• Әдебиет әлемі
  • 20 Мамыр, 2021

Ой, тас...таяқ!

Балапан БАЗАР

Бильярд деген ойын бар,

Сор қайнатқан сол жайлы

Ой бөліспек ойым бар.

Біреу келісер,

Біреу керісер,

Түптің түбі мойындар.

Орысшасы – бильярд,

Қазақшасы – «тастаяқ».

Ұтқандардың ұрты май,

Ұтылғанға – қас таяқ.

 

Тыңда,

Мұнда,

Кий болады.

Кийді киік қуғандай қуу үшін

Адамда ми болады.

Бәрі де жеңемін деп иланады.

 

Саусақ бүгіп санай бер,

Сайтан кийдің түрі көп:

Біреуі біртұтам,

Біреуі ірірек.

 «Мынау кий жақсы,

Әнебіреуі жаман» дейді.

Жалпы, ойнағыштарды

Бильярдтың майын ішкен маман дейді.

«Бұ заманда

Бейімделген маман да көп!»

Деп алаңдап ек.

«Ұясы алтау,

Екеуі ортада

Төртеуі бұрышта.

Енді осы дұрыс па?»

Деп біреуі дайындалды ұрысқа.

– Мыналар неге ортада,

Біз неге шеттеміз,

Жүрген жоқпыз текке біз!...

 

«Төртеу түгел болса,

Төбедегі келеді.

Алтау ала болса,

Ауыздағы кетеді» –

Деп Бас шар

Бірлікке шақырады.

Олар бұған көнбей аһ ұрады.

«Жалпы атымыз ұя,

Бізді неге бөлесіңдер? –

Сендер бөлмесеңдер,

Іштерің жарылып өлесіңдер!»,

Деп дауласады.

Бас шардың басын қатырып,

Жаға жыртысып жауласады.

 

Әйтеуір ызалы...

Түсінбейміз біз әлі.

Негізі бірлікті

Ниеті жамандар бұзады!

 

Баяғыда

Шардың бәрі ақ болатын.

Ақпыз деп мақтанатын.

Сөз бен істе айырма жоқ,

Тірліктері нақ болатын.

 

Рас,

Ішінде біреуі қызыл еді.

Қалғандары қатар түзеп тізіледі.

Қит еткенін қия бастырмай

Қызыл шар басқаратын.

Соры қайнап,

Сол шардан жасқанатын.

 

Тіпті,

«Үйімізде,

Төрімізде,

Портретте тұрған кім?

Ол қызыл шарымыз,

Ұят, ождан, арымыз!»

Деп әндететін.

Әндетпесе сән кететін.

– Бильярдтың биік шың асқары

жасасын!

– Ура!

– Қып-қызыл Бас шары жасасын!

– Ура!

Еміреніп еске алсақ,

Ертегі сияқты тура...

 

Қазір әйтеуір,

Бильярдтың түрі көбейді.

Бас бармағын қақайтып

«Во!» дейді.

Бірде ақ шар бөлініп:

– Қызылды қоспасақ болмайды.

Бөлінгенді бөрі жер,

Көріп жүрміз ондайды», –

Деп қатарға

Қызыл шарды қосып алды.

Сол сол екен:

– Түсінбеймін осыларды!

Немене, басың таз ба,

Ойы-бай-ау,

Қызылдан көрген құқайың аз ба?..

Тоқ етері,

Бас шар Қызыл болды.

Арада пыш-пыш, ызың болды.

 

Көп ұзамай

Көк,

Сары,

Жасыл келді.

Қара деген нәсіл келді.

Ойран-ботқа араласты.

Ақ шардың орнын

Біртін-біртін қара басты.

Тағы да Ақ шар:

«Оны неге тағайындады?

Былықпай  былай тұрсын,

Жұмыс істетпейді маңайындағы...».

 

Күндердің күнінде,

«Колхоз» деген ойын пайда болды.

Оны меңгергендер

Аспанға ұшып, айға қонды.

Ойнап жүрген ел біледі,

Мұнда әр шардың құнын

Ұпайына қарай белгіледі:

Қара – 30 ұпай,

Жасыл – 20 ұпай,

Көк – 10 ұпай,

Сары – 5 ұпай,

Ақ – 2 ұпай.

Бетім-ай!

– Неге төмен құнымыз?

Ұят болады мұныңыз! –

Деп шардың бірі шықты.

Ішіндегі еті тірі шықты:

– Бар-жоғы бір-екі ұпайдан

Ақ шар қалай құтайған?!.

Құдайға шүкір,

Шар деген шаш етектен,

Неге ақтың құны жоқ!

Түбі солай етерін біліп ек...

 

Өс!

Өн!

Танысы бар бөгелмейді.

Табысы жоқ көгермейді.

Иә, солай,

Бас шарсыз ойын болмайды.

Басқасы мойындалмайды.

Құдіреті сол,

Айласын өзі құрады.

Ұратын шарын тез ұрады.

Бірін іштен,

Бірін сырттан домалатып,

Жобалатып,

Тас маңдайдан соғады.

Ондай құзірет

Ешбір шарда жоқ әлі.

Ол аз десеңіз,

Екі есе ұпай жинайтыны бар.

Сөйтіп, өзіне жасалған ереже

Өзгелерді қинайтыны бар.

 

Мысалы, қара шар ұнамай ма,

«Жетер, – деп, – мұның тыртаңы!»

Дереу көзін құртады.

Яғни, мысын басып,

«Жүнін» жығып жібереді.

Тіпті тілеулестерінің өзін

Тесікке тығып жібереді.

 

Меніңше, білгеннің артығы жоқ,

Оһо-о-о,

Бұл ойынның «тәртібі» көп.

Біліп ал:

 «Свой», «чужой» деген тілі бар.

Бұлар сөйтіп былығар.

Қызыл шардан күйетіні,

Ұрған соққысы

Бірде маңдайдан,

Енді бірде бүйірден тиетіні.

Сосын ана шетке бір ұрып,

Мына шетке бір ұрып,

Танытады ірілік.

Шығарған соң сілікпесін,

Басқа шар қалай үрікпесін?!

Тас болғасын ба,

Тайсалмайтын дүлей бір.

Шарлардың арасында осындай

үрей жүр...

 

Ақылға сия ма?

Қосақтап тығып ұяға

Бірінен соң бірін тоғытады.

Тоғытқан сайын көп ұтады.

Ішінде кім жоқ, бәрі бар.

Қара,

Жасыл,

Көк,

Сары бар.

Үстел – тұрағы.

Жиналған шарды

Алдымен өзі ұрады.

Тағы бір таяқ болады,

Оны «кемпір» дейді.

Кеңесін қажет етсе,

«Қане, келтір!» дейді.

Айтпақшы, Кийді мәпелеп,

Басын жиі борлайды,

Борламаса болмайды.

Ұсақ-түйек десек те,

Мұны да алу керек есепке.

Сосын,

Бір шарды ұрса,

Екінші шар шетелге қашқандай,

Айдалаға лағатыны бар.

Ондайда «Орнына тас қой!» деп,

Таудай айып тағатыны бар.

Әйтеуір қызыл түлкідей айласы көп,

Басқаларға пайдасы жоқ...

 

 

– Ойбай,

Ойбай!..

– Не болды?

– Ісіміз бөгелді,

Бізді дереу таратыңдар.

– Неге?

– Орнымызды басатын жаңа «әкім» бар.

Яғни, жаңа лек келсін!

Жаңа лекпен

Жаңарған леп келсін! –

Деп Сары шықты.

Соңынан ұбап-шұбап,

Қара,

Жасыл,

Көк...

Бәрі шықты.

 

Не керек,

Қыламыз деп керемет

Мерзімінен бұрын тарады.

Тарады да бір-біріне қарады.

Арада Бас шар

Анамен ақылдасқансып,

Мынамен мақұлдасқансып,

Ақыры дұрыс екен, – деді.

Тарату «Тастаяқтың» ырысы екен! –

 деді.

Бәрі

Әрі-сәрі.

Тарақандай тарағанға таң қапты.

Жо-жоқ,

Тарамапты – алдапты.

Жаңадан қайта жинаса,

Ескі тастың біреуі де қалмапты.

– Оппа-а!

Сол баяғы шарлардан

Басқа шар жоқ па?!.

 

           ***

 

Мысалымның аяғы –

Сол баяғы-баяғы...

Ой, бильярд!

 

175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №5

20 Мамыр, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы