• Мәдениет
  • 25 Қыркүйек, 2013

«Үркер» сыйлығын иемденген үздік ұжым

Алматы қаласы әкімдігінің дарынды оқушылардың жетістіктерін қолдау мақсатында тағайындаған «Үркер» сыйлығы  әрбір жеңімпаз оқушы үшін «Үркер» деп аталатын төсбелгі түрінде және оқу жылында республикалық, әлемдік білім сайыстарында жеңімпаз атанған шәкірттердің саны ең көп мектепке берілетін алма бейнесі орнатылған көшпелі «Үркер» статуэті түрінде белгіленген . Оңтүстік астанамыздың төріндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы  №159 гимназия осы «Үркер» статуэтіне бес жылдың ішінде екі рет лайық деп танылды. 

Алматылық ерен білімді шәкірттерді «Үркермен» марапаттау салтанаты 2008-2009 оқу жылының қорытындысында бірінші рет ұйымдастырылған болатын.  Қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов алғашқы «Үркер» белгісін  жарқыратып 78 қала оқушыларының төсіне қадаса, оның ішінде  17-і осы гимназияның шәкірттері болды. Сол жолы Ы.Алтынсарин атындағы гимназия республикалық және халықаралық пән олимпиадаларының және ғылыми жобалардың жеңімпаздарын ең көп дайындаған, сапалы білім беретін мектеп ретінде «Үркер» көшпелі статуэтімен марапатталды. 
Міне, осы жоғары  марапат білім сапасы бойынша биік көрсеткіштерге қол жеткізген мектеп ретінде Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияға 2012-2013 оқу жылының қорытындылары бойынша тағы да табыс етілді. Жалпы қала бойынша «Үркер» белгісі 294 оқушыға берілді, соның ішінде Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның  шәкіртіне 27 үздік жұмыс үшін тапсырылды.
Рас, Алматы қаласындағы № 159-шы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның мақтаулы аты бұған дейін де аз шығып жүрген жоқ. Бұл гимназияның басшысы, бар білімі мен өнегесін бала тәрбиесіне арнаған, еңбегі еленіп, Қазақстанның Еңбек Ері атанған ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызы Миразова бұл жолы да шәкірттерінің жетістігіне ерекше қуанды. 
 «Ұстаз үшін әр бала талантты, әр бала ерекше. Баланың талабын ұштап, жігерлендіріп, білім әлеміне жетелеп отыру – ұстаздың парызы. Біздің шәкірттеріміз күнделікті оқу тапсырмаларымен шектелмей, ғылыми ізденістерге барып,  жаңалықтарды танып-білуге ұмтылса, одан жақсы нәтижелер көрсетсе, бұл шынында да қуанарлық жәйт. Қазір  мектеп өмірінің барлық салаларында инновациялық-интерактивтік бейнесімен көріну талабы бар. Инновация – жаңалықтың қабылдануы болса, интерактивтік – білімді және тәрбиені өзінің белсенді әрекетімен меңгеру мағынасын білдіреді. Міне, бұл екі сипат та бүгінгі гимназиямыздың оқу – тәрбие ісіне тән»,-деді ол толқи тұрып. 
Мектептің әсем безендірілген кең залында мерекелік іс-шара өтіп жатыр. Сахнада «Жауқазын» би тобының бишілері. Күйсандықтан көңіл тербейтін әдемі әуен төгілуде,  биші қыздардың қимылына тіпті көз ілеспейді, мың бұрала, әсем үндестікпен қозғалады, сондай көркем, қазақы өрнектегі ұлттық костюмдері де ерекше  көз тартады. Гимназияның тағы бір мақтанышы - осы «Жауқазын» би тобы екені мектеп басшысының сөзінен де, осы іс-шараға құрметті қонақ болып қатысып отырған   Түркі халықтары мәдени қорының өкілдері Ахмет Дағдұран мен Дариға Жүністің сөздерінен де айқын аңғарылады. Біз алдымен би тобының жетекшісі Майра апайды сөзге тарттық. 
«Жауқазын» би тобының жетекшісі, №159- шы гимназияның мұғалімі Майра Жақыпова:
–Біздің гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, ардақты ұстаз Аягүл Төреқызы Миразова мектебімізде би үйірмесін ашып, балаларды би өнеріне баулуды осыдан бірнеше жыл бұрын бастаған еді. Кішкентай бүлдіршіндер мектеп есігін ашқан алғашқы жылдардан бастап би үйірмесіне қатысады, кейін осы өнерді жақсы көретін, талабы жоғары балалар өздері іріктеледі. Бірнеше жылдан кейін «Жауқазын» би тобына ең қимылы әдемі, өнерлі балаларды топтастырдық. Қазір ата-аналардың көмегімен балалардың көз тартар ұлттық киімдері бар, олар қаламыздағы, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атануда.  «Нұр Отан» жастар қанаты ұйымдастырған байқауда бірінші орын алдық, «Медеу» фестивалінде өнер көрсетіп, үздіктер сапынан көріндік. Астанада өткен «Ақ көгершін» байқауына қатысып қайттық. Екі жыл қатарынан Түркияға барып келдік, сол елдің балалар мерекесінде өнер көрсетіп, мадақтама қағазымен марапатталдық. Әлемнің 43 елінен келген өнерпаздар қатысып, бүкіл елді балалардың шат күлкісіне бөлеген  бұл мереке бір апта бойына теледидар арқылы тікелей эфирде көрсетіледі екен. Бауырлас түркі мемлекетінің тұрғындары біздің елімізді, Қазақстанды ерекше құрметтейтіні байқалды. Қай жерде жүрсек те, олардың бізге деген көзқарастары ерекше екені көрініп тұрды, ықыластарына сөз жетпейді. Көк туымызды желбіретіп, сахнаға шыға келгенімізде «Қазақстан жасасын, Түркия жасасын, достығымыз жасасын» деп ұрандата жөнеледі. 
Иса пайғамбардың Мариям анасының кесенесіне бардық. Саяхатшылар лек-легімен келіп жатыр екен, христиан дінін ұстанатындар дұға етуде. Біздің балаларымыз осы кесенеге кіргенде әдеппен, өзгелерді сыйлай отырып, сабыр сақтап дауыс көтермей, аралап шықтық. Осыны байқаған бір топ туристер кейін жанымызға келіп, «Қай елден боласыздар. Қандай өнегелі, тәрбиелі балалар»,-деп бүлдіршіндерімізге таңданыстарын жасырмады. Біз мұсылманбыз, өзге діндерді де сыйлауымыз керек деген тәрбиелі сөзімізді шәкірттердің бойларына сіңіргеніне іштей қуандық. Осындай тәрбиелі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа шетелдің адамдары да өз ризашылықтарын білдірді. Мұндай сәттер еш ұмытылмайды, біздің шәкірттеріміз өздеріне ғана емес, бүкіл елімізге жақсы атақ әкелді. Түрік ағайындардан үйренетін тұстар бар екен. Біздің балалармен суретке түсіп, ілтипат көрсетіп, Қазақ еліне деген ыстық ықыластарын жасырмады. Біз мерейіміз тасып, олардың қонақжайлылықтарына үлкен алғысымызды білдірдік.
Ахмет Дағдұран, Түркі халықтары мәдени қорының жетекшісі: –Биыл түркітілдес халықтардың  достық қарым-қатынасын нығайту, ортақ мәдениетін,әдебиетін, тілін,тарихын, әдет-ғұрпын, салт дәстүрін өзіне және өзгелерге таныту мақсатында құрылған біздің қорға 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында аталмыш қор қазақ елінің әдебиетін, мәдениетін, өнерін шет мемлекеттерге таныстыруда үздіксіз еңбек етіп келе жатыр.
Түбі бір түркі халықтарының достығын, рухани байланысын нығайтуда да атқарған маңызды іс-шаралары айтарлықтай. Атап айтқанда, жыл сайын Қазақстаннан 250-300-ден астам дарынды жастары мен жасөспірімдері Түркияда, Румынияда, Кипрде, Қырымда өтетін фестивальдерге, өнер байқауларына қатысу мүмкіндіктеріне ие болады. Аталмыш қор ұйымдастырған «Түркі халықтарының бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері», «Әлемдік деңгейдегі түркі халықтары құқығының қорғалуы», «Түркі халықтарына ортақ мәдени мұралар», «Түркі әйелдер құрылтайы» сияқты Халықаралық деңгейдегі конференциялар мен симпозиумдардың түркі халықтарының бір-бірімен пікір алмасулары мен рухани байланыстары үшін маңызы өте зор. Қордың ұйымдастыруымен Түркия мен Қазақстанның көптеген қалалары, мәселен Қапшағай мен Бурса қаласы, Есік пен Тарсус қалалары, Талғар қаласы мен Уфа қаласы  бауырлас қала мәртебесін алып, өзара мәдени және экономикалық байланыстар орнатты. 
Біз қазақ елінде тұрып, қазақ елінде қызмет етіп жатырмыз. Қазақ жері бүкіл түркінің ата жұрты, осында тұрған соң, біз бірінші кезекте Қазақстанға қызмет етуіміз керек. Дүние жүзіндегі 300 миллион түркі халықтарының негізі қазақтар емес пе. Қазақ халқының  бізге жамандығы болған жоқ, біз түбі бір түркі халықтары, болашақта бір -бірімізді қолдап, бір болуға ұмтылуымыз керек деген ойдамын.
Мен өзі ұстаздарды қатты құрметтеймін. Бұл ұлы мамандық. Министрің де, депутатың да, бәрі де ұстаздан тәлім алады. Осы кезге дейін Қазақстандағы бірнеше мектептермен, оның ішінде  Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның ұжымымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Осы гимназияның «Жауқазын» би тобы биыл да Түркияда болып, өнер көрсетті. Түркия мемлекетінің Ұлттық егемендік және балалар мерекесіне қатысып, Елбасы Абдулла Гүлдің, Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Жемил Чичектің жәна Бас Министр Режеп Тайып Ердоғанның  қабылдауында болды. 
Менің ойымша, мұғалім еңбегі қай елде де жоғары  бағалануы тиіс. Білімді ұрпақ тәрбиелейміз десек, мұғалімге деген көзқарас жоғары болуы керек деген ойдамын. Тиянақты терең білім алған, зерделі жастан еліне пайдасы тиетін азаматтар өсіп шығады. Қазіргі өскелең ұрпақтың бойынан білімге құштарлық, өзге елдердің тілін меңгеруге деген ұмтылыс байқалады, бұл жақсы нышан. Мұндай ақылды, білімпаз жастар бүкіл түрік әлемінің келешегі.

Мөлдір ҚАНАҒАТҚЫЗЫ 

 

 

 

 

 

481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы