• Әдебиет әлемі
  • 27 Қазан, 2011

«Мен сенің сөзің едім ғой, өз тіліңді өзің кестің...»

Жарас Сәрсек

1.09.2005

Үш ай жаз артта қалды. Балаларымыздың партаға отыратын күні де келіп жетті. Кім, қалай демалды?

Осы сауалға келгенде көпшілігіміздің тіліміз күрмеле беретіндігі ақиқат.  Біріміздің бала алдындағы жүзіміз жарқын, екіншіміздің маңдайымыз тершиді.

Біздің кезімізде ауыл баласы үшін жаздың үш айы дегеніміз – егіс даласында көзі жылтырап дән терумен, ертеңгі күнге азық, қор жинаумен өте шығатын еді. Әлі де солай. Еті пісе берсін, буыны қатая түссін дегенімізбен менің кейде ауыл баласына ементайым езіліп, аяушылықпен қарайтын кездерім бар. Әсіресе тұрмысы төмен отбасылардың балаларына. Олардың әлдебір қатарластары жұмсақ нанға сары майды еселей жағып жеп, жіптен жаңа шыққан мұнтаздай киімге оранып алып алшаң басады. Бай баласы үшін бұл қалыпты жағдай ғой. Ал Үсендердің жағдайы қалай? Солар туралы айтайықшы, солар туралы ойланып көрейікші.

Үсен өте ақылды. Арлы, намысқой өзі. Әйтпесе жыртық кебіс, тозған шалбармен мектебіне бармас үшін үш ай демалысында қиналып, еріні тілініп еңбек етер ме еді. Баламын деген жоқ, жер қопарып, құлақ бекітті. Кетпенінің жүзін күнге шағылыстырды, шалғысының жүзіне намысын қайрақ қылды. Айырына іліп арманын әуеге көтерді. Түнде ұйықтамады, шөп тасыды. Оның әні – арба дөңгелегінің шиқылы болды. Су сатты, сусын сатты. Аракідік тершіген маңдайын, суланған мұрнын жеңімен сүрте жүріп тыныққандай болды. Әне, оның сыныптас боқмұрын бір құрдасы бұған қолын бір бұлғап сужаңа көлікпен сауыққа асығып барады. Оның аты Асан. Үсеннің ұнжырғасы түсіп кеткендей болады осындай мезетте. Ит өмірдің кейде осылайша бала көңілінің астаң-кестеңін шығарып кететін сәттері аз емес.

Хош, сонымен өз табысына өзін киіндіріп, қағаз-қаламын түгендеп беріп ата-анасы, әне, баласын мектепке шығарып салып, есігінің алдында елжіреп тұр. Қоңырау үні естіледі. Ұстазы жақсы болса, «жаман бала» бір жерден шығады.

16.08.2007.

Бұрын шын жымиятын едім, қазір өтірік ыржиятын болыппын. Тәп-тәуір шындықты бетке айтатын сыңайлы едім, өтірігім өсіп, өміріме көшіп бара жатқандай. О тоба, осы мінезім неге екенін білмеймін, көп адамға ұнайтынын сеземін. Жүрегім айниды. Қашанғы лоқсып жүруге болады...

9.10.07.

Мына қоғамда таза болмысыңмен өмір сүру мүмкін емес. Бомждардың көбейіп кетуінің бір себебі соған байланысты ма деп қаласың. Байқұстардың тәні кірлегімен жаны әлі тап-таза. Көңіл бөліп сырласып көрші, көздерінен мөлтілдеп жас домалап кететіндей боп тұрады. Ондай суретті төзіп көру үшін көз ғана емес, жүрек те мықты болуы  керек. Ондай көз, ондай жүрек бізде қалды дейсің бе?!

30.10.07.

«Егер әкем марқұм тірі болып, заман ығына бейімделіп, ар-ұятын жоғалтса, оны да жек көріп кетер едім».

Бұл сөз менің әдебиеттегі жалғыз құрдасым Амангелді Кеңшілікұлының сөзі. Франц Кафка туралы мақаласында ол құрдас осылайша ақыл айтудан басқаны білмейтін әкесымақтарды ғана емес, әкесымақ қоғамның өзін тас-талқан етіп сынап берді. Оны еститін құлақ қайда? Алайда оған Амангелді кінәлі емес. Мәселе – Амангелді сияқты дүниені қабылдау, сезіну түйсігі жоқ адамдардың тым көптігінде. Амангелділер аз, бәлкім ол жалғыз...

27.07.08.

Көз алдыңда жүрген адамның бір-ақ күнде ғайып болатыны өкінішті. Біздің тірілерді сағынатынымыз өтірік. Нағыз сағынышты о дүниеліктер жасап кетеді екен. Ал топырақ томар емес, жұлып алып тереңіне үңілетіндей...

16.10.2008.

Бала кезімізде өлім шыққан үй мен той жасаған шаңырақтың ауласында, ауласында ғана емес, бүтін бір көшенің бойындағы шылбыр ілінетін шарбаққа тізіліп ат байланып тұратын еді. Текті жануар зарлы дауысқа құлағын тосып бірге егілетіндей, жүрекжарды тілекке бірге қосылатындай сыңайда болатын. Сана түкпірінде сақталған осы бір сиқырлы сурет неге екенін білмеймін, маған өте қымбат. Бүгінгі сурет мүлде басқа. Жұрт тойға да, қазаға да темір көлікпен барады. Сан алуан «сәйгүлік» көздің жауын алады. Адамдардың мінезі де өзгерген. Сондайда көше бойындағы шарбаққа қарап қамығасың. Осқырынған жануар көзіңе түспейді. Өзіңнен-өзің құлазисың.

26.01.2010

Жұрт сенсіз де өмір сүреді? Сен жұртсыз өмір сүре аласың ба?

3.03.2010.

Оның өзгелерден жан тазалығы артық. Сонысымен асқақ, сонысымен бейшара...

8.07.2010

«1731 жылдың ХІХ ғасырдың аяғына дейін қазақтардың 24 миллион десятина жері тартып алынған. ХХ ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейінгі бар болғаны 20 жылға жетпейтін уақыт ішінде қазақтардан алынған жер көлемі 21 миллион десятинаға жетті. Екеуі қосқанда 45 миллион деген сан шығады» – дейді жазшы-публицист Сапабек Әсіпұлы «Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты деректі шығармасында.

Қорқынышты дерек. Бұл шын мәнінде адам төзгісіз агрессия. Бабалар қанымен келген байтақ даланы ешқандай соғыссыз бұлайша еншілеп алу адамзат баласының тарихында бұрын-соңды болды ма екен. Оның үстіне ең шұрайлы жерлер жат жұрттың сауынды сиырына айналып жүре берген. Бұл мәселені тәуелсіздігімізді алдық, етек-жеңімізді жаптық деп жүрген осы бір мақтанға толы кезеңде қалай шешуге болады? Оның жолдары бар ма? Бар болса қайтпек керек?

Салмағы зілбатпан бұл сауалдарға жауап табу – зерделі, зиялы деп жүрген азаматтарымыздың, аузында аталы сөзі бар ақсақалдарымыздың, азуын айға білемесе де қасқырлық мінезі бар қарасақалдарымыздың маңдайындағы машақат сызығын қалыңдатумен келеді.

Мен 2007 жылы Арал ауданының аумағындағы ауылдарда болдым. Шынымды айтайыншы, жағамды ұстап қайттым. Ащы өксік алқымыма тығылып, құм қойнауында күнге тотығып, өлместің күнін кешіп жатқан бауырларымды көріп налып қайттым. Тірлігіне талғажау етіп отырғаны тартылған Аралдың аз-маз балығы ғана. Мұндай сұрқайы тіршілік тарихи отаны, мөрлеткен атамекені бола тұра неге тек қазақтардың ғана маңдайына жазылуы тиіс? Әділдік қайда? Ақиқат қашан мерт болып еді, Жасаған-ау?!.

Сол аралдық азаматтармен болған бірер күнде байқағаным – жайлы өңірге көшіп кетейін десе олар ата-бабаларының моласын қиып кете алмайтын сыңайлы. Әйтседе бұл жағдай олардың жайсыз ғұмыр кешуіне себеп болмауы тиіс қой. Шындығына көшсек аралдықтарға Арал өңірінен басқа өңірге қоныс аударып, қалыпты ғұмыр кешуіне ешқандай да мүмкіндік жоқ. Оған себеп мемлекетімізде ішкі миграция мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Содан болса керек дәрменсіз жұрттың санасын «Осыған да тәубе» деген дәрменсіз қазақы мінез құрсаулап тастаған. Тәубашылдық күнін көре алмай, көз жасын көлдетіп жүрген қарапайым шаруаға емес, шылқыған байлықтың үстінде отырып, шыбынның аяғына жұққан балға көз сүзген «үстем тап» өкілдеріне қажет. Тәубәшілдіктің қамытын ауыстырып, солардың мойнына ілетін кез келді. Өйткені бейнелі түрде біз айтып отырған «үстем тап» өкілдерінің денін бүгінде бір кездері жұлдыз санап, ой қарап жүрген қазаққа «Тантал азабын» (Тантал – ежелгі грек мифологиясының кейіпкері. Құпияны жария еткен үшін оны грек Құдайы Зевс аштық пен шөлден азапталып өлуге бұйырған) ала келген жұрттың өкілдері мен пияз егіп, палау пісіргіш, одан қалса қасиетті даламыздың бір пұшпағын қиып алып, автономиялы ел болуды қиялдап жүрген ағайындар құрайды. Қысылатын несі бар, алдымен солар тәубаға келсін.

«Мәңгілік» деген жақсы сөз. Алайда қазекеннің тартар азабы мәңгілік болмаса екен.

22.07.2010.

Күн райының тұрақсыздығы адамдарды есінен адастыра бастады. Кеше ғана 40 градус ыстық еді, бүгін сынап бағанасы екі есеге құлдилады. Жүзін аяз қарып көрмеген Оңтүстік Америкадағы Парагвай халқы үсіктен қырылып жатыр. Ресейде дауыл тұрып, Мәскеу көшелеріне топан су қаптады. Жапонияда жер көшіп жатыр. Қытайда да осындай жағдай. Біздің солтүстігіміз бір тамшы суға зар боп отыр. Құрғақшылық қысып барады. Дұрысы қуырып барады. Не боп кетті өзі? Адамдарда үрей бар. Үрейленуді ұмытып кетіп едік, дұрыс болды. Неге дұрыс болды дейсіз ғой. Айтайын. Пенде үрей арқылы да тәп-тәуір тазаланып қалады. Бір өкініштісі – біз үрейленгенімізді тез ұмытып қаламыз. Тез былғануға құмармыз...

27.07.2010.

Бір газетте бір үлкен мақаланың ортасында тақыр жерге тұмсығын тіреген сиыр тұр. Келесі бір басылымда Каспидің суында қара майға малшынған аққудың бейшара кескіні беріліпті. Ана бір апталық алғашқы бетіне ақырған арық бір есектің суретін жариялапты.

Біз өз журналымызға амал жоқ анау бір автордың мақаласын басып едік, ертесі күні күрілдеп келіп тұр: – Сен неге менің суретімді қоса бермейсің – деп...

10.08.2010.

Өтірік күлу, өтірік сөйлеу, өтірік есінеу, өтірік ұйықтау тіпті өтірік жұмыс істеу үйреншікті әдетке айналды. Өйткені адамдарға осылай өмір сүру анағұрлым жеңіл. Тіпті Құдайға құлшылығы басым тақуаларыңыз да құрып кеткір осы бір пәндауи мінезден арылған жоқ. Сонда деймін-ау, арға салмақ – ауыр жолмен кім жүрмек?

16.08.2010

Келеді күн жауғалы бұлт айналып,

Шешеннен мылқау азды тіл байланып.

Тұлпардан мәстек озып бәйге алардай,

Дүние-ай кеткенің бе сырт айналып.

Ендеше көктей дүние, көктей дүние,

Айырылған қауызынан сөктей дүние.

Жеткенде жаңа-жаңа біз бақытқа

Тұрсайшы аз ғана күн өтпей дүние.

Немесе

Халқым-ай аман боп тұр, аман боп тұр,

Көңілім айырылғанға жаман боп тұр.

Өмірде аман болсақ жүздесерміз,

Алдыда қилы-қилы заман боп тұр...

Анам марқұм осылай әндететін еді. Шамасы сөзі өзінікі болуы керек. Қазақтың «Қара өлеңі» жинағынан бұл шумақтарды таба алмадым.  Жарықтық жиын-тойларда жанынан сөз құрастырып, әуелете ән салып отыратын еді. Анамның дауысындай дауысты әлі күнге естімеппін. Анам болғандықтан асыра сөйлеп отырған жайым жоқ. Расында солай болатын. Жүз адам ән салса, арасында анамның даусы дараланып тұратын. Сөзі де әр салтанаттың мазмұнына сай түрленіп сала беретін. Қайран шешем!..

Мен қазір Өмір дейтін әншінің аузына қарап отырмын. Оның да даусы сиқырлы. Анамның басына ара-тұра бір соғамын, Өмір – әншінің даусынан жалыққан кезде...

17.08.2010

«Өзіңмен ақылдырақ адаммен даулас. Ол сені жеңеді, бірақ сен жеңілісіңнің өзінен пайда табасың.

Өзіңмен ақылы тең адаммен даулас. Кім жеңсе де бәрібір. Сен күрестің рахатын сезінесің.

Ақылы өте аз адаммен даулас. Жеңіске жету үшін дауласпа. Оған пайда әкелу – мақсатың болсын.

Тіпті ақымақпен де даулас. Одан атақ та, пайда да таппайсың. Алайда неге кейде көңіл көтермеске...

Тек Владимир Стасовпен ғана дауласпа»  – депті жарықтық Тургенев Иван Сергеевич. Ал мен өмір бойы өзіммен-өзім айтысып келемін. Тапқан пайдам да, тартқан азабым да аз емес одан.

17.09.2010.

Жас кезіңде адамның бәрі періште сияқты. Олардың бәрі саған жақсылық ойлайтындай болып тұрады. Сөйтсек...

25.10.2010.

Соры қайнаған, сорлым-ау!

Мен сенің Өзің едім ғой, өзегімнен тептің. Мен сенің сөзің едім ғой, өз тіліңді өзің кестің. Сендей миғұланы көрсем көзім шықсын. Көз өзімдікі өйткені, сенікі емес.

25.01.2011.

Қадыр Мырза-Әліні де жер қойнына бердік. Қара жердің құшағы не деген кең еді, кезекпен бәрін жұтып жатыр.

Амал қанша!

Татар дәмім таусылды,

Қабірстан құшағымен қаусырды... – деп жазыпты соңғы өлеңдерінің бірінде. Өзін о дүниеден көріп жатып жазған ғой, жарықтық! Енді өлмейсіз, Қадаға...

16.03.2011

Ол маған есінеп отырып ақыл айтқысы келді. Мен оны есінеп тұрып тыңдағым келді. Ол, әрине, ашуланды. Мен, әрине, мырс еттім. Тап бергісі келді, шаңырақ менікі еді...

17.03.2011.

Мұрынын немесе құлағын шұқылап отырып ойланғандарды көп көремін. Сөйтсем олар ойланбайды екен, жүйкесін тыныштандырады екен.

420 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы