Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы: Бар шындығымды айтып тауыса алғам жоқ


«Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай «Дала мен қала» газетіне сұхбат берді. Сұхбатта  Қуандық Ералыұлы өз шығармашылығы, «Үркер»  жастар журналының тыныс-тіршілігі, бүгінгі әдебиет пен сын мәселесі төңірегінде және оқырмандардың көкейінде жүрген басқа да сұрақтарға жауап берді. 

ДмҚ: «Қырықтағы қыз», «Бұқа баққан қыз», «Қарындас», «Әйел», «Асығыс әйел», «Жұ­мыртқа жарған келіншек». Сіз шығар­машылығыңызда әртүрлі әйел­­­дер образының галереясын жаса­дыңыз, әйтсе де эротикалық сипаттау тәсілдеріне емін-еркін барғандай бол­дыңыз. Өз кезегінде бұл оқырмандар пі­кірталасын да аз тудырған жоқ. Жаңалық ашқан жоқсыз, бұрыннан бар әдепкі әдіс болғанымен, дәл осындай тәсіл қол­дан­ғаныңыз оқырманды тіксіндіргендей болғаны рас. Мұндай тәсілден өз ба­сыңыз қандай қа­жеттілік таптыңыз?

Неизвестный объектҚуандық Түменбай: Мен жас кү­німде Бейімбет шығар­маларын көп оқыдым, қызығып оқыдым. Әсіресе, шағын әңгімелеріндегі әйел бей­нелерінің суреттелуі ерекше әсер қалды­ратын. Кейін Бейімбетке еліктедім бе, әйтеуір, осы әң­гімелерді жазғым келді. Мақ­сатты түрде әйел бейнесін жасағым келген жоқ, бірақ шығармаларымда әйел­дің жан дүниесін бергім келгені рас. Ал көркем шығармадағы эротикаға келсек, эротика – әдебиетте бұ­рыннан бар. Керек десеңіз, ол моральдық құндылықтан басқа­ның бәрін мансұқ еткен соцреализм әдісінің атасы Максим Гор­кийіңізде де бар. Өзі­міздің қазақ классик­тері де бұдан кенде емес. Ілгеріректе Оралхан Бөкейдің таң­дамалы шығармалар жи­нағының редакторы болдым. Оның «Қар қызы», «Мынау аппақ дүние», «Бура» по­вестері тұнып тұрған эротика. Бірақ, Оралхан да ол шы­ғармаларын оқырманды ұмсынды­райын деген ниетпен дәл сондай жанрда болсын деп арнайылап жазған жоқ шығар, діттеге­ні – әйелдің романтикалық сезімге толы аппақ дүниемен астасқан тап-таза жан дү­ниесін бергісі келді және Оралхан осының бәрін қырық тоғыз жасына дейін жасап кетті. Мен «Адам» атты әңгімемнен аса қатты зардап шектім. Ауғанстан туралы болатын. «Қазақ әде­биеті» жариялаған күннің ер­теңінде, бір күнде бүкіл газет, тіпті жаңа шыққан «Ауыл» деген газетке дейін тұз-түгел мені жамандап жазды. Орталық Комитет шақырып алып түсініктеме де жаздырды. Ол кезде Ауған мәселесінің түйіні ше­шілмей тұрған кезі болатын, ол туралы ашық айтуға тыйым бар-тұғын.

ДмҚ: Жақсы мен жаманның мидай бы­лығып араласып кеткенін күнде айтамыз. Бұл – талғамды бұзды. Нағыз құнды­лықты ажырата алмау, тіпті, әдейі ажы­ратқысы келмеу қараниеті байқа­лады. Экономикалық қана емес, рухани коррупция қоса жүріп жатқандай қа­ламгер оқырманын сендіре алмайды. Оқыр­ман жан дүниесінің жұтағанын жазушыдан көретіндей бір жағымсыз нәрсе қалыптасып алды да салдары сейіл­мей келеді…

Қуандық Түменбай: Есенғали Раушанов жақында ғана Америкаға барып келген екен, соның құрметіне осы бүгін ғана Аманхан Әлім, Есенғали, үшеуміз шай іштік. Үшеуміздің әңгімеміз тура осы сұ­рақтың төңірегінде болды. Бұрынырақта Өзбекстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Шараф Рашидовты әңгіме қылдық. Аманхан да, Есенғали да туған жерлері Өзбекстанға жақын болғандықтан, Ш.Рашидовты жақсы біледі. Рашидовтың өз елінің әдебиетін көтеруге сіңірген еңбегі көп болған екен. Өзі де жазушы болған. Біздің әдебиетке қарағанда, тап осы басшы­сының тұсында Өзбекстаннан Лениндік сыйлық алған­дардың да қарасы көп болыпты. Басқаша айтқанда, әдебиетке мемлекет айрықша қамқорлық жасаған. Мұндай қамқорлық бізде де болды. Бірақ, қазір ондай қолдау, ондай көтермелеу ол кездегіден әлдеқайда төмендеп кеткендіктен де, рухани же­тімсіреп отырмыз. Соған қарамастан, әдебиетте бағасы зор, ат-атағы аспандаған аға буынды айтпағанда, өз қатарымды, тіпті бізден кейін келіп қосылып жатқан кіші буынды таланты кем, дарыны аз, өспей қалды деп айтуға аузым бармас еді. Жазып жатыр, жазғандары кітап болып шығып жатыр. Тек біз ғана емес, бәрі жазып жатыр, бәрі­нікі тасқа басылып, сөрелерден орнын тауып жатыр. Бірақ … бірақ әйтеуір бір жетіспеушілік бар. Солай бола тұра, біздің қазақ әдебиеті – Орта Азиядағы ең мықты әдебиеттің бірі деп нық сеніммен айта аламын. Басқа-басқа, өз қатарластары мен көрші елдер әдебиетіндегі әріптестерімен салыстырғанда 90 жылдығы аталып өтіп жатқан Тахауи Ахтановтай соғыс прозасын жазған адам жоқ. Мысалы, «Қаһарлы күн­дер» романы Лениндік сыйлықты алуға әбден лайық шығарма еді, бірақ мұнда­ғылар аяқтан тартып, бермеді.

ДмҚ: Талантты жазушыны тарихта қал­дыратын бір-ақ амал бар. Ол – тек шын­дықты жазу. Өзіңіз бар шындығыңызды айта алдыңыз ба? Бәлкім, жазушыны «не­ге жазбай­сың?» дегеннен гөрі «неге шындықты айт­пайсың?» деп кінәлап жатуымыздың төркіні де осында болар?..

Қуандық Түменбай: Жалпы, жазу­шы­ға «неге былай жаз­байсың?» деп сауал қою өте қиын нәрсе. Бірақ кімнің қалай жазып жүргенін мәр­тебелі оқырман жақсы біледі. Өзім бар шындығымды айтып тауыса алғам жоқ, өйткені шындықты айту қиын. Кешегі Оралхандармен, бүгінгі Дулаттармен са­лыстырғанда ештеңе жаза алған жоқпыз. Бұлар қырық жасына дейін өздерін то­лықтай мойындатып кетті. Біз, міне, ал­пысқа келіп қалдық, әлі де ең жақсы шы­ғар­мамды жазармын деген үміттің же­те­гінде бірдеңені күтетін сияқтымыз. Шындықты аспаннан біреу келіп айтатын сияқты, өзің де елегізіп іздейсің. Құдды бір Оралханның Қар қызы сияқты.

ДмҚ: Сіздің жазушылық қиялыңыз бен өмірдің шындығы бір-біріне қайшы келіп, сізді қинаған жері жоқ па?

Қуандық Түменбай: Мен мектеп бітірген соң ең алғаш Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне келіп түстім. Себебі, ақ күріштің атасы аталған Ыбырай Жақаевтың інісінің баласы болғандықтан, біздің әулет түгел жабылып, алдын ала жоспар бойынша мені рай­комның секретары жасамақшы болып, осы оқу орнына әкелді. Бірақ, оқуға түсіп тұр­сам да, есіл-дертім жазу-сызуда болған соң, Әбділда Тәжібаевтар арқылы КазГУ-дің журфагына ауыстым. Әуелде мені стипендиямен де, жатақханамен де қамтамасыз етуге уәде еткен Мырзатай Жолдасбеков декан болып тұрған фил­факқа қабылданып тұрып, «жоқ, мен филфакта оқымаймын, нағыз ақын-жазушы болып шығатын журфакта оқуым керек» деп бой бермей, бірін­ші курстың соңында, оқудан шығып қалған бір жігіттің орнына стипендия да, жатақхана да берілмейтін журналистика факультетіне келдім. Жазу үшін бәрін де құрбан еттім десем де болады. Әттең, кеш біліп, кеш аңғардым ғой. Сөйтсем, нағыз әдебиет филфакта екен ғой. Кейін журналистиканы бітірген соң, жас­тықтың жалаң романтикасынан бойымыз арылып болған соң ойлаймыз ғой: «Шіркін, жазу алпыс екі тамырымызда ойнақтап шыдатпай бара жатса, сол СХИ-да жүріп-ақ жаза беруге болатын екен ғой» деп. Өйткені, сол журфакты бітірген қырық алтымызды өмір елегіне салып екшегенде, жазатындар мен жазбайтындар болып тағы сортталып шықтық. Қиялым мен шын­дықтың үйлесім таппай қарама-қайшы келген кезі көп болды. Ащы дәмін де таттық, тәтті жемісін де көрдік. Әсіресе, мен сияқты романтиктерге бұл мықты сабақ болды.

ДмҚ: «Бізді бағалайтын сыншылар болмады. Құдіретімізді танытуға құдіреті жет­педі» деп қамыққаны бар бір сұхбат­тың үстінде әлдебір қаламгер ағамыз­дың. Сыншылар тарапынан бағаңызды толықтай алып болдыңыз ба?

Қуандық Түменбай: Әдебиет бізді бір­ден бауырына баспады, әуелде жатсынды. Шерхан Мұртазаның бас редакторлығы тұсында «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істедім. Ол кісі құлағынан ұс­таған басылым­ға бірден жаңашыл бағыт­тағы реформа жүргізілетінін білесің. Жа­уапты хатшы Тұтқабай Иманбеков жаңа басшыға ана әңгімені де апарады – қабағын кіржитеді, мына әңгімені де ұсынады – тыржың ете түседі. Сөйтіп, менің «Қоңы­рау» деген әңгі­мемді көлденең тартыпты. Әңгіме қа­ланың тіршілігі туралы еді, «Бим-бум, бим-бум» деп басталады. Қалың қас жап­қан қабаққа бірден қан жүгіріпті. Сөйтіп, Шерағаң осы әңгімем арқылы маған да, шығармашылығыма да ерекше ықыласпен қарады. Сыншыларға өкпем жоқ. Өткенде ғана «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде Мар­хабат Байғұтов ағамыз менің соңғы шыққан кітабыма пікірін білдіріпті. Жа­нұ­зақ Аязбеков шығарма­ларымды талдады. Жастау күнімізде Одақ­тың екінші хатшысы болып жүрген кезінде Әбіш Кекілбаев сияқты әдебиет абызының аузынан жақсы лебіз естідік. Жыл қоры­тын­дысында проза саласы бойынша Әбекең баяндама жасап, тебіреніп, толқып тұрып мақтаған кезде жүрегіміз жарылардай қуанған едік.

ДмҚ: Сын дегеннен шығады, өзіңіз де «Үркер» атты жастардың әдеби журналын басқарып отырсыз, кейінгі жастарды бірыңғай сынау үрдісі әлі тоқтамай келеді. Жастар шығармашылығы бір­жақты бағалаудың құр­бандығы болып бара жатқан жоқ па?

Қуандық Түменбай: Журналдың соңғы нөмірлерінің бірінде оралдық жас оқырманның «Кем талант мүмкіндігінше, шын талант қала­ғаны­нынша жазады» деген тақырыппен, проза мен поэзияда танылып қалған белгілі қа­ламгер жастардың шы­ғармашылығына бер­ген бағасының сынық сүйем сөзіне тиіспестен толықтай жа­рияладық. Шал­ғайда жүрген оқырман өте сауатты талдау жасайды. Қарапайым ғана оқырман қыз кімнің нені қалай жазып жүргенін жіліктеп тұрып айтады. Ақты ақ, қараны қара дейді. Журналымыздың мақ­саты мен міндеті де сол – жастар шығар­машылығын насихаттау, жас прозаиктер мен ақындардың мін­беріне айналу, со­лардың көзқарасы мен пікіріне мүм­кін­дігінше жол ашу. Қазіргі жастардың жаз­ғанының жерде қалып жатқаны жоқ. Тасқа басылатыны тасқа басылады, интернетте жарияланатыны интернетте жарық көреді, блог дейтіні тағы бар. Әйтеуір, шығарма­шылығын дамы­тудың, оқырман назарына ілігудің жолдары көп. Менің талантты қарындасым Айгүл Кемелбаеваның: «Мен әңгіме жанрын романның жүгін арқа­лайтындай жазылуы керек деп есептеймін», – деген сөзін журналымызға бердік. Өйт­кені, әңгіме – әдебиеттің ең ауыр жанры. Ал жастар нақ осы жанрға үйірсек келеді. Алғашқы тырнақалды дүниелері осы ша­ғын жанрда жазылады. Сондықтан білсін, ескерсін дедік.

ДмҚ: Аға, соңғы сауалдың әңгімеге қа­тысы болмауы да мүмкін, бірақ сіздің жапон елінен келін алуыңыздың әсері шы­ғар, «Төрт амал тір­шілік» атты жи­­на­ғыңыздың ішінен жа­пондарға бірнеше әңгіме-хикаят арнағаны­ңыз­ды бай­қадық. Жапоннан келін алған алғашқы қазақтардың бірі екеніңіз кү­мәнсіз, оқырман­ға бұл әңгіме де қы­зық болар, айта кетсеңіз еш айыбы жоқ…

Қуандық Түменбай: Жапонияда екі рет болдым. Ал­ғашында Қытай, Солтүстік Корея және Жапонияға күріш дақылы туралы жазу үшін арнайы зерттемек ниетпен барған едім. Қайыра барғанымда құдайдың бұйрығымен құда болып бардым. Келінімнің аты – Яско, біздің шаңыраққа келін болып түскеніне үш жылдан асты, немерелерім бар. Осы Алматыда өмір бойы тұратын балдыздарыма қарағанда, қазақша жақсы сөй­лейді. Ең бастысы, қазақ тілін үйренуге қатты тырысады. Жапон халқының мәдениеті қандай! Балам мен келінім жұмыс бабымен Өс­кеменде тұрды. Бұйымтай, өтініш айт­қысы келсе, біздің, бәлкім өз елінің әдебімен болар, әуелі енесіне айтады. Бірде енесіне келіп: «Біздің Алматыда тұрғымыз келеді. Оған атам қалай қарар екен, Алматыға келуге рұқсатын берер ме екен? Сіз осыны атама айтып көресіз бе?» деген екен. Ал енді біздің әдепті де, басқаны да білмейтін кейбір еркетотай қыздарымыздың бірі болса, баланы жетектеп баяғыда шауып келер ме еді? Құдалардың еліне барғанда бісміллә дегенде байқағаным, жапон­дардың адамға деген көзқарасы мүлде бөлек. Ол жақта бәрі адам үшін, адамның игілігі үшін жасалады. Көше бойлап келе жатсаңыз, міне ғаламат, кез келген бұ­рышта, кез келген аялдамада қорап­шаға салынған самсаған қолшатырлар тұрады. Теңіз жағасындағы ел болғандықтан ауа райы жауын-шашынды келеді, сондықтан жаңбыр нөсерлете қалса, кез келген бұ­рыштан ұстай салып, діттеген нысанасына жеткен соң сол жерге іліп кете бе­реді екен. Жапония мейрамхана­ларындағы жағдай да таңырқатарлық. Мұнда келген әрбір адам өз тамағының ақысын тек өзі ғана төлейді. Біреуге төлеу – біреудің мойнына мінгенмен бірдей. Тағы бір таңғалғаным, Жапонияда рак ауруына шалдыққан адамды бірден оқ­шаулап тастайды. Оның басқа адамдармен қарым-қатынас жасауына, араласуына болмайды. Жұқпалы дерт сияқты бас­қаларға жолатпайды. Бұл туралы мен әңгіме де жаздым. Кейіпкерім жаман ауруға шал­дыққан соң Жапониядан Қазақстанға келіп тұрады да, соңында айықпас дерттен сауығып кетеді.

Дмқ: Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.