• Қоғам
  • 23 Шілде, 2013

Кіндік қаным тамған жерге саяхат немесе «Өз үйім – өлең төсегім»

Ауылдың қарадомалақ баласы болғандықтан, сонда туып-өсіп, ержеткен соң, қалайша ауыл туралы жазбасқа? Мен бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Талшық поселкесінде тудым.

Әр кез көңіл құсын көкке өрлетіп, жаныңды жадыратар көгілдір таулары мен бұйра шаш қарағайлы, ақбалтыр қайыңды сұлу табиғатына ежелден небір тылсым сыр тұнған, қойнауы алтын-күміс байлыққа, қазақтың дархан жан дүниесіндей жалпақ даласы мыңғырған мал мен жайқалған алтын егін алқабына толы, алты алашқа есімі мәшһүр Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты сал-серілер, Ағынтай мен Қарасай, Қожаберген жырау сынды терістікте Ресей, түстікте Қытай сияқты алып мемлекеттерден қауіп-қатер төнген сын кезеңде кейін үш жүздің ұлы ханы болған Абылайханмен бірге ел қорғаған жаужүрек білекті де білгір батырлары және бертінгі Кеңес дәуірінде Қазақстанды Мәскеудің жымысқы әрекетімен тулақ терідей жырымдап бөлшектеуден аман алып қалған жолбарыс жүректі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов, абзал азаматтығы мен биік адамгершілігі аңызға айналған кеңес-партия қайраткерлері Бәйкен Әшімов пен Еркін Әуелбеков, көрнекті ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов, белгілі этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов, ең бастысы, біртуар алаш арысы, еліміздің еркіншілігі үшін күрескен, әу бастан қазақ еліне қатысты империялық саясат ұстанған коммунистік партияның жендеті, озбыр да зымиян, Қазақстандағы әйгілі «Кіші Октябрьдің» авторы Голощекинмен саяси айтыс-тартысқа түсуден еш тайсалмаған, халқым деп шыбын-жанын шоққа қарып, отқа салудан аянбаған ұлт жанашыры, қазақтың тұңғыш оқу-ағарту Наркомы, қаламы жүйрік жазушы-журналист Смағұл Сәдуақасов туып-өскен өлкенің перзентімін. Қазір құдайға шүкір облыс та, аудандарымыз да, ауылдарымыз да жыл сайын құлпыра түсіп, көркейіп, дамып жатыр. Аудан орталығы – Талшықта да соны серпіліс бар. Осында әкімдіктің дәл алдында бүгінгі ұрпақтары Смағұл Сәдуақасов атамызға ескерткіш орнатып қойды. Одан әрі субұрқақ, оң жағында жарқын болашаққа деген ұмтылысты һәм дамуды бейнелейтін қанатты барыс, сол жағында жоғары дәрежедегі көрегенділікті көрсетіп тұрған қырағы қыран орын тепкен. Жаз айында субұрқақ іске қосылып, серуендеген халыққа жағымды әсер етеді. Бағбаншылар аса бір баппен отырғызған гүлзарлардағы алуан түрлі гүлдер Тың көшесіне ерекше әсемдік беріп тұр десем, артық емес. Тың көшесі – ауылдың басты көшесі. Көше бойы қазақша жыл санау бойынша 12 аң-құс бірінен соң бірі реттілікпен өз орындарын иеленген. Бұдан басқа, бұл көшеде аудандық әлеуметтік нысандар – Мәдениет үйі, білім беру және дене шынықтыру мен ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің ғимараттары, пошта, телеком, мектеп, саябақ, стадион, әлеуметтік дүкендер, сауда орындары, мейрамхана жайғасқан. Кешкі мезгілде жарықтандыру мәселесі мықтап қолға алынған. Күндіз де, түнде де адам нөпірі еш толастаған емес. Әсіресе, жастардың үлесі басымырақ. Бұның бір дәлелі: той-думан, жалпыхалықтық мереке күндері алдына жан салмайтын, ішер асын жерге қоятын небір өнерпаздарымыз күмбірлеген домбыраның қоңыр үнінен күй төгіп, ән мен жырдан шашу шашып, дүйім жұртты қуаныш-шаттыққа һәм көтеріңкі көңіл-күйге бөлейді. Бұл күндері халық деген ығы-жығы, бірін-бірі құттықтап, мәз-мейрам болады. Қазақ, негізінен, тойшыл халық емес пе? Міне, қай тойды болсын осылайша дүбірлетіп атап өтеді біздің ауылда.

Ауылымыздағы мәдени нысандар саны жылдан-жылға көбеюде. «Белгісіз жауынгер», Тәуелсіздігімізге лайықты тарту ретіндегі «Тәуелсіздік стелласы», С.Сәдуақасов атындағы өлкетану мұражайы қатарына «Тәуелсіздік монументі», «Демалыс саябағы» қосылды. Соңғы екеуі бұрнағы жылдың Астана күні қарсаңында ел игілігіне табысталды. «Демалыс саябағына» еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін кез келген уақытта келіп-кетіп жатады. Екіншісі Елордадағы Тәуелсіздік монументімен аттас, бірақ соның сәл-пәл кішірейтілген көшірмесі теміржолдан кіре берістегі бұрынғы «Қыз бен Жігіт» ескерткішінің орнына тұрғызылды. С.Сәдуақасов атындағы өлкетану мұражайы осыдан екі жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлының қатысуымен салтанатты түрде тұсауы кесілген болатын. Бұл мұражайға 77 жыл бойы жерлесіміздің күлі сақталған қобдиша сонау Ресейден өз топырағыңа бұйырып, әкелінді. Мәдени нысандарға қатысты айтарым осы.

Тағы не бар ауылда? Ұмытып барады екем, екі балабақша, үлкен аурухана, элеватор және мешіт бар. Су жаңа балабақша былтыр қыркүйек айының бірінші жұлдызы күні ашылып, ауылдағы қаршадай бүлдіршіндерді 120 орынмен қамтамасыз етті. «Бірінші байлық – денсаулық» демекші, аудандық ауруханамызға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында (2008 жылы) атшаптырым алқапты қамтып, салынды. Осында заманауи ауруханаға сәйкес барлық талаптар сақталынып, ол ең озық деген құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ақжарлықтар аурухана ашылғанда бөркін аспанға атып, қуанған-тын. Оның да жөні бар: жұрт енді сонау шалғайдағы облыс орталығына ат сабылтпай-ақ, осы жерден алаңсыз қажетті ем-дом шараларын қабылдап, ауруынан айыға алатын болды. Элеватордағы жұмыс кезеңі егін науқаны қарсаңында қызу дайындақта болып, кейін егіс алқаптарынан шашпай-төкпей жиналған астық қамбаға құйылған кезде қыруар атқарылатын шаруа қамына кіріседі. Әрине, олардың еңбегі еленбей, ескерусіз қалмайды. 2008 жылдың сарғылт реңді күзінде бой көтерген Үлкен Қарой мешітінің тұсаукесер рәсіміне ҚМДБ-нің бұрынғы Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі қатысып, сөз сөйлеген болатын. Күннің суығына қарамастан, сол күні жиналған жамағаттың санында шек болмады. Бұл туралы толық бейнематериал «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, халық жадында мәңгі сақталып қалды.

Сосын, ауылымызда Шат өзені ағып, басып өтеді. Үлкендер кезінде осы өзен Талшық ауылын тас жолға дейін түгел жайпап өтіп, су басқан деседі. Сөйтіп, бертінгі уақытта басшылардың шешімімен өзінің бастауын алатын Ленинград селосы тұсында бөгет қойылып, екінші рет ауылға қауіп төнбейтіндей шара жасалынса керек. Қазіргі өзеннің хал-ахуалы қандай? Бүгінгі күнде өзеннің кейпі адам танымастай өзгеріп шыға келді. Суы тартылды да қалды. Жағдай, міне, осындай ауылда.

Енді ауылдың тыныс-тіршілігіне ойысатын болсақ. Ауылда түтінін түтетіп отырған отбасылардың басым бөлігі – қазақ ұлты. Өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін кездестірген күннің өзінде, олар – некен-саяқ. Қандас бауырларымыздың атамекеніне көшіп келуіне барынша жағдай жасалған. Көше-көшедегі қаз қатар тігілген үйлердегі көрші-қолаң бір-бірімен өзара жақсы қарым-қатынаста және тату-тәтті. Әрбір үй жағдайы келгенше төрт түлік малды ұстап, өз қамдарын өздері жасайды. Күн сайын қайталанатын бір картина(сауық-сайран, мереке күндерін қоспағанда): таңның атысынан кештің батысына дейін жұмысқа бара жатқан және жұмыстан келе жатқан жандардың сұлбалары, мектепке жаңа бір нәрсені үйрену үшін асыққан оқушылардың бал-бұл жайнаған жүздері. Соңғы кезде оқуын аяқтап келіп, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқасында жастар ауылда тұрақтап қалатын болды. Бұл да көз қуантады. Сенделіп жүрген ешкім жоқ, тіпті, жастардың дені өз еркімен әскер қатарына сұранып жатыр десем, артық айтқандық емес. «Еселі еңбек – бәрін де жеңбек» дегендей, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өткен жылдың қателеспесем шілденің 11-нде «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында «әлем әміршісі – еңбек» деп қадап айтты. Бұл да жастарға бір стимул болатындығына мақаланы тұтас оқып шыққанда көзім жетті. «Өз үйім - өлең төсегім» дегендей ауылыңның қадірін одан алыстаған сайын алпыс екі тамырыңмен, сай-сүйегіңмен сезіне бастайсың. Жырақта жүріп, туған жеріңнің топырағың бір иіскесем деп армандайсың және оған деген махаббатың одан сайын еселене түспек. Түптеп келгенде, қоғамның үлкені де, кішісі де, жас пен кәрісі де – бәрі қайда  жүрсе де, өз кіндік қаны тамған жерін ойлап, оның көркеюіне һәм дамуына өзіндік үлес қосып, атсалыспақ.

 

Жауын-шашын, қой кезегі және мен

Ауылда тұрғандықтан, көше-көше болып ауыл тұрғындары кезектесіп қой бағады. Сол кезек біздің үйге де жетті. 2009 жылдың жазы. Шілде айының аптап ыстығы. Таңғы 08.30-да қой орыннан жылжып, Шат өзенін кесіп, қу медиен далаға әскердегі сарбаздар сияқты бірінен соң бірі сапты сақтап, беттейді. Кең далада Шопан атаның түлігі жайылып барады. Мен болсам, анда-санда отардың алдына көз салып, байқап қоямын. Бір мезетте айыр құйрықты қарлығаштар тобы төмен ұшып өтті. Қазекеңде ырым бар ғой: қарлығаш төмен ұшса, ауа райы күрт бұзылады. Дәл осы ырымның орындалмасы бар ма? Сағат 10-дарға қарай көкте қара бұлт үйіріліп, ал жаңбыр сіркіресін келіп. Сөйтсем, бұл бастамасы, ең сорақысы алда екен. Сонша үсті-басым су болмады. Ары қарай қойларымды бағып, жүре бердім. Түске таман тағы да жауды. Қара бұлттар бір-біріне соқтығысып, найзағай жарқ-жұрқ етеді. Бойымды үрей билеп, мен не істерімді білмей, сасқалақтай бастадым. Менің орнымда болған кез келген адам дәл сондай күй кешер еді..

Кейін сағат 16.00 шамасында бұрын-соңды болмаған алапат құйын соқты. Айнала деген аппақ. Ауыл жақ тіптен де көрінбейді. Отар болса, екі топқа бөлініп қалған. Аралары да алшақ. Қойлар маңырап, не болғанын түсінбей, орындарында тапжылмай тұрып қалыпты. Құйынның қалай соққанын егжей-тегжейлі баяндауға тырысайын. Жолындағының бәрін жайпап өтетін, қаһарына мінген, пулеметтің оқтарындай аса бір жылдамдықпен зулаған, тіпті, бет қаратпайтын аномальды құбылыс. Жарты сағат жауған еді. Дәл осы жағдай менің санамда ұзаққа сақталып қалды.

2012 жылдың жаз айында тағы бір оқиға орын алды. Тағы да сол баяғы жауын-шашынға қатысты. Күткен қой кезегі де келіп, өзім бағып тастауға бекіндім (біреуді жалдап, кезектен құтылуға болар еді, әрине). Күні бойы ерекше ештеңе болған жоқ. Отарды қайырып, ауылға қарай беттейтін уақытқа дейін бір сағат қалғанда, жаңбыр жауды. Әкем хал-жағдайымды білу үшін УАЗ-игімен келген болатын. Жер езіліп, мәшине түгілі жаяу адам әрең-әрең жүреді. Әкем ауылға ертерек қайтуға бекінді. Мен шашырай жайылған қойларды жинап, ауыл қайдасын деп сол жаққа қарай тарттым.

Кеңестік заманның автокөліктерінің ішіндегі ең мықтысы – «УАЗ» десек, артық айтқандық емес. Кез келген кедергіден мүдірмей өтіп шығатыны да өз алдына бөлек әңгіме. Ертерек жылжып кеткен «УАЗ» өзенге жете бере, еңісте жүріп келе жатып, ең соңғы өрден өтуге шамалы ғана қалғанда, орнында тұрып қалады. Газды қанша басса да, балшықты арт жағына лақтыра береді. Шина деген «тақыр». Алдыңғы ілеспе істемейді, тек артқы ғана. Жанармайдың аз екендігін айтып әкем де безек қағып жүр. Алыстан болған жайды көрген көрші Әлмұрат та қасымыздан табылды. Көз алдыңызға елестетіңізші, үздіксіз жауған жаңбыр астында мәшиненің әлегімен жүрген әкем, құдай қосқан көрші, мен – үшеуміз. Ары-бері ойланып, шығарудың жолын іздестірудеміз. Машина астына күл төгіп, итереміз. «УАЗ» орнынан жылжығандай болады, алайда ол тек бүйірімен сүйретіледі-мыс. Қой болса, ауылға кіріп, үй-үйге тарап кеткен. Көрші-қолаңның болғаны қандай керемет! Ақыры амал табылып, дөңгелек астына, темір сетка төселді де, машина әп-сәтте шығып кетті.

Содан соң машина өзен жағасын бойлай жүріп кетті. Қалай дегенмен, ар жаққа өту қажет. Жер біткен әбден езілген, оңтайлы түсетін көлбеуді табу оңай емес. Өзенді кесіп өту үшін тәуекел деп әкем бар пәрменімен газды бассын кеп. Төмен құлдилаған «УАЗ» суды екі жаққа бөлгендей (кедергіге тап болып, тоқтап, батып қала ма деген қауіп болған), дін аман өтті. Одан кейін мәз-мейрам болып, соңы ду күлкіге ұласты. Ара-тұра есіме алсам, езуіме еріксіз күлкі үйіріледі.

 

Махаббат – мәңгі ертегі

Жүрек – жұмыр басты пенденің «қозғалтқышы». Жүрек дегеніміз не? Осындай сұрақ қойылса, сіз қалай жауап берер едіңіз? Мейірімді һәм қамқоршы Аллаһ тағала мүминге екі көз, екі аяқ, екі қол, екі құлақ берген, ал неге жүрек – жалғыз? Себебі, екінші жартысын тауып, таңдаған жанын өмірлік жан серігі ету үшін. «Қосағыңмен қоса ағар», - дейді қазекең. Бірте-бірте махаббат тақырыбын қозғауға тура келеді. Махаббат – ұлы сезім. Хакім Абай атамыз айтқандай: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар». Қаншама ұлы ақындар махаббат туралы небір жауһар жырлар жазған. Алайда басынан шынайы махаббатты өткергендер бұл ғаламда аз шығар-ау... О, жарықтық, нағыз махаббатты қайдан табуға болады? Бұл фәни дүниеде сол шынайы махаббаттың өзі бар ма? Ішкі жан дүниесімен сырласа отырып, өзіне осындай сауалдарды қойған жандар қаншама. Ал қабырғасы қайысып, өмірден қара құрдымға түңіліп, сүйген жандарынан айырылған адамдар да баршылық.. Кейде қанша күндер аңсаған, қанша түндер армандаған сүйікті адамыңды кездестіріп, оған мән бермейтін кездерің де болады. Қолына қонған бақ құсыңды ұшыртып алып, есіңді жинаған тұста бәрі де кеш болып шығады. Әттең, дүние-ай, өмір бойы бір ғана адам үшін жанын қиюға дайын адамдардың кейбір ойланбастан жасаған іс-әрекеттері сырт көз үшін ерсі болып көрінеді. Төл әдебиетіміздегі жетпіс жасқа келген Естайдың ұзақ жылдар бойы сақинасын қолынан тастамай, Қорланына арнап жыр төккенін білеміз. Бұдан басқа да мысал ретінде өшпес мұра болып қалған фольклорымыздағы махаббат жайлы жыр-дастандарды толық түсініп, түйсініп болдық па?!

   Менің білуімше, әр адамның махаббат сыры – жұмбақ сыр. Ол жария етілмейді, адамның жүрек түкпірінде құпия сақталады. Өз махаббатын шығармашылық саланың адамдары: ақын-жазушылар, сазгерлер, қылқалам шеберлері – суретшілер ғана ашық жырлап, жария ете алады. Бұл әрекеттері олардың өздеріне жарасып, ерекше бір үйлесімдік табатынын қайтерсің.  Мәселен, данышпан, ақын Абай Тоғжанға деген махаббатын «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», «Айттым сәлем, Қаламқас», тағы басқа да өлеңдерінде жырлап, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық мәңгілік ескерткіш қалдырды. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің «Махаббат қызық, мол жылдар» романы арқылы «Махаббат!» атты ұлы сезімді шырқау шыңға  көтере дәріптеп, болашақ ұрпаққа үлгі етіп кетті емес пе. Аталмыш туындыны бүгінгі ұрпақтың тебірене отырып, сүйсіне оқитыны анық. Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің өзінің «Ескірмеген махаббат» әнін шырқап тұрған сәтін бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кеудесін кере, жүзінде күлкі ойнап әуелеткенде махаббаттың буына балқып, бақыттың бесігінде тербетілгендей күй кешесің.

Қазақтың арғы тарихына шолу жасасақ, махаббаттың мәңгілік тақырып екеніне ел арасында кеңінен таралған «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Төлеген мен Қыз Жібек» жырларын, Арқаның ақын сазгерлері  атақты Ақан сері шығарған «Балқадиша», Біржан салдың – «Ләйлім шырақ»,  Балуан Шолақтың «Ғалия» және тағы басқа да толып жатқан авторлық әндерді мысал етуге болады. Сондай-ақ мен туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында Айсары деген ауыл бар. Ондағы биік обаның басында бір-бірін сүйген, бірақ бірі бай қызы, бірі кедей жігіт болғандықтан  аңсаған армандарына жете алмай қуғыншы қолынан қаза болған Айсары мен Шорман жерленген екен. Осы төбешік қазірде қыр қызы мен жігітінің шынайы махаббатына орнатылған табиғи ескерткіштей алыстан көз тартып, еріксіз махаббат туралы сан түрлі ойларға батырады.

Махаббат – 8 әріп, 1 сезім. Бұл, менің ойымша, осы сөздің мәнін толық ашпаса да, барынша жақындата айтылған теңеу дер едім. Әдетте, махаббат символы – қос аққу. Қазіргі заманда, нақтырақ айтатын болсақ, соңғы жылдары батыстан келген (вестернизацияның бір жемісі іспеттес) Әулие Валентин күнін атап, символы – «жүрекшелерді» бір-біріне табыстау кең етек жайып барады. Ал өзіміздің санамызға жат бұл үрдіске тосқауыл қоюға кешеуілдеп қалған жоқпыз ба деген ой қылаң береді. Шүкір, соңғы жылдар жүзінде Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні – 15 сәуір белгіленіп, алысқа ұзамай-ақ мына Астанада бірқатар қызықты да мазмұнды іс-шаралар өткізіледі. Осылардың бастауында бастамашы ретінде университеттің жастары тұр. Демек, жастардың да сана-сезімінің өзгенің ырқында кетпеуіне қарсылық көрсете алатынына сенім бар. Тек жақсы PR, мықты насихат арқылы өскелең ұрпағымызға бай мұрамыздағы махаббат үлгілерін, жырларын әбден сіңісті етіп, саналарына құюымыз қажет деп ойлаймын.

 

Менің сүйікті қалам – Астана

Қай қала болмасын – толассыз түйісіп жатқан сан қилы тағдырлардың, оқиғалардың, құбылыстардың қайнаған ортасы. Құмырсқаның илеуіндей тынымсыз күнделікті қала тіршілігінде адам мен оның іс-әрекеті ерекше орын алады. Күндіз-түні дамыл таппайтын тұрғындар мен көше толы көлік нөпірі, көкпен тірескен заңғар үйлер мен ғимараттар, қысқасы бәрі-бәрі қаланың қатал заңына бағынады.

Мен қазір Отанымыздың жүрегі, бас шаһар - Астанада оқып жүрмін. Оң мен сол жағалау болып бөлінген шаһардың екі бөлігіне тән өзіндік тарихы, ғұмырнамасы бар. Бүгінгі Астананың бет-бейнесі, келбеті көздің жауын алатын таңдай қақтырарлықтай дәрежеде. «Астанада жасалып жатқан дүниенің ауқымы адам сенгісіз», - дейді британдық сәулетші Хью Пирман. Астана – жас қала! Болашақтың қаласы! Еуразияның дәл жүрегінде орын тепкен Астана 15 жыл ішінде адам танымастай өзгеріп шықты. Зәулім-зәулім ғимараттар, архитектуралық туындылар сол жағалауды таңғажайып ертегілер әлеміне айналдырып жіберді. Елордамызды көру үшін туристердің келуі жиіледі. Әсем де көркем жерлерді аралап, қала тарихының бүгіні мен өткенін саралап, осыдан қорытынды шығарасың. Замана уақыттың қалайша әсер еткенін, қандай өзгерістер әкелгенін көресің. Есіле аққан ерке Есілді бойлай, әр нәрсенің шетін ойлай, тағы да оң мен сол жағалауына көз тастайсың. Шолып өтесің де, ары қарай кетесің. Бөлгеннен не пайда? Екі бөлігін біріктіріп, тұтас қарастырған абзал. Саяси аренада Президенттің көрегенділігі мен сарабдал саясаты арқылы Жас Астанамызды білмейтін жан кемде-кем шығар. Елорда құлашын кең жайып барады. Болашақтың кілті – жастардың қолында десек, олардың да таңдауы Астанаға түсті. Жыл сайын жастардың нөпірі еш толастамайды. Астана – жалпы халықтың сүйікті қаласына айналды. Бұл әдемі шаһар туралы жаза беруге, жаза беруге болады. Тек жаза беру арқылы дұрыс баға беру аса маңызды әрі қажет.

Астана қаласы туралы ой әзірше осылай аяқталды. Егемендік алған жылдар тұсындағы артылған сенім толығымен ақталды. Соны серпіліс, тың жобалар тән Астананың даму қарқыны соншалық, көз ілестірмейді. Ендеше, жайнап, гүлдене бер, сүйікті қала Астана!

 

Дініңе берік бол!

Осы фәни дүниеде өскелең ұрпақты, жастарды хақ жолымен жүруге нәсіп етсе екен дейсің! Ниеті ақ жандардың әрбір харекеті де ақ. Оған дау жоқ! Қазіргі таңда Алланың жердегі үйі – мешітке жамағаттың, әсіресе жастардың баруы жиіледі. Бұл жағдай, әрине, көңіл көншітерлік. Қазақстан мұсылмандар діни бірлестігінің шығарып жатқан кітаптары мен кітапшалары тегін таратылып, адамдардың діни сауатын арттыруға септігін тигізуде. Айлардың төресі - Рамазан айында мұсылман қауым ораза ұстап, сауап жасауға бір табан жақындай түсуде. Жағымсыз мінез, қылықтардан бойын ада ұстап, шыдамды, төзімді болуға бар күш-жігерін сарп етеді олар. Ойы тазаның бойы да таза. Былапыт, дөрекі сөздерден аузын тиып, салих амалдарды көптеп жасауға ұмтылады. Мұсылман бауырлар мен қарындастар бес уақыт намазын қаза қылдырмай, уақытында оқып, жұма сайын мешітке асығуға жаны құштар болады. Және олар бір жылда бір келетін Рамазан айын аса бір ыждаһаттылықпен асыға күтеді.

Былтыр жаз айында, яғни демалыста жүргенімде, шілденің 18-і күні, ауданда әлеуметтік мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру аясында облыстық Діни істер департаментінің қатысуымен СҚО ішкі саясат басқармасының «СҚО тұрғындары арасында діни экстремизмнен сақтандыру» атты жобасы бойынша «Діни экстремизм – қазіргі қоғамның проблемасы» тақырыбында дәріс өткізілді. Облыстық үгіт топ мүшелері қатарында «Прозрение-Көз жету» ҚБ төрағасы Максим Доценко, СҚО бойынша қылмыстық-атқару департаментінің теологы Рустам Садуев және облыстық Діни істер департаментінің бас маманы Болат Омаров болды. Сөйтіп, мен «Дін жайлы әңгіме өрбіді» деген мақала жаздым. Онда бірінші болып сөз сөйлеген Б.Омаров 2011 жылдың 11 қазанында Президент қол қойған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының мән-жайына тоқталып, аталмыш заңның алғашқы баптарында-ақ мемлекет дінге араласпайтындығын жеткізді. Бұдан басқа, ол ҚР Дін істері агенттігінің мақсаты мен атқаратын функциясы, оның аумақтық органдары хақында айтып өтті. Бұдан соң Максим Юрьевич жүзеге асырылып отырған ауқымды жобаның қоғам үшін маңыздылығын баса қадап айтып, әлі де болса әлеуметтің дін мәселесінде білімдерінің жетіспейтіндігіне басты назар аударды. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын мектеп қабырғасында «Дінтану негіздері» курсының енгізілуі ұстаздарға біршама қиындық туғызып, айтарлықтай нәтиже бермейтіндігінің себептері мынадай: 1. Оқушылардың басым бөлігі не жайлы сөз болып жатқандығын түсінбейді және түсінгісі келмейді; 2. Тек бір ғана дінге екпін қою. Сәйкесінше, елімізде Ислам дініне өзге діндерге қарағанда көп сағат бөлінген. М.Доценко мырзаның айтуынша басты проблема - адамдардың сауатсыздығы. Тіпті, кейде аға ұрпақтың дін жайлы өскелең ұрпаққа мейлінше түсінікті етіп түсіндіре алмайтындығы да ұшырасатынын айтты. Жиналған қауымды дін тақырыбындағы әдебиеттер тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, жергілікті әкімшілік органдары рұқсат берген арнайы дүңгіршектерде (жерлерде) сатылатындығын ескертті. Ал осы әдебиеттерді белгіленбеген жерлерде насихаттап, тарату заңға қарама-қайшы екендігін айта келіп, қауіпсіздік органдарын заң бұзушыларды дер кезінде құрықтап әрі қырағы болуға шақырды. «Және де діни білім беру ұйымдарында оқуға құлшыныс танытқан балалар ата-ананың рұқсатынсыз яки ата-ананың біреуі қарсылық білдіргеннің өзінде сол жерлерге өз еркімен баруға тыйым салынады», – деп сөзін тәмамдаған болатын. Ал Рустам Серікұлы қылмыстық-атқару жүйесінде бірнеше жыл  қызмет атқарып, көрген-түйгендерімен бөлісуді жөн санады. – Теолог маманы ретінде әр түрлі бап бойынша сот үкімі шығарылған жандармен сөйлесуге тура келеді. Әсіресе, «терроризм», «террористік ұйымдарға қатысқаны» үшін соттталғандармен. Олардың  жасы 20-дан 30-ға дейінгі аралықта. Қылмыстарын өтеу үшін 9, 10, 12, 15 жыл бас бостандығынан айыратын ұзақ мерзімдер беріледі, – дейді ол. Осыдан кейін «салафиттер» деп аталатын ағым турасында бірер ауыз сөз айтылды. «Салафия» термині «пайғамбар және тілеулестері дінді қалай түсінсе, сол қалпында түсіну дегенді» білдіреді. Салафиттер бейбітшіл және радикалды деп бөлінеді. Алғашқылары аты атап тұрғандай, бейбіт мақсатта әрекет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал кейінгілері билеушіге, имамға бой ұсынбауды көздейтіндер. – Түптеп келгенде, діни ғимараттарда діннен хабардар, білімі мол қызметшілер болуы тиіс. Егер де дін жайлы көкейіңізді мазалаған сұрақтар болған жағдайда, технология дамыған интернет желісіне бас сұққаннан гөрі мешіттегі наиб имамға көмекке жүгінгеніңіз дұрыс болады. Себебі, имамды оның артынан еру үшін тұрғызды, – деп түйіндеді сөзін Р.Садуев. Міне, дәл осындай құнды ақпаратқа толы ғибраты мол дәрістер жастарымызға қалыптан аспай, қисынсызға баспауды тағы бір мәрте еске салғандай әсер қалдырады.

 

Білім – теңіз, мектеп – кеме

Менің мектептің 1-ші сыныбына қабылдануым қызық болды, дейді әкем. 2000 жыл қараша айы. Білім ордасының ең алғашқы сатысына қабылданғандардың бәрі дерлік сол жылдың 1 қыркүйегінде оқуға барған. Мен болсам, екі айдан соң сол кездегі мен үшін зәулім мектептің табалдырығын алғаш аттадым. Ал жетектеп, ертіп апарған әкем болатын. Ашық, жарқын жүзімен алдымнан Қарлығаш апайым қарсы алып, лық толы сыныпқа кіргізіп, мектеп тіліндегі «камчаткадағы» (соңғы парта) орнымды нұсқады. Сонымен Талшық орта мектебіндегі бірінші күнім осылай басталды. Сол күннен бастап өмірімнің бір бөлшегі ретінде мектептің орны ерекше болды. Мұғалиманың сабағына деген қызығушылық па, әлде мектептің өзіне тартатын магниті бар ма, әйтеуір, сол мектепке бармасам, өзімді біртүрлі сезінетінмін. «Мектепке бармасаң, қирап қалады ма?» деп әкем де арасында сөзбен қағытып қоятын. Есейе келе әбден дағдыға айналғаны соншалық, қыстың қақаған аязында «осындай-осындай градустерде мектепке бармауға рұқсат етіледі» деп алдын ала хабарлап қойылса да, баруға құмар едік. Кейде, демалыс күндері асығыс-үсігіс барып қалатынымыз сырт көз үшін қызық әрі күлкілі болатын. Сынаптағы уақыт жылжып өтіп жатты. Мектептің бастауыш сыныптарын аяқтап, орта буынның 5-сыныбына аяқ бастық. Сосын мойнымызға көк мойынбау (галстук) тағып, «пионерлер» қатарына өттік. Екі жыл бойы жұмыс жасап жүрдік. Үш жыл қатарынан «Белгісіз жауынгер» ескерткішіне пионер ретінде қолымызды маңдай деңгейінде көтеріп, жеңімпаз ата-бабаларымызға тағзым етіп, тас мүсіндей тұратын болдық. Сонымен қатар соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне үй шаруашығында көмектесіп, жағдайларын жасап беретінбіз. 7-ші сыныпта артымыздан ерген оқушыларға «пионерлер» қатарын толықтырған жаңадан келгендерге мойындарына галстук байлап, аманаттадық. Осыдан кейін, жоғарғы сыныптың алғашқы баспалдағы 8-ге көштік. Есейдік. Толыстық. Жетілдік. Жауапкершілік салмағының артқанын сезінгендей болдым. Бұдан соң 9, 10-сыныптар сағым жылдардай өтеп шықты. Мектеп өміріне нүкте қоятын соңғы кезең де жетті. Болашақта түрлі мамандықтарды таңдап, республиканың жер-жеріне арман қуып, білім алуға аттанамыз. Оқу жылы басында, біздер, 11-сынып оқушылары, бір-бірімізді сағынып, қауышқан едік. Аңғалдығымыз бар әлі де, бала сияқты екенімізді көпшілік тарапынан еміс-еміс еститінбіз. Енді ше? Мектеп дәуреніндегі соңғы жылымыз, балалық та, шалалық та жараспас, бірақ біз үшін жарасады. Бұл – уақытша құбылыс. Бір айдан соң мұғалімдеріміздің көмегімен бағыт-бағдарымызды айқындап, біреулері таңдау пәнін енді таңдап жатса, басқалары тоқтаған жерінен жалғастырып, дайындық үстінде болдық. 25 мамыр күні де келіп жетіп, соңғы қоңырау соғылды. Бұлыңғыр бұлттар аспанды қаумалап, жаңбыр жауып, қолдарымыздан бейбітшілік құсы – көгершіндерді, жазу-сызумен әспеттеген шарларды әуеге жіберіп, қол бұлғаумен миссиямызды аяқтағандай болдық. Миссияның ең қиыны әрі соңғысы – ҰБТ тапсыру еді. Ол сынақтан да өттік. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя мектебімізбен қоштасарда аяулы ұстаздар қауымына ақ алғыстарымызды айтып, қимай қоштастық. Ендігі өмір – өзіміздікі. Негізді қалыптастырдық, соның үстіне кірпіштердің қалану-қаланбауын өзіміз шешеміз, өзімізге байланысты. Әттең, дүние-ай, мектепте өткізген жылдар мәңгі санада қалып, сол кездерді қайтарғың келеді-ақ. Қоңырау үнін, тіпті алты жыл бойы тақтаға шығартып, есептерді шешуге тұрғызып қоятын қатал математика мұғалімін сағынасың да, еріксіз жымиясың... Сағынасың ғой мектепті, сағынасың!

 

***

Шығарма соңы. Ақтарылған жүрек. Жазылған әңгімеден, жазылмаған әңгіме көбірек. Демек, сол жазылмаған дүниені жазу үшін жаңа шабыт қажет. Ол да өз жөнімен келер. Әзірге осымен-ақ соңғы нүктені қойып, тоқтаймын.

 

Абылайхан КЕНЖЕТАЙ,

ЕҰУ студенті.

2013 ж.

 

848 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы