• Шежіре
  • 04 Желтоқсан, 2013

Жапон жұмбағы немесе кең үйден тар үйге кіргендей

Жапонияның бас қақпасы Нарита әуежайынан Токио қаласына қарай шыға берісте ең бірінші назарымды аударғаны әрі көзіме оғаш көрінгені жолдың екі жағасындағы жолайрықтарда әлемдегі барлық елдердің картасы мен туы болды. Кішкентай тастарды цементпен біріктіріп қойғандай көрінген, кафельдің көлемінен сәл үлкендеу тастардан құрастырылған жолайрық. Шамамен әрбір он метр сайын бір кафельде бір елдің туы мен картасы түрлі-түсті бояумен анық көрсетілген. Оғаш көрінді дегенім, адамдардың аяғының астында барлық елдердің карталары мен туларының аяқасты болуы. Кім қалай, қандай ақтайтын сөз тапса да, бүкіл әлем елдерінің туларын бұлай аяқасты етуін өз басым еш ақылға сидыра алмадым. Аяқ астындағы туларға қарап ойланып тұрғаным сол еді, бір жапон көк туымды аяғымен басып өтіп бара жатқанын көріп, қаным басыма шауып, зорға сабыр сақтадым. Егерде бұны, туға құрмет көрсетуде әлемге үлгі болып жүрген Ердоған көрсе, кафельді жұлып алып, Жапония басшысына ескерту жасайтынына күмәнім жоқ. Тек Ердоған ғана емес-ау, барлық елдің басшылары мен азаматтары шатақ шығарары, мінез көрсетері анық. Кезінде Түркияда бір күрд баласының Түркия туын аяғымен таптағаны үшін, бүткіл түрік халқы жаппай наразылыққа шыққанына өз көзіммен куә болған едім. Қысқасы, барлық ел туын биікте ұстағысы келіп жанталасып жатқанда Жапониядағы мына көрініс ерсі көрінді. Бәлкім, сол жерде Жапонияның туы аяқ астында жатқанда сабыр сақтауға да болар ма еді...

Жалпы өз басым қай елге барсам да сол елдің жақсы ғана жақтарын жазуға, үйренуге тырысып келемін. Бірақ жоғарыда көзбен көріп, суретке түсіріп алған оқиғаны жазбай кетуге дәтім бармады. Десек те, Жапония туралы барлық үйренген-түйгендерімді жазарда тек Қазақстанға қажетті, пайдалы тұстарына ғана тоқталғанды жөн көрдім. Әйтпесе жаманды тез үйренуге бейім біздің табиғатымыз үшін Жапонияның кейбір теріс қырлары жөнінде жазу дұрыс емес деп ойлаймын. Оның үстіне жапондардың кейбір біз теріс деп ойлағандарымыз, бәлкім, дұрыс болып шығуы да бек мүмкін. Себебі, олардың әрбір іс-әрекеттері, қадамдары тұнған бір философия, түсініп болу мүмкін емес,/қиын. Себебі, мұнда әрбір іс-әрекеттің мәдениеті, жөн жоралғылары, ол әрекетіңнің атауы бар. Сонда ойлап көріңізші күніне жасаған қаншама іс-қимылыңыздың мәдениетін жазып, зерттеп, түсінемін дегенше өміріңіз жетпей қалуы мүмкін ғой. Бұл туралы АҚШ-тың барлау қызметі «Біз Жапонияның жұмбағын әлі толық аша алмадық» деген екен. Менің ойымша, қарсы алдыңыздағы үн-түнсіз отырған, ашылып ойын айтпайтын адамның ішінде не жатқанын білу не ойлап отырғанын білу шынымен де қиын. Не жесең соған ұқсайсың демекші бұл арада жапондарға балықтың бойындағы қасиет көп көмектескенге ұқсайды. Осындай адам танып-білуі қиын жақтарына қарамастан, бар қадір-қәлімше өз түсінгендерімді, сезімдерімді жазуға тырыстым.

Бұрынғы кездегідей ат шаптырып немесе поштамен хат жолдайтын заман емес, жол жөнекей әдетімше кетіп бара жатып-ақ Жапония деген әлемде жалғыз ғана танысым - Анкарада бірге оқыған Танака деген досымды әлеуметтік желі арқылы тауып алдым. Өзі басқа қалада тұрғанына қарамастан Токиоға іздеп келіп, қонақжайлығын көрсетіп әп сәтте мәре-сәре болып қалдық. Достыққа, сыйластыққа қатты берік екені сезіліп тұрды. Іштей ойлап отырғанмын, 8 жыл бойы көрмеген соң уақыттың тапшылығын, басқа да сылтауларды айтып қашқақтай ма деп. Сөйтсем керісінше Жапонияны таныстыруға, көмектестуге дайын екенін жеткізді. Сонымен досым арқылы, Жапония деген жұмбақ әлемді тануға бір мүмкіндік табылды. Әр күні Жапонияның әртүрлі қырларын айтып әлек. Мақсаты, жапондарды теріс түсініп қалып, теріс көзқарас қалыптаспасын дейді. Велосипедпен Жапонияның қуыс-қуыстарына дейін аралайтынымды білген ол, әсіресе ауылды жерлердегі жапондардың шетелдіктерді жақтырмайтынын, себеп-салдарларын айтып, біраз түсіндіруге әуре болды. Жол барысында досымның айтқандарының бәрі математикалық есептер сияқты айна-қатесіз айтқанындай шешіліп жатты. Бұдан түсінгенім, тек ауылды жерлердегілер ғана емес барлық жапондар шетелдіктерді жақтырмайтындай сезілді. Тіпті, көзбен алайып қарайтындарын да аз кездестірмедім. Қысқасы, сырттан келген адамдардың жанын қысымға алатын түрлі жолдар ойлап тапқан. Анық жақтырмай тұрған адамдардың арасында өз өзіңді біртүрлі сезініп немесе жаның қысылып кетеді екен. Әрқайсысының нанын жеп кететіндей қарағандары тіпті таңқалдырды. Бірнәрсе айтайын десең, саған қарсы сөйлеп тұрған ешкім жоқ. Одан кейін өз ойларын жасыру үшін, ойларын оқытып алмас үшін түрлі «маскалар» киеді. Қысқасы, өз еркіңізбен кетіп қалуыңызды жақсы «қамтамасыз» етеді.

Тағы бір таңқалдырғаны жүздерін көп өзгерткенімен бір сөзді болатындықтары. Бұл арада жүздері деп әр адамға әртүрлі көзқарастармен жүздерін өзгертіп қарым-қатынаста болуын айтып отырмын. Яғни, басшыға бөлек, әйеліне-күйеуіне бөлек, шетелдікке бөлек, шәкіртіне бөлек, т.б. Әрине, бірбеткейіміз көп, өркөкірек халықтың өкілі болғанымызбен сөзін ұстау, орындау жағынан жапондардың шаңында қалып кетеріміз сөзсіз. Ал жапондар жүздерін құбылту-өздері жөнінде, шынайы бет-жүзін көрсетпеу жағынан алдарына жан салмайтындай көрінді. Жапондарға симпатиясы барлармен осы мәселеде еш келісе алған емеспін. Себебі, жапондардың сиқырының күштілігі болар, мен оларға жапондардың бетперде киетіндігін дәлелдей алмай келемін. Бірақ бәрібір өз көзіммен көріп, түйгендерімді жазғанды жөн көрдім. Қанша жерден жапондарды мақтаса да, жапондардың өз ішкі есебі бар екеніне, адамдардың санасын білдірмей жаулайтындығына көз жеткіздім. Әрине мұның барлығы тек өз отандарын сырттан келген адамдардың барлық ықпалынан қорғау үшін ғана жасаған әрекеттері. Ал жалпы өмірде өз араларында жапондардан асқан мәдениетті адам таба алмайсыз ба деп қалдым. Есімде ерекше қалғаны, жапондардың шын бет- бейнесін көру арқылы бұрынғы қазақтарды көргендей әсер алуым. Әрбір істе «ұят болады», немесе өздері теріс көрген іс-әрекеттерді намыс көріп, мүлде істемейтіні. Яғни өте қатты намысшыл екен. Отыру мәдениеті де қазақтардікінен аумайды. Өзге ұлттар сияқты түрлі отырғыштарға отырғаннан гөрі жерге малдас құрып отырғанды жөн көргеніміз сияқты жапондарда біз сияқты малдас құрып отырғанды ұнатады екен. Біз текеметке отырсақ, олар татамиге дізесін бүгіп отырады.

Бәрінен бұрын мені қатты таң қалдырғаны, әрбір жапонның патриоттығы. Яғни, қоғам, мемлекет ретінде патриот. Өзімнің жүрген-тұрғандағы, көрген барлық жапондардың бәрі-бәрі патриот болғандығы таңдандырды. Әрі сүйсіндірді. Біз ұсақ-түйек деп санайтын, елемейтін істерге дейін қатты мән беріп жатады. Саусағының ұшына дейін патриот па деп қалдым. Досыммен әңгіме барысында, мемлекеттік мүдде мәселе болса, ол менің қонақ, дос екеніме де қарамастан алдымен Жапония мүддесін қорғайтынын байқатты. Әрине бәрекелді дейсің, осылайша ол өз-өзін сыйлата білді.

Көшеде кетіп бара жатып, өз еркімен көшедегі қоқыстарды жинап, қоқыс жәшігіне салып жүрген балаларды, зейнетке шықса да еліне тегін қызмет етіп жүрген зейнеткерлерді көп кездестірдім. Бәлкім жетістікке жетулеріне осы патриоттық сезімдерінің жоғарылығы көп себеп болды ма деп ойлаймын.

Ерекше таң қалдырған жағдайдың бірі – біз айтып жүрген мұсылман қоғамын көргендей әсер алуым. Әрине, діні бөлек. Бірақ, бірде-бір мұсылман елі жете алмаған қоғам құрған. Ұрлық-қарлығы өте төмен, қауіпсіз, мәдениетті, таза мемлекет. Мұсылмандардың бойынан табыла бермейтін жақсы қасиеттерге бай. Қанша жерден «мұсылман елміз» деген елдерде дамыған коррупция, жезөкшелік, басқа түрлі адамгершілікке жат әдеттер Жапонияда дамымаған. Мұсылмандар «Тазалық – иманның жартысы» десе де, жапондар мұсылмандарға тазалықты үйрететін жағдайда ма деп қалдым. Мұсылмандарға түскен қасиетті кітаптың ең алғашқы аяты «оқы» деген деп қоямыз да, оқу жағынан бірде-бір мұсылман елі Жапонияның деңгейіне жетпек түгілі шаңында көрінбей қалады. Сонда қалай? Таза жүретін, көп оқитын, тынымсыз тер төгетін жапон мұсылман ба, әлде коррупциясы өркендеген, жезөкшелігі гүлдеген, оқымайтын, жалқау біз мұсылманбыз ба деген сұрақ мазалай бастады. Тіпті, әлемдегі ең ірі мегаполис қала Токиодан ой-шұңқырын аралап емге деп зорға бомждар тауып алдым. Ия, кәдімгі жапондық бомждар. Бірақ сол бомждарының мәдениетінің жоғары екеніне таң қаласыз. Таңырқағанымнан ба көп тұрып қалыппын, бір уақытта бір сауатты киінген азамат арбасымен тамақ алып келді. Бомждар кезекке тұра бастады. Ешқандай дөрекі әрекеттерсіз, үн-түнсіз тамақтарын алып, қоршаған ортасын ластамай тамақтана бастады. Бомждарына дейін мәдениет сақтап жүргендеріне қарап жағаңызды еріксіз ұстайсыз. Киімдері ұсқынсыз дегені болмаса, іс-әрекеттері мәдениетті адамның әрекеттері. Тәртіпке берік, қоршаған ортасын таза ұстайды. Өсімдік, жан-жануарларына дейін күтіммен қарайтыны көрініп тұр. Себебі арасында біреулері көшедегі мысық, иттерге тамағын бөліп беріп, басынан сипап жатқанын көрдім. Осы көріністердің бәрін видеоға түсіріп жатқан едім, тамақ таратып жатқан азамат мені байқатпай жақтырмағанын көріп қалдым. Әрине ол жақтырмағанын жасырып тұр. Түсінгенім, өзінің істеп жатқан жақсылығын еш жерге жария еткісі келмейтіндей, жақсылығын ешкім көрмесе деген түр байқатып тұрғандай. Себебі өзі де астыртын, тығылып жақсылық жасап жүргендей көрінді.

Бос уақыт қалдырмау үшін әрі жапондардың ішкі өмірінен көптеген мәліметтер алу үшін ара-арасында жұмыс та істеп отырдым. Себебі адам жұмыста сыналады деген рас қой. Жасыратыны жоқ, ең ауыр деген қара жұмыстарын да істеп көрдім. Бірде, бір танысым келіп, 4 күнге жұмыс істеуге шақырды. Сөйтсем, олардың тобында бір адам ауырып қалыпты. Егер ол топтың бір адамы кем болса, онда сол топқа жұмыс берілмейді екен. Сосын келісім бойынша 4 күн көмектестім. Былайша айтқанда, өзімді асарға көмектескен сияқты сезіндім де ақша талап ету ойымда болмай өз шаруаммен кетіп қалғанмын. Бір күні пошта жәшігімдегі хатты ашып қалсам, 4 күн ішінде қанша сағат, минут істегенім жазылған ұзын чек сияқты қағаз және оның еңбекақысы. Арамызда ешқандай келісімшартта жоқ. Қалғанына өздеріңіз баға беріңіздер.

Қай саласында да істемейін, барлығының ойында бірінші кезекте жұмыстың сапасы тұрады. Біздегідей, қай жерден нені жеп қалсам демейді. Жұмысқа адалдық, сапалы жұмыс істеуді саналарына кішкентайынан сіңіргені және еңбекқорлыққа баулығандары көрініп тұрды. Кейде жұмыс барысында қарт кісілеріне зорға дегенде ілесіп отырған кездерім болды. Бұл жапондардың еңбексүйгіштігіне, қажыр-қайратына таң қалудан басқа амал жоқ. Басыңыз жетпей кетеді. Біздің еңбекқор деп жүрген өзбектеріміз жапондардың қасында жалқау сияқты көрініп қалса, таң қалмаңыз. Бірақ, кейбір әрекеттеріне қарап, «оқу өтіп кетіпті», «күн өтіп кетіпті» дегендей бұларға қарап еңбекқорлық өтіп кеткен бе деп қаламын. Себебі қажеті жоқ, пайдасыз жұмыстармен де айналыса береді. Бірде Ибараки әуежайынан шығып кетіп бара жатсам, жүргіншілер жолында екі қызметкер жолаушыларды өткізіп, көліктерді тоқтатып тұр. Бізде жүргіншілер жолында көліктер өздері тоқтап, жүргіншілерді өткізіп жібереді ғой. Осы тектес оқиғаларды бірнеше жерден де кездестірдім. Осындай түсініксіз жағдайлар «Жапонияны ақылмен түсіне алмайсың» деген қанатты сөзді еріксіз жиі еске түсіріп отырады.

Көп жұмыс орындарында жұмыс істеу арқылы Жапон менеджменті шын мәнінде ең жоғары жетістікке жеткендігіне көз жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық қарым-қатынас формасын алып, жапон менеджементін жасағандай көрінді. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, отбасылық қарым-қатынас формасын ұжымды басқару формасына айналдыра салған сияқты. Ұжымда барлығы бір отбасының мүшесіндей сезінеді. Мысалыға, Құдай сақтасын балаңыз түрлі қиындықтарға ұшырап, мүгедек болып жатса «енді сенің керегің жоқ» деп тастап кете салмайсыз ғой. Сол сияқты ұжымда да өз баласындай көріп, барлық қиыншылықтарды бірге өткеріп, оқытып, тәжірибеден өткізіп, барлық жағдайды жасап, отбасылық сезім қалыптастырады. Содан кейін жұмысқа қалай жаныңызды беріп істегеніңізді білмей қаласыз. Сондықтан ұжымдық сана өте жоғары.

Менің ойымша, ұзақ өмір сүрулеріне еңбекқорлықтың көмегі көп тиген. Себебі, қозғалыста жиі болған адам, бір орында отырған адамнан ұзақ жасайтыны белгілі. Сондықтан болар жапондардың көп қозғалыста болатыны байқалады. Кабинеттен шықпай жұмыс істейді дегенінің өзінде, күн тәртібінде жүгіру тұрады. Жалпы алғанда, велосипедпен жүру, жүгіру өмірлерінің бір бөлшегіне айналған. Әрине бұл жерде тамақтанудың да рөлі өте үлкен. Тамақтану мәселесінде де жапондардан үйренеріміз көп. Мысалы, ұйқыға жатардың алдында біз сияқты тамақтанбайды. Тамақтарының негізгі бөлігін күріш пен балық, яғни теңіз өнімдері құрайды. Жалпы, ауыр тағамдар жемейді.

Әр адамның арманы қауіпсіз елде өмір сүру болса, нағыз қауіпсіз ел Жапония дер едім. Қандай затыңыз жоғалса да тауып әкеліп береді немесе жоғалтқан жеріңізде тұрады. Өз басым ақшадан басқа қаншама заттарымды жоғаттым, барлығын қайта тауып алдым. Тек күндіз ғана емес, түнде де яғни 24 сағат бойы Жапонияның кез келген жерінде жүріп тұру қауіпсіз. Әрине, мұның барлығы жапондардың қоғамдық санасының өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Жапонияда жүрген уақыт ішінде қоғамдық жерде төбелесіп, ұрсып, айқайласып, тіпті дауыстарын көтеріп сөйлегенді естімеппін. Тіпті, Сіз ерсі қылық жасап айыпты болып тұрсаңыз да керісінше ол Сізден кешірім сұрап әлек болады. Әрине, мұның бәрін шынайы көңілден болған әрекеттермен шатастырмау керек.

Ғылым-білімі керемет дамыса да біздегідей кім көрінген адамдарында ғылыми дәрежесі жоқ екен. Оның себебі, жұмыс берушілердің ғылыми дәрежесі бар адамдарды жұмысқа алмауға тырысуында. Себебі, оларды жұмыстың тәртібіне қайта тәрбиелеу қиын дейді. Шынында да өзін доктормын деп сезініп тұрған адамға не үйреткендейсің. Ғылыми дәрежесі барлар тек университет не ғылыми жұмыс орындарында ғана жұмыс істейді. Сондықтан министрінің де, әкімінің де ғылыми дәреже алуға ұмтылушылығы біздегідей емес...

Ендігі әңгіменің арқауы ретінде, екі елдің қарым-қатынасының дамуын сөз етпекпін. Себебі, мақаланы жазудағы мақсатым – екі елдің байланысын дамыту жақтарына тоқталу, ақпарат алмасу, түсінісу. Жалпы, екі елдің қатынасын негізінен рухани-мәдени жағымен қатар бизнесмендер арқылы экономикалық бағытта дамытқан тиімді секілді. Бірақ, өкінішке орай осы күнге дейін екі елдің байланысы әлі нақты жолға, жүйеге салынбай келеді. Менің ойымша, алдымен қазақ бизнесмендерін Жапонияға іс-тәжірибеге, курстарға оқытуға жіберуді реттеу керек. Яғни үкіметтік деңгейде келісім шарттар арқылы жылына баратын бизнесмендер лимитін белгілеп, оқытса. Себебі, қазақ-жапон бизнесмендері бір-бірлерінің түсінік, менталитеттерін, бизнес мәдениеттерін білмей жатып, түсінбеушіліктердің салдарынан байланыс жолға қойылмай жатыр.

Әлемдегі бір-біріне өте қажетті елдер болса ол Қазақстан мен Жапония дер едім. Егерде осы екі ел байланысын жолға қояр болса, екі елге ғана емес, әлемге пайдасы мол боларына сенемін. Шикізатқа асқан бай – Қазақстан шикізаты жоқ Жапонияны толықтырса, үздік технологиясы жоқ – Қазақстанды, үздік технологиясы бар Жапония толықтырары сөзсіз. Тек мемлекеттердің саясаты түзу болса, екі халықтың бір-бірлерін тез түсінісіп, туыс болып кететініне күмәнім жоқ.

Сонымен отбасыммен бірге Қазақстанға қайтатын да кез келді. Ұшақ уақыты бір ыңғайсыз кезде еді. Жол алыс. Қысқасы, кешкі соңғы автобуспен әуежайға жетіп алып, түнімен қонып, таңертең ерте ұшып кетуді жоспарладық. Түн ортасына келгенде әуежайдың қауіпсіздік қызметкерлері мен полициялары, әуежайдағы барлық жолаушыларды бір бұрышқа жинап, отырғызып қойды да, құжаттарын тексере бастады. Міне, шетелдіктердің аяғын бір етікке тығып, тәртіппен жүргізетін Жапонияны ел деп, мемлекет деп айтуға болады. Үлкен, кең үйден тар үйге кіргенде ауа жетпей жүрегіңіз қысылатыны секілді, аузы-мұрнына симай отырғандай көрінген елден жүрегім қысылып, Қазақтың кең-байтақ жеріне жеткенше алып-ұшып отырдым. Қазақ үшін  Қазақстаннан басқа жәннат жоқ екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттым.

Бір сөзбен Жапонияны түйіндесем, Жапония жұмбағының шешуі: әлем тамсанып, сүйсініп жүрген жапондардың қол жеткізген әрбір жетістігінің астарында қазақтардың өсиеттері мен мақал-мәтелдері жатқандай көрінді. Сондықтан өз мәдениетімізді қайта жаңғыртсақ, мұндай жетістіктерге жету бізге арман болмас еді. Жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақтан асқан дана, көреген халық жоқ екен әлемде. Әлемдегі ең үлкен, ең қымбат қазына –әлі де топыраққа зар болып отырған елдерге қарап, ұлан-байтақ территорияға қол жеткізген қазақтардың тегін халық еместігіне көз жеткізесіз.

 

                                                                                  Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ

 

P.S. Бұл түйгендерім барлық жапон халқы туралы көзқарасты білдірмейді. Жеке көзқарасым ретінде қабылдаңыздар.

548 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы