• Әдебиет әлемі
  • 27 Қазан, 2011

Күн болсам, еритін қардайсыз, Жел болсам, сөнетін шамдайсыз...

Сәруар Қасымова 1989 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік унверситетін филология факультетін бітірген. Бүгінде баспасөз саласында қызмет істейді. Өлеңдері «Үркер» журналында тұңғыш рет жарияланып отыр. Сағыныш ауылы Бұл мекенде көктем де жоқ, күз де жоқ, Жаз дейсіз бе? Ондай мезгіл бізде жоқ. Біз үнемі сырласамыз айменен, Ай нұрымен – көл бетінде жүзген от. Жауын емес, біздің елде мұң жауған, Гүлдер емес, шоқ тереміз гүлзардан. Біз бәрібір көз алмаймыз биіктен Құлап бара жатсақ-тағы құздардан. Бізде тәтті күрсініс бар, жылау бар, Ерімейді жүректегі қырау, қар. Өзмізді кейде ұмытып кетсек те ОНЫҢ ылғи амандығын сұрау бар. Біздің жанар – ақ үміттің айдыны, Үмітпенен жеңеміз бар қайғыны. Жұдырықтай жүрегіміз соғады ОНЫҢ биік болса екен деп айбыны. Елес болып, елес қуып жүреміз, Түн пердесін ұйықтамай-ақ түреміз. Сіздер білмейді екенсіздер біз мұнда Сағыныштың мекенінде сүреміз. Бақыт құсы бізді айналып ұшады, Бұл мекенде жанның бәрі құсалы. Сіздер жақта көктем дейді, жаз дейді,- Біздің жақта қыс әлі... Жоғалтып алдым Жоғалтып алдым Күлкімді бірге көктеммен, Құлатып алдым Бір күнде бәрін өткелден. Көңілден әсте кететін емес Көзімнен ғана кеткенмен... Қимастық жайлы шығартып бір ән, Сезімге мөлдір құмартып тынам. Кінә артып жалғыз уақытқа, Сағым-сағыныш болып мұнартып тұрам. Бір жанды күтіп сүремін дедім, Қуарып нәзік гүл еріндерім Достасып мұңмен жүрген жай енді... Мен мүмкін дұрыс сүре білмедім?.. Сағыныш бар ғой күлейін десем, Жадырап еркін жүрейін десем. Жоғалтып алдым...жоғалтып алдым, Хабарын, әттең, білейін десем?!. Бәрі жақсы... Бәрі жақсы... Төгілген лағылдарым болмаса, Тар көрініп мына әлем сабылғаным болмаса. Мұңмен дос боп соңғы кез Сағынғаным болмаса. Бәрі жақсы... Махаббатты жаңа ұққаным болмаса. Жалғыздықтың тек менен жалыққаны болмаса. Жоғалтып ап күлкімді жабыққаным болмаса.. Бәрі жақсы... Кей-кейде жылатқаның болмаса, Жылатсаң да көз жұмып ұнатқаным болмаса. Жылуыңды жаныма сұратқаның болмаса. Бәрі жақсы? *** Қанша түн көз ілмеппін, Өтіп жатыр беймаза безілдеп түн. Өзіңізсіз жалғыздық құшағында Бақыттың дәмін қалай сезінбекпін? Жалғыз шынар басында жар қабақтың Күмән толы күдік пен ойға баттым. Өзіңізсіз құстаймын сыңар қанат, Қалайша самғамақпын? *** Жас  болып жанарға тұныпсыз, Кете алмай байландым құрықсыз. Жүрегім от болып тұрса да Сіз неге суықсыз? Тек ызғар сіз жақтан еседі, Айтарға ойым жоқ көшелі. Жарқыным, қай жерде жоғалған Күлкіңіз кешегі? Бәрібір ілесіп келемін, Белгісіз үміт боп сенерім. Кеудемде сәулем – сіз, өшсеңіз Мен тірі демегін... *** Мен үшін атпаған арайсыз, Сырғақтап, сырт көз боп қарайсыз. Жат болып барасыз, бір күні Жоғалып кетпеңіз абайсыз. Мен үшін күлмеген көктемсіз, Тәттілеу мұң болып жеткенсіз. Не шара, сезімім – өзенім, Өзенім болса егер өткелсіз? Жаныма мұң болып сіңіпсіз, Мұңайсам,  жымиып күліпсіз. Жүрекке жазылмас жара сап Жылатып сүйіпсіз. Күн болсам, еритін қардайсыз, Жел болсам, сөнетін шамдайсыз. Жоқ жандай мені де алдайсыз, Сіз осы қандайсыз? *** Сағынғаныңыз рас болса, Мені іздеп неге келмейсіз? Ойлайтыныңыз рас болса, Түсіме неге енбейсіз? От болып жанбай, күтсеңіз, Төзімді қалай ұстайсыз? Көруге ынтық көңілден Қанат ап неге ұшпайсыз? Күтумен қанша күрсінем Жалғанда, сағым – бес күнде? Өмірден қалай өтпекпін Еркелей алмай ешкімге? Қалдырдыңыз ғой жүректе Қоштасу әннің нотасын. Теңізге кетіп барамын Жетелеп мұңның ботасын. Шығамын судың бетіне Тұңғиық гүл боп теңізден. Аққудан хабар сұрарсыз Қалсаңыз егер мені іздеп. *** Жаралы емеспін, мұңсызбын, мазаламаймын да, үнсізбін. Бақыттың бос қумай елесін, Біліңіз, жүрегім лүпілі сіз үшін емесін. Хаттардың барлығын өшірдім, Ретін таба алмай кешудің. Ең соңғы түйіні шешімнің: Мен сізді соттаймын! Төреші  - жүрегім. Ештеңе білмеймін, тұтқынсыз Сіз мендік – білерім. Кінәлі - махаббат сіздегі, Айыптай алмайсыз сіз мені. Басқаға ғашық қып қойған-ды күз мені... ...Мен Оны, ал Ол өзгені іздеді... *** Сағыныш жаралап, үмітпен емделдім, Бағынбай ақылға сезім деп сенделдім. Жоқ ешбір себебім, жоқ ешбір сенерім, Мен мұнда сізді іздеп келгенмін. Ойларсыз сіз бәлкім: «Бұл неткен жынды адам?» Жүректің үнін тек жүрекпен тыңдағам. Сіздегі сезімсіз жүрекке жүз бардым, Әлі де жүз барам. Ешкімді елемей, ешкімге қарамай, Сіз жаққа беттедім таусылып бар амал. Сағыныш дауасын іздедім Сіз жүрген қаладан. Жанымда тұрып та жанымнан табылмай, Баяғы сұп-суық әуеннен жаңылмай, Сыздатып жүректі, жылатып үмітті Жүрсіз ғой сағынбай... Қайтейін?.. *** От шарпып жанымды, Бармақтай бағымды іздеп ем...сіздегі Жүректен мұң ғана табылды. Алдамшы бақыт боп жеттіңіз, Алдамшы сезіммен өттіңіз. Жаныма жалғыздық қалдырып, Сіз мені ұмытып кеттіңіз. Ұмытшақ екенсіз... Көзімнің жасына өтеусіз Мұңымды бөлістім. Сіз енді бекерсіз. *** Тағы да сіз...Тағы да сіз... Сіз қашан мен сияқты сағынасыз? Күрсініп күндер, өксіп түндеріңіз Сіз қашан мен сияқты жабығасыз? Үнсіз қап жазалау бар білеріңіз, Жаныма жалғыздық боп түнедіңіз. Сезбейсіз бе? Бәлкім көру үшін Көзілдірік іздей ме жүрегіңіз? Қайдан табам?

522 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы