• Әдебиет әлемі
  • 30 Сәуір, 2021

Жанда қалар жаныңды ұққан жан ғана

Сәлім Жусанбай

 

Себебі

 

Түбі бір түсінер бір адам,

 Мені де мойындар, бұл әлем.

Ару да іздейді ұнатқан,

Түбі бір тербетсе, бір өлең.

 

Жапырақ түспейді күз болмай,

Қара аяз, қайтпайды қар жаумай.

Ару да бақытты болмайды,

Жанына жайғасып, біз бармай.

 

Шуағын шашатын әлемге,

Шынымен шырайлы, жарық күн.

Жанымен шуақты әйел де,

Азғантай өмірде, соны ұқтым.

 

Ай туып тұратын аспанның,

Жұлдызы жанбаса түн емес.

Тоғайдың әлемі құстарсыз,

Ән салып тұрмаса, түк емес.

 

Иімей бәрі де өледі,

Нәзіктік – сұлулық қорегі.

Жаныңның әдемі әлемі,

Шуағын аңсайтын, себебі.

 

Сыңғырлап ағатын бұлақ та,

Тасты да жібітер, жиі ақса.

Ару да жанымен ұнатпай,

Бақытты болмайды, бірақта.

 

Бірлік жоқта

 

Әр адамның өз пікірі,

Өз шындығы бары, рас.

Сен де мақтан өз ұлтыңмен,

Тәубасыз, құл жарымас.

 

Тура сөйле туысқа да,

Тек, басқаны кемсітпе.

Басты шабар  қылыш  қана,

Елдестіру елдікте.

 

Кешегі айтқан хәкім Абай,

Қай кезде де, бұл шындық.

Әлсіздердің әні солай,

Күйе жағу, күншілдік.

 

Өз көріңді өзің қазып,

Тиме текке табалап.

Өз иесін құтырған ит,

Білесің бе, талаған.

 

Тірілерге тура айтсаң да,

Өткендерге өштенбе.

Аруақ сыйлау әлімсақтан,

Тірлікте есең, кетсе де.

 

Жеңе алмайсың ұлтты аруақты,

Тәубасы бар сабырлы.

Жоңғары да, бар жауы да,

Жеңе алмаған, Қазақты.

 

Айқайламай, аттандамай,

Ұлтын сүйген қанша жан.

Бірлік жоқта бақ далбаса,

Басың алтын, болса да.

 

Бәлкім...

 

Иттің дос болғаны жақсы,

Бірақ достың ит болғаны жаман.

Шыңғыс хан

Шынымды айтсам жас бала,

Шырылдап жаны басқаға.

Шыбын жанын қияды,

Шын жылайтын, дос қана.

                                 Автор

 

Достық мүлде ойын емес жай  ғана,

Оны, сен де ойыншық деп ойлама.

Жанда қалар жаныңды ұққан жан ғана,

Доңыздармен дос болғаның, сор ғана.

 

Пәк көңілдің басын жұтқан сатқындық,

Есукейге у бермесе жазым ғып.

Жаны жастан түршікпесе, Шыңғыста,

Жер жаһанға жасар ма  еді, озбырлық.

 

Сабыр үшін тарттым көпке мұны сыр,

Досың үшін  қайралмайды қылышың.

Махамбеттің басын шаба алмайтын,

Сатқындығын, жасамаса туысы.

 

Кірген күні көз жетпесе көрге тек,

Айту бәрін оңай шығар тілге тек.

Тірі достың түбіне де жеткізер,

Түбіңе де жеткен күні, кейде өсек.

 

Тірімізді тірлігінде жерлесек,

Кімнің жақын, кімнің жауын білмесек.

Қызғаныштың, қызыл құртын үрлесек,

Тірі жүрген түлейлер де,  біз де есек.

 

Уақыт, өзі берер-ау

 

Үнімен ендім сәбидің,

Шыр-етіп, даусым жаңадан.

Босағасында там-үйдің,

Бауырына басты жан анам.

Осылай, алғаш қарағым,

Даланың сезіп шуағын.

Мейірін сезіп анамның,

Алақанында, жұбандым.

 

Еркелеп өстім ержеттім,

Жастықпен жүрдім желпілдеп.

Серкесіндей-ақ жер-көктің,

Көретін көздер, көрсін деп.

 

Ешкім де шертпей шекемнен,

Жүргенде, қамсыз қар басып.

Есейтіп қайда әкелген,

Уақыт, деген алдамшы.

 

Білмедік, рас қай уақ бұл,

Көкірек, әлі сарнап тұр.

Көңілде сәл-пәл баяғы,

Көктемнің, күйі ойнап тұр.

 

Алпыстың киіп шекпенін,

Аттандым, тәуба «МашаАлла»

Әкемнің жасын өткердім,

Атамның, жасын жасауға.

 

Бәріне  пендең көнер-ау,

Жігіттік қашты, шамасы.

Уақыт өзі берер-ау,

Бастың да, жастың бағасын.

 

Қарлығаштың  ұясы

 

Ұясына  қарлығаш  тимеңдерші,

Одан, сірә, кеміген  кімнің  несі.

Отауыңда  балапан  шиқылдаса,

Терезеңнен  төнеді  күннің  көзі.

Адал  құсым, кіре  ғой, үйіме  кір,

Балапаның  үн  қатса  күніге  бір.

Менің  кеудем  ашылып  ән  салады,

Сенің  нәзік  қосылып  үніңе  бір.

 

Ет  жүрегім  елжіреп  шын  ашыған,

Сен  болмасаң  қайтер  ем  расынан.

Ашылуын  есіктің  күтесің-ау,

Күн  шыққанда  ең  алғаш  ұясынан.

 

***

Ұясы  қарлығаштың,

Тілеймін  бұзылмауын.

Жат- жұртта  қарындасым,

Біреудің  қызын  алдым.

 

Құс  еді  қандай  әсем,

Мамығы  бауырында.

Бізді  де  өстіп  шешем,

Өмірге  баулыды  ма?

 

Анасын  әр  балапан,

Күтуден  талмайды  да.

Байқаймын  басқа  алақан,

Жұбата  алмайды  да.

 

Ұясы  қарлығаштың,

Тілеймін  құламауын.

Сенің  де  балапаның,

Тілеймін  жыламауын.

Менің  де  балапаным,

Тілеймін  жыламауын.

 

Мұзбалақтар мекені

 

Табанын тасқа тілдірген,

Мұз шайнаған шайырдың.

Қажытса да қу тірлік,

Мұңайғанын көрдің бе?!.

Автор

Біздер басқан,

Қыр, жотаны біреулер.

Өңі түгіл түсінде де,

Басқан жоқ.

Біздер көрген,

Мұз құрсанған шыңдарды.

Өзен сүйген жылғаны,

Талай мықты, көрген жоқ.

Біздер терген,

Қырдың гүлін біреулер.

Өңі түгіл түсінде де,

Терген жоқ.

Біздер киген түлкі тұмақ,

Қасқыр ішік біреулер.

Өңі түгіл түсінде де,

Киген жоқ.

Тасты тескен тамшы судың,

Көрдің бе сен ашуын.

Тулап аққан тентек өзен,

Білесің бе басы кім?!

Өзенге қармақ лақтырып,

Тірі балық ілдің бе.

Өзегің күйіп жылап тұрып,

Өзге үшін күйдің бе?

Қияны сүзген қыранға,

Қиқулап түлкі ілгізіп.

Тұяғы тимес тұлпарға,

Түсіңде болсын, міндің бе?!

Ұясын шыққан күннің де,

Қайда екенін білдің бе.

Мұзбалақтар мекені,

Тауда екенін, білдің бе.

 

***

Төбеде тұрып төменді,

Күміс күн ғана сүйіп тұр.

Құдіретің жетпей демегін,

Құз жартас, сенде биікпін.

 

Қара жерді құшып жатып-ақ,

Қара басыңды, жерге ұрдың.

Құз жартас құлап қақырап,

Қабырғаң, қалай сөгілді?!

 

Жаныңды төсеп жаңбырға,

Жатушы ең тосып кеудеңді.

Қарсылық қылмай тағдырға,

Қара тас, қалай берілдің?!

 

Тағдырдың ұзын құрығы,

Қыл мойныңа, іліп шылбырын.

Тас жүректердің көріп былығын,

Тас жүрегің, бәлкім жібіді.

Төменде тұрған төбенің,

Тау қайдан сезсін, бар мұңын.

Сүрінбей тұрып кім білген,

Сүрінген жұрттың тағдырын.

 

Шашылып жатқан шарасыз,

Шағыңды, көріп тұрмын мен.

Қу жалған қатал опасыз,

Қалмаған дейсің, бұл кімнен.

 

Аттандыр

 

Аттандырыңдаршы Хан-Тауға,

Қара суықта ақпанда.

Боз-ала бұлттар аспанды,

Боз кілем жерді жапқанда.

 

Ысқырып тұрып қара аяз,

Ышқынып қарып соққанда.

Жатқанда кәрі қарт таулар,

Бүркеніп ұлпа ақ қарға.

 

Көк мұзбен көзін көк сулар,

Көрсетпей бүркеп қатқанда.

Айдынын тастап аққулар,

Жылы жер іздеп тапқанда.

 

Қыранның есіп қанаты,

Қырларды сүзіп аққанда.

Қасқырдың ұлып тағаты,

Таусылған шақта ақпанда.

 

Шибұтта шырша, қайың, тал,

Шынымен сырға таққанда.

Қөктемді аңсап арулар,

Көрпесін теуіп жатқанда.

 

Кернейден шұбап  көк түтін,

Қырдағы үй отын жаққанда.

Аманатымды ақ боран,

Аттандыр, алыс Ақтауға.

1330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы