• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2021

Күтіңдер мені...

Батырхан Сәрсенхан 

 

Элегия

Бір сұлу туыпты

туғандай ай беті,

туғандай аспанның самала шырағы.

Әлбетте, туғанда болмады көйлегі,

болмады өмірге сұрағы.

Нуларды кешіпті,

кешкендей тау гүлін,

Көнерген жазбаның сүйгендей сөйлемін.

Он беске толғанда

сезіпті барлығын,

барлығын нәп-нәзік махаббат дегеннің.

Беймәлім келері,

беймәлім өткені,

бүлдіршін бұлттардай гүлдерге жаумаған.

Туғанда оңынан он сегіз көктемі,

Жолықты

жолықты

жолықты ол маған.

Неге ерте,

Неге кеш,

Неге күн,

Неге түн,

Неге ойдың көре алмас көздер бар

        салмағын.

Мен оны он екі жасында білмедім,

Он жаста жыласа жұбата алмадым.

Секем бе,

Күдік пе,

Сейіл ме,

Сенім бе,

бойыма жұқтырар күрделі келісім.

Ол үшін қуанып көрмегем өмірде,

Жұбана білмегем және де ол үшін.

Жолықты,

Жолықты,

жолыққан күн жайлы,

ешбір жан тебіреніп жаза алмас роман.

Күн болса қанқызыл саусағын бұлғайды,

ай болса ескіше орнында тұр аман.

Кеттік біз

екіге

жарылған жолдармен,

сабылған жолдармен сүйретіп үмітті.

Сан ғасыр дауысы қарылған жолдармен,

сүйретіп үмітін сансыз жан жүріпті.

Біз емес,

біз басқа,

біз болмас

ешкім де,

бұршақ та үзе алмас сезімдер сабағын.

Жамандық көрмеші жұмыр жер үстінде,

Жақсы бол. Сол кезде мен жақсы

боламын.

Бір түннің тарихы

 

Мен білдім бе, білдім бе, жо, білмедім,

бұрқан сенім күмәнге көмілгенін.

Алақандай ішіне жүрегіңнің,

Махаббаты ананың себілгенін,

іңкәрлігі әкенің бүрлегенін,

бүршігі оның қисапсыз түрге енерін,

Мен білдім бе, жылаттым білмегесін,

алабында жұлдызды гүлдер өсіп,

Тұрған еді... жәудіріп, тұрған еді,

Түн. Алматы.

жол алыс шегінерге,

құламайды деуші едім сенім өрге,

сөгілмейді деуші едім қабырғасы,

– Саған, күнім, айтпағым шағымда осы:

Сезімнен де, ойласаң,

талығуға болады жалығуға,

жек көріп те болады сағынуға,

бәрі адамның дертінен табылуда.

...Суынғанмын, мен сенен, алыстағам,

азбан жыл ма бөтендік табыстаған?!

Кешір мені, дін көңлім, өзгеде енді,

Өзге жүрек.. айта алман сөзбен, енді,

– дедім де, жүре бердім, жүре бердім,

сақ құлағым соңыма түре бердім.

Бұрылғанға соңына гүл өнер ме,

Жүре бердім жаңылып бір өлеңге,

Жүрек пе әлде, сағат па кеудемдегі?

аяңдаршы, сезімсіз шермендені,

аяңдаршы, сүюден ғапыл қалған,

көкірегі сөгілген көр кеудені.

Жас бұлдырай бұзылған бекіністен,

құмбыл жанар бұлақтап бетім іскен.

Көктем көшіп келеді, сол арудың,

бұрымына байланған өкінішпен...

 

Лирика

 

I

 

Жабырқау, жабырқау күз өтті,

ағаштар есінер қалжырап.

Күн сайын тәлімді, ізетті

болуды қалаймын. Ал, бірақ...

Неліктен? Не үшін? Не себеп?

сан сұрақ басады еңсені.

Зұлымдық оралар еселеп,

және оның болмайды өлшемі.

Бір адам хақында ойларда,

бір адам хақында сөйлерде,

ұмытып одағай жайларды,

көп әріп жұмсаймын өлеңге.

Бір жанның әкесі, бауыры,

әпкесі, ағасы, сүйгені,

бар оның, бар оның ауылы,

бөтенге ұнайды билеуі.

Маңызсыз дарынсыз дарынды,

темір ме, тіл ұшы семсер ме,

Мен кеше сүйкімді жарымды,

қиялдан жасалған өлшемге

сыйдырмақ болыппын. Ол деген

әйел ғой, әйел ғой, бауырлар!

тамағы, қолы бар көлденең,

тісі бар кей-кейде ауырған.

Әркімді жөтелі, жүйкесі,

жөнімен қабылдау керегін

сезінген, сезінген күйде осы,

жақсылық барына сенемін!

 

II

Бір шәйнек қайнай береді,

ешкім де ішпейді бірақ.

Мен үнсіз ойлай беремін,

Соңына түспеймін жылап.

Қар сынды түспеймін, енді,

Қалықтап тұрам аспанда.

Ол мені іштей біледі,

өзіне құлақ асқанда.

Құрбыдан сұрар да, бәлкім,

Жұбатса күрең өлеңім.

Түн жайлы шығармаларды,

Оқимын. Күле беремін.

Бұлыңғыр қараша кеші,

Өзге етіс адамның жаны.

Сезімге бола сөнбеші,

Сезім ол –

зиянсыз дәрі.

Өшеді неонның шамы,

Көшерміз бұлттармен долы.

Құрмалас адамның жаны,

Тоғыз қыш, бөз мата соңы.

Неге осы ойлай беремін,

соңына түспеймін жылап.

Бір шәйнек қайнай береді,

ешкім де ішпейді бірақ.

 

Бір күндер болады...

 

Бір  күндер  болады,

Күлкі  білмейтін.

Бір түндер болады,

Кірпік  ілмейтін.

Бір сезім болады,

Сыр ақтаратын.

Бір әзіл болады,

Жылап қалатын.

Бір бауыр болады,

Серік болмайтын.

Бір ауыл болады,

Көлік бармайтын.

Бір сырың болады,

Бөліске - жетім.

Бір шылым болады,

Теріс шегетін.

Бір уайым болады,

Тас та жылайтын.

Бір қайың болады,

Басқа құлайтын.

Бір бақыт болады,

Түкірген көбі.

Бір уақыт болады,

Күтіңдер мені!

 

Anxious

 

Мен ойлаймын. Ойлаймын. Нені

ойлаймын,

сені ойлаймын, жо-жо-жоқ, оны

ойлаймын,

оны ойлаймын дегенге, түнермеші,

жиі-жиі саған да қарайлаймын.

Сені ойлаймын. Ойлаймын.

Шамда ойлаймын,

зауза жұлдыз өшпеген таңда ойлаймын,

таңда ойлаймын дегенге, өкпелеме,

таң атарда ең жақын жанды ойлаймын.

Ойланамын. Сен емес, ой қасымда,

қасымда ойым апта мен ай қасымда,

алты күліп, жетінші жәудірейді,

желкен көңіл кеуденің қоймасында.

Күлімдеймін кей-кейде жол үстінде,

мұңаяр ма сал жігіт ер үстінде,

ер үстінде мұңаяр сері жігіт,

қапелімде етігін теріс кисе.

Күнмен

қоштасу

 

Кешір, таң,

кешір, түс,

кешір, кеш,

кешір, түн,

мен бүгін

балалық

секілді

сендерді,

абайсыз өзімнен өшірдім.

 

Кешір, ай,

кешір, гүл,

кеш, үміт,

кеш, арман,

Сендерге,

сүйініп

қарауды

ұмыттым,

ұмыттым қар мінез қалада қасарған.

 

Кеш, көзім,

кеш, қолым,

кеш, аяқ,

кеш, арым,

білдім бе

білдім бе

бәріңді

аяуды,

білмеймін енді не тосарын.

 

Кеш, өмір,

кеш, уақыт,

кеш, сәттер,

іңірлер,

айрылдым,

ақшамның

тұсында,

шарасыз,

Ешқашан келмейтін күнімнен...

 

 

3230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы