• Руханият
  • 30 Сәуір, 2021

Қазіргі білім беру жүйесінің дамуына Әлихан идеяларының әсері

Мемлекеттің білім мен ғылым саласында жүргізіп отырған реформаларының нәтижесі мен білімнің қоғамдағы басты қажеттіліктерге сәйкес келуі – сол мемлекеттің оқу-ағарту саласын дамытудағы маңызды өлшемдердің бірі болып табылады. Тіпті қазіргі жаһанданған әлемде білім беру мен оқытудың мүмкіндіктері және қызметтері, қоғамның, мемлекеттің дамуындағы маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси факторларының  біріне айналып отыр.

Азия мен Еуропаның ежелгі өркениеттері де тал бесіктен жер бесікке дейін, яғни, өмір бойы білім алу қажеттілігін атап өткен. Жалпы, қай заман болмасын білім өз құндылығын ешқашан жоғалтпаған. Абай атамыз да өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі – білсем екен демелік. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп  көрсеткен. Ақын өзінің қара сөздерінде білімге, білуге ұмтылуды белгілі бір жас мөлшерімен шектемейді.  Яғни ұлы ақын Абай жалпы Еуропада қазіргі кезде өте танымал болып табылатын «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасын, оның маңыздылығын атап өткен. Әлихан Бөкейхан да білім беру жүйесінің, оның қазақ қоғамының дамуында жетекші роль атқаратындығын сол кездің  өзінде-ақ түсінген болатын. Оның озық ойлы идеялары да бүгінде жүзеге асып отыр.

Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы, ғалым, публицист, аудармашы, өз заманының аса көрнекті қайраткері – Әлихан Бөкейхан Нұрмұхамедұлы қазақ елінің білім деңгейін, ұлттық құндылықтарымызды  көтеруді қашан да бірінші орынға қойғанын ерекше атап өткіміз келеді. Семей облысы, Қарқаралы уезінде 1866 жылы дүниеге келген осы ұлы тұлғаның дүние есігін ашқанына биыл 155 жыл толып отыр. Қайраткердің алғаш студент кезінен бастап өзіндік көқарасы қалыптасып, саяси күреске белсене араласа бастағандығы баршамызға мәлім.

Әлихан Бөкейхан  алғаш 1894-1908 ж. Омбы орта мектебінде оқытушы, кейіннен Омбы қоныс аударушылар басқармасында жұмыс істейді. 1896-1901 ж. Тобыл губерниясы экономикасын зерттеуге арналған экспедицияның, содан соң Ф.А. Щербина экспедициясының құрамында қызмет атқарды. Осы кезден бас-тап ол қазақ елінің экономикалық жай-күйін, шаруашылығын, этнографиясын, оқу-ағарту саласын, тұрмыс-салтын, материалдық және рухани мәдениетін зерттейді. Экономист-ғалым ретінде орыс тілінде «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры», «Қазақтар», «Адай уезінің қазақтары» атты іргелі ғылыми еңбектер жазады. Газет беттерінде «Қыр баласы», «Туземец» деген бүркеніш аттармен көптеген публицистикалық еңбектерін жариялаған болатын.

Жалпы, қазақ халқының едәуір бөлігі үшін балаларды оқыту мәселесінің маңыздылығын, ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында халқына қызмет еткен тұлғалардың барлығы дерлік атап көрсеткен болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, патша үкіметі қазақтардың білімі туралы өзінің көзқарастарын күрт өзгертті. Қазақ даласындағы басқару туралы ережелер жобасын жасаушылар «қазақ балаларын оқыту діндарлық рухында, оны басқа халықтардан оқшаулау рухында тәрбиелейтін молдалардың қолында қалып отыр» деп жазды. Ә.Бөкейханов мектептерді ашуға және мешіттер салуға рұқсат берілмегендіктен олар оқуды «жасырын ұйымдастырғандығын» айтады. Сол себепті де, Алаш зиялысы Алаш партиясының бағдарламасында білім беру ісін жетілдіруді өзінің басты мақсаттарының бірі етіп қояды.

«Алаш» партиясы бағдарламасының «Ғылым-білім  үйрету» деп  аталатын  ІХ тарауында: «білім барша жұрттың игілігі болуға тиіс деген өте маңызды қағида бар. Бұл демократиялық әрі ізгілікті қағида еді. Кеңес үкіметі «қанаушы элементтердің» білім алу құқығын шектеді. Бірінші РКФСР Конституциясында (1918) былай деп жазылған: «Еңбекшілердің білімге шын мәнінде қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жұмысшылар мен ең кедей шаруаларға толық, жан-жақты және тегін білім беруді өзіне мақсат етіп қояды». «Алаш» партиясының бағдарламасы жалпы білім беру барша жұртқа: «қазақтарға да, орыстарға да, жұмысшылар мен шаруаларға да, кәсіпкерлерге де және басқаларға да таратылатын. Мектеп автономиясы, оқу үрдісіне үкіметтің араласпауы, мұғалімдер мен профессорлар сайланып қойылуы тиіс, оқу ордаларының есігі кімге де болсын ашық һәм ақысыз болу, жұртқа  жалпы оқу жайылу, бастауыш мектептерде ана тілінде оқу, қазақ өз тілінде орта мектеп, университеттер ашу, оқу жолы өз алдына автономия түрінде болу, ел ішінде кітапханалар ашылу...» және т.б ұсынды. Бұл идеялар қазіргі уақытта да өз құнын жойған жоқ.

Қазақ жерінің дамуына септігін тигізген Омбы қаласының, қазақ халқының мәдениеті мен ғылымына, әдебиеті мен өнеріне өзіндік дамуына әсер еткенін айтып өткеніміз жөн. Ертістің жағасындағы бұл қала ұлтымыздың талай біртума ұлдарының, оның ішінде Әлихан Бөкейханның да қанатын қатайтты. Тек тілі мен діні бөлек, қылығы мен ырымы басқа мұсылман баласын Омбы секілді ірі қалаларда орыс қоғамы құшақ жая қарсы алып жатпады. Қазақ халқының мәртебесін көтеру, оқу-ағартуды дамыту, қазақ жерінде қазақ балалары еркін білім алу мүмкіндігіне ие болуын, мектептер мен қазақ кадрларын даярлайтын жоғарғы оқу орындарының ашылуын армандаған Алаш зиялыларының ой-армандары енді жүзеге асты.

Тәуелсіз Қазақстанда қазақ балалары орта мектептерде тегін білім алу құқығына ие, қаншама қазақ баласы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде, тіпті шет елдерде білім алуда. Алаштың, Алаш қайраткерлерінің, Әлихан Бөкейханның бастауымен ХХ ғасырдың бірінші жартысында талай оқу орындары есігін айқара ашып, қазіргі кезде Қазақстанды әлемге танытуда. Сондай ғылым мен білімнің ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бүгінде ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттер мойындайтын алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының біріне айналып отыр.

Абай атамыз: «Халық үшін де, өзің үшін де дүниенің ең асылы білім-өнер. Сол өнер орыс-та. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас» демекші, Алаш зиялылары тек қана орыс жерінде ғана емес, өзге шет елдерден өнер-білім үйреніп, сол көрген-білгендерін қазақ балаларына үйреткен.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде бұл  идеялар Елбасының «Болашақ» бағдарлама-сында көрініс тауып, жүзеге асырылуда.Бостандық пен теңдік идеяларынан шабыт алған оқыған қазақ студенттері бүгінде өз Отанына оралып, жауапты қызметтерді атқаруда.

Роза Жарқынбаева,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Н. Бекжанова, магистрант.

 

4726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы