• Білім-ғылым
  • 25 Желтоқсан, 2013

Ғұмар Қараш және «Бала тұлпар»

 Ғазиза ТӨЛЕГЕНОВА   

1979 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының Шолаққорған аулында дүниеге келген. 2000-2005 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Филология факультетінде білім алған. Қазір аталған жоғары оқу орнының 2-курс магистранты.

Алашшыл әдебиет өкілдерінің бірі Ғұмар Қараштың жарық көрген өлеңдерінің тақырыбы әр алуан. Ақынның «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Тұрымтай» (Уфа, 1918)  деп аталатын жинақтарындағы өлеңдерінде заман, өмір, дін-шариғат, адам мінез-құлқы, табиғат, махаббат тақырыбында толғанып қана қоймай, патша үкіметінің отарлаушылық саясатын, жергілікті әкімдердің екі жүзділігін сынап, халыққа адал қызмет етуге үндейді. Өз тілі мен дәстүрін сақтай отырып, ғылым, білімге ұмтылуды, мәдениетті елдерден үлгі алуды насихаттайды.                   

         Ғұмар Қараштың 1911 жылғы «Бала тұлпар» деп аталған өлеңдер жинағы Уфа (Үпі) қаласындағы «Шарқ» баспаханасында басылған. Бұл жинақтың таралу жағдайы қиынға түскенге ұқсайды. Сол уақыттағы хаттар мен деректерге сүйенсек, медресе Ғалияда оқып жүрген жастар «Бала тұлпарды» таратуға рұқсат ала алмай біраз әуреге түскен көрінеді. «Айқап» журналында (1911, № 12) «Бала тұлпар» туралы мынадай хабар басылған: «Ғұмар бұл жолы кітапқа «Ғ.Қ». деп қол қойған. «Ғ.Қ» әфендінің «Бала тұлпар» атты жыр кітабы осы мезгілге дейін қазақша шыққан жырлардың ішінде жақсыларынан... Қазақтың бұрынғы уй бұ күнгі тіршілігін сөйлеп, білім, өнер жолына қызықтырған бір кітап болып үлкен аға, кіші інілер әр қайсыңыз  алып оқуыңызды мақұл көреміз. Ғ.Қ  әфендінің  бұдан бұрынғы кітаптарына қарағанда оқу үшін бұнысы жегілдір. Өзі 38 бет болғанда да бағасы жекелеп 10тиын, почтаменен 12 тиын, Троискі уә басқа шахарлар кітапханаларында  сатылады...». Алайда «Ғ.Қ» деген бүркеншік есімнің сыры толық ашылмағандықтан көпке дейін бұл кітаптың авторы да беймәлім болып келген.

       Сонымен «Бала тұлпар» жинағында ақын өлеңдері «Замана жайынан», «Бұрында бір қазақ қартының керуенмен Бұқар барғандағы көргені», «Сырым батыр», «Кемелбектің жырларынан алынған», «Өмір», «Көңіл», «Талап» деген тақырыптармен берілген 8 бөлікті құрайды.     

       «Замана жайынан»  деген өлеңі екі бөлікті құраған тарихи тақырыптағы туынды. Өлең ұзақ, бірінші бөліктің өзі он бөлімнен, екінші бөлік он бес бөлімнен тұрады. Ақын мұнда алдымен ер қазақтың бақытты шағын, хандарын, ақсақал билер мен батырларын, шешен, ғалымдарын еске алып, «Еңіреген ерлер бар еді Елдің қамын ойлаған» дей келе, қазақ халқының өткен дәуірлердегі елдік, ерлік салтын, бағзы әдет-дағды мен сән-салтанатын, ел қамын ойлар ерлер мен береке-бірлікті аңсай еске алады. Одан әрі заманның, кісі құлқының бұзылуын, екіжүзділік пен мейірімсіздікті, жікке бөлінушілікті сынға алып, заман азғанын, қазақтың бағы қайтты деп қапалана жырлайды.     

       Ақын өлеңінің бір тұсында:

Ойлап тұрсам бұ күнде

Біздің халықтан жаман жоқ.

Іске аспайтын надан көп,

Өнерлі, білгір адам жоқ,–

деп күйініп, күреске шақырады. Негізінен Ғұмар Қараш өз шығармаларында, А.Исмаиловтың айтуынша, «қазақ халқының мемлекеттілігі және қоғамдық қатынастарды тиімді реттеген заңдар жүйесі болғанын айқын дәлелдейді. Ол қазақ халқы хандық мемлекеттілік құрған дәуірде халық пен елде саяси билік жүргізетін адамдар тобы арасында ынтымақтың зор болғанын дәлелдейді» (Қазақтың азаттығын аңсаған//Ұлағат.–2000, №6). Мұнысы ақынның «Замана жайынан»  өлеңінің екінші бөлігінің екінші бөлімінен айқын байқалады:

Кеше бір өткен заманда,

Біздің қазақ теп-тегіс

Толықсып тұрған шақ еді.

Еділ, Жайық арасын

Көше-қона жайлаған,

Шалғынына бие байлаған,

Еркін қоныс, қалың ну

Бетегелі көк орай

Баса қонған байларым

Дәулеті асқан уақ еді.

Асыл, сойлы хандардай

Аса жүйрік билері.

Шаңқан ақ боз үйлері.

Шалқып жатқан сулары

Сынын түгел толтырып

Айтарға тілім жетпеген

Әр кезде естен кетпеген.

Қызықта кешкен күндері

Қазағымның басына

                              Біріқ-ақ қонған бақ еді.

       Жалпы, «Замана жайынан» өлеңі ер қазақты мақтап, текті хандар мен батырларын еске алумен басталып, соңында надандықтан құтылу үшін оқу-білімге шақырады. «Бастан дәурен кеткен соң, шырқ айналып бұ жалған»  деп адамшылдықты көксейді. Арасында «Болыстыққа таласып, жақ-жақ болып бөлінер», «...Бұның ұят екені, Байғұс надан қазаққа, қашан анық білінер» деп өз заманының күйін  сынайды. Одан әрі:

«Әкімдер азса не болар,

Іздегені жем болар.

Алымсыз төре бере алмас,

Арам жемей жүре алмас.

Кім берсе пара молырақ,

Соның ісі жөн болар

Бергенге есік кең болар

Бермесең  басың кем болар

Бергеннің аты «сіз» болар

Бере алмасаң «сен» болар.

«Иттен туған қазақ» деп

«Тарттырамын азап» деп

Қырлап айтқан сөзінің

Төркіні «маған бер»болар, –

дей келе,

«Ағайын азса не болар,

Ала бөтен жау болар, –

деп ағайынның бірлігін армандайды.

      Ақын бұл жинағында парақорлық, жалқаулық, білімсіздікті сынағанда өсіп келе жатқан жастарды білім алып, ғылымды меңгеруге, адамшылыққа, яғни, өтірік, өсек, еріншектік, зорлық сияқты зиянды құлықтан ада болуға шақырады.        

        Ғұмар Қараш бұл толғауында сол кездегі қазақтың ең ауыр халі жер мәселесін де ерекше сөз етеді. «Қазақ» газетіндегі (1916, №189) «Астрахан жері» деген ұжымдық хат-мақалада «Қазақ жерінің отарлануын және қазақ даласының талануының тарихын  мақсатына, уақытына, отарлаған  еліне қарай  екі дәуірге  бөлуге болады. Әуелгі дәуір – орысқа бағынғаннан бастап ХІХ  ғасырдың 80-жылдарының басына дейін. Бұл – атты казактардың пайдасына, әскерлік кісілердің пайдасына  деп   жер алу дәуірі. Екінші дәуір – өткен ғасырдың   80-жылдарының  аяғынан  патшашыл  өкімет құлағанға шейінгі дәуір. Бұл – қара шекпендер үшін жер алу дәуірі. Осы дәуірлеу тұрғысынан  көз салсақ, әсіресе Ішкі Орда /Бөкей/ қазақтарына берілген жер  7 миллион  десятина шамасында болып, мұның жартысы  пайдалы, жартысы құм, сор саналады... Закон жолында  Ішкі Орда қазағына  берілген жер қазына жері болып, уақытша ғана пайдалануға  берілген. « Жер қазынанікі» деген законға таянып, үкімет түрлі сылтау  көрсетіп, Ішкі Орда жерін тілкімдеп алып отыр...»деп жазды Ғұмар Қараш, Нығметолла  Ибрахимұлы, Сейіткали Мендешұлы, Ғабидолла Ахмедұлы.Осылайша, қазақ жерін қалағанынша тәркілеу, яғни, отаршылдық саясаттың шегіне жеткен осындай күрделі мәселелер Ғұмар Қараштың назарынан тыс қалмады.

       Ол өзінің діттеген мәселесін қара сөзбен де, өлеңмен де жырлады. Сондықтан да Ғұмар: 

                             Егер көзің ашпасаң, 

                             Аяғын қозғап баспасаң,

                             Жүректен шыққан шын сөзді,

                             Құлағына аспасаң,  

                             Күн ілгері қазағым! 

                             Амандас еркін қонысқа.

                             Желге,  күнге тигізбей,

                             Асылдан басқа кигізбей,

                             Әлпештеген аруың,                      

                             Тәжім тұтып иіліп,

                             Қызмет ете тұратын, 

                             Шарасыз халге ұшырап,

                             Бұйрығына бой сұнарын,

                             Іштен тұнып жыларын,

                             Анық біл, қазақ, анық біл,  

                             Көршілес халық орысқа..–

деген күдігін жасырмайды. 

        «Замана жайынан»  деген өлеңінің екінші бөлігінің төртінші бөлімінде қазақ жерін талан-таражға салған патша өкіметінің осы аграрлық саясатын ашына жырлаған ақын оны былай сипаттайды:

Шағаладай, шаңқан боз үйлер,

Бетегелі бұйра, ну жерлер

Бәрі кетті қазақтан,

Не дерге мұны болады?

        Осылайша, елінің тағдырын ойлап қамыққан ақын мал бағумен жанын баққан қазақ үшін бұдан асқан қайғы жоқ деген түйінге келеді. Ендігі жерде халқының болашағы қалай болмақ деп толғанады. Мұндай зарығулар тұтас қазақтың қамын жеп, ұлтқа қызмет етудің  өшпес те өлмес үлгі-өнегесін көрсеткен алашшыл әдебиеттің өкілдеріне тән құбылыс еді.  Расында да бұл жырлар, біріншіден, тарих тағылымынан сабақ алуға үңілдірсе, екіншіден, Ғұмар Қараштың ұлтына  деген адалдығын тануда да үлкен маңызға ие болды.    

       Түйіп айтқанда, Ғұмар Қараштың шығармашылығын зерттеу  С.Мұқанов, Е.Ысмайлов еңбектерінен бастау алып, тәуелсіздік кезеңде арнайы қолға алынып қарастырылып жүргені белгілі және өлшеусіз зерттеле береді де. Өйткені ХХ ғасыр басындағы алашшыл ақындардың бірі Ғұмар Қарашұлы мұралары дәуір өткен сайын өз биігінде жаңғыра түсетіні сөзсіз. 

911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы