ҚАҒІЛЕЗ ҚАЗАҚ СЕКІЛДІ

Фотогалерея

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

«Үркер» журналының бас редакторы, жазушы.

 В начале было Слово.

Позже возник Литинститут.
Единственный в мире, до сих пор.
Его придумал Горький.
Валерий МИХАЙЛОВ

Әдебиет институты дегеніміз сол кездегі бір сырлы әлем, кеңестік құрылысты ұстап тұрған идеологияның тамырлы тармағы – әдебиеттің қайнаған қара қазаны секілді көрінетін. Оның атын естігеніміз болмаса, ауласына бас сұғамыз деп ойлаған да емеспіз. 1933 жылы Максим Горький ықпалымен құрылған Одақтағы әдебиет шеберлерінің шынайы шеберханасында Олжас Сүлейменов оқып жүріп, пәнәйі себеппен шығып кетіп, «Адамға табын, Жер, енді!» шығармасы дүниені дүр сілкіндіріп жатқанда кайта шақырған оқу орнының ректорына: «Сенімдеріңізге рахмет, ақын боп қалыптасып келе жатырмын», деп жеделхат жіберіпті дегенді де естігенбіз. Жиырма екі жасында Жазушылар одағының мүшелігіне өткен Евгений Евтушенко сонда оқыпты дегенде, алыс арманның жалт еткен желкені көз алдымызда елес боп көлбең ете қалатын.
1989 жылдың мамырында Мәскеуде жас жазушылардың Бүкілодақтық IX кеңесі өтпекші екен деп, біздің Одақ қыран-топан жиналыс жасап, сараптан өткен саңлақтар қатарына жастар ісі жөніндегі хатшы Ұлықбек Есдәулет бастап, Аманхан Әлім, Тұрсынжан Шапай, Рахымжан Отарбай, Есенғали Раушан, Гүлнар Салықбаева, Жүсіпбек Қорғасбек және осы жолдардың авторы еніп, жолға аттанды. БЛКЖО Орталық Комитетінің кең залында КСРО Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Владимир Карпов кеңесті ашып, сәт сапар тілеген соң, жиналғандар бірнеше семинарларға бөлініп, жұмыс істей бастады. Қазақтар ә дегеннен-ақ алға шықты. Олар орыс тіліне жетік әрі аудармалары да сапалы болатын. Сосын Орта Азия – орысқа жақындау, өзбектер айтпақшы, «орыс болу үшін әуелі қазақ болу керектігінен» бе, әйтеуір, қай секцияда болмасын жігіттердің бағы жанып жатты. Бес күннен кейін сол кең залда қорытынды кеңес өтті. Владимир Карповтың аузымен әркімнің жетістігі айтылды, кеңес нәтижесі сарапқа салынды. Бес жас қаламгерді семинардағы үздік жетістігі үшін КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне кезексіз қабылдау туралы ұйғарым жасалды. Солардың ішінде Қазақстаннан осы күнгі белгілі жазушы, сол күнгі жылы әңгімелерімен жалт каратқан жас талант Жүсіпбек Қорғасбек бар еді. Үш қаламгер Әдебиет институтына конкурссыз қабылданды. Олар: Сахалиннен келген беларусь жігіті Валерий Балюк, өзбек ақыны Яхио Тоға және осы жолдардың авторы.
Мәскеудің жанға жайлы қоңыр күзінде сабақ басталып та кетті. Тверь бульвары, 25-ші үйде, Пушкин ескерткішінің арт жағына, Мәскеу академиялық көркем театрына қарама-қарсы қоныс тепкен екі қабатты көне үйге де кірдік. Адамның жылт еткен жақсылығын аңдап, өзінде барды өзгеге сәуле ғып құюға асыққан жаны жайсаң оқытушылар қауымы тыңдаушыларды қатты таңғалдырды. Әдебиет институты диплом бермейді, білімге куәлік береді. Өйткені, жазушы немесе ақын деген мамандық жоқ, сен әлем әдебиетінің озық үлгілерімен танысып, семинар сабақтарында шығармаларыңды талқылатып, әдеби ортамен араласып, хас шеберлердің тезінен өтудің өзі дипломға бергісіз дүние. Мұнда да жер-жердегі «мен мықтымын» деген айтқыштар мен жазғыштар жиналған ғой.
– Осы Шолоховтың «Адам тағдыры» шығармасы очерк деңгейіңдегі дүние емес пе? Неге сонша классика ғып шыңға шығарамыз?
Нижний Новгородтан келген ақын көзілдірігін бір түзеп қойып, философиядан дәріс оқып тұрған сексеннің сеңгіріндегі академикке – кезінде «Тачанка» фильмін қорғап, ЦК-дағы қызметі мен партбилетінен қоса айырылған Г.И.Куницынға шығармашылыққа байланысты тосын сауал қойды. Шал әпсәтте терлеп, тамағын кенеп:
– Сіз өзі, сіз өзі, – деп қайталай берді. – Сталинге соғыс тұтқындарын ақтау туралы ешкім де тісі батып айта алмады. Оны «Адам тағдыры» арқылы Шолохов қана айтты. Шығарманы оқыған Сталин: «Тұтқындар жоқ, Отанын сатқандар бар», деген теоремасын өзгертуге мәжбүр болды. – Сіз өзі, сіз өзі… – деп Георгий Иванович сауал иесіне тамағын қайта-қайта кеней берді.
Осы сәтте патшаны да бас идірген әдебиеттің құдіретіне деген толғаныс сезімі аудиторияны түгел баурап алған еді.
Мұндай мысалдар көп-ақ.
Добролюбов пен Науаи көшелерінің қиылысына қоныс тепкен жеті қабатты жатақхана да, дәл бір түңлігі желпілдеген ЦДЛ (Әдебиетшілердің орталық үйі) бәріміздің асығып бас қосатын әкеміздің үйіндей болатын. Қабырғасына: «Кімді ЦДЛ жалықтырса, соның өзі бұл жерді жалықтырады», деп Евгений Долматовскийдің қолы қойылған кең зал қабырғасы әдеби буынның бір-бірімен жүздесер жанды нүктесі, ал жатақхана күнде кешке әдебиет әлеміндегі айтыс пен тартыс өтіп жататын бір буырқанған жер еді. Мұндағы бәрінен қымбаты – «әдебиет – ардың ісіне» өмірін бағыштаған әр ұлт өкілдерінің бір-бірін терең түсінісуі болатын.
Алпыс жылдан аса ғұмырында осы көне жатақхана түсініскен жүректердің тағдырына да айналыпты. Оқуға төрт жыл ұдайы келіп, түскенін естіген күні: «Арманыма жеттім!» деп жетінші қабаттан секіріп кеткен қағілез қызды да көрдік. Атақты ақын Юрий Кузнецов өзінің курстасы, біздің әпкеміз Бәтимаға ғашық боп:
– Маған тұрмысқа шықпасаң секіріп өлемін, – депті.
– Мықты болсаң секір, секіргеніңді көрейік, – дейді шығыс қызы.
Арқалы ақынның екі қолы алда, екі аяғы артта, жетінші қабаттан қалықтап жерге түседі. Дін аман. «Мені Бәтимаға деген махаббат құтқарды, ештеңені де сезгенім жоқ», – дейді ақын. Сол ақын қазір Ресейдің абыройына айналды. Қазақ қызымен бақытты түтін түтетіп, көзі тіріде Шығыс Қазақстан топырағына күйеулік құқықпен жиі табан тигізіп тұрды.
Сол Юрий Кузнецов жатақхананың көкжағал ас бөлмесінде картоп қуырып жатқанда, қасқа маңдай Николай Рубцов кіріп келіп, тиісе кетеді.
– Мен кемеңгермін, бірақ, әрине… адамдармен қарым-қатынаста өте қарапайыммын.
– Бір кухня екі кемеңгерге тарлық етпей ме?..
Рубцов сөзге тоқтап, шығып кетеді…
Ал Рим халқы өз данышпандарының есімін пайдаланып кетпесін деп жасырын ұстайды екен. Біз болсақ кемеңгерлерімізді өлгесін ғана құрметтеп, қадір тұтамыз.
Қазақ үшін елуге дейін бала деу, елуден кейін «сен де кеп қапсың-ау, ә!» деп таңырқау дәстүрі «өз жақсыңды жаттай сыйла» деген халық үшін жарасымсыз-ақ қасиет.
Ясная Полянадағы Лев Толстойдың, Петербургтегі Александр Пушкиннің, Рязандағы Сергей Есениннің үй-мұражайлары, Бунин жазған «Антон алмасы» өскен жер – міне, осылардың бәрі Әдебиет институтының саяхат-сабақтары арқылы жүздесер киелі орындар. Әрине, мұнда жүргендердің бәрі де балағында биті бар, «таланттыларға қол ұшын беру керек, ал өлермендер өздері-ақ бұзып-жарып өтеді» дегенді терең түсініп, жүрегімен қабылдайтындар. Ең бастысы, олар шеберліктің не екендігін сыналап бойға сіңіріп, нені жазып, нені жазбау керектігіне әдебиет әлеміне саяхат жасай жүріп көз жеткізер еді. Бірге оқыған өзбектің талантты ақыны, «Алаш ұранды қазақ, Арқар ұранды төре, Алла ұранды қожа» танымын барынша жетік білетін діндар Яхио Тоға да орыс әдебиетінің тереңінен сусындап, оның ұлы әдебиет екендігін қолынан кітабы түспеген отыз күн оразадан кейін таңырқай отырып айтып еді. Алыс та жақын шетел әдебиеті де қазыналы терең бұлақтай. Олардың есігін түсініп тықылдатуды санаңа сіңірген семинарлардан соң сол есіктер өзінен-өзі еркін ашылар еді.
Әдебиет институты – ұлттардың ұйыған мекеніндей. 1983 жылы кеңестік дәуірдің Халықтар Достығы орденімен марапатталуы да сол ыстық ұяның мәуелі мәртебесі. Оның қабырғасындағы достық – ұмытылмас достық. «Бауырыма!» деп «Глубинный голод» атты кітабына көз жасын сығып тұрып қолтаңба қалдырған Сахалиннен келген беларусь Валерий Балюк, Эрмитаждың ағаш ұстасы болып жүріп оқуға келген ленинградтық ақын Алексей Любегин, армян Левон Балбулянды қалай ұмытарсың. Өзбек ақыны Яхио Тоға мен қырғыз драматургі Бурул Қалшабаева үй іргесіндегі туыстар секілді.
Сөзімді 1994 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Әдебиет институты ашылса…» деген мақаламдағы үзіндімен түйіндемекпін. «Әбділда Тәжібаев естеліктерінің бірінде: «…мен 1953 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтының жанындағы екі жылдық жоғары курсқа – екі жыл алаңсыз оқуға, дамылсыз кітап ақтаруға кеттім. Сол Мәскеуде шәкірт боп өткізген екі жылыма әлі өкінбеймін», – депті. Мәскеудегі Тверь бульвары, 25-ші үйге орналасқан Әдебиет институтының сол кездегі Одаққа, жалпы, әдебиет әлеміне кең танылған қаламгерлердің ыстық ұясы, шыңдалу мектебіне айналғаны Әбділда ақынның «екі жылыма әлі өкінбеймін» деген сөзінен-ақ сезіліп тұрған болар. Қазақ әдебиетінің ұзақ көшінде басы Әбекең, аяғы Аманхан Әлім оқып, қазір Одақ тараған тұста таяу шетелдерге есігі жабылған осы әдебиеттің киелі қабырғасынан Ә.Нұрпейісов, О.Сүлейменов, С.Мұратбеков, С.Жүнісов, Р.Тоқтаров, А.Нысаналин, Ұ.Есдәулет, тағы да басқа әдебиетіміздің ауыр жүгін қайыспай көтерген аға буын мен соңғы буын өкілдерінің білім бұлағынан сусындағаны баршаға аян. Қазақстан Республикасы Конституциясының Тіл туралы тарауы айтыс-тартыспен қызу талқыға түскенде қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуін жақтаған А.Жағанова да: «Әрине, мен орыс тілін көкке көтеремін, бүкіл білім нәрімен сол тілде сусындадым. Әдебиет институтында дәріс оқыған ұстаздарымды да өмір бойы құрметтеймін», – деп Әдебиет институтын еске алуы да сол ошақта маздаған оттың жүректе қалдырған мол жылуынан болса керек.
Әдебиет секілді қиын сүрлеуді қалаған қалам иесі үшін Мәскеудегі Әдебиет институтын үміт өткелі деп айтса ешкім де кінәлай қоймас. Күллі Еуропа әдебиеті мен Шығыс поэзиясы, КСРО тұсындағы одақтас республикалар әдебиеті, ХҮІІІ-ХІХ-ХХ ғасырлардағы әдеби ағымдар мен аттары сирек аталатын Пушкинмен замандас ақындар, таяу және алыс шетелдердегі эмигрант қаламгерлер шығармашылығы, философия мен экономиканың түрлі хал кешуі, қазыналы кең кітапхана – осының бәрі сол оқу ордасының шәкіртке тартар сыйы. Толстой, Есенин, Пушкин болған жерлерге, тарихи орындарға саяхат-сапарлар қолына қалам ұстаған жанның көкіректанымы үшін аз көмек болмаса керек. Онан беріде тек әдебиет емес, кеңестік тоқырау тұсында үні естілмей, даусын тек «Голос Америки» мен «Би-би-сиден» ғана тыңдап жүрген, кезінде өнердің өміршеңдігі үшін айтысып, СОКП Орталық Комитеті сияқты биік тақты тастап кеткен, қырық жыл қуғында болған Г.И.Куницынның дәрісі, атақты қаламгерлер Ш.Айтматов, В.Распутин, А.Киммен жүздесіп, олардың ақыл-кеңесін тыңдау да ұшамын деген қанатқа демеу емес пе?!
Жә, су ағады, заман өзгереді, өткеннің жақсы іздерін Әбділда тектес дарындар естеліктерінде тамсанып айтып отырса, бұл да сол кезеңнің шындығы. Енді осындай қабырғалы оқу орнын Қазақ елінің астанасында неге ашпасқа?
Горький атындағы Әдебиет институты құрылғалы сонда қызмет істеп келе жатқан бір кісі: «Айтматов «Жәмиласын» осында жүріп, осы бөлмеде жатып жазған еді», деп мақтаныш тұтады. Бұл – орыс халқы өлердей қорқатын «13» саны мінгескен 713-ші бөлме еді. Ол бөлмеде Юрий Кузнецов екеуінің басы бір қазанға сыймаған әйгілі Николай Рубцов тұрып, өзінің құлпытасына «Россия, Русь! Храни себя, храни!» деген өлең жолдарын жазыпты. Анатолий Ким де осы бөлмеде жатып, арман-сағымға араласып, қалам-қуатын алысқа сермеп, «Ұлдың соты» атты жалпақ жұртқа ұнаған әңгімесін дүниеге әкеліпті. Осы бөлмемен қоштасып тұрып: «Мен сені сүйемін!» деген қабырғаға қашап жазылған жазу үшін коменданттың жазасынан Алматының апортын беріп ақталғанымды айта кетейін. Оны жазған Марина есімді қызға ғашық болған бөлменің маған дейінгі тұрғыны, орыстың талантты прозаигі Анатолий Шипилов болатын.
Әдебиет институты – Тверь бульвары, 25-ші үй Кеңестік одақ көлеміндегі жер-жерден жиналған таланттардың құж-құж қайнаған ордасындай еді. Бір кездері солай қарай асыға басқандардың арасынан қазақтар мен қазақстандықтарды көрсеңіз, осы бір саржағал үй олардың санасына қалам жолдарындай ирек-ирек із қалдырған ыстық ұя. Ал үстел шамы түні бойы сөнбейтін «қорқынышты» бөлменің есігіндегі 713 деген үш орынды сан ұлы Мұхаңның: «Әдебиет – ардың ісі» деген үш ауыз сөзін жайбарақат мегзеп тұрғандай.
***
Еліктеу де еңбек. Түп-тұқиянға көз салып еліктесек, оның арғы жағы – жетістік. Әсіресе, әдебиетте. Дамыған ел, дамыған елдің әдебиеті бәрін де бетке ұстайды. Әдебиет институтын бітіріп келгеннен кейін «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігіне бас ие боп отырған Мереке Құлкенов әдебиеттегі үзеңгілес дос-жолдастығын алға тартып: «Орыстың «Роман газетасын» бетке алып, біз де осындай бір қазақы басылым шығарсақ қайтеді. Редакторлықты өзің қолға алсаң», – деп ұсыныс айтты. Мен қарсы болмадым. Сөйтіп, «Оқырманға арнау сөз» арнадық. «Орыс әдебиеті – ақсақал әдебиет. Қалай десек те, орыс әдебиетінің берері де, үйренеріміз де мол. Ұлы көште сөз қасиеті былай дер еді: «Слово вбирает и отражает всю энергию наших чуств. Однако вне формы слово – неприкаянный и вечный скиталец без собственного дома. Слову нужен удобный дом и уют, иначе оно умирает бездетным» (әдейі аудармай алып отырмыз). Осы алып әдебиеттің 1927 жылдан бері жаршысы боп келе жатқан «Роман-газета» қазір халықтық журналға айналды. Прозаның інжу-маржандары бұрын да, кейін де осында жарияланып, болашаққа жол тартады. Мұнда тек мойындалған тұлғалар мен жұрт көкейінен шыққан шығармалар жарық көреді. Біз де қазақ прозасы әбден кемеліне келіп, шарықтау шегіне жеткен кезеңде «Үркер» деп атау алған роман-газетті өмірге әкеп отырмыз. Біздің әдебиет – бай әдебиет. Халқымызда Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлин бас болған сөз зергерлері аз емес. Журналымыздың беташарын Бейімбеттен бастау себебіміз де қара сөздің осы бір ерекше тұлғасына деген құрмет әрі үздік үлгілерді өмірге әкелген ұстаздан ұлағат болсын деген ниеттің нышаны дер едік.
Қоғамдық құрылыстың әрқилы кезеңінде адамның жан-дүниесін әйгілейтін үздік шығармалар жазыла бермек. Ал осыларды оқырманға жеткізер көркем прозаның ақ отауы – іргесін көтеріп отырған «Үркер» роман-газеті болмақ. Журналдың бір санында бір автордың әңгімелер топтамасы, хикаяты, романы жарияланады. Тек көркемдік деңгей деген барометр ғана бәріне жасыл бағдаршам болып жөн сілтейді. Редакция алқасының талғамынан шығып, құпталған шығарма оқырманға жол тартады. Екпінді елу елдің қатарына енеміз деген жақсы ниет аясында мемлекет тарапынан қаламақыға деген сергек көзқарас туындады. Үркердей үздік туындылар туатындығына да кәміл сенеміз» деп өз бағдарламамызды алға тарттық. Жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбай: «Үркер» – уақыт пен табиғаттың ең саф сипаттарын алдын-ала айқын аңғара алатын ең елгезек және елеулі самалалар шоғыры. Жаңы басылым оқырман қауым жүрегіне жаңа шайқалған майдай шық ете қалар шынайы ой мен сезім дарыта алатын даусыз дарындарға ғана ықылас танытқандай» десе, жазушы Төлен Әбдік: «Сексен жылдық тарихы бар «Роман-газетаны» бір кездері қолға тигізіп оқу арманымыз болатын. Әдебиеттің жанымызға жақын көрнекті өкілдері Ш.Айтматов, Д.Кугультдинов, Ю.Бондарев секілді қаламгерлермен осында таныстық.
Енді, міне, өзіміздің «Үркер» роман-газеті өмірге келді. Бұл тек қуаныш емес, бақыт, қаламгер бақыты», – деп алақан жайып, ақ баталарын берді. Сөйтіп, 2008 жылдың көкек аайында №1саны жарық көрді. Онда оқырман қауым Бейімбет Майлиннің «Оспан Олжабаев» және «Күлегеш жеңгей» атты екі хикаятымен қауышты. Бұл хикаяттар туралы бейімбеттанушы-ғалым Тоқтар Бейісқұлов «Көзімнің қарашығындай» атты мақаласында ағынан жарылып сыр шертті де, ұзамай өзі өмірден озды. Көп ұзамай журнал уақыт бедеріне сай жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси басылымы боп бағытын өзгертті. Оған да он жылдың жүзі болды. Жыл сайын «Үркер-Үміт» бәйгесі жарияланады. Проза мен поэзияда талай-талай жас таланттардың тұсауы кесілді. Ел мен жердің тағдырын айтып, мемлекет алдына қойған көсемсөз дүлдүлдерін лауреат қып биікке көтердік.
«Үркер» – тұғырына қонғанына 10 жыл болған, әдебиеттің әлеуетті сөзін айтқан, проза мен поэзияның бас бапкерлерін дайындайтын қасиетті орын, ғасырлық тарихы бар «Жұлдыздың» ізін басқан інісі. Қалпағы тар заманда кім-кім де қара сөзге ыждағатты болса, онан артықтың керегі жоқ, Бейімбеттің әруағы да олардан осыны тілейді. «Оспан Олжабаев» пен «Күлегеш жеңгейді» сексен жылдан кейін қазаққа қайтып әкеп қауыштырған басылым «Үркердің» оттай ыстық он жылы көз алдымызда. Әдебиет бір әлем болса, оның өміршеңдігі айқын.
«Үркер» де солардың соңынан ілесіп келе жатқан, онға толған, айтары бар қағілез қазақ секілді.
10 жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Алдағы бір жылда жеткен жетістіктеріміз бен қолына қалам ұстатып, көзін ашқан таланттарымыз жайлы толғанамыз. Олар туралы бүгін тұсауын кесіп отырған «Үркер – 10» атты айдарымыз ағынан жарыла айтады. «Үркер» туралы сөз айтып, ой толғаймын деген оқырман мен әдебиет жанашырына жол ашық. Онға толып, қалпақ киіп, шапан жамылып, оң иығы толыса бастаған қаламгерге сол күні бәріміз тоқ етер тілек айтамыз. «Үркердің» балаң тойын жасап, бәйгесін береміз.
Ал, жол болсын, «Үркер» – 10!
Әдебиеттің жанашыры – қағілез қазақ!