• Шежіре
  • 26 Сәуір, 2023

«ЕЛ КӨСЕМІ – ЕР ЕСЕТ»

Биыл ұлт мақтанышы Есет Көтібарұлының туғанына 220 жыл толды. Осы атаулы мерейтойға байланысты Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ел қорғау жолында ат үстінен түспей, жат жұрттықтарды жанына жақындатпаған батырдың көзсіз ерліктерін насихаттау мақсатында «ЕЛ КӨСЕМІ – ЕР ЕСЕТ» тақырыбында тарихи-танымдық шара өтті.
Шара барысында филология ғылым-дарының докторы Жұманазар Асанов Есет Көтібарұлының өмірбаяны мен әулиелік қасиеті туралы айтты: «Есет Көтібарұлының өмірі ел қорғаумен өтті. Елі үшін, жері үшін күрескен адамдарымызды ұмытпау керек», - деді ол.
Сонымен қатар,  ZOOM қосымшасы арқылы Орал қаласынан Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Самат Құрманалин сөз сөйлеп, ғылыми жаңалығымен бөлісті. «А.И.Герцен Есет Көтібарұлы басқарған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі туралы үлкен мақаланы Шоқан Уәлихановтан алған. Сол арқылы Еуропа жұртшылығы мақаланы біледі. 
«Кіші жүз және Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі (1847-1858)» кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде XIX ғ. Патша үкіметінің отаршылдық езгісі туралы берілсе, екінші бөлімнен Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы ақпарат алуға болады», - деп баяндама жасады Самат Бақытжанұлы.
Сонымен қоса, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жанар Төлепберген, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Жаңғабыл Қабақбаев, ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Нұрлыбек Қалауов, Академик, Халық емшісі, Есет Көтібарұлының ұрпағы Нағипа Мырзабайқызы, журналист, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған кризистік орталығының» директоры Бақыт Жаншаева  қатысты.
Есет Көтібарұлы (1803-1889) – Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы, Кіші жүздің Қабақ руының басқарушысы болған. Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Шалқар көлі-нен жеті-он шақырым жердегі Ақши бойында дүниеге келген. 1838 жылы Жоламан батырмен тізе қосып, көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасады. 1847-1878 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты. 1847-1858 жылдары Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмдары мен Мұғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады. 1861 жылы қабақ руының басқарушысы болып тағайындалды. 1869 жылы Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі болып бекітілді. 1873 жылы Хиуа жорығына қатысқаны үшін патшадан алтын медаль алды. 
«Есеттің дене бітімі Геркулеске келеді, оның шойыннан құйылған кесек пішіні, табиғатына сай сұлулы-ғы, жанкешті батырлыққа толы әдіс-айласы Европа адамдарын қайран қалдырса, өз отандастарын тәнті етіп, табындырып қоярлықтай еді. Ол жөнінде ел аузында талай-талай қызықты хиқаялар бар.», - дейді орыстың атақты ғалым-жиһанкезі, жазушысы Е.П.Ковалевский.
Тарихи-танымдық шара барысында батыр, әрі би Есет Көтібарұлының жыр-толғаулары оқылды. Оның «Тауға біткен қайыңның», «Мен, мен едім, мен едім...», «Қартайдымда қор болдым» жыр-толғаулары 1989 жылы жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» жинағына енген. 
Сондай-ақ шараға қатысқан мектеп, лицей, гимназиялардың тарих пәні мұғалімдеріне «Есет батыр – ел есінде» тақырыбында кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізілді. Соның ішінде Зәкіратдин Байдосұлының «Үш ғасыр перзенттері», Тобағабыл Төлепбергеннің «Есет батыр», С.Құрманалиннің «Кіші жүз және Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі (1847-1858)», Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында», Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі», т.б. шығармалары оқырмандарға насихатталды.
Шара соңында Сақтаған Бәйішев атындағы 
Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары – Салиева Ақтоты Қорғанбайқызы тарихи маңызы бар шараға қатысқан баяндамашылар мен қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.

Әйгерім Жасанова
С.Бәйішев атындағы АОӘҒ кітапханасы, өлкетану бөлімінің қызметкері 

 

5676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы