Кедейшілік

Қазақта «Қу кедейшіліктен құтыла алмадық қой» деген сөз бар. Бұл – ескі сөз. Кедейшіліктен еңбекпен құтылған талайды көрдік. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей» – соның көрінісі.

Елбасымыз Н.Назарбаев Бурабайда өткен Солтүстік өңірлерді дамыту туралы жиында дәл осы мәселені темірқазық мүдде етіп ұстанды. «Солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмысты жолға қою керек, өйткені оларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана  еңбек етеді. Нәтижесінде  Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде – 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді» деді Елбасы. Дәл осы жағдай оңтүстік-батыс облыстарда да  бар. Қызылорда – күрішті аймақ. «Сыр күріші – ел ырысы» бар елді дүрліктірді. «Ыбырай Жақаев өсірген күріш жер шарын бір жыл асырауға жетеді» деген диаграмма да шықты басылымдарда. Сол ақ маржан қазір көзден бұлбұл ұшты. Жер ескірді, жер сатылды. Сатып алған жерге кәріс картоп егіп, қоңыр күзде ырғын ырысқа кеңеліп, қыстай қарнын сипап жатып карта соғады. Ал оларға көзін сатқан қазақ әлі күнге: «Кәріс деген қақпас қой» деп, сырттай күстаналайды. Өздері ағайынның басын біріктіріп, бірге егін егуді бастайды да, қоңыр күзге жетпей бірінің үстінен бірі арыз айтып, қара күзде ауызды қу шөппен сүртіп отырады. Жекеменшік жер иелерінің тірлігі де осындай. Ұжымды басқаратын көнтерлі де сауатты адам керек. Елбасы бұл туралы да айтты. «Жекеменшік компаниялар ауылға  мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Бұл жұмысқа бизнестің де араласуы қажет» деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кедейшіліктен құтылу үшін қазаққа ауызбірлік қажет. 30-жылдары колхоз боп ұжымдасқанда біздің әкелеріміз «Қызылту» деп ат қойып, колхоз құрып, ол шаруашылық миллионер атанды. Ешкім де Ыбырай Жақаев пен Сыздық Боқаевтың алдын кесіп өтпейтін. Өлгенше солай болды. Тіпті,  ұрлық жасаған бір жігітті: «Сен бұл ауылда көзге күйік боп жүрмей-ақ қой» деп, ауылдан көшіріп жібергені есімде. Ыбырай 1944 жылы Сталиндік сыйлыққа алған қаржысына соққан кірпіш үйде көз жұмды. Ұрпағы да сол үйде өмір сүріп жатыр. Жаңа үй соғып, қабырғаны жаңартуды не өзі, не перзенті ойламапты. 120 жылдығына келген облыс әкімі: «Мына үйде қалай тұрып жатырсыздар?!» десе, ол үй – қасиет, жұртшылық сол үйді сыртынан қарап құрметтейді, ауызбіршіліктің, адалдықтың айнасындай көреді.

1929 жылы осы ауылдың қадасын қағып, атын қойған менің әкем – Ыбырайдың інісі Сыздық та 30-жылы колхоз соққан жер тамда көз жұмды. Бірақ сол үй тапал болғанмен біз үшін ақшағаладай биік, талайдың тағдырын шешкен киелі қабырға. Жұрт осы екі үйдің қасынан бас иіп өтеді. Оларда байлық болған жоқ, асып-тасқан жоқ, ауыздарынан байлық деген сөз шықпады. Олардың байлығы – бір ауыз сөзі мен Қонаевтан бастап ақжарма көңілмен келген қонақтың алдына жайылған ақ дастарқан. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Байлықтан бас тартып жүру бізде де бар. Байлық – бейбіт күнде басыңа шығып асыр салған бала-шағаң. Осы үйлерге ескерткіш-тақта орнату – айтып жасалатын іс емес, мәртебелі міндет қой.

Бір кездегі миллионер ауылда жуықта мынадай оқиға болыпты. Аудандық мәслихат хатшысы есік алдындағы тал-терегін суғармақшы болып арық тарттырыпты. «Бір келіншек: «Арықты көше бойына түгел  тарт» десе, «Жоқ, маған тек осы жерге дейін тарт деген» деп, тракторшы көнбепті. Өтініш айтып, қайнысына сөзі жүрмеген Жәлидің әйелі трактор рөліне өзі отырып, жіңішке арықты оқтай қып түгел тартып шығыпты. Осы оқиға қазір аңыз боп айтылады. Сол арықтан су ішкен тал-теректің көлеңкесінде отырып, жұрт мәслихат хатшысы мен Жәлидің әйелінің тағылым түйсігін таразыға сап, ел ағасы мен қазан ұстаған қатынды салыстырып, заманды кім билемек дегенге саятын әңгіменің көрігін қыздырады.

Тоқетері – ауызбірлік бар жерде кедейшілік жоқ. Елбасы мұны дер кезінде көтеріп отыр. Әр қазақ кетпен мен орақты қолына батыл  ұстап, «сіз- біз»-ден жаңылмай, жаға жыртыспай еңбек етсе, жұрттан қалмайды.

Бай мен кедейдің арасында түк те айырма жоқ. Ол әркімнің өзі қалап алған қағида.

Қуандық Түменбай