Көзбояуы жоқ көріністер

401

ҚуандықҚуандық ТҮМЕНБАЙ

Қарап отырсам, Эрнест ­Хемингуэй Пай­ғамбар жасында өмірден өтіпті. Амери­кан баласының қазақпен етенелігі еріксіз таңғалдырады.
1917 жылы мектеп бітіріпті. Бұл да біз­дегі дүрбелеңнің басталған кезеңі. Тарихта ұқсастық бар. Тарихтың арбасы да бірге тартып барады.
Хемингуэй жергілікті газеттерде жур­налист болыпты. Жазғандарынан журна­листиканың иісі аңқып тұрады. Қазір кейбір қалам ұстағандар «журналист қой» деп, оған биіктен қарайтын боп жүр. Журналистика – өмір емес пе? Хемин­гуэй үлкен өмір университетінен өткен қаламгер. Ол кімнен кем? Тілші Хе­мингуэйдің өмірдің тылсым сырын игергені білініп-ақ тұр. Фашизммен күрескен әскери тілші қаламының құпиялары да ерекше.
Біздің Ғабең (Ғабит Мүсірепов) тілші­ліктен кем болды ма? Біздің саламыз­дағылар бір әңгімесі шықса, «журналист қой» деп тілшіні менсінбейтін болды. Ал өзінің бітіргені – тілшілік оқу.
«Классиктермен сайысу – олармен тек реализм алаңында сайысу» деген «Шал мен теңіздің» алғы сөзіндегі тоқ етер сөз көкейге қонады.
«Айтқыш-ақ адам айтқан екен» деп, насыбайды ерінге тастап жіберетін ауыл шалдарының сөзі де осыған кеп саяды.
Хемингуэй әдебиетте айрылмастай өзіне етене бір шалды тапқан. Оның қаламының бақыты да теңіз жағалаған осы бір шал. Зерттеушілер оның дүниеге қалай келгенін бүге-шігесіне дейін тәптіштеп айтады, біз болсақ балықшылықпен айналысқан бақытты шалды көреміз. «Сен балықшы болу үшін туғансың, балық та дәл солай, балық болу үшін жаралған» дейді.
Оның жазғандарын оқып отырып, жауыздықпен күрескен бір қарапайым пендені көресің. «Адамзатты өлтіресің, бірақ оны жеңе алмайсың» деген қасиетті күшке көз жеткізесің. «Нан мейізбен жақ­сы-ақ, бірақ жай нан тіпті жақсы» де­ген сөзден өзіміз сияқты қарапайым ауыл ба­ла­сының жүріс-тұрысы көрініп-ақ тұрғандай.
«Қош, қаруым!» деп жауыздықпен күрескен бір адам Пайғамбар жасында өмірден өтіпті. Ол журналист боп күн ке­шіпті, өмірдің тылсым сырларын көркемдікпен, әдебиетпен безбендеп беруге тырысыпты. Ол – дегеніне жеткен қаламгер.
Теңізде бір бала мен бір шал «Мені көрдің бе?» деп, асқақ кейіпте тұрған секілді. Ол – адамды өлтіргенмен ешқашан жеңе алмайтынын сан тілде айтып, дәлелдеген Хемингуэй кейіпкерлері.
Таңғалатыным – осыларды сомдаған Хемингуэйдің Пайғамбар жасында өмірден өтуі.
Бұнда да бір тылсым сыр бар.
…Біз де Пайғамбар жасындамыз…
***
«Хабар» арнасынан «Арнайы хабар» бағдарламасын беріп жатыр. Сыртқы ­саясатпен айналысатын қызметкерге тілші сұрақ қойды. Сауал да дәстүрлі.
– 25 жылда қандай жетістіктерге қол жеткіздік деп ойлайсыздар?
– Қазақстан – дәстүрлі ел. Ол барлық жағынан алда. Мәдениетте де, ұлттық дәстүрді сақтаудан да. Пайдалы қазбалар тұнып тұр. Оны да игеріп жатырмыз, – деді әлгі жігіт.
Осы ширек ғасырда неге біз мөлді­ре­тіп өз тілімізде сөйлемейміз деген ой келеді. Әлі сол, орысты көрсек «ой, при­вет!» деп өре түрегелеміз. Өзбек пен қырғыз­дың өміршеңдігін айта-айта аузымыз талды. Үштілділікпен алға шығып, интер­на­ционализмнің алауын жаққан да өзіміз.
«Арнайы хабарда» осыны арнап айтатын біреу болса ғой.
Біз осы алдамыз ба, арттамыз ба?
Ширек ғасыр, бұған не дейсің?!
***
Жұмыстан кейін көгілдір экранды ашып қалсам, 7-арнадан «Киелі неке» де­ген үнді фильмінің пәленбайын­шы ­се­­рия­сын көрсетіп жатыр. Қазақша сөй­ле­ген кейіпкерлердің тілінде сәйкес­тік жоқ. Астындағы жарыса жыбырла­ған орыс­ша аударма да әбден мазаны алып бітті.
Үндінің «Жаралы жүрегі» де 9-арнаны өз еркіне бағындырып алыпты. Бәрі де орысша субтитрмен, қазақша саңқылдап тұр. Бүкіл қазақ осылардан көзін алмайды, олардың әдебиеті де, мәдениеті де осы сериалдар.
Осы арналардан өзіміздің «Ботагөз» бен «Ұлпан»-ды неге көрсетпеске? Махаб­баттың биік шыңы осылар емес пе?!
Осы екі кітапты кезінде ­жата-жастана оқыдық. Әлі де аңсағанда бір қарап шығамыз. Кейінгілерге, тәуелсіз елдің тар­ландарына осы кітаптарды неге оқыт­пасқа, неге әдебиеттің биік жалауы ғып желбіретпеске?
Әйтеуір, бізде бір нәрсе жетпей ­жатады?
Өзге десе өзегімізді суырып беруге әзірміз.
Күн бата «Киелі некеге» өзеуреп отырғандарды көреміз. Оны да тек ауылдан келгендер көреді. Қалалықтар мұндай киноға пысқырып та қарамайды. Астында сөзбе-сөз аудармасы тұрғанмен бұл тек ауылдан келгендердің жанын баурайтын махаббат мелодрамалары.
Өреміздің өзі осындай.
Оның ар жағында ақша тұр. Әсіресе сөзбе-сөз шала-пұла аударма «мен ақша­мын» деп жұтынып тұр. «Абай жолы» мен «Ботагөз», «Ұлпандар» үнді фильміне үрке қарайтыны бесенеден белгілі. Бұл фильмдер Желтоқсан көтерілісінен кейін қалаға көшіп келген қыз-келіншектердің «махаббат мелодрамасына» айналған. Ар жағында шекпенін жамылып, тұтығып тұрған қазақты көреміз.
Қарап отырсаң, үндінің «Киелі некесі» мен «Жаралы жүрегі» біздің қазақтың бүгінгі тағдырына айналып бара жатқандай.
Айрылысу көп, ажырасу ұқсас.
Шүлдірлеп тұрған кейіпкерлерді қазақ арналарынан күндіз-түні көреміз.
Өмірде өз тілімізде сөйлегендерді аз көретін болдық.
Бұған көне астанамыз куә.
Алматы көшесінде қазақша сөйлей­тіндер азайып барады…
***
Ыбырай Жақайұлының бүкіл өміріне тәнтімін. Өзім куә боп, соңынан ерген немерелік шағым маған өнеге, бізге әкеміздің тигізген шапағаты аз емес.
Ақсақал 75-тен асты. Үстіне қара костюмін киіп, студент мені ертіп, бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевқа келді. Менің түйсінгенім – партия басшысының ­алдына кеп айтқаны: «75-ке келдім. Енді үлкен егіске шығуды қойсам деймін. Әрине, кетпенді тастай алмаймын ғой. Кетпенді көрмей тұра алмаймын, ­жас­тармен бірауық шүйіркелескенге не жет­сін. Үлкен егісті соларға беріп, сырттай тірліктеріне көз тіксем деймін…»
– Аға, (Қонаев Ыбырайды «аға» дейтін) не айтқаныңыз. Әкем Бақанасқа күнде кетпен шабуға шығады. «Әке, енді қоймайсыз ба?!» деп едім, «Сенен ақыл сұрамаймын, бұл менің атакәсібім» деді. Сол сияқты, бұл да сіздің атакәсібіңіз. Аға, өзіңіз білесіз» деді.
– Үн-түнсіз кетіп қалмайын дегенім ғой. Отыз жыл қара егістің қыр-сырын бірге бөлістік. Енді бәрі артта қалды.
– Ризамын, аға, ризамын. Демалыңыз, енді кейінгілерге ақыл беріңіз,– деп өз қолымен шай құйып беріп, әкелі-балалыдай шүйіркелесті.
Бұл да өмірдің бір өнегесі.
Осы сәтті көріп қалғаныма қуанамын.
Анда-санда айтып қоямыз.
Айту – парыз.
***
Социализм кезеңінде, Алматыдай алып астанада, дастарқан басында жұртты таңғалдырған бір кісіні көрдім. Өзі домбыра тартып, күй шертеді, өнерден құралақан емес, әдебиет әлемінде де ешкімге есесін жібермейді. Бірақ… моп-момақан, ­биязы боп, жұртты таңғалдырып отырып… орыстың үрдісінен де асып кетіп… бәрін жолда қалдырып… иманы барлар жағасын ұстап, таңдайын қақты. Ол қандай көрініс дейсіз ғой. Ол… кәдімгі қырлы стакандағы ақ арақтың үстіне қасиет­ті қара нанды турап жеп, аузы ашыл­ған қазақты қайран қалдырды. Осы ­қы­­мыз­бен орын алмастырған арақтың ай­­дарынан жел ескен қазақты баурап алған қандай құдіреті бар екен? Әлгі ­кі­сіге еліктеушілер де болды. Бірақ ­бойы­на сіңіре алмай түкіріп тастап, лоқсып жатты.
– Көке, ащы емес пе?– деді ауылдан келген бір қарындасы әлгі кісіге таңғала қарап.
– Түк те ащы емес. Бұл да тамақ қой.
Қанша дегенмен, қасиетті қара нан мен ақ арақтың арасы, екі қоғамның екі түрлі арақатынасы қабыспай жатты. Нені де болса тез игеріп алатын қайран қазақтың мына «жаңашылдығы» көпті аузына қаратты. Әсіресе ауылдан келгендер елге жеткізіп барғанда, ақикөз адуын шалдардан «жетісіпті» деген намысқа толы немкетті сөздерді естіп жатты.
Сол кісі Пайғамбар жасында өмірден өтті. Асқазан кеселіне ем қонбады.
Қиналып жатып, әлдекімдерден кешірім сұрапты. «Ол нанның алдында күнәһар ғой» депті үзілгенін естігенде ауылдағы ғасыр жасаған ел ағасы насыбайын ерніне тастап жіберіп. – Шыдамай бара жатса, мен сияқты насыбай атпай ма?!
Елден шыққан зиялы кісінің тірлігін жұрт әліге дейін айтып жүреді.
Домбырасы жетімсіреп тұр.
Әкесінің тірлігін әлдекімдер әңгіме қылғанда балалары «жақсы жағын айт­саңыздаршы» деп әбіржіп қалады.
Адамзаттың жақсысы мен жаманы бірдей.
Перзенттері жақсы жағын іздейтін сияқты.
***
Әлемге әйгілі Эрнест Хемингуэй бір сұхбатында әңгімені былайша өрбітіпті:
«– Сіз тамаша роман жаздыңыз,– дедім мен оған, – сондықтан жоқтан өзге бірдеңені жазуға хақыңыз жоқ.
– Бірақ сол романды сатып алушы жоқ, – деп жауап берді ол, – сондықтан мен өтімді әңгіме жазуға мәжбүр боламын.
– Қабілетіңіздің жеткенінше ең жақсы әңгіме жазыңыз, бірақ оныңыз шын жүректен, тебіреністен шыққан дүние болсын.
– Мен дәл осылай істеймін…» – депті.
Бұл 1977 жылы қазақ тіліне ауда­рыл­ған әңгіме.
Қазір 2016 жыл, жаңа ғасырдың бел ортасы. Біздің әдебиетте де роман оқылмай, шағын жанр шаршы алаңға шыққан тәрізді. Тіпті әдебиет бәрімізге бұртия қарап, қазақ баласы басқа бір нәрсе сұрайтын сияқты. Ел-жұрттың санасында ән мен әнші, жанұялық ­ансамбль деген ұғымдар қалыптасып кетті. Ән тыңдасын, серпіліп, сергісін, бірақ әдебиет әлемін жоғалтпауымыз керек қой. «Бәрі ғаламторда тұр ғой» деген бір жанкешті ұғым қалыптасты. Бұны заманның самал желі дейік. Бірақ «Абай жолы» мен «Ботагөз», «Аңыздың ақыры» мен «Қан мен тер», орыстан Чехов, Достаевский, Тургенев кейіп­кер­лері, әлгі сауалға жауап берген ­Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» – ешқашан өлмейтін әлем емес пе?!
Шағын жанрға тынымсыз қалам тартып жүріп, Пайғамбар жасында өмірден өткен Хемингуэйдің сол бір сөзін оқып отырып ойға қаласың.
Әңгіме – өзіміздің жанр.
Хикаят – арада жүрген жиырма бес­тегі қутыңдаған жігіт сияқты. Оны оқып тастау қиын емес, жазу қиын. Ар жа­ғын­да Дулат пен Мархабат қол бұлғап құлшынып тұр.
Роман – ақ таяқ ұстаған ақсақал.
Ар жағында Абайды тасалап Әуезов тұр.
Ғабит Мүсірепов қалам-қаруын көтеріп, «Қазақ солдаты» мен «Оянған өлкенің» ар жағында бәріне дайын тұр.
Үшеуі де бір үйдің баласы. Тек соңғы кездері бастары бірікпей бет-бетімен кетті. Тәрбиеге әкенің тәлімі керек. «Кітап оқыңдар, сонда адам боласыңдар» деп шырт түкірген қара шалдың сөзі сөз-ақ.
Ғаламтор – заманның көркі дейік. Бұл да бір таң алдында парашютпен аспаннан тымпың-тымпың етіп секіріп түскен пысық баланың кейпі.
Парашюттің бауы жиналам дегенше…
Заманның шашбауын жинаудан алдамыз.
Өліарада өзімізді де ойлайық.
***
Алматыда Республика Сарайының алдындағы гүлзарды көкке бөлеп, өзен гүрілі құлақ тұндырады. Тербетілген әткеншектер мен әрлі-берлі қыдырыстап жүрген үлкен-кішіден көз тұнады. Жасыл желек көне астананың көркін келтіріп, осы бір орталық әлі де өзіне қол бұлғап шақырып тұрғандай. «Арман» ­кинотеатры бұрынғыдай болмаса да, қазақша жазылған бес әріпте бір қимастық бар.
Қостілділікке дауа жоқ, екі тіл ескегін еркін сермеп, қазір ұлтаралық тілде бұрынғыдан да гөрі бір батылдық бар сияқты. «Кенеге қарсы егу шаралары жүріп жатыр. Абай болыңыздар! Идет прививка против клещей. Будьте осторожно!» деп леп белгісі қойылыпты. «Сақтықта қорлық жоқ», бірақ сұлулықтың көркін бұзған көрініс көңілге қаяу түсіреді.
Абайдың алып тұлғасы қолын көтеріп, биіктен бойұсынып тұр. Алып тұлға – қызыл граниттің қасында гүлзарды таптаған маңғаз төбет әрлі-берлі айналсоқтап жүр. Көкшіл көзді қожайын қарғыбауын сыпырып алып, біржола босатып жіберіпті. Қара ала төбет бір кезде оң аяғын көтеріп, бізге қарап тұрып саңғытсын келіп. Өзге ұлттың өкіліне қой дер қожа жоқ. Ызаланып бірдеңе айтсам, менің істі боларым анық. Ана тілімде сөз айтып, оны жеңе алмаймын. Ит те, иесі де Абай ескерткіші мен «Арман» кинотеатрының алдын табандарымен таптап жүр. Ойымыздағыны айту – арман.
Анау қостілді хабарландырудың бір күні ағылшынша жазылуы да мүмкін. Оған үлгере алмай жатырмыз.
Тәшкенде тіпті басқаша.
Бізде осылай…