлы Тұран жазығында, яғни қазіргі Батыс Қазақстан аумағында өмір сүрген болуы мүмкін. Ол киіз туырлықты сипаттама ұлысында, Поурушаспа деген малшының отбасында дүниеге келген. Кез келген көшпелі жұрттың өкілі тәрізді Заратуштра да табиғат құбылыстарына табынып, бала күнінен адам мен ғаламның, болмыстың сырын ұғуға, абсолюттік ақиқатқа (Жаратушы иеге) жетуге талпынады. 30 жасқа толған шағында, көктемгі теңесу сәті – Наурызды қарсы алған күннің ертесіне Заратуштра әлемді жаратушы құдірет иесі – Ахура Мазда құдайға жолығады, деген әңгіме айтылады.

Содан кейін Заратуштра ақыл-білімге кенеліп, жаратушы Жалғыз Иенің ақиқат сөздерін жұртқа тарата бастайды. Бұл Будданың жер бетіне келуінен – 1000 жыл, Иса пайғамбардың келуінен – 1500 жыл, ал Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Жаратушыдан Құран Кәрім аяттарын қабылдауынан 2000 жыл бұрын болған оқиға еді, деседі ғалымдар. Заратуштра пәниден өкінішсіз өтіп, бақидың рахатына кенелу үшін адамзат баласына “ізгілікті ойға беріл”, “ізгілікті сөз айт” және “ізгілікті іс тындыр” деп үш шарт қояды. Кесапаты көп, қиянаты мол пенделер болашақта дозақтың отына шарпылып, қиямет-қайым күй кешетінін ескертті, тайпаластарын әділеттілік пен қанағатшылдық жолына үндеді.

Заратуштраның уағыздарын ен даланы еркін жайлаған көшпелі жұрт қабылдай алмады. Оның өзін қуғындап, өміріне қауіп төндірді. Еділ бойын тастап қашқан дала пайғамбары Бактрия елінің (қазіргі Түрікменстан, Ауғанстан аумағы) билеушісі Виштаспа патшаны барып паналайды. Патша оның уағыздарына ұйып, ақыл-парасатына тәнті болады. Осылайша Заратуштра ілімі Бактрия арқылы ежелгі Иранға тарайды. Арада бірнеше ғасыр өткен соң Заратуштраның діни-мистикалық уағыздары мен дұға-өлеңдері жинақталып, жүйеленеді де, “Авеста” деген атпен көне парсы тілінде кітап болып шығады. Адамзаттың алғашқы ұстаздарының бірі жөнінде неміс философы Ф.Ницше, “Заратуштра осылай деген” атты филос. толғау жазған.

Міне, Наурыз мейрамы қай кезден бастап тойлана бастаған!  Осыдан шамамен 3000 жылдай бұрын!  

Бәлкім, Наурыздың негізін салған сол  Заратуштра пайғамбар шығар? Ол қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүргендіктен бе, қайдам, әйтеуір Наурыз меркесін тойлауды халқымыз арада қаншама мыңдаған жылдар өтсе де ұмыта қойған жоқ. Оны Заратуштра дінінен кейін келген шаман діні де, ең соңғы Ислам діні де халықтың жадынан шығарғысы, мүлдем ұмыттырғысы келді. Бірақ халықтың сал-дәстүрімен сіңісіп кеткен мереке ұмытылмады. Наурызда жасалатын жоралғылардың бәрі болмағанымен, негізгілері сақталып қалды. Ал ырымдары мен тыйымдары өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Сондықтан біз қазір Наурыз діни сипатынан айрылған жалпыхалықтық мереке, табиғаттың өзі сыйлаған Жаңа жыл деп жүрміз.  

 

 

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы