• Руханият
  • 30 Сәуір, 2021

Салт-дәстүр әлеміне саяхат

Бердалы ОСПАН

Қазақ  қалай  амандасады?

Ұлттық салттары халқымыздың рухани байлығының айқын көрінісі. Бұлай болуының өзінің себептері де баршылық. Қазақтардың байырғы өмірі жиі көшіп-қонуды талап ететін мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған. Сондықтан, өмірдің, тұрмыс-салттың ыңғайымен өмір сүрген. Бұл жағдай көптеген салттардың еркін қалыптасуына тудырды. Осындай салттардың ең бастысы амандасу. «Амандасу» деген сөздің өзі айтып тұрғандай, адамның аман-есендігін, денінің саулығын білу әрі тілектестік білдіру.

Ең басты амандасу

Қазақ ұлтының өзіндік төл амандасу әдет-ғұрпында үлкен кісімен «Армысыз», жасы кішімен «Армысың» деп амандасады. «Армысыз» деп амандасқан адамға «Бармысыз», «Бармысың» деп жауап қайтарылады.

Бұлай амандасудың түп-төркіні он бірінші ғасырда өмір сүрген ғалым Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінде» жазылған. «АР» сөзінің «Адам» және «Ар, ұят» деген мағыналары бар деп жазған терең білікті бабамыз. Сондықтан да, байырғы заманнан бері «Армысыз», «Армысың» деп амандасудың арғы жағында «Арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деген сұрақ тұр. Оған «Бармысыз», «Бармысың» деп, «Өзіңнің де арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба» деп сұрақпен жауап қайтарылып отырған.

Ақын Әділбек Қаба «Армысың!» атты өлеңінде ұлтымыздың ғасырлар бойы айнымай келе жатқан көзқарасын анық білдірген:

 

Армысыңдар, қазағым! Ар ма? Ар ма?

Сен – адамсың, ақ, адал, көңілің барда.

Таразыға түссе егер Ар менен Жан,

Арды сақта, кеудемнен жанымды ал да!

 

Әйел адамдармен амандасу

Жасы үлкен ер адамдар өздерімен қатарлас әйел адамдарға: «Қалайсыз, бәйбіше, отағасы, бала-шаға аман-есен бе?», бойжеткен қыздарға: «Айналайын, амансың ба?», құрметпен сәлем салып амандасқан келіншектерге, «Жақсымысың, келін, бақытты бол, ұл тап» деп жылы тілек тілей отырып амандасқан.

Қазақтар өзі қатарлы адамға, досы, құрбысына «Арма» деп амандасады. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында Бекежан Жібекке осылайша амандасады:

 

Айтамын, айт дегеннен арма, Жібек,

Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.

Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,

Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек!

 

Жағдайға байланысты амандасу

Қазақ ұлтының болмысын тереңінен зерттеп, көпшілікпен бөлісуге бүкіл саналы өмірін бағыштаған Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» кітабында былай деп жазған:

«Қазақ  амандық-саулық  білісуге  айрық-ша  мән беріп, жөнімен сәлемдесуді ырым көретін болған. Мәселен, мал жайып жүрген малшыға есендескенде «Жаяр көбейсін!», «Өріс шүйгін болсын!», «Өріс кең болсын!» – дегендей тілек білдіре тіл қатады. Мұндай тілекке «Айтсын!», «Айтқаның келсін», деп жауап беріп, әрі қарай жөн сұрасып кететін болған. Сол сияқты, мал суарып тұрса «Суарар көбейсін!», көшке кездессе «Көш көлікті болсын!», жолаушыға кездессе «Сапар оң болсын!», бас қосқан ортаға тап болса «Орта толсын!», мал сойып жатса «Сояр көбейсін!», «Соғым шүйгін болсын!», шөп шауып, қи ойып немесе басқа жұмыс жасап жатса «Еңбек берекелі болсын!», киіз басып жатса «Басар көбейсін!», «Еңбек зейнетті болсын!», қой қырқып жатса «Қырқым көбейсін!», өлік үстінде  кезіксе «Қазаның артының қайырын берсін!», кештетіп үйге кірсе «Кеш жарық!», бала туған үйге кірсе «Нәрестенің бауы берік болсын!», ауыл жаңа қонып жатса «Қоныс құтты болсын!», т.б. дегендей тілектер айтысып амандасу түрлері қалыптасқан. Тіптен, танымайтын адамнан жөн сұрасқанда «Кімсің» деп дүңк еткізбей, «Танымадық қой» деп сыпайылап  тіл қатқан».

«Кеш жарық!» дегенге ұйқастыра «Ешкің арық!» деп жауап беру қазақтың басты ісі мал шаруашылығы екенін дәлелдейді. Бір қызығы, бұлай амандасу қазіргі күнде тіпті қалада да сақталған. «Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш!» деп амандасуларға сол күйінде жауап беріп амандасады.

Араб тілінде «Ассалаумағалейкүм» деп амандасу, оған «Уалейкүмсәлем» деп жауап беру, қазақ даласына дін таратушылармен бірге келді. 

Лауазымы биік  адамдармен  амандасу

Лауазымы биік қоғам мүшелерімен аман-саулық сұрасу бір бөлек болғаны белгілі. Бұрынғы кезде қазақ халқы ақсүйек, қарасүйек деп екі топқа бөлінген. Шыңғыс ханның ұрпағы төрелер мен дін өкілдері қожалар ақсүйек санатында қабылданған. Ал көпшілік халық қарасүйек деп аталған.

Қазақтар хан, төре-сұлтандармен аман-дасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне немесе тізерлеп тұрғанда оқ қолын оң тізесіне қоюы шарт болған. Төремен жол үстінде кездесіп қалған жағдайда қарапайым қазақ атынан түсіп, бір тізесін бүгіп амандасуы керек болған. Ал төре оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беретін.

Хандар елшілердің иығына да қолын қойған. 1756 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ордасында болған елші Джон Кестль былай деп естелік қалдырған: «Тез өткен үш сағаттай уақыт алған қабылдау барысында хан менің иығыма қолын қойды. Кейін білуімше, бұл адамды сыйлаудың ең үлкен көрінісі екен».

 

Ақындардың амандасуы

Жалпы қазақта амандасудың тағы бір түрі, ақындардың амандасуы. Жыр сүлейлері көпшіліктің алдына шыққанда оң қолын кеудесіне қойып, басын иетін болған. Бұндай амандасуға халық көбінесе: «Бар бол! Өркенің өссін!» деп жауап қайтарған. Себебі қай ақынға болса да халықтың қолдауы керек-ақ. Әсіресе, жас ақындарға халықпен осылай амандасу үлкен рухани қуат беретіні сөзсіз. Атақты ақын Кенен Әзірбайұлы дүйім жұрттың алдына алғаш шыққаны туралы өзінің айтуынан белгілі.

Болыс Еркебай Бұғыбазарұлы жас әнші Кененді ертіп, көрші қырғыз еліндегі Шабдан Жанбайұлының асына барады. Кезегі келгенде жиналған халыққа амандасып болған соң аруақ шақыра айқайлап алып, енді өлең айтайын дегенде Кененнің аузына сөз түспей қалады. Екінші ретінде де дәл солай болады. Сонда көпті көрген бір ақсақал жас ақынға дем бере сөйлеп: – Ер кезегі үшке дейін деген, шырағым, қайта айт, – дейді. Сонда Кененнің аузына мына сөздер түседі:

Мен өзім Дулат деген елден келдім,

Көл Қопа, Қордай деген жерден келдім.

Жас бала жаңа талап мен бір қойшы,

Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.

Осылайша бастаған Кенен қызынғаны сонша, тоқтамай ұзақ өлең айтады. Жиналған көпшілік дән риза болып, ақындарға сыйлық үлестіргенде Кененге кемер белдік тиеді. Сондағы белдік ақынның қазіргі мұражай-үйінде сақтаулы тұр. Осыдан кейін Кененнің аты кең жайылады.

 

Салт-дәстүр  қазақ әдебиетінде

Осылай амандасудың ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқаны қазақ жазушыларының шығармаларында да көрініс тапты. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты тарихи романында «Армысыз» деп амандасу суреттелген:

«Хан кеңес сарайына кіріп келгенде, үйдегі әмір, сұлтан, бек, хәкімдер тегіс түрегеліп, иіліп сәлем берді.

– Армысың, бекзадалар? – деп хан есік алдында сәл кідірді.

– Барсыз ба, хан иеміз? –  деп үйдегілер басын бұрынғыдан да ие түсті».

Осылайша біздің дана бабаларымыз «Армысыз», «Армысың» деп амандасу арқылы, тек ары таза адамдар ғана елін дамыған өркениеттің биігіне жеткізе алады деген түсінікті асыл мұра ретінде ұрпақтарына қалдыра білді.

 

БАТА БЕРУ

Қазақ дәстүрге бай халық. Соның бірі – «Бата беру». Қазақтар батадан тек жақсылық күтеді. Жалпы қазақтың тұрмыс-салтының қай жағы болмасын батасыз болмайды.

 

Бата қалай беріледі

Батаны әдетте үлкен кісілер береді. Ер адамдар мен қатар әйел адамдар да бата береді. Бата нәресте дүниеге келгенде, оған есім таңдалғанда, бала тәй-тәй жүріп, тұсауын кескенде, баланы ашамай ерге отырғызғанда, бала мектепке барғанда, жастар отау құрғанда, құдалықта, келін түскен кезде беташарда, қонағасы кезінде, егін жиналып біткенде, той-томалақтарда, халық мерекелерінде, сарбаздар жауға қарсы шайқасқа шығар алдында беріледі. Ақын, шеберлер  ұстазынан бата алады, батырлар да үлкен әулие кісілерден, билерден бата алады. Бата беру жағдайлары да, түрлері де өте көп. Баталардың көлемі мен мазмұны да түрлі-түрлі болып келеді.

Бата беретін кісі екі алақанын кеуде тұсында жайып ұстап тұрып бата береді. Басқаларда осылайша қолын жайып тұрады. Бата берліп болған соң көпшілік бетін сипайды. Бата түрегеп тұрып та, отырып та беріледі. Бата күн-түн демей жағдайға байланысты қай мезгіл болса да берілетін болған. Мысалы, шайқасқа бара жатқан батыр Райымбек Ханкелдіұлына анасы батаны түнде берген.

 

Тарихи баталар

Қазақ тарихы баталар тарихы десе де болады. Себебі тарихи тұлғаларға берілген баталар мәтіні көптеп сақталған. «Абай» энциклопедия-сында мынадай мәлімет келтірілген: «Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752). Халық арасында Шақшақ Жәнібек атанған – Шақшақ үшінші атасы. 126 жастағы Қаракерей Сары абыздан, 90 жастағы Тойған қариядан бата алған. 17 жаста жасында жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтіреді».

Атақты Аңырақай шайқасында ерлігімен аты шыққан Қойгелді батырға Төле би былай деп бата берген екен:

Аталы ұлдың сөзі баян-ды,

Атасыз ұлдың сөзі шаян-ды.

Аталы ұл Қойгелдім,

Ел үшін неден аянды?!

Желкесін үзді сұм жаудың,

Дегенде қатер таянды.

Олжа әперген еріңе

Саялат елім саяңды!

Қойгелдім, жай қолыңды,

Алла оңғарсын жолыңды!..

Ата жолын қуған ұл

Алашқа әмсе пана бол!

Ұлдарына аға бол!

Қыздарына пана бол!

Қойгелдім әмсе қыран бол,

Ел-жұртыңа ұран бол!

Халық жадында сақталған баталарды түрлі әдебиет көздерінен жинап, құрастырып кітап шығарған К.Ж.Оразалинның жинағында басқа да баталар келтірілген. Солардың бірі жоңғарларға қарсы жорыққа аттанбақ болған Райымбекке анасының берген батасы:

Қолыңды жай құлыным,

Жәрдем болсын құдайым.

Медет тілеп пірлерден,

Жаратқанға жылайын.

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Адасса жолға салып жүр,

Сыртыңнан қорғап бағып жүр…

Жауға аттанып барасың,

Анаңның құрттың шарасын.

Қалмақтан кекті алдырып,

Жазғайсың көңіл жарасын.

Сескенбей жүр шырағым,

Атаңа жетіп барасың.

Жаратқан ие қолдасын,

Жолбарыс болсын жолдасың!

 

Қарақшыларға берілген бата

Домалақ Ана әулие атанған Нұрила Мақтымағзамқызы өз ауылына келе жатқан қарақшыларды көріп,  кемпірдің киімін киіп, отыра қалады. Жөн сұраған қарақшыларға жылқыға да, жылқышыларға да тимеуін ескертеді. Бірақ олар Домалақ Ананың айтқанын тыңдамай, жылқыны қуып кетеді де, тасып жатқан Боралдай өзенінің таяздау жерінен өтпек болғанда суға кетіп қала жаздап, әрең дегенде жағаға шығады. Содан соң Домалақ Ананың тегін адам еместігін сезіп, қайтып барып кешірім сұрайды. Сонда Домалақ Ана:

– Ендеше қолдарыңды жайыңдар!

Құдай оңдасын, аруақ қолдасын!

Адал жүріп, адал тұрыңдар

Алдарыңнан жарылқасын! – деп бата беріпті.

 

Ақын Тайжанның батасы

Қазақтың белгілі жазушы Сәбит Мұқанұлы «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық шығармасында халыққа кең танымал «Гәкку» әнін шығарған әнші-композитор Үкілі Ыбырайға қатысты мынадай қызықты дерек келтірген:

«Бұрын атын да еститін, өлеңдері мен әндерін де еститін Тайжан, атақты Ыбырай ақын Сандыбайұлының туған жиені боп шықты. Оның – шешесі Бопыш Ыбырайдың бір әке, бір шешеден туған апасы екен. Тайжанның түр-тұлғасы да, бет бейнесі де аумаған – Ыбырай… Ыбырай жеңілтек, ойнақы, қалжыңбас, не айтса да өлеңдетіп ұйқастыра сөйлейтін сауыққой, күлегеш. Тайжанның да мінез-құлқы сондай…

Тайжан кішкене күнінен сайқымазақ, жындылау боп өскен, әркімді өлеңмен сықақтап маза бермейтін болады. Он бес, он алты жасқа жеткен шамада ол тіпті құтырынып, маңайдағы елдің мазасын алады. Жұрт оны «жынданды» деп байлап тастайды. Біраз уақыт жатқанда үйіне сөзі тыңдаулы әлдекім кеп түседі де:

–       Бұныкі жын болмау керек, нағашысы Ыбырай ақынның аруағы қонған болуы керек. Ыбырайдан бата алса, жыны жазылады, бұны соған жіберу керек, – дейді.

Мезгіл қыс басталған шақ екен… Ыбырайдың мекені «Жаман Жалғызтау» осы жолдың үстінде болады. Әкесі Тайжанның «бармаймын» деп байбалам салуына қарамастан, киізге бөлейді де, кірешіге қосып Ыбырайға жібереді.

Ыбырайдан «бата алғаннан» кейін Тайжанның «жыны» жазылып, ақын болады. Алдағы жылдың жазында Ыбырай оны үйіріне қоспақ боп көшкен елмен алып жүреді. Нағашысы аталған Қарауыл руынан да, туған нағашысы Ыбырайдан да зор сый-құрмет көрген Тайжан, рахмет ретінде:

– Халқым сүйіп атымды қойған

Тайжан,

Егіз туған анадан Арғын,  Найман.

Осы арадан бөтен еш жұмысым жоқ,

Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан.

 

Бірің емес, бәрің де нағашымсың,

Саздай жерге өрбіген ағашымсың.

Осы жолы Тайжанды сыйлап жібер,

Бұдан былай Тайжанның бағы ашылсын.

 

Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,

Егіз туған анадан Арғын,  Найман.

Он екі ата – Қарауыл, – сегіз ата – Дәуіт,

Жиенге ұмытпайтын тиді пайдаң, деп алғыс айтады».

331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №5

20 Мамыр, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы