ДАР

Қуандық

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Екі сыныптасым дарға асылды. Он тоғызыншы ғасырда декабристерді дарға асса, олар өздерін өздері мерт қылды. Әуелі Көркембай өмірге ерегісіп, әкесіне қырын қарады. Өзі есепке жүйрік еді, арифметикадан бастап, алгебраны жаңғақша шағатын. Бала-шаға, қыз-қырқынның есебін түгел шығарып беріп, ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Ол өлгеннен кейін, шешесі бізді көрсе солқылдап, бетін басып қоя беретін болды. «Әкесі құртты, әкесі құртты ғой» дейтін еңіреп. Мұрны пұшық, бет-аузы бұжыр-бұжыр қотыр әйел көріксіз кейпін алақанымен түгел сүртіп, көшеде бізді көрсе Көркембайды көргендей егіліп тұрып алатын.
Сәмбі талдың астында таң алдында тілі салбырап асылып тұр, дейді.

 Әкесі Әбдуәлі сақал-шашы тікірейген қатал адам еді. Он бес жасқа дейін бала досымның елжіреген бейнесін көрдім, бірақ әкесінің күлгенін бірде-бір рет көрмеппін. Үйіне барғанда темір қышқаш – «кемпір ауызбен» он баласының әрқайсысына бір түйір набат қанттан қытымырлана қарап отырып бөліп беретін. Ол үйде темірдей тәртіп еді, бір айтулы заң өзінен өзі орындалып отыратын. «Бүйткенше бір жаққа кеткенім жақсы» деген сөзін естіпті дейді соңғы сөзіне құлақ түріп, куә болғандар. Ол өзге десе өзегін суырып беретін.

Көркембай әкесінің қытымырлығына шыдамады. Шөп орғанда да жастығына қарамай жалынан сипатпайтын орақшы еді. Тірлік істесе таза істейтін. Жұртқа жәрдем беруге келгенде  алдына жан салмайтын. Қауын асар мен күріш отаққа барғанда ересектердің өзі Көркембайды алға салатын, айтқанын орындап, кім болса да соның ығына жығылатын. Ол жоғары сыныпта облыс орталығына барып оқығысы да келіпті, бірақ әкесі: «Облыста не әкеңнің ақысы қалды, үйіңнен су шықты ма?!» деп зекіпті дейді. Әкесі сақал-мұрты тікірейіп, адамға тура қарамайтын біртүрлі қатал кісі. Қантты «кемпір-ауыз» қышқашпен балдарына бір түйірлеп шағып беретін. Балдар Көркембайға «Басмашының баласы» деп ат қойып алды. Сол кезде клубта басмашылар туралы кино көп болушы еді. Осының бәрі сыныптасымның жанын сергелдеңге салып, жүйке тамырларына әсер етсе керек.
Өлер күні сондай көңілді жүрді. Үш бала пионерлік белсенді отрядтың мүшесі боп, жалғыз басты Күләй әжейдің қора-қопсысын жөндеп, малына шөп орып бердік. Өзі бас боп ерте тұрып, орылған шөпті суындап, баулап, әжейдің қорасын шөпке толтырды. Соны көрген «басмашы әке» долырып, баласына барынша шаптығып, көгала қойдай ғып сабапты. Күзде барсам деп армандаған облыс орталығындағы мектеп-интернат – ол да жоқ. Болмаса сегізінші сыныптан кейін аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеге  түсіп,  трактордан  бастап, сосын инженер болсам ба деп, жүрегі дүрсілдейтін. Бәрі артта қалды. Сол күні үйге түнемей, бозала таңда он бестегі қыршын бала сәмбі талда тілі салақтап, көзі төмен салбырап асылып тұр, дейді. Сүйекке кіргендер «арқасында сау тамтық жоқ, бәрі көкала қойдай», деп қатыгездіктің алдында тіл қата алмапты.
Қызыл тілдер кендір жіпті сәмбі талдан шешіп ала алмай жатқанда сыбырласып, біраз жерге барыпты. Он бестегі Көркембай өмірге өкпелеп кетті. Анасы бізді көргенде біраз өксіп алатын. Ол кісі өмірден бертінде өтті. «Әкесінен болды, әкесінен» деген сөзді ашып айта алмай өксіп-өксіп қоятын. Сол сөз өмір бойы тіл ұшында қалды. Қара ағаштың биігінен өмірге он бес-ақ рет қарап кеткен сыныптастың суреті де көп емес екен. Аз суретті көбейтіп алып, еске алу кешін өткізсек деген де ойымыз бар.
Екіншісі – Нұрахан. Ол тарихқа жүйрік, есепке шорқақ болатын. Ұлы Отан соғысы қай жылы басталып, Сталинград қай жылы қоршауға алынды, фашист Паулюс қай жылы тұтқындалып,  тың қай жылы игерілді – солармен бірге жүргендей жатқа айтатын. Тарихты аңыз ғып айтатын да біреу керек қой. Гитлердің «Фельдмаршыл Паулюс пен Сталиннің баласын айырбастайық» деген аңызға айналған сөзін дәл бір көріп тұрғандай ауыл шалдарына рахаттанып сыр ғып шертетін. «Қатардағы жауынгерді фельдмаршалға айырбастамаймын» деген Сталиннің қатулы қабақпен шалт бұрылып айтқан сөзін шалдардың алдында қайталаған кезде Сыздық қожа: «Бірге жүрген-ау деймін» деп, кеңк-кеңк күлетін. Сонда Көркембай: «Дәл бір құда түсіп келгендей айтуын қарашы», – деп  келеке қылатын. «Бұл да керек нәрсе ғой. Түбі екеуміз тарихта қаламыз» – деп Нұрахан кеңкілдеп күліп, нұр жүзі адалдық пен адамдықтың бейнесін айшықтайтын. Өзі күлегеш еді, Көркембай сөйлеген сайын Нұрахан кеңкілдеп, он екі мүшесі ашылып, ар жағы көрініп тұратын.
Нұрахан әскерге кетерде күріш екті, алғашқы жылы мол өнім алды. «Осыны Көркембай көргенде ғой» деп, бір рет өз-өзінен көңілі босап, көз жасын сығып алды. «Көрінде еміреніп жатқан шығар, түнде түсімде көрдім», – деді біртүрлі күй кешіп. Айналасына айналсоқтап қараған сағынышы бар сияқты. Еміренген жігіт ештеңе дей қоймады.
Әскерге шығарып салдық. Үш айдан кейін Ауғанстанға атаныпты. Оның саяси алғырлығын сезсе керек, үш ай саяси жағынан шыңдап, сосын Ауғанстанға жіберіпті. Жат жерден жолдаған хаттарында былай депті: «Бір жетіден кейін Ауғанның Кабул қаласына түсеміз. Бұл бір тарих қой», – деп қысқа жазылыпты. – «Тіс жармаңдар» деп еді, саған ғана айтып отырмын», –  деп, ақ қағазға сыздықтатып сыр ақтарыпты. Сонан бір жарым жыл хабар-ошарсыз кетіп, оң қол, оң аяғынан айрылып, өз елі – өз жерінің төбесінен тастапты. Өгейдің аты – өгей. Балдақ сүйенген жарымжан баласына өз елі ала көзбен қарап, кеңес заңы тергеуге алып, тазалығына көздері жеткесін ғана күмәнмен сырттай көз салып, мүгедек жігітке болмашы зейнетақы тағайындапты. «Есіңде болсын, біз сені мұсылман баласы болғасын ғана жаныңды сақтап отырмыз, ендігәрі бұлай жат жерде жаманатқа барма, осыны еліңе айтып бар» деген сөзді аудармашылар сөзбе-сөз аударып беріпті. Сонда ғана әшкере болған бір әділетке көз жеткізді, саяси сауаттымын десе де, алданып жүрген өзінің балаң көңілін байқады. Қасындағы әскерилерді көзінше жер жастандырыпты. Қатыгездікте де бір әділет бар. Бұл да тасқа басылған тарих қой. Гитлер де, Сталин де, Кеңестік дәуірлердегілер де осының көрінісін жасаған жоқ па? Кешегі 86-жылдың ақиқатын да ашып айтар күн келер. Ауғаннан келгесін тергеп-тексеріп, қушиған кеудесіне 3-дәрежелі марапаты бар медаль тақты. Темір медаль қолы мен аяғын қайтып әкеле қоймады. Бірақ, әкесінің көңілі мәз, біреудің алдында мерейі үстем. Бұл болса, жат жерде қалған қолы мен аяғына жалтақтап қарай береді. Әкесі болса, «қабағыңды кіржитпей, еңсеңді тіктеп жүр», дейді. Темір балдақты да тікұшақтан лақтырып кетті. «Қолым мен аяғымнан артық емес шығарсың» деп, парашютпен тік шаншылып секірді. Қол-аяғын жат жерде қалдырса да, туған жерге табаны тигенше балаң жүрегі тыным таппады. Ол болса баласының мерейі мен марапатын сүйеніш етіп, перзентінің жақсы атын жамылғысы келді.
Балдақ сүйенген Нұрахан қазақшылық салтымен құда түсіп, келіншек алды, бірақ бала сүйе алмады. Таң алдында Сырдың сәмбі талына кендір жіпті байлап, бір қол, бір аяғы жерге салбырап, тілі салақтап асылып тұр екен. Қызыл тілде айтылмай кеткен қаншама арман қалды. Тілдей қағазға еміреніп ештеңе жаза алмапты. Жұбайына арнап аманат сөз қалдырыпты. «Сенің өміріңді қор қылдым-ау. Бұл да бір тарих боп қалсын. Айып етпе» деген сөзді ауылдағылар әліге дейін айтып жүр.
Ауылдың фельдшеріне бақилық болардан бір күн бұрын асығып-аптығып барыпты. «Осылай жүре берем бе?!» депті бір түрлі күй кешіп. «Не сұрап тұрғанын білмедім, – дейді кеңк-кеңк етіп кемсеңдеген келіншек. – Дәрі сұрап тұрған шығар деп ойладым».
Ертеңіне сол күйі қара ағаштың көркін бұзып, қол-басы денесінен қашқақтап, тілі салақтап, тұлабойы созылып тұр, дейді.
Екі сыныптасым да солай тірі тарих, өлі бейне боп қалды.
Осы күндері өзім де ойланып жүрмін. Елім бар, тілім жоқ. Басқаларда, тіпті, бұлай емес.
Өзбекке бір барып қайтамын. Мәскеуде бірге оқыған досым бар еді, Тәшкенге барған сайын бетімнен отым шығады. Олар өз елі – өз жерінде аяқтарын алшаң басып жүреді.
Біз болсақ біртүрліміз. Бәрінің алдында жүреміз де, бәрінің артында қаламыз.
Тілсіз өмір өмір ме?!
Перзентсіз өмір онан да жаман.
Көзіме кендір жіп көлеңдей береді.
Керек болса, кендір жіпті қырық турап, ағашты қопарып тастаймын. Оған шамам жетеді.
Бәріне кінәлі өзіміз дедім ғой.
… Дарда екі дене салбырап тұр.
Достарымның денесі.