• Cұхбаттар
  • 23 Шілде, 2013

Шахкерім Кәрмен: «Телевидение – идеологиялық қару»

Бүгінде көрермен көзайымына айналған ұлттық арнаның «Сыр сұхбат» жобасы балалардың сүйікті телебағдарламаларының біріне айналған. Бағдарламаның қызықты әрі көрерменге ұтымды жол табуына тележүргізушінің де қосар үлесі зор. Осы орайда, аталмыш жобаның жүргізушісі, журналист, «Жастар-2011» республикалық жастар сыйлығының жүлдегері Шахкерім Кәрменмен сұхбаттасуды жөн көрдік.

«Сыр-сұхбаттың» эфирге шыға бастағанына біраз уақыт болды. Бүгінде оның тұрақты көрермені бар.  Мұндай бағдарламаның шығуына не түрткі болды?

  • «Қазақстан»  Ұлттық телеарнасы мен «Әлеуметтік  шығармашылық бірлестігімен» бірге жасалған жоба.  Бұл жобаны жүзеге асырған мықты топтың ішінде менің де кішкентай ғана үлесім бар болғанына бақытым шексіз. «Сыр-сұхбат» бағдарламасы өмір жолында талай асуларды алып, шыңдарды табындырған алдыңғы буын ағалар мен аналар басты қонақ болады. Кейіпкерді  бейресми жағдайда, өзге қырынан, бұрын-соңды айтылмаған, көпшілік біле бермейтін тұсынан танитын боласыз. Ал қонақтың өмірдегі шынайы образын өздерінің көкейінде жүрген түрлі сауалдарымен бүгінгі мектеп жасындағы балалар ашады. Бағдарлама мақсаты – танымал тұлғалар мен кейінгі буын арасын байланыстыра отырып, оларды көрерменге жақын таныстыру.
  • Қиыншылығы қандай?
  • Телевидение саласында ең күшті құрал – бұл монтаж. Монтаж арқылы кез келген нәрсені ыңғайына қарай жасауға болады. Бірақ алдай алмайтын бір-ақ нәрсе бар. Бағдарламаның ерекшелігі де, қиыншылығы да десем болады.  Бұл – балалардың көзі. Кейіпкер шынайы көңілмен балалармен сұхбаттасам деп келмесе, немқұрайлы қараса, оны балалар бірден сезеді. Жасөспірімдер  болғандықтан,  өз эмоцияларын жасыра алмайды. Міндетті түрде бұл  эфирден көрінеді. Ең бастысы – балаларды қызықтыру. Кейіпкерді балаларға қызықты етіп көрсету. Бұл тек қана біздің шығармашылық жұмыс емес, қонаққа да байланысты.   Танымал тұлғаны көріп, балалардың  көздері де жайнап, ойларында жүрген сұрақтарды қойып, көңілдері толады. «Сыр-сұхбаттың» сыры осында болса керек. Көп жағдайда кейіпкердің өзі түсірілім болып жатқанын, камераның тұрғанын ұмытып, құрдасымен сұхбаттасқандай, ішіндегі сырларын ақтарып, көз алдына жас алған кездері болған. Бағдарлама  ашық әңгіме алаңына айналып кетеді.  Балаларды таңдауымыздың себебі сол. Баланың сөзінде, баланың ойында жасандылық жоқ. Жасандылықты бала бірден таниды, бірден көреді.
  • Кейіпкерді қалай таңдайсыздар?
  • Ең  алдымен, жастарға үлгі болатын азаматтарды таңдаймыз. Өмір жолында үлкен жетістіктерге жеткен, еліне, ұлтына еңбегі сіңген жандарды кейіпкер ретінде таңдаймыз.  Экран алдына жиі шығып жүрген танымал өнер жұлдыздарымен қоса, бүгінде жұмысы көпшілік көзінен тыс қалған кейіпкерлерді шақыруды жөн көрдік. Яғни ғылым жолында, медицина саласында және т.б. салаларда еңбек етіп келе жатқан азаматтар.  Жақында  физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевты шақырдық. Ерекше  хабар болды.  Сондай-ақ ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов та біздің басты қонағымыз болды.  Балалар  тарапынан да, көреремендер жағынан да қызығушылық танытты.
  •  Жоба барысында көңілдеріңізден шықпаған кейіпкерлер болды ма?
  • Иә, шыны керек, ойымыздан шықпаған кейіпкерлер болды. Аттарын атап айтсақ, мүмкін, ренжіп қалатын шығар. Балалар түгілі өзім жағамды ұстаған кездерім болды. Әсіресе, өнер саласында жүрген адамдар.

 Меніңше, әнші тек ән айтумен шектеліп қалмау керек.  Ой-өрісін, ақыл-парасатын, сөйлеу мәнерін, ойлау қабілетін, жүріс-тұрысын  жетілдіру керек. Әнші болғаннан кейін саған балалар қарап еліктейді, ой түзейді. Екі сөздің басын құрай алмай, не айтып жатқанын өзі түсінбейтін кейіпкерлер болды. Балаларға қандай ақыл-өсиет айтып жатыр, оның пайдасы бар ма жоқ па? Мұндай кейіпкерлер болды және біз оны эфирге жіберген жоқпыз. Көрерменнен   ұялдық.  

  • Тым  жас кейіпкерлерді арагідік эфирге шығарып алып қателескен кездеріңіз болды ма?
  • Құдайға шүкір, қазір ғаламтор заманы. Кез келген ақпаратты жылдам алуға болады.  Балалар  ғаламтордан кейіпкеріміз туралы біліп, дайындалып келеді. Біздің  мақсатымыз – кейіпкерді сонау шыңда тұрған емес, қол жетпес тұлға ретінде емес, қарапайым,  біздің арамыздан шыққан, сендер сияқты бала болған, сендер де осындай биіктерге қол жеткізе аласыңдар деген ойды жеткізу.   Мәселен, соңғы эфирлердің бірінде Әшірбек Сығайды шақырдық. Бәрі  ол кісіні сыншы ретінде таниды. Балалар балдай тілдерімен: «Сіз сыншы ретінде сынайсыз, өзіңізде актерлік қабілет бар ма?» дегенде, Әшірбек аға әртүрлі құстың, аңның дауысын салып, монологтардан үзінді оқыды. Сонымен қатар Мақсұт Нәрікбаевты  –  партияның көшбасшысы, саясаткер, лектор қабылдайды. Бала кезімізде  баянмен, сырнаймен  ән айтатын едік деп студияда баянмен ән айтқанда,  ләңгі тебуші едік деп ләңгі тепкенде көрерменді баурады.
  • Түсірілім барысында қандай оқыс оқиғалар болып тұрады?
  • Әрине, телевидение болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар көп болып тұрады.   Жақында  есте қаларлық бір оқиға болды. Сәбит Оразбай ағамызды қонаққа шақырдық. Сәбит ағаның  алдында ешқандай техникалық ақаусыз жап-жақсы екі түсірілім болған. Сәбит ағаның тылсым күші ме, энергетикасы ма, әйтеуір Сәбит аға студияға кірген бойда камералардың шамдары күйіп кетті. Сәбит ағаның өзі де қалжыңдап қояды, мен  келген жер осылай өшіп қалады деп. Шамдарды ауыстырып, хабарымызды бастай бергенде, камера да өшіп қалды.  Түсірілімнің жарты сағат уақыты техникалық ақауларды жөндеумен өтті. Бәрін реттегеннен кейін, хабарды бастадық. Мен алғашқы сөзімді айта бергенде, студияға  қасқырдай үлкен ит жүгіріп келді. Сәбит ағаның қасына кеп отыра қалды.  Бәрі аң-таң. Ит қайдан келді, қайдан шықты. Ит те жай ит емес, әдемі, асыл тұқымды екен. Сөйтсек түсірілім алаңының  қызметкерлерге арналған кіре беріс есігі  ашылып қалған екен. Сол есіктен кіріп кетіпті. Осындай қызық оқиғалар болып тұрады.    
  • Жалпы бұл бағдарламаның басқа елдерде аналогы бар. Бізде бұл бағдарламаға сұраныс қалай?
  •  Иә, көптеген елдерде «Сыр сұхбатқа» ұқсас бағдарламалар бар. Біздің мақсатымыз  жастарға үйретері, үлгі болар қасиеттері, істері бар адамдар біздің елімізде де бар екенін көрсету. Ресейлік бағдарламалардан «Матушка Россия» дегенді естіп отырған экранның  аржағындағы көрермен бәрібір жүрегінің түбінде, жадында бұл сөзді сақтай береді.  Телевидение – иделогиялық қару екенін ұмытпауымыз керек.  Мен бір ғана мысал келтірейін,   «Адмирал» киносы арқылы Ресей халық санасында жауыз ретінде сақталған Колчакты батыр, ержүрек, нағыз патриот ретінде ақтап шығарды.  Сол кинодан кейін мектеп жасындағы оқушылардың барлығы дерлік  Колчак туралы ақпарат іздеген, оқыған-білген.    

     Қазіргі таңда  қазақ журналистикасының  мектеп оқушыларына берері тым аз.  Телевидениеде 10-17 жастар шамасындағы балаларға арналған бағдарламалар аз.  Жасөспірімдер бұл уақытта түрлі дүниеге еліктегіш боп келеді, түрлі ағымға беріліп кетеді, көрген нәрсесін қайталағысы келеді.  Өкінішке орай, осы жастағы аудиторияны кабельдік жүйе, ресей, шетел телеарналары алып кетеді. Сол үшін де «Сыр сұхбат» сияқты бағдарламалар қажет. Бүгінде еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін бұл бағдарламаны көреді десем, қателеспеймін. Өйткені  көрермендер хабар өтіп кеткеннен  кейін де редакцияға хабарласып, алғыстарын білдіріп жатады.  Ақниеттерін естігенде дұрыс жолда келе жатқанымызды түсінеміз.

  • Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұлдыз РЫСМАХАНОВА

 

 

 

 

796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы