• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2021

Ауыл әңгімелері

Оралхан Дәуіт

Шаштараз

Шаштараз жігіт шашымды қысқартып, «Басыңызды жуасыз ба?» деген сайын жас кезімдегі бір оқиға есіме түседі.

Қалаға жаңадан келген кезім болатын. Ол кезде шаш қысқартуға міндетті түрде қырғы базарға баратынбыз. Ығы-жығы базардың арасындағы екі қабатты ғимараттың бір бұрышына орналасқан өзбек шаштаразшылары өте арзан және жылдам қысқартатын. Орталықтағы сырты әйнектелген, әдемі ғимараттар ішіндегі шаштараздарды көрсек, «Құдай біледі, бағасы қымбат-ау» деп теріс айналып, сол үйренген қырғы базарымызға тартып кете беруші едік.

Бірде ауылдан сәлемдеме келіп, қалтамда ақшам көп болды ма, әлде асығыс болып, уақыт қысты ма, әйтеуір, «тәуекел» деп, қаланың қақ ортасындағы бір әдемі шаштараздың есігін имене ашқаным есімде... Бір орыс қыз түрлі-түсті журналдарға үңіліп, шыр айналатын орындықта ары-бері шайқалып, ерігіп отыр екен. Мені көріп орнынан атып тұрып, үсті-басын қаққыштап, шашын түзей бастады. Басқа ешкім жоқ. Орыс екенін сәл бұрын білгенімде теріс айналып кетер ме едім... Енді кеш болып қалды. Амал жоқ, «Здраствите» деп ернімді жыбыр еткіздім де, әлгі орындыққа ақырын отыра кеттім.

Орыс қыз да шаш қысқартуға келгенімді бірден түсінді. Түсінбейтін несі бар, шашым толқынданып, ұшы бұралып, көзіме түсіп, Мау-гли боп кеп отырмын ғой. Алжапқышты алдыма жапқаннан кейін қою шашымды бір-екі мәрте тарады да, қандай үлгімен қысқартатынымды сұрады. Не айтарымды білмей, аузым ашылып қалған...

Қырғы базардағы шаштаразшы өзбектер мұндай сұрақ қоймайтын. Алдына отырдың, бітті, қой қырыққандай зыр еткізіп, он-он бес минөтте қысқартып береді. Орныңнан тұрып, ақысын төлейсің де кете барасың... Рас, «Шаш жуасың ба?» деп бір ауыз сұрайтын. Бірақ ешқашан жуған емеспін.

Көзімнің жыпылық-жыпылық етіп, сасып қалғанымды орыс қыз да сезді ғой деймін, бірнеше шаш үлгісін айтып шықты. Соның ішінде «молодежный» дегені құлағыма жылы естілді. «Молодеж...» дедім, тұтығып. Сонымен орыс қыз іске кірісті. «Тағы бір нәрсе сұрап қалмаса екен» деп, құдайыма сыйынып мен отырмын.

Қайшысын жалаңдатып, оң жақ, сол жағыңда лыпылдап жүретін өзбек жігіті сияқты емес, бұл қыз шашымды асықпай, баппен қысқартып, соңында үсті-басымды қағып болған соң «Голову мыть будем...» деп, келесі бөлмеге кіруімді өтінді. «Алдымен шашымды жуам ба, жоқ па, адамнан сұрамай ма екен?» деп, іштей бұрқылдасам да, тілім қысқа, амал жоқ, келесі бөлмеге өттім. «Жумаймын» десем, ол тағы бірнәрсе айтатын сияқты. Сонымен бар білетін орысшам таусылып, қызары-е-еп, төмен қарап қалатындай сезіндім. Ол кезде орысша білмей қалу деген жердің тесігіне кіріп кетумен бірдей еді ғой.

Орыс қыз келесі бөлмеге кіргізді де төрдегі орындықты нұсқап, «қазір келемін» деп шығып кетті. Қарасам, төрдегі орындық мүлдем басқаша. Мұндайды өмірі көрмегем... Шалқалай жатқан орындықтың желке тұсы ойық, сол ойықтың тұсында бас жуатын колонка раковинасымен тұр. Қазір мұндай орындықтар барлық шаштараздарда бар ғой. Шалқаңнан жатқызады да, басыңды су құятынға ыңғайлап, жуа береді. Сол үшін орындықтың желке тұсын кішкентай ойып қойған.

Адам баласының шашын шалқалап жатқызып қойып жуады дегенді көрмек түгілі естімеген кезіміз ғой. Ауылда басыңды иіп тұрасың, екінші адам ожаумен басыңа су құяды, болмаса шылапшынға еңкейіп өзің жуасың... Мұндайды кім көрген... «Орыс қыз кеп: «әлі дайын емессің бе?» деп жүре ме деп, орындықтың үстіне тізерлеп шықтым да, әлгі ойыққа иегімді қойып, басымды төмен қаратып тұра қалдым.

Сол күнгі орыс қыздың күлкісі әлі есімнен шықпайды. Орындықтың үстінде тізерлеп, денемді иіп, ойық желкесіне иегімді қойып тұрған мені көріп шаштараз қыз күлкіден тұншығып, соңында жерге отыра қалып күлді. «Жынды ма?» деп, ойықтан иегімді көтермеген күйі көзімнің қиығымен қарап қоямын... Қыз қолын сермеп, күліп жатыр, күліп жатыр...

Сол күнгі кейпім көз алдыма келсе, жынды адам құсап өзім де күле беремін. Шынында түк көрмеген бала екенбіз ғой...

 

Поворот

Отырар аудандық газетінің бас редакторы Төпен ағамыз бірде қызметтік көлігімен Шымкент қаласына келіп, көше қиылысынан дұрыс бұрылмай, МАИ қызметкеріне ұсталыпты. Көліктен түсіп жөн сұрасса, ала таяқты жігіт ара ағайындыққа көнбейтін көрінеді.

Сөйтсе Төпекең:

– Әй, айналайын, осы Шымкентте қанша поворот болса, соның әр қайсысына 500 теңгеден берейін, – депті.

МАИ қызметкері:

– Ой, көке, өзіңіз аузыңыздан қағынып тұрсыз... Шымкентте не көп, поворот көп қой. Оның бәріне 500 теңгеден беруге шашыңыз жетпейді. Одан да он-он бес повороттың ақшасын тастап кете беріңіз...

Сонда Төпен аға:

– Жоқ, айналайын... Шымкентте екі-ақ поворот бар. Біреуі – оңға, біреуі – солға... Басқа поворот көріп тұрғаным жоқ, – деп, «майшниктің» қолына мың теңге ұстатып кеткен екен.

Маи

«Ашу – дұшпан» деген рас екен. Ашулан-ған кезде адам баласын жақтырмай кетесің ғой. Мен ашуланған кезде келіншегім үйде аяғының ұшымен жүреді. Аузындағысын айтсам ба екен, айтпасам ба екен дегендей қас-қабағымды бағып отырады.

Өткенде үйге өзімше ашуланып келгенмін ғой. Қабағым түксиіп, тынысым тарылып, тарс-тұрс етіп жүрсем, келіншегім бірнәрсені айта алмай, ары-бері көлбеңдей береді. «Не болды?» дедім бірден. Күмілжіп тұрып айтты. Күн сайын жетінші сыныпта оқитын баламды көлігіммен мектептен алып қайтып жүрмін ғой. Кешкі сағат тоғыздан кейін. Енді бүгін бір ата-ана келіншегіме телефон шалып, жұмыстан шыға алмай жатқанын айтып, баласын үйіне жеткізіп тастауды өтініпті. Бірақ ол бала қаланың екінші басында тұрады екен. Біздің үй мен ол жақ тіптен алыс.

– Сонда түн ішінде қаланың ана басына, теміржолдың ар жағына барамын ба?

– Енді амал жоқ қой, Орал! Бір өтініп қалған екен...

– Машинасы жоқ деп айта салмайсың ба?

– Енді ұят қой, Орал...

Сонымен қабағым түксиіп, мектепке кеттім. Менің балам мен әлгі бала мектеп қақпасының алдында тұр екен. Сигнал бас-тым. Жүгіріп кеп екеуі салонға отырды. Әлгі бала қолын созып, амандасып жатыр. Салқын амандастым-ау деймін. Екі бала да көңіл-күйімнің жоқ, ашулы екенімді бірден сезді. Рульге жабысып, бедірейіп отырмын. Тіпті екеуі отырған арт жаққа мойын бұрмаймын. Тым-тырыс келе жатырмыз. Құдай біледі, екеуі де сөйлеуге менен бата алмай отыр.

Айттым ғой, «Ашу – дұшпан» деп... Ашуланғанда көзің тұманданып, айналаңды көрмей қаласың ғой деймін. Мектептен енді ұзай бергенде бағдаршамның сары шамына өтіп кетіп, МАИ-дың ысқырығы шыр ете қалғанда есімді бір-ақ жинадым.

Иә, МАИ қызметкері маған ысқырыпты. Қызыл таяғын шолтаң еткізді де, көшенің шет жағын көрсетіп, тоқтауымды өтінді.

Ал, сонымен басталды. Құжаттарды көрсеттім. Бір қарады да, көліктің ішінде отырған МАИ қызметкеріне бере салды. «Журналист едім» десем, түсінбейді. Протокол толтырайын деп жатыр. Танитын МАИ қызметкерлерінің атын-жөнін айтып,  тізіп шықтым. Пысқырмады да... «Соларға телефон шалайын» десем, «Сөйлеспеймін» деп бедірейеді.

Не істерімді білмей, сыртта мәңгіріп тұр едім. Көліктен әлгі бала түсті. «Әй, шықпаңдар көліктен, тыныш отырыңдар...» дегенімше болған жоқ. Әлгі бала көше бойында тұрған МАИ қызметкеріне: «Бақтияр көке, қалайсыз? Мен ғой... Біржан» деп, айқайлады. Ұзын бойлы МАИ қызметкері жақын кеп, жарықты қолымен көлегейлеп, тесіліп қарады. Сөйтті де: «Ой, Біржан, сен қайдан жүрсің?» деді күлімдеп. Зу етіп мен де жетіп бардым.

– Сабақтан шықтым. Мына ағай үйге жеткізіп тастауға апара жатыр... Мен бұл кісінің баласымен бірге оқимын...

Формалы жігіт маған бір, жас балаға бір қарады.

– Жүр, біздің көлікке мін. Өзім жеткізіп тастаймын.

– Жоқ, осы көлікпен-ақ бара беремін, – деді бала.

– Иә, иә... Өзім-ақ жеткізіп тастаймын ғой. Баратын жері мына тұрған жер... Әуре болмай-ақ қойыңыз – деп, мен де зуылдай бастадым. Әлгі ашуымнан жұрнақ та қалмаған.

– Жақсы, онда жолдарың болсын! Әпкеме сәлем айт!

Ұзын бойлы МАИ қызметкері көлігіне барды да, құжаттарымды лезде алып шықты.

– Бауырым, інімді үйіне дейін жеткізіп тастай сал... Мақұл ма? – деді құжаттарымды қолыма ұстатып жатып...

– Әрине, әрине...

Үшеуміз жолда келе жатырмыз. Тағы да тым-тырыс отырмыз.

– Сабақтарың қалай? – дедім бір кезде. Даусым жұп-жұмсақ.

– Жақсы.

– Бүгін баға алдыңдар ма?

– Жоқ, бүгін баға қоймады...

– Сенің есімің Біржан ба?

– Иә, Біржан...

– Жаңағы МАИ кімің болады?

– Нағашы ағам...

– Ә, дұрыс екен... Папаң мен мамаңа айтып қой, егер жұмыстан шыға алмай жатса, бірден бізге телефон шалсын... Онсыз да мектепке күн сайын келемін ғой... Апарып тастауға қиналмаймын...

– Мейлі, айтамын...

«Ұялған тек тұрмас» деген, содан сол баланың үйіне жеткенше үшеуіміз әңгіме айтып бардық.

 

Бастық

Бір күні көлігін әрең-әрең жүрігізіп келе жатқан Бақытжан Советұлы ағамызды МАИ қызметкері тоқтатыпты. Сірә, тарақандар сияқты ақ сызықты басып өтіп, ережені өрескел бұзса керек. «Журналист едім, жиналысқа асығып барамын» десе де МАИ-шник көнбепті. Болмаған соң: «Айналайындар-ау, МАИ мен журналистер пәшти бірлесіп жұмыс істейді. Күніміз полицияның іс-шараларын көрсетумен өтеді. Сенің бастығыңды да жақсы танимын...» десе, анау «Ну, што... Танысаңыз, сол бастыққа звандасаңызшы...» деп, илікпейтін көрінеді.

Намыстан жаралған қазақ емес пе? Бәкең бірден телефонын қолына алады. Звандайды. Сөйтеді де, «Мені МАИ ұстап, жібермей жатыр, бір ауыз айтыңызшы...» деп, бір-екі ауыз сөйлесіп, телефонды полиция қызметкеріне береді ғой. Анау «Бұл кім?» дегендей сұраулы жүзбен қарайды. «Бастық...» дейді Бәкең сыбырлап... «Бастық» дегенді ести сала полиция жігіт сымдай тартылып, телефонды құлағына тақап: «Саулығыңызды тілеймін!» деп, лыпылдай жөнеліпті. Екі сөзінің бірі: «Жақсы, жақсы... Болды, болды... Қазір жіберемін... Ондай-ондай болады ғой, әрине...». Сонымен МАИ-шник Бәкеңе телефонын беріп, құжаттарын қайтарып, «Бара беріңіз...» депті. Қуанып кеткен Бәкең енді бұрыла бергенде полиция қызметкері: «Аға, шынымен бірден біздің бастықтарға звандағаныңыз не? Бірақ қай бастық екенін аңғармай қалдым... Қайсысына звандадыңыз?...» деген ғой ыржиып.

Сөйтсе, дәл осы жерде тып-тыныш кете беретін-ақ жөні бар Бақытжан ағам:

– Сенің бастығыңды қайдам, мен өзімнің бастығыма звандағам... – деп тұр дейді.

Сөйтсе, Бәкең шынымен өзінің бастығы, Жамбыл облыстық телеарнасы төрағасының орынбасары Асқарбек Сейілханға телефон шалған екен. Мамандығы актер Асекең лезде рөлге кіріп кеткен ғой.

– Аға, қызықсыз ба, сіздің бастығыңыздың бізге не қатысы бар... Еще, тағы адамның жүрегін ұшырып... – деп, полиция жігіттер Бәкеңді қайтадан «қораға» кіргізіп, бес-он теңгесін алып, әрең жіберіпті.

Сексеуіл

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болса керек. Бірде Мойынқұм ауданында тұратын екі полиция қызметкері сексеуілді заңсыз отаушыларды ұстап, ақша істемекші болып, жолға шығады. Мезгіл – қыстың кезі, ақ боран ысқырып түтеп тұр екен. Жеңіл көлікпен үлкен жолдың қиылысына кеп тұра қалады.

Көп күтпейді. Бір сағаттан кейін-ақ тележкасын сексеуілге толтырып, қара түтінін бұрқыратып, ышқынып келе жатқан трактор көрініпті. Тоқтатады. Шынында сексеуілдің ешқандай рұқсат құжаты жоқ. Қыспаққа алады. Трактордың руліндегі жігіт ағасының тісі ауырып жүрген бе, әлде суықтан қымтанып жүрген бе, әйтеуір аузын қалың бөкебаймен орап алған екен. Даусы әрең естілетін көрінеді. Екі полицейдің арам ойын сезе қойған тракторшы: «Жігіттер, келісейік, жолын жасайын..» деп иіле кетеді.

– Не бересің? – депті сонда полицейдің бірі.

Тракторшы бөкебайынан тұмсығын сәл шығарып:

– Үйде екі бием бар еді, соның біреуін берейін, – депті өлімсіреп.

Бұл қуанып кетеді. Дереу көлікте отырған екінші полицейге жүгіріп барады: «Ойбай, анау «Бие берем» деп жатыр, не істейміз?». «Келісе бер, бие болмаса да, биенің ақшасын беретін шығар» депті ол.

Сонымен екі жақ қол алысып, трактор алдыға түсіп, жеңіл көлік соңынан ереді. Көп жүрді ме, жоқ, аз жүрді ме, әйтеуір бір кезде ауылға келеді. Тракторшы өз үйінің кең ауласына еркін кіріп, тележкадағы сексеуілді төңкеріп тастап, жүгіріп үйіне кіріп кетеді. Полицейлер қолын ысқылап, «Шынында биенің ақшасын беретін болды-ау...» деп қораның қалқасында күтіп тұрыпты. Бір кезде тракторшы кісі үйден асығыс шығады. Қойнына жасырып алған бір заты бар сияқты. Қорбаңдап келіп, бұлардың қолына бір шиша арақты ұстатыпты да: «Жігіттер, жақсы, сау болыңдар?» деп, бұрылып жүре беріпті. Мынау екеуі аң-таң. «Ей, тоқта, мынауың не?» дей берсе, тракторшы қайтадан бұрылып: «Екіншісін өзім ішемін...» деп үйіне кіріп кетіпті.

Сөйтсе, аузын бөкебаймен тұмшалап алған тракторист кісі «Үйде екі бием бар...» деп емес, «Үйде екі «БМ» бар еді...» деп айтқан екен. Біреуін полицияға берді, енді екіншісін де сұрап тұр екен деп, «Екіншісін өзім ішемін...» деп айтқаны да сол екен. Ол жылдары Тараздан «БМ» деген арақ шығып, біраз жыл дүрілдегенін ел әлі ұмыта қойған жоқ.

– Міне, Мойынқұмда «қызылға» ұмтыл-ған екі полиция қызметкері осылайша қызық жағдайға тап болған екен.

 

2532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы