• Мәдениет
  • 11 Наурыз, 2014

«Бізге рөлді біреу ойнап бермейді» М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актерлері Р.Сенкебаев, Е.Тұрыспен сұхбат.

 Руслан СЕНКЕБАЕВ, актер. 

1978 ж. Алматы облысы, Шелек селосында дүниеге келді. 1985-1995жж. А.Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатында оқыды.1993-1995жж.Ш.Құдайбердиев атындағы театр студиясында «драма актері» мамандығына дәріс алды.1996-2000жж. Т.Жүргенов атындағы Театр-Кино институтының театр факультетінің «драма және кино актері» мамандығы бойынша оқып бітірді.Өнер жолын СҚО С.Мұқанов атындағы музыкалық драма театрында бастап, сол театрдағы берілген рольдерін сәтті шығарды. 2004 ж. бастап М.Әуезов драма театрында енбек етеді.

 

TurusЕлжан ТҰРЫС, актер.

1987 ж.  Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында дүниеге келді.2005ж. Қазақ Ұлттық  Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсіп, 2009ж. актер мамандығына ие болды.  Сол жылы радио саласында, дубляжда жұмыс істеді.2010ж. М.Әуезов атындағы  академиялық драма театрының  актерлік құрамына қабылданды.

Сахнадағы негізгі рольдері:

М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Жапал, Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!..» комедиясында Рома, Т.Нұрмағанбетовтің  «Бес бойдаққа бір тойында» Жарбол, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншегінде» Кезбе, т.б.

 «Мың балада» Қымызшы (реж. А.Сатаев,«Қазақфильм» рөлін сомдаған.

 

–Елжан, өнерге қалай келдіңіз?

–Мектеп жасынан өнерге ынталы болдым. Мұғалімдеріміз қандай шара болмасын маған тапсыратын. Бұдан бөлек "Қыз Жібек", "Менің атым Қожа" фильмдерін көріп өстік... Ең қызығы біздің ауылда Бейімбет Майлиннің "Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" атты кино түсірді. Сол кезде осы Әуезов театрының бүкіл актерлері қатысты. Ауыл баласы мен сол кісілерге ауылдан ат жинап беріп, ары бері шапқылайтын жұмыстарына көмектестім. Актерлікке деген қызығушылығым одан ары арта түсті. Түсірілім арасында актерлер әңгіме айтып отырады, аузымыз ашылып тыңдап тұратынбыз. Міне, сол арманның жетегінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына Қазақстаның еңбек  сіңірген әртісі Рашида Хаджиева апайымыздың курсына қабылданып, оқып бітірдім. Курста оқығандардан екеуміз ӘКЕМтеатрда жұмыс істеп жатырмыз.

- Қоғамда аға буын жастарға мүмкіндік бермейді деген түсінік бар?  

Руслан Сенкебаев:

–Қазақта "миың төбеңде болып, ақылың төменде болса пайдасы жоқ" деген сөз бар. Бірінші кезекте әрбір адам өзіне жауап беруі керек. Ал жалпы қоғамдық сана аға буынның көрсеткен өнегесімен қалыптасады деп ойлаймын. Сондықтан, алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай ыңғайланады ғой. Біздің қоғамдағы өкінішті жайт – ол жастарды тәрбиелеуге бағытталған ортақ идеологияның жоқтығы. Тіптен, жастар өздеріне лайықты идеал болатын тұлғаларды таба алмай қалады.  Қазіргі ғаламтор деген бәлеге жастар жабысып қалды. Интернетте жақсыдан гөрі жамандықты үйрететін дүниелер көп. Менің идеалым − Ерлан Біләлов. Мен ол кісіге жастайымнан еліктеп өстім. Қандай азамат?! Ақыл да, келісті, келбеті де бар жігіт. Бұдан бөлек Досхан Жолжақсынов пен Тұңғышбай Жаманқұлов та менің идеалдарыма айналды. Бірақ қазақ жастарына мұндай идеал болатын адамдардың санаулы болғаны өкінішті.

Елжан ТҰРЫС:

–«Театр киім ілуден басталады» дейді. Әуезов театрынның табалдырығын аттағалы бері өнердің талай саңлақтарына кездестік. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Құман Тастанбеков, Есмұхан Обаев сынды тарландар, Тұңғышбай Жаманқұлов, Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда тағы да басқа ағаларымыздың тәрбиесін көріп келеміз. Бұндағы алдыңғы буын жастарға жол беріп, мүмкіндік жасауға әзір тұрады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет  қағидасы жақсы сақталған. Мен аға буын жастарды аяқтан шалады дегенге келіспеймін. Біз аға-апаларымыздың алдын қия кеспейміз. Ешқандай ренішім болған емес. Осы сахнада 23 жыл жүрген "Бес бойдаққа бір той" деген қойылым бар. Мен сондағы кенже бала Жарболдың рөлін сомдадым. Бұған да сол кездегі Есмұхан Обаев бастаған  ағаларымыз  көмектесті.

−  Дәл қазіргі қазақ қоғамындағы замандастарыңыз жайлы не айта аласыздар?

Руслан Сенкебаев:

–Қазіргі жас буын интернет пен батыс киноларындағы кейіпкерлерге ұқсағысы келеді. Олар қазақтың менталитетіне келе бермейтін бейнелер. Сол үшін де қоғамымыз біртұтас ұлттық идеологияға зәру болып отыр. Идеологияны жасауға тиісті тарапқа шындықты айтып, шырқырасаң жақпайсың. Қоғамдық сана сүттей іріп, ұлттық болмыс құрдымға кетіп бара жатыр. Уақыт өткен сайын бұл қиындықтардың арта түсетіні алаңдатады. Театр актерлері қоғамның қасіретін сахна тілімен ғана емдей алады. Ал театрға келетін жастардың қарасы аз. Мысалы, "Абай", "Гамлет" қойылымдарының тәрбиесі зор. Мен кейбір  замандастарымның не істеп жүргенін түсінбеймін. Біреулері дінге фанат болып кеткен. Тіптен Сириядағы соғыста жүр біздің қазақтар. Масқара ғой! Бір Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Алайда дінді ұлттық салт-санамызға сай ұстануымыз керек қой. Біреулер: "өнер деген харам",−  дейді. "Образға кіріп, тағдырлы рөлдерді сомдау күнә" деп есептейтіндер көп екен. Сонда біз ұлттық мәдениетіміз бен тәрбиемізді қалай сақтап қалмақпыз. Қазақты өлтірмей келе жатқан өнер ғой. Арамыздағы біраз талантты, танымал актерлер намаз оқып, Аллаға құлшылық қылады. Егер олар өнерден кетсе, орындарының ойсырап қалатыны анық. Ислам жолын ұстанамыз деп жаппай арабтанудың бізге керегі қанша. Сол үшін дін жолында адасып жүрген жастарды аяймын. Олардың өміріне, таңдауына қол салуға қақым жоқ. Алайда, "әр қазақ − менің жалғызым" дегендей ұлттық болмысты бәріміз бір кісідей ат салысқанда ғана сақтап қала аламыз. Әрбір жас дүниетанымын кеңейтіп, білімін жетілдірсе деген тілегім бар. Біздер өзіміз оқып білмей, көзімізді жеткізбей әрнеге әуестеніп жүреміз.

Елжан Тұрыс:

− Жаңа технологияның заманына дөп келдік. Алайда, мен, өмірін руханияттан бөліп алып, техникалық заттарға телмірген құрдас-замандастарымды аяймын. Біздің бала күніміз ауылда өтті. Тіптен қол телефонды 3-курста қажеттілік туындағандықтан ұстадым. Бірақ қазіргі жастардай күні бойы шұқшиып, интернет ақтарып, әлеуметтік желідегі бос әңгімеге салынғам жоқ. Мен өзіме керекті ғаламтордан гөрі кітаптан іздегенді ұнатамын. Қазіргі қоғам ұлттық құндылықтардан қожырап, батыстық "мәдениетке" бой алдырды. Театр олар үшін ескі дүние болып барады. Сол үшін руханияттың қадірін түсінетін біздер қоғамды ұлттық қасиеттермен қайта қауыштыруға, қазақы болмысқа сай тәрбиелей алуына                        күш салуымыз қажет. Әрине, бұл тұрғыдан ұлтжанды азаматтарымыздың басын біріктіретін мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама болса деген ойым бар. Өнерді түсінетін жастар жоқтың қасы. Екі құлағына құлаққап (наушник) тығып, батыстық әуендерді тыңдап жүр. Ана тілінде сөйлемей, орысша тіл бұрайтындықтары тіптен күйіндіреді. Біздің әулетімізде іні-қарындастарым түгел қазақша сөйлейді. Сонан кейін тағы бір қарын аштыратын дүние − менің замандастарым ішімдікке салынып, темекінің түтініне көміліп жүр. Түсінбейтінім, арақ ішіп, темекі тартқанның қандай ләззаты бар?! Бұл мәдениет пе? Денсаулыққа пайдалы дүние ме? Жоқ, керісінше, тектіліктің тамырына балта шабатын қасірет. Кейде осындай жағдайға қайдан, қалайша тап болдық деп ойлаймын. Мен өз басым арақ ішіп, темекі тартқан емеспін. Бірақ, достарыммен арақ-шарапсыз да көңілді әрі мәнді сауық-кештерді бірге өткізіп келемін.

–Актер болмағанда кім болар едіңіздер?

Руслан Сенкебаев:

− Мен актер болмасам, заң органдарында жұмыс істейтін едім. Бір кездері басқа қызметтерді де істеп көрдім. Алайда театрдағыдай ортаны таба алмайсың. Ал басқа қызметтегі түсінік, сыйластық қарым-қатынасты сахнамен салыстыруға келемейді. Кейін театрға қайтып келгенімде Есағамыз, Есмұқан Обаев маған: "Руслан, халықтан қарғыс алмайтын жұмыстарды көріп жүрсің. Өнерден басқа алғыс алған қандай қызметті көріп едің?!" деп сұрады. Расында да, адал болсаң,  өнер азаматын өлтірмейді.

Елжан ТҰРЫС:

Кішкентай кезімде сақшы болғым келетін. Өңім сары болған соң әскери киім де құп жараса кететін. Содан бір күні көршіміздің дүкеніне ұры түсті. Ауылдың милициясы балалардың бәрін жинап, сұраққа тартты. Кішкентай кезіміз ғой. Қатты қорықтым сақшыдан. Күн де келіп "дүкенді тонаған сенсің бе? Сен болмасаң кімдер екенін айтып бер" деп  сұрай берді. Тіптен, дүкеннің қожайыны ақша берем, ұрыларды айтып бер деп қыстады. Содан қорқып кетсем керек. Сақшы болуды біржолата ұмыттым. Ал, актерлік өзге салаға ұқсамайтын бөлек өнер ғой. Қиыншылғы өте мол, еңбекті қажет ететін сала. Мен актерлікті басқа мамандықпен айырбастай алмаймын.

Басты жұмысым − театр. Әр күнімді, қандай рөлді ойнайтынымды да театр басшылығы белгілейді. Жеке шығармашылықпен айналысуды репертуардың уақытына қарай орналастыруға міндеттіміз. Осыған дейін спектакльден тыс бірнеше телесериалға түстім. Бұнда үлкен рөлдер болмаса да, эпизодтық рөлдерге түстім.  Еларнаның "Оян.кз" бағдарламасында тележүргізуші болып істеп жүрмін. Арасында қазақ болған соң тойларға шығып тұрамыз (күлді). Сондай тойлардың бірінде талантты журналист Қымбат Досжан апайымызды кездестіріп, ол кісі таңғы бағдарламаға тележүргізуші болуға шақырды. Әрине, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, опера жұлдызы Майра Мұхаммедқызымен бірге отбасылық хабарды жүргізу арқылы көп нәрсені үйрендім. Сондай-ақ, мен үйдегі тәрбиенің көбін Бекжан ағамнан алдым. Отбасымдағы ұстазым. Ол кісі менің кіші әкем болғандықтан, әрине, көмегі көп тиді. Ал театрдағы рөлдерді маған Бекжан Тұрыс ағам таңдап бере алмайды. Әрбір актерге тиесілі рөлді театр басшылығы, көркемдік кеңес бекітеді. Маған сай келмейтін рөлді, мен үшін, сахнада Бекжан Тұрыс ойнап бермейді ғой. Ол кісі тәжірибелі актер болғандықтан, үнемі кеңесін тыңдап тұрамын. Театрға жаңа келген жас маманға үлкендердің ізеттілікпен қарайтын қағидасы бар. Мәселен, мен алғаш жұмысқа келгенде, Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, Асылбек ағаларымыз көп дүниені үйретті. Адам болған соң, өмір болған соң жеңіл сөздердің айтылып жататыны бар. Сондықтан Елжанды Бекжан өнерге баулуы мүмкін, бірақ оның төріне шығара алмайды. Мен өнердің биігіне тек қана адал еңбек, маңдай теріммен жете аламын. Қандай рөл болса да, ол спектакльдің бір бөлігі. Арманнан гөрі алдыңа мақсат қоя білген тиімді сияқты. Азамат Сатыбалды ағамыздың: "көрерменді мойындатудан бұрын әріптестеріңді мойындату ең қиын" деген бір сөзі бар.  Расында да, көрермен − театр қонағы. Ал, актерлер сахнаның киесін сезінетін иесі.

 

 

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы