• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2011

Менің кіндік шешем

Гүлмира Сүйекенова

Атырау қаласында тұрады. Ақын, көсемсөзші. «Үркер-Үміт» бәйгесінің жеңімпазы. «Алтын орда» газетінде қызмет істейді.

Сонау соғыстың сұрапыл жылдарында жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, атақоныстарынан еріксіз көшірілген 40-қа тарта ұлт өкілдері осы бір алақандай ауылдан тұрақ тауып, егіншілікпен айналысты. Соғыс аяқталған соң еріксіз жер  аударылған өзге ұлттар өкілдерінің кейбірі кейін ақталып, туған жеріне   кетсе, кейбірі Атырау қаласынан 75 шақырым  қашықтықтағы Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай ауылында қоныстанып қалды. Күні бүгін 31 отбасын құрайтын 10-нан астам әртүрлі ұлт өкілі өлкемізде. Олардың арасында орыс, неміс, болгар, кәріс, грек, татар, т.б. бар.

Біздің халық жатты жатырқамайтын, жатсынбайтын  бауырмал   халық. «Таспен ұрғанды аспен ұр», «кекшіл болма, көпшіл бол» дейтін кешірімшіл де,  кеңпейілді де біздің қазекем. Күні кеше ғана Алматыдан келе жатып, жолда бір түріктің Диляра есімді қызымен таныстым. «Тегім түрік болғанмен, қырғыз елінде тұрамын, жолдасым және бір қызым бар», –  деді әлгі қазақ тілінде. Тұтығатыны болмаса, қазақ-қырғыз-түрік   тілдерін еркін меңгергені көрініп тұр. «Ол жақта жағдайларың қалай?» деп сұрағаным сол еді, сайрай жөнелді. «Ой, сен сұрама, мен айтпай-ақ қояйын. Қантөгіс  болған жерде не тірлік, не күй бар  дейсің, бұйыртса осы Атырауға келіп қоныстанатын ойым бар», – деді. «Е-е, бізге келем деушілер легі әлі де бар екен ғой» деген ой қылаң бере қалды.Алла қаласа, өзге елмен де тереземізді теңестірерміз-ау, тек қазақты кеңдігінен айырмасын.  «Кең болсаң, кем болмайсың»!  Жаратқан да бізге тыныштықты осы кеңдігімізге қарай беріп  тұрған шығар, кім біледі...  «Қайғысызға қара су да ас» дейтін қазақ үшін байлық та, бақ та ынтымақта...

Сан дәстүр, сан тіл сайраған,

Қазаны бірге қайнаған.

Тату ел, сұлу табиғат,

Шомылған  нұрға айналаң.

Арқалап жүктің ауырын,

Тер сіңген менің қауымым.

Сағынбау сірә мүмкін бе,

Ауылда болса тамырың?! – деп жүрегіммен жырлап жүрген менің де туып-өскен,  кіндік кескен жерім – осы Сарытоғай. Кезінде қазақ жеріне тағдыр желі айдап  әкелген олар небір қиын-қыстау кезеңдерді бірге өткізіп, бір нанды бөлісіп жеді. Сонау бір аштық, соғыс жылдарында, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңін айтпағанда, кешегі қиюы қашқан тоқсаныншы жылдарда да олардың татулықтарына сызат түскен жоқ. Солардың бірі  Нигайлар отбасы. Ұлты – кәріс. Қазақшаңды судай сапырады. Тіпті дәстүріміз де оларға таңсық емес. Қазақ арасында көптен тұрса да өз дәстүрін сақтап қалған. Ана тілін ұмытыңқыраған. Өйткені үнемі орысша-қазақша  екі тілде сөйлейді. Тілімізді ұзақ жыл ауруханада  қызмет ете жүріп меңгеріп алған. Айтпақшы,  Люба апай (біз осылай атаймыз, негізі Любовь Федосеевна Нигай) – осы ауылдағы 2 ұл, 2 қыздың кіндік шешесі. Соның бірі – өзім. «Гүлмира» деп атымды атамай  «қызым»  дейтін мені. Сәл көзінен таса кетсем, «менің қызым көрінбейді ғой» деп іздеп жүреді. Үйіне шақырып, шәй әзірлеп, шарбағындағы түрлі-түсті  әдемі гүлдердің ішінен таңдағанымды жұлып беретін. Тіпті мен тұрмысқа кетерде де жасауымды дайындауға көмектесіп, той дастарханына әртүрлі кәріс салаттарын әзірлеп берген болатын.

Бірде жездем менен (ол кезде 3-ші сыныпта оқитынмын):  «Осы сенің кіндік атаңның аты кім?» – деп сұрағаны бар. «Есімі – Арыстан, фамилиясы-Лев» деген менің жауабымды естігендер күлкіге қарық  болыпты.

Иә, ауылда неше түрлі хикаялар болды-ау. Бәрін тізуге уақыт  та, қағаз да жетпес. Сонда да тағы бір-екеуін айта кетейін.

Магомед дейтін шешен ұлтының өкілі де бізбен көрші тұратын. Оның Саша, Алеша есімді екі ұлын әкем кішкене кездерінен балық аулау кәсібіне әбден үйреткен. Өсе келе өздері-ақ Жайықтан несібелерін тауып жүрді. Әке-шешесі балық жеген сайын әкемді ауыздарына алып отырады екен.

Бірде анамның қызмет етіп жүрген дүкеніне ұры түсіп, үй іші әбден қиналды. Әкем ұрыларды іздестіре бастады. Өйткені ол ауылдың учаскелік инспекторы еді. Қылмыскерлер 2-3 апта ғана айласын асырды. Алайда  қылмыс Алешаның көмегімен ашылады деп ешкім ойламаған. Сондағы әкемнің «жақсылыққа жақсылық қайтара білетін, достыққа адал ұлт екен» деп риза болғаны әлі күнге дейін есімізде.

Бұлардың ішінде достық түгілі қыз алып, қыз берісіп, құдандалы болып кеткендері қаншама. Солардың бірі – Боброва Роза апай. Ұлты – татар. Ауылдағы озат егінші. Қазір зейнет демалысында. Қазақтан келін алып,  Аида, Лаура есімді екі немере сүйді.

Алғашында бойжеткеннің әкесі  «татар бар жерде  қатер бар, өзге ұлқа қыз бермеймін, қайтсең де қаны басқа» деп қарсы шыққанмен, ауыл-ел болып ақыл қосып, жөн білетіндер батасын беріп, әупірімдеп келісті-ау әйтеуір. Бауыр еті баласының бақыты үшін неге бармайды  адам. Қос ғашық Федя мен Жансұлуды  қазақтың салты бойынша кенже ұл болған соң шаңырақта қалдырды. Той үстінде  Роза апай  «Дудар-ай» әнін нақышына келтіре, орындап берді.

Ерте тұрып шайын қайнатып, малын өріске жіберіп, отбасының ұйытқысы бола білген ибалы қазақ келініне  ене де, күйеуі де риза. Түтін түзу ұшты. Бір шаңырақтың ғана емес. Бір ауылдың. Олар бақытты.

–        Бақ, қайда барасың?

–        Ынтымаққа!..

Әйтсе де менің кіндік шешеме ешкім тең келмейді.

518 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы