• Руханият
  • 20 Мамыр, 2021

БАБАЛАРДА БАСЫ АРТЫҚ ҰСТАНЫМ ЖОҚ

Ұлыстың ұлы күні  берілетін бата

Халықтық мерекелерде берілетін баталар бар. Мысалы «Наурыз» мерекесінде бата былайша беріледі:

Ниеттерің ақ болсын,

Наурыздың ақша қарындай.

Бастарыңа бақ қонсын,

Шаштарыңның барлық талындай!

 

Санасы асыл адамның,

Көңілде кірі қалмасын.

Құты қашып жаманның,

Жақсы тапсын жалғасын!

Тыныш болсын даламыз,

Түгел болсын нуымыз.

Таза болсын ауамыз,

Тұнық болсын суымыз.

 

Қайғы-уайым жоқ болсын,

Оралмасын кез өгей.

Ырысымыз көп болсын

Бүгінгі наурыз көжедей.

Үлкендер Наурыз мерекесі кезінде Нау-рыз көже пісірген келіншектерге ризашылық батасын беретін болған:

Көже істеген келіндер,

Көпке жақын елші бол,

Бозторғайдай төлшіл бол,

Ор қояндай көзді бол,

Адам таппас сөзді бол!

Қазақтар жаңа айға да бата берген:

Өткен ай өзімен кетсін,

Туған ай жарылқасын,

Аяз әлін біліп,

Күнекей күн жарылқасын!

Сәлем салу 

Қазақ халқының бірегей ұлт екенін танытатын ежелден келе жатқан тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарының бірі – «Сәлем салу».

Бүкіл тіршіліктің өзегі адамның бірін-бірі сыйлауда екеніне ешкім де дау айтпайды. Бабаларымыз өмірдің қым-қиғаш қалтарыстары өте көп екенін білгендіктен, қоғамның әр мүшесінің орнын нақты белгілеп берген. Ата мен ененің орны, қайын аға мен қайын бикенің, қайын іні мен  қайын сіңлінің, жеңгелердің,  абысындардың, басқа да туған-туысқандардың орны қазақтың жазылмаған жүріс-тұрыс заңында анық белгіленген. Келіндер үлкендермен сәлем салу арқылы амандасады. Қолын төмен салып, екі қолын қиыстырып, тізесін сәл бүге иіліп сәлем жасайды. Келіннің сәлем беруі, ең алдымен, алдыңдағы адамды құрметтейтінін білдіреді. Сол арқылы сәлем берген адамына жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан риза болған адам сәлемді қабыл алып, «бақытты бол», «үбірлі-шүбірлі бол» деген секілді тағы басқа тілек айтуы абзал. Басқа кісілер, қайындары, абысын-ажындары өздерінше жауап беретін болған.

Сәлем салу, ең алдымен, үлкендерді сыйлау үшін пайда болған ғұрып. Келіндерге сәлем салдыру қоғам мүшелері өздерінің қоғамдағы алатын орнын есінен шығармасын деген есеппен жасалынған.

Сәлемді тек әйел баласы ғана жасайды. Әйелдердің бәрі де біреудің мәпелеп өсірген қызы. Қазақ болмысында қыз баланы ерекше көрген. Еркелетудей еркелете жүріп, жалғыз болса, ұл балаша киіндіріп еркекшора етіп өсірсе де уақыты келгенде оған болашақта басқа елге келін болып баратынын, ана болатынын көбінесе көңілін қалдырмай ыммен білдіріп, керек кезінде ауызба-ауыз әңгіме үстінде де түсіндіріп отырған.

«Қыз жат жұрттық», «Қыз қонақ» екенін әсте естен шығармайтын болған. Егер біреу қыз баланы байқамай ренжітер болса, ол адамды «немене, қыздың қонақ, жат жұрттық екенін ұмыттың ба» деп тыйып тастайтын.

 «Келін» деген сөздің түбірі «кел». «Келін» деген сөз «келген» деген сөзден пайда болған. Ұл баласына өмірлік жолдас болуға келген жас қыз баласын ата-анасы қойған есімімен атамай «Келін» деп, қоғам мүшелеріне шектен шықпаңдар, көңілін қалдырмаңдар, әулеттің жаңа мүшесі ретінде келген бұл қызбала өздерің сияқты бір жұрттың мәпелеп өсірген перзенті екенін ұмытпаңдар деген оймен пайда болған ұғым.

 

Алғашқы сәлем қашан  жасалады

Сәлем салуды алғаш рет келін болып түскенде беташарда жасайды. Екі келіншек жаңа түскен келінді білегінен ұстап, бет ашатын ақынның өлеңіне сәйкес сәлем салдырып тұрады. Ең алдымен келін түскен жердің ата-бабаларына, содан соң әулеттің ақсақалдарына, жасы үлкен аналарына, күйеу жігіттің ата-анасына, туған-туыстарына, т.б. сәлем салынады. Беташардан кейін жас келіншек күнделікті түрде сәлем жасайды.

Келіншек тек төркініне барған кезде ғана сәлем салмайды. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты өмірбаяндық кітабында әпкесінің ауылға қонақ болып келгенін жақсы суреттейді.

 

Ата-бабаны сыйлап  сәлем салу

Қазақтың келіндері барған жерінің ата-бабаларын да аты аталғанда сыйлап сәлем салатын болған. Мысалы, Мұсатай Бекболатұлы Ақынжанның атақты жазушы Мұхтар Әуезұлы туралы «Шыңғыс топырағында» атты естелігінде мынадай бір оқиға суреттелген: «Шыңғыс бөктеріне Мұхтар есімімен ілесе келген жаңалықтың бірі – «Еңлік-Кебек» пьесасының қойылуы болды. 1917 жылы қойылған бұл спектакль ауыл-ауылға мүлде аңыз боп тарап кетті.

Мұхтар екі үйді түптестіріп тіктіріп, сахна құрып, ешкінің қылынан сақал жапсырып Қабекемді көрсетіпті, қолына қобыз беріп, күй тарттырып Абызды жасапты. Қабекем болып Мұхтардың ағасы Ысмайыл ойнапты. Ауылдың келіндері сахнадан атасын (Қабекем-Кеңгірбай) көргенде, өзі екен деп таңырқап, орнынан тұрып сәлем етіпті».

Қазақ табиғатын түсінбейтіндер бұны біртүрлі ерсі көруі мүмкін. Бірақ естелікте айтылғандай, қаншама уақыт бұрын дүниеден өткен Кеңгірбай биге келіндердің сәлем салғаны, осы ғұрыптың қазақ тұрмысында өте ертеден орын алғанын растайды.

Және де бұндай оқиғалар қайталанып отырғаны белгілі. Мысалы, суретші Әбілхан Қастейұлы фотосуреті сақталмаған Аманкелді Иманұлының бейнесін салу үшін батырдың туған жеріне барған. Сол сапары кезінде батырдың көзін көрген қаруластары және ту-ыстарымен сұхбаттасу нәтижесінде Аманкелді Иманұлының суретін салады. Біраз уақыттан соң Қазақстан басшылығы суретшіге Торғай өңіріне тағы бір рет баруына өтініш білдіреді.

Батырдың суреттері ілінген бөлмеге Аманкелдіні көрген адамдарды қай сурет дұрыс екенін айтсын деп, бір-бірден кезекпен кіргізген. Сонда бөлмеге енген әйелдер батырды суреттен танып, сәлем жасапты.

 

Әйелдің әйелге сәлем жасауы

Әйелдердің әйелдерге де сәлем жасайтын кездері болады. Мысалы, жасы және жолы үлкен әжелер, бәйбішелер өзінен жасы кіші абысындарына, келіндеріне тамақтың дәмдісін ұсынғанда әйелдер орнынан тұрып сәлем жасайды.

Қазақтың қай жыры, әдеби шығарма-ларын қарасақ та сәлем салу салтын айналып өтпейді. Жалпы, «Сәлем салу» ғұрпы келіннің әулетті жақындастыратын құралы десе де болады.

Әйелдердің сәлем салуын доғаратын кездері де болады. Бұндай жағдай «Абай жолы» роман-эпопеясында суреттелген. Жасы келіп, әулеттің анасы атанған әйел үлкен үйдің алдына келіп, есікке қарап тұрып, тізесін бүгіп, соңғы рет сәлем жасайды.

«Салем салу» қазақ халқының әң әдемі салттарының бірі.

 

Беташар

Қазақтың салттарының бәрі ұлтымыздың рухани болмысын сақтап қалу үшін, адамды адамгершіліктен айырмау үшін жүз ойланып, мың толғанып, көппен келісе отырып алтын ереже ретінде дүниеге әкелінген.

Шынында да келін түскен әулетке жаңа адам қосылады. Сондықтан, жаңа түскен келіннің бетін ашу жаңа адамның дүниеге келуіндей қабыл алынған. Келіннің аяғының астына жаңа сойылған қойдың терісі төселген. Қойдың сансыз көп жүні келін көп балалы болсын деген тілектің белгісі.

Келіннің жүзін беташарға дейін ешкімнің көруге қақысы болмаған. Себебі қазақтар келіннің беті көпшіліктің алдында ашылған күнде ғана болашағы бақытты болады деп сенген. Қай кезде де келіндердің бетін ер адамдар, ақындар ашқан. Егер ақын болмаса, бұл өлең-сөзге жақын, талабы бар ауылдың адамына жүктелген. Себебі беташардың тәрбиелік мәні өте зор. Ақындар келіннің бетін ашу барысында сол ауылдың, әулеттің жақсылығын айтып, кемшілігі болса өлеңмен әзіл-шынын араластырып меңзеп, сол міндердің түзелуіне әсер етіп отырған.

Беташардың жақсы өтуі

 ақынға байланысты

Қазақтың атақты батыры Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» атты өмірбаянды кітабында, әпкесі Үбианның келін боп түскен жерінде болған беташар туралы әдемі жазған:

«Жұрт беташар мен некеқияр қызығын күтіп, тағатсыз торуылдайды.

…Айтқандай-ақ жұрт:

–  Өтеп келді, Өтеп келді, – деп шу ете қалды.

Ішке орта бойлы, тығыншықтай келбетті қара кісі кірді. Жұрт жабыла қолтықтап, ортадан орын ұсынып, жатыр. Ол өзгелерден ерекше, биіктеу көпшікке келіп жайғасты. Өтептің қақпақтай келген жауырыны мені көлегейлей берген соң, мен әжемнің иығына сүйеніп тұрып, қызыққа көз салдым.

Бір әйел қызыл шоқ салынған таба әкеліп, Өтептің алдына қойды. Өтеп болса, жеңін түрініп, шоққа алақанын қыздырды да, қолын созды. Сол кезде оның оң қолына оқтау ұстатты. Оқтаудың басына шеті түйілген орамал байлатты.

Өтеп иек қағып еді, үлкен үйдің есігі ашылды. Ішке екі келіншек қолтықтаған Үбиан әпкем кіріп келеді екен. Басына төгілтіп орамал бүркепті. Әлгі екі келіншек босағадан аттай бере, иіліп сәлем берді. Әпкем соны қайталады.

– Қадамың құтты болсын, қарағым! Үлкен босағадан, киелі босағадан аттадың. Атаңа құрмет көрсет, – деді отқа жақын отырған бір кемпір.

Әпкем иіліп сәлем салды. Сонан соң екі қадам жасады да, Өтептің алдына келіп тұрды. Бүркеншектің шашағы жер сызып, әпкемнің аяғына дейін көміп тұр.

Кенет Өтеп даусын бір кенеп алды да, әндете жөнелді.

– Е-е-е-ей! – дегенде үйдің іші қыбыр етпей тына қалды. Өтеп тақпақтай жөнелді.

Келін-келін келіп тұр,

Келін үйге еніп тұр.

Қайын жұрты алдында

Иіліп сәлем беріп тұр.

Келін-келін келіңіз,

Елімізді көріңіз.

Ала-құла демеңіз,

Атын айтып беріңіз.

Ақ тілеулі ағайын,

Көрімдігін беріңіз, – дегенде жұрт шу ете түсті!

– Береміз! Береміз! Айналайын.

– Көрімдігі даяр.

– Ертерек бетін ашып, көрсетсеңші!

Осылайша ынтыға ентелеп, ел Өтепке қайта құлақ тосты.

Байтақ елдің гүлі бұл,

Бар ауылдың нұры бұл,

Өскен жердің қызы бұл,

Өнегенің ізі бұл,

Көрсетпеймін келінді,

Саусағыма жүзік іл – дегенде әжем  орнынан емірене тұрып, Өтептің маңдайынан иіскеді де, қолына алтын жүзік салды. Ел тамсанып гулеп жатыр.

…Бұлақтары жосылған,

Ұрандары қосылған.

Үміт күткен досыңнан

Біздің ауыл осы маң.

Үбиан иіліп тағзым етті. Өтеп енді термелеп, әпкеме ұзақ өсиет айта бастады:

Өнегенің үлкені

Тұрақ болсын, келіншек,

Жақсылығың таусылмас

Бұлақ болсын, келіншек.

Бала-шағаң басыңа

Шырақ болсын, келіншек.

Ұсақ болмай мінезің,

Ірі-ақ болсын, келіншек.

Бұл ауылға қашанда

Үлгілі бол, келіншек.

Ізет-құрмет дегеннің

Білгірі бол, келіншек.

Сыйласуға келгенде

Дүлділі бол келіншек.

Тірлігіңде өмірден

Кемдік көрме, келіншек.

Жамандыққа ешқашан

Теңдік берме, келіншек.

Ел ұйып тыңдап, ауыздарын ашып қалыпты. Әжеме қарасам, көзін сүртіп отыр екен. Өтептің сөздеріне риза болып, тебіреніп кетсе керек.

Бұл екі арада Өтеп ел жақсыларын, ауылдың абыройлы адамдарын таныстыруға көшкен еді. Ең алдымен Үбианның атасы, ауылдың ең қадірменді қарты, жасы да үлкен, орны да бөлек – қуаныш иесі Майлыбайға сәлем салдырды.

Сексенің де жеңілген,

Көргені көп өмірден.

Майлыбайдай атаңа

Сәлем салшы көңілмен.

Үбиан ерекше құрмет көрсетіп иілді.

– Көп жаса, шырағым! Өркенің өссін, – деді Майлыбай дауысы тағы да қаңылтырша қалтырап.

Өтеп енді ауылдағы өз құрдастарын, Үбианның абысындары мен қайнағаларын таныстырып, кемшіліктері мен жетістіктерін жырға қосты. Ел қыран-топан күлкіге батып қалыпты. Бір абысынын Өтеп былай таныстырды:

Ызбайланып сызылған,

Бойы келген ұзыннан.

Ұрыс десе құлшынып,

Түрі лезде бұзылған.

Отырғандар ду күлісті. Әлгі келіншек қызарақтап, Өтепке тиісе берді.

– Сені ме, осыдан сазайыңды бермесем бе, сен заржақтың.

Өтеп бұл кезде өзгелерді өлеңге қосып жатқан. …Жұрт риза болып, қол соғып жатыр. Өтеп енді екі жастың татулығын айтып, өмірде сыйласып өтіңдер деген өсиетті айтып кетті. Әрі ағалық ақылым, әрі ауылдың артқан міндеті осы деп айтты.

Ер атағын ескермей,

Еріңе сен дес бермей,

Әрбір сөзін өш көрмей,

Ерте кетіп, кеш келмей,

Ынтымақта бол дейін,

Ата жолы сол дейін,

Өсиетті ұмытсаң,

Жарың сенің қор дейін.

Өтеп осы тұста әпкемнің басындағы төгіліп тұрған сәлкеш орамалды қолындағы оқтаудың ұшымен іліп алып, көтеріп тастады. Жұрт жамырап бата бере бастады».

 

Ақынның азаматтығы

Қазақ ақындарының арасында қыздардың бұрынғы кездері еріксіз ерге шығатынын, малы көп байлардың шектен шығып, бірнеше әйелдің үстіне тағы да әйел алуы кедейлердің қыздарына жасалған қиянат, әділетсіздік екеніндігін меңзеп, қолынан келгенше көпшілікке өлеңімен ой салуға тырысқандары да болған.

Бүгіндері термелері бүкіл Қазақстан мен Қытай және басқа да шет мемлекетте тұратын қандас бауырларымыз көптеп орындап жүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлы да өз заманында жаңа түскен келіндердің бетін ашқан. Ғалым Әсілхан Оспанұлы ауыл-ауылды аралап жүріп, көнекөз қариялардың аузынан жинап, құрастырып, 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шығарған «Нақыл» атты жинақта мынадай бір оқиға келтірілген: «Төлеу руының бір байы төртінші әйелінің үстіне Құлшығаш руының Жортпас деген атасынан тоқалдыққа қыз әкеліп, оның бетін ашуды Майлықожа ақыннан өтініпті. Сонымен, ауыл адамдарының барлығына сәлем салып болған соң «енді кімге» дегенде ел кісілері тұрып, «Майлы-еке, өзіңізге сәлем салдырыңыз» депті. Сонда Майлықожа ақын былай деген екен:

Келін келді Жортпастан,

Үсті-басын шоқ басқан.

Төрт қатынның үстіне

Бесінші боп, қарағым,

Қайтып келдің қорықпастан?

Ақын осылайша той иелеріне бұлары нағыз сорақылық екенін өлеңмен білдірген.

Кейбірде келіннің бетін қайнысы ашатын болған. Бұндай оқиға жерлесіміз жазушы Дулат Исабекұлының «Гауһартас» атты шығармасында әдемі суреттелген. Келіннің бетін сирек те болса өз қайын атасы да ашқан. Атақты Кенен Әзірбайұлы көп қиыншылықты көрген адам болғанын «Базарым-ай, Назарым-ай» деп айтылатын әнінен көпшілік жақсы біледі. Ақын атамыз жасы келіп отырған шағында ұлы Көркемжан келіншек әкеліп қуантады. Сол кезде ақын өз келінінің бетін өзі ашқан.

Бұл туралы ақынның қызы Төрткен әпкеміздің «Кенен ата» кітабында жазылған: «Ел-жұртты шақырып, үлкен той жасады. Келіннің бетін  ашар ырымын біреуге бергізіп, екі баласын қатар тұрғызып қойып, келіннің бетін өзі ашты. Ақылын, өсиетін айтты, осы күнді ұзақ күткендерін есіне алды.

Сондағы:

Құтты болсын келінім аяғыңнан,

Осы еді ғой күткенім баяғыдан.

Мал-мүлкіңе ие бол арнап жиған,

Өсекшілдің сақ болғын саяғынан.

Келін келді дегенде қуанғаным,

Қуанғаннан орнымнан тұра алмадым.

Дүйім елді шақырып той жасадым,

Қуаныш қып бастарың құралғанын.

Тау-текедей тау-тасқа аттап кетпе,

Кір жастықты басыма жастап кетпе.

Колхозыңда театр, кино жоқ деп

Баламды ертіп қалаға бастап кетпе.

Қуанышым, қайрат күшім, Көркемжан!

Қуанышым, жігер күшім, келінжан! – деген ұзақ толғауын тебірене отырып айтқаны бүгінгідей есімде. Көзіне жас алмаған жан жоқ».

 

Беташар қанша уақытқа  созылады

Беташар қанша уақытқа созылатыны ақынға, оның өнерлігіне байланысты болған. Кейбірде тез, ұзаққа бармай қайырылса, кейбірде біршама ұзаққа созылатын. Сырдың сүлей ақыны Нартай Бекежанұлы келін түсіргенде беташар рәсімі бірнеше сағатқа созылыпты. Бұл туралы ақынның шәкірті Айдар Достиярұлы өзінің «Өздерің білер Нартаймын» естелік кітабында былайша баяндайды: «Бет ашу рәсімі темір ұстасы, ауылдың жыршы, ақыны, Нарекеңнің сыйлас достарының бірі Берсүгірұлы Палжігітке тапсырылды. Жиналған халық Палекеңнің беташарын екі-үш сағаттай тік тұрып тыңдады».

Осы жерде айта ететін бір мәселе бар. Бүгінгінің көңілге дұрыс келмейтін көрінісі – көрімдікті салатын үш литрлік кәдімгі шыны банкі. Бұл ыдыс көрімдік салуға арналмаған. Бұны ойлап тапқандар, түссіз шыныдан бәрі көрініп тұрғандықтан, көрімдік берушілер басқалардан ұялып, көбірек ақша салсын деген ниетпен істеген. Тағы бір келеңсіздік — үй иелері банкі қоюмен қатар басқаларға осынша ақша беріңдер дегендей өздері  немесе кішкентай балаларға банкіге ақша салғызып жатуы да дұрыс емес. Кімнің қанша көрімдік беруі өзінің еркі, жағдайлары онша еместердің көп бере алмайтынын да ойлаған жөн. Біреулерді ұялтып, көбірек көрімдік ақша жинаймын деген пиғыл жақсы емес. Жастардың болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Қазақтың оюлы әдемі қоржынын ортаға қойса әрі жарасымды, әрі әдемі көрінері сөзсіз.

Қазақ қашанда қуанышын көппен бөліскісі келіп тұратын халық. Беташар осындай жүрекжарды қуаныштың бір көрінісі.

 

183 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №5

20 Мамыр, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы