• Руханият
  • 20 Мамыр, 2021

ҚАЛАМ ҰШЫНДАҒЫ ҚАТПАР МҰҢ

Ақын  Нұрлан Оразалин поэзиясы туралы толғаныс

Тарихтың көш керуені талай-талай ұлылар мен таңғажайып таланттарды бізге сыйлады. Арғысын айтпасақ та таяу заман қазақ әдебиет тарихының дамуына үлкен бұрылыс жасаған, ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абайдан кейін де өлең өнеріміздің маңдайын жарқыратып, бағын ашып, мәртебесін биіктеткен Мағжан, Қасым, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен қатарлы біртуарлардың төл поэзиямызға келіп қосылуы – табиғаттың ұлтымызға тарту еткен үлкен сый-құрметі болса керек.

Өнерге дара таланттар сирек келеді, тек тарих сынағынан сүрінбей өткен, нағыз халық бағасын алғандар ғана ақын, жазушы болып жұлдызы жарқырап, маңдайының бағы жанады.

Міне, сондай маңдайының бағы жанған, поэзия сынды ең күрделі тіл өнерінің ұлы көшіне келіп қосылған таланты ақындарымыздың бірі – Нұрлан Оразалин.

Нұрлан Оразалин қаламынан көптеген көркем дүниелер туды. Әр жылдарда «Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ», «Қоздағы шоқ», «Нұрлан Оразалин таңдамалы туындылары» (үштомдық жыр жинақ) атты жыр кітаптары мен «Азаттық айдыны» атты көркем-публицистикалық эссе-толғаулар кітабы жарық көрді. «Шырақ жанған түн»,  «Тас киіктер», «Ақ құс туралы аңыз», «Бойтұмар», «Қарымта», «Қилы заман» (М.Әуезовтың аттас шығармасының ізімен жазылған), «Бастықтың бір күні», «Қара қазан ғасыр», «Көкемнің соңғы кеші» қатарлы драмалық шығармалары жарияланып, халық алқауына бөленді. «Ақ құс туралы аңыз» атты драмасы Россия, Корей, Үнді жерлерінде өткен халықаралық театр байқауында  жүлдегер болды. «Қилы заман» пьесасы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына орай өткен театр фестивалінде «Ең үздік туынды» жүлдесіне ие болды.

Нұрлан Оразалин көркем сын мен көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Ол әр жылдарда әдебиет пен өнер мәселелеріне арнап, талдау мен танымды сипатты көлемді мақалалар, портреттер, эссе-толғаулар жазды. Шетелдің даңқты жазушыларынан «Жанкешті сапар» (роман), «Ана жүрегі», «Бір еңдіктің тынысы», «Зайтүн толы құмыра», «Дабыл» қатарлы драма-песаларды қазақ тіліне аударды.

Ақынның «Шырақ жанған түн», «Құс туралы аңыз» пьесалары орыс, украин, қырғыз тілдеріне аударылса, өлеңдері орыс, қытай, француз, ағылшын, украин, болгар, түрік, молдаван, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылды.

Өлең жазғандардың бәрі ақын бола бермейді, нағыз ақын ұзаққа дара шапқан тұлпар секілді, үлкен-үлкен бәйгелерге түсіп, бағы сыналады.

Нұрлан Оразалин қытай қазақтарына да атағы кең жайылған ақын. 2004 жылы тамызда «Шинжаң жастар-өрендер» баспасы жанынан Нұрлан Оразалинның «Ғасырмен қоштасу» атты таңдамалы топтамасы қалың оқырманмен қауышты. Жинақтың беташар сөзінде: «Қытай оқырмандарына есімі жақсы таныс, қазақ өлеңдерінің жиырмасыншы ғасырдағы көрнекті өкілі Нұрлан Оразалинның бұл кітабына енген әр жылдарда жарық көрген «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу» атты жинақтарынан іріктеліп алынған таңдамалы өлеңдері.

Адамзат баласының ұлы тарихына өзінің айбынды мінезімен, айдынды қасиеттерімен қалар ұлы дәуірге тағзым жасай отырып, ақын ғасыр тудырған аламан ойлар мен сұрапыл сезімдерді; киелі ұғымдар мен дүниелік танымдарды өз жүрегінің сезімдік талғамы арқылы жалпақ жұртқа жария етеді» деген тамаша баға жазылған.

Нұрлан өз өлеңдері арқылы қырғыз халқының әлемге әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың назарын аударған шоқтығы биік ақын. Қытайда басылым көрген осы жыр топтама кітапта Шыңғыс Айтматовтың «Ғарыш мінезді жырлар» (Шыңғыстың 1997 жылы наурыздың 17 күні «Құралайдың салқыны» атты Нұрланның жыр жинағына жазған алғы сөзі) атты керемет мақаласы да енгізіліпті.

Нұрлан Оразалин қазіргі заман қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әрі поэзия жанрының дамуына ерекше үлес қосқан ақын. Оның жазған тамаша шығармаларына заманымыздың әйгілі қалам қайраткерлері өз бағаларын беріп, сүйінішін білдіріп отырған.

Ұлы суреткер Шыңғыс Айтматовтың «Міне, ақынның «Құралайдың салқыны» атты жыр жинағын оқу үстінде тағы да сондай бір өзге әсер құшағында отырмын. Қолжазбаның әр жаңа бетін ашқан сайын маған бір таныс сезім қолын созатындай. Дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін ақынның жырларын толқымай оқу мүмкін емес.

...Жұдырықтай жүрегі бар жұмыр бас-ты пенденің қай-қайсысына да тән осынау философиялық тебіреніс пен сезім иірімдерінің өзгеше суретін салған, өлеңмен қиыстырып ой өрген жолдарға еріксіз риза боласың. Ақын қуанса шын қуанып, мұңайса шын мұңаяды. Оның бір жырынан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен, ең жақын, ет бауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді» деген пайымдауы-нан Нұрлан Оразалин поэзиясында ұлттық рух, ұлттық бояу, ұлттық сана-сезім қатарлы белгілердің тереңге тамыр тартып жатқанын байқауға болады.

Өз заманының ең маңдай алды сөз зергері Ғабит Мүсірепов ақсақалдың 1984 жылы Нұрлан Оразалин поэзиясы жайлы «...Оразалин ақындықтың, поэзияның небір терең сырларын, нәзіктігі мен от жалыны, шуағы мен нөсері барын сыншыларымыздың бірде-бірі айта алмағанын мағыналы, мәнді түрде айтқан» деген жоғары бағасынан Нұрланның қай деңгейдегі ақын екенін аңғаруға болады.

Нұрлан Оразалин қырық жылдан астам уақыт киелі жыр дүлдүліне мініп, алыстарға сапар шегіп, туған халқына қымбат бағалы асыл мұраларын тарту етті.

Дүние қазағына аты әйгілі ақиық ақын Олжас Сүлейменов 2007 жылы Нұрлан шығармаларына тебірене отырып былай жазған екен: «Менің пайымдауымда, Нұрланның шығармашылық әлемі ұлттық поэтикалық кенін дәстүрімізбен батыс, шығыстың озық үлгілі поэзиялық мектептерінің жарасымды үйлесімнің жемісі».

Міне, осы сияқты толып жатқан бағалар қалам қуаты күшті ақынның батыс пен шығыстың озық үлгілерінен пайдаланып жаңа стиль жаратқан, беделі биік ақын екенін дәлелдейді.

Нұрлан Оразалин поэзиясының бас-ты қасиеті үлкен ой мен сыршылдықты ұштастыра отырып, адамдар жүрегінің нәзік сезімінің пернесін тербеп, ұлттық рухтың алауын маздатып, өз оқырманын желпіндіретін күшті лирикалық қуатқа ие. Оның қай жырын оқысаңызда ақынмен бірге көңіл-күйің толқып, тербеліп, тәтті қиялдарға бөленіп алыс сапар шегесіз.

Кеудемде күй толғатқан бір ағын бар,

Сағынар салқын дала, жыра, құмдар.

Сөзім бар айтылатын,

Ойым – қалың,

Ғасырым!

Саған қояр сұрағым бар.

Сұрағым...

Сауалым көп қарақұрым.

Кетірем қалай, қайтып сана кірін?

Арманды тұншықтырып ақша, мансап,

Күрсінсе, көкіректен тамады ірің.

 

Сөз өлді...

Үрей қонды...

Көнді дене...

Жағаға біз көрмеген келді кеме.

Тіршілік табадайын қуырып тұр,

Теңеймін оттан өзге енді неге?!

Нұрлан халқымыздың тарих-шежіресін жетік білген кемелді ақын. Мұның нақты дәлелі – оның шығармаларындағы ел тарихы, жер тарихы, салт-сана, әдет-ғұрыптарды суреттеулерінен ата тарих тұрғысынан білімінің мол екенін байқаймыз. Қаламгердің 1985 жылы қыркүйекте жазған «Оба түбіндегі ой» атты толғауына назар салайық.

Ерте...

Елес күннен сақталған,

Жыраулардың жырларымен жатталған,

Кітап шығар оқылмаған бұл оба,

Қалып қойған Ғұндар менен Сақтардан.

 

Он сан ғасыр

Жырлай-жырлай жақ талған,

Байрақ ұстап, Алтай басып, аттанған.

Көк Түріктің көзі ме әлде бұл оба,

Тақымында талай тұлпар аттаған?

 

Жүйріктері желдей есіп самғаған,

Оңы-солын «өрттей қаулап, жалмаған».

Хазарлардан қалған сөз бе бұл әлде,

Ғасырларды ғасырлармен жалғаған? – деп есте жоқ ескі ғасырлар қатпарындағы тарихи оқиғаларды баян етіп, көз алдыңа көне тарихты елестетеді.

Ақын тағы да:

Үйсіндер мен Түркештердің көзі ме?

Құмандар мен Қыпшақтардың өзі ме?

Ел бірлігін қорғай жүріп, қалдырған,

Өткендердің келер ұрпақ тезіне

Абыройлы сөзі ме?

 

Жұмсам көзді жаңғырады күнде ойым:

Дәуірлерден талып жетер үндейін.

Моғолдардың естілердей сарыны,

Түгендеген теріскейі, күнгейін.

 

Кім сенеді!?

Нанады кім мұңыма?

Уақыттың ұрпаққа артар сыны ма?

Мынау Оба – аспараның азасы,

Ноғайлының тастап кеткен мұңы ма?

 

Өлмеу үшін өмір атты тасқында,

Жасырынып сексеуілге, тас, құмға.

Жатқандайын бір халықтың өткені,

Осы обаның орда тігіп астында.

Міне, осылай жалғаса беретін өлең шумақтарын оқып отырып, қазақ халқының арғы тегін құраған Ғұн, Сақ, Үйсін, Түркеш сияқты дала мәдениетті ұлыстардың сахарадағы тіршілігі, күн көрісі, орда тігіп, хандық құрып дәурендеген шақтары, сан ғасырдағы үркін-қорқын, алапатты соғыс, босқын болып, торғайдай тозған ел тағдыры, т.б. аңыз, деректерді ұғынамыз. Ұлтымыздың тарих-шежіресі деген, міне, осы. Бейне ғұлама қарт тарих ғалымының өз оқушыларына ата тарихымыздан дәріс беріп жатқандай сезімге келесің. Мысалы:

Қып-қызыл шоқ...

Көңілімде – жан бабам,

Найза ұшында болашағын жалғаған,

Қара обадан қол созардай ашулы

Ұрпағына оты лаулап жанбаған.

 

Мезгіл жетіп, шөгерілген түйесі,

Қай дәуірдің, қай заманның иесі?

Қозын үрлеп, кейінгіге дем беріп,

Қорғап-қоршап жатқан елді киесі,

Мынау оба қай ғасырдың иесі?

Нұрлан, міне, осындай ел жадында әлдеқашан ұмыт болған, көмескі жатқан көп тарихтың көздерін қазбалап, талай ғасырдың алдында әлдеқашан бел асып кеткен ата-бабалардың көш керуенін ойыңа салады.

Қай дәуірді өлең-сөзбен өрейін?

Қай дәуірді жырмен жебеп көрейін?

Қай дәуірдің тағзым етіп алдына,

Өр көңілдің отын жағып берейін?

 

Уақыттың шекері мен балына,

Сап-сап, көңіл! Алданбағын! Налыма!

Қай заманнан тамырымды таратып,

Қай заманның жармасайын жалына?

 

Нар тәуекел! Жөнсіз неге жасимын?

Естимісің, көкірегімде тасиды үн.

Мың-мың жылдық өмірімнің үзігі,

Беу, қара оба!

Отымды үрле,

Алдыңа кеп бас идім – деген өлең шумақтарынан ақынның сөз зергерлік талантына бас иесің.

Міне, осындай сұлу жырды тасқа таңба басқандай кітап бетіне түсіріп жазу арманы биік, мұраты мықты Нұрлан сынды мұзбалақ ақынның қолынан келсе керек.

Ақынның «Оба түбіндегі ой» атты толғауы ХХ ғасырдағы қазақ ақындары жазған поэзиялық шығармалары сахара мәдениеті, ұлттың рухы сіңдірілген, ата-бабаларымыз өмір сүрген дәуірдің ен-таңбасы басылған, бір романның жүгін арқалаған, шоқтығы ең биік үздік туынды деуге әбден хақылымыз.

Ғұлама Жүсіп Баласағұни «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда» деген екен. Нұрлан өз білімі, өз парасаты, өз биігі арқылы өз замандастарынан мойны озық, иығы биік қалам қайраткеріне айналды. Ол халқының таңдаулы ақыны болу сынды парызын өтеу үшін өмірдің күнгей жағы мен теріскей жағын бірдей суреттей білді.

Тура айтқанды тумысы теріс демен,

Ақындарды бастайды ер іске өлең.

Бәріміз де адамбыз, періште емес...

Қалай? Қайда бармақпыз керіспенен?!

 

Қай асуды алмақпыз, қай биікті?

Жанжал мен дау шаршатты, қайғы ұйытты.

Көріп тұрып көрмейміз шын асылды,

Жабы дейміз төгілген сәйгүлікті.

 

Ой мен сезім жаңғырып, жиі алмасқан,

Тірлік – арман айдыны, қиял – дастан.

Көріп тұрып асқарды көрмеген боп,

Биік дейміз төбені ұялмастан – деген шумақтарынан адамзат пендесінің алауыздық, берекесіздік, күндестік, көреалмастық, қызған-шақтық, екібеткейлік, тоғышарлық, топастық, надандық сияқты толып жатқан құбылмалы, жағымсыз мінездемелерін дәп басып айтады. Ақын болудың ұлылығы да қара қылды қақ жарып, ақиқатты дәл айта білуінде болса керек.

Әдебиет сынының алыбы Белинский «Бір ұлттың ақыны болу үшін бір ұлт азаматы болу керек. Өз ұлтының рухының өкілі болу керек» деген парасатты талғамын тектен-текке айтпаса керек. Ұлттық рух − әдебиетіміздің жан тамыры. Ұлттық рухы болмаған әдебиет өлі әдебиет. Өсер қаламгерде ойлы көзқарас, өміршең ұлт рухы, биік мұрат болу керек. Сондай ұлттық рухты жан-дүниесінде терең ұялатқан ақындардың бірі – Нұрлан Оразалин. Ол бейне ұлы даланың дана, кемеңгер қарттарындай ата-бабаларымыздың тарих-шежіресі туралы былай сыр шертеді.

Жан алысып, жан беріскен кезім боп,

Қара көрік ғасырларым...

Көзінде – от...

Ала құйын заманалар күркіреп,

Бас көтеріп, сөйлейтіндей безілдеп...

 

Бабалардың бірі − батыр, текті, ірі,

Бірі − дауыл,

Бірі − жауын,

От − бірі,

Жасқанбастан байтақ үшін бас тіккен,

Ақ сүңгі мен ақ семсердің өткірі – деген өлең шумақтары оқырмандардың жан-дүниесін тербеп, аруаққа айналған ата-бабаларымыздың рухын биікке көтеріп, олардың батырлығын, тектілігін, ірілігін, ерлігін әлемге жария етіп жар салады.

Жігер, намыс жұмылдырған тілек бір,

Өткендердің бәрі − жайсаң, жүректі ұл.

Әлі күнге Алашымның аспанын,

Сеземісің, аруақтарым тіреп тұр.

Ақын осындай керемет өлең шумақтары арқылы тарих қатпарынан сыр шертіп, сонау замандарда өткен ата-бабалардың киелі аруақтарын аунатып, өз оқырмандарын ойландырып-толғандырып, олардың ұлттық рухын жетілдіріп отырады. Міне, бұл нағыз ұлттық рухтың Нұрлан поэзиясына терең тамыр тартуы болып табылады.

Дара талант иесі Ғабит Мүсірепов «Халық тілінің байлығын игеру − зор талғам, парасат тілейтін жұмыс» деген салиқалы көзқарас айтқан еді.

Дүниедегі бар өнердің ішіндегі ең қиыны – сөз өнері. Суреткердің сөз қолдану шеберлігі оның мәдениет деңгейі мен талантын әйгілейді.

Көркем шығарма тілінің басты ерекшелігі образдылығы, дәлелдігі мен ықшамдылығы, сезімдік бояуының күштілігі, музыкалылығы қатарлы бірнеше факторларды өз ішіне қамтып жатады.

Нұрлан халықтың сөз байлығын талғаммен қолданатын таза тілді, дара стильді ақын. Ол тіл мәдениетінің дамуына ерекше мән беріп, жас ақындарға мықты тәрбиеші болып, үлгі, өнеге көрсетіп келді.

Енді ақынның «Құралайдың салқыны» атты жырына кезек берелік:

Көңілдерде жаңылып ән ырғағы,

Қан да салқын тартқандай тамырдағы.

Қан жылады жүрегім...

Үсік ұрған

Табиғатты көргенде мамырдағы.

 

Қатал қандай?!

Апыр-ай, аспан мына...

(Бір алапат ішінде басталды ма?!)

Шие ағаштың бүртігі бүрісіп тұр,

Ұқсап анық тұл жетім − тастандыға...

Осы шумақ өлеңде табиғат пен көңіл-күйді біріктірген тіл шеберлігі, нағыз ақынға тән шабыт, күшті лирикалық сілкініс менмұндалап тұрады.

Баулар, қара! Майысып төгеді мұң.

Суық ұрды даланың көк егінін.

Таулар үнсіз мүлгиді... Көкіректе –

Құралайдың салқыны деген ұғым.

 

Жалап-жұқтап ой-қырды биыл қатты,

Құралайдың салқыны қиындатты.

Жаратылыс заңы ғой...  Дегенменен,

Үйлесімнен бұзылған миым қатты...

 

Жанарыңда аспанның жасы кепкен,

Жылдың жасыл қашан да басы – көктем.

Құралайдың салқыны... алда – маусым,

Шуақ сыйлап, пендесін ғашық еткен.

Осылай жалғаса беретін өлең шумақтарын оқып отырып, «Поэзия әлемінің қат-қабат жұмбақ сыры, нәзік иірімі еріксіз өзіне табындырар тылсым күші Нұрлан өлеңдерін оқыған сайын сезіліп, ақынның бүкіл ішкі әлемін алдымызға жайып салады...

Көз алдымызға жаны мазасыз, сезімі алаң тұлға келеді...» деген Рымғали Нұрғали айтқан баға ойымызға оралады.

Ұлтымыздың маңдайалды ақындарының бірі Қадыр Мырзалиев «Пендешілік төбесінде отырған адам түк көрмейді, шоқтығы биік нәрсе көру үшін адамгершілік тауына шығу керек» деген екен.

Мен Нұрлан Оразалин жырларын оқып отырып, оның пендешілік төбешігінен әлдеқашан озып, адамгершілік тауына шығып отырып, қол жеткізген ақындық талантына тағзым етіп, кемеліне келген парасатты көзқарастарына құштар болдым.

Жинақтап айтқанда, Нұрлан поэзиясында үш түрлі қасиет бар: Біріншісі – оның ойшылдығы; Екіншісі – адам жанын баурайтын сыршылдығы; Үшіншісі – ұлттық рухтың оның жырларында терең тамыр тартуы.

Атақты әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдолов «Әр адам − зерттелмеген кен, оны зерттеу керек. Зерттеп қана қоймай, сол кеннің көзін ашу керек» дейді.

Нұрлан Оразалин поэзиясы, әне сондай, қатпары қалың, зерттелмеген кен іспетті.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

этнограф

 

11242 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы