Таңдану мен таңдандыру

Фотогалерея

Таңдану мен таңдандыру талант табиғатындағы адами да, шығармашылық та құбылыс. Мен өз басым оларсыз толыққанды қаламгерді көз алдыма келтіре алмаймын. Ұлы Шәкәрім де, Толстой да, тіпті кешегі Әуезов пен Әлімқұлов, Соқпақбаев та солай таңданған, таңдандырған. Олай болмаса олар классик болып қалып, әлемдік деңгейдегі дүниелер тудыра алмас еді. Иә, иә тудыра алмас еді. Ал кез келген ортаң қол жазушы бір оқып, қайта оралуға дәті жетпейтін шығарма жасай алады. Ендеше, өлмес дүние тудыру мен жасаудың айырмашылығы сол таңдану мен таңдандыруда. Жалпы, жазушы сөзі Алланың бір аты екеніне құдіреттей сеніп, аппақ қағазға ар тазалығындай таңдана қарап жазуға отырмаса кәсіпқой. Ендеше, таңғалу да, таңдандыру да ТАЛАНТ. Табиғи құбылыс. Міне, бүгінде ер жасы алпысқа толып, оқырманы алдында есеп берерлік дүниелер тудырған Қуандық Түменбай сол деңгейдегі жазушы.

Сонымен, Қуандық Түменбай таңдану мен таңдандырудан тұратын жазушы әрі көсемсөзші… Ендеше, әдебиетті ардың ісі десек, аталған екеуі тоғысқан тұстан арлылық танытатын азамат пен қоғам қайраткері қалыптасады. Ол сонымен бірге ел-жер, қоғамдағы құбылыстың қай-қайсысына селқос, немқұрайлы қарамайтын талантты адам табиғатының болмысы. Әйтпесе, кітап аннотациясында көрсетілгендей белгілі жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай «Ар мен Дар» атты публицистикалық толғаулар жинағын тудырып, «Ар мен Дарды қатар ойлайтындар үшін ең керегі – тәубе» демес еді ғой. Сондағы бір туындының аты «Әдебиет – әдеп…» десек, әдептіліктің артында арлық тұр емес пе? Онда автор көтерген мәселесіне барар жолдағы тетікті «Төрт адамдық құрқылтайдың ұясындай купе – бөлменің үстіңгі қабатында газетке үңіліп жатырмын. «Қара айғыр» бір станцияға жеткенде әбден күнге күйіп тотыққан қырықтың төбесінен қол шошайтып қалған қараторы келіншек купеге кіріп «Уһ!» деп отыра кетті» деп бастап ашады да, оқуға түсіп одан бір факультеттен бір факультетке оңай ауысу мәселесінен бастап, ана тілін ардақтап, қазіргі әдебиеттегі әдепсіздіктің, публицистикалық тілмен айтқанда «Өмірдің өзінен алынған көрініс, оң құлағымызбен естіген сөздер де заманның қаншама шындығы…» жатқанын айтады. Мұндағы публицистке тән байқағыштық пен екі әйелдің әңгімесінен өрген өмірлік толғам-толғаулар алшылы-шікті түсіп жатқан қаншама жайларды сөз етеді дейсіз және автор оларды көп сөзділікке ұрынбай жинақы әрі нақты жеткізеді. Бұл – шеберлік. Аталған кітаптағы қайсыбір публицистикалық толғауларды алмаңыз сондай. Әсіресе, автор «Көзбояуы жоқ көріністер» атты үзік-үзік өмір, әдебиет, қоғамнан түйген ой-пікірлерінде жазушы-публицистке тән шығармашылық жинақылықтың үлгісін көрсету арқылы ащы да болса ақиқаттың бетіне тік қарайтын ойлар мен пікірлер толғайды. Мысалы, «Жаңа мешіт көп күттіріп ашылған күні інім жұма намазға барып, су жаңа ағылшын туфлиінен айырылып келді.
– Енді не істеймін?– депті інішек кезекші имамға жалаң аяқ жолығып.
– Мұндай жағдай бізде бола береді. Бір көнелеу туфли бар, соны киіп кет. Туфли таңдайтын сәт пе?!
Інім мыржықы аяқкиімді сірісінен сүйретіп, жұма намаздан жүні жығылып келді. Мұсылманшылығымызды… мешітке қарап көруге болатындай. Мәдениетімізді… опера театрына қарап көруге болатындай» деген толғау тұжырымды оқығанда неге тәнті болмасқа. Мұнда бүгінгі қоғамымыздың барлық кетік-кемшілігі қазіргі мұсылмандығымыз бен мәдениеттілігімізден көрініп тұр емес пе? Жазушы-публицист мәселе көтереді, ал қалғаны ар ісінде. Жалпы, аталған «Ар мен Дар» жинағындағы публицистикалық шығармалардың қай-қайсысы да жазушының өмірдегі және қоғамдағы азаматтық позициясын көрсетеді. Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын тәмамдаған Қуандық шығармалары оның сол оқу орнынан алған білімділігі мен біліктілігінің қыр-сырын жан-жақты ашады. Ол енді бірде «Жер дауын айтса жүрегі сыздайтындардың бірі менмін» деп басталатын «Теңдік жерден басталады немесе Лев Толстойдың екі кейіпкерінен туындаған ойлар» атты публицистикалық туындысында жер тағдырын жетік біліп, ел тағдырын ойлаған азаматтық позицияда пікірлер айтады.
Жалпы, Қуандық Түменбай сөз саласындағы қай тақырыпқа барса да жеріне жеткізе жазатын жазушы. Соның бір айғағы автордың жақында қолыма тиген «Қой мен қойшы» кітабы. Онда екі хикаят, «Бекеттегі бейкүнәлар» деген роман және бір топ әңгімелер топтастырылған. Жинақ «Қой мен қойшы» хикаятымен ашылады. Шынымды айтсам, ә деген кезде маған оның тақырыбы тым қара дүрсін көрінген. Кейін оқи келе білгенім, олай емес, ол қазақтың өзіндей қарапайым, алған объектінің анықтаушы екенін көрдім. Бұ да жазушылық бір қыр. Әйтпесе, қой мен қойшы туралы кім жазбай жатыр. Оны айтасыз, аталған хикаяттың басталуының өзі кейіпкер мінезін қызық бір детальмен ашудан басталады. «Көптен бері арақ дәмін татпаған қойшы бүгін ішіп келді. Көңіліндегі қаяу мен насыбай уытындай ішін ашытқан өкініш сыртқа теуіп, өң-жүзі әлем тапырақтанып өзгеріп тұр. Бүгін алдына салған бір отар қойын өз қолымен өзгелерге тапсырып қайтты» деп басталған қой мен қойшы тағдыры әдемі сурет арқылы көркем тілмен өріледі де, шығарманың өн бойында кейіпкердің соңынан «…тұқыл мүйізді, жүні тықыр қырқылып, құйрығы салақтаған қара тоқты елес боп артынан еріп келеді» деген қимас бір сезімнен өрілген мұң арқылы еріп отырады. Жалпы, Қуандық көңіл-күйдің көркем көрінісін жасарда қазақтың ұлттық сөз өрнегінің өміршеңдігін оқырманына қалтқысыз жеткізе алатын шебер жазушы. «Қос тармақ қан тамырындай тартылып, зіл батпан салмақтан бүлкілдеп, баланың еңбегіндей былқ-былқ етеді» немесе «…алпыс екі тамырында бір нәрсенің жыланша тілін жалаңдатып сусап тұрғаны көңілін күпті ете берді» дегенге неге таңданып, тамсанбасқа. Тұтастай алғанда, Қуандықтың қай шығармасында болмасын комедияға берерлік юмор мен трагедия үнемі көрініс беріп отырады. Мысалы, мына бір детальға назар аударыңызшы. «Жеркепенің ішін жаңбыр суы алып кетіп, шелектеп сыртқа тасып тауысқан балалар ертесіне күркілдеп жөтеліп, ыстығы көтеріліп жатып қалғанда, не үйден дәрі таба алмай, не алыстан дәріргер шақыра алмай әбігерге түскен әйелі: «Енді не қыламыз?» деп еркекке қараған. «Он баланы туған адамда ми жоқ» деді бұл ежірейіп. Жұбайы көзін алмай тесіліп, қарап тұрды да: «Туғызған адамда ше?!» дегені». Осы бір ерлі-зайыптылар арасындағы сөз қақтығысуынан өрген детальдан комедияға бергісіз юмор мен трагедия көруге болмай ма? Бұл бүгінгі ауыл тағдырының айнытпас бір қыры. Жалпы, аталған хикаят қой мен қойшы тағдырын айту арқылы мемлекеттік деңгейдегі проблеманы сөз етеді.
Автордың ендігі бір керемет хикаяттарының бірі «Түрмедегі торғай». Осындағы түрмеде жатқан дәрігер жігіт Есенбай мен сол түрмеге ұя салған құйтақандай торғайдың параллель өрілген тағдыры адамның еркіндікке деген мәңгілік ұмтылысын көркем образбен жеткізсе, «Бекеттегі бейкүнәлар» романы композитор Халелдің саяси тұлғасын жасаудағы соны туындылардың бірі. Романдағы қым-қиғаш тартыс бүгінгі қоғамымыздағы саяси өмірдің қиындығын қаншалықты нанымды паш етсе, ондағы ұлт тағдыры үшін күрескен азаматтардың, яғни желтоқсандықтардың өткені мен бүгінін соншалықты сырлы шертеді.
Қуандық Түменбай Тәкен Әлімқұлов деңге­йін­­дегі әңгіме шебері. Қазақтың классикалық ертектен өрген әңгіме үлгісінің дәстүрін үзбей, оны әлемдік әңгіме жанрымен ұштастыру да Қуандық талантына тән қасиет. Қазіргі қазақ тағдырындағы шындық пен заман лебінің көп қырлылығы әрі мол сырлылығын қамтуға келгенде Қуандық қаншалықты көсемсөз шебері болса, көркем әдебиет жанрының кесек, бір белгісі әңгімеде де алдына жан салмайды. Оның әңгімелерінің айналасы жұп-жұмыр жинақы және қамшы сабындай қысқа. Олардан артық оқиға мен қажетсіз кейіпкерлерді таппайсың. Бәрі орын-орнында тұрып, бір-бірімен психологиялық жағынан үндесіп те, байланысып та жатады. Яғни жазушы үшін, ең бастысы, адамның қарым-қатынас, іс-әрекетіндегі жан қозғалысының «тарихы». Ол жанды. Бұл бағыт-бағдардағы автор ұстанымы әдебиет процесіндегі ішкі логикаға еш қарсы әрі қайшы келмейтін құбылыс. Одан ешқандай «изимді» іздеп әуреленудің керегі жоқ. Оның «изимі» дәстүрге негізделген эволюциялық даму. Ол прозалық сөз бен сөйлем, оқиға мен кейіпкерлерді үнемді және тиімді пайдалана біледі. «Қой мен қойшы» жинағындағы кез келген әңгіме соның көрінісі.
Прозашыға талант аздық етеді. Оған шеберлік те ауадай қажет. Сонымен бірге, жа­уап­кершілік те назардан тыс қалмауы тиіс. Жауапкершілік болғанда, «Әдебиет – ардың ісі» дейтін жауапкершілік. Ар-ұят – мәңгілік құндылық. Ендеше, Қуандықтың «Адам» әңгімесіндегі «… жұмыр Жердегінің бар ұятын жиып ап дөңгелек Күн қызарып ұясына батып барады» деуі де бостан-бос айтылып, жазылмаған екен. Жалпы, жазушы шығармашылығының темірқазығы да осында десем, артық айтқандық болмаған болар еді. Бір кезде Достоевский «Красота спасет мир» десе, біз оған, бүгінгі күн талабымен «әлемді ар-ождан, ұят құтқарады» дегенді қосамыз. Жазушы Қуандық, азамат Қуандық мұның екеуін де жақсы сезінген. Аталған әңгімедегі лейтенант Арарат Қайранасов Ауған соғысына аттанғанда оны білмеді дейсіз бе, білді. Өзі соның құрбаны да болды. Әңгіме өзегі ащы, ащы да болса ақиқат. Ананың ардан аттауының да сыры сонда… Ар мүгедектігі мен тән мүгедектігінің арасындағы трагедия авторды алапат шындықты жазуға итермелейді. Тән талабын көксеген ұл азабы Ананы да адам айтқысыз азапқа байлайды. Адам айтпайтын сөзді де айтқызады. Арараттың сылқ түсуінің де сыры сонда. Бұл тақырыпты алып шығу үшін талант аздық етеді, оған ересен шеберлік те керек. Автор оның екеуінің де үрдіс-үдесінен шыққан.
Аталған жинақтағы тағы бір ар-ұят тақырыбын қозғаған хикаят – «Ұры». Былай қарағанда бұл тақырып сан жазылып, сан айтылып та жүр. Орыс Распутин, қырғыз Айтматовтан кейін мал ұрлығы жайлы көркем шығарма жазу өзін қаламгермін дейтін кім-кімге де оңай соқпаса керек. Бірақ бұл шектеу емес, оны қалай жаза аласың дегенге меңзеу. Қуандық шығармасының аталған жазушылардың шығармаларынан өзгешелігі – ұрлықтың соғыс кезінде емес, мамыра-жай бейбіт өмірде жасалуы. «Алтынай аң-таң. Ала бауыр сиырдың бастырмадағы орны бос тұр» деп басталған хикаяттағы ар-ұят мәселесі оқырманын мың сан рет ойлантып, мың сан рет тәубеге келтіріп отыратындығында. Шығарма шыншылдығымен құнды. Бұл тұрғыдан келгенде автор ешқандай көлгірсімейді. Шындыққа жүгінеді. Оқырманын да соған сендіреді. Хикаяттағы қақтығыс – адамдар арасындағы жанжал-керіс емес, ар-ұят арасындағы талас-тартыс. Қ.Түменбай адамдық болмысты қоғамдық болмыстан, әлеуметтік ортадан бөліп қарамай, оларға тұтас мән береді. Мұнсыз ұры Ұлтарақтың да, жазықсыз жапа шеккен Алтынайдың да психологиялық кескін-келбеті, ішкі-сыртқы әлемі ашылмаған болар еді.
Қаламгердің суреткерлігі дегенде атап өтетін бір жай, ол – Қуандықтың сыршылдығы. Аса ауыр жағдайды, яғни Алтынайдың өлімінің өзін ол нәзік лиризмге толы трагедиямен жеткізеді:
«Алтынайдың басына майда толқындар ақырын келіп шып-шып соғып, қайта кетіп жатты. Сосын, бір болмашы көбелек ой лып-лып қанатын қағып, маңдай тұсынан ұшып өтті. Ақтан айырған адаммен де сол жақта кез­десермін, ақ ақтығын, қара қаралығын бір-біріне көрсетпей тұра алмайды, кез-де-се-міз…». Қаламгер бұл жерде өзінің сурет­керлігін танытқан. Жалпы, Қуандық проза­сының лексиконы – ұлттық бояуға қанық жанды көріністердің жиынтығы. Ол сыртқы эффектіден гөрі қай нәрсенің болмасын ішкі сырына үңіледі. Және онысы қашан да тиянақты орындалып, көздеген мақсатына жетіп жатады.
Автор адам көңіл-күйінің көрінісін суреттегенде натурализмнен бойын аулақ салады. Шығарманың көркемдігіне ден қойып, оны образға орап береді. Қуандық шығармасының көркемдік құндылығының да сыры осында. Сонымен бірге жазушы «Диуананың қызы» әңгімесінде де өзінің мінез ашудағы шеберлігін жақсы танытады. Оның қай шығармасы да күрделі шындыққа құрылған дүниелер. Тағы да қайталап айтамыз, мұның сыры – автордың жауапкершілігінде. Басын жазып-сызу азабына тіккен қай жанның да мақсат-мұраты осы болу керек. Қуандық Түменбайдың «Жігіттің көктөбесі» жинағы осының дәлеліне толық жүре алады.
Жазушылық кредо – азаматтық жауапкер­шілік болса, оның айнасы – ар-ождан. Қаламгерді жазушылық, қиын-қыстау жолда адастырмайтын темірқазық та – сол. Болмаса, филологиялық біліммен, «ерінбеген етікші болады» деген қағидамен проза әлемінде біраз жерге дейін өкпе өшті аламан бәйгеге ілесуге болады. Оны мансұқ еткендер, тіпті жап-жақсы публицист болып та кетуі бек мүмкін-ау. Ал, енді, жазушының ерекшелігі, өзгешелігі – жазғанын «ардың ісіне» айналдыра білуінде. Осы тұрғыдан келгенде Қуандықтың шығармашылық ары таза. Қазіргі жан дүниеміздегі рухани кемшіліктердің әлеуметтік мәнін ашып, оның психологиялық болмысын көрсетуге ден қойған жазушыдан біз соны байқадық.
Сөз басында айтқанымыздай таңдану мен таңғалдыру талант табиғатына тән қасиет. Ол – аксиома. Таңдану біткен жерден шығармашылық сарқылып, көңіл көзі тұманданып, жазушылық қиял қанаты қиылады. Шабыт шау тартады да шамырқанудан қалады. Шабыт болса көңіл айнасы. «Таңданусыз дүние тұл» дейтініміз де сондықтан. Қуандық Түменбай соны бойына сіңірген қаламгер. Оның қаламынан туған «Көз», «Сотталған домбыра», «Жасыл жанып тұрғанда» жинақтары сол қадір-қасиеттен туған туындылар. Алпыстан желе жортып бара жатқан досқа айтарымыз осы.

Жазушылық кредо – азаматтық жауапкер­шілік болса, оның айнасы – ар-ождан. Қаламгерді жазушылық, қиын-қыстау жолда адастырмайтын темірқазық та – сол. Болмаса, филологиялық біліммен, «ерінбеген етікші болады» деген қағидамен проза әлемінде біраз жерге дейін өкпе өшті аламан бәйгеге ілесуге болады. Оны мансұқ еткендер, тіпті жап-жақсы публицист болып та кетуі бек мүмкін-ау. Ал, енді, жазушының ерекшелігі, өзгешелігі – жазғанын «ардың ісіне» айналдыра білуінде. Осы тұрғыдан келгенде Қуандықтың шығармашылық ары таза. Қазіргі жан дүниеміздегі рухани кемшіліктердің әлеуметтік мәнін ашып, оның психологиялық болмысын көрсетуге ден қойған жазушыдан біз соны байқадық.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ