Таралым деген тауқымет… (көзбояуы жоқ көріністер)

Сарша тамыздың сәнi кетiп, қыркүйек қылаң берiп, жапырақ бiткен сарғыш түске бояла бастағанда газет-журнал редакцияларында да бiр әбiгер басталады. Тiл ұшына таралым (тираж) деген тобықтай түйiн оралып, «Былтыр қалай едiк, биыл қалай болар екенбiз?» деген әңгiмелер жиi айтылып қалады. Тiптi, бiр партия ел билеп, нан қымбаттағалы былтырғымыздан айрылып қалмасақ екен деген күдiк БАҚ басшыларының жүрегiн зуылдатып, әбiгерге салатын сәттерi де аз емес. Сосын қазанның қара желi басталғанда өкпек желдiң өтiнде әркiм таныс-бiлiсiн сағалап, тамырын басып, таралым жайын таразылауға шабаданын қолға ұстап жолға шығады. Мұндайда әркiм «өз туған жерi – Мысыр шаһарын» бетке алады. Өйткенi, атамекенiңнiң адамдары «бет көрсе, жүз ұялады» деп сөзiңдi сыйлап, қолынан келгенше томсармай жылы қабақпен қарсы алып, шығарып салады.

Биылғы сапар да солай болмақшы. Әдеттегiдей облыс ауқымындағы ақпарат құралдарына сөзiңдi өткiзесiң – газетке насихаттық мақала берiп, теледидардан күлiмсiреп отырып сөз сөйлейсiң. Газетке көп үңiлмейтiн халық теледидардан жүзiңдi көрiп, «Мынау өзiмiздiң пәленше ғой, неғып бiздiң үйге соқпай кеттi екен, а?! Е-е, шаруасы мынау екен ғой», – деп, аталмыш басылым бар екенiн бiр естерiне түсiргендей болар едi. Олардың газет-журналға үңiлмейтiнi – хат тасушы газеттi топтап, кідіртіп, 10 күнде бір әкеп тастайды. Көбiне ол мектептерге жеткiзеді. Ел-жұрттағы негiзгi жазылушылар – мұғалiмдер үйiлген ақпараттан керегiн тауып алады. Неге бұлай десең, хат тасушының айлығы 2000 теңгеден аспайды, оның күнде үй аралауына тұрмайды, бұл – ол үшiн қосымша жұмыс.

Кезiнде, кемелденген социализм тұсында, таралымы 250 мыңға жеткен «Жұлдыздың»  қамымен мен де «мысыр шаһарым» – Қызылорда облысына бардым. Жол шегiп жүрiп, таралымның қазығы бiр-ақ нәрсе – жанашырға кеп тiрелетiнiне көзiм жеттi. Сол өткен ғасырдың 70-80 жылдары Алматының Бас пошта мекемесiнде Сұлуқыз Жұмабаева деген әпкемiз қызмет iстедi. Ол қазақ басылымы десе қаны шапшыған жан едi. Жұрттың әдебиетке, жалпы газет-журнал оқуға деген ықыласы да мол, теледидар төбе билiк көрсетпеген кезі едi ғой. Сонда да әр нәрсенiң басы-қасында бiр жанашыр, қазанның қақпағын ашып-жауып, сорпаны сапырып, дәмiн алып тұратын бiр шөмiшұстар болмаса iс қараң. «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетiнiң» жұлдызы жарқырап жанған тұс сол кез едi. Сұлуқыз әпкемiз бәрiн де айтқызбай қыздың баласындай құнттап қоятын. Бұл ұлтжанды кiсi үшiн дәстүрге айналған iс едi. 8-Наурызда бiз де гүлiмiз бен алғысымызды аямайтынбыз. Осындай түсiнiскен жүректердiң бiрге лүпiлдейтiн, сөйтiп, ел қамын таразыға салатын кезеңi артта қалған жоқ, әлi де алда. Тiптi, дамыған 50 елдiң қатарына кiру үшiн де қазақ бiр-бiрiмен осылай түсiнiсiп, тiл табысып, биiкке шығуы керек. Қызылордада не көп, компания мен фирма көп: Құмкөл, Қазатомпром, мұнайгаз, бiз бiлмейтiндерi қаншама. Осылар тапқан табысының теңiзге тамған тамшыдайын қарапайым халықтың басылымға жазылуына деп шәниiп тұрып шырт түкiрiп тастаса, едәуiр сеп болар едi. Мұндай жомарттыққа сеп болатын сөз керек, бiздiң тасқа басылған сөзiмiздi тiрiлтетiн жанашыр керек.

Шиелiмен хабарластық. Аудан әкiмiнiң орынбасары:

– Бiзге арналған хат керек, онсыз жұмыс жоқ қой, – дейдi.

– «Қазақ газеттерi»-нiң Бас директоры қол қойған арнайы хат келедi. Ол облыстан мөрленiп, өзiңiзге жетедi, – деймiн. – Ал, менiкi басқа басылымдармен салыстырғанда «Үркерге» ерекше көзқарасыңызды салыңыз деген сөз ғой.

– Саламыз, аға, саламыз, хат келсiн…

Аудандық поштаның бастығының сөзi сергек, тасқа басылған тiрi сөздi терiп оқитындығы көрiнiп тұр.

– Ауылымыздың бiр баласы сол жерде iстеп жүргенде көз қырымызды неге салмаймыз. Қолдан келген көмектi аямаймыз.

Ел араладық. Ең әуелi ат басын тiрейтiнiмiз кiндiк қанымыз тамған Ыбырай Жақаев ауылы. Айтса айтты деп жазғырады, жол әлi таздың басындай ойқы-шойқы. Атақты Дәу молданың перзентi Балтабайдай молдасы бар ауылда зеңкиген мешiт бар. Жұрттың жаны тыныш. Аудандық мәслихаттың хатшысы – ауылдың төл перзентi Сұлтанбек Оразымбетов екі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы боп сайланыпты. Құттықтаймыз! Алла разы болсын!

Халықтың әл-ауқатын бағамдау үшiн базар араладық.

– Екі мың теңгеңе журналға жазылғанша бала-шағама тамақ әпермеймiн бе? Нан болса 40 теңгеден 55-ке бiр-ақ секiрдi, – дейдi көк пияз сатып тұрған жеңгемiз. – Тiлшi бала-ау, анау жердiң түбiндегi «Авангард», анау «Төңкерiске» Қаратаудың етегiндегi  тұщы судан құбыр тартты. Бiздiң ауыл, немене, тоқалдан тудық па?! Жердiң асты толы уран, iшкенiмiз у. Осыны жазбайсың ба?

– Журналға жазыласың ба?

– Осыны жазып, құбыр тартып берсең, жазылам. Бiр күнгi табысым кетер, – деп кетiк тiсi ақсия күлiп, бiр бума көк пияз ұсынды. – Келiнге апарып бер.

Қоштасып кетiп бара жатқанда: «Әй, бала, – дедi тағы да. – Осы геройдың аулынан (Ыбырай Жақаевты айтып отыр) өзiң шықтың, прокурор шықты, атағы дардай Перден бар, райком бала мәслихатқа төртiншi рет хатшы болды. Әлі де ешкімнен кем емес. Сусыз өмір бола ма? Осыны да жаз! – деп иығымнан нұқып қойды.

– Жазам. Келiстiк.

Тағы бiр кездесуде Шиелiде құралған «Ақжелкен» балалар бишiлер тобында қызы өнер көрсететiн мұғалiм келiншек мұң шақты.

– Шиелiңе облыстан, республикадан дәулер келсе, сегiз жасар қызымды сабақтан алып кетiп, би билетедi. Биыл Алматыда өткен фестивалге шақыру кеп, барып-келуіне әкiмшiлiк көмек көрсетпедi. «Барғысы келсе, өздерi барсын»-дептi. Содан бiр өнерге жанашыр кiсi табылып, сегiз балаға қамқор боп алып-барып қайтты. Бәрi жүлде алды. Сонда әкiмшiлiк не үшiн керек? Ендi әкiм Құдай келедi деп шақырса да баламызды жiбермеймiз, – деп мұғалiм әйел шаптығып кеттi.

Бұл – былтырғы әңгіме.

Иә, таралым деген тауқыметтiң арқасында дамыған елу елдiң санатына кiрмек ойы бар елдiң осындай мұң-мұқтажына да ортақ болып қайттық. Олар үшiн күнкөрiс бiрiншi орында да, БАҚ құдiретi сонан кейiнгi орында. Бұл –  ұлы экономист Маркстiң «Капиталында» дәлелденген құқай. Теледидардағы төрт арна – «Хабар», «Қазақстан», ОРТ мен облыстық телеарнаның бiр сағаттық хабары – олардың бүгiнгi рухани жан азығы. «Кедейлiк – мақтаныш емес» дейдi халық. Олар кедей болам деп ойлаған жоқ. Iстiң көзiн таба алмай әрi тарт та берi тарт боп жанталасып жүргендердi қол ұшын берiп, оң жолға салып жiберетiн ел басындағылар  өзiнiң тойғанына мәз боп осқырына қарайды. Құдай бiледi, тұщы су аузына тисе анау адуын келiншек «Үркерге» жазылмай қалмайды. Ол да бала тәрбиелеп отыр. Олар уәденi Алланың атымен айтады. Олар уран араласқан улы судың зардабынан запыран құсып жүрген тәуелсiз елдiң қара емендей қайыспайтын қайсар бұтағы ғой. «Мен сөз түсiнетiн кiсiнi жеңем, сөз түсiнбейтiн кiсiнiң күнiне жүзiнен жеңiлем» деген екен Сырым батыр. Бiз де бүгiн сол сөздi қайталаймыз.

***

Қайтар жолда, жүрдек пойыз Түркiстанның тұсынан аса бергенде, бiр балаң жiгiт домбырасын тыңқылдатып, әр купеге бас сұғып, жарапазан айтып жүрдi.

Оразаңыз отыз күн қабыл болсын-ай,

Дәстүр-салтын халқыңның жаңғыртқаның-ай…

– дейдi әуенге салып.

Ұйқасы келiсiп тұрмаса да кекiлдi жiгiттiң ниетiне ризамыз.

– Киiмi жақсы, қолында домбыра, бұл не сұрап жүр? – дейдi басқа ұлттың өкiлi, бизнесмен серiгiм.

– Ол бiздiң салт-дәстүрiмiздi жаңғыртып жүр.

–Онда жөн, – деп Франклин Рузьвелт бейнеленген жүз долларды жiгiттiң төс қалтасына сүңгiтiп жiбердi.

Жарапазаншы жiгiт иiлiп, тағы бiр шумақ айтты. Мен де, бизнесмен де ризамыз. Жiгiттiң төс қалтасындағы жүз долларда кескiнi бейнеленген Американың 32-шi Президентiнiң де өң-жүзi ризалықтан күлiмсiрегендей боп көрiнiп кеттi.

Таралымға да осындай қамқор қолдар қажет.

Тауқыметтен шығар жол даңғырап жатыр…

Қуандық ТҮМЕНБАЙ