• Cұхбаттар
  • 25 Қыркүйек, 2013

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері: «Шын ақындар көп болмайды»

– «Әдебиет – ардың ісі» деп ұлыларымыз әлдеқашан өз бағаларын беріп кеткен. Төл әдебиетіміздің қазіргі хал-ахуалы қалай? Осы уақыт аралығында қандай жетістікке жеттік? Кемшін қалып жатырған тұсымыз қандай деп ойлайсыз? 
– Әр заман - өзіне бұйырылған әдебиетті сомдайды. Бір дәуірдің әдебиетін келесі бір дәуірдің әдебиетінен кем немесе артық деп бағалуға болмайды. Себебі, ұлт та заман озған сайын эволюциялық жолдан өтеді. Бүгінгінің ұрпағы кешегінің сөзін аңсауы заңды секілді, келер ұрпақтың да аңсары біздің заманға ауып тұратыны хақ. Бірақ ертеңгі ұрпаққа әдебиет жасап жатқан буын келер заманның іргетасын қалай қалап жатқандығын жадынан шығармағаны абзал.

Жыраулар заманында да, Абайдың өмір сүрген уақытында да, Ұлы Ибраһимнен кейінгі кезеңде де нашар шығармалар дүниеге келіп жатты, қазір де солай, ертең де одан құтылмаймыз. Бірақ бұған - алтынды құмнан елеп алатын үрдіс деп қарау керек. Бүгінгі атағына мас боп жүрген қаламгер ертеңгі ұрпақтың назарына да ілінбей қалуы мүмкін. Сондықтан қазіргі әдебиеттің хал-ахуалына адамның көзімен қарасақ, тарихта бәрі қалатын секілді боп көрінеді. Атын атамасаң да, іштей көңілін қалдырғың келмейді. Біршама замандас қаламгер алтынды жасырған, соны керек десеңіз, қорғап жатқан құмның рөлін ойнап жүргенін өзі де білмейді. Мен өз кезегімде бүгінгі әдебиетке ешқандай баға бере алмаймын, себебі мен тарих емеспін. Менің міндетім маған бұйырылған ой мен сезімді уақытында тасқа қашап үлгіру.
– Думан Рамазан ағамыз “Қазіргі кезде әдебиеттен гөрі, әдебиеттің төңірегіндегі әңгіме көп” деп айтқан екен. Әдебиеттің төңірегіндегі айтылып жүрген әңгімелерге деген көзқарасыңыз қандай? Танымалдылықтың артуына себебі бар ма?
– Қандай әңгіме мәселен?
– Мысалы пендешіліктері туралы айтылады ғой көбінесе. Мұқағали ақынды айта қалса жұрт оның көп ішкендігін міндетті түрде сөз етеді. Біреулері онымен бірге іштім деп мақтанады. Ең бірінші ақындардың дақпырты жарып тұратыны белгілі.
– Енді онсыз болмайды ғой! Ақын да адам, оның да қателесетін жерлері болады. Сосын ел ақынға қызықпаса, ондай әңгімелер айтылмаса керек еді. Оның жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлегені, өлең оқығаны бәрі де қызық халық үшін. Меніңше әдебиеттің маңайында әңгіме көп, әдебиет жоқ дегендер кішкене қызбаланып айтып қалған шығар. Әдебиет адамның емес, Тәңірдің жоспары әрі беріден соң. Егер Мұқағалимен іштім десе, онда тұрған не бар екен? Жараған екен. Кезінде Мұқағалимен менсінбей іше алмағандар іші күйсе мұз жаласын, сырты күйсе мұзға аунасын. Мен мысалы, Мұқағалимен іше алмағаныма және енді ешқашан іше алмайтыныма үлкен өкінішпен қараймын. Сосын қалай болғанда да дақпырт емес, ақынның алдында өлеңі жүреді. Себебі, оның өлеңдерін білмеген жұрт оның дақпыртын, не істеп, не қойғанын қайтсын? Білген соң, оқыған соң, осы ғажап өлеңдерді дүниеге әкелген адам туралы кез келген мәлімет қызық қоғам үшін. Халықтың бәрі оқымаған ақымақ, ал әдеби ортада жүрмін, мен кереметпін деп есептейтін қаламгерді мен өте таяз ойлайтын адам деп есептеймін. Керек десеңіз, сол әдеби ортаның мүшелері бір-бірін оқымайды, дақпыртын да қызғанады. Ал, халыққа қызық. Ол жақсы. Себебі, халыққа әдебиет керек деген сөз. Ал, әдебиет кім не десе де, дүниеге келе береді, сұрыптала береді, заманнан заманға көше береді. Оған бас қатыратын біз емес. Біз Тәңірдің бағдарламасын орындаушысымыз. Жаратқан талант берсе, бәрібір жаздырмай қоймайды. Сен айтып отырған әңгімелерді айтып жүргендер, не бәрін жазып тастап, іші пысып жүр, не тоқырап, жаза алмай, әйтеуір атын ел аузында сақтағысы келгеннен айтып жүр.
– Ақындар ажалын болжайды дегенге қаншалықты қосыласыз? Ажалдан қорқасыз ба?
– Ақындар ажалын қашан келетінін және неден өлетінін болжайтыны рас дүние. Оған мысал  көп.  Мәселен, Мұқағалидың қолтаңбасында қайтыс болатын күнін жазуы, Михаил Таничтің көктемде кетем деуі, Табыл Досымовтың оянбай қалам деуі, айта берсең жетеді ондай фактілер. Менің ойымша мәселе қуатты түйсікте болып тұр. Ажал деген бір қорқатындай түнек емес, ол басқа кеңістікке, нұрлы әлемнің ішіне басталатын шексіз саяхаттың бастауы. Ажалдан соң, менің түйсінуімше еркіндік, самғау, жан ретінде Жаратқанның бар жаратылысын сан қырынан көре алу сезіміне ие болады адам. Ажалды сезу бір бөлек, оны шақырып алу бір бөлек. Ақынның ауызы дуалы. Ол өлімін былайша болады, пәлен уақытта деп болжаса, ол өз кезегінде болжағаны емес, соны өзі жасау деп ұғынғанымыз жөн шығар. Себебі, сөз деген - материялдық энергия. Сөздің киесі бар деген осы. Абайлап айтылмаған сөз, ертең алдыңнан шығады. Ақындар кез келген айтылатын сөзге үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені, ақынға Жаратқан сөз сиқырын дарытқан. Ал, енді маған келсек, мен ажалдан қорықпаймын. Мына өмір жалған екені бәріне аян. Алла Тағала дүниені энтропия заңдылығына бағындырып қойған. Яғни кез келген жаратынды дүниеге келеді, өседі, өнеді, өшеді. Қайда барсаң да Қорқыттың көрі. Мәселе сол ажал деген өтпелі кезеңге жеткенше, қоршаған ортаңа зияның тимей, жүрегің таза, ішің тақуа боп өтуде. Мен Алла маған бұйырған парызды тиісінше орындай алмай кеткеннен қорқам.
– Қаншалықты тақуа адамсыз?
– Тақуалық сыртқы формадан көрінбейді. Ол ішкі әлемнің қалпы. Біздің жастардың көбісі сақал қойып, балағымды кессем болды, Алланың разылығына ие болам деп қате түсініп алады. Алла Тағала Қасиетті Құранда да пендесінің іс-қимылына емес, жүрегіне қарайтынын ескерткен. Сондықтан, имансыз намаз бен ораза, имансыз өзге де мұсылман парыздар ол жай ғана профанация. Алдымен адам өз алдында есеп беріп, таза болуға ұмтылу керек. Сосын Аллаға ұялмайтындай жүгінгені дұрыс болар. Мен өзімді тақуамын деп айта алмаймын. Абай айтқандай: “Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес. Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес. Аршып алып тастауға, апандағы саз емес. Бәрі болды өзімнен...”. Жүрегің таза болуы үшін ойың таза болуы керек. Жаратқаннан ұялған Ар ғана тақуалыққа жол ашады деп есептеймін. Мен өз басым Тәңірден жаман қылықтарым үшін ұялам. Себебі, күллі Ғарыш пен біздің сұлу әлемді жаратқан Мінсіз Тәңірдің алдында сүйкімсіз болып өмір сүру өте ыңғайсыз...
– Осы өлеңді неге мен жазбадым деп өкінетін, басқа ақынның өлеңін қызғанатын сәттеріңіз болады ма? Сіз үшін өлең деген не зат?
– Мен біреудің толық бір өлеңіне емес, кейбір сәтті теңеулеріне тұщынған сәттерім өте көп болды. Жалпы, ішім тар адам емеспін. Себебі, мен оған басқаша қараймын. Барлық ақын бір қазанға су тасып жүрген адам деп қарайық. Әр өлеңі - бір тамшы. Қазақтың поэзиясы мен болмасам, менің орныма басқа біреу туса да жасалады. Сондықтан әр сәтті өлеңге мен тек қуанамын. Ол Алаштың жемісі. Қазақтың өлеңі кез келген ақынның ойымен байып жатса, онда менің де бұл салада жүргенім босқа емес. Мен үшін өлең деген - тылсымнан келген үшбу хат.
– Ақбереннің сезімі дегенді қалай түсіндіресіз? Сезім деген не нәрсе сіздің пайымыңызда?
– Сезім деген Жаратқан тарапынан адамға берілген ғажайып нығмет, керемет қабілет деп айтуға болатын шығар. Ақбереннің сезімі деген сөздің астарында нені меңзеп отырсың? Махаббат па? Дүниені сезу ме? Қорқыныш па? Қуаныш па? Қайсысы?
– Бәрін қамтысаңыз!
– Оған мына сұхбаттың көлемі көтермейді. Махаббат туралы айталық. Келісеміз бе?
– Жарайды. 
– Махаббат деген ұлы, тәтті сезім - Тәңірдің адам жүрегіне сепкен дәні. Адам мына фәни дүниеде барлық затқа махаббатпен ынтығады. Жарына, баласына, көлігіне, досына, киімге, затқа, үйге, ақшаға, тағысын тағы. Бірақ бұл махаббат деп отырған алдамшы дүниелер дәннен өсіп шығып, бір мезгіл ғана өмір сүрген гүлдің күлтелеріндей баянсыз махаббат. Ал, дән өзінің ең түбінде - Тәңірге деген сағынышты, Жаратушыға деген ұлы сүйіспеншілікті сақтап қалады. Дүниенің барлығынан адам жалыққанда, іште маза бермейтін мұң оны Жаратушыны тануға жетелейді. Жаратылысқа, мына ертегідей әлемге деген ғашықтық, адамды оның Ұлы Шебер Авторын іздеуге итермелейді. Бұл бітпейтін, толассыз, мәңгі махаббат. Мұндай сезімді басынан кешкен адам нағыз бақытты адам.
–  Ақын болып жүру қаншалықты қиын? Басым көпшілігі журналистиканың қара жұмысына жегіліп кетеді. Сіз де ондай қорқыныш жоқ па?
– Ақын болып өмірге келгеніме өкінген сәттерім болды, әрине. Бірақ ол менің таңдауым емес қой. Бұл бір бақсылық секілді дүние. Мен ішімдегі өлеңді 26 жыл тұншықтырып келдім. Бәрібір өлең мені жеңді. Яғни өлең менің бақылауымнан тыс нәрсе. Мен журналист боп жұмыс жасамасам да, Ұлт порталы деген ақпараттық сайтты ашып, жүргізіп отырмын. Әрине, журналистика шығармашылық адамын шаршатып, қажытып жібереді. Мен оншақты жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасадым. Жасымнан біраз жерде басшы болдым. Бірақ ылғи еркіндік аңсап тұратынмын. Күйбең тірлік, мағынасыз шаруалар әбден мезі еткен соң, кетіп тындым. Меніңше әр адам өз нанын тауып жей алатын деңгейде болу үшін, білімін жетілдіріп, заман ағымына сай болып отыру керек. Сонда жағдайы жақсы болады. Еңбек етпесең, ештене аспаннан құлап түспейді. 
– Бір қызға жігіті сіздің өлеңдеріңізді сайтыңыздан алып жіберіп жүреді екен. Күндердің күнінде әлгі қыз сіздің сайтыңызды ашпасы бар ма? Сонда сол қыз: “Ақберен Елгезек деген ақын менің жігітімнің өлеңдерін ұрлап алыпты” депті. Осындай әңгімелер айтылды кезінде. Бұған не дейсіз? Өлеңдеріңізбен арулардың жүректерін жаулап жүрген жігіттерге өкпеңіз бар ма?
– Ондай оқиғаның болғаны рас. Бірақ сенің сұрағыңдағыдай емес, басқаша болған. Бір күні агенттен бір қарындасым менің “Тағы да саған” деген өлеңімді салып жіберіп: “Аға, мына өлеңге баға беріңізші, қалай екен?” - дейді. Енді мен өз өлеңіме қандай баға беруім керек екен? Халық берсін, мен өз өлеңіме баға бере алмаймын дедім. Әлгі қарындасым: “Қалай сіздің өлеңіңіз? Сізде ұят бар ма, өзі?” - деп дүрсе қоя берді. Бірдеңелерді жазып жатыр, жазып жатыр. Сізден басқа ақын жоқ па қазақта, сізден басқа адамға өлең жазуға болмай ма, сонда деген секілді ашулы сөздер, әйтеуір. Мен бірден түсіндім. Жағдай былай болғанға ұқсайды: әлгі қарындасыма бір жігіт өліп-өшіп ғашық болады. Сезімін жеткізе алмай әуре-сарсаңға түседі ғой, қысқасы. Содан менің өлеңімді жіберіп, көңілін тапқан секілді. Өзіңе өлең арнап, сезімін жырмен жеткізіп тұрған адамды кім ұнатпасын, қысқасы қарындасымыздың бақыттан басы айналып жүрген керемет кезі екен. Содан қойшы, жаңағы өлеңді сіз жазған жоқсыз, біреудің еңбегін қалай ғана пайдаланғыңыз келіп отыр деп жер-жеберіме жетіп болды. Енді қайтем? Алдым да сайтымнан жаңағы өлеңді тауып алып, сілтемесін жібердім. Сайтқа қойылған уақыты тұр, пәленбай адам оқыған, пәленбай пікір тұр астында, тағысын тағы. Оның үстіне 2009 жылы шыққан “Көлеңкелер күбірі” атты кітабымда айтылып отырған өлең жарияланған болатын. Оның бетін сканерден өткізіп, қоса жолдап жібердім. Әйтпесе, қоятын түрі жоқ. Бір жағынан өкініп қалдым артынан. Енді ана жігіттің жағдайы не болмақ десеңші! Қарындасымның мінезі шатақтау екені көрініп-ақ тұр. Мен де іштен шыққан дүниемді қорғауым керек. Қатты қиналдым, жалпы. Күндер өтті, бір күні бір жігіт телефон соғады. Аға, осылай да, осылай сізден кешірім сұраймын, өлеңіңізді өзімдікі деп қызыма оқып беріп едім, сол ұрлығым әшкереленіп, масқара боп жатырмын дейді. Содан мен шыдамай кетіп, қызының нөмерін сұрадым да, әлгі қарындасыма телефон шалдым. Аты-жөнімді айтып ем, таныды. Содан әлгі қарындасыма былай дедім: –Айналайын, сені ана жігіт қатты сүйеді, сен үшін тіпті ұрлыққа барды. Бұл ұрлық емес, ерлік! Ақындық табиғатында жоқ, бірақ сезімін жеткізгісі келген, сен оған қайта қуан. Можантопай біреу болса, қайтер едің? Әрі сәтті деген өлеңімді тауып, саған оқыпты. Бұл деген романтика емес пе?! Қарындасым біраз ойланып тұрды да, (өзі де жігітін сағынып жүргені белгілі ғой): –Жақсы мен оны кешірдім – деді. Содан ертесіңде әлгі інім телефон шалып: –Біз үйленетін болдық, сізге рахмет, – деп жатты. Менің өлеңімнің арқасында адамдар бір-бірін тауып, сезімін білдіріп, жанұя құрып жатса, мен бақытты ақын емеспін бе! Солай болған.
– “Әдебиеттің құны сыйлықпен өлшенбейді” деп жатамыз. Десе де “Шабыт”, “Алтын қалам” сыйлығын алған жас ақындардың атағы аспандап шыға келеді. Жыр бәйгесіне қатысу ақынға не үшін қажет?
– Жыр бәйгелеріне ақындар жарысу үшін қатыспайтыны белгілі ғой. Тұрмыстық қажеттілік итермелейді. Кредиттері бар, айлықтары аз, сосын мүшайрадан алған тиын-тебенге ала алмай жүрген дүниесін алады, қарызын жабады дегендей дүние ғой.
– Шетел әдебиетінің ерекшелігі не деп ойлайсыз? Шетел әдебиетінің деңгейіне жету үшін не істеуіміз керек?
– Әр ұлттың өзіне тән дүниетанымы мен дүниесезуі болады. Шетел әдебиеті деген үлкен ұғым, оны талдау үшін том-том монография жазсаң да, бітіп болмайсың. Бір сұхбаттың ішінде шетел әдебиеті туралы ештеңе айтып жарытпайтынымыз анық. Ал, қазақ әдебиеті неге шетел әдебиетіне еліктеу керек. Оларда жоқ нәрсе бізде бар, бізде жоқ шығармалар оларда бар. Бұл жалпы адамзатқа бөліп-бөліп жіберген көктің хаттары деп ұғынайық.
– “Өлеңге өмірден емес, өлеңнен келдік” дейтін жастар көбейіп бара жатыр. Бұның алдын қалай аламыз? Болашақта шынайы ақындар емес, өлеңшілер қаптап кетпейді ме?
– Поэзия мен тарих атты әділқазылар өздері сұрыптап алады. Өлең құрастыратындардың ғұмыры ұзақ болмасы анық. Шын ақындар көп болмайды. Осы ғасырдың аяғында ары кетсе бір 10-15 ақын әдебиет тарихында қалатын шығар. Егер қалса. Өлеңнің өз талаптары бар. Өлеңге ғашық емес адам, тарихтан да дәмесі болмауы тиіс. Ал, өлең жазып, атақты болам, сөйтем-бүйтем деген адамдарды мен ұқпаймын. Шын поэзияның жолы өте ауыр, ал оны білмейтіндер жай ғана ерігіп жүргендер деп қараймын. Жалпы өлеңнің жолын ерте ұққан адамның жанары да басқа болады. Ол жанарды көбісінен көре алмай жүрмін. Өлеңші болғанша басқа шаруалармен айналысқандары абзалырақ қой деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет. Алға қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге тілектеспін. 

Сұхбатты жүргізген 
Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ, 

АЛМАТЫ.

498 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы