• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2021

ҚАПАСТАН КЕЛГЕН ХАТ

«Балаңды тәрбиелеу үшін  өзіңді тәрбиеле» дейді

Аян бүгін ұйқысынан ерте оянды. Тағы да ұрыс-керіс, айқай-шу, күнде осы тіршілік қайталана береді, жалықты. Анасының айқайы, маскүнем әкесінің балағат сөздері інісі екеуін әбден мезі етті. Соңғы кездері көңіл күйі қатты бұзылып жүр, жаны тыныштықты қалайды. Бала жүрегі бақытты отбасы болып, ата-аналары жайдарлы, ел қатарлы өмір сүрсе деп армандайды. Аян қазір ержетіп келеді, жасы 15-те, мектепте сабағын жақсы оқыды, кейінгі жылдары сабағы нашарлай бастады. Маскүнем әкенің жанжалынан кейде үйінен қашып, көп уақытын  өткізеді. Соған  қарамастан тағдырына көніп, жаман жолға түспеуге, адал өмір сүруге өзіне уәде берді. Ол өскен сайын ақылы толып, айналасына байыппен қарайтын. Отбасында  өтіп жатқан сұрқысыз өмір мен әкесінен жеген таяғына да еті үйренген. Маскүнем әкесінен өлердей қорқады, қатыгез әке  бала кезінен, бауыры екеуін қатал тәрбиемен өсірді. Қит етсе болды,  бірдеңе бүлдіріп қойса, әкесіне қарсы шықса да, сабақтан кеш қайтса да жазалауға ұшырайды. Әкесі оларды кішкентай кезінен шырылдатып белбеумен ұрады. Кейде денесі тіпті көгеріп, белбеудің ізі ұзақ кетпей жүреді. Аян бала кезінде дәрменсіз еді, енді өскен сайын  әкесіне деген ашу-ыза ішіне жинала-жинала жек көру сезімін өршіте түсті.  Анасы екеуі жанжалдасқанда, талай араша түсіп, өзі де нешеме  соққыға жығылды. Бұрын бұлардың үйінде де тыныштық болған, отбасы жақсы өмір сүрді. Әлеуметтік жағдайлары жақсы, әкесінің  тапқан табысы отбасын асырауға жеткілікті.  Ешқандай таршылық көрмеді. Аянның анасы небәрі 20 жасында өзінен 27 жас үлкен ер азаматқа тұрмысқа шықты. Аянның әкесі бұрын отбасын құрып, бірінші әйелімен ажырасып кеткен. Аянның анасы екінші әйелі, бірінші әйелінен бір ұл бір қызы бар, қазір олармен араласпайды. Аянның анасынан екі ұл бала сүйді. Заңды некелері жоқ, анасы азаматтық некеде болды. Басында бәрі жақсы болды, ешқандай таршылық көрмеді, жегені алдында, жемегені артында, киімнен де таршылық жоқ, ауылдарында бай, ауқатты отбасының бірі еді. Кең боз сарайдай үйінде жолдасының алыс-жақыннан қонақтары үзілмейтін, күнде думан, күнде той өміріне де үйренген.  Осының бәріне шыдап, отағасының қабағына қарап өмір сүрді. Ендігі ойлаған арманы – болашақ балаларының өмірі, солар жақсы білім алып, жақсы өмір сүрсе деген ананың басты арманы. Өзінің көрген тағдыр тауқыметін балалары көрмесе, қиыншылық көрмесе, тек жақсы өмір сүрсе деп армандайды.

Аянның  анасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан болды.  Жастайынан  ата-анасынан  айырылып, туысқандарының қолында жүріп өсті. Жоғары білім де ала алмады. Туысқандарының бала-шағасын бағып, солардың отымен кіріп, күлімен шығып жүргенде оны зорлықпен тұрмысқа берді. Өзі де  жоқшылықтан жалығып, ел сияқты бір жаңа көйлек те кие алмады, туысқандарының босағасында жүріп басына талай қиыншылық түсті, содан құтылғысы келді ме, өзінен 27-жас үлкен адамға тұрмысқа шығуға бел байлады. Алдында не күтіп тұрғанын өзі де білмеді.

Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да, өзін бақытты, баянды өмір күтіп тұрғандай армандап, қиялдайтын. Жолдасы оны сыйлап, ешқандай ауыр сөз де айтпады. Ақыл айтып, бала тәрбиесіне де араласып, жұмыстан кеш қайтса да бір уақыт балаларына көңіл бөлетін. Балаларын қосымша сабақтарға, үйірмелерге қатыстыруға ақшасын аяған жоқ, мектепте Аян сабағын 4-сыныпқа дейін өте жақсы оқыды. Аянның спортқа деген қызығушылығы өте жоғары болды,  семсерлесу курсына қатысты, біраз жетістіктерге жетті. Бір жылдан соң, әкесі қарсы болғандықтан бұл спортпен қош айтыс-ты. Уақыт өтіп жатты. Аянның әкесі соңғы жылдары жұмысында қиыншылықтар болып,  қысқарып қалды. Отбасылық жағдайлары нашарлай бастады. Әкесі қол қусырып отыра бермей қара жұмыс болса да істейін деп, базарға шықты, ақша үнемі бола бермейтін, кейде бар, кейде түк жоқ, өзі келеді. Базарда не оңған жұмыс болсын, қолында ақшасы болмағандықтан әкесі жалдамалы жұмыстар жасады, кейде нанға да ақша таппай қалады, себебі базардан жаңа дос-тар тапты, тапқан аз-маз нәпақасына ащы су алып, достарымен бөлісіп ішіп, үйіне мас болып қайтатын, келе сала жоқшылық есіне түсіп, жанжал шығарып, қол көтеруді бастады, балаларына да тыным жоқ, оларды да соққыға жығады. Аян әбден жалықты, үйде төбелес, жанжал болса, сыртқа шығып көшеде жүреді. Маскүнем әкесіне деген жек көрушілігі пайда болды. Ұрыс-керістен анасы да мезі болды, бауыры болса шырылдап жылай бергеннен басқа қолдан келері жоқ. Көршілері де  осы отбасында болып жатқан жағдайлардан хабардар еді.

Ауылдың учаскелік полициясын да талай шақырып, есепке алды, бір-екі күн қамап  қоя беретін. Аянның анасы көп ойланып, барлық күш-жігерін жинап, бұл үйден қашып кетпекші болды, баратын жері болмағандықтан, жеке  өмір сүру үшін жұмыс жасап, балаларын бөлек алып тұрмақшы болды. Анасы ойлана-ойлана үйінен  кетуге бел байлады. Жолдасының тұрмысқа шыққанда «егер үйден кетсең, сені өлтірем» деген сөзі әлі миында тұр. Ол кезде  жас еді. Енді 2-баланың анасы, есті әйел, жас кезінен де жетім өсіп, өмірден таяқ жеген әйел отбасын құрып, бақытты өмір сүргісі келген болатын, ол өмір бұған бұйырмапты. Көз жасын көл қылып бір жылап алды да, Аян мен бауырына  үйден кететінін, кейін келіп  алып қайтатынын айтып қош айтысты. Аян анасына сеніп, бауырын құшақтап үйінде қалды. Сенбес-ке амалы жоқ, бұл өмірде жалғыз құтқарушысы жалғыз анасы сияқты көрінді.

Күн батып, ымырт  бола бастады, әкесінің жұмыстан келетін уақыты болды, Аянның кеудесінде қатты қорқыныш пайда бола бастады, себебі анасы жоқ, әкесі шу шығаратынын ойлап, бауырын құшақтап, тәтті ұйықтап қалды.

Оянса түннің бір уақыты сияқты, есік ашылып, маскүнем әкесі келе жатты, бала жүрегі шымырлап, қатты қорыққаннан денесі қалшылдап кетті.

Әкесі тып-тыныш,  ешқандай шу шығармай, тіпті анасын да іздемей ұйықтап қалды. Қорқынышты түн тыныш өткеніне қуанып, Аян бауырының қасына келіп ұйықтап қалды. Аян төсегінен ерте оянып, таңғы асын дайындап, бауыры екеуі мектепке дайындалуға тұрды. Әкесінің бөлмесіне көзін салып қойды. Әкесі қорылдап ұйықтап жатыр. Бауырын асықтырып, тез тамақтарын ішіп, үйде үлкен дауыл болмай тұрғанда мектепке кетіп қалды. Түсте келсе әкесі ұйқысынан оянып, анасын іздеп жатыр екен. Аяннан қайда кеткенін  айқайлап сұрай бастады.

Аян таяқ жесе де анасының қайда екенін айтпауға өзіне уәде берген болатын, білмейтінін айтты. Әкесі орнынан тұрып, әйелінің кетіп қалғанын біліп, далаға іздеуге шықты. Аянның анасы орталыққа, бір  құрбысының үйіне кетіп қалған болатын.

Аянның әкесі туысқандарына кеткен шығар деп, көрші ауылға барып келмекші болды. Үйіне келіп киімін ауыстырып, балаларын үйден қашып кетсеңдер өлтіремін деп  қорқытты. Аян бауыры екеуі ешқайда  бармайтындарын айтып, үйлерінде қалды. Аянның анасы біраз күн үйіне оралмады. Күйеуі ақыры іздеп оны тапты. Туысқандарын қорқытып, қашып кеткен құрбысының үйінен әйелін алып келді. Келмесе, балаларын өмір бақи көре алмайтынын айтты. Тағы да отбасында тыныштық бұзылды, әкесі мен анасының ұрыс-керісі одан әрі ушықты.

 Аянның әкесі ауылдан кетуге бел байлады, өйткені абыройдан жұрдай еді. Оның қаталдығы, отбасын жазалауы, әйелінің күнде таяқ жеп жүргені туралы өсек-аяң құлағына түрпідей тиді. Бұрын ауылында ауқатты отбасы болатын, қолында  бәрі бар, ешкімге зия-ны жоқ еді. Ақыры бұлар орталық ауданға қарай көшті. Дайын үй сатып алатын ақшасы болмағандықтан пәтер жалдап тұрды. Анасы жұмысқа шықты ұсақ-түйек бірдеңе сатып, күнделікті напақаларына жететін,  табыс тапты әкесі де жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Отбасыларында аз да болса тыныштық орнап, ел қатарлы өмір сүріп жатты.

Аян мектептен бірде  кеш қайтты. Сергігісі келді, жолда келе жатып жаңа көршілерінің баласы Жанатты көрді, ол үйінде компьютер барын айтып, Аянды қонаққа шақырды.

Жанаттың үйі әдемі екен, үйлері кең, жарық, үш бөлмелі. Жанат үйінде жалғыз ерке бала екенін айтып мақтанып қойды. Анасы үйінде екен, ол қонақ балаға тамақ беріп, сабақтарыңды жақсы оқыңдар деп өз бөлмесіне кетіп қалды. Жанат компьютер ойнаудың шебері екен. Ол Аянға неше түрлі ойындар көрсетіп, өз өнерін мақтан етті. Тіпті Аянға да аз-кем жеңіл ойындарды үйретті. Кейін ата-анаңа компьютер сатқызып ал деп ақыл да айтты. Аян ата-анасының тапқан табыстары тамақтарынан артылмайтынын  айтуға намыстанды. Тек үндемей басын изеді. Уақыт өтіп жатты. Аян ауылдан көшіп кеткені  жақсы болды деп ойлады, мектепте де мұны ешкім танымайды. Өйткені маскүнем әкесін балалар мазақ қылып, Аянның бетіне басатын. Мектепте ұялып ешкіммен дос болмайтын, жалғыз өзі елден бөлек жүретін, мектептен қайтарда бауырын ертіп екеуі қайтатын. Қазіргі жаңа мектебі жақсы, сабақ үлгерімі жақсы болмаса да ақырындап үйреніп, бейімделіп келеді. Кейбір сабақтары жақсы, анасы да бұларға ұрса бергенді қойды. Әкесі де ұрыс-керісті азайтты, бұрынғыдай емес арағын қойды, анда-санда болмаса, үйлерінде ақырындап тыныштық орнады.

Аян Жанатпен дос болып жүріп, компью-терлік ойынды жақсы меңгеріп алды.  Анасына мектепте көп тапсырмалар компьютермен жасалатын, басқа балаларда бар екенін айтып шағымданып, ақыры компьютер алғызды. Аянның арманы орындалды. Ол кеш болса үйден шықпайды, үйіне келе сала сабағын тез орындап, ойынға кіріседі. Қадағалаусыз болған соң  ешкім шектеу қоймайды. Сөйтіп жүріп бұл 4 жыл бойы компьютерлік ойын ойнап, өзге бір қиял әлемінде жүрді. Тіпті, әкесінің арақ ішіп, үйлерінде жанжал шығарып, аямай соққыға жығатынына да мән бермеді. Кейде мектепте сыныптастарымен бірге қыдырып, киноға барып, үйлеріне кеш қайтатын. Есейіп, өмірі өзгере бастағандай. Бауыры да оны мазалмайтын болды. Ол сабақтан келе сала компьютерге отырады, тамағын да осында отырып іше салады. Санасында тек компьютерлік ойын ғана тұрды.  Уақыт өтіп жатты. Аянның анасы әкесімен ұрысып қалып, біраз уақыт бөлек тұрды. Аян әкесімен тұрғысы келмеді, бірақ оқуынан кетпеу үшін, мектебі өзіне ұнағасын қатал әкесінің қолында қалуды құп көрді.

Анасы әкесімен қайтадан қосылып тұрып жатты. Әкесі соңғы уақытта арақтан бас алмайтын болды, күнде ұрыс-керіс. Бауыры, анасы үшеуі кешкі тамақ ішіп отырған болатын, әкесі бірде ерте келіп,  мас күйінде анасының ас үйде кешке дайындап қойған тамағын ішпей, үстелден лақтырып жіберді. Тағы ұрыс-керіс басталды. Анасының басынан төпештеп ұра бастады. Аян анасын аяп, арашаламақ болған еді, әкесі қолмен қатты ұрып жіберді. Аян ашу-ызадан қалшылдап кетті. Анасын әкесі оқтаумен тарсылдатып ұра бастағанына шыдай алмай, ас үйдегі пышақты қолына алып,  әкесінің кеуде тұсынан қалай бірнеше соққы жасағанын өзі де білмей қалды.  Бір-ақ күнде, Аян 15 жасында қылмыскер атанды. Бозбала шағы енді темір тордың арғы  жағынды өтеді.

Туған әкесін өлтіргенін растап, сот оны Қазақстан Республикасының  қылмыстық кодексінің 99 бабы 1-тармағы бойынша, ҚК 55 бабы  бойынша   кәмелеттік  жасқа  толмағандығын ескеріп, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Осылайша кішкентай Аян бір-ақ күнде қанды қол қылмыскерге айналды. Аянның мектебі, ауылы мұндай қылмыс жасаған кішкентай жасөспірім оқиғасына дүр сілкінді. Біреу аяушылықпен қараса, енді бірі мұны айыптады, туған әкесін өлтірген қылмыскер жазасын темір торда өткерсін деп жек көрді. Қазір ол темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатыр,  бұл жасаған қылмысының жазасын өтеп тезірек, анасымен, бауырымен қауышқысы келеді. 

Қазірігі уақытта жасөспірімдер арасында қылмыс саны артқан, оған кім кінәлі?

Бала тәрбиесіне қазақ халқы қашан да ерекше мән берген. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, балалардың үйдегі тәрбиесіне келгенде ешбір ата-ананың аянып қалмайтыны рас. Дегенмен, заман ағымына сай жұмысбастылықпен қазіргі таңда бала тәрбиесі кейінге қалып барады десек артық емес. Қазір балалар өз еріктермен өмір сүруде. Неге десеңіз, әлеуметтік желіде көп отыратын кәмелеттік жасқа толмаған қараусыз балалар не көріп, не үйреніп жатқанынан, шыны керек, кейбір ата-аналар мүлдем хабарсыз. Сондықтан болар, соңғы кездері жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық азаймай тұр. Оның соңы түзеу мекемесімен аяқталуда.

– Бала қылмысты бекер жасамайды. Олардың ұрлық жасауына, төбелесіп, біреуге жәбір көрсетуіне де отбасындағы тәрбиенің жетімсіздігі немесе ата-аналарының бейқамдығы себеп болады. Әке-шешесінің жан жылуын сезінбей өскен баланың мінез-құлқы толық қалыптаспай, ауытқып тұрған шағында қылмысқа ұрынады. Міне, осындай жылулыққа мұқтаж жасөспірімдердің мінез-құлқын жақсы жағына қарай өзгерту, соны жүзеге асырушы адамның өзінен парасаттылық пен имандылықты, ең бастысы, шыдамдылықты талап етеді.

Қазіргі қоғамда алаңдататын басты мәселелердің бірі осы – жасөспірімдер арасында соңғы кезде қылмыстың көбеюі. Осындай ауыр қылмысқа баратын жасөпірімдердің мінез-құлқының ауытқуына түрлі жағдайлар себепкер болады. Мысалға алып қарасақ, Аянның тағдыры, сонымен қатар ақша тапшылығы, жұмыссыздық сол жанұядағы баланы дала кезу, ұрлық жасау, кісі тонау секілді қылмыстарға итермелейтіні ащы да болса шындық.

Сондай-ақ, адамның ерік-жігері мен санасына қоршаған орта да ықпал ететіні анық.Бала жасөспірім кезінде аса еліктегіш, зиянды әдеттерге тез әуестенгіш келеді.

Сондықтан да, бала тәрбиесіне ең бірінші кезекте отбасы баса назар аудару керек.

«Тентегін тезге салған текті елдің» ұрпағымыз. Ең алдымен, ата-анасының өзі үлгі болу керек. Балаңды тәрбиелеу үшін өзіңді тәрбиеле. Отбасындағы әрбір ересек адам баланың әбден ақылы толысып, өз ісіне дұрыс баға бере алатын жасқа жеткенше әр қадамын қадағалау керек. Абай атамыздың жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі – білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге неге бүйтеді?», деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен үйренсем екен деген үлкен пәлсапалық ой жатыр», – дейді. Қазіргі уақытта Аян сияқты балалармен түзеу мекемесіндегі қызметкерлер әр түрлі жұмыс жасауда. Балалармен баланың тілінде сөйлесу арқылы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, өткен ісіне өкінішпен қарауға үйретеді.

Балалардың жаны нәзік. Сырт көзге білдіргілері келмегенмен, әрдайым сенен бір жылы сөз естуге, қолдауға зәру. Ол тіпті қанды қол қылмыскер бала болсын.  Сондықтан, әр баланың жүрегіне тиісті кілт таба білу керек. Кейбір қылмыскер балалар неге қылмысқа барғандарын өздері де кейде түсіндіре алмайды. «Менің де басыма сынақтар түсті, жастайымнан қара өмірдің дәмін татып, қателікке бой алдырдым. Осынша жылдың ішінде, ұзақ ойлардың нәтижесінде өмірден үлкен сабақ алып, жіберген қателіктерім үшін өзіме есеп бердім. Жаңа ақ парақтан бастап жазылатын жаңа өміріме, жаңа болашағыма сенімім айқындала түсті. Ендігі өткен шақтың бұлыңғыр естеліктерін ұмытып,  бостандыққа шыққан сәттен бастап, жаңа өмірді жаңа қадаммен өзіме және жақындарыма лайықты етіп өткен істің қателіктеріне бой алдырмайтындай қылып жалғастырам» – дейді жасөспірім Аян.

Әрине, әрбір істің өз қиындығы бар, бірақ әркім өз мамандығының шебері болуы тиіс. Қандай да болмасын жағдаяттың шешімін табу мол жауапкершілік пен ізденімпаздықты, білімділікті талап етеді.

Хакім Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дегеніндей, біз өзімізді жас шыбықты баптап жатқандай сезінуіміз керек, бар күш-жігерімізді шыбықтың түзу өсіп, мол жеміс беруіне жұмсаймыз. Аянның аянышты тағдырына ұқсас оқиғалар  біздің қоғамда болып жатқанына сіз бен біз куә.

Еркегүл  Жеңісхан,

ЛА-155/6 мекемесі

 

2618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы