Қара сөздің қамқоры еді

1963 жылы Сыр бойындағы кетпен ұстаған диқан ауылды қатты алаңдатқан бір суық сөз естілді. Оқиға негізінен Америкада болғанмен біздің мың түтіні бар еңбекші ауыл әбіржіп, ақсақалдар отырған жерде белгісіз болжам айтып, қара сақалдарға тіршілікте қия кетер қақтығыстардың да бар екендігін тәптіштеп, түсіндіріп жатты. «Обал болды-ау, бала-шағасы бар шығар» деп, шоқша сақалын бір сипап, ащы насыбайды ерін астына тастап жіберген атамның сөзі әлі есімде. Біз мектеп есігін енді ашқан сары ауыз балапанбыз, үлкен саясатты «кәзит» оқып, радио тыңдағандардың аузына қарап естиміз. Сөйтсек, Американың 35-ші Президенті Джон Кеннедиді талтүсте біреулер атып кетіпті.

Далластағы дүрбелең біздің ауылды да дүрліктірді. Қалпақ қара радио «СССР-мен екі арадағы қарым-қатынасты оң жолға қоюға бетбұрыс жасаған, демократиялық партиядан сайланған Президент қапияда қанішерлердің қолынан оққа ұшты» деп қайталап жатқанда білгеніміз – алыс құрлықтағы осы бір адамның әйтеуір жақсылық жолында оққа ұшып, опат болғаны еді. Әліге дейін өлім сыры жұмбақ күйінде қалған Кеннеди бақиға аттанғанда қырық жеті жаста екен.

Сол Джон Кеннеди өмірден өткенде Алатаудың етегінде Алтынбек өмірге кеп, бүлкілдетіп ана сүтін еміп жатты. Ол да қырық төрт жыл өмір сүріп, біздің демократиялық қоғамға аяқ басқан заманда оққа ұшты.
Алтынбекпен Баспасөз министрлігінде төрт жыл бірге қызмет істедім. Жалпы, оң жамбасыма келмейтін жұмыстан құтылсам деп жүр едім, келген бетте тәуелсіз газеттердің тізімін сұратты. Соны алып барғанда:
Бөлімді  мерзімді  басылымдар және тіркеу бөлімі деп, басқарманы ақпарат құралдары және сараптау Бас басқармасы деп қайта құрамыз. Өзіңіз Бас редакторы боласыз, – деді.
Осы жұмыс маған қалай болар екен?..
Өте дұрыс болады. Бір жаққа барғыңыз келсе, маған кірмей-ақ дәлізде, лифтінің алдында айтып, кадр бөліміне ескертіп, жүре беріңіз.
Министрдің өзіме деген құрметі барлығын түсіндім.
Төрт  жыл бір шаңырақта жұмыс істегенде байқағаным – ол ақпарат саласындағы бұрынғы қатып-семген сеңді бұзып, жаңаша бағытқа қарай бұрды. Елеулі қоғамдық-саяси жұмыстар атқарды.
Бір күні шақырып алып:
Осы, Кәке, өзіңіз жазушысыз, жазушының мерейтойын тойлаймыз, әртісті тойлаймыз,  журналисті неге тойламасқа? Сарбас Ақтаевтың алпыс жылдығын бір дүркіретіп өткізейік. Менің айтар сөзімді тамылжытып тұрып дайындаңыз, – деп күлімсірей қарады.
«Дәуір» баспасының кең залында өткен «Ақиқат» журналының Бас редакторы Сарбас Ақтаевтың мерейтойы жұртшылық көңілінен шықты. Тұңғыш Парламентіміздің үні – «Халық Кеңесі» деп газет ашқан сұңғыла журналист, аудармашы, ақын жанды адамның тілеулестері де көп екен. Бұл бір журналист деген қоғамның оққағарының мерейі тасыған күн болды. Сәкең бұл күнге әлі риза.
«Сұрғылт басылымдар» деген тіркес бар. Олар бұра тарту мен «байқамай қалудың»  хас шеберлері. «АБВ» дегеннің аузын әрең жаптырып едік, «Караванның» қара керуені ұбап-шұбап әлі келеді. Бір күні таңертең ертемен министр шақырды.
Түнгі 12-де Ираннан елші Мырзатай Жолдасбеков телефон соқты. Ренішті. «Караван» Аятолла Хомейниді келемеждеп мақала жариялапты. Шұғыл «Егеменде» тойтарыс беру керек. Өзіңіз жазғаныңыз дұрыс. Шұғыл! Ертеңгі нөмірге!
Міне, министрдің жұмысы мен тапсырмасы осындай. Саяси мекемені басқарған бірінші басшының жүрегі қоғамның компасы секілді. Ол дір-дір етіп бір демалуды білмейді.
Алтынбектің іс барысында қатты ренжіген екі сәтін көрдім. Біріншісі – «Қазақ әдебиетіндегі» «Қазаққа идеология керек пе?» деген мақала үшін.
Идеологияны қалыптастыра алмай жатқанда мынау не тақырып? Сөйлесіңізші, – деді булығып.
Екіншісі – осы газетте  Жүрсін  Ерманның оқиғалы өлеңі шықты.
…Жамбылға Ғали Орманов «Немісті жеңдік» деп сүйінші сұрап келеді. Сонда ұлы жыршы: «Немісті жеңгенмен арғынды жеңе алмассың» депті.
Ауызекі әңгімені өлең ғып маңдайдағы жалғыз әдеби газетке жарияламаса болмай ма? Онсыз да алауыздығымыз аз емес қой.
Газет басшылығы министрден ескерту алып құтылды.
Енді  жеке басымның шаруасы төңірегінде  бірер сөз.
Сол кездері «Біздің мекемедегі махаббат маусымы» деген хикаят жаздым. Оқиғасы – махаббат фонында елдегі саяси жағдайды көрсету. Саяси мекемедегі кейіпкерлер арқылы саясатқа қатысты мәселелерді махаббатпен бүркемелеп беру. Бәріне бас болған мына жағдай.
…Бір күні бізге сәл еңкіштеу, сөзі мірдің оғындай бір кісі келді. Газет ашқысы келеді. Атауы «Казахская правда». Өтінішін жазып, Жарғысын әкелді. Бірақ тіркеуге төлейтін ақшасы жетпейді. Қаржы басқармасындағы қыздарға айтып, тіркеу құнын екі бөліп төлеуге рұқсат ап бердім. Өзі медицина институтында философиядан дәріс оқиды. Бұл ұлт патриоты, марқұм Алдан Айымбетов еді. Айдар Ахметов сол кісінің прототипі.
Мереке оқып шығып: «Бірінші нөмірді бәрі оқиды ғой, екіншіге берейік», – деді. Хикаят «Жалынға» шықты, жақсы оқылды. Гу-гу сөз. Әйелдер қауымы махаббат астарындағы саясаттан гөрі деректі бейнелерді іздеп әлек. Не де болса сол кезде газет-журнал оқылушы еді. Бүгінде оқыта алмай әлекпіз ғой.
Бір күні Алтынбек дәлізде қарсы жолығып қап:
Қазақтың «служебный романын» жазыпсыз ғой, – деді. – Саясатпен аяқтағаныңыз жақсы болған.
Жалпы, ол әдебиетті мүмкіндігінше көп оқып, терең талдайтын. Әзиз Несинді бақайшағына дейін шағып, кейде іс барысындағы көзқарасын Әзиз әңгімелерінің шешімімен түйіндеп тастайтын. Тілі юморға бай. Кейде менің орысшам жетіңкіремей қалса: «Кәке, екеуміз орысшаны Мәскеуден үйреніп қайттық қой», – деп әзілдейтін. Сосын кімнің не істеп, не жазып жүргенін түгел біледі. Өзіміздегі жетекші маман Нұрлан Оспанұлы деген жігіттің дайындаған материалдарына дән риза. Ол самоиздаттан  «Кочевники и культУРА! к реконструкции Тәңірі жолы» деген кітапшасын шығарыпты. Соны оқып болып: «Мынау екінші Олжас», – деді таңғалып.
Министрлік – қоғамдық-саяси мекеме. Оның ішіндегі қоғамдық жұмыс та аз емес. Қалалық мәслихаттың сайлауы қарсаңында аудандық сайлау комиссиясының мүшесі болдым. Сайлау күні таңғы 5-те комиссия мүшелері төрт көзі түгел тұрып, жәшікті ашуы керек. Көлік үйге келіп алып кетеді. Қас қылғанда, сол түні кеш жатып, ерте тұра қоймадым. Машина үй тұсында шыңғырып-шыңғырып, ақыры кетіп қалыпты. Сайлау учаскесіне ұйқымды қандырып бардым. Бәрі тоңкеріс. Министрдің бірінші орынбасары Лебсак үстімнен Алтынбекке шағым хат жазыпты. Сонда министр: «Басқа істейтін жұмыстарыңыз жоқ па?!» – деп, бетін қайтарып тастапты. Бұл жерде сақалды басыммен сенімнен шықпаған өзім кінәлімін. Бірақ біреудің кінәсін білдіртпей жуып тастаған терісі кең азамат-басшыға қалай риза болмассың.
Ол қолынан келгенше қамқор еді. Ардагер жазушыларға стипендия тағайындады. Стипендияны қол қысып тапсырар салтанатты сәт күні лифт істемей қалды. Тоқсан алты жастағы Максим Зверев: «Мен лифті дегенді білмеймін», – деп, алтыншы қабатқа алқынбай  жаяу шықты. Онан сәл кіші Әлжекең (Әлжаппар Әбішев) қаржыны қалтаға салып алған соң: «Лифтіні жүргізбесеңдер, төмен түспеймін», – деп қиғылық салды. Сексен сегіз жастағы қазақ поэзиясының корифейі Әбділда Тәжібаевқа қаржысын үйіне алып барғанымда абыз ақын мәз боп қуанып: «Жазушылар Одағы бермеген стипендияны Баспасөз министрлігі беріп отыр ма? Мынау не деген көп ақша өзі? Министріңе сәлем айт!», – деді қызыл тілі аузына сыймай арсалаңдап.
Бір күні министр:
«Заман-Қазақстан» газетін оқып жүрсіз бе? – деді.
Оқымағанда…
Қараңызшы, бірінші бетке «Тәуелсіздік аспанын қара бұлт торлап келеді» деп тақырып қойыпты. Бұл бірінші рет емес. Дәл осындай тақырыптың осы кезде керегі бар ма? Біз тәуелсіздіктің екі аяғын тең бастыра алмай жүрген жоқпыз ба? Бұл газет енді оңалмайды. Алты бет анықтама дайындаңыз. Басшысын ауыстыру керек. Кандидат іздеңіз.
Анықтама дайын. Кандидаттың тізімін алдына қойдым. Бір кезде ол көзілдірігін алып күлімсіреп:
Осы, Кәке, Қадырдың «Класком кім болады?» деген өлеңі бар емес пе? – деді.
Иә.
«Класком кім болады?» дегенде бір бала: «Мен болайын» деп ұшып тұрыпты ғой. Өзіңіз болсаңыз қайтеді?
Ойланып көрейін.
Ертеңіне бармайтынымды айтып, ұсыныстан бас тарттым. Газет құқына Түркия Қазақстанмен бірдей араласады. Түріктер қаржы төлегесін бе, сөздері үстем.
Алтеке, енді газетте істемей-ақ қояйын. Қалағаңды (Қалтай Мұхамеджанов) шыдатпаған газетке мен шыдай алмаспын.
– «Жалынға» барасыз ба? – деді бір күні. – Шаханов депутат боп кетеді.
Мереке отыр ғой.
Ол үндемеді…
Сәті түскен күні «Қазақстан» баспасына Бас редактор ғып жіберді.
Қызмет – қолдың кірі.  Мен сол үшін алқынып, алып-ұшқан емеспін.
Алтынбектің әдебиетке шын жаны ашитын. Алдына келгендерге мүмкіндігінше қол ұшын беретін. Жақсы шығарманы қалт жібермейтін.
1995 жылы – министрлік қабырғасында жүргенде қырыққа толдым. Қайдан естігенін білмеймін:
Қырыққа толады екенсіз. Неге айтпай жүрсіз? Бір кітабыңызды шығарып берейік, – деді.
Телефон құлағын қолына ап «Жазушы» баспасына тапсырма берді. Екі айда «Жігіттің Көктөбесі» деген қап-қалың повестер мен әңгімелер жинағым жарық көрді. Сүйінші данасына «Қара сөздің Алтекеңдей қамқорына ұсынамын» деп қолтаңба жазып бердім. Бәлкім, кітапханасында сақтаулы тұрған болар.
Өзі де Көктөбеге шыққанда көзден ғайып болды.
Осы өлім қарапайым қазаққа Далласта атылған Кеннедидің өліміндей әсер етті.
Ол қара сөздің қамқоры еді.
Көктөбенің етегіне иыққа сап алып бара жатқанда тіршілігінле терісі кең жігіттің осы қасиеті көп айтылды.

Қуандық Түменбай