• Шежіре
  • 30 Қараша, 2021

ЕҢБЕК СҮЙГЕН ӨМІР

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған 
эпистолярлық эссе)

ӘЛҚИССА: Дала данышпанының жан-дүниесі мен жансырынан, ой өрісі мен тағдыр белестерінен елес беретін хаттар мен күнделіктердің негізінде шүйкеленген осынау шағын ой-толғаулардың ортақ тақырыбын – ғұлама ғалымның  өзінің өткен өмір, кешкен ғұмырын еске ала отырып,  өз қолымен жазып кеткен  естелігіндегі өзіне-өзінің берген бағасы бойынша «Еңбек сүйген өмір» деген тақырыпқа   орайластыра қоюды жөн санадым. Өйткені, дүние мен атақ-даңқтың арбаған қызығына алаңдамай, мұқым ғұмыры мен өмірлік мақсат-мұратын тек қана жапалы еңбекпен байланыстырып өткізген академик Әлкей Марғұланның болмыс-бітімінің мазмұнын осынау қағаз беттеріне қолтаңбасымен «ресми бекітіп кеткен» «Еңбек сүйген өмір» (Мұны, байыбына тереңдемей «Еңбекпен өткен өмір» деп өзгерткен мен едім) деген ұғым ғана толық аша алатын сияқты көрінді.

Себебі, ол өмірін еңбектеніп қана өткізген жоқ, сол еңбектің өзіне ғашық болып өткізді және сол бір ғашық сезім суымай өмірден өтті. Көшпелілердің көне тарихы, ежелгі жыр-аңыздар, эпостар, мәдениет пен әдебиет тарихы туралы зерттеулерінде ғана емес, ежелгі ескерткіштер – археология, көне қазба  мен жазба, сызба, таңбалы тастар мен қорымдар туралы есептеп, өлшеп, кесіп-пішіп, салыстырып барып тұжырым жасау үшін суық ақылды талап ететін нақты ғылыми еңбектерінің өзін ғашық көңілмен, сондай бір құштарлы леппен жазды. Атақты археолог, тарихшы ғалым М.Е.Мадсонның: «Марғұлан – ғалымдардың ішіндегі ақыны. Ол өзінің ұлы даласы мен оның тарихын сүйетіні сондай, қорғандар мен тастардың өзіне тіл бітіріп, ғылыми сипаттаманы сүйіне отырып  баяндайды», – деуі соны анық танытады. Академиктердің ішіндегі «ақын» атанған ғұламаның «ғашықтық жұмбағының» бір сырын ашады. 

 «Академик Әлкей Марғұланның ғылыми-эпистолярлық мұрасын жинау, жүйелеу және зерттеу» барысы қолға алынғанда: қызы мен немересі Дәнел мен Дәмен Марғұландар құрастырған Ә.Х.Марғұланның он төрт томдық Шығармалары басылымын, ҚР Орталық Мемлекеттік архивтегі академик Ә.Марғұланның жеке қорын, Ә.Марғұланның отбасылық мұрағатындағы: қолжазбаларды, мақалаларды,  хаттарды, жазбаларды, рецензияларды, пікірлерді, ашық хаттарды, суреттерді,  Дәнел Әлкейқызы Марғұлан апайдың ықыласымен өзім жинақтап, буып-түйіп «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының қорына алып,  ұйымдастырған «Ә.Марғұланның жеке мемориальдық кітапханасындағы» мұраларды,  кезінде маған сыйлаған, өзім қорға тапсырған қолжазбаларды,  сол ғылыми орталықтың қорына тапсырылған «Күнделіктерімді» мұқият қарап, көшірмелер жасап, жүйелеуге тура келді.

Әрине, зерттеушілердің, оның ішінде біздің де көз қиығымызға ілінбеген, Ә.Марғұлан арқылы ұлтымыздың руханият тарихына қатысты әлі де қаншама құнды деректердің архив сөрелерінде шаң басып жатқаны анық. Егерде орайы келіп, оларды ғылыми айналымға түсірудің сәті түссе, руханиятымыздың бір емес, бірнеше беті бағалы жәдігерлермен толығатынына кәміл сенемін. Өйткені, ғұламаның өзі кезінде тапсырып, өсиеттеп кеткен Санк-Петербургтегі, Мәскеудегі, Қазандағы, Орынбордағы архив материалдары сол күйінде қозғалмай қалды. Қаншама ынтамыз бен ықыласымыз ауса да, соңғы отыз жылда бұл қалаларға жолымыз бір түспей қойды. Сонау бір қиын кезеңдерде кандидаттық дисисертациясының қолжазбасын Қазан университетінің кітапханасына өзі тапсырған  екен. Ал, ғұламаның өзі танысып, барлық архивтік мағлұматтарды тиянақтап тұрып көрсетіп, әрқайсысына ғылыми сыпаттама беріп, түпнұсқаны көшіріп алуды ұрпаққа аманаттап кеткен қолжазбалардың да беті сол күйі ашылмай келеді. Бұл жәдігерлерде «еңбек сүйген өмір» иесінің туған ұлтының тарихына деген құмыл, яғни, жауапсыз ғашықтықтың ыстық демімен қатар, онда тағдырдың да табы жатыр.

Осындай ұланғайыр, әр саланы қамтитын эпистолярлық мұраларды мұқият жүйелеу мақсатында: үй-іші, отбасына, ағайын-туысқа және жеке басына  қатысты хаттар мен ашық хаттарды іріктеп, саралауды ғалымның қызы, философия ғылымдарының кандидаты Дәнел Әлкейқызы Марғұлан, ғылыми мұраларды   жүйелеп, сыпаттама беруді тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Ахметбекқызы Махат  өз жауапкершіліктеріне алды. Ал, біздің назарымызды, академикпен танысуға бастап барған мақсат жолы – оның жеке өміріндегі тағдырдың талқысы мен тосқауылына тосылған тұстары өзіне аудара берді.  Оның үстіне, өмірінің соңғы үш-төрт жылында өзі белгілеп берген кесте бойынша, екі айда бір рет, тек сейсенбі күні сағат онда үйіне барып, жарияланған мақаласын апарып беріп, сағат күндізгі үшке дейін сұхбаттасып,  кезекті мақаласын алып қайтып жүрген кезімде  асығыс түртіп алған жазбашалардың  ішіндегі ғұламаның көпке, тіпті,  жақындарына да мәлім емес жайттар өзінен көз аудартпады.

Жоғарыда айтылған «жұмбақтардың сырының» бір тал  нәзік сәулесі, ол кісіден  суыртпақтап сыр сұраған кездегі  менің қағазға үстірттеу түсірген «Тілше» (Записка) мен сонда айтылған әңгімелер тарқатылып жазылған «Күнделіктерімнің» ішіне  жарығын түсіріп тұрғандай сезілді. Сондықтан да, сол тілшелерге үзік-үзік боп түскен жолдардың астарын ғалымның өзі жазған хаттармен салыстыра отырып, «еңбек сүйген өмірдің» тікелей тағдырлы тұстарындағы өмірден татқан ащы да кермек дәмімен, көрген дәмелі қызығын, бүгінге жалғанған үмітін тәфсірлегім келді. Әрине, бұл талдаулардың ішінде де емеурінмен жеткізілген астарлы тұстар да баршылық. Менің ойымша, оның әдібін жазу бұл еңбектің міндетіне жатпаса керек.

Сонымен, үш жылдың ішінде мен көріп-білген академик Әлкей Марғұланның болмыс-бітімі, тұлғасы туралы түйген тағылым-танымым қандай еді. Не түсініп, нені түйсіндім? Әуелі, соған  көшіп, жазбалардың өмірге қалай келгені туралы мағлұмат бере кеткенім жөн сияқты.

Ол 1981 жылдың қоңыр күзі, қазан айының ортасы еді. «Жұлдыз» журналының бас редакторы Бекежан Тілегенов академикпен хабарласып, мүмкін болса, тартпасында жатқан қолжазбаларын тұрақты жариялап тұруға уағдаласып келуді тапсырды. Ол кезде мен тура отыз жаста едім. Академикпен кездесуге тура бір ай дайындалып, уағдаласқан күні ерте барып, қашан діттеген мезгіл-минуты келгенше Кіші Алматы өзенін бойлап ұзақ жүріп, сағат тура онда есігінің қоңырауын шалдым. Есікті Әлкей Марғұланның өзі ашты. Сол ашылған есік қашан өзі дүниеден озғанша жабылмады. Ал, алғаш көргендегі мені ең басты таңырқатқаны – барынша қарапайымдылығы еді. Басына шарт ораған ақ шытын көргенде, тура осындай шытты шекесіне бас орап отыратын өзімнің әкем көз алдымнан елестеп өтті. Бір түрлі бауыр басқым келіп кеткені есімде. 

 

ДАЛА   ДАНЫШПАНЫ

(Тұлғалық сыпаттама)

 

Иә, академик Әлкей Марғұлан барынша қарапайым, бірақ қарабайыр адам емес еді. Қазақы шапаны мен шекесіне ораған шыт-орамалы, тақиясы   адамды өзіне жылұшырай тартатын. Бірақ, сирей бастаған бұйра шаш пен алысқа қадалған қаршыға көз, ар жағынан ақыл мен парасат сыртқа теуіп тұрғандай көрінетін бұлтиған шеке, еңкейгеннің өзінде  ілгері теуіп тұрған төс кеудесі  сені еріксіз арақашықтығын сақтауға мәжбүр ететін. Сол болмыс-тұлғасының өзі оның асқақ тұлға екендігін ескертіп тұрғандай көрінетін.  Жалпы, анадан ешкім де дана болып тумайды. Бірақ та Әлкей Марғұлан туысымен, бітімімен, болмысымен, тұлғасымен, содан кейін барып білімімен даналық мәйегінен қана сусындаған ақылдың кені сияқты елес береді. Көшпелі қауымның сан мыңдаған жылдар бойғы тектік негізіне жинаған асыл қасиеттерін тірнектеп келіп әуелі Абайға, содан кейін Мұхтар мен Қанышқа, Әлкейге тағдыр талайына лайықтап үйіп-төгіп бере салған тәрізді.

Қазақ тарихы мен халқының осындай бір аласапыранды жол айрығында тұрғанда соңғы үшеуінің бір заманда басы қосылып, еліне еңбегі сіңгенше бірге ғұмыр кешуінің өзі де жұртымыз үшін жұбаныш. Егер алаштың зор тұлғалы ардагерлерінің соңында осы үшеуі іспетті әр ғылымның тұтқасын ұстап, ұлтына ұйытқы болған тұлғалар қалмағанда, қазақтың рухани даму дәрежесі дәл қазіргі деңгейге көтерілмес еді. Үш ғұламаның арқасында қазақ ұлтының ақыл-ой дамуы деңгейін әлемдік ғылымның шоқтығымен тең дәрежеге жеткізді.

Бұл – жай мақтан емес. Тарихи шындық. Бұл үшеуі өз саласы бойынша түркі, тіпті, Кеңес тұсындағы аз санды ұлттың барлығының медеу тұтар тірегі болды. Олардың алдын кес-кестеп өтетін тұлға жоқ еді. Оған дәл қазір дәлел іздеп сабылудың қажеті аз. Әттең, куәлердің көзі  сиреп кетті.

Далада туған даналардың ең соңғы тұяғының бірі – осы Әлекең, академик Әлкей Марғұлан деп білемін.

Оның ойлау жүйесі, пікір пайымдауы, тұжырымдары, жазу және әңгімелеу мәнері мүлдем өзгеше, тосын құбылыс еді. Иә, тосын құбылыс еді! Қаншама қақпайласаң да сен елес-теткен әлемге сыймайтын. Ол ойға дәл сен сауал берген сәтте келді ме, жоқ, санасында қалыптасқан табиғи тұжырым ба, оны бағамдау мүмкін емес еді. Оның берген жауаптары ешқашан да іштей өзің күткен тұспалдан шықпайтын.

Бір ауыз сөзіңе бір күн түсініктеме беріп, ықылымнан бергі заманды бүгінгі күнмен салыстыра қотарып, әр пікірдің тарихын және сол пікір туралы небір ғалымдардың көзқарасын айтып, одан қорытынды шығарып, содан кейін өз пікіріне көшіп, ең соңында міндетті түрде: «Сен білесің ғой мұны. Сендер сияқты аяулы жандар (сөзінің мәтелі еді) білмесе ұят қой. Оны білу керек. Білгенің жөн. Біз мұны Мұхтар екеуіміз Ленинградқа барған жылы біліп алғанбыз. Біз білмесек ұят қой. Ол болмайды», – деп ескертіп отыратын еді.

Әлгіден кейін өзіңді сауаттымын деп есептеудің өзі қиынға соғып қалатын. «Наданда – ұят жоқ» – деп Абай айтқандай, Әлекеңнің үйінен шыққанда дүниені төңкеріп тастайтындай боп өзіңді қайрап шыққаныңмен, тура он бес күннен кейін, кейін  екі айда бір рет тура сейсенбі күні тағы да оның алдында отырасың. Тағы да сол баяғы күйге түсесің. Тағы да қайралып шығасың.

Өмірдің  соңғы  үш  жылында бұл “қабылдау» әдетке айналды. Ой ағымына, ғадетіне, үй ішіне, мінезінің кейбір қырына бой үйрене келе неше түрлі боспаққа да көштім. Күніне жалғыз-ақ сұрақ қойып, соның айналасына  апталап дайындалып барған кезім де болды. Ол дайындығым әңгіме суыртпақтауға да жарамады. Ақыры бас шұлғудан басқа амал қалмайтын.

Білім – мұхит деген сол шығар. Әлекеңнің білімі мұхит болғанда да, ең ұлы, ең терең, мың ағысты бойына сіңірген мұхит еді. Мұны өзі де білетін. Кей кезде көңілденіп кеткенде, әсіресе, жастық шағын есіне түсіргенде: «Пәлі, Мұхтар екеумізбен Ленинградтың профессорлары да байқап сөйлесетін. Өйткені біз жай адам емеспіз ғой, білімге бала кезімізден сусындап, әбден қанып өстік қой. Иә, хе…», – деп желпініп те қоятын.

Осы бір балалығы тура сол сәтте өзіне керемет жарасып, нұры бетіне ойнап шыға келетін.

Рас, білімге масаттанатын бір адам болса, ол – Әлкей Марғұлан еді және масаттануға толық қақы бар болатын. Қилы-қилы ғылыми тұжырымдарды қиыстырып, тереңдеп сүңгіп, мәселесінің бетін бері қаратқан тұсында: «Мұны Мұхтар жақсы білетін. Өйткені біз білімнің түбіне жете оқыдық қой», – деп, немесе: «Мұны Мұхтар жалпылама білді. Ол жазушы боп кетті де уақыты болмады ғой. Бірақ одан артық түсінетін ешкім болмады», – деп салыстырып отыратын. Соған қарағанда, Әлкей Марғұланның іштей есептесетін адамы Мұхтар Әуезов қана болса керек. Және Мұхаң көз жұмған соң да ойша сырласып, пікір алысуын тоқтата қоймаған іспетті.

Иә, Марғұлан өмірінің соңында пікірлессіз, жалғыз қалды. Оның «қызығы да, ермегі де» – ғылым, білім еді. Оны бөлісетін адам табылмады. Ал біз сияқтылардың жалаң көкірегі мен талабынан басқа ештеңесі жоқ екенін білді. Сонда да, сөзім ішімде қалмасын деп суыртпақтаған шығар, қайдам.

«Қорқа-қорқа батыр боласың» демей ме? Әйтеуір, үш жылдың ішінде Әлекең қолжазбасын сеніп тапсыратындай мүттайымдыққа жеттім. Ол дүниелерінің дені «Жұлдызда» жарияланды. Тек соңғы мақаласы ғана аздап қысқарған еді. Ол кезде Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз екеуі бір палатада емханада жатқан болатын, ауру дендеп тұрса да, маған қарап: «Ол мінез сен сияқты аяулы жастарға жараспайды»,– дегенде жүрегіме ине шаншып алғандай болды. Мен «Жұлдыздың» ішіндегі басқа бөлімге ауысқандықтан да, оны басқа бір жазушы қарап, ұсынып еді. Ішінара өңдеп, қысқартса керек.

Әлекең бір жарым ай бойы мені үйіне шақыртпады. Өкпелегенінің белгісі. Ал өзі «жібімесе», кешірім сұрасаң, одан бетер бұртия қалатынын білдім. Шіркін, сондай дана адамның баладан бетер өкпешіл болатыны қалай екен? Ақыры бір күні шақыртып алып: «Неге келмей жүрсің», – деп тәп-тәуір базына айтпасы бар ма? Әрине, ол базынаны естігенде жүрегім егіліп сала берді.

Аңқаулықтың, аңғалдықтың зардабы әбден запы қылған Әлекең өмірінің соңғы он жылында үйіндегі жұмыс бөлмесін ешкім қол сұқпайтын «қамалға» айналдырды. Мен сондай томаға тұйықтанған тұсында барып жолықтым. Неге екенін қайдам: «Бір аптадан кейін маған кел. Әңгімелесеміз», – деді. Зады – менің Абай айналасы мен Мұхтар Әуезов туралы сұрақтарым және Шыңғыс елінің жай-жапсарын аздап білетінім себепкер болса керек.

Сонда байқағандарым мынау.

Үш-төрт сағатқа созылатын әңгіменің барысында қолыма қалам, дәптер алсам болды, әлгі әңгімесін тия қояды да, мүлдем басқа тақырыпқа көшеді. Қазбалап сұрасаң бір ауыз сөзбен түйіндей салады. Сондықтан да, Әлекеңнің маған ұсынған қолжазбасын қараған боп отырып, ылғи газет алып барып, соның бетіне адамдардың аттарын, жылдарын, жер аттарын ғана байқатпай түртіп қоятынмын. Әңгімені таратып айтатыны сонша, кейде бір сұраққа екі-үш кездесуден кейін толық жауап алатынмын. Үш-төрт жылдың ішінде бір-ақ рет жұмыс бөлмесіне бас сұқтым. Оның өзінде де жеделдете шығарып салды.

Әуелде бұл мінез маған өте түсініксіз болды. Кейін, өзінің өмір жолын толық айтып шыққан соң ғана ұқтым. Әлекеңнің соңына тыңшылар көп еріпті. Сондықтан да, әр сөзінің хатқа түскенінен сескенеді екен. Ал әңгіме арқауы – Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, 1934 жылғы Ленинградтағы студенттер көтерілісі, ашаршылық туралы болатын. Өзін өлімге бел будырған НКВД-ның тыңшысының аты-жөнін айтып:  «Тұрсын, Ленинградқа барсаң адресін берейін. Соны тауып, сөйлесші. Мені айтшы, сұрашы. Нұқып-нұқып жіберіп, бір шошыту керек еді өзін», – дейтін.

Дананың балалығы осы емес пе. Ол кезде әлгі тыңшы маған жалын сипата ма? Тіпті, қиылып өтінгендей де болатын.

Ал қолжазбасын ешкімге бермеуінің себебін сүйікті қызы Дәнел жырдай ғып айтады. Әлі де көлденең көзге ұстата қоймайды. Өзім куә болған екі-ақ жайды айтайын.

Сол жылдары Әлкей Марғұланның мұраларын жинап, зерттеу, бастыру жөнінде арнайы комиссия құрылды. Кісі бөлінді. Ол комиссияның ең үлкен жұмысы – Марғұланның қолжазбаларын қолды етумен аяқталса керек. Әркім бір үзіп жұлып, сөзін өзгертіп, Әлекеңнің атына көпшік қоя отырып, өз аттарынан жария-лай бастапты (кейбір деректерді пайдаланып жүргендер  де болды). Сөйтіп, марғұлантану Марғұланның көзі тірісінде  «малдануға» айналды.

Екінші, сол жоспарланған он томдықтан күдер үзгеннен кейін  «Жұлдызға» шыққан мақалалардың негізінде бір кітап құрастыруды көздеді.  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры туралы 150 беттей еңбегін бір ғалым машинкаға бастыруға алады. Сөйтіп жүріп Әлекең пайдаланған 247 еңбектің сілтеме тізімін  «жоғалтып» алып, қайтармай қойыпты. Шын ғалым үшін сілтемесіз, пайдаланған әдебиетінің тізімінсіз зерттеу жариялау – намыс. Әлекең қатты күйзелді. Мен  «Жұлдызға» берген мақалаларын ақтарып жүріп әлгі тізімнің үшінші данасын тауып, бастырып апарып бердім. Өзінің қолжазбасын маған беріп:  «Керек болады, сен ал», – деді. Ол әлі сақтаулы тұр. Қазір «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қолжазбалар қорында.

Міне, мұндай  «қамқорлықтан» әбден мезі болған ғалымның мінезін, әрине, түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар, түсінгісі келмегендер де болды. Менің ойымша, әртүрлі тәсілмен Әлекеңді бір «сауып» қалмаған адам аз-ау деп топшылаймын. Өйткені, қолжазбаларын сондай қызғыштай қорғаған Әлекең қай мақаласын кімге бергенінен жаңылып қалатын. Көп суреттері қолды болды.

Әдебиет тарихынан қорғаған докторлық диссертациясы Ленинградтың, не Мәскеудің архивінде жатыр. Елуінші жылдары сүргінде түрмеге түсу қаупі төнгенде сонда өткізіп тастапты. Қайтып алмаған. Ылғи: «Сол жаққа жолың түссе, айт. Жөнін сілтейін. Көшіртіп ала кел», – дейтін. Оны құнттаған мен болмадым. Дәнел апай біледі. Ендігі үміт Әлекең үшін шырылдап жүрген сол жалғыз қызында еді. Тоқсаныншы жылдары Марғұланның мұраларын толықтай шығарудан әбден күдер үзген Дәнел Әлкейқызы академик Әлкей Марғұланның қорын Бішкектен ашты. Қазақстандағы ықыласты топтың ықыласына сенбеген сияқты.  Сол бір алмағайып заманда оған да таңданудың реті жоқ. 

Әлкей Марғұлан тағдыр тауқыметін де бір қазақтан кем көрген жоқ. 1929-30 жылдары алаш ардагерлерімен түрмеге түсе жаздап барып әзер құтылған. 1937-38 жылғы жаппай жазалау тұсында оны Қазақстанға жібермей, Мәскеу мен Ленинградта елеусіз ғып ұстаған ұстаздарын «аяулы адамдар еді» деп сондай бір тебіреніспен еске алатын. Ал ашаршылық жылдары бүкіл үй ішінен айырылып, жапа шеккені, тыңшылардың тіміскілеуіне шыдай алмай, өзіне өзі қол салуы, Мұхтар Әуезовпен екеуін шағыстырып, 1940 жылға дейін сәлемдестірмей қойған сумақайлардың әрекеттері – ұзақ әрі тауқыметті әңгіме.

Сондықтан да, Марғұланның өмірі – егжей-тегжейлі зерттеуге толық татитын өмір. Өзінің қаламгерін күтіп жатқан тақырып.

Ал кезек күттірмейтін бір шаруа – ғалымның еңбектерінің толық басылып шығуы еді. Әкесіне тартқан табанды, «еңбекті сүйген» адал қызы Дәнел  Әлкейқызы Марғұлан ақыры дегеніне жетіп, Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен академиктің Шығармаларының он төрт томдығын 2007-2012 жылдары аралығында жарыққа шығарды. Жоғарыда атап өткеніміздей, ғұламаның мұралары мұнымен де шектелмейді.  Соның ішінде, Қазан кітапханасына тапсырып кеткен  «Алтын орда дәуіріндегі жарлықтар» атты кандидаттық диссертациясының толық мәтіні қамтылмай қалған сияқты көрінеді маған. Ал, «Саят құсары» атты этнографиялық монографиясы  2004 жылы менің алғысөзіммен әуелі «Егемен Қазақстанда» жарияланды, кейін жеке жинақ  боп жарық көрді.

Мұндай басылымдар, алдағы уақытта да оқта-текте болса да, оқырмандарды елең еткізіп тұратынына сенемін. Өйткені, Марғұланның зерттеулерінсіз қазақтың қоғамтану ғылымы үнемі жетімсіреп тұратыны сөзсіз.

Қазір Әлекеңді менсінбейтін ғалымдар бой көрсете бастады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Тағы бір ғұлама қазақ ғылымының бақыты үшін өмірге келер. Бірақ, сол ғұламаның өзі табанын Марғұлан қалаған табалдырыққа тіреп тұрып жоғары көтерілетіні анық. Қазақтың ақыл ойының дамуын Марғұлансыз елестете алмайсың және үнемі Марғұланның жоқтығы сезіліп тұрады. Марғұлан қазақтың келешегі, бүгінгі, ертеңгі тарихы үшін де керек. Марғұланды сыйлау – өзіңді-өзің сыйлау, ұлтыңның рухын сыйлау.

Біз қазақтың рухын әлемдік деңгейге тек Марғұландай ардақтылар арқылы көтере аламыз. Өйткені, ол – өз ұлтының ең озық қасиеттерін бойына сіңірген, сол қасиетті халқына берген, адал жүректі, біртуар перзент. Сондай перзенттің жадымызға жат тартуы ақындарға да, әкімдерге де, дарындарға да, ғалымдарға да мін. Себебі, қазақтың кез келген азаматы Әлкей Марғұланның жоқтаушысы, жанашыры, шәкірті болуға қақылы.

Марғұлан – исі қазаққа ортақ тұлға. Академик Әлкей Марғұланның ғылым саласындағы еңбегін талдап тауыса алмайсың. Ол – шағын, тек қана эпистолярлық мұраларға бағытталған зерттеудің міндеті де емес. Аяулы ағаны, әр түрлі жайға ой салдырған ұстазды еске ала отырып, айтылған бұл ниет –  оның ұмытылмайтын бейнесін жүректе тағы бір жаңғырту ғана.

Дала шежірешісі академик Әлкей Марғұлан марқұм жұмсақ креслоға шалқайыңқырап, шапанын қаусыра жамылып, сиреген бурыл бұйра шашы даланың ақ шашақты селеуіндей сепсіп, арасында құмыға, даусын ішіне тарта күліп, кейде «біз тек француз коньягін ішетінбіз», кейде «біз де серіміз, екеуміз де білімдіміз ғой», «Әй, Мұхтар» деп желпінгенінің өзі жарасып, арасында: «Ой, Шыңғыс, кел, келе ғой» – деп немересімен ойнай отырып, көп күндерде мол сыр айтып еді. Біз баспасөз бетінде жарияланған, қолжазба күйінде көрсеткен материалдарына иек артып, бізге айтқан естелігін сол өзі айтқан әңгімелерімен қоса жинақтап келтіреміз.

 

ӘЛЕКЕҢ АЙТҚАН ЕСТЕЛІКТЕР

(Салыстырмалы сыпаттама)

 

Әлқисса, бұл жазбалар Әлкей Марғұланның аузынан қандай күйде қағазға түсірілді, сол күйінше тасқа басылды. Оқиғалардың араласып, ілгерінді-кейінді ауысып баяндалуы байқалса да, еш өзгертуді жөн деп таппадық. Ғұламаның сол сәттегі ой ағымы, ойлау тәсілі, сөз мәнері, бір оқиғаны айтып отырғанда көз алдына елестеп кеткен екінші адамдардың бейнелері қаз-қалпында сақталсын деп ойладық. Және сол шақтағы ғұламаның құбылған бейнесі мен толғанысы, бастапқы ойға қайтып оралуы сияқты сезім иірімдер өзімізге де ыстық көрінді. Сөздердің қысқа қайырыла жазылуының себебі де түсінікті шығар. Зер салған адамға ойдың және оқиғаның желісін ретке келтіру қиынға соқпайды. Араға  қырық жылдан астам уақыт өтіп кеткендіктен де, асығыс жазылған кейбір сөздерді ажыратуға мүмкіндік болмады. Оған ғафу өтінемін.

«Күнделіктің» арасындағы  кіріктірмелер  мен деректер және олардың арасы үзіліп немесе күні ауысып баяндалуының себептері туралы ескерте кететін бір мәселе,  бұл тәсіл – эпистолярлық мұраларды өзара салыстыру арқылы ғалымның ойлау жүйесі мен өмірлік жадындағы үзік-үзік естеліктердің астарындағы өмір құбылыстары мен ғұмыр деректерін барынша түсінуге немесе түсіндіруге ұмтылудан туған  қажеттілік болып табылады. Бір-екі сөзбен бізге ауызекі айтқан мағлұматтардың  әдібін жазып, мазмұнын ашып, ол деректерді кімнен, қайдан алды, қалай жиды т.б. – деген сияқты түйткілді сұрақтарға жауап беріп, соны тарата баяндау үшін де ара-арасына эпистолярлық мұрағаттағы  дәйектемелерді келтіріп отырдық. Сөйтіп, дала данышпанының ой ағымын кеңінен қамтығымыз келді.  Эпистолярлық-эссенің жалпы мазмұн тұтастығын сақтап, ғалымның өмір жолын хронологиялық ретте баяндау мақсатында «Күнделіктегі» жазбалардың орны тақырыпқа орай  топтастырылып, үйлестіріле баяндалды. Бұл – әдеби-текстологиялық ілім саласында қолданылатын қалыптасқан талдау үрдісі болып табылады. Сондай-ақ, естеліктерде де қамтылмай қалған немесе бізге айтып берген әңгімесінде ұмыт қалған көріністерді бір-бірімен салыстра отырып, өзара толықтыру, күнделіктегі шашыранды естеліктерді бір жүйеге түсіру  мақсаты көзделді. Сонымен қатар, ғұлама ғалымның жадында сақталған, немесе ол жүгінген деректердің түпнұсқасын білу де ғылым үшін үлкен олжа болмақ – деген ойда болдық.

Әдетте, баратын күнімді Әлекеңнің өзі алдын-ала белгілеп  қоятын. Қатираға түскен кездесу күндерінің кестесі мынадай: 13.Х. 1981. Сейсенбі; 17.ХІ. 1981. сейсенбі; 24-01.82. жексенбі. Неге сол күні? Еркін сөйлескісі келді ме? Әңгіменің ұзаққа созылуына қарағанда солай сияқты; 19.10. 82. Сейсенбі; 13.04. 82. Сейсенбі; 21.09.82. Сейсенбі; 30.11.82. Сейсенбі; 28.12.82. Сейсенбі; 02.03. 83.Сейсенбі; 18.04. 83. Бейсенбі. Неге байланысты Сейсенбіні бейсенбіге өзгертті екен. Бұл да академиялық институттардағы жұмыс күні. 27.09.83. Сейсенбі; 30.04.84. Сейсенбі. Орталық комитетке іздеттіріп, шақыртып алған күні осы күн; 31.12.84. Дүйсенбі және менің кешігіп барып, кешу сұрай алмаған күнім. Ал, «12.01.85. Сенбі» – ол кісінің дүниеден қайтқан күні. Сейсенбі, бейсенбі   – академияның ғылыми институттарындағы жұмыс күндері. 40 жылдан астам бір мекемеде істеген Әлекең өзінің барлық қосалқы қам-қаракетін осы күнге белгілеп, соған бойы  үйреніп, әдетіне айналып қалған сияқты. Біздің де кездесуіміз негізінен сол күндерге белгіленіпті.

Әлі есімде, алғашқы екі кездесуде  тек танысу және мені білу мақсатын көздесе керек. Жалпы, Жазушылар одағындағы жайларды, жекелеген адамдарды, олардың жазғандарын сұрап, өзінің өмірінен қысқаша хабардар  етіп,  менің де жөн-жобамды сұрастырды. Газеттің шетіне шолақ-шолақ қайырылып түскен бұл әңгімелердің мазмұны былай:

«13 қазан. Сейсенбі.1981 жыл: Мен шындықтан ауытқымағанды ұнатамын. Фактіге сүйену керек деп есептеймін. Бүгін не жаңалық? Соны жазуыма қоспасам, уақыттан кешігіп қалмаймын ба? Жазушылар да осыған жүгіну керек. Пушкиннің Пугачевті жазғандағы әр сөзі, сөйлемі шындық. Лермонтов соның жүрген жолымен жүріп, соның үлгісімен жазды. Ал өзгелердің  Ілияс Есенберлин сияқты жақсы роман жаза алмай жүргендері – архивті ақтармайды. Романға лайық архивтер Ленинградта том-том боп жатыр. Құнанбайды Фридрикске (Омбы губернаторы – Т.Ж.) жібертпеген Ыбырайым Жайықбаев тегін адам емес. Осы арасын Мұхтар қазір қайта қарар еді. Тәттімбетті жақсы жазған (А.Сатаевтің повесі болуы керек – Т.Ж.). Құнанбай одан кем емес. Тек жеке мінезі бар. Олардың суреттері қайда жатыр? Қарқаралының музейіндегі Құнанбай деп жүргендері Жанайдардың суреті. Сатаев қате айтады. Тәптіштеп қараса...  Тәттімбет суретке түсуден бұрын өлген».  

***

«Эпостардағы ерте кездегі фантазия бар, соның өзінде шындық көп. Төбекөз мекендеген жерді Қабақия деген. Ол – Қарақан заманы. Қараны (зұлымдықты – Т.Ж.) құр жібермейді. Өлтереді. Болезненный вопрос. Борьба  добро со злом.

Роман жазатын адам Ленинградта, Мәскеуде, Салтыков кітапханасында отыру керек. Адамның сусынын қандырады сонда. Білмейтін шала надан кісі оқиды оны әйтпесе. Ғабиттың жазғаны шынға келді. Сәбитті сынайды сол үшін. Шіркін, әділ, тұрлаулы, последовательно жазса…».

***

« Қазақстандағы коммунистерді ұстаған кезде ұсталған Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов ойға жүйрік, шешен адамдар еді. Соларды шығарса… Шаймарданның (Тоқжігітов – Т.Ж.). өзі ақылды. Мінезінің аусарлығы болмаса, партияның өз кісісі. Соның (осындай мінез қайшылықтарының –Т.Ж.) өзі әдемі емес пе. Леонид Ильич артына бірталай жақсы пікір қалдырды. Целионград т.б. Үлгі. Пікірін адамға сүйейді».

***

«Мұхтар «Алашқа» кірген емес. Жиналыс-тарына кіріп, тыныш отырды. Өзінің мүше боп кіруі туралы арызы жоқ...

Ертеде жастар коммунизмнің ер жеткен кезінде басқа тірлік болады деп ойлады. 30-жылдары   өздері көп елді бүлдірді, өлтірді. Соны пікір етіп айтуы мүмкін. Оның ешбір жиылысынан сырт кетпеді. Семинария бітірер кезде «Абай» журналын шығарды»;

 «17 қараша. Сейсенбі.1981 жыл: Қазақтар Түркістанды, Сығанақты, Сауранды ... бәрін тас-тады, қайта келе алмады. Әбілхайыр, Абылай  солтүстікке жылжыған. Жем бойына... Алдын шарлап ойлады. Түркістанды елестетіп: Көкшетаудан сол жерге қала салсам. Ескі қаланы тұрғызсам – деп ойлаған Абылай. Абылай сондай болған.

 Ырғызбай да сондай өсиет жазған. Ол билердің ауызында сақталған. Оны Мұхтар да зерттеді. Керек болмады ма оған? Жазбады. Қазақтар туралы Янушкевичтен адал ешкім де жазбаған. Барақ түйе тасты көтерді. Соны қалай мақтайды. Осы жазушылар Янушкевичті, Барақты білмейтін шығар. Стеклованың жазғаны басқа, анау басқа. 40 баспа табақ. Поляктар туралы Мұхтар жаза алмай кетті-ау. Олар қазақты жақсы көрді. Өздері сондай әдемі. Көбінесе ауылда жүрді. Әрине, арасында арамзалары да болды.

Романға («Абай жолына». Демек, бағанадан бергі әңгімелерді Мұхтарға байланыстыра айтып отыр екен-ғой-Т.Ж.)  кірмеген бас әңгіме бұл. Мен басқа техникалық  ғылымға ауыстым. Әйтпесе, әдемі жазам ғой. Осыларды магнитафонға ауызша жазар ем. Әттең, неғыласың?.. Мұхтар мұны әдемі білген. Шекспир, Диккенс, Достоевскийді оқыды. Ептеп Толстойға қарады. Достоевскийді артық көрді: «Ашық айтады» – деп.  Толстойда «попопщина» болған. Өзі адал, гуманный. Чеховқа қарайтын. Лермонтовты жақсы көрді».

***

«Ойшылдар  бұл жаққа келмеген. Ылғи тентек помещиктер келген. Пушкин Оралға келген. «Қозыны» жазып алып кетті. Одан басқа ешкім келмеген. Ылғи «тағы» деп жазумен болған. Бұл пікірлер Ефронда (Энциклопедида –?) кездеседі. Ол кісінің (Кім екендігін нақты жазып алмаппын. Өкінішті. Шангин емес пе екен? – Т..Ж.) жазуында 1 том жатыр. Чертеж салған. Зерттеуші жоқ. Мен қарадым, жастар іздесе табылар».

***

«Әліпби (?) арабша – бастауыш кітап деген сөз. Самойлович қолын қойған «Қозы Көрпештің» 3 варианты бар. Ленинградтан таба алмадым. Сақау ақынның жазғаны бар. Ол жырды Болат –  сенатта үш күн айтқан. Академиктер таң қалған. Николай патша екі сағаттай тыңдаған. Болат – Ғұбайдолланың баласы, Уәлихан немересі, Шоқан – тоқалдан, бұл – бәйбішеден. Уәлиханның бар документін татар шпионы ұрлап тыққан. Татар молдаларының дені шпиондар. Қазақ арасына әдейі жіберген. Онда қытай, мәнжүр документтері бар еді.

Сырым Датовтың соңынан түскен – татар мүфтиі. Оның қызын Жәңгір хан алған.

Өзбек ханмен бақсылардың соғысын Ілияс Есенберлин жазды ма?», – деген сияқты желдірме пікірмен өтті».

Әр нәрсеге екі-үш  мәрте шолу жасап, қолыма қағаз-қалам алдыртпады. Ал, осындағы айтылған пікірлерді таратып, әдібін жазу бұл еңбектің мақсатына жатпайды және еңбектің көлемі де көтермесе керек. Әйтпесе, Әлекең айтқандай, «әдемі әңгіме» шығар еді.

17 қараша күнгі  әңгіменің соңында: мақаланы кім, неге сұрағанын, қанша көлемде беретінін, өзінің кейбір жарияланымдарына риза еместігін, журналистердің қазіргі баспасөздің мәнеріне бейімдеп жіберетініне реніш білдірді: «Мақсұтыңды түсіндім, әңгімеге түсінетін «аяулы бала екенсің» (бастапқыда ыңғайсызданып қалғам, сөйтсем, сөзінің тұрақты мәтелі екен). Абайдың ауылында қалыптасқан әңгімелесу дәстүрі бар. Келіп тұр. Сейсенбі күні сағат онда. Айтқаныңды дайындап қоямын», – деді. Апта аралап барған екінші жолы: материалдарды қарастырып, дайындап қойғанын, енді әдебиет көрсеткіштерін салыс-тыратынын айтып, шығарып салды.

 

«КҮНДЕЛІКТЕН»

 

«24.01.1982 жыл. Бүгін академиктің үйінде үшінші рет болдым. Бір бума мақала алдым. Атымды жаттап алыпты. Іш тартып сөйлеп: «Келіп тұр. Жақсы, аяулы бала екенсің», – деді тағы да.  Сөз қолданыстарында қазақтың ескі мақамдары мен ырғағы бар. Жылқыша оқыранып қойып сөйлейді екен. Қолға қағаз, қалам алсаң, үндемей қалады. Сондықтан да, айтқандарын еске ұстау үшін газеттің шет-шетіне түртіп отырдым. Сөздердің үзік-үзік болуы да сондықтан. Әңгіме бір тақырыпта емес, әр саланың, әр оқиғаның, әр адамның әр уақыттағы барысы еске алу ретінде ілгері-кейінді айтылғандықтан да, сол жүйесіз ауызекі айтылу қалпымен хатқа түсірілді.

Бүгін мынадай мақалаларды алдым. Негізінен қазақ эпосының тарихы туралы докторлық диссертациясының кейінгі өңделген нұсқасы болуы керек. Осы материалдарды мынадай тақырыпта бөліп-бөліп, «Жұлдызға» жариялауға келісімін берді. Мазмұны:

1.  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры. 4 суретті қосып берді;

2.  Қорқыт туралы қазақтың қария сөзі. 34 бет;

3.  Қорқыттың өлімге қарсы күресі;

4.  Қорқыттың қазақ музыкасындағы дәстүрі;

5.  Деректер: ұлы ойшылдардың елінде;

6.  Таңбалы тасқа бірлік туралы жазылған ұрандар;

7.  Бетпақдаладағы таңбалы тастар;

8.  «Ертөстік» туралы зерттеу;

9.  «Қозы Көрпештің» варианттары туралы мақала;

10.   Эпос тудырған орта;

11.   Жырдың сюжеттік құрылымы;

12.   Жырлардың варианттары;

Мақаларды беріп жатып:

– Біз қазақтың ескі сөздерін дұрыс айтып, дұрыс жазып, дұрыс қолданып жүргеніміз жоқ. Әсіресе, қазіргі баспасөзде жиі байқалады. Дұрыс сөзді өзгертеді. Мысалы, сахара мен сақраны бір сөз деп қабылдайы. Сахара – құмды дала, шөл. Сақра – дала. Жазира – шалғынды жазық емес, кең жазық құм даласы. Сол естеріңде болсын. Орынсыз сөзді өзгертпеңдер. Сауатсыздық болады... Кейде өз жазғаныңды оқудан ұяласың (Шындығында да ол кісінің өзіндік сөз мәнері, сөздік құрылымы, сөздік қолданымы, сөздік ләмі, сөздік орфографиясы бар еді. Архаизмдерді қолданғанда түрлендіріп жіберетін– Т.Ж.)».

P.S. Әлқисса: Ұзын ырғасы көзі тірісінде маған 17 мақаласын беріпті. Соның барлығын, тұтас монографиялық сыпаттарда жазылған зерттеулерді  жекелеген тақырыптарға бөліп, кезінде «Жұлдыз», «Ақиқат», «Абай», «Қазақ тарихы» журналдарының және «Қазақ әдебиетінің» беттерінде жарияладым. Олар мыналар: Марғұлан Әлкей. Ақын туған орта (Абай туралы жаңа деректер// Жұлдыз,  -1982. №4. 192-199 беттер; Қорқыт туралы жазбалар// Қазақ әдебиеті. 1982. -12 қараша; Қозы көрпеш-Баян сұлу кешені // Жұлдыз,  -1983. №2. 192-199беттер; Қорқыт ата өмірі мен әфсаналары// Жұлдыз,  -1983. №3. 139-166 беттер;  Ең ескі дәуірдегі дәуірдегі халықтың аңыздары (Ер Төстік, Ақкөбек, Құла мерген т.б. жайлы зерттеулер, деректер// Жұлдыз,  -1983. №5. -170-178 беттер; Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер (Қазақтың сал, серілік дістүрі)// Жұлдыз,  -1983. №9;  «Тамғалы тас» жазуы (Орта ғасырда қазақша тасқа бедерленген белгілері)// Жұлдыз,-1984. №1; Ойсылқара Қазақстан территориясын мекендеген ғұндардың ең жақсы көрген түйенің тәңірісі туралы тарихи-этнографиялық әңгіме// Жұлдыз,  -1984. №4. 192-199беттер; Қазақ жазуларының тарихы// Жұлдыз,  -1984. №8; Архивтегі жазбалар// Жұлдыз,  -1985. №; Екі мың жыл – жүректі тербеткен жыр// «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларының нұсқалары туралы//Жұлдыз,  -1985. №2; Еңбекпен өткен өмір //Жұлдыз,  -1986, №1; Қобызы болған халықтың (Қазақ халқының көне поэтикалық мұрасын жасаушылар туралы// Жұлдыз,  -1988. №6; Найман, керей өңгіттердің жазулары// Ақиқат. -1993. №7; «Тамғалы тас» сыры (Орта ғасырлық тасқа жазылған қазақтың таңба, ұрандары// Қазақ тарихы. -1993. №2-3.Үш хаттың сыры (Абайдың ағасы Халиолла Өскенбаевқа жазған хаты туралы) // Абай. -1993, №6; Қазан университетінің қолжазбалары// Ақиқат. -1994. №5.

Ұмыт қалған көне қазынаның қоймасындай боп жатқан академик Марғұланның  еңбектерінің ішінен журналға лайықталып іріктеліп жарияланған  сол сериалы мақалалар тиісті ресми орындардың назарын аударып, «Жазушы» баспасы арқылы «Ежелгі жыр аңыздар» деген атпен монография болып шығуына септігін тигізді. Біз осы еңбегімізді ғалымның  алдындағы азамат ретіндегі бір парызымыздың өтелгені сияқты сезінеміз. Жинақтың баспаға дайындалу барысында кітаптың редакторы, курстас досымыз Дәуітәлі Стамбеков екеуміз   мәтінмен жұмыс істеп, біраз пікір алысып: қолжазбамен қалай жұмыс істегенді Әлекең ұнатады, қандай өңдеулерге қарсы, сол туралы біраз түсінік берген едім. Ол жұмыстың негізгі барысы –  қолжазбаның түпнұсқасындағы архаизмдер мен ғылыми стильдің мәнерін барынша сақтай отырып,  әдеби мәнерге түсіру бағытында жүргізілді. Бұл да ұлтымыздың руханиятын толықтыру мақсатындағы бір игілікті шара болып есептеледі.

Кезінде, академиктің өзі сол моногрфияның қолжазбасын: «Сенде болсын. Сақтарсың»   – деп бізге беріп еді. Мен оны «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы «Академик Марғұланның мемориалдық кітапханасының» қорына тапсырдым. Қазір де сонда көрмеде тұр. Біздің бұл септестігіміз туралы академик Ә.Марғұланның өзі «Еңбекпен өткен өмір» атты естелігінде: «Шын мағынасында  казақ фольклорын, кейбір әдебиет түрлерін зерттеуге көп ойлар бөлдім. Солардың ішінде «Ең ескі дәуірдегі халықтың аңыздары» («Жұлдыз, 1983. №5), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу кешені» («Жұлдыз. 1983, №2), «Қорқыт ата аңыздары» («Жұлдыз», 1983.№3) атты еңбектерімді атауға болады», – деп есекеруі,    Шығармаларының 14 томдық басылымының алғысөзінде: «Халық эпосына байланысты әртүрлі мақалалары қазақтың мерзімдік баспасөзінде, соның ішінде «Жұлдыз» журналында жиі жарық көріп жүрді», – деп аталып өтуі  еңбегімізге  берілген баға деп есептеймін.

3. «БІЛІММЕН СУСЫНДАУДЫ   ӘКЕМ ҮЙРЕТТІ»

(Туған орта, әке-шеше,

балалық  шақ туралы)

 

Тірі аңыз адаммен бетпе-бет келетінім есіме түсіп, хабарласпас бұрын бір ай табандап ғұламаның өмірі туралы жарияланған мағлұматтардың дерлігін ұлттық кітапхананың библиография бөлімінің библиографтарынан кеңес ала отырып қарап шықтым. Соның ішінде, академиктің өмір жолы жөнінде жазылғандардың  арасынан менің ойымды қозғағаны Қабдеш Жұмаділовтің 1972 жылы «Жалын» альманағында жарияланған «Дала шежірешісі» атты толғау мақаласы болды. Әрине, Шоқан, Абай, Ақан сері, Жаяу Мұса қақындағы әдебиет пен өнерге қатысты жарияланымдарына баса назар аудардым. Онша хабарым мен ықыласым болмаса да, неше түрлі сызбалар мен цифрлар қамтылған археологиялық және көне  күмбездердің өлшем-пішімдері жөніндегі таза ғылыми  сыпаттамалар берілген кітаптардың мазмұнын есімде сақтауға тырыс-тым. Соның барлығын ойымда қорыта келіп, өзім сол кезде тереңірек білуге ұмтылып, Мұхтар Әуезовтің өмірі туралы көркем шығарма жазуға ниеттеніп, белсене кірісіп жүрген кезім, «Қилы заман» хикаятына қатысты архив деректеріне негізделген «Бейуақ» монографиясының алғашқы нұсқасы жазылып қойған кезі еді. Сондықтан да, әңгімені  ғалымның «Жұлдызда» жарияланған «Жадымда қалған жақсы күндер» атты Мұхтар Әуезов туралы естелігін негіз ете дамытуға бекіндім. Одан өзге тақырыпты қозғауға  дәтім жетпеді.

Сонымен, алғашқы жүйелі жазба қатираға 1982 жылғы қаңтар айының соңғы жексенбі күні, жоғарыдағы мақалаларды берген күні түсіпті. Таңертеңгі сағат онда бардым. Түстеніп, сағат төрттің мөлшерінде қайттым. Дастарқан басында  Раушан Әбікейқызы, Дәнел Әлкей қызы, немересі Дәмен, күйеу баласы Орынбек, шөбересі Шығыс болды. Бұл кезде мен де Әлекеңмен жатсынбай сөйлесіп, демімді еркін алып, бойымды үйретіп, бауыр баса бастаған едім. Сонымен, қойын дәптерге түскен бiрінші бет.

«Тілшеден»,«24.01.1982 жыл. (Жалғасы):– Ленинград аяулы қала ғой. Бiлiмге сусындайық деп армандап келгемiз. Бiз әдептi, әдемi студент болдық қой. Алдыңғы қатарға отырамыз, ха, иә... Есiл-дертiмiз сабақта, иә... Бiз «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды», «Қыз Жiбектi» ерте оқып, тәлiм алып өстiк қой.  Мен тек оқу мен жастық қызығының базарында жүретiнмiн, иә... Ойыма келмейдi үйлену... Оқуымды бiтiруiм керек...  Эстетіз, әдемi тәрбие алдық емес пе... Мұхтарды қызмет бабымен елге шақыртып, оқудан үзiлiс алған шақтарында маған хат жазады. Тек отызыншы жылдардың басындағы хаттарынан алаң көңiлдiң iзi сезiлетiн. Отыздай хаты бар едi. Аяулы сөздердi мен де сақтай алмадым. Шара бар ма. 1927 жылы Алтай экспедициясына менiмен бармақшы едi. Жетісуға кеттi. Сол сапар қайырлы, қаспақты болды. Ораз Жандосовпен, Тұрар Рысқұловпен еркiн әңгiмелесетiн. Ал, Мұхтар қайраткер ғой. 1927 жылы Мұхтардың жеке басының алаңы қатты болды ма, бар қуатын қағазға жұмсап, төндiре жазды»,– деп басталып, әрі қарай былай жалғасыпты.

«Ал, мен оқуға шөлдеп келгемін. Білімнің тереңіне сүңги бердім. Біліммен сусындауды маған әкем марқұм жастай үйретті емес пе. Білімді, ескі араб,   шағатай  жазуларын жақсы білді. Он жасқа келгенде мен сол көне кітаптарды оқыдым. Төбенің басында отырып, жайлаудың каусарымен қоса білімге де сусындадым ғой. Біздің үйде бұзаудың терісіне жазылған көне қалмақ жазулары болатын. Оны әкем жақыслап оқитын. Жаяу Мұса мен Машһүр Жүсіпке көрсетіп, оқып отыратын. Мен соған құмартып қарайтынмын. Оқығым келетін, не жазылғанын білгім келетін. Иә, хе… Әкем Хақан Жаяу Мұсаның туысы болатын. Қызылды-жасыл киініп, жұртты думанға батырып жүретін. Ол қызығын мен де көріп, қызықтадым ғой. Ал, Машһүр Жүсіппен құрдас еді. Екеуі қалжыңдасып отыратын. Мен солардан тәлім алдым ғой. Сен, Машһүрді білетін шығарсың. Сендей аяулы балаға білмесең, ұят болады. Оның атын Абай ауылы жақсы біледі. Иә, хе… Жаяу Мұса мен Хақан әкем Олжабай батырдан тарайды. Олжекеңнің батырлығы ерекше. Абылай хан сыйлаған ғой. Ол кісінің туы шешемнің сандығында сақтаулы болатын. Әттең, соның бәрі шешеммен бірге көрге көміліп кетті. Мен шежіреші қариялардан Олжекең туралы деректерді жаздырып алдым. Архивтен де таптым. Бұрынғы қазақтар еркін күнінде Ертістің арғы жағындағы қарағайлы Құлынды жазығына жылқысын қыстатып шыққан. Биелер құлындаған соң бері Сарыарқаның самалына сусындатқан. Ақ патшадан соған рұқсат сұрап жазған хаты бар.  Жаяу Мұса туралы мол архив деректері болуы тиіс. Болмауы мүмкін емес қой ондай аяулы жан туралы. Машһүр Жүсіптің қолжазбаларын Ленинградтағы архивке өзім апарып тапсырдым. Жоғалып кетеді ғой Әубәкір Диваевтің бума-бума қолжазбалары құсап. Енді осыларды біліммен әдемілеп жазу керек қой».

Қысқа-қысқа шолақ сөйлеммен қатираға түскен бұл деректердің негізі бізге әңгімелеп айтып отырған тұста жазылған ғалымның «Еңбек сүйген өмір» атты естелігінде таратылып айтылады. Мысалы: ауызекі әңгімеде қағазға түскен:

«Күнделіктегі»: «Біліммен сусындауды маған әкем марқұм жастай үйретті емес пе. Білімді, ескі араб,   шағатай  жазуларын жақсы білді. Он жасқа келгенде мен сол көне кітаптарды оқыдым» – Естеліктегі: «Марғұланның баласы Хақан (1857-1920) Жасыбай көліндегі қыстақта туып-өскен. Бала күнінде Баянауылдағы қазақ мектебінде оқып, арабша жақсы жаза білген», «Әкем мені бес жасымнан оқытып, арабша хат танытты. Одан кейін жеті жылдай ауылдағы қазақ мектебінде оқыдым, қыпшақ, шағатай тіліндегі кітаптарды көп оқып, жақсы біліп алдым. Сол оқығандарым әлі есімнен кеткен жоқ».

«Күнделіктегі»: «Біздің үйде бұзаудың терісіне жазылған көне қалмақ жазулары болатын. Оны әкем жақсылап оқитын. Жаяу Мұса мен Машһүр Жүсіпке көрсетіп, оқып отыратын» – Естеліктегі: «Әкем Машһүр Жүсіппен, Біләл молдамен бірге оқыған. Бала күнімде олар  біздің ауылда кездескенде бірі-бірімен шүйіркелесіп, жас кездерін есіне түсіріп, әзілдесіп отыратыны есімде жақсы сақталыпты».

 «Күнделіктегі»:  «Иә, хе… Әкем Хақан Жаяу Мұсаның туысы болатын. Қызылды-жасыл киініп, жұртты думанға батырып жүретін. Ол қызығын мен де көріп, қызықтадым ғой.   Иә, хе… Жаяу Мұса мен Хақан әкем Олжабай батырдан тарайды. Олжекеңнің батырлығы ерекше» – Естеліктегі: «Бір күні мұғалім шәкірттерді тегіс соңынан  ертіп: Анау төбенің басында жиналған адамдар тобына барайық – деді. Ол жерге көп ауылдың адамдары жиналған, мыңдаған адам тобы, бәрі дөңгеленіп отырған. Ортасында ән салып Жаяу Мұса жүгіріп жүр. Үстіне кигені қызыл камзол, қызыл шалбар, басында кішкене бөрік. Біз Жаяу Мұсаны осындай топта көріп, көп қызыққа батқан едік».

«Күнделіктегі»: «Машһүр Жүсіптің қолжазбаларын Ленинградтағы архивке өзім апарып тапсырдым. Жоғалып кетеді ғой Әубәкір Диваевтің бума-бума қолжазбалары құсап» – Естеліктегі: «Ә.Диваевтің жазып алғаны – екі жүз қырық дәптер, болмаса сегіз мың беттік фольклор қазынасы... Ә.А.Диваевтің бұл алтын қазынасы бізге сол қалпында келіп жетпеді. Ол әркімнің қолына түсіп, жоғала бастады. Қалғандары Ғылым академиясының кітапханасы мен Орталық архивте сақтаулы тұр», – деген жазбалардың мағыналас келуі ғалымның сөйлеу мәнері мен жазбаша ойлауының арасындағы тығыз байланысты аңғартады.

Яғный, айтар ойын қалыптап, салмақтап, ойша қалыптастырып алатынын танытады. Әрине, қатирадағы асығыс, оның үстіне жартылай қағаберіс  күйде  жазылған сөздердің шолақ қайырылуы табиғи. Сонымен қатар, жазба нұсқадағы кейбір сәттердің мәтібін ашатын сөз, сөйлемдер де «Күнделікте» кездеседі.

Қаперге ала кететін бір дерек, ғалымның әкесі Хақан Марғұланұлымен ұлы Абайдың ұстаздарының  ортақ екендігі. Білімнің бір бастауынан сусындағаны, яғный, екеуінің де ұстазы Камалидден хазірет. Әлкей Марғұлан жоғарыдағы естелігінде әкесі мен Машһүр Жүсіптің бала кездерінде бір мұғалімнен оқығандығын айтады. Камалидден хазірет «Маржани» медресесін бітіріп,  Семейдегі Ахмед-Риза медресесіне мұғалім болып келген. Абайды әуеліде Абдолла имамның медресесіне берген Құнанбай, үш айдан кейін: «Мына жас молданың оқуы төте, тура оқу екен», – деп шәкірт Абайды сонда ауыстырады. Ал, Машһүр Жүсіптің өзі Баянауылда осы Камар (Камаридден, Камалидден)  хазіреттің үйінде тұрып оқығаны туралы жазады». Камар хазірет сол уақытта Баянға келгенде 59 жаста... Баян қаласына келген жылдары 1866 жыл, Машһүрдің сегіз жастағы күні».   Жадидтік жаңаша бағытты ұстанған ұстазды қадами бағыттағы имамдар мен шенуніктер қудалап, соңына түскендіктен де, қырға кетуге мәжбүр болған. Атақты тарихшы Құрбанғали Халиди де осы Камалидден хазіреттің шәкірті, Абаймен қатарлас оқыған. Міне, тікелей нақты ғылыммен жаңаша үлгіде оқытатын  медреседен Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек Аймауытов, Сәтбай әулетінің барлығы, оның ішінде Қаныш Имантайұлы да бар, білім алған. Бастапқы сауатын сол Камалидден хазіреттің алдынан алған баянауылдық шәкірттердің қатарында Хайыржан Бекхожин, Қалижан Бекхожин, Шафиқ Шокин, Әбікен Бектұров сияқты ғалым, академик, ақын бар. Демек, Хақан Марғұланұлы, Әлекеңнің өзі жазғанындай, терең білімді адам болған деуімізге толық негіз бар.

Ал, біз,  осы арада «Күнделіктің» желісін үзе тұрып,  тәфсірлеуді, ұстанған тақырыбымызға орай, ғалымның өмір кезеңдерін, туған жері ата-бабасы, ата-анасы, балалық, жастық шағын еске ала отырып айтқан әңгімелерінен қосымша мағлұмат беретін эпистолярлық мұралардан бас-тауды жөн көрдік. Соның ішінде, талдауға арқау  ретінде, қатирадағы және естеліктегі   Олжабай батыр, Жаяу Мұса, Ақан сері туралы деректерді қалай жиды, кімнен алды, қалай алды деген сауалға жауап іздедік. Діттеген жерге жетпесек те, қанағаттанарлықтай жауапты Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивтегі «Академик Әлкей Марғұланның жеке қорынан»  таптық. Мұндағы мәлімет бойынша Әлекең Олжабай батыр мен Жаяу Мұса, Ақан сері жайлы деректерді 1959 жылдан бастап жиыстыра бастағаны байқалады.  Жаяу Мұса мен Ақан сері туралы мағлұматтарды сұрастырып жазған хатына Ақан серінің Теміртасынан тараған Қасым  Жандес (Жандос-?) ұлының, Жаяу Мұсаның баласы Салықтан туған Қапиза Салыққызы Жаяумусинаның  қайтарған жауаптары бар. 

Бұл екі адамға қандай  тілек білдіріп, мағлұмат сұрағаны бізге беймәлім. Оларға жазылған хаттың түпнұсқалары архивтен көзге шалынбады. Алайда Қапиза Салыққызының: «Салық атайды елге апарып жерлеп келгеннен бері сіздерге екі-үш хат жаздым» – деп көрсетуіне қарағанда  Жаяу Мұсаның өзі сапарда жүргенде дүниеден озған әйелінің қабірінің басында тұрып шығарған:  «Келдім Сапар басыңа, Жалғыз Салық қасымда» –  деген жоқтау  әнінде аты аталатын жетім қалған Салық 1972 жылдың 10 ақпанынан бұрын, яғни, 1970-1971 жылдардың арасында дүниеден өткен. Онда: өздерінің Орал облысы, Чапаев ауданы, «Аңқаты» кеңшәрінің №3 бөлімшесінде  тұратыны, Салық әкесімен хат алысып тұрғаны, 1916 жылы жазылған Жаяу Мұсаның қолжазбасының Салықтың қолында болғаны туралы айтылады. Хатты  күйеу баласы Асқар Искендіров «Еңбекшілдер» кеңшәрінен жіберген.

Соған қарағанда, Әлекең бұл хатты Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай» дастанының қолжазбасын іздестіру мақсатында, не өзі   ақынның суреті деп есептейтін фотоны танып-ажыратуы мүмкін деген үмітпен (әншіні көзі тірісінде көріп, өнеріне қаныққан Әлекең оның бейнесін өзі де жыға таныған), Жаяу Мұсаның өзі жазған қолжазба дәптерлердің кімде сақталғанын анықтау үшін  Жаяу Мұсаның ұрпақтарын іздестіріп, хат жазған  сияқты. Хаттағы жөн сұрасулардың емін-еркін жазылуына,  «Әлкей аға» деп сөз бастауына қарағанда Қапиза Салыққызының Әлекеңмен араласып тұрғандығын танытады.  Ондағы шағын да болса нақты мәліметтерді ғалымның  сол кездері  қағазға түсірген «Қазақтың сал, серілік дәстүрі» атты монгографиясындағы «Жаяу Мұса» тарауында кәдеге асқаны анық.

 Оған «Жаяу Мұса» туралы: «Жаяу Мұсаның өмірін ашық, әдемі сипаттайтын жазба деректер өте көп. Бірақ, өкінішті жері, терең зерттеушілер жеткіліксіз болғандықтан, ол деректер бүгінге дейін жарық көрмей мыңдаған архивтің ішінде көмулі жатқанын көреміз. Бірінші, көптеген архив документтері. Бұл сегіз жұмыста кездеседі, оның екеуі Омбы архивінде болса, қалған алтауы Қазақстан архивінде сақталып келеді.

Екінші салаға кіретіндер –  Жаяу Мұсаның өз жазулары,  оның естелік дәптерлері. Жаяу Мұса көзі ашық, оқыған кісі болғандықтан, естелік дәптерін 1879 жылдан бастап 1925 жылдарға дейін жазып отырған. Мұндай дәптерлер онда бесеу болған. Олардың ішіндегі ең тамашасы  бірінші дәптері. Мұнда ол өзінің өмірін жақсы айтып берген. Бұл дәптер қазір Қазан университетінің қолжазбалар бөлімінде сақталып тұр (№1288) ... Үшінші дәптері 1905-1910 жылдары жазылған. Бұл ең жақсы дәптер еді. Жаяу Мұсаның ең жақсы өлеңдері осы дәптерде болатын. Ол дәптерді әншінің немере баласы Ағынтай Мұстафин маған сыйға тартқан еді. Бірақ, өкінішті жері мен Ленинградта ауырып жатқанымда ол дәптер жоғалып кетті. Төртінші дәптер, 1911-1918 жылдары жазылған. Ол «Халық композиторы Жаяу Мұсаның күнделік дәптері» деген атпен Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар бөлімінде (1420). Бесінші дәптері 1918-1925 жылдары арасында жазылған... Бұл дәптерді Жаяу Мұсаның баласы Салық Қазақстанның сол кездегі Мәдениет министрі Темір Жүргеновке әкеп тапсырған. Бірақ ол дәптердің кейінгі тағдыры не болғаны мәлім емес», –  деп жазуы, соның ішінде қолжазба дәптерлердің аталуы толық дәлел бола алады.

Орталық  ғылыми  кітапхананың қорындағы Жаяу  Мұсаның өз  қолтаңбасы сақталған   төртінші  дәптер, осы Қапиза Салыққызының хатында айтылған  қолжазба болуы, оны сол қорға Әлекеңнің өзі өткізуі мүмкін. Өйткені, Әлкей Марғұлан өзіне келген қалжазбаларды дер кезінде кітапхана қорына өткізіп отырған. Тура осы Қапиза Салыққызы хат жолдаған жылы Ә.Марғұланның «Жаяу Мұсаның жас кезі» атты мақаласы 1971 жылы «Қазақ әдебиетінің» 16 шілде күнгі санында ақынның  суретімен қоса  жарияланды. Міне, академиктің бір сауалына жауап беріп жазылған хат осындай жорамал жасауға мүмкіндік береді.

Ал, академиктің Ақан серінің немересі Қасым Теміртасұлына жолдаған дұғай сәлемі де тура осы мезгілде, яғный, сал, серілер туралы монографияны жазу барысы тұсында жазылған. Оған, Әлекеңнің шәкірті Мұхтар Мағауин бас редактордың орынбасары кезінде ғалымның  архивінен алып, «Жалын» альманағының 1971 жылғы №5 санында жариялаған «Ақан сері жайлы жаңа деректер» атты мақаласы себепкер болған. Сонда Ақан серінің суретін  жариялағаннан кейін, баспасөздерде әр түрлі пікірлер айтылды. Алыпқашпа сөзге тыйым салу мақсатында суреттегі бейненің анық-қанығын білу үшін серінің немересі Қасым Теміртасұлына архивтегі фотоның көшірмесін жолдап, серінің бейнесін есіне түсіріп, сол кісі ме, жоқ па, соны анықтап, серіні тірі кезінде көрген адамдарға растатып беруін  өтінсе керек.  Оған жауап хаттың мәтініндегі ғалымға қаратыла айтылған сілтемелер дәлел.   

«Ақан серінің ұрпағы Қасымның Ә.Марғұланға  атасының суреті  туралы  жазған хаты. Қор 2415. Т-1, 574-іс. 7, 7а, 8 бет.

Әлкей інім!

Қалай, аман-сау жүріп жатырсыз ба? Келін, балалар тегіс аман ба? Ал мен сіздің хатыңызды алдым. Рақмет. Сізді еш бір ойдан шығармаймын. Кемпір, шал Ақан серінің шығармасын  оқығанда, егіліп жылап аламыз. Сол атамыздың нақты фотосын көріп отырмыз. Бұл (мұны) сіздің себеппен көріп отырмыз. ... Ақан ағаның өзін көрген секілді болып шаттықта отырмыз.

Ал, енді мен бұл фото жөнінде Қаймолденмен (бірге) жүріп, Ақан серіні көрген кісілерге  көрсетіп, жеті кісінің қолын қойдырып, жіберіп едім сізге. Оны берді ме? Әгәр берсе, кісі өлтіргенде екі куә керек еді ғой. Мен жеті кісінің қолын (суреттегі бейнені) танытып бердім.

Ал енді, мына бір сізге айтар сөз мынадай: сол уақытта сіздің жазған хаттағы кісі нақты Ақан ағайдан басқа қазақ баласы қисық табан жылтыр етік киген емес. Жалғыз-ақ, Ақан ағай киген. Бірнешелері (қол қойған кісілердің) сол күнде Ақандай сері боламыз деп, бола алмаған. Бұл кісі қазақ киімін киген жоқ. Бұл фото анық Ақан серінің фотосы болды. Ақан серіден басқа кісі киген емес. Бұл анық фото болды. Бұған еш күмән жоқ.

Ал енді, бізден хабар білмек болсаңыз, аман-сау жүріп жатырмыз. Қазір үйде кемпір-шал отырмыз. Қолымызда бір ер баладан басқа кісі жоқ. Бір қызым Талдықорғанда оқып жүр. Осы жылы оқуын бітіреді. Бірі оныншы класта. Қысты қамтамасыз етіп, шөп әзірлеп алдық. Біздің жаққа келсеңіз сізді күтемін.

(Қасым)».

Күні айы, жылы көрсетілмеген.  Соңында, ескі қазақы дәстүрмен «Ініме өлең сәлем хат» деген арнау  жолдаған.

 

ІНІМЕ ӨЛЕҢ СӘЛЕМ ХАТ

Рахымат, айналайын, ғазиз інім,

Талпынып, талаптанып таптың білім.

Онанда атағыңыз үстем болып,

Бірдей болсын дәрәжа, оң мен солың.

 

Ілгері үстей берсін қадамыңыз,

Бір көргенде байқап ем, мен затыңыз

(бек задаңыз-?).

«Бір көргенге қырық күн сәлем» –

 дегендейін,

Сақтап жүр қабырғаңа – мен ағаңыз.

Риза болдым, Әлкей інім,  мен де сізге,

Фотосын ағамыздың бердің бізге.

Алғашқы бізге жібергенде,

Тіріліп келгендей боп түсті көзге.

 

Қайырлы талабыңыз болды сіздің,

Орындадым көрсетіп сөзді сіздің.

Қол қойдырып жеті кісіге анықтама,

Жібердім қайта жолдап мұны сізге.

 

Мың рақмет, салыпсыз сіз фотосын,

Байқаңыз миға салып сөз жотасын.

Осындай жетістікке жеткіздіңіз,

Ағаңыз күнде берер мың батасын.

 

Қош, сау бол, менен сәлем, ғазиз інім,

Бізде жоқ өтіп кеткен аса білім.

Игілік көріп күткен әр ісіңнен,

Әрдайым ашық болсын жүрген жерің.

Қасым  Жандес (Жандос-?)ұлы

11-17-1970».

 Үшінші бетке  қысқаша «Анықтама» берген адамдар туралы мәлімет береді.

«Анықтама

Рәзия – 83-те; Әшімғали  – 85-те; Ғабдолла – 82-де; Қасым – 74-те.

 Осы  кісілер анықтады. Бұлар: (Ақан) ақсары (адам еді) – дейді. Бірақ (суретке) қара болып түсіпті – дейді. (Суреттегі) Алдияр Ақанның нақты өзі – дейді.

Қош, енді, інім. Хат жазып тұрыңыз. Амандығыңызды білдіріп. Аман, сау 100 жасқа келуіңізге тілектеспіз кемпір екеуміз.

Қасым Жандеріс (Жандос-?)ұлы.

Ақан сері қайтыс болғанда: Рәзия – 25, Әшімғали – 27, Ғабдолла – 24, Қасым – 16-да (жаста)».

Бұл хатқа академик жауап қайырды ма, жоқ па, ол жағы әзірге бізге бимағлұм. Мүмкін, Қасым қарттың ұрпақтарының қолында сақталып қалуы да ғажап емес. Анығы, дұғай сәлемдегі және өлеңдегі: «Сізді еш бір ойдан шығармаймын»,  «Бір көргенде байқап ем, мен затыңыз(ды), Бір көргенге қырық күн сәлем» – дегендейін», –  деген сөз тіркестеріне қарағанда, олар бұрыннан бет көріскен, таныс, өзара сыйластығы бар болса керек. Бұл хаттың ғалым үшін маңызы ерекше. Өйткені, архивтен көз майын тауысып тапқан суретке күмән келтіріп, ғалымның еңбегі мен пікірін жоққа шығарушыларға тосқауыл қойды. Баспасөздердегі алыпқашпа пікірлер де содан кейін сап тиылғаны есімде.

Әлқисса: ендігі келтірілетін Мұхтар Әуезов туралы естеліктердің біразы   дер кезінде ізі суымай, есте ұстаған күйі «Тілшеден» (запис-кадан) «Күнделік» қатираға  түсіп, ғұламаның көзі тірісінде  жарияланғандықтан да, олар бұл салыстырмалы эссеге  сол жарияланымдар бойынша қысқартылмай кіріктірілді.

Суретте: М.Хабибуллин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан

 

4. «АСА БЕЛГІЛІ  ҚАЗАҚТЫҢ  БІРІ ЕДІ...»

(Жастық кешуі мен М.Әуезов туралы естеліктері)

Бiр-бiрiмен достық-қа жарайтын, ақыл-ойларының кемеңгерлiгi де түр-тұлға, бет-бейне, тiптi толқынды бұйра шаштары да, кескiн-келбетi де, әзiл қалжыңы мен терең тұжырымды сөздерi де бiр-бiрiмен жарасатын осынау торсық шекелi екi данышпан қазақты тағдырдың өзi таңдап қосқандай. Өмiрде де, өнерде де  жарастық туы жығылмай жайнап өттi. Бiрi шайқалғанда, екiншiсi нық, сенiмдi тiрек болды. Қос бәйтеректiң сыңарын ғана көрiп, өмiрiнiң соңғы екi жарым жылында сенiмiне кiргендей жақын араласқаным – рухани тiрлiгiмнiң үлкен бақыты, мол жұбанышындай көрiнедi.

Қаршыға жанары Көктөбенiң биiгiне қадалып, ақ бурыл шашы сақараның селеуiндей сирей толқындалып, сәл қысылыңқы шығатын дауысымен ұзақ-ұзақ әңгiме айтқан сәттерi, кейде күлiп барып: «Ой, Мұхтар деген...» деп, кейде қабағын шыта: «Елдiң қамын ойласаң...» деп отырған будда ескерткiшiндей Әлекеңнiң, академик, ғұлама Әлкей Марғұланның бейнесi әлi көз алдымда. Бала сияқты сенгiш, алдаңғыш мiнезi, «Ой, сен бiр аяулы баласың. Мен бiлемiн ғой», –  дейтiн аңқаулығы, сол мiнездiң бәрi өзiне жарасып тұрған ұлы тұлғасы ұмытыла ма.

«Тілшеден», 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): «Мұхтар «Алашқа» кірген емес. Жиналыстарына кіріп, тыныш отырды. Өзінің мүше боп кіруі туралы жазған арызы жоқ...

Ертеде жастар коммунизмнің ер жеткен кезінде басқа тірлік болады деп ойлады. 30-жылдары   өздері көп елді бүлдірді, өлтірді. Соны пікір етіп айтуы мүмкін.  Оның  ешбір  жиылысынан сырт кетпеді. Семинария бітірер кезде «Абай» журналын шығарды». «Күнделік» қатирадан: «Мұхтар Керекуге 1921 жылы үкiмет комиссияның құрамында келдi. Бәрiнiң кигенi қысқа былғары куртка, басында былғары кепке, галифе шалбар, жылтыр қара етiк. Мұхтарды бiрiншi рет мен тура осы түрiнде көрдiм. Ол Әлiби Жангелдин бастаған комиссияның мүшесi болып, жергiлiктi аппаратты жаңадан құру мәселесiмен келдi. Олардың қасында тағы басқа азаматтар бар едi.

Комиссияның келуiн қалалық комитет оқушы жастарға күнi бұрын бiлдiрiп, ұйымдасқан түрмен оларды қарсы алуға шақырған. Бiрақ Омбыдан шыққан кеме Павлодарға айтқан сағатта келмедi. Бiз оларды түн ортасына дейiн күттiк. Келетiн сағат белгiсiз болған соң ең соңында шаршап үй-үйiмiзге қайттық.

Әлқииса, Мұхтар Әуезовтің Керекуге келуінің қысқаша барысы былай. Қазақ автономиялық республикасы құрылса да, Семей губерниясы Сiбiр ревкомына қарайтын. 1921 жылдың 20 көкегiнен бастап автономия құрамына көштi. «Қазақстан елшiлерiнiң хабары» әкiмшiлiктiң ауысуына қатысты жайлар туралы түсiніктеме жолданды. 1921 жылы тамыз айында жиырма төрт жасар Мұхтар Әуезов Семей губерниялық комитетiнiң төрағасы қызметiне  және: «Ишмұхамет Алин: «Съездiң ақырғы күнгi мәжiлiсiнде Қырғыз (қазақ) республикасының орталық атқару комитетi (Кир Цик) сайланды». Арада екi ай өткен соң Қазақстан орталық атқару комитетiнiң президиум мүшесi әрi саяси хатшысы лауазымына шақыртылады. «Сөйтiп ол 1921 жылы Орынборға қызметке ауысты. КирЦИК-те Мұхтарға жергiлiктi ұлт өкiлдерiн қызметке тарту, кеңсе қатынастарын қазақ тiлiнде жүргiзу iсiн ұйымдастыру тапсырылды».

Зады, саяси хатшы дегеннiң қызмет мәнi сол болса керек. Алайда бұл iспен ол толық шұғылдана алмаған. Ол кезде Ресейдiң Поволжье аймағында жаппай ашаршылық басталды. Қазақ даласына да аштық тырнағын батыра бас-тады. Соған орай 1921 жылы қазанның 11 күнi «Аштарға көмек» комитетi құрылып, оның Қазақ АССР-дегi орталық комитетiнiң төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, iле мал, азық-түлiк жию үшiн елге аттанды. Ол кезде Кереку өңірі Семей губерниясына қарайтын.

Әлкей Марғұлан: «Таңертең ұйқыдан тұрып, көшеге шықсам, қаланың iшi абыр-жұбыр, жұрттың көпшiлiгi ентелеп судың жағасына, пристаньге қарай өтiп жатыр. Мен де бөгелместен сонда бардым. Пристаньге таянған кезде маңыма қарасам, бiр топ адамдар жағалап, серуен құрып жүр екен. Олардың жүрiсi, киiмi Павлодардың тұрғын халқынан басқарақ. Кеменiң келiп тоқтағанына жарты сағат өткен. Мен кiмдердiң келгенiн бiлу үшiн кiдiрместен кеменiң iшiне кiрдiм. Барсам, оның салонында қартаңдау келген бiр адам революцияның қалай болғанын, Қазақ республикасының қалай құрылғанын жиналған адам тобына әңгiмелеп айтып отыр екен. Жанымда жүрген бiр кiсiден: «Бұл кiм?»– деп сұрағанымда: – Әліби Жанкелдин,– дедi. Бiраз уақыт өткен соң, Әлібидiң сөзi бiтер кезде, салонда дем алып жүрген қонақтар да кiрдi. Олардың iшiнде көзге ең алдымен түскен әдемi бұйра шашты, сұңқардың көзiндей сүзiле терең қарайтын, тұңғиық қара көзi бар маңдайынан ақыл мен ойдың лебi аңқыған, жүрегi, сезiмi романтикамен бөленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтiн, сөзi шөлдеген адамның мейiрiн қандыратын тау бұлағындай, сыпайы, көркем бiр кiсi халықтың көңiлiн өзiне ерекше аударды. Ол кешегi атағы әлемге жайылған, қазақ халқының мақтанышы болған Мұхаң едi».

Сол сапардың аяғында Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов  үшеуі жиырма мыңнан астам ірі қара жиып, Торғай өңіріне жіберді. Екі ретте де Жүсіпбек Аймауытов Торғайға жөнелтілген малдың табынбасы (гуртуправ)  болып барды.

«Тілшеден», 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): «Семейдегі педтехникумда жүрген жылдарымда Мұхтармен сырлас, дос болдым. Ол сол кездегі аса белгілі қазақтың бірі еді. Мен төрт жыл бойы Мұхтардың қасында жүріп, әңгіме-пьесаларын қолжазба түрінде оқыдым. Әрі ұстаз, әрі дос еді».

Мұхтар Әуезовпен қатты араласып, айнымас дос болған академик Әлкей Марғұлан өзінің осы бізге айтқан естелікнамасында өткен өмірді еске түсіріп, деректі сырды сарқыла ақтарды. «Көксерек» тәрізді философиялық мазмұны мол классикалық шығарманың жазылу тарихын толық білуге зиялы, сергек оқырман ынталы екені анық. Сондықтан да, ол жөніндегі белгілі-белгісіз деректерді толықтай келтіру мақсат қана емес, қажеттілік деп білдік. Ә. Марғұлан 1925 жылы Ленинградқа барар алдында Мұхтар Әуезовпен бірге Шыңғысқа барып, ел-жұртпен танысып, серуен құрған.

«Күнделік» қатирадан, 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): «Мұхаң қасқыр алатын тазыларға құмартып жүргенде аңшылық суретін айтып отырғандарым аса ұнайтын еді. Содан кейін ол кісінің акқасқа тазыларға құмартуы ерекше болды. Бұл кезде Әбікей Сәтпаевтың көмегімен аққасқаның бір өжеті Шыңғыс тауына келіп жеткен еді. Оның үш қасқыр алды деген даңқы көп жерге тарап, бұл әңгіме Мұхаңның аққасқа тұқымына құмарлығын одан гөрі асыра түсірді. Аңшылық әңгімесінің кеңесі өте пайдалы болды. Келесі жылы қасқыр алатын аққасқаның екі алпауытын Баян тауынан Мұхаңа жеткізіп беруге уәде еттім. Сол уәде бойынша келесі 1924 жылы елге демалысқа барғанда көңіліміз қасқыр алып жүрген екі алпауыт тазыға түсті. Тамыз айының орта кезінде біз бұл иттерді арбаға байлап, бір топ бала Шідертіден Павлодарға жөнелдік. Павлодарға дейін жол 300 шақырым, жолшыбай бірнеше ауылға қондық. Олардың өтініштері: «Тазыларды бізге қалдырып кетсеңдер қандай қуаныш болар еді». ...Екі-үш күннен кейін Павлодарға келіп, Жаяу Мұсаның үйіне тоқтадық. Мұхаңа тазыларды көркем түрде жеткізу мақсатымен оларды мәпелеп, баптап, мойнына әдемі қарғы тағып, сәулетті түрге келтірдік. Бірақ аққасқа тазыларды Семейге жеткізу оңайға түспеді. Пароходқа олардың билеті адамдардыкінен қымбат және оларды көп уақыт алмай әуре қылды. Жанымда Семей газетінде істейтін ақын-жазушы жас жігіт Әукеш дейтін інім бар еді, екеуміз иттерді кемеге отырғызып жүріп кеттік. Келе жатып тағы да бір қиындыққа кездестік. Түнде ел ұйықтайтын кезде екі ит Ертіс бойын жаңғырта ұлып елдің мазасын алды. Түнде сағат екінің кезінде кеменің капитаны каютаға келіп:

– Анау иттер сіздікі емес пе,– деп сұрады.

– Иә, біздікі. Иттер ұлымау үшін оның қасына бір төсек қойып бергізіңіз, інім барып жатса, олар үндемейді, – дедім.

Әукеш барып жатқан соң иттер ешбір үнсіз ұйықтап қалды.

Семейде Мұхаң мен біздің досымыз Ахметбек Шикібаевтың үйіне тоқтадық. Ол кезде Мұхаң елінен келмеген. Ахмет Әуезовке айттым. Екі-үш күннен кейін қырдан Ағзам келіп, екі итпен таныса бастады. Бір жұма жатып, итке тамақты сол берді, оларды аялап, басын сипап, еркелетті. Со иттерді бірінші рет көруге келген – Семейде тұратын аяулы азамат Ахметбек Шикібаев еді. Содан кейін аяулы аққасқа Ағзамға еріп Шыңғыстау кетті.

Қыс күні екі тазыны қызық еткен Мұхаң олармен қасқыр аулап жүргенде елдің малына тыным бермеген көкжал қасқырға кездесіп, оны ғажайып түрде өз көзімен алдырады. Мұхаң Ленинградқа келген соң екі аққасқаның көкжалды қалай соғып өлтіргенін тамаша әңгіме етіп айтып жүрді. Кейін оны «Көксерек» деген әңгімесінде пайдаланды.

– Шіркін, мұндай алпауыт итті бұрын ешқашан көрген емеспін. Кедей-кепшіктердің малын қынадай қырып жүрген көкжалды алқымынан қысып бергенде рақаттанып қарап тұрдым, – дер еді Мұхаң», – деп осы бір оқиғаны есіне алар еді».

Реті келгенде ескерте кетейік: осы тараудың басында Әлкей Марғұланның біз жазып алған естелігі келтіріледі. Онда 1924 жылы жазда Аққасқа тазыны әкеп берген.1925  жылы қыста және жазда Шыңғысқа барған. Екі естелікті салыстыра келгенде, 1926 жылы Мұхтар Әуезовтің Ленинградтан Шыңғысқа келу-келмеуі анықталмай қалады. Алғашқы естелікте Валентина Николаевнаға 1926  жылы ақпанда   үйленген. Ол, әрине, басқа талдаудың тақырыбы және біздің «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссемізде толық тәптіштеліп  баяндалған.

Әңгіменің түйін дәлелі «Еңбекпен өткен өмірде»: «Кейін бұл аққасқаға арнап жазған «Көксерек» атты әңгімесі дүниеге келді», – деп тиянақталады.

1925 жылы жазда Шыңғысқа  сапарында көптеген жайлардың аңық-қанығын бiлiп қайтыпты. Соның iшiнде, «Заман еркесiне» (роман) – де қатысты деректер де айтылды. Сыздықтың прототитi жөнiндегi жорамал – Әлкей Марғұланның осы естелiгiнен туындады.

«Күнделік» қатирадан, «Күнделік» қатирадан, 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): « – Мен Мұхтарға екi аққасқа тазыны бергенiмдi айттым. Содан Шыңғысқа бардық. Кәмеш қандай сұлу, сүйкiмдi. Ұзын бойлы, аққұба, таза. Қолаң шашы тiрсегiне түседi. Әдептi, инабатты және өткiр едi. Шiркiн десеңшi... Қандай анадан тудың дегендей аяулы. Ол – Абай ауылының қызы. Солай тәрбиелi болу керек қой... Әлгi аққасқа тазы менi иiскелеп, танып жатыр. Тектi хайуан. Әйтпесе, Мұхтарға берем бе?.. Шәкерім сұратқан екен қимапты... Сауық-сайран, аңшылық... Шәкерімге сәлем беруге шықтық... Кәмештi оңашада Мұхтардың есiне түсiремiн. Маған сырын ашпайды, бiрақ, бiр суық лептi сезем. Мен бiлемiн ғой оны. «Замана еркесi» жарияланған. Сондағы Сыздықтың көңiл-күйi өзiне ұқсайтын да тұратын. Бiрақ Кәмеш екеуi қатарласа жүргенде айтпа, керемет жарасатын, мен қиялға батып, сүйсiнiп тұрып қалатынмын. Мұхтар көреген ғой, байқап жүретiн. Содан кейiн: «Әй, Мұхтар, қалай көзiң қиып кетедi. Кәмиланы – Жәмила деп неге жазасың? Күнә ғой, күнә» – дедiм. Және мен, иә, дәлелдеп айтам ғой, иә. Үндемей қалды да: «Иә, ол ойыма келмептi. Солай ойлап қалды-ау жұрт. Ұқсас екен. Мен әңгiмемде Халелдi тұспалдап едiм. Өзiме тиiп жатыр екен-ау. Кәмила түсiндi. Ренжимейдi», – дедi. «Е, бәсе, жарайды», –  дедiм. Содан Көкен тауына келдiк. Жазықтың ортасындағы биiк төбеге шыққан соң Мұхтар маған: «Әне, анау жалғыз төбе – сенiң Баянауылыңның тұсы. Дегелең сол. Ал мына Саржазықтың бiткен жерiндегi тау – Халелдiң қыстауы Шаған өзенi, Қаражан көпестiң жерi. Арғы тұмсығы – әлгi атақты екi байдың, Ике мен Мұсатайдың мекенi– дедi. Бұл екеуiн бiлмейтiн адам бар ма? Ике – кейiн арғы бетке өтiп кеттi ғой. Халелдi жақсы бiлем. Күнде көрiп жүрген адамым.

Ол өзi Шағандiкi. Ике – Мұсатайдың ауылының азаматы. Халел бiлiмдi ғой. Елде – өзi айттырып алған әйелi бар едi. Сал-серi, жақсы киiнетiн. Қаланың iшiнде қолына қаршыға ұстап, атпен серуендеп жүретiн. Сыртқа шығып құс салатын. Содан, ауылдағы әйелiн менсiнбей, жатырқап жүретiн. Қаланың оқыған әдемi қыздарын жағалап, некесiнен айнып, жиi толқитын... «Заман еркесi» сол ғой, сол. Семейде Мария Мотяш деген адвокаттың юрист қызы болды. Шашы қара, көзi тұнық, аяулы қыз едi. Мұхтар екеумiз Мариямен көпiрдiң үстiнде таныстық. Оған жазылған 25-тей хаты бар. Мен өзiм почтаға салдым ғой. Кейiн Новосибирскiдегi орыс инженерiне тұрмысқа шықты. Шiркiн, сол хаттарды тапса. Ал әлгi «Заман еркесi» бiтпей қалды ғой. Мұхтар сол Қаражан көпес, Ике – Мұсатай, Халел хақында жазбақ едi. Ойы үлкен болатын, кейiн де айтып жүрдi, әлi ораламын деп. Үлгере алмай кеттi-ау. Мұхтар Тұрағұлмен көп әңгімелесті. Сөздерін жазып алды. Шешен адам. Романтик. Ел суретіне жүйрік. 100 беттік естелігі бар. Онда Кәмеш туралы айтылған.

Мұхтар Семейде орыстың әдемі бір үйінде тұрды. Содан мені шақырып, бірге тұрдық. Маша – Маруся деген қараторы, нағыз сұлу қыз болды. Ол Новосибирьге, инженерге шықты. Мотяш деп іздесе... табылар еді. Әттең, Мария Мотяшты тапса, талай сыр ашылар едi. Халел – Мұхтардың досы. Орыс халқы архивтi қадiрлейді ғой. Сақтаған шығар. Қара торы, қоңыр маржан сияқты едi, Маруся. Ақылды адам», – деп жастық шағын сағына, сәл мақтанышпен айтқан  Әлекең, маған кәдімгідей сеніммен қарап: «Сен Семейді білесің-ғой. Қайым бар онда. Сол Мотяштың бір ізі бар шығар. Іздеттірші»,– деп тапсырма берді.

Кейiн әр жүздескен сайын: «Тілшеден», 19.10.1982 жыл. Сейсенбі:

« – Мен Мұхтардың ол мінезін білемін. Ол Семейде бір қызға отыздан астам хат жазды. Кейін Новосибирскіге кетті. Ақылды қыз еді. Мария Мотяш деген. Өзі юрист болатын. Содан хатты іздеп табуға болар... Семейден іздестірерсің...»,  «Мотяшты таптың ба?»,– деп жиi сұрайтын.

Қайым Мұхаметхановқа тапсырып, айтып, Семей қаласының анықтама бюросынан Мотяш фамилиялы бiраз адамның адресiн алып, сұрастырып ек, жай фамилиялас болып шықты.

Мұхтар екеуi де қол ұстасып, сол заманның еркесiндей сезiнген, «қайран жиырма бесiн» жиi сағына еске алатын Әлекеңнiң естелiгi арқылы «Заман еркесiнiң» жалғасында қамтылуға тиiстi оқиғаның ұзын-ырғасын аңғарамыз. Мұның өзi де әдебиеттану үшiн тың тұспал.

Ал, Халел Ғаббасов туралы кейінгі кездесуімізде: «Тілшеден», 19.10.1982 жыл. Сейсенбі:

«Халел Ғаббасов Москваның универси-тетін бітірген. Шағандыкі. Сауатты. Сері. Математик. Кейін кредит мекемесінің бастығы болды. Салавкиде өлді. Архангельде. Өзі сері. Қолына қаршыға ұстап, қала ішінде атпен жүреді. Қаршыға салады. Елде әйелі болды. Оны менсінбей, қаланың қыздарымен жүрді. Ойын-сауық құрады. «Оқыған жігіттегі» («Оқыған азамат» – Т.Ж.) Сыдық сол. Мұхтар онымен дос болды», Ике туралы:

«Қаражан (Үкібаев – Т.Ж.) оқыған Семей жастарының бәріне көмектесті. Ике сонымен айтысты-ау. Мұхтардың ойында сол нәрселер болды. Үлгермеді-ау», – деп мағлұмат беріпті..

Ике – Мұсатай, Қаражан көпестiң оқиға-лары «Бесігіңді түзе!..» атты роман-толғаудың әр тұсында ретiне орай баяндалған болатын.

 Ал, Тұрағұл Абайұлы Құнанбаевтің 100 беттік естелігі тоқсаныншы жылдары «Әкем туралы» деген атпен жарық көрді.

«Күнделік» қатирадан, 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): «Ленинградқа кететін жылы қыстыкүні Мұхтардың ауылынан мықты айғыр жеккен шана келді. Мұхтардың күтуші іспетті серігі бар. Пысық, жақсы жігіт. Мені шақырып жүрген. Аттанып кеттік. Жиырма шақырымнан соң қатты боран басталды. Ештеңе көрінбейді. Тау алқымындағы үйге келсек, ұйысқан қалың керуен. Әйгілі Күшікбайдың қақаған кезеңі. Әлгі жігіт лып етіп кетіп қап, екеумізді бөлек үй тауып орналастырды. Кілең Ташкенттің көпестері. НЭП-тің кезі ғой. Біраздан соң жол азабынан түңіліп:

– Кері, Семейге қайтсақ қайтеді, – дедім.

– Әй, Әлкей, сен баламысың? Ұят емес пе, жас жігітке жолдан қайтып, – деп дүрсе қоя берді.

Әйтеуір, үшінші күні жеттік. Абай ауылы – аяулы ауыл. Күніне екі-үш қонақ. Ойын-сауық және төсекті жайлы салады. Не ғыласың, ән, музыка. Скрипка, мандолин, сыбызғы, сырнай. Бір-бірін іліп әкетеді. Оркестрге қосылып, неше ұлттың әуенін салады. Зікәйіл – үнемі жеңін түріп жүреді. Өзі солбыр киінеді. Ой, өнерлі еді. Жағыпар – пысық, сері. Оның домбыра тартысы ғажап. Жебірейілді Мұхтар керемет сыйлап, қатты ұнататын. Ол дегенің қандай әнші, қандай талант. Үшеуі де Абайдың ұрпағы. Бірінен бірі өтеді. Мен Мұхтарға екі тазы сыйлағам. Тегін тазы емес, текті тазылар. Мені танып, кеудемді иіскеп, тырмалап, әбігерге түсті. Біреуін Шәкерім сұратқан екен. Мұхтар бермепті. Немере ағасы Раздық ұстайды екен. Қыстыкүні болса да ойын-сауық қуамыз. Аққасқамен аңға шығамыз. Саятқа Шәкерім шақырған еді. Жолымыз қиыстау бұрылып қонаққа бара алмадық. Мұхтардың қарт досы Кәріқара – Өтекелді қалмайды қастан. Ұзын бойлы, таза киінетін адам. Содан қызықпен қалаға қайттық.

1925 жылдың жаз айында Мұхтар оңаша шығарып ап:

– Әй, Әлкей, енді Ленинградқа оқуға жүрердің алдында Шыңғысқа бір барып, сайран салып қайтайықшы. Құмарымыздан шыға қызықтайық. Әншілік, серілік өнерін көрейік. Заман қалай болады. Басымыз қосыла бере ме? Енді қашан көреміз елді? Менде бір толқу бар. Арылайықшы дерттен, – деді.

– Қайдағы дерт. Е, барсақ-барайық. Неге түңілесің? – дедім.

Үндемеді. Енді доспыз ғой. Жүрегінде толқу барын білемін. Содан Шыңғысқа бардық. Қасымызда оқыған үлкен қызметтегі Даниял Кәкітайұлы Ысқақов, Ахметбек Шикібаев бар. Кәріқарамыз қарсы алды. Шіркін, Кәмеш, Кәмила... Қазақы киім қандай жарасатын. Сәндеп киінетін. Ой-ой, керемет еді... Аңға Көкен тауына шыққанда Мұхтардың ішкі алаңын сезіп: «Қайтып қиясың», – дегенімде күрсініп қалған. Сол жылы елімен-жерімен қоштасқандай көрмеген қызығы, шықпаған төбесі қалмады. «Әлкей, ана шоқыдан ана жер, мына төбеден мына жер көрінеді», – деп әр төбеге шығып төңірегіне қарайды. Самалға төсін төсейді. Сарыарқаның сағымы көшіп жүреді. Кәріқара қойнымызға жылан салады. Сөйтсем, тісін алып тастайды екен ғой. Қатпа деген адам бар. Бір өзі таласқан иттің, қасқырдың, еркектің, әйелдің, байғұздың даусын салады. Серілік те болады. Бірде Даниял Ысқақов бір топ ауылдың қасынан өтіп бара жатып: «Ой, мынау сыйлы ауыл. Сәлем бермесек болмайды. Жүр, Мұхтар»,– деді. Әншейінгідей емес, көнбей, ұзақ сөз айтып тұрып алды. Даниял маған: «Әлкей, мына ауылда Мұхтардың бұрынғы әйелі бар. Жүр, соны көрейік. Сен бір жақ тізгінін ұста», – деді. Ол бір аяулы күндер ғой. Серілікпен, желікпен, күлкімен өткен. Екеуміз аттың тізгінін екі жағынан ұстап, бастап кеп бердік... Сөйтсек Райхан сонда екен. Қатты қысылды. Мұхтар мен Райханды түртпектеп біз мәзбіз... Қойшы, не керек, тау ішінде ұлардай шуласып-дуылдасып ән шырқаймыз. Мен қайырылып Кәмешті ойлаймын. Басымды шайқаймын. Мұхтар түсінеді. Кәмештен кетсе, бұл өңірге келе алмасы белгілі. Жерге көзін тұндыра қарайды... Қоштасқандай. Оны да қимаймын. Үндемейтін. Кәмиланы Кәріқараға тапсырды. Жасы үлкен адам. Мұхтарды сыйлайды. Кәмешті күтіп, көңілін аулап ауылда қалады кейде Мұхтар...

Содан тамыз айын біз тегісімен ойын-сауық, мереке үстінде өткіздік. Оның бірі – аң аулау, қаршыға салу болды. Бірақ Шыңғыс тауда қаршыға, тұйғын, лашын салатын кісі, тіпті аз екен. Лашынды келістіре салатын бір кісі тек Шаған жағында бар деп естідік.

Біздің бар тапқанымыз Кәріқараның көкшәулі қаршығасы. Онымен екі күн өзен бойын аралап ешбір құсқа түсіре алмадық.

Бір күні қасқыр аулауға шықтық. Қасқырдың мінезін, ісін жақсы білетін кісі Мұхаңның ауылдағы досы Қатпа деген ойыншы еді. Түнде келе жатқанда Қатпа ақырын бөлініп кетіп алдымыздан қасқыр болып ұлып жататын. Тамыз айында қасқыр бөлтірігін інінен шығарып, ылғи талды, шилеуіт, шілікті өзеннің бойында жүреді. Мұны аң аулайтын кісілер жақсы біледі.

Мұхаңның қасқырға қосамын деп алып шыққаны – Шайбайдан алған бір қызыл тазы. Оны үйде отырғанда асыра мақтап:

– Көрінген қасқырды құтқармайтын алпауыт осы, – деді. Бірақ тазының түрінде қасқыр алатын бір қылық байқалмайды, солбырлау, қалың жүні бүйірін басып жауып алған; аққасқа болатын жауынгерліктің сілемі де жоқ. Ойладым: «Бұл тазы тек Шайбайдікі болған соң мақтап отыр ғой», – деп. Шынында бұл тазымен де қасқыр алдырып жарытпадық.

Мұхтар Шыңғыстауда жүргенде бір ғана серіліктің соңында болды. Бір күні 30 шақты жігіттерді жинап – көбі домбырашы, әнші, ойыншы, аңшы, күреске түсетін мықты палуандар мен серілер, бие сауатын жігіттер, қазаншылар – Шыңғыстаудың елсіз жатқан даласына барып сауық өткіздік.

Бұлардың көбі Абай ұрпақтары – Даниял, Мекаиыл, Исраил, Жебірейіл, Әубәкір, Жағыпар, Қатпа тағы басқалар. Бұлардың барлығы тазымен далада жүріп, ән салу, домбыра тарту, ертегі айту, атақты күйшілердің күйін тарту, тағы басқалармен айналысатын. Жеке ән айтуда ерекшесі Жебірейіл, оған мен қосылдым, домбыраны ағылта тартқан өнердің кемеңгері Исраил болды. Мұхаң Еңлік пен Кебектің өлген жеріне барып, «Еңлік пен Кебектегі» билердің шешуін сахнаға қойып көрсетті. Еңлік болып ойнаған – Қатпа. Кебек болып өзі шықты. Бұл күндері Мұхаңның тағы да қызықтаған істері – құс салу, ит жүгірту, асық ойнау болды. Асықты жігіттер дорба-дорбамен көп әкелетін, ең үлкен дорбадағы асық Мұхаңа әкеп тартылатын. Даладағы дөңгелек тақырда асық ойнау – қыр балалары үшін бір қуаныш, тамаша іс. Асықтың көбін Абайдың немересі Мағауияның баласы Жағыпар ұтып алып отырды. Ол бар асығын ұтып алған Мұхтарды сықақтаудан басқаны білмейтін, өзге шеберлікке жәйі жоқ қой деп, балдыздықпен ойнайтын. Әзіл мен қалжыңды жақсы көретін Мұхаң оны бар ынтасымен тыңдайтын. Бұл кезеңде тамақ істейтін шебер келіншектер, әзілқой қойшылар, қасқыр туралы әдемілеп айтатын жылқышылар ойын-сауыққа үлкен әсер етіп, Мұхаңды қадірлеп «Уа, уа» деп отырар еді.Әрине, олардың аттарын мен қазір ұмытқанмын. Бірақсол Шыңғыстаудың қойнауында жатып өткізген күндер еш уақытта естен шықпайтын ғажайып суреттерге толы еді.

Шыңғыстауды біраз қызықтап болған соң біз Семейге қайттық. Шыңғыстаудан төмен түсіп, ойпатқа келе жатқанда бір бұлақтық бойында бір отар қой жатыр екен. Қойшы сезгіш, тамаша түсінетін кісі болып шықты. Қанжығасында асылған бір торсық қойыртпақ, үлкен саптаяғы бар. Мұхаң мына суретті көрген соң қасындағы жігіттерді тоқтатып, осы жерде біраз тынығайық деді.

Мөлдір су – қойшының ұзақ, әдемі сөйлеген әңгімесі, алыстан асқақтап көрінген Шыңғыстау, қасындағы өнерлі жігіттер Мұхтарға бір шабыт бергендей. Біз Мұхтардың айтқанын орындап аттан түстік. Тезек теріп, қой сауып, қою сүт жасауға кірістік.

Мұхаң сыртқы киімін тегіс шешіп, қара көзін төндіре, үлкен қоңыр қойдың желініне төніп, саптаяққа сауа бастады. Бірақ байқасам, Мұхаңның сауған қойынан сүт шықпайды. Бір уақытта қойшы келіп:

– Қарағым, олай саума, былай саусаң сүт шығады, – деп көрсетті.

Мұхаң біраз отырып:

– Әй, мынадан түк шықпайды, мен басқа істер істейін, – деп саптаяғын Даниялға берді. Өзі тезек теріп кетті.

Тас қорытқы пісірген сүтті тез іше қою оңай емес екен. Сол жерде екі-үш сағаттай отырдық. Исраил Шыңғыстауға қарап ән шығарды. Жебірейіл мен біз Абайдың өлеңдерін айттық.

Шіркін, бір көрген аяулы қызығым сол сапар болды. Әлі есімнен кетпейді. Жас келіп қалды. Тағы да көріп қайтсам-ау деп армандаймын. Содан Семейге келдік. Күзде оқуға бірге кеттік».

Осы айтылғандардың барлығыда, әрине, жазу мәнеріне бейімделіп, оқиға өресіне орай «Еңбекпен өткен өмір» атты естелігінде баяндалған. Айтылу реті, сөздік құрамы, баяндалу реті басқа. Мазмұны бірдей.

Ә.Марғұлан, «Еңбекпен өткен өмір»: «1925 жылы Мұхаңның маған айтқаны «Сен Семейде қалма, менімен бірге Ленинградқа жүр, сол арада жоғары білім алып, ғалым болудың жолына түс». Мұхаң ол кезде Ленинград университетінің «Факультет общественных наук» деген бөлімінде оқитын. Маған Семейден кәсіподақ ұйымынан рекомендация алып берді». 

«Тілшедегі» келесі жазбаны жариялауға бірден тәуекел ете алмағамыз. Бірақ та, бұл Мұхтардың елдегі жастық кешуінің  соңғы жазы болатын.  Кейінгі әңгімелерінде үнемі сөз арасында: «Ой, Мұхтар қызық еді ғой. Ех, һе! Иә... Ол тісқаққан жігіт шағы ғой. Махаббатқа ұясыз болатын. Ұмытып кететін басқаны... Біз, француз коньягін ғана ішітінбіз. Шіркін, Кәмилә!», – дегенді қыстырып қойып, кеңкілдеп күліп алатын. Бұл жолы эпистолярлық мұра тұрғысынан қарастырылып отырғандықтан да, Әлекеңе сондай бір риясыз сезім оятқан жолдарды қысқартуға дәтіміз жетпеді.

«Тілшеден», 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы):  «Сол жолы Мұхтар, татар жігіті Хабибуллин үшеуміз Ленинградқа бірге аттандық. Жолда Новосибирьдің базарында екеуі арақ ішіп, мас болды. Хабибуллинге ақыл бердім. Сол күйлерінде екеуі Омбыға келгенде сақал алдыруға кеткен. Мен Владивосток – Москва курьер поезына отырдым. Екеуі жоқ. Поезд жылжып бара жатқанда мойнына асып алған колбасасы бар екеуін көзім шалып қалды. Сөйті, Омбыда қалып қойды.  Есіл станциясына келгенде: «Біз қалып қалдық. Заттарымызды станция бастығына беріп кетіңдер», –  деген телеграмма келді. Сөйтсем, шаштаразда бір татардың тоташы – сұлу келіншек кездесіп, сонымен  шүйіркелесіп қалған екен. Колбасаны мойнына асып алып жүргендерін өздері де кейін күліп айтатын. Мен оларды Москвада бір сыйлы адамның үйінде бір  апта күттім. Бір күні ерте есік қағылды. Ашсам – Мұхтар мен Махмұд. Мұхтардың жағасы кір-кір, сақалы өскен. Хабибуллин екеуі күле береді. «Үлкен, халық сыйлайтын кісіден ұят болады», – деп екеуін ұялтып, жылдам жуынып, киім ауыстыруға жібердім. Содан Василевский Островтағы бір үйде бірге тұрдық.

Сол жолы Семейде атаман Анненковтың соты болды. Бесқарағайдың бір ақыны өлеңмен айыптады. Абайдың Зікайылы домбырашы еді. Орыстың романстарын, тангоны тартуға келгенде Ысырайыл жүйрік еді».

Бұл тосын жастық кешуін Әлекең өзінің «Еңбекті сүйген өмір» атты естелігінде де еске алып: «Августің 22 күні Семейден шығып, Новосібір арқылы Ленинградқа жүріп кеттік. «Столбцы-Владивосток» деген поезды екі күн күттік. Бір күні кешке жақын поезд келді, түні бойы жүріп, таңертең Омбыға келдік. Қасымыздағы Мұхаммед Хабибуллин деген Орман академиясында оқитын жігіттің айтуы бойынша, поезд Омбыда 15 минут тұрмақ. Мұхтар мен Мұхаммед екеуі сақалымызды алдырып келейік – деп ішке кірді. Бір кезде поездің жүруіне дайындық жасап, бірінші қоңырауды соқты. Мен жүгіріп сақал қырдыратын жерге барсам, екеуі де жоқ, жүгіріп далаға шықсам, поезд кетіп барады. Бір вагонға әзер дегенде мініп кеттім. Ешім қаласына жеткенде олардан телеграмма келді: «Мы отстали, наши вещи передай начальнику поезда» –  деген. Кейіннен байқасам, Мұхаммедке таныс татардың бір сұлу келіншегі жолығып, екеуі сонымен айналысып қалған екен. Мен Мәскеуге барып, оларды күттім. Бір күн өткен соң олар келді. Біз Мәскеуге көп айналғамыз жоқ, августың аяғында оқуға түсу үшін Ленинградқа келдік».

 Бізге айтып берген сөзі мен өз қолымен жазған естеліктің арасында жекелеген ауызекі және бетпе-бет баяндау  сөз мәнері болмаса, еш айырмашылық жоқ.   Тек маған да жұмбақтап: «Мен оларды Москвада бір сыйлы адамның үйінде бір  апта күттім. Бір күні ерте есік қағылды», – деген жолдарда ғана айырмашылық бар. Бір күн бе, бір апта ма? Сол кездегі    тәуліктеп кешігетін поездің кестесі бойынша бір күн ғана кешігуі неғайбыл. Жазғанда әдеп сақтаған болуы мүмкін. Ал, «ел білетін сыйлы» адам – Әлихан Бөкейханов болатын.  Алғашқы кездегі жатсыну ма екен, бізге ұлт көсемінің атын жұмбақтап келтіріпті.

 Бірақ кейіннен, «Тілше», 19.10.1982 жыл. Сейсенбі: «Әлихан Бөкейханов 1870  жылы туған. Қазіргі заманның Неруы. Ол Ленинградтың орман академиясын бітірген. Асқан білімді. Ағылшын, француз тілін біледі. Одан асқан адам жоқ. Ол патша кезінде Куйбышевпен бірге түрмеде жатты. Екеуі қатты дос болды. Кейін Әлиханды Сталинге жолықтырған сол. 37-жылы кетті. Сондай аяулы кісінің көңілін Мұхтар қалдырды ғой. 1934 жылы Әлекеңнің Мұхтарға жазған хатын почтадан алмай, кері қайрып жіберіпті. Қорыққан ғой. Әлекең тәп-тәуір көңіліне алып қалыпты», – деп біраз жайдан хабардар етіп еді.

Әрине, түрме табалдырығын аттап шыққаннан кейін үнемі аңдудан, бақылаудан көз ашпаған Мұхтардың сақтық жасауы да табиғи. Егер ол хатты алса, онда 37-38 жылғы ғарасат майданынан аман қалмасы анық еді. Ал,  жиырма жетінші жылға дейін Әлекең – Әлихан Бөкейханов Мұхтардың Ленинградтағы пәтерінде қонақтап жатып жүрген.

Ол туралы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова көңілденген бір сәтінде  өзіне  тән  жұмсақ  жымиыспен: «Тұрсын! Сен алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фоэде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!», – деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ», – деді. Араға біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын», – деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр», – деп ықылас білдіріп еді.

«Тілшеден»:  24.01.1982  жыл.   Жексенбі:           « – Ленинград аяулы қала ғой. Бiлiмге сусын-дайық деп армандап келгемiз. Бiз әдептi, әдемi студент болдық қой. Алдыңғы қатарға отырамыз, ха, иә... Есiл-дертiмiз сабақта, иә... Бiз «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды», «Қыз Жiбектi» ерте оқып, тәлiм алып өстiк қой.  Мен тек оқу мен жастық қызығының базарында жүретiнмiн, иә... Ойыма келмейдi үйлену... Оқуымды бiтiруiм керек...  Эстетикпіз, әдемi тәрбие алдық емес пе», – деп басталып, әрі қарай былай жалғасыпты.

«Күнделік» қатирадан, 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): «Шөлдеп келгеміз білімге. Алдыңғы партада отырып лекция тыңдаймыз. Қыздар бұйра шашымызға қағаз қыстырып қояды. «Шаштарың бізге бөгет жасайды» – деп. Онысы әзіл ғой. Сол қыз осы – Валентина. Мұхтардың көңілі қатты құлады. Үйленем деді. Мен қатты ренжідім:

– Ондай аяулы әйелді (Кәмиланы-Т.Ж.) қалай қиып кетесің. Обал ғой. Шыққан жері қандай. Өзі де ақылды, тамаша. Жібермеймін, – деймін.

Бақшаға кетеді. Үйге конфет әкеп қояды. Пәтерге ертіп келеді. Өзі де толқыды, өзгені де толқытты. Ең қиын, ең махаббатты күндері сол 1925-1926 жыл болды. 1927 жылы бәрі де шешілді. «Қаракөзді» оқышы. Тура сондағы күйіп-жанған Сырым Мұхтардың өзі ғой. Өзі. Ғашық болмаса, солай тебірене ме, тебірене алмайды. Сағынады.

«Қаракөз» – Шыңғыстаумен қоштасу ғой. Оның образдары сонда туған. Біздің сол сапарымыздағыдай серуен жазушыға әсер етпеуі мүмкін бе, мүмкін емес қой. Әттең, Кәмеш, сол жылы жүрегі шіркін сезіп: «Әлкей-ау, не білгенің бар. Мұхтардың көзінен қоштасқан сияқты мұң көремін», – деді. «Жәй, жазушының басына не келмейді. Ғашықтық, серілік пьесасын ойлап жүр», – дедім. «Солай болғай», – деді қазбаламай. Кешке жақын үйлеріне барсам, кішкене Мұғалима бар, үшеуі ойнап-күліп отырады. Мұхтар Кәмештің шашын бір өріп, бір тарқатады. Әдейі. Тарқатылса, ұзын шашты өруге Кәмештің қолы жетпейді. Содан Мұхтардың өзі көмектесетін. Ол да жарасатын. Ішімнен, қуаныш үзілмесе деймін.

Сонда ойы екі бөлінген Мұхтарды қатты аяйтынмын. «Қаракөзді» жазып сергіді ғой. Сол пьесаны Кәмила оқығанда жылап: «Әй, мынау тегін емес. Бір суынған леп бар» – дейтін. Прологында шалдың сөзін: «Тұрағұл ағаның сөз мәнері ғой. Ол кісі солай екпіндетіп сөйлейтін. Соның аузынан үкім айттырып отырғаны емес пе?» – дейді. Менің қабырғам қайысады.

Ал, маған Махмұд деп айтқан татар жігіті Мұхаммед Хабибуллин «кейіннен талантты инженер болып, Башкирияға баруға бет алады, сонда Оңтүстік Оралдағы бір өндіріске басшы болады».

1925 жылдың қыркүйегінен 1927 жылдың мамыр айына дейін Мұхтар Омарханұлы Әлкей Марғұлан мен Семейлік  Мұхаммед  Хабибуллинмен бірге Васильев аралында  бір пәтерде тұрды. Үшеуі екі бөлмені жалға алды, тамақты көбіне өздері әзірлейтін, сәтіне орай НЭП-тың тұсында бір пысық ашқан ет дүкені дәл қастарында еді. Мұхтар мен Валентина Николаевна 1926 жылы ақпан айында ресми түрде үйленеді. Бұл хабарды Кәмила естімейді. Жазғы демалысында елге қайтпаған Мұхтар келесі жылы Алтай экспедициясына жазылады. Бірақ бармай қалады.

 «1927 жылдың мамыр, маусым айлары. Мұхаң «Не істеуім керек?» деген оймен қатты толғануда болды. Біраз уақытта каникул да жетті. Бір күні отырып:– Мен Алтай экспедициясына бармауға бел байладым. Бұл – елге, Шыңғыстауға бармау деген сөз. Оның орнына Жетісуға  барып, 1916 жылғы көтерілісті зерттеймін, жолшыбай Қызылордаға соғып, оның театрымен танысамын. Жаңа өсіп келе жатқан жастар өмірімен танысамын, – деді», – деген естелігінен анық байқаймыз.

Сол жылы жазда Мұхтар барлық жағдайды түсіндіріп, өзі қатты бағалайтын Жебірейілге хат жазып, Әлкей Марғұланнан беріп жібереді.

«Тілшеден», 24.01.1982 жыл. Жексенбі: «24.01.1982 жыл. «Камилә (Кәмеш) туралы: – Мұхтар екеуміз жазғы демалысқа шығардың алдында Ленинградтағы көркем театрдың алдында отырып, оңаша  әңгімелестік. Ой көп еді.

– Не ойлағаның бар. Не істейтініңді, қайда баратыныңды шештің бе? – дедім.

– Бұл әңгіменің арты ұзарып тұр. Жазғы экспедицияға Қазақстанға бара алмайтын, сендерге қосыла алмайтын шығармын. Онда Кәмилаға жолығу керек. Жолықсам қайта келе алмаймын. Сен Кәріқара арқылы хат апарып бер, – деді.

Шын аты Өтеген, жұрт Кәріқара деп кеткен шайқыбас адамды жақсы білемін. Ахметбек Шикібаевтің мойнына жылан сап қорқытатын. Өзі сал, сері. Кәмештің күтушісі. Семейге барған соң мен де Кәмилаға тура жолыға алмадым. Ұйықтап жатқанымда Кәріқара келіп оятты. Сексенге келіп қалған. Мені көре сап жылады. Кәмилаға ертіп апарды, Кәмеш те мені көре сап дауыс салды:

– Мұхтар неге келмеді, ол қайда?

– Он күннен соң келеді. Қапа болма!

– Бұрынғы хаты үзілді. Алты ай болды хаты жоқ. Бір керемет сұрапыл іс бар. Жүрегім сезеді. Жатсынып кетті ме. Айт ашық.

– Қой, ондай ойы жоқ, – деп жұбаттым.

Өкісігін баса алмады. Төсекке басын салып жылай берді. Сонда тас түбінде отырып  Мұхтардың: – Бір қызбен таныстым. Соған үйленетін сияқтымын, – деп айтқаны есіме түсті. Мен қатты ренжіп: – Кәмеш аяулы қыз. Беріп отырған жері текті. Кәмеш ақылды. Ойлан, – дегемін. Сонда: – Кәмеш бала таппайды. Маған ұрпақ керек, – деді. «Қап!» деп қатты өкінгемін. Бұл таза психологиялық құбылыс. Содан бақшаға бардық. Қызын да көрсетті. Таныс қыз екен. Кейде мен үйде жоқта конфет әкеп қояды. Мен барда жібермейтінмін. Кейде есікті ашпайды. Он минуттан кейін қыз шығып кетеді. Мұхтар күле береді.

Мен Мұхтардың ол мінезін білемін».

Мұхтар туралы сөз қозғай қалса, неге екенін білмеймін, ең бірінші Камиланы еске алудан, оның такаппар мінезін айтып, тамсанудан бастайтын. Күнделікке толықтырыла түскен жолдар тілшедегі шолақ сөздердің астарын ашатын болағндықтан да, қайыра ұсынамыз.

«Күнделік» қатирадан, 24.01.1982 жыл. Жексенбі. (Жалғасы): Бір жарым жылдан соң Мұхтар мені елге жіберді. Кәмеш мені құшақтай алып:

– Мұхтар қайда? – деді.

– Он-он бес күнде келеді.

– Әй, сені тегін жіберген жоқ. Тұраш ағама кісі салса, онда айрылғаным. Қарғамаймын, етегінен тартпаймын. Бұрын хат үзілмейтін. Алты ай болды хат жоқ. Содан-ақ сезік алғамын. Бір керемет кесепат бар... Қош, Мұхтар! Көрген қызығым осы ғана екен ғой. Ендігі Өмір – несі өмір. Тілеуін тілеп өтем... – деп солқылдап қоя берді.

Қосыла жылап мен тұрдым. Тұрағұлға хат жазып, кешірім сұраған. «Кәмеш екі рет жүкті болса да өлі туды. Маған ұрпақ керек» – деген еді. Зерек әйел сезді. Еріксіз хатты өзіне бердім. Ақылды адам ғой: «Сонысы да дұрыс шығар. Менен ұрпақ көрмейтіні анық қой. Құр сұлулық – жанға азық бола ма. Жылуы жоқ жүректі қашанғы жүк қылам. Ұзамаспын. Хош, Әлкей» – деді, сабасына түсіп.

Қаракөз де солай жылайды ғой. Қайтеміз. Мұхтарға ең жаманы, ең ауыр тигені – оқығандардың өсегі мен жаласы болды. Ол кезде биліктен кеткенімен жаулары көбейді. «Оқыған азаматтар», «Заман еркелері», «Кінәшіл бойжеткендер» Мұхтардың өздерін мазақтап әңгіме жазғандарын кешірмеді. Шындық санап, жиылыстарда кекетіп, газет-журналға өсек жариялады. Ары таза Мұхтарды «немере қарындасына үйленді. Содан кейін бала бітпейді» – деп те соқты. Кейінгі кезге дейін де бұл өсек басылмады. Мұхтардың ата-анасына қиянат сөз айтуға, ғинаяттауға дейін барды. Әкесіне күдік келтірді. Бұл қорлыққа шыдасын ба? Шешуші себептің бірі осы. Өсек деген жаман болады. Әлі тоқталған жоқ. Ол өсек – талайдың түбіне жетеді. Мені мен Мұхтардың арасына да от жаққан. Сен де, байқа», – деп Әлекең сөзін тәмәмдады.

Ендігі әңгіме келесі жолға қалдырылды. Бұл жолғы әңгімеде Мұхтарды еске алумен бас-талыпты.

Күнделік  қатирадан,  13.04. 82. Сейсенбі.  « – Ленинград аяулы қала ғой. Бiлiмге сусын-дайық деп армандап келгемiз. Бiз әдептi, әдемi студент болдық қой. Алдыңғы қатарға отырамыз, ха, иә... Есiл-дертiмiз сабақта, иә... Ой, Мұхтар дегенiң ғажап  қой. Өңдi. Шашы бұйра. Қандай әдептi... Валентина да жайнап тұрған сұлу, иә, хе-хе... Мұхтар қатты күйiндi. Ендi ол, жай қызбалық емес, махаббат қой. Иә, нағыз махаббат. Бiз «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды», «Қыз Жiбектi» ерте оқып, тәлiм алып өстiк қой. Содан Мұхтар керемет күңiрендi. Ынтызарлығы жойқын едi. Тереңдеп кеттi... Мен тек оқу мен жастық қызығының базарында жүретiнмiн, иә... Ойыма келмейдi үйлену... Оқуымды бiтiруiм керек... Ой, Мұхтар дегенiң қандай мәдениеттi. Екеуiмiз бiр бөлмеде тұрамыз. Ақын Андрей Белыйдың кездесуiне әдемiлеп киiнiп барғанбыз. Ақын жүрегi ауырып келе алмады. Содан Мұхтар менi көркем академияның алдындағы үлкен тасқа шақырды. Әңгiме айтатынын мен бiлемiн ғой. Ленинградтың барлық зиялылары сол жерде кездесiп, әңгiмелеседi. Мұхтар да зерек... Эстетик, әдемi тәрбие алдық емес пе... Мұхтар бәрiн айтты. Өзiм хатын апарып бердiм ғой Шыңғыстауға. Валентинаның әкесi – орманшы,  Архангельскiде, Большая Бухтада тұрады. Шешесi тамақты әдемi пiсiретiн. Мұхтар мен менi танысуға шақырды. Алғашқыда Азият тұлғалы Мұхтарды iш тартпады. Көпке дейiн ерiк бермедi. Ақыры, фамилиясы Әуезов, орыс есiмiне жаттығы жоқ, тез сiңiп кетедi деп ризашылығын бердi. Қазақстанды көп сұрайды. Қазақтың атын ескiше «киргиз» деп қабылдайды. Валентинаның жездесі құпия инженер еді. Үйіне талай бардық. Үндемейтін. Қазір жасы 80-нен асып кетті. Мүмкін бар шығар...Ақыры Мұхтардың қолы жеттi. Мұхтарды қызмет бабымен елге шақыртып, оқудан үзiлiс алған шақтарында маған хат жазады. «Валечкаға көз қырыңды сала жүр. Сен менiң сенген өкiлiмсiң. Уәдемiзге берiк пе, көңiлiнде қылау жоқ па» – дейдi. Хатты қалай әдемi жазады. Тек отызыншы жылдардың басындағы хаттарынан алаң көңiлдiң iзi сезiлетiн. Отыздай хаты бар едi. Аяулы сөздердi мен де сақтай алмадым. Шара бар ма. 1927 жылы Алтай экспедициясына менiмен бармақшы едi. Жетісуға кеттi. Сол сапар қайырлы, қаспақты болды. Ораз Жандосовпен, Тұрар Рысқұловпен еркiн әңгiмелесетiн. Ал, Мұхтар қайраткер ғой. 1927 жылы Мұхтардың жеке басының алаңы қатты болды ма, бар қуатын қағазға жұмсап, төндiре жазды».

Қойын дәптердегi осы сөздердi Әлкей Марғұланның «Жұлдыз» журналының 1977 жылғы 9 санындағы «Жадымда қалған жақсы күндер» атты естелiгi ресми дерек ретiнде қуаттайды. Әрине, бар әңгiменi тарату – орайы өзге арна.

Ә.Марғұлан, «Еңбекпен өткен өмір»: «1928 жылы кешке жақын уақыт тауып, Өнер институтына жазылып, жыл бойы өнердің тарихы мен теориясын тыңдап жүрдік. Бұл жылдың соңында Мұхтар үй-ішімен Ташкент көшіп кеткен, мен пәтерде өзбек жазушысы Айбекпен бірге тұрдым, бірге Өнер институтына барып жүрдік. Бұлардың барлығы ілгеріде жақсы зерттеуші болудың жолы еді».

«Тілшеден», 21.09.82. Сейсенбі. «Мұхтар аспирант кезінде Ташкентте тұрған. Шыршықтың басындағы дашада жатты (Орман шаруашылығының техникумы орналасқан, Салар өзенінің бойындағы екі қабатты ғимарат. 1997 жылға дейін бұзылған жоқ – Т.Ж.). 

Осында екі жыл тұрды. Кітабының көбін сонда жазды. Өзбектер есек жарыстырады. Мұхтар қызықтап мініп, есектен жығылып қалғаны бар. Шыңғысты, атты сағынады ғой. Шыңғысқа барғанда да ат жарыстыратынбыз. Мен сонда алдарына түсіп кететінмін. Сәлімгерейдің аты жүйрік. Мұқаңның жирен аты бар еді. Даниял Кәкітайұлы Ысқақов та аяулы жігіт болатын. Кейін Ташкентте көрші тұрды. Ол да Шыңғыста бізбен бірге болған».

Алаш көзқарасты қазақ қайраткерлерінің дені сол жылдары Ташкент қаласына шоғыр-ланған еді. Сондықтан да, елге келген сайын Әлекең Ташкентке міндетті түрде барып, пікір алысып қайтып отырған. Мәскеудегі Әдебиет институтында оқитын Мағжан Жұмабаевпен Ленинград пен Мәскеудің аралығында жүргенде етене танысса керек. Ғылыми жолы да сол жылдары басталған. 1926-1930 жылдары аралығында академик А.Е.Ферсман ұйымдастырып, профессор С.М.Руденко  бастап барған СССР Ғылым академиясының Қазақстанға шығатын бірнеше бөлімнен (топтан) құралған үлкен экспедициясына қатысады. Оның «құрамында атақты ғалымдар, археологтар, антропологтар, этнографтар, өнер зерттеушілері бар еді». Оларды Казсовнаркомның бастығы Нығымет Нұрмақов қабылдап, мол қаражатпен қамтамасыз етеді.

«Мен бұл экспедицияға 1926 жылдан 1930 жылға дейін қатынастым, қаншама жаңалықтар таптым, қаншама білім алдым. Жас кездегі ойларымның тұнығы етіп бір мақала жазып, «Еңбекші қазақ» газетіне шығардым (1927). Алтайдағы наймандар жөнінде бір зерттеу жасап, олардың толық шежіресін қосып, «Казахия» деген жинаққа енгіздім (1930), – деп еске алады.

Біздің бұл араға ерекше назар аударып отырғанымыз, сол ғылыми экспедицияның құрамында Әлихан Бөкейханов та бар еді. Сол экспедицияның барысында Қызылордаға келген Ә.Бөкейхановты қарсы алған «Н.Нұрмақов күймеде Бөкейхановтың тізесіне отырып, қаланы  аралады»,– деп көрсетті Ә.Байділдин өзінің түрмеде тергеушіге берген көрсетіндісінде.  Сол жолы Қызылордадан қайтып бара жатқан жолда Ә.Бөкейханов тұтқынға алынып, Мәскеуге жөнелтіледі. Сол тұтқындалғандардың арасында Әлкей Марғұлан да болуы керек. Ол туралы бізге айтпады. Алайда,   Дәнел Әлкейқызы Марғұлан дайындаған 14 томдық академиялық басылымның  алғысөзінде:

«Еш жазықсыз, үздіксіз қудалаудан қазақ зиялылары әбден запы болды. Қаныш пен Мұхтар бастаған қазақтың интеллетуальды күші жан сауғалап, жан-жаққа бытырауға мәжбүр болды. Көпшілігі көрші республикаларға, тіпті, Ресейге, орыс ішіне кіріп кетті. Марғұлан болса, Сарайшықтан келе жатып Қызылордада ұсталды», – деген дерекке сүйеніп, оны толық растауға болады.

Алайда, дәлелдері жеткіліксіз болғандықтан да, босатқан. Бірақ, енді жіті бақылауға алынады. Ол туралы Алаш қайраткерлерінің тергеу ісінде, соның ішінде Мағжан Жұмабаевтың сұрақ-жауаптарында кездеседі. Әлекеңмен болған бесінші әңгімеде бұл мәселеге жанай тоқталып өтіпті.

Орталық Мемлекеттік архивтегі академиктің жеке қорында осы Алтай экспедициясының куәсі Жүсіпбек Уәлитовтің 1969 жылы 15 ақпан күні   араб қарпімен жазған:

«1922 жылдың жазында (1927-?-. Нағында 1927 жылы  болуы керек. 1922 жылы Әлекең Керекуден Семейге енді ғана келген болатын – Т.Ж.) ғалымдардың экспедициясымен Алтайдағы Шабанбай жайлауындағы  болғаныңыз есіңізде шығар. 1934 жылы Ленинградта Шығыс институтында қазақ тілі грамматикасынан мені оқытып, Энгельстің «Семья және жеке меншік» деген кітабін маған аударта бастағаныңыз да есіңізде шығар. Сондағы бір шәкірт әрі құрбыңыз Жүсіпбек Уәлитов мен боламын», – деп басталатын хаты сақталыпты.

 Бұдан кейін өзінің соғысқа қатысқанын, қазір Марқакөлде мүғалім болып істейтінін, 66 жаста екенін баяндапты. Бұл да ебепке себепті дәлел болатын, сонау жастық шақты еске түсіретін эпистолярлық дерек.

«Күнделік қатирадан», 13.04. 82. Сейсенбі: «Ол өзі менің де жүдеп жүрген кезім еді («Жүдеуінің» себебі тұтқында отырып шығуы болса керек – Т.Ж.). Ленинградта аспирантурада жүрген кезім. Ел жаққа елеңдей береміз. Ташкентке Мұхтарды іш тартып барғанымда, көңілсіз оқиғаның үстінен шықтым. Қайтеміз. Менің елге баруым мүмкін болмай қалды. Алматыға Мұхтарды жауап алып, тергеу үшін алып кетіпті. Семейден білемін ғой. Ахметбек аяулы, достыққа берік адам. Мұқараманың (Даниял Кәкітайұлы Ысқақовтың әйелі. Ол да сол күндері тергеуге алынған –Т.Ж.) қолында үрпиіп қалған Мұғашты Алматыдағы соған жіберіп, хат жазып, мықтап тапсырдым. Түк шықпаса, Шыңғысқа апарып сал өзің дедім. Ол – парызын адал өтеді. Мұхтар Ленинградтағы маған хирург Қабыш Оразбаев арқылы хат жолдайды. «Валяға көз сал, көмектес, байқа» деп. Хаты сыпайы. Анау-мынау емес, бос сөз айтуға болмайды. Мен оның тапсырмасын орындап жүрдім. Содан... жә, ол маған қатысты әңгіме».

Мұғамила Мұхтар қызы Әуезова: «Әкемнен бір күні түн ішінде көз жазған соң, мені Даниял Ысқақовтың әйелі Мұқарамаға қалдырды да, Валентина Николаевна Ләйлені алып, Ленинградқа кетіп қалды. Не болғанын онша түсінгем жоқ. Әлкей аға Алматыға билет әперіп, Шафик Шокин екеуі поезға салып жіберді. Алматыдағы Фонтанная, 91 үйге (қазіргі Төлебаев пен Гоголь көшесінің қиылысында) келдім. Әлкей ағаның хатын ұсындым. Ол кісінің аты-жөні – Ахметбек Шикібаев болатын. 

«Тілшеден»:  21.09.82. Сейсенбі. «Содан түрмеге жабылып, Әлімхан екеуі кешірім хат жазып шықты. Досмұхамедов, Қошке Кемеңгеров әйелі Гүлсіммен Воронежде болды. Түрмеде маған Мұхтар хат жазады. Валентина Ленинградқа қашып келіп алған: «Валентина қалай, сол туралы жаз, кісілігі қалай, бұзылған жоқ па? Жоғалтып алдым», – дейді. Маған жолдаған 30-дай хаты бар еді. Оразбай («Абай жолындағы» Оразбай Аққұлыұлы –  Т.Ж.) байдың ұлы Қабыш Оразбаев – қазір хирург. Әйелі орыс. Мәскеуде Совминде істеді. Сол біледі. Өзі хат жазғыш. Сол арқылы жауап хат бердім. Валентинаны айналдырғандар болды. Сыртынан бақылап жүрдім... Армян ба, еврей ме, біреу. Бір күні түрмеден шыққан соң хат жазыпты. Жазуы нашар, қате жібереді. Ойының босаңсып жүрген кезі ғой. Анау-мынау емес, бос сөз айтуға болмайды. Сыпайы, жұмсақ сөздер... Ол кезде Валентина  газетте корректор еді. Мені бақылауымды теріс түсініп, айналдырды – деп өтірік жазып жіберіпті біреу. Керегі жоқ, артық сөз еді».

 «Тілшеге» түртілген бұл әңгіме қатираға кеңейтіліп былай жазылыпты. Осынау ауыр кезеңнің әр сәтіндегі күйініш-сүйінішін, сөз мәнерін, Ә.Марғұланның көңіл-күйін, өкінішін ашып беретіндіктен де, назарға ұсынуды жөн санадық.

«Күнделік қатирадан», 21.09.82. Сейсенбі.   (Жалғасы): «Енді не айтатыны бар. Ол кездегі жағдайды түсінуге тырысқан адам ғана түсіне алады. Ташкентте қалған Мұғамиланы Алматыға шығарып салған соң, мен де Ленинградқа қайттым. Аспирантурадағы дәрісімді жалғас-тырдым. Менің бақытыма орай ұстаздан жолым болды. Марр, Самойлович, Орбелли, Комаров, Жирмунский – әрқайсысы ақыл-ойдың кеніші ғой. Білімге қанша шөлдеп, сусыныңды қандыруға тырысқанмен, көңіліңде сол білімді жүзеге асыратын сенім болмаған соң қиын екен. Ауыл жаққа алаңдайсың. Әр түрлі хабар естисің. Біраз жігіттер арақатынасымызды үзбей анда-санда хабарласып тұрамыз. Бір күні, кейін атақты хирург болған Қабыш Оразбаев хат әкеп берді. Жазуын шырамытсам да, танымадым. Сөйтсем Мұхтардан екен. Асығыс жазылған. Емеурін көп. Ойы босаңсып жүрген кезі. Анау-мынауды айтуға болмайды. Сонда да барлық жағдайын түсіндім. Бар аманаты — Валентина қайда, жоғалтып алдым. Ләйлә тірі ме? Соның анығын біліп бер. Өзі қалай? Көңілі айнымаған ба, менен мүлде күдер үзіп кеткен жоқ па. Адамгершілігі қалай? Көз қырыңды сала жүр, аманат депті.  Ол кезде Валентина Николаевна газетте ме, баспада ма, корректор боп істейтін. Дұғай сәлемін жеткіздім. Айтқанын орындадым. Қиын кезде семья арасына дәнекерлігім тиді.   Оқиғаның шын мәнін түсінбей, кейін   Мұхтар екеуміздің   арамызға от жаққысы келгендер де табылды. Оны қойшы. Содан үш рет хат алдым. Отыз екінші жылы елдегі қиыншылықты, ашаршылықты естіп, көктемде елге тарттым».

«Тілшеден»,19.10.1982 жыл:«32-жыл – қиын жыл болды...».

Осыдан кейінгі әңгіме, осынау тарихи маңызы аса бағалы, құнды мұралардың күйінішті тағдыры біздің «Күнделігімізде» Әлекеңнің өмірінің басынан кешкен ең ауыр да қасіретті күндерге қатысты хатқа түсіпті. Бұл күндерді еске алғанда: «32-жыл – қиын жыл болды,– деп сөзін бастаған  Әлекеңнің күңіреніп, құмығып, өкініш жасы өзегін өртеп, булығып қалған қапалы бейнесі менің  әлі де көз алдымда...

5. «БАУЫРЫНДА ҚАНДЫАДЫРДЫҢ

ТУ КӨМІЛГЕН»

(«32-жыл – қиын жыл болды...»)

 

«Күнделіктен», 30.11. 1982 жыл: «Адам төзіп болмайтын қасіретті 32-жыл – қиын жыл болды.  Бұл кез, 32-жыл, менің Ленинградта аспирантурада оқып жүрген кезім. Бір жайсыз, суық хабар жетті. Елдің аштан өліп жатқанын естіп, қатты күйінді болдым. Қатты мазасызданып, қапаландым. Бұл қалай, өзге халықтардың студенттері ондай хабар айтпайды. Олардың елінде тоқшылық. Қазақстанға апат қайдан келді, қалай ұшырады? Қабырғаң сөгіліп жатса қалай шыдайсың. Ленинград қоныс болмады. Туралап баруға елдің ішіндегі жағдай қиын. Мені аңдып жүргендер бар. Мұхтардың жазған хаттарында сондай алаңдаушылық бар. «Ауа райының қабағы қатулы. Үсіп қаласың» – дейді. Түсінем ғой. Келсең тағы да тұтқындаласың дегенді астарлап жеткізіп отыр ғой. Содан қырғызға бардым. Пішпекке. Бұл не ғарасат, не қасірет?  Өзеннің жағасында өліп жатқан адам. Бәрі қазақтар. Киімінен білесің. Тазылар өліктердің төбесінде ойнайды. Көмусіз өліктерді жемтік етіп жүр. Ал қырғыздардың өздері мұндай апатқа ұшырамаған. Шыдай алмай, бишараларға көмек сұрайын деп қырғыздың Совминінің председателі Әбдірақымовқа бардым. Менің назамды тыңдап отырған  Әбдірақымовтың өзі жылады. Бар қолданған шарасы аштарға уақытша баспана бөліп беріпті. Файзолла Ходжаев та сонда жүр екен. Олар, мұның басты себебі қазақ бастықтарының өзара  ала ауыздықта болуынан – деді. Аштардың көбі солтүстіктің, Торғайдың қазақтары еді. Тәуекелмен Алматыға келдім. Сақтанып жүріп қазақ бастықтарының екеуінде болдым (Ораз Исаев пен Ұзақбай Құлымбетов болуы керек. Күнделікке жазылмапты – Т.Ж.). «Қужаққа» – Голощекинге кіруге болмайды. Табан астында ұсталасың. Қауіпті адам. Екеуі де шарасыз, қолын жайып, иығын көтере береді. Үміт үзілді... Түңіліп кеттім. Алматының арықтарын адамдамдардың өліктері таудың тасы сияқты бөгеп тастаған. Не істеймін. Ешкімге жолығуға болмайды. Елдегі шешем, бауырларым не болды? Олар да осылай далада ит-құсқа жем болып қалған жоқ па? Соларға көмектессем деп елге бет алдым. Жол бойы өлеусіреген аштардың  бұратылған сүлдерлері, кемпір, шал емес, кілең атпал азаматтар, жас келіншектер, қыздар, балалар. Сүйектері теріге ғана ілініп тұр. Тоғы басылмаған Іле станциясының жүгірмектері Іле өзеніне бидайды шашып жібереді екен. Қазақтар соны теремін деп, суға кетіп өліп жатыр. Соны өзім көзіммен көрдім. Бұл қасіретке төзбеген ұятты, намысты қазақ қызметкерлерінің ішінде өзіне-өзі қол салып, өліп кеткендері бар.  Мен танитын Ақмоланың бір жігіті солай өлді. Ондай қияли ой менің де басыма келді. Тек, шешемді аштан құтқарып алайын деген алаңдаушылық қиялилануға жол бермеді.

Арып-аршып, сақтанып жүріп иен қалған, азынап қалған  жұртқа тап болдым. Бір-екі адам болмаса, бәрі жосып, босып Қарағандыға, ішкеріге (Ресейге –Т.Ж.) – Ноғайсібірге кеткен. Қаншасы жетті, қаншасы жолда жемтік боп қалды, кім білсін. Мен өз шешемді іздеп таба алмадым. Зар қағып іздеп жүріп бігенім Қарағандыға бара жатып, жолда өліпті. Қиыны – атамыздан қалған, қалмақ тілінде көп жазба бар еді. Әр қайсысы бір жарым метр. Олжакеңнің туы, күн шақыратын қара тас. Бір інім соны қабірге көмген. Ол да өлді. Үш әдемі хат бар еді. Қаратқандар түсінбейтін. Не араб, орыс, өзбек (шағатай) тілінде емес. Ленинградқа ала кетуге бермеп еді. Ерекше құрметтеді. Мәшһүр Жүсіптің жазғанын Ленинградқа апарып бердім. Олжакеңнің сарыала жібек туы бар еді. Әйелдер босанғанда бір үзігін қайшымен қиып, мұрнына салады. Ол туды жасатқан Абылай, оюы  бар...

Іші-сыртым зарға толып, амалсыздан өзім тез қалаға қайтып кеттім. Бұл апатқа Қазақстанның басшылары – Исаев, Құрамысов, Голощекин үшеуі кінәлі. Ел қамын ойлаған басқарушылары  бар қырғыздар, өзбектер аштан өлген жоқ...».

Бүгінгі әңгімесі осылай аяқталды».

Иә, бұдан кейін қандай әңгіме айтылуы мүмкін. Құмығып, өксігі тамағына тығылып, көзілдірігін бір алып, бір киіп, томсырайып төмен қарап қалған Әлекеңнің бейнесі әлі көз алдымда. Менің де өзегімді өртеген өксік екі-үш күнге дейін басылмап еді. Шерімді тарқатпақ болып Әлекеңнің осы әңгімелерін Ғафакеңе – «Жұлдыздың» бас редактордың орынбасары ақын Ғафу Қайырбековке айтып беріп едім, Ол кісі Торғай өлкесін жайлаған аштықтың сұмдықтарын айтып, бұл әңгімені тіпті тереңге батырып жіберді. Кейде, сол өксік әлі де тамағымнан кетпей тұрғандай сезінемін.

Әлекең сол бетінде бірден Ленинградқа қайтып кетпей, жолай Қарағандыдан, Омбыдан, Новосибирьден бауырларын, туысқандарын іздестірген екен.  Оған Әлекең дүниеден өткен соң естелік ретінде жазылған «құда баласы» Н.Дәуітовтің мына хаты дәлел.

«Екінші көргенім, 1932-жылы Новосибирь қаласында Әлкей Марғұлан ағаны. Онда мен  2-кластың оқушысымын, орыс мектебінде оқимын. Әлкей ағаны үйде отырған мен тани кетіп, төрде отырған бұйра шашы бар  ұзын  бойлы аққұба жігіт, жаратылысында бір туыстық бар ардақты ағаға қол беріп  сәлемдестім. – Ә, Нұркеш, үлкен жігіт болып, қолыңа портфель ұстап, оқуға барып жүрсің ғой, – деді. – Сабағың қалай, жақсы ма, – деді Әлкей аға. Дәуіт әкем бес саусағын көрсетті. – Нешінші класта оқисың? – деді. – Екінші класта, – деп дұрыстап жауап беріп,  шешініп, киімдерімді іліп қойдым. Әкем: – Кел, Нұркеш, шәй іш,– деп шақырды. Әлкей ағаның қасына кеп отырдым.

Қазақтың тарихында белгілі «ақтабан шұбырындыда» бар қазақ қырылып,  аштан өлсе, «Алқакөл сұламада» қалмақтан қырылып, өліп қазақ азайса, екінші  аштан өліп қырылған аштық – 1932 жыл естен кетпес. Міне, сол аштық жылы біз Ертіс бойындағы Керекуден Павлодар округі, Семей уезінен, Кенжебай ауылынан №1 Ақтоғайдан Новосибирьге 1932 жылы көшіп бардық. Әкем Сағындықов Дәуіт Новосибирь темір жолы вокзалының құрылыс жұмысында ат-арбамен (көк пірәшкемен) жұмыс істеді. Ол кезде Новосибирьге – Барнаул-Кайский-Барабинскиймен Алтайлықтар, Бийскі, Семейден, Жетісудан көп қазақтар болды әр рудан. Бірнеше мың қазақтар бар. 1930 жылы  оларға алғаш газет қазақ тілінде арабша, кейін латын әрпімен «Қызылту» деген газет шықты. Қазіргі Павлодар облыстық «Қызылту» газеті. Редакторы Шалабаев, Ғабиден Мұстафиндер. Әминә Шалабаева Асқарқызы сол газетте қызмет етті.

Біз Новосибирьдің «Қызылту» газетін алып оқып тұратынбыз. Мында 1930 жылдар  Әлкей Х. Марғұланның көптеген мақала, өлең және қисса-әңгімелері жиі шығатын. Әкем Дәуіт ақын 1930 жылдар газеттен Әлкейдің мақаласы деп қуанып оқып отыратын.

Әрине, өмірде талай қызық бар ғой, айта берсе есте қалған көп, бірақ бәрін айтып тауыса алмайсың.

1941 жылы сұрапыл соғыс басталды. Біз болсақ, соғысқа кеттік...».

Хаттың аяқ жағында бізге біршама мағлұм  жайттар баяндалған. Әлекеңнің «құда баласы» соғыста әскери ұшқыш боп майданға қатысқан. Елге кешігіп қайтқан.  Мұндағы ең қымбатты дерек, ол – Әлкей Марғұланның 1932 жылы ашаршылық кезінде Новосибирьге барғаны, ондағы газетке белсене араласқаны. Бұл, бұрын көптің қаперіне ілінбеген шетін дерек. Н.Дәуітовтің жазуы бойынша – Ә.Марғұлан сол жолы Новосибирьге Омбы қаласынан  келген. Демек, ашаршылық кезінде әр тарапқа босқан ағайындарын іздеген.

Алайда, ұлы ғұлама Қандыадырда көмілген шешесінің  қабірі мен Ер Олжабай атасынан қалған қасиетті де киелі мұраларды таба алмай, арманды бір мұңлы күйде өмірден өтті.  Ғұламаның осынау бір аштық апатын айтқан кездегі шарасыз құмығуы мен жасып қалған бейнесі қандай қасіретті еді десеңші. Немере туыс ағасы Төлепберген Тоғаевқа жазған хатындағы айтқан Ер Олжабайдың зираты мен шешесінің қабірін арнайы іздеп барғаны, Дулат пен Қаханның басына белгі қойып, басын тұрғызғаны, алайда қанша іздесе де  өзі «Мен әкеме емес, шешем Нұрилаға тартып туғанмын», – деп жымия масаттанып қоятын анасы Нұриланың қабірін таба алмағаны туралы өкіне айтып еді. Әлекең дүниеден озған соң біраз жылдар академиктің мұрасын қадағалап, жинақтап, жүйелеп, жинақ етіп жарыққа шығару ісі салақсып кетті. Ұмыт қалатындай да көрінген. Алмағайып заманның аласапыраны мен жүректі жұбатқан Тәуелсіздіктің зайырлы қарбаласы да рухани мұраларға қатысты шараларды бір сәт кейінге ысырған болуы керек. Тек, 1994 жылы ғалымның қызы, философия ғылымдарының кандидаты Дәнел Әлкейқызы Марғұланның бәйек боп жүріп шарқ ұрып, жанталасуының арқасында ғана Әлкей Марғұланның туғанына тоқсан жыл толуының салтанаты туған жерінде аталып өтті. Негізгі қалам тарту мақсатымыз эпистолярлық жанр болғандықтан да, біз де тура сол күндердің қас-қабағын, көңіл-күйін, қам-қаракетін білдіретін «Бауырында Қандыадырдың ту көмілген» атты баспасөзде жарияланған пікірімізге жүгінуді құп алдық. Мұнда, жоғарыда академиктің өзі армандап өткен Ер Олжабайдың туы мен Нұрила шешесінің зиратын ғұламаның қалай іздегені және олар қандай жағдайда жерге көмілгенінің куәсі, Әлекеңнің келіні Сәлиман апайдың  баяны баяндалған.

27 шілде.1994 жыл.

«Ұлт  өмірінен ұмтылып қалатын елеулі тұлғалар да болады. Керісінше, заман парағы  ашылған сайын бейнесі ұлт тіршілігімен  етене тамырласып, рухани өзекке айналатын ғұламалар да  кездеседі. Соның бірі – Әлкей Марғұлан. Аумалы заманның әсері ме, кім білсін, осынау дала дегдарының 90 жасқа толуына байланысты бүгінде тағаны Ертіс-Қарағанды каналына айналған шежірелі Шідертінің жағасында дүбірлетіп той өткенін  «Жас алаш» газетінен басқа ұлттық басылымдар ұмытып та кетті. Телерадио компаниясы да назарға ілмеді. Онда сол Әлкей Марғұланның жас шәкірттерінің біразы қызмет істейтін еді. Өмір деген солай. Сол  кемшінді   «Жас алаштың»  беті арқылы біз толтырсақ деген ниетпен қолға қалам алдық. Бұл мақала –  жолжазба емес. Бірақ әңгімені сол жол үстіндегі ойдан өрбітпекпіз.

Әлкей  Марғұланның ата-бабасының қыстауы Қарағанды мен Баянауылдың  тура шекарасында болғандықтан, жол орайына қарай Алматыдан аттанған аз қонақ көміршілердің астанасына бет алды. Қарағандыдан қарт, бірақ жүрегі жас қаламгер  Жайық Бектұров пен Екібастұз ауданы әкімшілігінің қызметкері Қайыр  Шарипов қарсы алды. Жолай ғалымның туған келіні Сәлиман Хақанкеліні  Марғұлан апай қосылды.

Сол сәттен бастап осы жолжазбаның иесінің біріне (бізге – Т.Ж.) Әлкей Марғұлан мұңдана отырып шерткен сыр ашылды. Бұрын солтүстіктен шығысқа қарай ағатын Шідерті өзенінің енді шығыстан терістікке ағып жатқан арнасын бойлай жүріп отырып Қандыадыр деген жерге келгенде аял жасадық. Бұл –  қазақтың тарихын  екі мың   жыл арыға апарған Әлкей Марғұланның өмір бойы іздеген, арманда кеткен анасының зираты жатқан жер еді. Оның мәнісін Сәлиман апай былай әңгімеледі:

– Бұл арада ағатайымның (Әлкей Марғұланның)  ұлы  арманы көмулі жатыр. Ел-жұрт ашаршылыққа ұшырап, қудалауға  түскенде ағатайым  Петерборда еді. Елге келе алмады. Ал елде қалған атамның ұрпақтары (Дулаттың – Т.Ж.) жаппай тәргіге түстік. Сол тәргілеу кезінде қолға алынып, қор боп кетпесін деп менің қосағым Адашқа Нұрила енеміз ата-баба мұраларының барлығын жидырып алды да, өртетіп жіберді. Тек атақты Олжабай батырдың туы мен көне жазбаларға қолы тигенде, Адаш:  «Шешей, бұларға тиісе көрмеші. Әлкей аға келген соң маған ренжиді ғой», – деп өтініп тұрып алды. Ағатайымның аты аталған соң ғана сөзге тоқтады. Содан ашаршылыққа іліндік.  Күн үшін бүкіл әулетімізбен Қарағандыға  қарай босыдық. Осы Қандыадырға келгенде Нұрила анамыз көз жұмды.  Өлерінде:   «Адаш, мені мына Олжабай бабамыздың туына орап көм. Әруағы  қолдап жатсын, жарықтықтың. Біреу-міреу біліп қойса, сендерге пәле болады. Ал ана көне қағаздарды да менімен бірге көм», – деді. Анасының соңғы өсиетін ұлы Адаш орындады. Марқұмның денесі бабамыздың туына оралды. Кітаптар мен қолжазбалар, талыстағы жазулар сандықшаның ішіне салынып, бірге көмілді. Одан 37-жыл мен соғыстың зауалы төнді. Тек 45-жылы ғана ағатайым туған  інісі Адашқа хат арқылы анасы  Нұриланың зиратын іздеп табуды тапсырды. Содан 73-жылы жазда келіп,  інісі  екеуі  осы  Үлкен және Кіші Қандыадырдың бауырын үш күн  шарлады. Қорымдарды қазды. Ағатайымның кәсібі ғой. Бірақ  Адаш: «Әр зираттың басын қазып, әруақтардың киесіне ұшыраймыз, ағатай», – деп райынан әзер қайырды. Адаш анасы Нұриланың қай жерге жерленгенін ұмытып қалыпты. Ашаршылықта кімде ес қалды дейсің. Әйтеуір, ата- бабасының және туыстарының басына үлкен қорған орнатты, – деп Сәлима апай  бір күрсінді.

Сол сапарда Әлкей Марғұланның қасында болған немере інілері де қасымызда еді. Мұның шындығын растап берді. Екі облыстың  тура шекаралық  сызығындағы шарушалық деген сөзді оқығанда, марқұмның жалғыз қызы Дәнел мен нағашысы, ғылым докторы Еркін өксіп жіберді. Жол шетіндегі төбеде Әлкей марқұм өзі соққан зиратта Хақанның, Марғұланның, Дулаттың және өзге де туыстарының, інісі Адаштың қабірі бар екен. Оған дұға оқылды. Шындығын айтқанда, біз де егіліп кеттік. Себебі, Марғұлан ауылына бұрылғанда кездес-кен орысша тәрбиеленген ауылдың жігіті бізге:  «Қош келіпсіз, Марғұлан біздің рудан емес еді, сонда да...», – дей бергенде, Еркін:  «Не дейсің? Марғұланда ру бар ма еді, ол қазақ емес пе! », – деп тыйып тастаған.

Ана тілін білмейтіндер толып жатыр, бірақ руын білмейтін қараможан жоқ-ау. Бөлінуге келгенде ақыл сұрамаймыз, бірігуге келгенде ақыл өтпейтіні не екен?   «Степнойдың»    атын  Марғұлан деп өзгерту үшін өмірін арнаған екі-үш қария көз жазып  кетіпті. Бұған қарсы болған өзге этностардың өкілдерінің арасында тегі қазақ, бірақ бәрі де осы өңірдегі жеті атасы басқа, арғы атасы бір қазақтар да болыпты. Е, дүние, өз ата-бабасының қыстауын Әлкей Марғұланға қимайтын ағайындар, Мұзбұлақты – Молодежный, Шідертіні – Родниковый деп  атауға арланбайды. Ойланатын-ақ мәселе».

Біздің бұл өкінішімізден көрі 32-жылғы және одан кейінгі бес жылдағы көрген көрешегі әлдеқайда қасіретті еді. Осындай құсалы күйде оралған Ленинградта Әлкей Марғұланның жеке басы үшін ең ауыр, өлім мен өмірдің арасының шекарасы жойылып кеткен, өз сөзімен айтсақ, «алапат жойқын күндер» күтіп тұрды.

(Жалғасы. Басы №8-10 сандарда)

 

 

 

 

 

15949 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы